қоршаған ортаға ықпал етудің жол берілетін шекті нормативтері - экологиялық жүйелердің тұрақтылығын бұзуға әкеп соқпайтын, қоршаған ортаға барынша жасалуы мүмкін антропогендік ауыртпалық;
қоршаған ортаны қорғау - табиғат пен адамның өзара үйлесімді іс-қимылына, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар - қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтік және экономикалық шаралар кешені;
қоршаған ортаны қорғау объектілері - қоршаған ортаның заңнамамен қорғалатын құрамдас бөліктері;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау заңнамасын, қоршаған орта сапасының нормативтерін және экологиялық талаптарды сақтауын бақылау жөніндегі қызметі;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары;
қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттардың, радиоактивті материалдардың, өндіріс пен тұтыну қалдықтарының түсуі, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелістің, магнитті өрістердің және өзге де зиянды физикалық ықпалдардың әсері;
қоршаған ортаны ластауға лимиттер - ластағыш заттардың, өндіріс пен тұтыну қалдықтарының жалпы түсу көлемінің, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелістің, магнитті өрістер мен өзге де зиянды физикалық ықпалдар әсері деңгейлерінің қолайлы қоршаған орта сақталатын шектері;
қоршаған ортаның мониторингі - адамды қоршаған табиғи ортаның жай-күйін бақылау және адамдардың денсаулығы мен өзге де тірі организмдерге зиянды немесе қауіп туғызатын қатерлі ахуалдар туралы ескерту;
қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерінің сипаттамасы;
ластағыш заттардың қордалануы мен ықпал ету деңгейінің жол берілетін шекті нормативтері - атмосфералық ауада, су объектілерінде, топырақта ластағыш заттардың жол берілетін құрамының және қоршаған ортаға физикалық факторлар ықпалының адам денсаулығын сақтау және өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиянды әсеріне жол бермеу мақсатында белгіленетін шамасы;
ластағыш заттардың шығарылуы мен тасталуына жол берілетін шекті нормативтері - атмосфераға, су объектілеріне, топыраққа шығарылатындар мен тасталатындардағы ластағыш заттардың, қоршаған ортаға жасалатын физикалық ықпалдық ол жасалған жағдайда жол берілетін ауыртпалықтың экологиялық нормативтерінің сақталуын қамтамасыз ететін көлемі;
өндіріс қалдықтары - өнімдерді шығару, өзге де технологиялық жұмыстарды орындау кезінде пайда болған және, техногендік минералдық түзілімдер мен ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтарын қоса алғанда, тиісті өндірісте қолдануға қажетті бастапқы тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан шикізаттардың, материалдардың, химиялық қосылыстардың қалдықтары;
өндірістік экологиялық бақылау - табиғат пайдаланушының қоршаған ортаны қорғау саласындағы мониторинг, есеп, есептілік және өзге де ішкі әкімшілік шараларды қамтитын нормативтік-құқықтық талаптарды сақталуын бақылау үшін қабылдайтын шаралар жүйесі;
стратегиялық объект - іске асырылуы табиғи ресурстарды барлау, өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу, пайдалану, республикалық маңызы бар инфрақұрылым, республикалық маңызы бар аэроғарыштық және әскери кешендер, байланыс, энергетика саласындағы қызметпен тікелей байланысты сараптама объектici;
табиғат пайдалану - адамның шаруашылық және өзге де қызметінде табиғи ресурстарды пайдалануы;
табиғат пайдаланушы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган берген табиғат пайдалануға рұқсаттың негізінде қоршаған ортаға ластайтын заттарды шығаруға және тастауға, өндіріспен тұтыну қалдықтарын орналастыруға құқығы бар субъект;
табиғи ресурстар - қоғамның материалдық, мәдени және басқа қажеттерін қанағаттандыру үшін қоршаған ортаның шаруашылық және өзге қызмет процесінде пайдаланылатын құрамдас бөліктері;
трансшекаралық объект - іске асырылуы екі немесе одан да көп облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және (немесе) шектес мемлекет аумағының қоршаған ортасына және адамдар денсаулығына зиянды әсер ететін немесе зиянды әсер етуі ықтимал сараптама объектici;
тұтыну қалдықтары - табиғи және моральдық тозу нәтижесінде өзінің тұтынушылық қасиетін толық немесе ішінара жойған бұйымдар, материалдар мен заттар;
шығарылудың, тасталудың үлес нормативі - өнімнің, қуаттың, көлік немесе өзге де жүріп-тұру құралдарының бірлігіне шаққанда атмосфераға, су объектілеріне зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың, астаудың ең көп массасының нормативі, ол шығарылудың, тасталудың, технологиялық процестер мен жабдықтардың қозғалмалы, тұрақты көздері үшін белгіленеді;
экологиялық аудит - аудиттелетін субъектілердің шаруашылық және өзге де қызметін экологиялық тәуекелдерді анықтау мен бағалауға және олардың қызметінің экологиялық қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге бағытталған тәуелсіз тексеру;
экологиялық аудитке тапсырыс берушілер - мүдделі жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар;
экологиялық жүйе - организмдердің және олар мекендейтін жансыз ортаның өзара байланысты біртұтас функционалдық жиынтығы;
экологиялық қауіп - антропогендік және табиғи ықпалдар әсерінің, соның ішінде дүлей зілзалаларды қоса алғанда, зілзалалар мен апаттар себептерінен қоршаған ортаның жай-күйі бұзылуының, өзгеруінің болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын және осыған байланысты жеке адам мен қоғамның өмірлік маңызы бар мүдделеріне қауіп төндіретін жағдай;
экологиялық қауіпсіздік - жеке адамның, қоғамның өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендік және табиғи ықпал ету нәтижесінде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйі;
экологиялық қауіпті объект - іске асырылуы ауқымы әрі ұзақтығы бойынша қоршаған ортаға зиянды әсер ететін немесе әсер етуі ықтимал және халықтың өмірі мен денсаулығына ерекше қауіп төндіретін сараптама объектісі;
экологиялық нормалау - адамның өмір сүруі мен биологиялық алуан түрлілікті сақтау үшін қолайлы ортаны айқындайтын және қамтамасыз ететін ережелердің (нормалардың) және олардағы қоршаған ортаның жай-күйі мен оған ықпал ету дәрежесін бағалаудың сан және сапа көрсеткіштерінің (нормативтерінің) жүйесі;
экологиялық талаптар - Қазақстан Республикасының заңдық, өзге де заңға тәуелді нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық актілерінде қамтылған қоршаған ортаға теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметте орындауға міндетті шектеулер және ондай қызметке тыйым салу.»;
2) 7-бап мынадай мазмұндағы жиырма екінші абзацпен толықтырылсын:
«қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.»;
3) 8-бап мынадай мазмұндағы 19) тармақшамен толықтырылсын:
«19) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді.»;
4) 10-баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің төртінші абзацындағы «ережелер» деген сөз «ережелерді техникалық регламенттер негізінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 25-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қоршаған ортаның өндірістік мониторингі үшін пайдаланылатын өлшеу құралдары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.»;
6) 9-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
«9-тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық
реттеу
43-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу
объектілерi
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу объектілеріне Қазақстан Республикасында өндірілетін немесе оның аумағына әкелінетін, экологиялық қауіпсіздікке, адамның өмірі мен денсаулығына, табиғи ресурстарды молайтуға және ұтымды пайдалануға, сондай-ақ өнімнің өмірлік циклінің процестеріне қауіп төндіруі мүмкін өнім жатады.
44-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өнім мен оның өмірлік циклі процестеріне қойылатын қауіпсіздік талаптарын белгілейтін техникалық регламенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әзірленеді және бекітіледі.
Техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, нарыққа орналастырылған өнімнің айналымына, сондай-ақ өнімді осы талаптарды бұзу арқылы жобалауға, өндіруге, пайдалануға, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге, кәдеге жаратуға және жоюға тыйым салынады.
45-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестікті растау
Техникалық регламенттерге сәйкестікті анықтау үшін Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестікті растау жүзеге асырылады.
Сәйкестігі міндетті түрде расталуға жататын өнімді сәйкестікті растау саласындағы тиісті құжатсыз өткізуге тыйым салынады.»;
7) 48-баптың бірінші бөлігіндегі «қоршаған орта сапасының нормативтері ескерілуге» деген сөздер «қоршаған ортаны қорғау саласындағы қауіпсіздіктің міндетті талаптары сақталуға» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 60-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«60-3-бап. Қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу кезінде қойылатын
талаптар
1. Қауіпті қалдықтар түзілетін шаруашылық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар:
1) осы қалдықтардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қауіптіліктің нақты сыныбына жатқызылуын растауға;
2) қалдықтарды олардың түріне қарай жою, кәдеге жарату немесе қайта пайдалану жөнінде іс-шаралар әзірлеуге және жүзеге асыруға;
3) қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуді қамтамасыз ететін, қоршаған ортаның ластануын болғызбайтын жүйелерді құруға және енгізуге;
4) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына әсерін ескере отырып, қалдықтардағы зиянды металдар мен басқа заттардың болуы жөніндегі белгіленген нормалардың орындалуын қамтамасыз етуге;
5) қалдықтарды қайта пайдаланудың жоғары дәрежесіне қол жеткізу және олардың жиналуы мен өңделуіне жауапты қызметкердің денсаулығына және қауіпсіздігіне қатысты проблемаларды болғызбау қажеттігіне байланысты қалдықтарға түзілген жерлерінде сұрыптау жүргізуге тиіс.
2. Жеке және заңды тұлғалардың қауіпті қалдықтар түзілетін процестегі қызметіне:
1) қалдықтармен жұмыс істеудің адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген кезде шектеу;
2) адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруге әкеп соқтыратын қалдықтармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптар бірнеше рет (екі реттен көп) бұзылған жағдайда тыйым салынуы мүмкін.
3. Қалдықтардың түріне байланысты оларды уақытша сақтау мерзімі қалдықтардың адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру тәуекелі барынша аз болатындай етіп белгіленеді.
4. Қалдықтардың түріне байланысты оларды тасымалдау шарттары мен құралдары олардың сақталуын және адам денсаулығы мен өмірі, қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
5. Қалдықтардың түріне байланысты оларды тасымалдау және сақтау құралдары қалдықтардың шығу ықтималдығын болғызбайтындай герметикалық болуға және техникалық регламенттерде белгіленген сақтандыратын таңбалық деректері мен белгілері болуға тиіс.
6. Қалдықтардың көмілген жерлері және көму әдістері қоршаған ортаға (жерүсті және жерасты суларына, топыраққа, ауаға) қалдықтардың құрамындағы ластаушы заттардың ену ықтималдығын болғызбауға тиіс.
7. Қалдықтарды кәдеге жарату қоршаған ортаға зиян келтіру тәуекелін барынша азайтып, қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін әдістермен жүзеге асырылуға тиіс.
8. Қалдықтарды сақтау, тасымалдау, көму және кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарға қатысатын қызметкер қалдықтардың сипаты, зиян келтірудің ықтимал тәуекелі және жеке бастың қауіпсіздігі мен кәсіпорынның басқа да қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы хабардар етілуге тиіс.
9. Табиғат пайдаланушылар өндірістік қалдықтармен байланысты мәселелерді шешуге және қалдықтардың қауіпсіздігін, оларды сақтау, тасымалдау, көму мен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін талаптар мен нормаларды сақтауға тиіс.»;
9) 85-бапта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.
9. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) заң - қоғамдық қатынастарды реттейтін, Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 3-тармағында көзделген түбегейлі принциптер мен нормаларды белгілейтін, Қазақстан Республикасының Парламенті, ал Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайтын нормативтік құқықтық акт;
2) заңнамалық акт - конституциялық заң, Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар жарлығы, кодекс, заң, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлығы, Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулысы, Сенат пен Мәжілістің қаулылары;
3) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер - заң актілері болып табылмайтын, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заң актілерінің негізінде және соларды орындау үшін шығарылған, өзге де нормативтік құқықтық актілер;
4) заңнама - белгіленген тәртіппен қабылданған нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы;
5) кодекс - осы Заңның 3-1-бабында көзделген біртектес қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар біріктіріліп, жүйеге келтірілген заң;
6) Конституциялық заң - Қазақстан Республикасы Конституциясында конституциялық деп аталған, Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен қабылданатын заң;
7) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі - нормативтік құқықтық актілердің реквизиттерін және осы актілер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік есебінің бірыңғай жүйесі;
8) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкі - олар туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген нормативтік құқықтық актілердің (өзгерістері мен толықтыруларын қоса) қағазға басылған мәтіндерінің жиынтығы;
9) Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң - Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен қабылданатын заң;
10) құқық нормасы (құқықтық норма) - нормативтік құқықтық актіде тұжырымдалған, көп мәрте қолдануға арналған және нормативтік реттелген ахуал шеңберінде барлық тұлғаларға қолданылатын жалпыға міндетті мінез-құлық ережесі;
11) нормативтік құқықтық акт - референдумда қабылданған не уәкілетті орган немесе мемлекеттің лауазымды адамы қабылдаған, құқықтық нормаларды белгілейтін, олардың қолданылуын өзгертетін, тоқтататын немесе тоқтата тұратын белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат;
12) нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялау - Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне сәйкестік сараптамасынан өткен нормативтік құқықтық актілерді баспа басылымында жариялау;
13) нормативтік құқықтық актінің деңгейі - нормативтік құқықтық актінің нормативтік құқықтық актілер сатысындағы өзінің заң күшіне қарай алатын орны;
14) нормативтік құқықтық актіні ресми жариялау - нормативтік құқықтық актінің толық мәтінін ресми және мерзімдік баспа басылымдарында жалпы жұрттың назарына салу үшін жариялау;
15) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ сол органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесін айқындайтын заңнамада белгіленген өз құзыретіне сәйкес нормативтік құқықтық актілер қабылдауға хақылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары (Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, орталық атқарушы органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, өзге де мемлекеттік органдар).»;
2) 2-баптың 4-тармағының 3) тармақшасындағы «нормалар мен» деген сөздер алып тасталсын;
3) 3-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) техникалық регламент - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзірленетін және қолданылатын өнімдерге және (немесе) олардың өмірлік циклінің процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;».
10. «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» 1998 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 5-6, 48-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
араласу деңгейі - жол берілмейтін мөлшердің шамасы, оған жеткен кезде, созылмалы немесе авариялық сәуле алу жағдайы туындаған реттерде қорғау немесе авариядан кейінгі шаралар қолданылады;
әсерлі мөлшер - адам организмі мен оның жекелеген органдарының радиациялық сезімталдығын ескере отырып, олардың сәуле алуының кейіндегі зардаптарының пайда болу қатерінің шамасы ретінде пайдаланылатын иондаушы сәулелендірудің сіңірілген энергиясының шамасы;
бақыланатын аймақ - радиациялық бақылау, адамдарды жіберу және олардың тұруы жөнінде арнаулы ережелер қолданылатын аумақ;
иондаушы сәулелендіру - ортамен өзара әрекет кезінде түрлі белгілердегі иондар түзетін, зарядталған, зарядталмаған бөлшектер мен фотондардан тұратын сәулелендіру;
қызметшілер - тікелей иондаушы сәулелендіру көздерімен тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін жеке тұлғалар;
радиациялық авария - атом энергиясын қолдану объектісін қауіпсіз пайдалану шегінің бұзылып, бұл орайда адамдардың немесе қоршаған ортаның белгіленген нормалардан жоғары радиоактивті ластануына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан радиоактивті өнімдердің және (немесе) иондаушы сәулелендірудің қалыпты пайдалану жобасында көзделген шектен асып кетуі;
радиациялық қауіпсіздік - белгіленген нормаларға сәйкес қызметшілерге, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсерді шектейтін шаралар кешенімен қамтамасыз етілген радиациялық жағдайдың жай-күйі;
радиациялық қорғаныш - радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған радиациялық-гигиеналық, жобалау-конструкторлық, техникалық және ұйымдық шаралар жиынтығы;
радиациялық мониторинг - иондаушы сәулелендіру көздерін пайдаланатын объектілерде де, қоршаған ортада да радиациялық жағдайдың жай-күйін жүйелі түрде байқап отыру;
табиғи радиациялық ая - ғарыш сәулесі және жерде, суда, ауада, биосфераның басқа элементтерінде, тамақ өнімдері мен адам организмінде өздігінен бөлінген табиғи радионуклидтердің сәулесі шығаратын сәулелендіру мөлшері;
техногендік өзгертілген радиациялық орта - адам қызметінің нәтижесінде өзгерген табиғи радиациялық орта;
техногендік радиациялық фон - сол жердің табиғи радиациялық фонын сипаттайтын осындай көрсеткіштердің деңгейлерін шегеріп тастағандағы радиациялық жағдайды сипаттайтын көрсеткіштер деңгейі.»;
2) 5-бап мынадай мазмұндағы 1-2-тармақпен толықтырылсын:
«1-2. Қазақстан Республикасының Үкіметі радиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.»;
3) 6-баптың бірінші бөлігінде:
2-тармақшадағы «және бекіту» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) радиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу.»;
4) 7-баптың 2, 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Радиациялық қауіпсіздік саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, техникалық регламенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.
3. Радиациялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өкімдік, нұсқаулық, әдістемелік және өзге де құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органдар және пайдаланушы ұйымдар өз құзыреттері шегінде радиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық регламенттер негізінде бекітеді және қабылдайды.»;
5) 8-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Радиациялық қорғаудың қамтамасыз етілуіне өндірістік бақылауды жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдары тиісті ұйымдарда радиациялық қауіпсіздік талаптарын, нормаларды, ережелер мен гигиеналық нормативтерді, радиациялық қауіпсіздік ережелерін, құрылыс нормалары мен ережелерін, еңбек қорғау ережелерін, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өкімдік, нұсқаулық, әдістемелік және өзге де құжаттарды бұзу анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.»;
6) 9-баптың 1 -тармағы «саласында белгіленген» деген сөздерден кейін «радиациялық қауіпсіздік талаптарын,»деген сөздермен толықтырылсын;
7) 11-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Халықтың табиғи сәулелену көздерінен сәуле алу дозалары денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган олар үшін белгілеген нормалардан аспауға тиіс.»;
13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«13-бап. Медициналық процедуралар жүргізу кезінде
азаматтардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз
ету
1. Радиоизотоптарды немесе басқа да иондаушы сәулелену көздерін пайдалану арқылы медициналық процедуралар жүргізілген кезде азаматтарды (пациенттерді) қорғаудың тиісті құралдары пайдаланылады. Пациенттің сәуле алу дозасы радиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген деңгейден аспауға тиіс.
2. Медициналық процедуралар жүргізілген кезде пациентке алынатын және (немесе) алған сәуле дозалары туралы және оның әсерінің ықтимал зардаптары туралы толық ақпарат беріледі. Азаматтың (пациенттің), эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті ауруларды анықтау мақсатында жүргізілетін профилактикалық зерттеулерді қоспағанда, осындай медициналық процедуралардан бас тартуға құқығы бар.
3. Иондаушы сәулелену көздерін пайдалану арқылы процедуралар жүргізетін медициналық ұйым, егер осындай себептік байланыс сот тәртібімен дәлелденсе, пациент денсаулығына немесе өміріне келтірілетін ықтимал теріс әсер үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
4. Радиоизотоптар немесе басқа да иондаушы сәулелену көздері пайдаланылатын барлық медициналық процедуралар үшін медициналық ұйым осындай процедураларды жүргізген кезде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында медициналық қызметтер сапасын қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеп, оны атом энергиясын пайдалану жөніндегі уәкілетті органда бекітеді.
5. Иондаушы сәулелену көздері пайдаланылатын медициналық қызметке қойылатын біліктілік талаптарында жұмысқа жіберілген мамандардың біліктілігіне, оларды аттестаттау және қайта аттестаттау тәртібіне қойылатын талаптар, даярлау және қайта даярлау бағдарламасы белгіленеді.