31-тарау. Еркін қойма
238-бап. Еркін қойманың кедендік режимін тағайындау
Еркін қойма - бұл тауарлар қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қоспағанда, шетелдік және қазақстандық тауарлар еркін қойма ретінде танылған тиісті үй-жайларда (орындарда) кедендік баждар, салықтар алынбастан және тарифтік емес реттеу шаралары қолданбастан орналасатын және пайдаланылатын кедендік режим.
239-бап. Еркін қоймаға орналастыруға жол берілетін тауарлар
Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген тауарларды қоспағанда, қайта өңдеуге арналған тауарларды, сондай-ақ олардың көмегімен тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар жүзеге асырылатын тауарларды еркін қойманың кедендік режиміне орналастыруға жол беріледі.
240-бап. Еркін қоймалардағы тауарлармен жүргізілетін операциялар
1. Еркін қоймаларда мынадай операциялар жасауға жол беріледі:
1) бұл тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша - тазалау, желдету, кептіру (оның ішінде жылу ағынын келтірумен), сақтаудың қолайлы температуралық режимін жасау (суыту, мұздату, жылыту), қорғайтын орамаға орналастыру, қорғаныш майын және консерванттар жағу, коррозияға қарсы жабылғы жасау, сақтандырғыш заттарды енгізу;
2) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау бойынша - тауарлар легін бөлшектеу, жөнелтімдерді түзу, сұрыптау, орау, қайта орау, таңбалау, тиеу, түсіру, қайта тиеу, жеткізе жинақтаумен немесе жұмыс күйіне келтірумен байланысты қарапайым операциялар, тиімді орналастыру мақсатында қойма шегінде тауарлардың орнын ауыстыру, тауарларды көрсету стендтеріне орналастыру, тестілеу;
3) қайта өңдеу бойынша - әкелінген тауарлардың негізгі сипаттамалары сақталатын құрастыруды, жинауды және шақтауды қоса алғанда, басқа тауарды дайындау (өңдеу), бірдейлендіру қайта өңдеудің міндетті шарты болып табылатын жағдайда, әкелінген тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде бірдейлендіруге мүмкіндік беретін сипаттамалар сақтала отырып, бұл ретте шетелдік тауарлар жеке сипатын жоғалтатын тауардың өзін қайта өңдеу, оларды қалпына келтіруді қоса отырып, тауарларды жөндеу, қайта өңдеу процесі барысында оларды толық немесе ішінара тұтына отырып, қайта өңдеу өнімдері өндірісін жеңілдетуге арналған кейбір тауарларды пайдалану;
4) тауарларды еркін қоймада пайдаланылатын технологиялық жабдық және оның қосалқы бөлшектері, тиеу-түсіру техникасы, өзге де техникалық құралдар ретінде пайдалану.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген еркін қоймаға орналастырылған тауарлармен операциялар кеден органын хабардар ете отырып жүргізіледі және Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың кодын өзгертпеуге тиіс.
Еркін қоймада уақытша сақтаудағы тауарлармен осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген операциялар жүргізілуі мүмкін.
Еркін қоймада шетелдік тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар жүзеге асырылатын кезде қайта өңдеу өнімдері өндірісінің мақсаттары үшін қоспалар, қосымша құрамдас бөліктер ретінде қазақстандық тауарларды пайдалануға жол беріледі.
Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуын қамтамасыз ету және кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі еркін қоймалардағы тауарлармен операциялар жүргізуге жекелеген тыйым салулар мен шектеулер белгілеуге құқылы.
241-бап. Тауарлардың еркін қоймаларда болу мерзімдері
Еркін қойма жұмыс істеп тұрған жағдайда тауарлар мерзімдері шектелместен еркін қоймаларда бола алады.
242-бап. Еркін қойманың кедендік режиміне орналастырылатын тауарларды кедендік бақылау және кедендік ресімдеу
Еркін қоймаларға орналастырылатын, сондай-ақ еркін қоймалардан әкетілетін тауарларды кедендік бақылау мен кедендік ресімдеу кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
243-бап. Еркін қоймалардағы тауарлардың есебі
1. Еркін қоймалардың иелері еркін қоймаларға орналастырылатын тауарлардың, сондай-ақ мұндай тауарлармен жүргізілетін операциялардың есебін жүргізеді және кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кеден органдарына олар туралы есептеме ұсынады.
2. Еркін қоймадағы тауарлардың және олармен жасалған операциялардың есебін жүргізу үшін, мұндай құжаттарда тауарлардың атауы мен бірдейлендіру белгілері, олардың саны, тауарлардың еркін қойма шегіндегі қозғалысы туралы мәліметтер, еркін қоймада болған олардың кез келген өзгерістері көрініс тапқан жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бухгалтерлік есеп пен есептілік жүргізу үшін қолданылатын құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
244-бап. Еркін қойма иесінің міндеттері
Еркін қойманың иесі:
1) еркін қойма жұмыс істеп тұрған барлық мерзім ішінде оның белгіленген талаптарға сәйкес болуын қамтамасыз етуге;
2) тауарлардың сақталуын және олармен жүргізілетін операциялардың Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
3) кеден бақылауын жүзеге асыруға жәрдемдесуге;
4) қоймада тұрған тауарлардың кеден бақылауынсыз алып қойылмауын қамтамасыз етуге;
5) еркін қойма құру үшін лицензия шарттарын сақтауға және тауарларға қол жеткізуді қоса алғанда, кеден органдарының талаптарын орындауға;
6) кеден бақылауы мен кеден ресімдеуін жүзеге асыру үшін кеден органдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен үй-жайларды, еркін қоймадағы жабдықтар мен байланыс құралдарын беруге;
7) Осы Кодекстің 243-бабында белгіленген тәртіппен еркін қоймаларға орналастырылған тауарлардың және олармен жасалған операциялардың есебін жүргізуге және кеден органдарына олар туралы есептілікті ұсынуға міндетті.
245-бап. Кедендік баждар, салықтар алу және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану
Тауарлар қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қоспағанда, шетелдік және қазақстандық тауарларды еркін қоймаларға орналастыру кезінде кедендік баждар және салықтар алынбайды және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды. Тауарларды еркін қоймалардан Қазақстан Республикасының кедендік аумағының қалған бөлігіне әкелу кезінде, қазақстандық тауарларды әкелуді қоспағанда, мәлімделген кедендік режимнің шарттарына сәйкес кедендік баждар және салықтар алынады және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады.
Тауарларды еркін қоймалардан Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде кедендік баждар мен тарифтік емес реттеу шаралары:
1) шетелдік;
2) еркін қоймаларда өндірілген;
3) еркін қоймаларда қайта өңделген тауарларға қолданылмайды.
Тауарлардың еркін қоймалардан шығуы тауарлардың шығуы туралы сертификатпен расталады. Көрсетілген сертификат болмаған жағдайда, тауар:
1) Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде кедендік әкету баждарын алу және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсатында - қазақстандық тауар ретінде;
2) Қазақстан Республикасының кедендік аумағының қалған бөлігіне әкелу кезінде кедендік әкелу баждарын және салықтарды алу, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсатында - шетелдік тауар ретінде қаралады.
246-бап. Еркін қойма қызметіне қойылатын біліктілік талаптары
1. Еркін қойма құруға арналған үй-жай мынадай талаптарға сай келуге:
1) қойма иесінің меншігінде болуға не лицензия алуға өтініш берілген кезден бастап кемінде үш жыл мерзімге жалға алынуына;
2) периметрі бойынша белгіленуге және қоршалуға;
3) еркін қойманың аумағында оның бөлігі болып табылмайтын үйлер (құрылыстар) мен ғимараттар орналаспауға;
4) тауарларды тексеруге арналған орындар болуға;
5) тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар жасау үшін жайластырылуға және жабдықталуға тиіс.
2. Еркін қоймалар олар жұмыс істеп тұрған барлық мерзім ішінде белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
247-бап. Еркін қойманы құруға арналған лицензия
1. Еркін қойма кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген лицензия алынғаннан кейін құрылады. Мұндай лицензия еркін қойма құруға арналған алаңдардың меншік иесі немесе оларға шаруашылық жүргізу мен жедел басқару құқығында иелік етуші болып табылатын қазақстандық тұлғаға беріледі.
2. Лицензиялауға байланысты және осы тараумен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарымен реттеледі.
3. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган құрылған және жұмыс істеп тұрған еркін қоймалар туралы ақпаратты жариялауды қамтамасыз етеді.
4. Еркін қойманы құруға арналған лицензия басқа тұлғаға берілуге жатпайды.
248-бап. Еркін қойманы құруға лицензия алу үшін қажетті құжаттар
1. Еркін қойманы құруға арналған лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) тұлғаның лицензия беру туралы белгіленген нысан бойынша өтініші;
2) өрт қауіпсіздігі талаптарына, санитарлық және техникалық нормаларға сәйкестілікті растайтын құжаттар;
3) тіркеу құжаттарының нотариалды куәландырған көшірмелері;
4) лицензия берілгені үшін алым төлегендігін растайтын құжаттар;
5) сәйкес келетін үй-жайлар мен орындарға қатысты меншік немесе иелік ету және пайдалану құқығын растайтын құжаттар;
6) еркін қойма ретінде мәлімделетін үй-жайлар және аумақтардың жоспарлары, сызбалары.
2. Осы баптың 1-тармағының 5) және 6) тармақшаларында айқындалған өтініштерде және құжаттарда көрсетілген мәліметтер өзгерген кезде, лицензиат кеден органын тиісті өзгерістер туралы өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей хабардар етеді.
249-бап. Еркін қойманы құруға берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру
1. Лицензияларының қолданылуы соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұратын шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, еркін қойманың иесі осы Кодексте белгіленген талаптар мен міндеттерді сақтамаған жағдайда, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтата тұру себептері көрсетіле отырып, лицензияның қолданылуы алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Лицензияны тоқтата тұру туралы шешім тоқтата тұрудың себептері көрсетіле отырып, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен қабылданады.
3. Тиісті шешім қабылданған күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрады. Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезінде тауарларды еркін қоймаға орналастыруға жол берілмейді. Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрғанға дейін еркін қоймаға орналастырылған тауарлар кедендік бақылаумен өзге еркін қоймаға орналастырылуы немесе өзге кедендік режимге орналастырылуы тиіс.
4. Лицензияны тоқтата тұру себептері жойылғаннан кейін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган лицензияның қолданылуын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдаған күннен бастап лицензияның қолданылуы жаңғыртылады.
250-бап. Еркін қойманы құруға арналған лицензияны қайтарып алу
1. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) көрінеу жалған мәліметтер берілген;
2) лицензиат лицензиядағы талаптарды орындамаған;
3) лицензияны қолданудың бұрын тоқтатыла тұрған себептері жойылмаған;
4) сот лицензиаттың еркін қойма қызметін көрсету жөніндегі қызметпен айналысуына тыйым салған жағдайларда лицензияны қайтарып алуы мүмкін.
2. Лицензияны қайтарып алу туралы шешім мұндай шешімді дәйектей отырып кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын еркін қойманың иесінен лицензияны қайтарып алу сот шешімі бойынша жүргізіледі.
4. Лицензияны қайтарып алу қайтарып алу туралы шешім қабылданған күннен бастап қолданылады.
5. Лицензия қайтарылған жағдайда, еркін қойманың иесі қайтарып алу туралы шешімді алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей лицензияны кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
6. Еркін қойманы құруға лицензия беру туралы қайта өтініш қайтарып алуға негіздеме болған себептер жойылған жағдайда лицензияны қайтарып алу туралы шешім шығарылған күннен бастап екі жыл өткеннен кейін қаралуы мүмкін.
251-бап. Еркін қойманы құруға берілген лицензияның қолданылуын тоқтату
1. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша:
1) лицензия қайтарып алынған;
2) кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға еркін қойма иесінің жазбаша өтініш беруімен еркін қойманың қызметі тоқтатылған;
3) еркін қойма иесі болып табылатын заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда еркін қойманы құруға берілген лицензия өзінің қолданылуын тоқтатады.
2. Еркін қойманы құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім мұндай тоқтатудың себептері көрсетіле отырып, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
3. Еркін қойманың қызметі тоқтатылған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда еркін қойманың иесі лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезден бастап күнтізбелік он бес күн ішінде лицензияны кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
4. Еркін қойманың қызметі тоқтатылған жағдайда, лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданғанға дейін еркін қойманың кедендік режиміне орналастырылған тауарлар осы Кодекстің 12-тарауында айқындалған тәртіппен басқа еркін қоймаға ауыстырылуы мүмкін не осы тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік режимінің қолданылуы лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде аяқталуы тиіс.
Егер қайта өңдеу жөніндегі операцияларға жататын тауарлар еркін қоймада болған жағдайда кеден органы оның таратылатындығы туралы осы тауарларды еркін қоймаға орналастырған тұлғаны хабардар етеді. Бұл ретте осы тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік режимі қайта өңдеудің соңғы операциясы аяқталғанға дейін сақталады.
32-тарау. Арнайы кедендік режим
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 252- бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
252-бап. Арнайы кедендік режимді тағайындау
Арнайы кедендік режим - экспорттық бақылау саласындағы талаптарды қоспағанда, тауарлардың жекелеген санаттары кедендік баждар және салықтар алынбастан және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмастан Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін кедендік режим.
253-бап. Арнайы кедендік режимге орналастырылатын тауарлар
Кеден істері мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін мынадай тауарлар арнайы кедендік режимге орналастыруға жатады:
1) Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілетін және Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерінің және өзге де ресми өкілдіктерінің жұмысын қамтамасыз етуге арналған тауарлар;
2) Қазақстан Республикасының кедендік аумағында және одан тысқары жерлерде орналасқан Қазақстан Республикасының әскери мекемелерінің арасындағы кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар;
3) теңіз, әуе және темір жол көлігі түрлерімен өткізілетін аталған көлік құралдарының қалыпты жұмыс істеуі мен оларға техникалық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуге, олардың экипажы мен жолаушыларының тіршілік қызметін қамтамасыз етуге арналған борттық запастар мен кеме қорлары;
4) кедендік шекара арқылы өткізілетін, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға арналған тауарлар, оның ішінде төтенше оқиғалардың нәтижесінде зардап шеккен адамдарға тегін тарату үшін, не осы мақсаттарда коммерциялық емес қайырымдылық ұйымдарына беруге арналған тауарлар; құтқару, авариялық-қалпына келтіру және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге қажетті тауарлар және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысатын азаматтық қорғаныс күштерінің тауарлары;
5) шикізаттың не өнеркәсіп өнімінің ықтимал сұранысын айқындау мақсатында зерттеулер (сертификаттау) жүргізу үшін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін сол шикізаттың не өнеркәсіп өнімдерінің үлгілері. Бұл ретте мұндай зерттеулерді жүргізу үшін жеткілікті, коммерциялық құндылығы жоқ, шикізаттың не өнеркәсіп өнімінің ең аз саны үлгі деп ұғынылады.
7-Бөлім. Арнайы кедендік рәсімдер
33-тарау. Көлік құралдарын өткізу
254-бап. Көлік құралдарына қолданылатын кедендік режимдер
Осы Кодекстің 262, 267-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін көлік құралдары (бостарын қоса алғанда) кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан уақытша әкелу мен уақытша әкетудің режимдеріне сәйкес осы тарауда көзделген оңайлатылған тәртіппен кедендік ресімдеуге жатады.
255-бап. Көлік құралдарын өткізу тәртібі
1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өтетін көлік құралдары өткізу пункттері арқылы ғана өткізіледі және олар осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдерді жүзеге асыру үшін аялдауға және тоқтауға тиіс.
2. Кедендік рәсімдердің басталуы мен аяқталуы кеден органдарына қатысы жоқ себептер бойынша жүзеге асырылмайтын жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында аталған көлік құралдарының тұру ұзақтығы өте қысқа болуы және ұлттық теміржол компаниясымен келісім бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және шекара бақылау органдары белгілеген темір жол көлігіне арналған уақыттан, автомобиль көлігі үшін бес сағатқа дейінгі, теңіз, ішкі су көлігі үшін бір тәулікке дейінгі уақыттан аспауы тиіс.
3. Көлік құралдарының тұрған орындарынан жөнелтілуі Қазақстан Республикасының кедендік аумағына кіруі кезінде - осы Кодекстің 10-тарауында, ал Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан шығуы кезінде - осы Кодекстің 14-тарауында көзделген кедендік рәсімдер аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
256-бап. Көлік құралдарын уақытша әкелу мен уақытша әкетуді оңайлатылған тәртіппен кедендік ресімдеу
1. Тасымалдаушы көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктіне көлік құралдары тікелей келген кезде Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда көзделген тасымалдаушының көлік құжаттарын кеден органына ұсынуы арқылы декларациялайды.
2. Көлік құралдарын уақытша әкелуді немесе уақытша әкетуді кедендік ресімдеу тасымалдаушы берген көлік құжатына кеден органының тиісті белгілерін қою жолымен жүзеге асырылады.
257-бап. Автокөлік құралдарын кедендік ресімдеудің ерекшелігі
1. Бос автокөлік құралын уақытша әкелу кезінде кеден органы шетелдік бос автокөлік құралының әкелу куәлігін ресімдеуді жүргізеді, оны толтырудың нысаны мен тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан автокөлік құралын кері әкету кезінде кеден органына автокөлік құралының Қазақстан Республикасының кедендік аумағына уақытша әкелінгендігін растайтын құжаттар берілуі тиіс.
258-бап. Уақытша әкелінген және уақытша әкетілген көлік құралдарымен жасалатын операциялар
1. Уақытша әкелінген және уақытша әкетілген көлік құралдарымен олардың шетелдік мемлекеттің аумағында болған не Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылған кезде оларға қажет болған техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу жөніндегі әдеттегі операцияларды жасауға жол беріледі.
2. Уақытша әкетілген көлік құралының Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарында есепке алынуға жататын бөлшектерін ауыстыруға байланысты көлік құралын жөндеген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалған шарттың талаптарына сәйкес тегін жөндеу жүзеге асырылған не оның Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерде орын алған апаттың немесе ырық бермес күштер әсерінің салдарынан зақымдануынан кейін көлік құралын қалпына келтіру үшін қажетті жөндеу жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, ауыстырылған бөлшек кедендік ресімдеуге жатады. Әуе кемелерінің техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу кезінде ауыстырылған бөлшектерін кедендік ресімдеу ерекшеліктерін тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілмеген уақытша әкелінген көлік құралдарының немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінбеген уақытша әкетілген көлік құралдарының ауыстырылған қосалқы бөлшектері мен жабдықтары осы Кодексте көзделген тәртіппен кедендік ресімдеуге жатады.
4. Уақытша әкелінген көлік құралын пайдалану және (немесе) оларға билік ету не иеліктен шығару құқығы қазақстандық тұлғаға не уақытша әкетілген көлік құралы шетелдік тұлғаға берілген жағдайда, көлік құралын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізуді жүзеге асырған тұлға тиісті кедендік режимін мәлімдеуге міндетті.
259-бап. Көлік құралдарын уақытша әкелу мен
уақытша әкетудің мерзімдері
1. Уақытша әкелінген көлік құралын қайта әкету, осы Кодекстің 79-бабында көзделген тауарлар мен көлік құралдарын жеткізудің мерзімдері ескеріле отырып, оларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінген тасымалдау операциялары аяқталғаннан кейін дереу жүзеге асырылуы тиіс.
Уақытша әкелінген көлік құралын оны әкелуді жүзеге асырған тұлғаға қатысы жоқ себептер бойынша белгіленген мерзімдерде әкету мүмкін болмаған жағдайда, оны пайдалану құқығын берместен, көлік құралын уақытша қайта әкетудің мерзімі көлік құралын Қазақстан Республикасының аумағынан нақты әкету басталғанға дейін кеден органы ұзартуы мүмкін. Көлік құралын уақытша әкелудің жалпы мерзімі ұзарту мерзімі ескеріле отырып, бір жылдан аспауы тиіс.
2. Уақытша әкетілген көлік құралын қайта әкелу оны Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан нақты әкеткен кезден бастап бір жылдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
260-бап. Көлік құралдарын қайта әкелу және қайта әкету
1. Осы Кодекстің 259-бабында белгіленген мерзім өткенге дейін уақытша әкетілген көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қайтарылуы тиіс, ал уақытша әкелінген көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілуі не тауарлар үшін көзделген өзге кедендік режимге мәлімделуі тиіс.
Бұл ретте уақытша әкетілген көлік құралын кеден органына нақты ұсынбастан тауарлар экспортының не тауарларды уақытша әкетудің кедендік режиміне мәлімдеуге жол беріледі.
2. Көлік құралдарын қайта әкету және қайта әкелу кедендік төлемдерден, салықтардан толық босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай оңайлатылған тәртіппен жүзеге асырылады.
261-бап. Халықаралық тасымалдар үшін пайдаланылмайтын су және әуе кемелерін кедендік шекара арқылы өткізу
1. Судың биологиялық ресурстарының кәсібі, теңіз түбі мен оның жер қойнауларының минералдық және басқа да жансыз ресурстарын барлау мен өңдеу, лоцмандық өткізу, іздестіру, құтқару және тіркеуге алу операциялары, теңізге батқан мүлікті көтеру, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа да осыған ұқсас жұмыстар, санитарлық, карантиндік және басқа да бақылау, теңіздің аумағын қорғау мен сақтау, теңіз ғылыми зерттеулерін жүргізу, оқу, спорт және мәдени мақсаттарында, сондай-ақ сауда мақсатында теңізде жүзуге байланысты өзге де мақсаттарда оларды пайдалану үшін Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге уақытша әкетілетін теңіз, ішкі су кемелері оларды уақытша әкету мен қайта әкелу кезінде осы тарауда белгіленген тәртіпке және шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізіледі, бұған жеке тұлғалар өткізетін көлік құралдары қосылмайды.
2. Әскери әуе кемелерін қоспағанда, тауарлар мен жолаушыларды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылмайтын әуе кемелері оларды осы тарауда көзделген тәртіппен уақытша әкету мен қайта әкелу кезінде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізіледі.
262-бап. Көлік құралдарын тауар ретінде өткізу
1. Уақытша немесе тұрақты пайдалануға, иеленуге немесе билік етуге берілуіне байланысты Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетілетін көлік құралдары кедендік режимдерге сәйкес кедендік ресімдеуге жатады.
2. Бір шетелдік тұлғадан екінші шетелдік тұлғаға уақытша немесе тұрақты пайдалануға, иеленуге немесе билік етуге берілуіне байланысты Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен өткізілетін көлік құралдары тауарлар транзитінің кедендік режимдеріне сәйкес кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауға жатады.