Мүгедектердің жас құрылымында еңбек етуге жарамды жастағы адамдар басым (мүгедектердің жалпы санының шамамен 70%-ы).
Мүгедектік көрсеткіштері мынадай бірқатар факторларға:
елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен әлеуметтік саясат басымдықтарына;
ұлт денсаулығының жай-күйіне;
денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, медициналық қызметтердің қол жетімді болуына және олардың сапасына;
оңалту қызметтерінің сапасына және олардың қол жетімділігіне;
еңбекті қорғаудың және еңбек қауіпсіздігінің жай-күйіне;
экологиялық ортаның жай-күйіне және өзге де себептерге байланысты болады.
Көлеңкелі факторлар:
биологиялық деңгейде созылмалы, туа біткен және генетикалық аурулардың жоғары деңгейі байқалды;
медициналық-ұйымдық деңгейде - аурулардың кеш анықталуы, аурулар мен мүгедектіктің алдын алуға жеткілікті мән берілмеуі, тегін медициналық көмекке қол жеткізудің, медициналық қызметтер сапасының төмендеуі, бірыңғай оңалту жүйесінде мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерін үйлестірудің болмауы;
әлеуметтік-орта деңгейінде - денсаулыққа қауіпті және зиянды еңбек жағдайларының орын алуы, өндірістік жарақаттанушылық, кедейліктің сақталуы, әлеуметтік жәрдемақылардың салыстырмалы төмен деңгейі, бірқатар өңірлердің экологиялық қолайсыздығы.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі бойынша мүгедектік санатын айқындап, әрбір мүгедек үшін медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту іс-шараларын қамтитын оңалтудың жеке бағдарламасын (бұдан әрі - ОЖБ) әзірлейді.
Жүргізілетін медициналық оңалту аурудың, жарақаттың, мертігудің салдарларын жоюға немесе жеңілдетуге бағытталған диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шаралары кешенін жүргізуді көздейді.
Медицинаның озық салаларын дамыту, күрделі жедел араласуды енгізу мен дәрі-дәрмек терапиясындағы жетістіктер елімізде мүгедектерді тиімді емдеу мен олардың тыныс-тіршілігін қалпына келтіруге қолайлы мүмкіндіктер туғызды. Алайда, бұл мүмкіндіктер тиісінше пайдаланылған жоқ.
Мүгедектіктің алдын алу мен оңалту арасында өзара байланыс орнатылмады. Медициналық оңалту технологиясы, мүгедектерге медициналық қызмет көрсетудің ғылыми негізделген стандарттары әзірленген жоқ.
Медициналық оңалтудың нәтижелерін жақсартуға оңалту мекемелері жүйесінің шектеулілігі кедергі болып отыр. Республикамызда қалыптасып отырған функционалдық негізде стационарлық төсек бөлу тәжірибесі стационарлық оңалту кезеңін іске асыру үшін жеткіліксіз (қазіргі кезде медициналық оңалту бөлімшелеріне арналған төсек қоры республикамызда жалпы қуаттың
3,0%-ын ғана құрайды).
Емдеу мен оңалтуды амбулаториялық-емханалық бөлімшелер мен санаторлық-курорттық мекемелерде жалғастырудың да төмен тиімділігі ерекшеленіп отыр.
Соңғы жылдары мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қаржыландыру көлемінің өсуіне қарамастан, ол оңалту қызметтерін көрсетудің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін жеткілікті деп мойындауға болмайды.
Медициналық оңалту сатысында аурудың ағза функцияларының толық қалпына келтірілмеуі және тіршілік әрекетінің айқын білінетін шектелулерінің сақталуы әлеуметтік оңалту шараларын қабылдауды талап етеді.
Мүгедектерді әлеуметтік оңалту мүгедектердің әлеуметтік мәртебесін, олардың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-ортаға бейімделуін қалпына келтіруге бағытталған. Ол мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыруды, оларға қажетті әлеуметтік қызметтер көрсетуді, оларды көмекші (компенсаторлық) техникалық құралдармен қамтамасыз етуді, мүгедектердің әлеуметтік, көлік және рекреациялық инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз етуге, ақпараттық ортаны пайдалануға тең мүмкіндіктер туғызуды, материалдық және әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетуді және т.б. қамтиды.
2005 жылға дейін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі мүгедектерге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемдерін қамтыды. Қабылданып жүрген шараларға қарамастан, соңғы жылдары жәрдемақылардың мөлшері шамалы болды. Сондықтан 2005 жылы мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 6700 теңгеге дейін, немесе 50%-ға: бірінші топ мүгедектеріне - 3 айлық есептік көрсеткішке (2895 теңгеге); екінші топ мүгедектеріне - 2,5 АЕК-ке (2412,5 теңгеге); үшінші топ мүгедектеріне - 2 АЕК-ке (1930 теңгеге); 16 жасқа дейінгі мүгедектерге - 3 АЕК-ке (2895 теңгеге) арттырылды.
Бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі республикамызда интернат-үйлері мен үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері желісін қамтиды. Қазіргі кезде 79 интернат-үйлері жұмыс істейді, олардың 35-і қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат-үйлері, 26-ы - жүйке-неврологиялық ауруларға, 17-і - ақыл-есі кеміс мүгедектерге, 1-і - дене кемістігі бар балаларға арналған. Бұл мекемелерде 17 мыңнан астам адам толық мемлекет қарауында тұрып жатыр. Үйде әлеуметтік қызмет көрсетуді 339 бөлімше мен 7 аумақтық орталық жүзеге асырады. Олар 34 мыңнан астам мүгедектер мен жалғызілікті қарттарға қамқорлық жасайды. Жеке интернат-үйлері пайда болды.
Мүгедек-балалары бар отбасыларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері құрылуда, олардың негізгі міндеттері бөгде адамның күтіміне мұқтаж мүгедек-балаларды анықтау, оларды әлеуметтік дағдыларға, өзіне өзі қызмет көрсету дағдыларына үйрету, демалысын ұйымдастыру, ата-аналар мен отбасы мүшелерін мүгедек балалармен араласуға және оларды күтуге үйрету, медициналық және құқықтық консультациялық көмек көрсету болып табылады. 2003-2004 жылдары 10 мыңнан астам мүгедек-балаға қызмет көрсететін осындай 90 бөлімше құрылды.
Соңғы жылдары мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерді қаржыландыру жақсарып келеді. Егер 2003 жылы мүгедек балаларға арналған интернат-үйлерінің қамқорлығындағы бір баланы ұстауға арналған шығындар 231 мың теңгені құраған болса, 2004 жылы бұл сома 286,7 мың теңгені құрады.
Интернат-үйлерінде тұратын балаларға күтім, тамақтандыру, әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық қызмет, әлеуметтік бейімдеу, еңбекпен оңалту, оқыту сияқты қызметтер көрсетіледі.
Мүгедек балаларға әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсету проблемасын үлгілік медициналық-әлеуметтік мекемелер есебінен түбегейлі шешуге қол жеткізу күрделі болып отыр.
94 000 адам сурдоқұралдар мен сурдокөмекке, 18841 адам тифлоқұралдарға және 28 872 адам - протездік-ортопедиялық бұйымдарға мұқтаж болып отыр. Протездік-ортопедиялық бұйымдар өндірісін қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда шамамен 4 есеге жуық көбейді (106,6 млн. теңгеден 436,2 млн. теңгеге дейін). Бұл 2004 жылы 16 840 мүгедекке протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге мүмкіндік берді, олардың бестен бір бөлігі модульдік протездер пайдаланыла отырып, қазіргі заманғы жаңа технологиямен протезделді.
Нашар еститін мүгедектерге берілетін сурдоқұралдардың тізбесі ұлғайтылды. 2004 жылы нашар еститін мүгедектер үшін 6,9 мың есту аппараттары (оның ішінде 1,5 мыңы - мүгедек-балаларға арналған), 320 телефакс, 1000 көпфункционалды дабылдатқыш жyйесі, 2,2 мың мәтінді хабарлайтын және хабар қабылдайтын ұялы телефон сатып алынды.
Нашар көретін мүгедектер тифлоқұралдармен қамтамасыз етіледі. 2002-2004 жылдары көзі нашар көретін мүгедектер үшін 11 мыңнан астам тифломагнитола, 28 оқитын машина, Брайль дисплейі бар 15 компьютер, 8 мыңнан астам арнаулы қол сағаттары сатып алынды.
Жүріп-тұруы шектеулі, көру немесе есту кемістігі бар адамдарға тиісті инфрақұрылымды ыңғайлау талап етіледі. Мүгедектердің тұрғын үйді, қоғамдық және өндірістік ғимараттарды, көлікті, мәдени-көріністік ұйымдар мен спорт кешендерін қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылымға қоғамның әлеуметтік инфрақұрылымына қиналмай қол жеткізуі олардың өмірінде елеулі өзгерістер туғызады.
Қазақстанда мүгедектердің ақпараттық ортаға қолы жете бермейді. Радио мен теледидардағы ақпараттық және көркем хабарлардың көпшілігіне нашар көретін және нашар еститін мүгедектердің қолы жетпейді, кітапханалар арнаулы қаріп пайдаланылатын әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген.
Мүгедектерді қоғамға кіріктіру мақсатында, сондай-ақ кәсіптік оңалту шаралары да қажет. Мүгедектерге қатысты Бүкілдүниежүзілік іс-әрекеттер бағдарламасы кәсіптік машықтар алуды немесе бұзылғандарын қалпына келтіруді, кәсіптік бағдарлану мен жұмысқа орналастыруды кәсіптік оңалту шараларына жатқызады.
Арнаулы түзеу ұйымдарының саны (бірлік) және олардағы кемтар балалардың саны (адам) 2-кестеде берілдi
2-кесте
Арнаулы түзеу білім беру ұйымдарының желісі мен контингенті | Жылдар |
2002 | 2003 | 2004 |
Мектепке дейінгі арнаулы мақсаттағы ұйымдар | 36 | 39 | 45 |
Арнаулы топтары бар, жалпы мақсаттағы мектепке дейінгі ұйымдар | 236 | 201 | 119 |
Мектепке дейінгі түзеу ұйымдарындағы және топтарындағы бала саны | 9876 | 9380 | 11229 |
Арнаулы білім беру түзеу ұйымдары | 103 | 102 | 103 |
Арнаулы білім беру түзеу ұйымдарындағы және жалпы білім беретін мектептердің арнаулы сыныптарындағы бала саны | 23604 | 24214 | 24737 |
Кемтар балаларды оқыту ғылыми-әдістемелік, ұйымдық және қаржылық жағынан толық қамтамасыз етілмеген, педагог-дефектолог, әлеуметтік психолог, педагог-психолог және медициналық қызметкерлері жеткіліксіз жалпы мектептерде жүзеге асырылады, бұл дамуында ауытқушылығы бар балалардың өз мұқтажына барабар білім ала алмауына әкеп соғады.
Мектеп ғимараттары мен үйлері түзеу-педагогикалық және оңалту шараларының қажетті көлемін жүргізуге бейімделмеген, жиһазы мен жабдықтары да ескірген. Балаларды тасымалдау, оқулықтармен және оқу жабдықтарымен, техникалық және көмекші құралдармен қамтамасыз ету мәселелері шешілмеген.
Кәсіп таңдау және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері де шектеулі. Бұл топтағы балалар мен жасөспірімдерді кәсіптік оқыту бұрынғыдай арнаулы мектептермен шектеліп отыр, ондағы білім беру деңгейі қазіргі заманғы өндіріс пен еңбек нарығынан артта қалған, балалардың өздерінің де мүдделері мен мүмкіндіктеріне сай емес. Кемістігі бар балаларды даярлайтын дәстүрлі кәсіптерге бүгінде сұраныс аз, ал жұмыс берушілер талап ететін кәсіптерге әдетте қол жете бермейді. Нәтижесінде осы топтағы балалар мен жасөспірімдер оқытылуы мүмкін кәсіптер шеңбері тарыла береді және дамуында ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік шеттеуі туындайды, оларды жұмысқа қабылдауда қарсы айғақтамалар қалыптасады.
Соңғы үш жылда жұмысқа орналастырылған мүгедектердің жалпы саны бір жарым есе көбейді (5910-нан 9128 адамға дейін). Бұл ретте, екінші топтағы мүгедектердің арасында жұмысқа орналасу 0,7%-дан 3,7%-ға дейін, үшінші топтағыларда - 8,9%-дан 16,1%-ға дейін. Абсолюттік көрсеткіштердің біршама өсіп отырғанына қарамастан, жұмысқа орналастырылған мүгедектер еңбек етуге қабілетті мүгедектердің жалпы санының шамалы ғана бөлігін құрайды.
Қазақстандағы мүгедектердің жұмыспен қамтылуы, көптеген басқа елдердегі сияқты, әжептәуір кедергілерге кездеседі, оның ішінде ең бастысы мүгедектердің еңбек нарығындағы бәсекелестік қабілетінің төмендігі. Мүгедектерге арнайы жасалған еңбек және еңбекақы төлеу шарттары жұмыс берушілер үшін экономикалық жағынан тиімсіз.
Сондықтан, жұмысқа орналастырудың барынша көп тараған жолы мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің арнаулы мамандандырылған кәсіпорындары болып табылады.
Республикадағы Қазақ зағиптар қоғамының 33 оқу-өндірістік кәсіпорындары мен Қазақ саңыраулар қоғамының 18 кәсіпорнында жалпы саны төрт мыңға жуық мүгедек еңбек етуде. Бұл кәсіпорындар қызметінің негізгі түрлері тігін өнімдерін, тоқыма, картонаж, электротехникалық, пластмасса бұйымдарын өндіру, жиhаз жасау, баспахана қызметтері мен жөндеу-құрылыс жұмыстарымен айналысу болып табылады.
Қазіргі кезде мамандандырылған цехтар мен кәсіпорындарындағы өзекті проблемалардың бірі инвестициялық қаражаттың жетіспеушілігі болып отыр, бұл олардың жеке сектордағы бәсекелестерінен әжептәуір қалыс қалуына әкелуде.
Осылайша, Қазақстандағы мүгедектіктің және оңалту жөніндегі шаралардың жай-күйін талдау мүгедектерді әлеуметтік қорғауды ұйымдастырудағы оң өзгерістермен қатар бірқатар шешілмеген проблемалардың да бар екенін дәлелдейді.
Шетелдік тәжірибе (Германия, Финляндия, Нидерланды) көрсетіп отырғанындай, жеткілікті регламенттелген күн тәртібімен тұру жағдайлары, ал ең бастысы - мүгедек баланы өзінің үйреншікті ортасынан оқшаулау оның психикалық және физикалық жай-күйіне қолайсыз әсер етеді, бейімсіздендіру реакциясының дамуына ықпал етеді.
Бұл орайда, Орталық Еуропа елдерінің тәжірибесі қызығарлық, олар балаларды интернат ұйымдарында ұстауды қысқарту, оларды отбасыларына қайтару, балаларды күтудің баламалы отбасылық нысандарын дамыту (патронат, асырап алушы отбасылар, басқа да нысандар), қамқорлықтағылардың бұрынғы тұратын жеріне жақындатылған отбасы үлгісіндегі шағын мекемелер, күндізгі және 5 күндік болу мекемелерін құру жөнінде жұмыс жүргізеді.
АҚШ-та халыққа жеке (ақылы) әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі анағұрлым дамыған.
Осыған байланысты, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері (ұйымдары) желісін кезең-кезеңмен қайта құруды жүргізу, балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелер мен арнаулы түзеу білім беру ұйымдарының базасында оңалту бөлімшелерін, күндізгі және 5 күндік болу бөлімшелерін ашу, қалалар мен аудан орталықтарында шағын интернат-үйлерін салу қажеттігі туындап отыр, бұл мүгедек балаларға үйдікіне жақын жағдай туғызуға ықпал ететін болады.
Мынадай Мемлекеттік стандарттар:
"Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру";
"Мүгедектер мен қарттарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелерінде, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында, мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде және мемлекеттік емес медициналық-әлеуметтік ұйымдарда әлеуметтік қызмет көрсету";
Yйде, медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда), аумақтық орталықтарда әлеуметтік қызмет көрсетудің үлгілік Ережесі қабылданды.
2002 жылы тұрғын үй салу, әлеуметтік инфрақұрылымды жабдықтау кезінде мүгедектердің қажеттіліктерін ескеретін Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер бекітілді.
2. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
Бағдарламаның мақсаты: оңалту жүйесін жетілдіру, мүгедектерді әлеуметтік қолдауды күшейту және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу мынадай міндеттердің шешілуін талап етеді:
мүгедектіктің алдын алу жүйесін дамыту;
азаматтардың тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін айқындаудың жаңа технологияларын әзірлеу жолымен медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіру;
әлеуметтік қолдауды күшейту жолымен мүгедектердің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамыту;
мүгедектерді медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту жөніндегі қызметтер аясын кеңейту жолымен мүгедектерді оңалту жүйесін жетілдіру;
мүгедектерді жұмыспен қамтуға белсенді жәрдемдесу нысандарын дамыту;
оңалту мекемелерінің желісін дамыту, олардың қызмет ету нысандары мен әдістерін жетілдіру, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
мүгедектердің техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарға, протездік-ортопедиялық көмекке қажеттіліктерін қанағаттандыру деңгейін арттыру;
мүгедектердің (халықтың ұтқырлығы төмен топтарының) әлеуметтік, көлік және рекреациялық инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;
жергілікті атқарушы органдардың ролі мен жауапкершілігін арттыру;
мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорын құру;
медициналық-әлеуметтік сараптама, оңалту саласындағы кадрлармен қамтамасыз ету жүйесін, мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетуді ұйымдастыруды және оңалту индустриясын жетілдіру.
3. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен оны іске
асыру тетігi
Бағдарлама:
Ағза қызметінің, тіршілік әрекетінің шектелулері мен денсаулығының халықаралық жіктемесін Оныншы рет қайта қаралған аурулардың халықаралық статистикалық жіктемесіне бейімдеуді;
мүгедектіктің алдын алуды;
медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіруді;
мүгедектерді оңалтуды және мүгедектер үшін білім алу, физикалық және мәдени ортаның, тұрғын үй жағдайларының, жұмыстың, көлік пен демалыс жағдайларының қол жетерлік болуын негізгі бағыттар ретінде айқындайды.
Бұл бағыттарды іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде (2006-2008 жылдар) оңалтудың қолданылып жүрген жағдайларын белсенді дамыту және мүгедектікті қазіргі заманғы тануға негізделген мүгедектерді оңалтудың жаңа үлгісін қалыптастыру көзделеді. Бұдан кейінгі кезеңдерде оңалту жүйесінің жаңа тетіктері басым дамуға ие болады және оңалтудың мүгедектердің қажеттіліктеріне жауап беретін әрі нарық шаруашылығы жағдайларына лайықты жаңа үлгісін жасау аяқталатын болады.
§ 1. Мүгедектіктің алдын алу жүйесін жетілдіру
Мүгедектіктің алдын алу жүйесін жетілдіру мақсатында физикалық, ақыл-ой, психикалық және сенсорлық кемістіктердің туындауын болдырмауға (бірінші деңгейдегі алдын алу) және кемістіктің тұрақты функционалдық шектелуге немесе мүгедектікке ұласуының алдын алуға бағытталған (екінші деңгейдегі алдын алу) шаралар кешені көзделетін болады.
Олар:
1) әйелдер консультациялары мен босандыратын мекемелерде әйелдерге; жас балаларға скринингтік тестілеуді уақытында жүргізуді және оның сапасын арттыруды қамтитын болады, бұл патологияны оның бастапқы даму кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді;
2) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізуді, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережесін сақтауды қамтамасыз етуді;
3) мүгедектігі бар адамдардың дерекқорын құруды қамтитын болады.
§ 2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру
және азаматтардың тыныс-тіршілігінің шектелу
дәрежесін айқындаудың жаңа технологияларын әзірлеу
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіру халыққа көрсетілетін медициналық-әлеуметтік сараптамалық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталатын болады, атап айтқанда:
ағза қызметінің, тіршілік әрекетінің шектелулері мен денсаулығының халықаралық жіктемесін Оныншы рет қайта қаралған аурулардың халықаралық статистикалық жіктемесіне бейімдеу жөнінде жұмыс жүргізу, ол өзіне өзі қызмет етудің, жүріп-тұрудың, қарым-қатынас жасаудың, бағдарланудың, оқудың және еңбек қызметімен айналысудың төмендеуіне әкеп соғатын функционалдық бұзылушылықтар нәтижесінде туындаған әлеуметтік бейімсізденуді бағалауға мүмкіндік береді;
18 жасқа дейінгі балалардың ағза функцияларының бұзылуының біліну және тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесіне қарай мүгедектік ауырлығы топтарын саралау жөнінде жұмыс жүргізу;
Кәсіптік еңбек ету қабілетінің жоғалу дәрежесін белгілеу жөніндегі әдістемелік ұйғарымдарды әзірлеу;
куәландыру мен оңалту кезеңдерінің әрқайсысындағы кемістіктер жіктемесіне (құжаттарды талдауға, сараптамалық-оңалту диагностикасына, сараптамалық қорытынды қабылдауға және оңалту нәтижелерін бағалауға) негізделген медициналық-әлеуметтік сараптаманың сапасы мен оңалтуды жүргізудің тиімділігін бағалауды жетілдіру;
медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін алдын алу, емдеу, куәландыру және мүгедектерді оңалту сатыларында ведомстволық тиістілігіне қарамай медициналық ұйымдар қызметін үйлестіруді жетілдіру.
§ 3. Мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін
дамыту және оларды әлеуметтік қолдауды күшейту
Мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру:
мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесін дамытумен;
мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдірумен байланысты.
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың негізі әлеуметтік стандарттар жүйесіне өзгерістер енгізу және ең төмен күнкөріс деңгейіне базалық әлеуметтік норматив ролін бекіту болды. Ең төмен күнкөріс деңгейі мүгедектігі бойынша базалық мемлекеттік жәрдемақылар есептеу үшін объективті негіз болады.
Мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыруға әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесін құру, қаржыландырудың қосымша көздерін тарту және еңбек ету қабілетінен айрылу кезіндегі әлеуметтік қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің арасында тікелей айырып бөлу негізінде қол жеткізілетін болады.
Туғаннан немесе бала кезінде мүгедек болғандардың табысын қолдау базалық мемлекеттік жәрдемақы болып түрлендірілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, олар арнаулы мемлекеттік жәрдемақы да алатын болады.
Ресми сектор қызметкерлері үшін әлеуметтік қатер туындаған кезде (еңбек ету қабілетінен айрылу) әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі:
бірінші деңгей (базалық) - бұл мемлекет кепілдік берген, мүгедектігі бойынша берілетін базалық мемлекеттік жәрдемақылар;
екінші деңгей (міндетті) - міндетті әлеуметтік сақтандыру есебінен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдер және сақтандыру ұйымдарынан еңбек (қызмет) міндеттерін атқару кезінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру есебінен төленетін сақтандыру төлемдері;
үшінші деңгей (қосымша) - әлеуметтік қатерлерді сақтандырудың ерікті және кәсіптік схемалары көзделген.
§ 4. Мүгедектерді оңалту жүйесін жетілдіру және
медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту
жөніндегі қызметтер аясын ұлғайту
Мүгедектерді оңалту жүйесін дамыту оңалту қызметтеріне қол жетімділікті қамтамасыз етуге және олардың сапасын арттыруға, кемтар адамдардың мәселесімен айналысатын ұйымдар мен мекемелердің қызметін үйлестіруге, медициналық, әлеуметтік және кәсіби оңалтудың тиімділігін арттыруға бағытталатын болады.
§ 4.1. Медициналық оңалту
Пайда болған ауру және/немесе зақым салдарын жеңу ағза функцияларын, аурудың тыныс-тіршілігін қалпына келтіруге және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге бағытталатын болады.
Ол үшін:
функционалдық-қалпына келтіру іс-шараларының сапалы жүргізілуін;
функционалдық бұзылушылықтар салдарларының орнын толтыруды;
әлеуметтік қайта бейімдеуді қамтамасыз ету;
емдеу-алдын алу мекемелерінде медициналық оңалтуды кезең-кезеңмен реформалау жөніндегі ұйымдық іс-шараларды жетілдіру:
клиникалық және облыстық ауруханалар құрамында стационарлық медициналық оңалту бөлімшелерін (көп бейінді және мамандандырылған көп бейінді) ұйымдастыру;
ауданаралық бір- және көпбейінді стационарлық медициналық оңалту бөлімшелерін ұйымдастыру;
амбулаторлық-емханалық медициналық оңалту бөлімшелерін (кабинеттерін) ұйымдастыру;
оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердің санаторлық-курорттық емделуін ұйымдастыру талап етіледі.
Реконструктивті хирургия мен протездік-ортопедиялық көмек сапасын арттырудың ерекше маңызы бар. Мүгедектерге медициналық-әлеуметтік қызметтердің мұндай түрін көрсету медициналық ұйымдардың травмотологиялық, ортопедиялық бөлімдерінің протездік-ортопедиялық орталықтармен тығыз өзара бірлесіп әрекет етуін қажет етеді.
§ 4.2. Әлеуметтік оңалту
Әлеуметтік оңалтудың нәтижелілігін арттыру мақсатында мынадай шаралар қолданылатын болады:
мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетудің стандарттарын енгізу. Бұл ретте, әлеуметтік қызметкерлер, үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелері, медициналық-әлеуметтік мекемелер, аумақтық орталықтар мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтерді азаматтарға тегін көрсетеді, ал қосымша қызметтер - ішінара және толық төлеу шарттарында көрсетілетін болады;
мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің тізбесін кеңейту (жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының қызметтерін көрсету);
әлеуметтік және әлеуметтік-консультативтік көмекті (ерекше мұқтаждықтар мен қажеттіліктерге қарай);