3. Көпжақты халықаралық шартқа екiншi бiр уағдаласушы тарап жасаған ескертпенi қабылдау немесе оған қарсылық бiлдiру көпжақты халықаралық шарттың талаптарына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес ескертпенi реттеу нысаны құзыретiне жататын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органының қорытындысы негiзiнде жүзеге асырылады. Бұл қорытынды осы Заңның 3-бабында көзделген тәртіппен келісілуге жатады.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРЫН
ОРЫНДАУ
20-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы әрбiр халықаралық шартын Қазақстан Республикасының мiндетті және адал орындауына жатады.
2. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының Қазақстан Республикасының заңдарымен қайшылығы жағдайында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары өзгертiлуi, олардың қолданылуы тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы тиiс.
3. Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды.
4. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша қабылданған мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етедi, осындай халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасына тиесiлі құқықтардың жүзеге асуын және халықаралық шарттарға басқа да қатысушылардың өз мiндеттемелерiн орындауын қадағалайды.
5. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуына жалпы қадағалауды және бақылау жасауды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
21-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын оларға басқа қатысушылар бұзған жағдайда қолданылатын шаралар
1. Халықаралық шарттар жөніндегi міндеттемелердi оларға басқа қатысушылар бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігімен келiсе отырып, халықаралық құқықтың нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының өздерiнiң талаптарына сәйкес қажеттi шаралар қолдану туралы ұсыныстарды:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік органдар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша - Қазақстан Республикасының Президентiне;
2) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгiзедi.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын оларға басқа қатысушылар бұзған жағдайда, сондай-ақ халықаралық құқықтың нормаларында көзделген өзге де жағдайларда, мұндай халықаралық шарттың қолданысы осы Заңның 28 және 29-баптарында көзделген тәртіппен тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.
22-бап. Халықаралық шарттарды жасасуға байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан оларды қолдану үшiн заң шығару немесе өзге де нормативтiк құқықтық актілер қабылдау қажеттілігi туындайтын жағдайларда, Қазақстан Республикасының мүдделi орталық мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен қабылданатын тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын әзiрлеудi және келiсудi жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтiк-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге немесе олардың қолданысын тоқтатуға Қазақстан Республикасының тиiсті халықаралық шарттары өзгертiлгеннен, толықтырылғаннан немесе олардың қолданысы тоқтатылғаннан кейiн ғана жол берiледi.
23-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының күшіне енуi
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары оларда көзделген немесе халықаралық шарттарға қатысушылардың арасында келісілген тәртiппен және мерзiмдерде күшiне енедi.
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ШАРТТАРЫН ЖАРИЯЛАУ, ТIРКЕУ, ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ САҚТАУ
24-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жариялау
1. Қазақстан Республикасының күшiне енген халықаралық шарттары Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінің ұсынуы бойынша "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетенi" жинағында жарияланады.
2. Қазақстан Республикасының Парламентi ратификациялаған, Қазақстан Республикасының күшiне енген халықаралық шарттары Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентiнiң ресми басылымдарында жариялануға жатады.
3. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының мемлекеттік және орыс тiлдерiнде тең түпнұсқа мәтiнi болмаған жағдайда; олардың қол қойылған тiлдегі тең түпнұсқа мәтіндерiнің бiрi, сондай-ақ халықаралық шарттың мемлекеттік және орыс тiлдеріндегі аудармасы жарияланады.
25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеу, есепке алу және сақтау
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бiрыңғай мемлекеттік жүйесi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң жүргiзуiнде болады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын халықаралық ұйымдардың тиiстi органдарында тiркеудi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының атынан және Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының түпнұсқалары немесе ресми куәландырылған көшiрмелерi оларға қол қойылған күннен немесе ресми куәландырылған көшiрмелерi депозитарийден алынған күннен бастап екi апта мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігіне сақтауға тапсырылады, ал осы халықаралық шарттардың көшiрмелерiн оларға қол қойылған немесе депозитарийден алынған күннен бастап екi апта мерзiм ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі тұрақты түрде сақтау үшiн Қазақстан Республикасының тиiстi орталық мемлекеттік органдарына таратады.
4. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының түпнұсқалары Қазақстан Республикасының тиісті орталық мемлекеттік органдарының мұрағаттарында сақталады. Осы халықаралық шарттардың ресми куәландырылған көшірмелері оларға қол қойылған не ресми куәландырылған көшірмелері депозитарийден алынған күннен бастап екі апта мерзім ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жолданады.
26-бап. Депозитарий функцияларын жүзеге асыру
1. Қазақстан Республикасының көпжақты халықаралық шарттарының депозитарийі функцияларын, егер осы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес мұндай функциялар Қазақстан Республикасында жүктелген болса, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз атынан жасалған көпжақты халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын, егер осы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес мұндай функциялар Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарына жүктелген болса, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
3. Көпжақты халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын орындайтын шет мемлекеттер органдарымен, халықаралық ұйымдармен немесе олардың басты атқарушы лауазымды адамдарымен хат-хабар алмасуды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі жүзеге асырады.
5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРЫН
ӨЗГЕРТУ, ОЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ ЖӘНЕ ТОҚТАТА ТҰРУ
27-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын өзгерту
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына өзгерістер енгізу халықаралық шарттардың өздерiнде көрсетілген талаптарға, халықаралық құқық нормаларына және осы Заңның ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар осы Заңның 3 және 5-баптарында көзделген тәртіппен енгізiледi.
3. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына өзгерістер енгізу туралы шешiмдердi осы Заңның 8-бабында көзделген тәртiппен халықаралық шарттарға қол қою туралы шешiм қабылдаған лауазымды адамдар немесе Қазақстан Республикасының Yкіметі қабылдайды.
4. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына өзгерістер халықаралық шарттардың өздерінің күшiне ену талаптарына сәйкес және сол тәртiппен күшіне енедi.
5. Халықаралық шарттардың өзгерістерiн ратификациялау, бекіту немесе қабылдау туралы шешiмдер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының өзiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес және осы Заңның 14 және 15-баптарында көзделген тәртiппен қабылданады.
28-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданысын тоқтату
Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданысын тоқтату халықаралық шарттардың ережелерiне сәйкес немесе барлық қатысушылардың келісімiмен кез келген уақытта жүзеге асырылады.
29-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданысын тоқтата тұру немесе күшін жою туралы ұсыныстар
1. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданысын тоқтата тұру немесе олардың күшін жою халықаралық шарттардың өздерінде көрсетілген талаптарға, халықаралық құқық нормаларына және осы Заңның ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігімен келiсе отырып, өз құзыретіндегі мәселелер бойынша:
1) Қазақстан Республикасы атынан жасалған халықаралық шарттардың қолданысын тоқтата тұру немесе олардың күшiн жою туралы - Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар;
2) Қазақстан Республикасының Yкіметі атынан жасалған халықаралық шарттардың қолданысын тоқтата тұру немесе олардың күшiн жою туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар жасайды.
3. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жасалған халықаралық шарттардың қолданысын тоқтата тұру немесе күшiн жою туралы ұсыныстар жасайды.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданысын тоқтата тұру немесе олардың күшiн жою туралы осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көрсетілген ұсыныстарды қарайды және:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасының атынан жасалған халықаралық шарттардың қолданысын тоқтата тұру немесе олардың күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзедi;
2) Қазақстан Республикасының Парламентiне Қазақстан Республикасының Президентiмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының атынан жасалған, ратификацияланған халықаралық шарттардың күшiн жою туралы ұсыныстар енгізедi;
3) Қазақстан Республикасының Парламентiне Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жасалған, ратификацияланған халықаралық шарттардың күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзедi.
30-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданысын тоқтата тұру немесе олардың күшін жою туралы шешiмдер қабылдау
1. Қазақстан Республикасының ратификацияланған халықаралық шарттарының күшiн жою туралы заңдарды Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентi қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының қолданысын тоқтата тұру немесе Қазақстан Республикасының бекітілген, қабылданған халықаралық шарттарының күшiн жою туралы шешiмдердi:
1) Қазақстан Республикасының атынан жасалған халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан жасалған халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды;
3) Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары атынан жасалған халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының бiрiншi басшылары немесе оларды алмастыратын адамдар қабылдайды.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттың өзі үшін мiндетті екендігіне келiсімін бiлдiретiн немесе халықаралық шарттың қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату ниетiн білдiретін халықаралық актілердi жасау
1. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында ратификациялық грамоталар алмасу немесе ратификациялық грамоталарды депозитарийге сақтауға тапсыру көзделген болса, Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау туралы заңдар негiзiнде ратификациялық грамоталарға қол қояды, бұл оның мөрiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрінің қойылған қолымен және мөрiмен бекітіледi.
2. Ратификациялық грамоталар, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау, бекіту немесе қабылдау туралы құжаттар алмасуды не осындай грамоталарды, ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе қосылу туралы құжаттарды депозитарийге сақтауға өткiзудi, халықаралық шарттардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру не олардың күшiн жою туралы құжаттарды жолдауды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi немесе Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері жүргізеді.
32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою тәртібі туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2679 заң күші бар Жарлығының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 23, 144-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2005 жылғы мамырдың 30-ы.
№ 54-III ҚРЗ