4. Қоғамның жарғысына сәйкес оның атқарушы органының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің шешім қабылдауға, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
5. Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
54-бап. Директорлар кеңесінің құрамы
1. Жеке адам ғана директорлар кеңесінің мүшесі бола алады.
2. Директорлар кеңесінің мүшелері:
1) акционер - жеке адамдар;
2) директорлар кеңесіне акционерлердің мүдделерін білдіруші өкілдер ретінде сайлауға ұсынылған (ұсыныс берілген) адамдар;
3) басқа адамдар (осы баптың 3-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып) арасынан сайланады.
Директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кумулятивтік дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Акционер өзіне тиесілі акциялар бойынша бір кандидатты жақтап толық дауыс беруге немесе оларды директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруге құқылы. Ең көп дауыс санын алған кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып есептеледі. Егер директорлар кеңесінің мүшелігіне екі немесе одан да көп кандидат тең дауыс санын алса, бұл кандидаттарға қатысты қосымша дауыс беру өткізіледі.
3. Қоғамның акционері емес және акционердің мүдделерін білдіруші өкіл ретінде директорлар кеңесіне сайлауға ұсынылмаған (ұсыныс берілмеген) жеке адам директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлана алады. Мұндай адамдар саны директорлар кеңесі құрамының елу процентінен аспауы керек.
4. Атқарушы органның басшысынан басқа мүшелері директорлар кеңесіне сайлана алмайды. Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Директорлар кеңесi мүшелерiнiң саны кемiнде үш адам болуға тиiс. Қоғамның директорлар кеңесi мүшелерi санының кемiнде үштен бiрi тәуелсiз директорлар болуға тиiс.
6. Директорлар кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заң актілерінде және қоғамның жарғысында белгіленеді.
55-бап. Директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі
1. Директорлар кеңесінің құрамына сайланған адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қайта сайлануына шек қойылмауы мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін акционерлердің жалпы жиналысы белгілейді.
Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі акционерлердің жаңа директорлар кеңесін сайлау өткізілетін жалпы жиналысын өткізу кезінде аяқталады.
3. Акционерлердің жалпы жиналысы директорлар кеңесінің барлық немесе жекелеген мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
4. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату директорлар кеңесіне берілген жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттігі директорлар кеңесі аталған хабарламаны алған кезден бастап тоқтатылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау акционерлердің жалпы жиналысында ұсынылған кумулятивтiк дауыс берумен жүзеге асырылады, бұл орайда директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшесiнiң өкілеттігі тұтас алғанда директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімінің өтуімен бір мезгілде аяқталады.
56-бап. Директорлар кеңесінің төрағасы
1. Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы оның мүшелері арасынан сайланады.
Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесі төрағаны кез келген уақытта қайта сайлауға құқылы.
2. Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ қоғам жарғысында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын директорлар кеңесінің шешімі бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің бірі жүзеге асырады.
57-бап. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру
1. Директорлар кеңесінің отырысы оның төрағасының немесе атқарушы органның бастамасы бойынша, не:
1) директорлар кеңесінің кез келген мүшесінің;
2) қоғамның ішкі аудит қызметінің;
3) қоғамға аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;
4) ірі акционердің талап етуі бойынша шақырылуы мүмкін.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру туралы талап директорлар кеңесінің төрағасына директорлар кеңесі отырысының ұсынылатын күн тәртібі бар тиісті жазбаша хабар жіберу арқылы қойылады.
Директорлар кеңесінің төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда бастамашы аталған талаппен, атқарушы органға жүгінуге құқылы, ол директорлар кеңесінің отырысын шақыруға міндетті.
Директорлар кеңесінің отырысын директорлар кеңесінің төрағасы немесе атқарушы орган, егер қоғам жарғысында өзге мерзім белгіленбесе, шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап он күннен кешіктірмей шақыруға тиіс.
Директорлар кеңесiнiң отырысы көрсетiлген талапты қойған тұлғаны мiндеттi түрде шақыра отырып өткiзiледi.
3. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы жазбаша хабарлама, егер қоғам жарғысында өзге мерзімдер белгіленбесе, отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарымен қоса, отырыс өткізілетін күнге дейін үш күннен кешіктірілмей директорлар кеңесінің мүшелеріне және "алтын акция" иесіне жіберілуге тиіс.
Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы хабарламада отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы мәліметтер, сондай-ақ оның күн тәртібі болуға тиіс.
4. Директорлар кеңесінің мүшесі өзінің директорлар кеңесінің отырысына қатыса алмайтыны туралы атқарушы органға алдын ала хабарлауға міндетті.
58-бап. Директорлар кеңесінің отырысы
1. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу үшін кворум қоғамның жарғысында белгіленеді, бірақ ол директорлар кеңесі мүшелері санының жартысынан кем болмауға тиіс.
Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны жарғыда белгіленген кворумға қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшелерін сайлау үшін директорлар кеңесі акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға міндетті. Директорлар кеңесінің қалған мүшелері акционерлердің мұндай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ғана шешім қабылдауға құқылы.
2. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесінің бір даусы болады.
Директорлар кеңесінің шешімдері, егер осы Заңда және қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің отырысқа қатысқан мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады.
Дауыстар саны тең болған кезде директорлар кеңесі төрағасының немесе директорлар кеңесінің отырысында төрағалық етуші адам даусының шешуші дауыс болуы қоғам жарғысында көзделуі мүмкін.
3. Директорлар кеңесі директорлар кеңесінің мүшелері ғана қатыса алатын өзінің жабық отырысын өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Қоғам жарғысында және (немесе) қоғамның iшкi құжаттарында директорлар кеңесiнiң қарауына енгiзiлген мәселелер бойынша директорлар кеңесiнiң сырттай дауыс беру арқылы шешiмдер қабылдау мүмкiндiгi және осындай шешiмдердi қабылдау тәртібі көзделуi мүмкiн.
Белгiленген мерзiмде алынған бюллетеньдерде кворум болған ретте шешiм сырттай дауыс беру арқылы қабылданды деп танылады.
Директорлар кеңесiнiң сырттай отырысының шешiмi жазбаша түрде ресiмделуге және оған директорлар кеңесiнiң хатшысы мен төрағасының қолы қойылуға тиiс.
Шешiм ресiмделген күннен бастап жиырма күн iшiнде директорлар кеңесiнiң мүшелерiне жiберiлуге тиiс, оған осы шешiмдi қабылдауға негiз болған бюллетеньдер қоса тiркеледi.
5. Директорлар кеңесінің қатысу тәртібімен өткен отырысында қабылданған шешімдері хаттамамен ресімделеді, ол отырыс өткен күннен бастап үш күн ішінде жасалып, оған отырыста төрағалық еткен адам мен директорлар кеңесінің хатшысы қол қоюға және онда:
1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) отырыстың өткізілген күні, уақыты және орны;
3) отырысқа қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
4) отырыстың күн тәртібі;
5) дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс берудің қорытындылары;
6) қабылданған шешімдер;
7) директорлар кеңесінің шешімі бойынша өзге де мәліметтер болуға тиіс.
6. Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары және директорлар кеңесі сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған шешімдер қоғамның мұрағатында сақталады.
Директорлар кеңесінің хатшысы директорлар кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша оған директорлар кеңесі отырысының хаттамасын және сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерді танысу үшін беруге және (немесе) оған хаттама мен шешімнің қоғамның уәкілетті қызметкері қол қойып, қоғамның мөрі басылып куәландырылған үзінді көшірмесін беруге міндетті.
59-бап. Атқарушы орган
1. Ағымдағы қызметке атқарушы орган басшылық етеді. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган қоғам қызметінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде және қоғамның жарғысында қоғамның басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы.
Атқарушы орган акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті.
Атқарушы органның вето құқығы белгіленген мәселелер жөніндегі шешімдері "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
Егер мәміле жасасу кезінде тараптардың қоғам белгілеген шектеулер туралы білгендігін дәлелдесе, қоғам өзінің атқарушы органы осы шектеулерді бұза отырып жасаған мәміленің жарамды екеніне дауласуға құқылы.
2. Қоғамның акционерлері және оның акционерлері болып табылмайтын қызметкерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
Атқарушы органның мүшесі директорлар кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ аталған адам мен қоғам арасында жасалатын жеке еңбек шартымен белгіленеді. Қоғам атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын жеке еңбек шартына директорлар кеңесінің төрағасы немесе осыған жалпы жиналыс немесе директорлар кеңесі уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын жеке еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
60-бап. Атқарушы орган басшысының өкілеттігі
Атқарушы органның басшысы:
1) акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) қоғам қызметкерлерін ( осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады, қоғамның штат кестесіне сәйкес қоғам қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларының және айлықақыларына дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді, атқарушы орган мен қоғамның ішкі аудит қызметінің құрамына кіретін қызметкерлерді қоспағанда, қоғам қызметкерлеріне берілетін сыйлықақы мөлшерін айқындайды;
5) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттік саласын және жауапкершілікті бөледі;
7) қоғам жарғысында және қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
61-бап. Ішкі аудит қызметі
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
2. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері директорлар кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
3. Ішкі аудит қызметі тікелей директорлар кеңесіне бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
62-бап. Қоғамның лауазымды адамдары қызметінің принциптері
Қоғамның лауазымды адамдары:
1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және қоғам мен акционерлердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін әдістерді пайдаланады;
2) қоғамның мүлкін пайдаланбауға тиіс әрі оны қоғам жарғысына және акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдеріне қайшы пайдалануға, сондай-ақ оны өз мақсаттарына пайдалануға жол бермеуге және өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен мәмілелер жасаған кезде асыра пайдаланбауға тиіс;
3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;
4) қоғамның қызметі туралы ақпараттың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ашылуы мен берілуін бақылайды.
63-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының жауапкершілігі
1. Қоғамның атқарушы органының басшысы мен мүшелері өздерінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) қоғамға келтірілген зиян үшін қоғам алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде лауазымды адамның қоғамға келтірген зиянын не залалын өтеуі туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
6-тарау. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары
64-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғасы
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Мыналар:
1) iрi акционер;
2) қоғамның iрi акционерi не лауазымды тұлғасы болып табылатын жеке адамның жақын туысы (ата-анасы, аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, ұлы, қызы), некеде тұрған адамы, сондай-ақ жекжаты (жұбайының (зайыбының) аға-iнiсi, апа-сiңлiсi, ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып келетiн жеке адам;
3) қоғамның немесе осы тармақтың 1), 4)-9) тармақшаларында аталған заңды тұлғаның лауазымды адамы;
4) қоғамның iрi акционерi не лауазымды адамы болып табылатын тұлғаның бақылауындағы заңды тұлға;
5) қоғамның iрi акционерi не лауазымды адамы болып табылатын тұлға оған қатысты iрi акционер болып табылатын не мүлiктегi тиiстi үлеске құқығы бар болатын заңды тұлға;
6) оған қатысты алғанда қоғам iрi акционер болып табылатын не мүлiктегi тиiстi үлеске құқығы бар болатын заңды тұлға;
7) қоғаммен бiрге үшiншi тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;
8) қоғаммен шарт арқылы байланысы бар, қоғам қабылдайтын шешiмдердi сол шартқа сәйкес айқындауға құқылы тұлға;
9) дербес немесе өзiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп қоғамның не осы тармақтың 1), 4)-8) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентiн иеленетiн, пайдаланатын және оларға билiк ететiн тұлға;
10) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын өзге де тұлға қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылады.
2. Тиісті қоғам немесе өзге заңды тұлға қабылдайтын шешімді анықтау мүмкіндігі қоғамға немесе өзге заңды тұлғаға бақылау жасау деп танылады.
65-бап. 2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
66-бап. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілелер жасасу ерекшеліктері
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Аффилиирленген тұлғаларының қатысуымен қоғамның мәмілелер жасасу ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленеді.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Қоғамның аффилиирленген тұлғаларының қатысуымен мәмiле жасасу тәртібіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгiленген талаптардың сақталмауы кез келген мүдделi тұлғаның талап қоюы бойынша соттың мәмiленi жарамсыз деп тануына негiз болып табылады.
3. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілелер жасасу тәртібіне осы Заңда белгіленген талаптарды бұза отырып қасақана мәміле жасаған тұлғаның, егер мұндай талап пайдакүнемдік немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
67-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметтерді ашу
1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметтер қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат болып табылмайды.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Қоғам аффилиирленген тұлғаларының есебiн осы тұлғалар немесе қоғамның тiркеушiсi беретiн мәлiметтер негiзiнде (уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен iрi акционер болып табылатын тұлғаларға қатысты ғана) жүргiзуге мiндеттi.
Қоғамның акционерлерi мен лауазымды адамдарының өз аффилиирленген тұлғалары туралы ақпаратты табыс ету тәртібі жарғымен белгiленедi.
3. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар аффилиирлену туындаған күннен бастап жеті күн ішінде өзінің аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметті қоғамға табыс етуге міндетті.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Қоғам өзінің аффилиирленген тұлғаларының тізімін уәкілетті органға ол белгiлеген тәртіппен табыс етуге міндетті.
7-тарау. Жасалуына қатысты ерекше талаптар
белгіленген қоғамның мәмілелері
68-бап. Ірі мәміле
1. Мыналар:
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп проценті болатын мүлікті қоғам сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иелiктен шығаруы мүмкiн) мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) нәтижесінде қоғам өзінің орналастырылған бағалы қағаздарын сатып алуы немесе орналастырылған бiр түрдегi бағалы қағаздардың жалпы санының жиырма бес және одан да көп проценті мөлшерінде олардың сатылып алынған бағалы қағаздары сатылуы ықтимал мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;
3) қоғамның жарғысында ірі мәміле деп танылатын өзге де мәміле ірі мәміле деп танылады.
2. Мыналар:
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) белгілі бір мүлікті сатып алуға немесе иеліктен айыруға қатысты белгілі бір тұлғамен не өзара аффилиирленген тұлғалар тобымен жасалатын бірнеше мәміле;
2) бір шартпен немесе өзара байланысты бірнеше шартпен ресімделетін мәмілелер;
3) жарғымен немесе акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен өзара байланысты мәмілелер деп танылатын өзге де мәмілелер өзара байланысты мәмілелер деп танылады.
69-бап. Ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің құны
1. Ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заң актісіне сәйкес белгіленеді.
2. Егер нарықтық құнын белгілеу қажет болатын мүлік ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген бағалы қағаздар болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде осындай бағалы қағаздармен мәмілелердің осындай рынокта қалыптасқан бағасы немесе осындай бағалы қағаздарға сұраным мен ұсынымның бағасы есепке алынады. Егер нарықтық құнын анықтау қажет болатын мүлік қоғамның өз акциялары болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде қоғамның өзіндік капиталының мөлшері де, қоғамның даму жоспарларына сәйкес оның өзгеру перспективасы мен нарықтық құнды белгілейтін адам маңызды деп санайтын өзге факторлар да есепке алынады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 70-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
70-бап. Қоғамның iрi мәмiле жасасуы
1. Қоғамның iрi мәмiле жасасуы туралы шешiмдi директорлар кеңесi қабылдайды.
Қоғам кредиторлар мен акционерлерге хабарлау мақсатында директорлар кеңесi қоғамның iрi мәмiле жасасуы туралы шешiмдi қабылдағаннан кейiн бес күн iшiнде мәмiле туралы хабарламаны мемлекеттік тiлде және басқа тiлдерде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға мiндеттi.
2. Қоғамның жарғысында iрi мәмiлелердiң тiзбесi, сондай-ақ оларды жасасу тәртібі белгiленуi мүмкiн, оларды жасасу туралы шешiмдi акционерлердiң жалпы жиналысы қабылдайды.
3. Осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен қабылданған қоғамның iрi мәмiле жасасу туралы шешiмiмен келiспеген жағдайда, акционер өзiне тиесiлi акцияларды қоғамның осы Заңда белгiленген тәртiппен сатып алуын талап етуге құқылы.
71-бап. Қоғамның мәміле жасасуға мүдделілігі
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары , егер олар:
1) мәміле жасаушы тарап болса немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысса;
2) мәміле жасаушы тарап болып табылатын немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысатын заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғалары болса, қоғамның мәміле жасасуына мүдделі тұлғалары (бұдан әрі - мүдделі тұлғалар) деп танылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Мынадай мәмiлелер:
1) акционердiң қоғам акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын сатып алуы, сондай-ақ қоғамның орналастырылған өз акцияларын сатып алуы жөніндегі мәмiле;
2) банктiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәлiметтердi жария етпеу туралы мiндеттеме қабылдау жөніндегі мәмiле;
3) қоғамды осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын қайта ұйымдастыру;
4) қоғамның өз аффилиирленген тұлғасымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жасайтын мәмiлесi жасалуына қоғам мүдделi болатын мәмiле болып табылмайды.
72-бап. Қоғамның мәміле жасасуына мүдделілік туралы ақпарат
Осы Заңның 71-бабының 1-тармағында аталған тұлғалар:
1) олардың мәміле тараптары екендігі немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысатындығы туралы;
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) өздерімен аффилиирленген заңды тұлғалар туралы, оның ішінде дербес немесе өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесіп, дауыс беретін акциялардың (үлестердің, пайлардың) он және одан да көп процентін иеленетін заңды тұлғалар туралы және органдарында өздері қызмет атқаратын заңды тұлғалар туралы;
3) өздері мүдделі тұлғалар болып танылуы мүмкін, өздеріне белгілі жасалған немесе ықтимал мәмілелер туралы ақпаратты директорлар кеңесінің назарына жеткізуге міндетті.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 73-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
73-бап. Мүдделiлiк болуына орай жасалатын мәмiленi
жасасу тәртібіне қойылатын талаптар
1. Мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәмiленi жасасуы туралы шешiм оның жасалуына мүдделi емес директорлар кеңесi мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
2. Мүдделiлiк болуына орай қоғамның мәміленi жасасуы туралы шешiмдi акционерлердiң жалпы жиналысы:
1) қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерi мүдделi тұлғалар болып табылған;
2) шешiм қабылдауға қажеттi дауыстар саны болмауына орай, директорлар кеңесiнiң мұндай мәмiленi жасасу туралы шешiмдi қабылдау мүмкiндiгi болмаған жағдайларда оның жасалуына мүдделi емес акционерлердiң көпшiлiк даусымен қабылдайды.