6. Қайтыс болғандардың мәйітін кедендік ресімдеу медициналық мекеменің құжаты мен тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар берген қайтыс болғандығын растау туралы құжаттары болған жағдайда, оңайлатылған тәртіппен жүргізіледі. Мәйіт салынған табытты кеден органының лауазымды адамы өзге салымдардың жоқтығы туралы міндетті түрде белгі соға отырып, пломбылайды.
7. Мемлекеттік наградаларды (ордендер, медальдар, белгілер, атаулы заттар) мұндай тауарларды бағасы жарияланған халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізетін адамның меншік құқығын растайтын марапаттау туралы құжаттар бойынша ғана Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы жіберуге жол беріледі.
275-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерін декларациялау
1. Дүниежүзілік почта одағының актілерінде көзделген және халықаралық почта жөнелтімдерінің ілеспе құжаттарында кеден органдарына қажетті барлық мәліметтер болған жағдайда, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктің кедендік декларациясын табыс ету талап етілмейді.
2. Егер:
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) халықаралық почта жөнелтiмдерiн:
тауардың декларацияланатын легiнің кедендiк құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген тоқсан айлық есептік көрсеткiштен асатын;
аталған тауарларға қатысты тарифтiк емес реттеу шаралары белгіленген жағдайларда заңды тұлғалар жіберсе;
2) тауарлардың құны жеке тұлғалардың тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізуі үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормадан асып кетсе;
3) жеке тұлға Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан не Қазақстан Республикасының кедендік аумағына жеке тұлғаның мекен-жайына жіберілген тауарлар, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген, тауарлардың қолданылуын айқындау өлшемдеріне сәйкес өндірістік және өзге де кәсіпкерлік қызметке арналса, халықаралық почта жөнелтімдерін жүктің кедендік декларациясын беру арқылы декларациялау талап етіледі.
276-бап. Халықаралық почта жөнелтімдерін кедендік бақылау
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарлар кедендік бақылауда болады.
2. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберу кезінде кедендік бақылау Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан кірген кезден басталады және тауарларды шығару кезінде аяқталады.
3. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберу кезінде кедендік бақылау тауарларды кеден органдарына табыс еткен кезден басталады және Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткен кезде аяқталады.
4. Жеткізудің ақырғы пункті болып табылатын почта байланысының бөлімшесіне халықаралық почта жөнелтімдерін жеткізуді бақылауды кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіпте кеден органдары жүзеге асырады.
5. Халықаралық почта жөнелтімдерін қарау мен кедендік тексеруді жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылаудың техникалық құралдарын ең жоғары дәрежеде пайдаланады.
6. Халықаралық почта алмасу орнына бүлінген түрде, салмағында алшақтық бар, ішіндегісі бұзылған немесе қажетті ілеспе құжаттарынсыз келіп түскен халықаралық почта жөнелтімдері халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйым ресімдеген актіні қоса бере отырып, кеден органдарына көрсетіледі.
7. Халықаралық почта жөнелтімін кедендік тексеру кезінде санының алшақтығы және ішіндегілерінің сәйкес келмеуі анықталса кеден органының лауазымды адамы халықаралық почта қызметтерін көрсетуші ұйымның қызметкерімен бірлесіп, кедендік тексерудің актісін жасайды.
36-тарау. Шетелдік тұлғалардың жекелеген
санаттарының тауарларды өткізуі
277-бап. Осы тараудың қолданылу саласы
Осы тарау дипломатиялық, консулдық және шетел мемлекеттерінің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктер мен ұйымдардың жеке құрамдары Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарларға қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктерді пайдаланатын шетелдік тұлғалардың жекелеген санаттарының мүлкіне және жеке багажына қатысты кедендік бақылаудың тәртібін реттейді.
278-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) дипломатиялық өкілдік - жеке құрамы Қазақстан Республикасында тіркелген шетел мемлекетінің өкілдігі;
2) консулдық мекеме - жеке құрамы Қазақстан Республикасында тіркелген кез келген бас консулдық, консулдық, вице-консулдық немесе консулдық агенттік;
3) дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлері - өкілдіктің басшысы және өкілдік жеке құрамының мүшелері;
4) дипломатиялық өкілдік жеке құрамының мүшелері - өкілдіктің дипломатиялық, әкiмшiлiк-техникалық және қызмет көрсетуші жеке құрамының мүшелері;
5) консулдық лауазымды адам - консулдық мекеменің басшысын қоса алғанда, консулдық лауазымды адам ретінде консулдық функцияларды атқару тапсырылған адам;
6) консулдық мекеменің қызметкерлері - консулдық лауазымды адамдар, консулдық қызметшілер (әкімшілік-техникалық міндеттерді атқаратын адамдар) және қызмет көрсетуші жеке құрамның қызметкерлері;
7) дипломатиялық өкілдіктерге теңестірілген өкілдіктер - жеке құрамы Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйымдардың өкілдіктері;
8) дипломатиялық почта - мемлекет пен оның шетелдегі дипломатиялық, консулдық өкілдіктері арасындағы байланыс түрі;
9) консулдық сағдиян - консулдық мекемелердің байланыс түрлерінің бірі;
10) дипломатиялық курьер - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы дипломатиялық почтаны өткізуге уәкілетті тұлға;
11) консулдық курьер - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы консулдық сағдиянды өткізуге уәкілетті тұлға.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 279- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
279-бап. Шетел мемлекеттерi дипломатиялық өкiлдiктерiнің тауарларды өткізуі
Қазақстан Республикасының аумағындағы шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері өздерінің ресми пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
280-бап. Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі басшысының және өкілдіктің дипломатиялық жеке құрамы мүшелерінің тауарларды өткізуі
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Шетел мемлекеті дипломатиялық өкілдігінің басшысы және өкілдіктің дипломатиялық жеке құрамының мүшелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, бастапқы жайғасуға қажет тауарларды қоса алғанда, өздерінің жеке пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
2. Шетел мемлекетiнiң дипломатиялық өкiлдiгi басшысының, өкiлдiктiң дипломатиялық жеке құрамы мүшелерiнiң, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерінің, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, жеке багажы, егер жеке пайдалануға арналмаған тауарлар немесе әкелуiне не әкетiлуiне тыйым салынған, немесе Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині туралы заңдарымен реттелетiн тауарлар бар екенiне елеулi негiздемелер болмаса, кедендік тексеруден босатылады. Тауарларды мұндай тексеру тек осы адамның немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiлуі қажет.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 281-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
281-бап. Шетел мемлекетi дипломатиялық өкiлдiгiнiң әкiмшiлiк-техникалық жеке құрамы мүшелерінің тауарларды өткізуі
Шетел мемлекетi дипломатиялық өкiлдiгiнiң әкiмшiлiк-техникалық жеке құрамының мүшелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, жайғасуға арналған заттарды қоса алғанда, өздерінің жеке пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
282-бап. Шетел мемлекетi дипломатиялық өкiлдiгiнің қызмет көрсетушi жеке құрамы мүшелерiнің тауарларды өткізуі
Шетел мемлекетiмен жасалып бекітілген халықаралық шарттың негiзiнде шетел мемлекетi өкiлдiгiнiң дипломатиялық жеке құрамының мүшелеріне, осы Кодексте берілетін кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер әрбiр жекелеген шетел мемлекетіне қатысты өзара сыйластық принципін негiзге ала отырып, осы дипломатиялық өкiлдiктiң қызмет көрсетушi жеке құрамының қызметкерлеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, қолданылуы мүмкiн.
283-бап. Шетел мемлекеттерiнiң консулдық мекемелері мен олардың қызметкерлерінің тауарларды өткізуі
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Шетел мемлекеттерiнiң консулдық мекемелеріне, консулдық мекеменің басшысын қоса отырып, консулдық лауазымды адамдарға және консулдық қызметшілерге, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, олардың отбасы мүшелерiне шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ шетел мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдiктерiнің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық жеке құрамының мүшелері үшiн осы Кодексте көзделген кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер берiледi.
2. Консулдық мекеменің қызмет көрсетушi жеке құрамының қызметкерлерiне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне, егер олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, шетел мемлекетiмен жасалып бекітілген халықаралық шарттың негiзiнде, әрбiр жеке шетел мемлекетіне қатысты өзара сыйластық принципін негізге ала отырып, шетел мемлекетiнiң дипломатиялық өкiлдiгiнiң қызмет көрсетуші жеке құрамының мүшелерiне осы Кодексте берiлетiн кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер қолданылуы мүмкiн.
284-бап. Шетел мемлекеттерiнiң дипломатиялық почтасы мен консулдық сағдиянын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн шетел мемлекеттерiнiң дипломатиялық почтасы кеден органдарының ашып қарауына да, ұстап қалуына да жатпайды және оларды тек сырттай қарайды. Дипломатиялық почтаны құрайтын барлық орындардың олардың сипатын көрсететін көзге көрінерлік сыртқы белгiлері болуға тиiс және оларда тек дипломатиялық құжаттар мен тек қана ресми пайдалануға арналған заттар болуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн шетел мемлекеттерiнiң консулдық сағдияны кеден органдарының ашып қарауына да, ұстап қалуына да жатпайды және оларды тек сырттай қарайды. Консулдық сағдиянды құрайтын барлық орындардың олардың сипатын көрсететін көзге көрінерлік сыртқы белгiлері болуға тиiс және оларда тек ресми хат-хабарлар мен құжаттар немесе тек қана ресми пайдалануға арналған заттар болуға тиіс.
Консулдық сағдияндағы заттардың тек қана ресми пайдалануға арналмағандығы туралы негiздемелер болған жағдайда, кеден органы осы шетел мемлекеті уәкiлеттi тұлғаларының кеден органы лауазымды адамдарының қатысуымен сағдиянды ашып көрсетуін талап етуге құқылы. Осы мемлекеттің өкіметі консулдық сағдиянды ашудан бас тартқан жағдайда ол жөнелтiлген жерiне қайтарылады.
3. Дипломатиялық почта және консулдық сағдиян келуіне рұқсат берілген портқа немесе әуежайға бағытталған кеменің капитанына немесе әуе кемесінің командиріне сеніп тапсырылуы мүмкін. Кеменің капитаны немесе әуе кемесінің командирі дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды құрайтын орындардың саны көрсетілген ресми құжатпен қамтамасыз етілуге тиіс, бұл ретте ол дипломатиялық немесе консулдық курьер болып есептелмейді.
4. Дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме өз қызметкерлерінің бірін кеменің капитанынан немесе ұшақтың командирінен дипломатиялық почтаны немесе консулдық сағдиянды тікелей және кедергісіз қабылдап алуға жібере алады.
5. Егер дипломатиялық почта немесе консулдық сағдиян басқа кеден органының қызметі аймағындағы өкілдікке немесе мекемеге тікелей шетел мемлекетінің автокөлік құралымен жеткізілсе, онда дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды шекаралық кеден органы ресімдейді.
285-бап. Шетелдiк дипломатиялық және консулдық курьерлердің тауарларды өткізуі
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Шетелдiк дипломатиялық және консулдық курьерлер өздерінің жеке пайдалануына арналған тауарларды сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау қоймаларында немесе кеден органдарының кедендік қоймаларында сақтауды жүзеге асыру кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден босатыла отырып және тауарларға тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, Қазақстан Республикасына әкеле алады және Қазақстан Республикасынан әкете алады.
2. Дипломатиялық және консулдық курьерлерге өздерінің мәртебесі және дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды құрайтын орындардың саны көрсетілген ресми курьерлік парақ берілуге тиіс. Курьерлік параққа дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды жіберген мекеме қол қояды және мөр басады.
3. Дипломатиялық почта мен консулдық сағдиян осы дипломатиялық почта немесе консулдық сағдиянды ғана тасымалдауға белгіленген және курьерлік ресми парақпен қамтамасыз етілген уақытша дипломатиялық немесе консулдық курьерге де сеніп тапсырылуы мүмкін.
4. Уақытша дипломатиялық немесе консулдық курьерге осы баптың 1-тармағында көзделген кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер беріледі. Мұндай жеңілдіктер дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды мақсаты бойынша жеткізген кезден бастап тоқтатылады.
286-бап. Шетел мемлекеттерiнiң өкiлдерi мен делегация мүшелерiнің тауарларды өткізуі
Шетел мемлекеттерiнiң өкiлдерiне, парламент және үкiмет делегацияларының мүшелерiне, сондай-ақ өзара сыйластық негiзінде Қазақстан Республикасына мемлекетаралық келiссөздер, халықаралық конференциялар мен кеңестерге қатысу үшiн немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетiн шетел мемлекеттері делегацияларының қызметкерлерiне осы Кодексте көзделген шетел мемлекеті өкiлдiгінің дипломатиялық жеке құрамының мүшелерiне арналған кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер берiледi. Дәл сондай жеңiлдiктер осы адамдарға еріп жүрген олардың отбасы мүшелерiне де берiледi.
287-бап. Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетiн шетел мемлекеттерi дипломатиялық жеке құрамы мүшелерiнің, консулдық лауазымды адамдарының, өкілдерінің және делегациялар мүшелерiнің тауарларды өткізуі
1. Шетел мемлекеттерi дипломатиялық өкілдігінің мүшелерi мен консулдық лауазымды адамдарына, олардың отбасы мүшелерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетiн, осы Кодекстің 286-бабында көрсетілген адамдарға шетел мемлекеті өкiлдiгінің дипломатиялық жеке құрамының мүшелерi үшiн осы Кодексте көзделген кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер берiледi.
2. Егер жоғарыда аталған адамдардың, сондай-ақ олармен бірге жүрген отбасы мүшелерінің багажында әкелінуіне немесе әкетілуіне Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині туралы заңдарымен тыйым салынған не реттелетін тауарлар бар деп есептеуге негiздер болмаса, багажы кедендік тексеруден босатылады. Тауарларды мұндай тексеру тек осы адамның немесе оның уәкiлеттi өкiлдерiнiң қатысуымен ғана жүргiзiлуі тиіс.
288-бап. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктер, консулдық мекемелер мен олардың қызметкерлері өткізетін тауарларды ресімдеудің тәртібі
1. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктердің, консулдық мекемелердің ресми пайдалануына арналған тауарлар таңдалған кедендік режимге сәйкес жүктің кедендік декларациясын кеден органына табыс ету арқылы кедендік ресімдеуге жатады.
2. Дипломатиялық өкілдік қызметкерлерінің және оларға теңестірілген адамдардың, консулдық мекеме қызметкерлерінің, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерінің иесімен бірге жөнелтілмейтін жеке жол жүгі таңдалған кедендік режимге сәйкес кедендік декларацияны кеден органына табыс ету жолымен кедендік ресімдеуге жатады.
289-бап. Тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік ресімдеудің ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасында тіркелген тұлғалардың ресми және жеке пайдалануына арналған мынадай тауарлар:
1) көлік құралдарының барлық түрлері;
2) дербес компьютерлер және олардың керек-жарақтары;
3) сателлиталық керек-жарақтармен бірге теле-, радио-, бейне аппаратура;
4) шығарылған слайдтарымен және фильмдерімен қоса кинокамералар мен кинопроекторлар;
5) жиһаздардың барлық түрлері;
6) құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын тұрмыстық электр аспаптары, спорттық жабдықтар, музыкалық аспаптар;
7) бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған жеке зергерлік сән бұйымдары мәлімделген кедендік режимге сәйкес кеден органдарында міндетті кедендік ресімдеуге және есепке алуға жатады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктері жоқ басқа тұлғаға жоғарыда аталған тауарлардың меншік құқығын беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес барлық тиісті кедендік төлемдерді және салықтарды төлей отырып, міндетті кедендік қайта ресімдеуге жатады.
3. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктер, консулдық мекемелер ресми пайдалану үшін тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, бір тоқсанда бес мың дана әртүрлі темекі өнімдерін (сигар, сигарет және тағы басқалары), бір жүз литр шарап және ликер-арақ өнімдерін Қазақстан Республикасына әкеле алады.
4. Мәдени-тарихи құндылықтары бар шетел тауарлары және олардың құжаттары кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау үшін кеден органына беріледі.
5. Мәдени-тарихи құндылықтары бар және Қазақстан Республикасында сатып алынған тауарлар тиісті уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты негізінде ғана Қазақстан Республикасының аумағынан тыс әкетілуі мүмкін.
8-Бөлім. Кедендік төлемдер және салықтар
37-тарау. Жалпы ережелер
290-бап. Кедендік төлемдер және салықтар
1. Қазақстан Республикасында мынадай кедендік төлемдер қолданылады:
1) кедендік баж;
2) кедендік алымдар;
3) алымдар;
4) алдын ала шешім үшін төлемақы.
2. Төлеушілер, кедендік төлемдерді есептеу, төлеу, қайтару және өндіріп алу тәртібі, сондай-ақ кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер осы Кодексте айқындалады.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Кеден органдары демпингке қарсы, қорғау және өтемдік баждарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және жағдайларда алады.
4. Төлеушілер, салықтарды есептеу және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.
5. Жеке тұлғалар тауарларды оңайлатылған тәртіппен өткізу кезінде кедендік төлемдер және салықтар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жиынтық кедендік төлем түрінде төленуі мүмкін.
2005.22.11 № 89-III ҚР Заңымен бап 6 тармақпен толықтырылды
6. Акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының кедендік аумағына еркін айналыс үшін шығарған кезде кеден бажы мен акциз Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жиынтық төлем түрінде төленуі мүмкін.
291-бап. Кедендік төлемдер ставкаларының түрлерi
Кедендік төлемдердiң ставкалары мынадай түрлерге:
1) салық салынатын тауарлардың кедендік құнына процентпен есептелетiн - адвалорлық;
2) салық салынатын тауарлардың бірлігі үшiн белгiленген мөлшерде есептелетiн - ерекшелiкті;
3) кедендік төлемдер ставкаларының аталған екi түрiн де ұштастыратын - құрамдас болып бөлiнедi.
292-бап. Кедендік баждар
1. Кедендік баждар тауарларды кедендік режимдерде декларациялау кезінде төленеді, бұларға орналастыру жағдайы Қазақстан Республикасының Кедендік тарифіне сәйкес кедендік баждар төлеуді белгілейді.
2. Кедендік баждардың ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді және олар ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң күшіне енеді.
293-бап. Кедендік алымдар
1. Кедендік алымдарға:
1) кедендік ресімдеу үшін кедендік алым;
2) кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым;
3) тауарларды сақтау үшін кедендік алым жатады.
2. Көрсетілген іс-әрекеттерді орындағаны үшін кеден органдары шығындарының құны кеден алымдарының мөлшерін айқындау үшін негіз болып табылады.
294-бап. Кедендік ресімдеу үшін кедендік алым
Тауарлар мен көлік құралдарын негізгі кедендік ресімдеу кезінде кедендік ресімдеу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде кедендік алым алынады.
295-бап. Кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым
Кеден органдары тауарларды кедендік ілесіп алып жүру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде кедендік алым алады.
Бірнеше көлік құралын кедендік ілесіп алып жүру кезінде кедендік алымның сомасы ілесіп алып жүруге қатысушылардың санына барабар бөлінеді.
296-бап. Тауарларды сақтау үшін кедендік алым
Иелері кеден органдары болып табылатын кеден қоймалары мен уақытша сақтау қоймаларында тауарларды сақтау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде кедендік алымдар алынады.
297-бап. Алымдар
1. Кеден органдары алатын алымдарға:
1) лицензия бергені үшін алым;
2) кедендік ресімдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын бергені үшін алым жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген алымдардың мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
298-бап. Лицензия бергені үшін алым
Лицензия бергені үшін алым:
1) кеден қоймасын құрғаны;
2) бажсыз сауда жасайтын дүкен құрғаны;
3) бос қойма құрғаны;
4) уақытша сақтау қоймасын құрғаны;
5) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асырғаны;
6) кеден брокері ретінде қызметті жүзеге асырғаны үшін алынады.
299-бап. Алдын ала шешім үшін төлемақы
Тауардың жіктемесіне, шығарылған елін және кедендік құнын айқындау әдіснамасына қатысты алдын ала шешім қабылдағаны үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде алдын ала шешім үшін төлемақы алынады.
38-тарау. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу
300-бап. Кедендік баждар салуға арналған база
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлардың кедендік құны кеден бажын салу үшін база болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында қолданылатын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес өлшем бірлігі кедендік баждың өзіндік ерекше ставкалары белгіленген тауарлар бойынша кедендік баждар салуға арналған база болып табылады.
301-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеудің тәртібі
1. Кедендік төлемдер мен салықтарды осы Кодекстің 270-бабы мен осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдерді және салықтарды төлеушілер дербес есептейді.
2. Кеден ісі саласында құқық бұзушылық анықталған жағдайда, төленуге тиісті кедендік төлемдерді және салықтарды есептеуді кеден органы жүргізеді.
3. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
302-бап. Кедендік төлемдердің және салықтардың ставкаларын қолдану
1. Осы Кодекстің 5 және 386-388-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу мақсаттары үшін кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданылатын ставкалар пайдаланылады.
2. Кедендік баждарды және салықтарды есептеу мақсаттары үшін осы Кодекстің 290-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Кедендік тарифіне және Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың кодына және тауарлардың атауына сай келетін ставкалар қолданылады.
303-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу мақсаттары үшін шетел валютасын қайта есептеу
Кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу, соның ішінде тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін шетел валютасын қайта есептеу жүргізу талап етілген жағдайларда, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнге немесе төленуі тауарлардың кедендік ресімделуіне байланысты емес кедендік төлемдер үшін төлем күніне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданылады.
304-бап. Кеден ісі саласында құқық бұзушылық жасалған кезде кедендік төлемдерді және салықтарды есептеу