Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын
бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы мәселелері
жөнінде ведомствоаралық комиссия құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 тамыздағы № 764 Қаулысы
Осы редакция 2007 ж. 27 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қосымшаға сәйкес құрамда Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 14 тамыздағы
№ 764 қаулысымен
Бекітілген
Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын
бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы мәселелерi
жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жобаның бюджеттік қаражат шығыстарының ұлғаюына әкеп соғатын техникалық және/немесе бағалық сипаттамаларының өзгерістерін қарау жолымен республикалық бюджет қаражатын жоспарлау мен жұмсаудың тиімділігін арттыру мақсатында құрылды.
2. Комиссия Қазақстан Республикасы Yкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің кесімдерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесімдердің, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2. Комиссияның міндеттері мен функциялары
4. Комиссияның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы мәселелерін қарау;
2) республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
3) ұсынымдық сипаты бар бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы мәселесі жөнінде қорытындылар шығару.
5. Жүктелген міндеттерге сәйкес Комиссияның функциялары:
1) республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру;
2) республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру саласындағы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің іс-әрекетін үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
3. Комиссияның құқықтары
6. Комиссия заңнамада белгіленген тәртіппен өз міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін:
1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан және өзге де ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
2) республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру құнының қымбаттауына байланысты проблемалық мәселелерді талдау және зерделеу үшін мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандарын қажеттілігіне қарай тартуға;
3) отырыстарда Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдауға құқылы.
4. Комиссияның қызметін ұйымдастыру
7. Комиссияның төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, оның отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, шешімдердің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және оның қызметі үшін дербес жауапты болады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасар орындайды.
8. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
9. Комиссияның жұмыс органы Комиссияның жұмысын ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
10. Комиссияның хатшысы Комиссия отырыстарының күн тәртібі жөнінде ұсыныстар, қажетті құжаттар, материалдар дайындайды және ол өткізілгеннен кейін хаттамалар ресімдейді.
11. Комиссия мүшелері бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы жөніндегі материалдарды алғаннан кейін жеті күн мерзімде олардың негізділігі тұрғысынан осы материалдарды қарайды.
12. Осы Ереженің 10-тармағында көрсетілген материалдарды қарау қорытындылары бойынша Комиссия мүшелері Комиссияның кезекті отырысында өзінің ұсыныстарын енгізеді.
13. Комиссия мүшелерінің отырыстарға қатысу жөніндегі өз өкілеттіктерін басқа адамдарға табыстауға құқығы жоқ.
14. Отырыстардың күн тәртібін, сондай-ақ оларды өткізу уақыты мен орнын Комиссия мүшелерінің келісімі бойынша Комиссияның төрағасы айқындайды және нақтылайды.
15. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда бір рет және осы Ереженің 10-тармағында көрсетілген материалдарды Комиссия мүшелеріне жіберген күннен бастап екі аптадан кешіктірмей өткізіледі.
16. Комиссия шешімдері ашық дауыс берумен қабылданады және егер оларға Комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік дауысы берілсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданған болып саналады. Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы, оны білдірген жағдайда жазбаша түрде жазылуы және Комиссия отырысының хаттамасына қоса берілуі тиіс.
Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша Комиссияның барлық мүшелері міндетті түрде қол қоятын хаттама жасалады.
17. Комиссия бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы мәселелерін қарау нәтижелері бойынша ұсынымдық сипаты бар қорытынды шығарады және Республикалық бюджет комиссиясының отырысында бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыру туралы мәселені қарау кезінде ескеріледі.
5. Комиссияның қызметін тоқтату
Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде тоқтатады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 14 тамыздағы
№ 764 қаулысына
Қосымша
Республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын
бюджеттік инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы
мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның
құрамы
Мәсімов Кәрім Қажымқанұлы | - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, төраға |
Палымбетов Болат Әбілқасымұлы | - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, төрағаның орынбасары |
Смайылов Әлихан Асханұлы | - Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрi |
Қосдәулетов Дулат Рашитұлы | - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі |
Ким Георгий Владимирович | - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы |
Сұлтанғазин Әнуарбек Жәлелұлы | - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің төрағасы |
Хайдаров Жеңіс Хайдарұлы | - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары |
Сағындықов Самат Алпысұлы | - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің директоры |