2005 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы»«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін реттеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы хаттама
(Пекин қ., 2006 жылғы 20 желтоқсан)
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 7 мамырдағы № 366 Қаулысымен бекітілді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі 2005 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін реттеу туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 45-бабының негізінде мыналардан тұратын өзгерістер мен толықтыру енгізуге келісті:
1-бап
Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1. Келісімнің 5-бабының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Орталықтың жалпы алаңы 5,28 ш. км. құрайды, оның ішінде қазақстандық бөлігінің алаңы - 1,85 ш. км, қытай бөлігінің алаңы - 3,43 ш. км.».
2. 9-бап мынадай абзацпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының және Қытай Халық Республикасының шекара қызметтері Орталықтың қазақстандық және қытай бөліктерінің аумағындағы Тараптардың басқарушы органдарының жұмыс бабындағы кездесулеріне және үйлестіруге қатысушылардың, сарапшыларының және көлік құралдарының оңай өтуін қамтамасыз етеді.».
3. Оның бұрынғы 1-қосымшасын ауыстыратын, осы Хаттамаға қосымша (Орталық аумағының географиялық координаталары, орналасу схемасы және шекара аумағы) Келісімнің 1-қосымшасы болып табылады.
2-бап
Осы Хаттама Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
3-бап
Осы Хаттама Келісім қолданылатын мерзімде әрекет ететін болады.
2006 жылғы «20» желтоқсанда Пекин қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының | Қытай Халық Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |