Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес ішкі есепті жүргізеді, өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша кезеңдік есептер беруді қалыптастырады және ұсынады.
134-бап. Табиғат пайдаланушының ішкі тексерулердi ұйымдастыруы
1. Табиғат пайдаланушы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуын тұрақты ішкі тексеру және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелерін экологиялық және өзге де рұқсаттардың талаптарымен салыстыру жөнінде шаралар қолданады.
2. Ішкі тексерулерді еңбек міндеттеріне қоршаған ортаны қорғау мәселелері және өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялар кіретін қызметкер (қызметкерлер) жүргізеді.
3. Ішкі тексерулер барысында:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында көзделген іс-шаралардың орындалуы;
2) қоршаған ортаны қорғауға қатысты өндірістік нұсқаулықтар мен ережелерді ұстану;
3) экологиялық және өзге де рұқсат талаптарын орындау;
4) өндірістік экологиялық бақылаудың нәтижелері бойынша есеп пен есептілікті жүргізудің дұрыстығы;
5) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері көрініс табатын өзге де мәліметтер бақыланады.
4. Ішкі тексеруді жүзеге асыратын қызметкер (қызметкерлер):
1) алдыңғы ішкі тексеру туралы есепті қарауға;
2) қоршаған ортаға эмиссия жүзеге асырылатын әрбір объектіні қарап тексеруге;
3) қажет болған жағдайда, басшыға тексеру барысында анықталған сәйкессіздіктерді түзету жөніндегі шараларды жүргізу туралы талаптарды, оларды жою мерзімдері мен тәртібін қамтитын жазбаша есеп жасауға міндетті.
15-тарау. Қоғамдық экологиялық бақылау
135-бап. Қоғамдық экологиялық бақылаудың мақсаттары мен міндеттерi
1. Қоғамдық экологиялық бақылау жұртшылықты мемлекеттің экологиялық проблемаларына тарту мақсатында жүргізіледі.
2. Қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу тәртібін қоғамдық бірлестіктер өз жарғыларына сәйкес айқындайды.
136-бап. Ақпараттық және өзге де өзара іс-қимыл
1. Жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмысы және оның нәтижелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге тиіс.
2. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жекелеген тексерулер нәтижелерінің және жылдық есептіліктің жариялануын қамтамасыз етеді.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ынтымақтасу және өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру үшін жарғыларында қоғамдық экологиялық бақылау функциясы көзделген қоғамдық бірлестіктердің тізбесін жасайды.
4. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды анықтау жөніндегі жұмысқа жеке және заңды тұлғаларды ерікті негізде тартуы мүмкін.
5-Бөлім. Экологиялық мониторинг пен кадастрлар
16-тарау. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi
137-бап. Мемлекеттік экологиялық мониторинг
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік экологиялық мониторинг (қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі) - табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен қоршаған ортаның, табиғи ресурстардың жай-күйінің өзгеруін бағалау, болжау және бақылау мақсатында, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып, олардың жай-күйін байқаудың кешенді жүйесі.
2. Атмосфералық ауа, жер, жер үсті мен жер асты сулары, жер қойнауы, жануарлар және өсімдіктер дүниесі, сондай-ақ климат пен Жердің озон қабаты, экологиялық жүйелер, қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсер ететін факторлары мемлекеттік экологиялық мониторинг объектілері болып табылады.
138-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі және оның міндеттерi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі - экологиялық қауіпсіздікті, табиғи ресурстарды сақтауды, молықтыруды және ұтымды пайдалануды, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында басқарушылық және шаруашылық шешімдердің қабылдануы үшін қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін байқауды, сондай-ақ олардың нақты жай-күйі туралы деректерге талдау жасауды қамтитын көп мақсатты ақпараттық жүйе.
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган арнайы мемлекеттік уәкілетті органдармен бірлесе отырып ұйымдастырады.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің принциптері:
1) бірыңғай ұйымдық, әдістемелік, метрологиялық және ақпараттық ұстаным негізінде жұмыс істеу;
2) қолданыстағы мемлекеттік және өзге де мониторинг жүйелерінің мүмкіндіктерін барынша пайдалану болып табылады.
4. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің міндеттері:
1) қоршаған ортаның, биологиялық әралуандық және экожүйелердің жай-күйі туралы, антропогендік әсер ету көздері, тіршілік ету ортасының халық денсаулығына әсер ететін факторлары туралы дұрыс және салыстырмалы ақпарат алу;
2) қоршаған ортаның жай-күйін, антропогендік әсер ету деңгейлерін, биосфера жай-күйінің көрсеткіштерін, экожүйелердің функционалдық тұтастығын бағалау және болжау;
3) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданатын басқарушылық шешімдері мен өткізілетін іс-шаралардың тиімді болуына талдау жүргізу үшін деректермен қамтамасыз ету болып табылады.
5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі тіршілік ету ортасы мен халықтың денсаулығын қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін тікелей немесе жанама түрде қамтитын, Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы мониторинг жүйелері мен мониторингтің кіші жүйелерінің базасында қалыптасады.
6. Арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар өздерінің құзыретіне сәйкес табиғи объектілерге зерттеу жүргізуге және мониторинг түрлерін (кіші жүйелерді) ұйымдастыруға міндетті.
139-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi бірыңғай мемлекеттік жүйесінің бірыңғай ақпараттық жүйесi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ақпараттық қамтамасыз ету жинақтық деректер банкіне берілетін арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар орындайтын қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингінің, сондай-ақ табиғат пайдаланушылар өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде жүзеге асыратын өндірістік мониторингтің нәтижелеріне негізделеді.
2. Бағдарламалық құралдар жүйесі Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің әртүрлі деңгейлері, сондай-ақ жүйелері мен кіші жүйелерінің деректер банктері арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз ете отырып, ақпараттың бірыңғай әдістемелік негізде жинақталуын, өңделуі мен сақталуын жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде ақпарат алмасу табиғи ресурстардың тиісті түрлерінің мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбелерге, нысандар мен мерзімдерге сәйкес өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
140-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің мазмұны
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің мазмұнын мониторингтің мынадай кіші жүйелері:
1) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі;
2) табиғи ресурстар мониторингі;
3) мониторингтің арнайы түрлері құрайды.
2. Жұмыс істеу процесінде Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің кіші жүйелеріне мониторингтің басқа да түрлері енуі мүмкін.
141-бап. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингi
1. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингі мынадай түрлерді қамтиды:
1) атмосфералық ауа жай-күйінің мониторингі;
2) атмосфералық жауын-шашын жай-күйінің мониторингі;
3) су ресурстарының сапалық жай-күйінің мониторингі;
4) топырақ жай-күйінің мониторингі;
5) метеорологиялық мониторинг;
6) радиациялық мониторинг;
7) трансшекаралық ластаулар мониторингі;
8) фондық мониторинг.
2. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
3. Атмосфералық ауа жай-күйінің мониторингі - Қазақстан Республикасының елді мекендерінде атмосфералық ауаның ластануының жай-күйіне бақылау жасау жүйесі. Мемлекеттік бақылау бекеттерінің санын және оларды әрбір нақты елді мекенде орналастыруды халық саны, жер рельефі, ластанудың нақты деңгейін ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде айқындайды.
4. Атмосфералық жауын-шашын жай-күйінің мониторингі - атмосфераның ластануының көрсеткіші болатын атмосфералық жауын-шашынның химиялық құрамына бақылау жасау, сондай-ақ қыс кезінде атмосфераның өңірлік ластануын бағалау және елді мекендер мен өнеркәсіп объектілерінен ластаушы заттардың таралу ауқымын анықтау үшін қар қабатындағы заттардың болуына бақылау жасау жүйесі.
5. Су ресурстарының сапалық жай-күйінің мониторингі - жер үсті және жер асты сулары сапасының жай-күйіне бақылау жасау жүйесі.
6. Топырақ жай-күйінің мониторингі - елді мекен жерлерінде, суармалы аумақтар мен ауыл шаруашылығы алқаптарында топырақтың техногендік ластануының жай-күйіне бақылау жасау жүйесі.
7. Метеорологиялық мониторинг - мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды ауа райы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді метеорологиялық, агрометеорологиялық болжамдар жасау және дүлей метеорологиялық құбылыстардың туындау ықтималдығы туралы ескерту мақсатында атмосфера мен жер үстінің физикалық параметрлеріне, метеорологиялық, оның ішінде актинометрикалық, жылу балансы, озонометрикалық, аэрологиялық бақылау жасаудың кешенді жүйесі. Метеорологиялық мониторинг деректерінің негізінде климаттың және Жердің озон қабатының мониторингін жүргізу жүзеге асырылады.
8. Радиациялық мониторинг - қоршаған ортаның объектілері мен аумақтардың техногендік және табиғи радиоактивті ластануына бақылау жасау жүйесі.
9. Трансшекаралық ластану мониторингі - трансшекаралық сулар мен ауаның трансшекаралық ластануының, сондай-ақ қоршаған ортаға трансшекаралық әсерді болғызбау, шектеу және азайту үшін қолданылатын шаралар тиімділігінің жай-күйіне шекаралас мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асырылатын бақылау жүйесі.
10. Фондық мониторинг - қоршаған ортаның кешенді фондық мониторингі станцияларының мамандандырылған желісіндегі атмосфера мен басқа да ортаның биосферамен өзара іс-қимылының жай-күйіне бақылау жасау жүйесі.
142-бап. Табиғи ресурстар мониторингi
1. Табиғи ресурстар мониторингі мынадай түрлерді қамтиды:
1) жер мониторингі;
2) су объектілері және оларды пайдалану мониторингі;
3) жер қойнауы мониторингі;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мониторингі;
5) таулы экожүйелер мен шөлейттену мониторингі;
6) орман мониторингі;
7) жануарлар дүниесі мониторингі;
8) өсімдіктер дүниесі мониторингі.
2. Табиғи ресурстар мониторингін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жер мониторингі жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау, болып жатқан өзгерістерді уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрі дамуын болжау және теріс процестер салдарларының алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар тұжырымдау мақсатында жер қорының сапалық және сандық жай-күйіне базалық (бастапқы), жедел, кезеңдік байқаулар, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып жүргізілген байқаулар жүйесін білдіреді.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Су объектiлерi мониторингi теріс процестердi уақтылы анықтау, олардың дамуын бағалау мен болжау, жүзеге асырылатын су шаруашылығы iс-шараларының зиянды салдарларын болғызбау және тиiмдiлiк дәрежесiн айқындау жөнiнде ұсынымдар тұжырымдау мақсатында олардың жай-күйiнің гидрологиялық, гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, санитариялық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және токсикологиялық көрсеткiштерін тұрақты байқаулар жүйесін, алынған ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып жүргізуді білдіреді.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Жер қойнауының мониторингі жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету және олардың өзгеруін уақтылы анықтау, теріс процестер салдарын бағалау, алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін байқау, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып байқау жүйесін білдіреді. Жер қойнауы мониторингінің деректері мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрында жинақталады.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мониторингі - табиғи процестердің қалыпты өтуі мен қоршаған ортаның жай-күйіндегі өзгерістердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелеріне әсерін зерттеу үшін бақылау жасау жүйесі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мониторингінің деректері Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрында қорытылады.
7. Таулы экожүйелер мен шөлейттену мониторингі - шөлейттену мен оның зардаптарына және таулы экожүйелердің жай-күйіне бақылау жасау.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Орман мониторингi орман қорын күзету, қорғау, пайдалану және орман өсіру, ормандардың биологиялық әралуандығы мен экологиялық функцияларын сақтау саласында мемлекеттік басқару мақсатында орман қорының жай-күйi мен серпінін байқау, бағалау және болжау, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып байқау, бағалау және болжау жүйесiн бiлдiредi. Орман мониторингiнің деректері Мемлекеттік орман кадастрында жинақталады.
9. Жануарлар дүниесінің мониторингі жануарлар дүниесін қорғау, молықтыру мен пайдалану және биологиялық әралуандықты сақтау саласындағы мемлекеттік басқару мақсатында жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі мен динамикасын бақылау, бағалау және болжау жүйесі болып табылады. Жануарлар дүниесі мониторингінің деректері Жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастрында қорытылады.
10. Өсімдіктер дүниесінің мониторингі өсімдіктер дүниесін зерттеу, қорғау, молықтыру және тұрақты пайдалану мақсатында олардың объектілері жай-күйінің бағалануын бақылау жүйесін білдіреді.
143-бап. Мониторингтің арнайы түрлерi
1. Мониторингтің арнайы түрлеріне:
1) әскери-сынақ полигондарының мониторингі;
2) «Байқоңыр» зымыран-ғарыш кешенінің мониторингі;
3) парниктік газдардың және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың мониторингі;
4) санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг;
5) климаттың және Жердің озон қабатының мониторингі;
6) төтенше экологиялық жағдайлар және экологиялық зілзала аймағының мониторингі;
7) ғарыштық мониторинг жатады.
2. Әскери-сынақ полигондарының мониторингі - әскери, оның ішінде зымырандық техниканы сынақтан өткізуден, жабық және қолданыстағы полигондар аумақтарында бейбіт мақсаттарда ядролық жарылыстар жасаудан туындайтын қоршаған ортаның ластануына бақылау жасау жүйесі.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. «Байқоңыр» зымыран-ғарыш кешенiнiң мониторингi - «Байқоңыр» кешенiнiң зымыран-ғарыш қызметiнің әсеріне ұшырайтын аумақтарда қоршаған ортаның жай-күйiн байқау жүйесi, оның жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Парниктік газдардың және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынудың мониторингі - парниктік газдардың атмосфераға шығарылатын шығарындыларын және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуды және олардың көздеріне бақылау жасау және есепке алу жүйесі.
5. Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг - халықтың денсаулығы мен тіршілік ету ортасының жай-күйіне, оларды талдаудың, бағалаудың және болжаудың, сондай-ақ халықтың денсаулығы жай-күйі мен тіршілік ету ортасы факторларының әсері арасындағы себеп-салдар байланыстарын айқындаудың мемлекеттік бақылау жасау жүйесі. Мониторингті халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган жүзеге асырады.
6. Климаттың және Жердің озон қабатының мониторингі - климаттың өзгерістері мен Жердің озон қабатының динамикасына, олардың жай-күйін кешенді бағалау мен болжауға бақылау жасау.
7. Төтенше экологиялық жағдайлар және экологиялық зілзала аймағының мониторингі - төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарының аумақтарында қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау жасау жүйесі.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Ғарыштық мониторинг - Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйiн байқау жүйесi, оның жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Осы баптың 2, 4, 6 және 7-тармақтарында көрсетілген мониторингтің арнайы түрлерiн ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
144-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi бірыңғай мемлекеттік жүйесінің деңгейлері мен байқау желілерi
1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің мониторингін жүргізу мынадай үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергілікті (өндірістік мониторинг және елді мекендердің нақты учаскелерінің, су тоғандары мен өзендердің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мониторингі);
2) өңірлік (өңірлердің физикалық-географиялық және экономикалық ерекшеліктерін, экологиялық тұрғыдан ауыртпалықты аймақтардың бар-жоғын және қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстардың пайдаланылуына әсер ететін табиғи және техногендік факторлар кешенін ескере отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер шегіндегі мониторинг);
3) республикалық (қажет болған кезде жалпы мемлекеттік мәні бар ірі өңірлер мен жекелеген объектілерді бөліп көрсете отырып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын мониторинг).
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнің бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң шеңберiнде қоршаған ортаның жай-күйiн байқау, сондай-ақ талдау үшiн сынамаларды iрiктеу арнайы құрылған мемлекеттiк, аумақтық және жекеше байқау желiлерiнiң пункттерiнде жүзеге асырылады. Iрiктелiп алынған сынамалардағы ластаушы заттардың құрамын талдауды аккредиттелген талдамалық зертханалар және (немесе) автоматтық байқау пункттері жүзеге асырады.
3. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің шеңберінде бақылау желілерін құру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
145-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингi бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеу негіздерi
Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі:
1) ғылыми зерттеулер ұйымдастыру мен жүргізу, Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі үшін қажетті және жеткілікті әдістемелік база;
2) қоршаған ортаның жай-күйін айқындайтын нормативтерді, оған антропогендік әсер ететін нормаларды, қоршаған ортаның жай-күйін бағалау мен болжау, табиғат қорғау қызметінде басқарушылық шешімдерді шығару және қабылдау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін негіз болып табылатын экологиялық қауіпсіздік нормаларын әзірлеу және белгілеу;
3) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі бірыңғай мемлекеттік жүйесінің, оның құрылымдық бөлімшелері мен элементтерін құру және жұмысын ұйымдастыру үшін қажетті талаптарды, ережелер мен рәсімдерді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және қолданысқа енгізу;
4) бақылаудың салыстырмалы нәтижелерін алуға мүмкіндік беретін әдістемелік құжаттарды әзірлеуді және енгізуді ұйымдастыру;
5) ақпараттық жүйелердің құрылымдарын, деректер базасының жүйелерін, жіктеуіштерді, деректер сөздіктерін және құжаттардың біріздендірілген нысандарын әзірлеу;
6) техникалық қамтамасыз ету;
7) талдамалық зертханаларды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін басқа да бөлімшелерді аккредиттеуді ұйымдастыру негізінде жұмыс істейді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 145-1-баппен толықтырылды
145-1-бап. Мемлекеттік бақылау жасау желісін қорғау
1. Мемлекеттік бақылау жасау желісі, оның ішінде желіге бөлінген жер учаскелері мен акватория бөліктері, сондай-ақ мүлік тек қана мемлекеттік меншікке жатады және мемлекеттің қорғауында болады әрі жекешелендіруге жатпайды.
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Стационарлық және жылжымалы байқау пункттерінің қызметін ұйымдастыруды Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүзеге асырады.
Жаңадан ашылатын байқау пункттерінің орналасқан жерін (дислокациялау орнын) айқындау жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің шешімімен жүргізіледі. Көрсетілген байқау пункттерінің қызметін тоқтату Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің шешімімен жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қоршаған ортаның жай-күйі, оның ластануы туралы анық ақпарат алу мақсатында стационарлық бақылау жасау пункттерінің айналасында шаруашылық қызметке шектеу қойылатын қорғау аймақтары құрылады. Стационарлық бақылау жасау пункттері туралы ережені қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Мемлекеттік бақылау жасау желісіне кіретін стационарлық байқау пункттеріне өту немесе көлікпен өту жүзеге асырылатын болса, ол жер учаскелеріне Қазақстан Республикасының жер заңнамасында айқындалған тәртіппен сервитуттар белгіленуі мүмкін.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 145-2-баппен толықтырылды
145-2-бап. Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысы
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет мемлекеттік бақылау жасау желісін пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингті жүргізуді қамтамасыз етеді. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет бюджет қаражаты есебінен құрылады және жұмыс істейді.
Мемлекеттік байқау желісінде жүзеге асырылатын, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингтерді және қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын - ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүзеге асырады.
Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Гидрометеорологиялық қызмет осы Кодекске, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет азаматтық қорғаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрамына кіреді және өз қызметін төтенше жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
4. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет осы Кодекске және «Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне ақпарат ұсынады.