Аса жеңіл авиация - ең үлкен массасы екі мың жеті жүз килограмнан аспайтын аса жеңіл ұшу аппараттарын, спорттық мақсаттағы және әуесқойлық конструкциядағы басқа да әуе кемелерін, аэростаттық аппараттар мен көмекші құрылғыларды пайдаланатын азаматтық авиация.
Аэродром - әуе кемелерінің ұшып-көтерілуін, қонуын, рульдеуін, аялдауын және оларға қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету үшін арнайы әзірленіп, жабдықталған жер немесе су учаскесі.
Аэродром жарамдылығының сертификаты - аэродромдарды пайдалану жарамдылығының нормаларына аэродромның сәйкестігін куәландыратын, уәкілетті орган берген құжат.
Аэронавигациялық ұйым - әуе қозғалысына қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, аэронавигациялық және метеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз ететін ұйым.
Әуежай - әуе кемелерін қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осы мақсаттар үшін аэродромы, аэровокзалы, басқадай ғимараттары, сондай-ақ қажетті жабдықтары бар құрылыстар кешені.
Әуежайдың бақыланатын аумағы - әуежайдың, аэродромның ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс алаңы және кіруді авиациялық қауіпсіздік қызметі бақылайтын жанасып жатқан аумақ, қызметтік ғимараттар, құрылыстар, қоймалар.
Әуежай қызметі - жеке және заңды тұлғалар әуе тасымалдарын, әуежайларда авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жүзеге асыратын қызмет.
Әуе жолы - әуе кемелерінің ұшуына арналған және әуе қозғалысын басқару жүйесінің аэронавигациялық құрылғылармен бақыланатын дәліз түріндегі әуе кеңістігі.
Әуе кемесі - жер (су) бетінен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуден өзгеше ауамен өзара әрекеттесу есебінен атмосферада қалықтайтын ұшу аппараты.
Әуе кемесімен жалданушы (фрахтовщик) - бір сапарда немесе бірнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүкті, жүктерді, почтаны тасымалдау және басқа мақсаттар үшін бір немесе бірнеше әуе кемесінің толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлігін ақысын алып екінші жаққа (әуе кемесін жалдаушыға) беретін әуе тасымалдаушысы.
Әуе кемесін жалдаушы (фрахтователь) - бір немесе бірнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүкті, жүктерді, почтаны тасымалдау немесе басқа мақсат үшін бір немесе бірнеше әуе кемесінің толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлігін ақысын алып жалға беруге әуе тасымалдаушысымен тиісті шарт жасасқан жеке немесе заңды ұлға.
Әуе кемесінің ұшуы - ұшып көтерілу алдындағы зымыраудан (тік көтерілген кезде - жер немесе су бетінен ажыраудан) бастап зымырауының соңына (ұшып-қону алаңын аялдаусыз босатуына) дейінгі немесе тік қонған кезде жер (су) бетіне табан тірегенге дейінгі жер (су) бетімен және әуе кеңістігінде әуе кемесінің қозғалып жүруі.
Әуе навигациясы - бағдарламалық траектория бойынша әуе кемесін ұшыру туралы қолданбалы ғылым.
Әуе тасымалдаушысы - көлік құралдарын иеленуге меншік құқығы немесе өзге де заңды негіздері бар, ақысы төленетін немесе жалдау бойынша жолаушыларды, теңдеме жүкті, жүктерді және почтаны тасымалдау жөнінде қызмет көрсететін әрі осыған белгіленген тәртіппен берілген тиісті рұқсаты немесе лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға.
Біртұтас авиациялық іздестіру-құтқару қызметі (БАІҚҚ) - иелігінде әуе кемелері бар министрліктердің, ведомстволар мен авиакомпаниялардың авиациялық іздестіру және құтқару қызметтері, авиациялық-құтқару және парашюттік қызметтері.
Жолаушы - тасымалдаушымен жасалған шартқа сәйкес әуе көлігін пайдаланатын кез келген тұлға.
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі - Қазақстан Республикасының құрлықтық және сулы аумағының, оның ішінде аумақтық суларының үстіндегі әуе кеңістігі.
Қатер төнген әуе кемесі - өзіне немесе оның бортындағы адамдарға тікелей қауіп төнген не онымен радиобайланысы үзілген және тұрған жері беймәлім әуе кемесі.
Мемлекеттік авиация - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қарамағындағы, сондай-ақ Үкіметтің шешімі бойынша басқа да мемлекеттік органдарының қарамағында болатын авиация.
Навигациялық жүйелер - жұмыс істеу принциптері әр алуан бірнеше борттық құрылғылардың, сондай-ақ борттағы және жердегі жабдықтарды бірлесе пайдалануға негізделген құралдардың жиынтығы болып табылатын навигациялық құралдар.
Навигациялық құралдар - ұшақты ұшыру мақсатында қажетті ақпарат алып отыруға мүмкіндік беретін арнайы техникалық құрылғылар.
Пайдаланушы - әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өзінің қызметін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға.
Тексеру жүргізу - авиациялық оқиғаларды болдырмау мақсатында оқиға себебін анықтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарды қоса алғанда, ақпарат жинау мен талдауды, қорытындылар әзірлеуді қамтитын процесс.
Уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік саясатты, азаматтық және эксперименттік авиация қызметін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, үйлестіру мен реттеуді және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік басқару органы.
Ұшу жарамдылығының нормалары - әуе кемелерінің конструкциясына, параметрлері мен ұшу сапасына және олардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған компоненттеріне қойылатын талаптар.
Ұшу жарамдылығының сертификаты - уәкілетті орган үлгі сертификаты негізінде берген, азаматтық әуе кемесінің ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестігін куәландыратын құжат.
Үлгі сертификаты - әуе кемесінің, авиациялық двигатель үлгісінің және жаңа үлгідегі әуе винтінің ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестігін растайтын, уәкілетті орган берген құжат.
Халықаралық әуежай - ішінде кедендік, шекаралық және санитарлық-карантиндік бақылаулар ұйымдастырылып, халықаралық әуе тасымалдарын қамтамасыз ететін әуежай.
Халықаралық әуе тасымалы - тасымалдау жұмысын атқарған кезде, тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзілістің болған-болмағандығына қарамастан, жөнелтілу пункті мен бару пункті:
а) екі немесе одан да көп мемлекет аумағында орналасқан;
б) егер екінші мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бір мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы.
Халықаралық ұшу - әуе кемесі шет ел мемлекеті шекарасын кесіп өту кезіндегі әуе кемесінің ұшуы.
Чартерлік шарт - әуе кемесімен жалданушы және әуе кемесін жалдаушы арасында жасалатын әуе кемесін жалдау шарты.
Эксперименттік авиация - авиация және басқа техника саласында тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сынақтарын жүргізуге арналған авиация.»;
2) 5-баптың бірінші бөлігіндегі «мемлекет, Қазақстан Республикасы азаматтарының» деген сөздер «адам өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 16-баптың бесінші бөлігінде орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
4) 31-1-бап алып тасталсын;
5) мынадай мазмұндағы 31-3-баппен толықтырылсын:
«31-3-бап. Әуе кемелері мен олардың жабдықтарының
қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы
техникалық реттеу
Техникалық реттеу объектілері:
1) әуе кемесі және оның жабдықтары;
2) әуе кемесін және оның жабдықтарын жобалау процесі;
3) әуе кемесін жасау және оның жабдықтарын өндіру процесі;
4) әуе кемесін және оның жабдықтарын пайдалану процесі;
5) әуе кемесін және оның жабдықтарын тасымалдау және сақтау процесі;
6) әуе кемесін және оның жабдықтарын өткізу процесі;
7) әуе кемесін және оның жабдықтарын кәдеге жарату және жою процесі болып табылады.
Әуе кемелері мен олардың жабдықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық реттеу саласындағы негізгі талаптар техникалық регламенттерде белгіленеді.»;
6) 46-баптың үшінші бөлігінде «қолданылып жүрген заңдарға сәйкес» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 71-баптың үшінші бөлігінде орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді;
8) 89-баптың екінші бөлігіндегі «заңымен» деген сөз «заңдарымен» деген сөзбен ауыстырылсын;
9) 90-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы «заңында» деген сөз «заңдарында» деген сөзбен ауыстырылсын;
10) 99-бапта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.
4. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 1996 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 182-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; № 21, 787-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 22, 131-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 16, 99-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) барлау - пайдалы қазбалардың кен орындарын іздестіруге және оларды бағалауға байланысты жұмыстар (операциялар);
2) барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалануға беру - мұнай мен газды сақтау үшін жер асты құрылыстарын, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды, зиянды заттарды және сарқынды суларды көму үшін жер асты инженерлік құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
3) геологиялық бөлу - жер қойнауын пайдаланушы барлау жүргізуге құқылы жер қойнауының учаскесін схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын келісім-шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын барлауға, бірлескен барлау мен өндіруге жасалатын келісім-шартқа қосымша;
4) жағалау жиегі - су объектісі жағалауының судың барынша көтерілуі (судың толуы) нәтижесінде пайда болатын жиегі;
5) жер асты сулары - жер қойнауында жатқан және осы Заңға сәйкес пайдаланылатын пайдалы қазба;
6) жер қойнауы - топырақ қабатынан, ол жоқ болса - жер бетінен және теңіздердің, көлдердің, өзендердің және басқа да су айдындарының түбінен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге болатын тереңдікке созылған жер қыртысының бөлігі;
7) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган - жер қойнауын геологиялық зерттеу, ұтымды және кешенді пайдалану саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
8) жер қойнауын қорғау - Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында көзделген, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауының ластануын болғызбауға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға бағытталған іс-шаралар жүйесі;
9) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу - жер қойнауы жай-күйінің мониторингіне, жер қойнауы учаскелерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жекелеген бөліктерінің және тұтастай бүкіл аумағының геологиялық құрылымын зерттеуге, оларда пайдалы қазбалардың болу перспективаларын іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу арқылы анықтауға, жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негізін құрайтын мемлекеттік геологиялық карталар жасауға байланысты жұмыстар (операциялар);
10) жер қойнауын пайдаланудың қауіпсіздігі - жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізген кезде техникалық, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
11) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар - жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге, барлауға және өндіруге, оның ішінде жер асты суларын, шипалы балшықты барлауға және өндіруге, жер қойнауын сарқынды суларды ағызу үшін барлауға байланысты жұмыстар, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес, жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
12) жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компания (бұдан әрі - ұлттық компания) - Үкімет шешімі бойынша құрылған, мемлекет немесе ұлттық холдинг жалғыз акционері болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда жер қойнауын пайдаланудың белгілі бір салаларында қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
13) жер қойнауын пайдалану құқығы - осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға берілген келісім-шарттық аумақ шегіндегі жер қойнауына иелік ету және оны пайдалану құқығы;
14) жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргізуге құқықтарды шоғырландыру - бір елден шыққан бір тұлғаның немесе тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының аумағында жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргізуге арналған келісім-шарттарда осындай үлесті иеленуі немесе Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін немесе қауіп төндіретін Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланушылар болып табылатын ұйымдардың жарғылық капиталында осындай меншік үлесін иеленуі;
15) жер қойнауын пайдаланушы - осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығын иеленуші жеке немесе заңды тұлға;
16) жер қойнауы учаскесі - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін тұйықталған шекараларда бөліп көрсетілетін жер қойнауының геометрияланған бөлігі;
17) жоғары технологиялар - Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген өнімді әлемдік нарыққа ықпалдастыру мақсатында қолданылатын жаңа және жетілдірілген өнім мен барынша экологиялық таза технология ретінде сатуға шығарылған техника мен технологиялық процестердегі жалпы жұрт мойындаған жаңа жетістіктер;
18) жұмыс бағдарламасы - жер қойнауын пайдаланушының осы Заңның 41-5-бабының 5-тармағына сәйкес конкурстық ұсыныстардың шарттарын іске асыру жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, келісім-шарт күшінің толық мерзіміне арнаған жоспарларының жиынтығы;
19) жұмыстар - тауарларды шығару (өндіру), жабдықтарды монтаждау, құрылыстарды және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тікелей пайдалану үшін де, келісім-шартта көзделген қызмет үшін де ілеспе ретіндегі өзге де қажетті объектілерді салу жөніндегі қызметті ақылы негізде жүзеге асыру;
20) жұмыстың жылдық бағдарламасы - жер қойнауын пайдаланушының күнтізбелік жылға арналған барлау, өндіру жөніндегі тау-кен жұмысының көлемі мен даму бағытын қамтитын іс-әрекеттерінің жоспары және қаржылық шығындары;
21) келісім-шарт - құзыретті орган мен жеке немесе заңды тұлғаның (тұлғалардың) арасында барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіру жүргізуге не барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісім-шарт жасасқан кезде Қазақстан Республикасының қолданыста болған заң актілеріне сәйкес жасалған шарт;
22) келісім-шарттық аумақ - жер қойнауын пайдаланушы келісім-шартқа сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге құқылы, геологиялық не тау-кендік бөлумен айқындалатын аумақ;
23) келісім-шарттың шеңберінде құқықтарды шоғырландыру Қазақстан Республикасымен жасалған келісім-шарттағы консорциумға қатысушылардың бірінің осы қатысушыға келісім-шартқа сәйкес жер қойнауын пайдаланушының қызметі бойынша дербес шешім қабылдауға мүмкіндік беретін үлесінің шамасы;
24) кен орны - пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) табиғи шоғырланған жер қойнауының бөлігі;
25) кен орындарын игерудің оң іс-тәжірибесі - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын ұтымды, қауіпсіз, қажетті және экономикалық тиімді деп саналатын жалпы қабылданған халықаралық іс-тәжірибе;
26) кең таралған пайдалы қазбалар - табиғи күйінде немесе сәл өңделіп, тазартылғаннан кейін негізінен жергілікті шаруашылық мұқтаждарын қамтамасыз етуге жұмсалатын пайдалы қазбалар (құм, саз, қиыршық тас және басқалар);
27) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру - кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждары үшін өндіруге қатысы жоқ кең таралған пайдалы қазбаларды кез келген өндіру;
28) кең таралған пайдалы қазбалар мен жер асты суларын өз мұқтаждары үшін өндіру - өндірілген кең тараған пайдалы қазбаларға не жер асты суларына қатысты кейіннен мәмілелер жасау ниетінсіз, жеке меншіктегі, не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығындағы жер учаскесінде жүзеге асырылатын өндіру;
29) коммерциялық табу - келісім-шарттық аумақта өндіру үшін экономикалық жарамды бір немесе бірнеше кен орындарын табу;
30) қазақстандық мазмұн - жылдары бойынша:
қазақстандық кадрларды міндетті оқыту бағдарламаларын және олардың біліктілігін арттыруды іске асыру шаралары бойынша жыл сайын саны азаюға тиіс шетелдік қызметкерге шаққандағы арақатынасында әрбір санат бойынша жеке проценттік мазмұнын көрсете отырып, қызметкер санаты бойынша бөліп, қазақстандық кадрлар келісім-шартты орындаған кезде қолданылған;
тікелей де, қосалқы мердігерлік шарттарды жасасу арқылы да иемденіп алынған Қазақстанда шығарылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көлемін қайта бөлу мүмкіндігі бар проценттік мазмұн;
31) қазақстандық өндіруші - Қазақстанда шығатын тауарларды өндіретін, жұмыстарды орындайтын және қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары;
32) қазақстандық шығарылым (Қазақстанда шығарылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) - тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің Қазақстан Республикасының аумағындағы тікелей өндірісі (орындалуы);
33) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы және оның аумақтық органдары;
34) құзыретті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және келісім-шарттар жасау мен оларды орындауға байланысты құқықтарды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының атынан әрекет жасайтын мемлекеттік орган;
35) қызметтер көрсету - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тікелей пайдалану үшін де, тауарларды немесе басқа да материалдық заттарды шығаруға (өндіруге) бағытталмаған, келісім-шартта ілеспе ретінде көзделген қызметтер үшін де қажет қызметтерді ақылы негізде жүзеге асыру;
36) мердігер - құзыретті органмен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге келісім-шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
37) минералдық шикізат - жер қойнауының (тау жынысы, кен шикізаты және басқалар) жер үстіне шығарылған, құрамында пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) бар бөлігі;
38) минералдық шикізатты бастапқы өңдеу (байыту) - тау-кен өнеркәсібі қызметінің өндірілген жерінде жинауды, ұсатуды немесе үгітуді, жіктеуді (сорттауды), брикеттеуді, агломерациялауды және физикалық-химиялық әдістермен байытуды (пайдалы қазбалардың минералдық нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйін, кристалдық-химиялық құрылымын айтарлықтай өзгертпестен) қамтитын, сондай-ақ пайдалы қазбаны өндіру жөніндегі жұмыстардың (жер асты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық еріту, ұсақ тау-кен жынысты кен орнын ұсақтап және гидравликалық жолмен игеру) арнайы түрлері болып табылатын өңдеу технологияларын қамтуы мүмкін түрі;
39) минералдық шикізатты өңдеу - минералдық шикізаттан пайдалы қазбаны (пайдалы қазбаларды) бөліп алуға байланысты жұмыстар;
40) модельдік келісім-шарт - келісім-шарттардың жекелеген түрлерінің ерекшеліктері, жер қойнауын пайдалану жөніндегі жекелеген операцияларды жүргізу көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін және келісім-шарттар жасау кезінде үлгі ретінде пайдаланылатын типтік келісім-шарт;
41) өндіру - минералдық шикізатты уақытша сақтауды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер бетіне шығаруға, сондай-ақ техногенді минералдық түзілімдерден алуға байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені;
42) пайдалы қазба - жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ күйінде кездесетін (соның ішінде шипалы балшық) материалдық өндірісте қолдануға жарамды табиғи минералдық түзілім;
43) пайдалы қазбаларды ұтымды және кешенді пайдалану - кен орнын игерудің озық технологияларын пайдалану мен оң іс-тәжірибесі негізінде жер қойнауы ресурстарының барлық түрлерін экономикалық тұрғыдан тиімді игеру;
44) сақтық аймағы - Қазақстан Республикасының аумағында теңіз жағалауы жиегінен құрлыққа қарай бес километрге созылып жатқан аймақ;
45) сервитут - жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда көзделген жағдайларда барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес барлау, өндіру, бірлескен барлау жүргізу және өндіру, не жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану үшін басқа тұлғаларға берілген жер қойнауы учаскесінің бір бөлігін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығы;
46) тарату қоры - Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою үшін жер қойнауын пайдаланушы құратын қор;
47) тарихи шығындар - мемлекет келісім-шарттық аумақты геологиялық зерттеуге, кен орындарын іздестіруге, барлауға жұмсаған бұрынғы жиынтық шығындар;
48) тауарлар - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тікелей пайдалану үшін де, келісім-шартта ілеспе ретінде көзделген қызметтер үшін де сатып алынатын жабдық, дайын өнім және өзге де материалдық-техникалық құндылықтар;
49) тауарларды, жұмыстарды және қызметтер көрсетуді сатып алудың жылдық бағдарламасы - тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің, оның ішінде Қазақстанда шығарылғандарының, жер қойнауын пайдаланушы жоспарлайтын номенклатурасы мен көлемі және оларды иемденіп алудың тәсілдері мен мерзімдері;
50) тау-кендік бөлу - жер қойнауын пайдаланушының өндіруді, барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргізуге құқығы бар жер қойнауы учаскесін графикалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге, барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жасалатын келісім-шарттардың ажырамас бөлігі не сервитут ресімделген жағдайда дербес құжат болып табылатын құжат;
51) теңізді ластау - адамдардың денсаулығына, теңіздің жанды ресурстарына және теңіздің экожүйесіне зиян келтіретін не зиян келтіруге қабілетті, теңізде не оның жағалауында заңды жұмысты жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға кедергілер жасайтын немесе залал келтіретін не залал келтіруге қабілетті материалдардың, заттардың, энергияның, шудың, тербелістің теңіз аясына келіп түсуі, сондай-ақ сәулелер мен өрістердің алуан үлгілерінің пайда болуы;
52) техногендік минералдық түзілімдер - жер қойнауын пайдаланушылардың тау-кен өндіру және байыту, металлургиялық және басқа да түрлі өндірістерінің қалдықтары болып табылатын, пайдалы компоненттері бар минералдық түзілімдердің, кен жыныстарының, сұйықтар мен қоспалардың шоғыры;
53) техногендік су - жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қалауы бойынша билік етуге құқылы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде технологиялық процестерді өткізу үшін мүлде жойылуы қажет су;
54) іздестіру-бағалау жұмыстары - табылған объектінің жалпы ресурстарын анықтау, олардың өнеркәсіптік маңызын бағалау және игеруге тартудың орындылығын техникалық-экономикалық негіздеу мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының сатысы;
55) іздестіру жұмыстары - пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелері мен кендік нышандарын табу және сұлбасын жасау, болжамдық ресурстарын бағалау, оларға алдын ала геологиялық-экономикалық баға беріп, геологиялық-барлау жұмыстарын одан әрі негіздеу мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының сатысы;
56) экологиялық қауіпсіздік - қоршаған ортаға антропогендік және өзге де әсер ету нәтижесінде туындайтын қатерлерден жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделері мен құқықтары қорғалуының жай-күйі.»;
2) 3-бап мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін жер қойнауын пайдалану саласында өнімнің, оның өмірлік циклі процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.»;
3) 7-бап мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:
«16) жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.»;
4) 8-баптың 1-тармағында:
11) тармақша «жер қойнауын» деген сөздердің алдынан «техникалық регламенттерді қоспағанда,»деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 12), 13) тармақшалармен толықтырылсын:
«12) жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;