Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi бойынша номиналдық кiрiстілігiн және кiрiстіліктiң ең төменгi мәнiн есептеу тәртібi уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
Өзiнiң басқаруындағы әрбiр жинақтаушы зейнетақы қорының активтерiне қатысты зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қоры кiрiстілiктiң ең төменгi мәнiнен төмен емес кiрiстілiк алуды қамтамасыз етедi.
Егер жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi бойынша күнтiзбелiк жылдың соңына есептелетiн номиналдық кiрiстілiгiнiң көрсеткiшi кiрiстіліктiң ең төменгi мәнiнен кем шаманы құраса, бұл жағдайда жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға номиналдық кiрiстіліктiң көрсеткіші мен кiрiстіліктiң ең төменгі мәні арасындағы айырманы өтеу туралы талап қояды.
5. Жинақталған зейнетақы қаражатын аударуды және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды кешіктіруге кінәлі заңды тұлғалар құқықтары бұзылған адамның пайдасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ставкасының 1,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен осы Заң 7-1-тараумен толықтырылды
7-1-тарау. Сақтандыру ұйымдарынан зейнетақымен
қамсыздандыру
2005.16.06 № 58-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 31-1-бап өзгертілді
31-1-бап. Сақтандыру ұйымдарынан төленетін сақтандыру төлемдері
1. Осы Заңның 9-бабының 1-3-тармақтарында және 23-бабының 1-тармағы 3) тармақшасында аталған адамдар сақтандыру ұйымымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалана отырып, сақтандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға құқылы. Бұл орайда сақтандыру ұйымынан төленетін ай сайынғы сақтандыру төлемдері зейнетақы аннуитетi шарты жасасылған күнге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем болмауы керек.
2. Осы Заңның 23-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдардың сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда жинақталған зейнетақы қаражатын алуға құқығы бар.
Осы тармақта аталған адамдарға сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру төлемдерін өмір бойы төлейді. Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты ай сайынғы сақтандыру төлемдерінің мөлшері зейнетақы аннуитеті шарты жасасылған күнге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем болмаған жағдайда жасалады.
3. Осы Заңның 23-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында аталған адамдардың міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан өзінің жинақталған зейнетақы қаражатының елу процентінен аспайтынын пайдалана отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда ғана осы Заңның 9-бабының 1-тармағында көрсетілген жасқа жеткенге дейінгі мерзімге жинақталған зейнетақы қаражатын алуға құқығы бар.
4. Осы Заңның 23-2-бабының 1-тармағында аталған адамдардың ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалана отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда ғана осы Заңның 9-бабының 1-тармағында көрсетілген жасқа жеткенге дейінгі мерзімге жинақталған зейнетақы қаражатын алуға құқығы бар.
2005.16.06 № 58-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 31-2-бап өзгертілді
31-2-бап. Зейнетақы аннуитеті шартын жасасу
1. Зейнетақы аннуитетінің үлгі шартын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2. Зейнетақы аннуитеті шарты сақтанушы (зейнетақы төлемдерін алушы) мен сақтандыру ұйымы арасында осы Заң талаптарымен белгіленген мерзімге жасалады.
3. Зейнетақы аннуитеті шартын жасасушы адам сақтандыру ұйымын таңдауға ерікті.
4. Зейнетақы аннуитеті шарты алушының жазбаша өтініші негізінде жасалады.
5. Зейнетақы аннуитеті шарты жинақтаушы зейнетақы қоры жинақталған зейнетақы қаражатының сомаларын сақтандыру ұйымына аударған кезден бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады.
6. Зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан адамның оны жасасқан күннен бастап екі жыл ішінде бұзуға құқығы жоқ.
Басқа сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда зейнетақы аннуитеті шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға болады. Зейнетақы аннуитеті шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда онда көзделген сатып алу сомасы, жүзеге асырылған сақтандыру төлемдері мен сақтандыру ұйымының іс жүргізуге жұмсаған шығыстары шегеріліп төленген сақтандыру сыйлықақы сомасынан кем болмауға тиіс.
31-3-бап. Зейнетақы аннуитеті шарты тараптарының құқықтары мен міндеттері
1. Сақтанушының:
1) сақтандыру ұйымы жүргізген сақтандыру төлемдері мөлшерінің есеп-қисабымен танысуға;
2) сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдері мөлшерінің есеп-қисабын жүргізу үшін тәуелсіз сарапшылар тартуға;
3) сақтандыру полисі жоғалған жағдайда оның дубликатын алуға құқығы бар.
2. Сақтанушы:
1) зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде, осы шарттың түпнұсқасын табыс ете отырып, жинақтаушы зейнетақы қорын хабардар етуге;
2) басқа сақтандыру ұйымымен жаңа зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан кезде оны жасасқан күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде, бұрынғы сақтандыру ұйымына жаңа шарттың түпнұсқасын табыс ете отырып, бұрын жасасқан зейнетақы аннуитеті шарты бойынша міндеттемелерді орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға міндетті.
3. Сақтандыру ұйымының зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес жинақталған зейнетақы қаражатының сомасын бір рет және толық көлемде алуға құқығы бар.
4. Сақтандыру ұйымы:
1) сақтанушыны сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдері мөлшерінің есеп-қисабымен таныстыруға;
2) зейнетақы аннуитеті шартын үш дана етіп ресімдеуге міндетті, оның екеуі сақтанушыға беріледі;
3) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген зейнетақы аннуитеті шартының түпнұсқасын алған кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде зейнетақы аннуитеті шартында аталған сақтандыру ұйымына сатып алу сомасын аударуға;
4) сақтандыру ұйымынан зейнетақы аннуитеті шартында көзделген сақтандыру төлемдері уақытылы жүзеге асырылмаған жағдайда сақтанушыға кешіктірілген әр күн үшін төленбей қалған соманың 1,5 проценті мөлшерінде өсімпұл төлеуге;
5) сақтанушы қайтыс болған жағдайда отбасына, не қайтыс болған адамды жерлеуді жүзеге асырған адамға жерлеуге арналған жәрдемақы түрінде осы Заңда белгіленген мөлшерден кем болмайтын сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті.
2005.16.06 № 58-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 31-4-бап өзгертілді
31-4-бап. Жинақталған зейнетақы қаражатын сақтандыру ұйымына аударудың тәртібі
1. Жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленген құжаттар пакетiн алған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн ішінде алушының жинақталған зейнетақы қаражатын сақтандыру ұйымына аударуға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған міндеттемелердің орындалуын кешіктірген жағдайда жинақтаушы зейнетақы қоры алушы алдында осы Заңның 31-бабының 3-тармағына сәйкес жауапты болады.
31-5-бап. Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша есеп-қисапты жүзеге асыру
1. Жинақталған зейнетақы қаражаты (сақтандыру сыйлықақысы) мен сақтандыру төлемдерінің есеп-қисабын уәкілетті орган белгілеген әдістемеге сәйкес сақтандыру ұйымы не тәуелсіз сарапшы жүзеге асырады.
2. Сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша іс жүргізуге арналған шығыстарының рұқсат етілетін деңгейін уәкілетті орган белгілейді.
8-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорларын
ұйымдастыру
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 32-бап өзгертілді
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 32-бап алып тасталды (бұр. ред. қара)
32-бап. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
33-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының түрлерi
1. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) ашық;
2) корпоративтiк болуы мүмкiн.
2. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорлары алушының жұмыс iстейтiн және тұратын жерiне қарамастан салымшылардан зейнетақы жарналарын қабылдауды жүзеге асырады.
3. Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорлары сол жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары және акционерлерi болып табылатын бiр немесе бiрнеше ашық тұлғалардың алушы-қызметкерлерi үшiн құрылады.
4. Салымшының (алушының) заңды тұлғамен - акционермен еңбек шартын бұзуы, корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты бұзу, осы Заңның 23-бабы 1-тармағының 1) 3) тармақшаларында көзделген талаптар туындаған кездегі еңбек шарты бұзылған жағдайлардан басқа реттерде, үшiн негiз болады.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 16.05.03 ж. № 416-II Заңдарымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының ұйымдық-құқықтық нысаны
Жинақтаушы зейнетақы қоры жабық акционерлік қоғам нысанында құрылады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 35-бап өзгертілді;
2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
35-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының филиалдарын,
өкілдіктерін құру, жабу
1. Жинақтаушы зейнетақы қоры қордың басқару органының шешімі негізінде уәкілетті органның келісімінсіз Қазақстан Республикасының аумағында өзінің оқшауланған бөлімшелерін - филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің филиалының және өкілдігінің әділет органдарында есептік тіркелген күнінен бастап он төрт жұмыс күні ішінде:
1) жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының және өкілдігінің есептік тіркелуі туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін;
2) тіркеген әділет органының белгісі және мөрі қойылған филиал немесе өкілдік туралы ереженің нотариат куәландырған көшірмесін;
3) филиалдың немесе өкілдіктің бірінші басшысына берілген сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесін қоса тіркей отырып, олардың ашылғаны жөнінде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге міндетті.
3. Жинақтаушы зейнетақы қорының филиалы - жинақтаушы зейнетақы қорының заңды тұлға болып табылмайтын, жинақтаушы зейнетақы қоры орналасқан жерден тыс орналасқан, жинақтаушы зейнетақы қорының атынан қызметін жүзеге асыратын және жинақтаушы зейнетақы қоры берген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін оқшауланған бөлімшесі. Жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының жинақтаушы зейнетақы қорымен бірыңғай балансы, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдігі - жинақтаушы зейнетақы қорының заңды тұлға болып табылмайтын, жинақтаушы зейнетақы қоры орналасқан жерден тыс орналасқан, жинақтаушы зейнетақы қорының атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін және зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырмайтын оқшауланған бөлімшесі.
5. Қазақстан Республикасының резиденті емес жинақтаушы зейнетақы қорларының филиалдары мен өкілдіктерін Қазақстан Республикасында ашуға тыйым салынады.
6. Жинақтаушы зейнетақы қорының филиалдарын ашудың міндетті шарттары:
1) соңғы аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының залал шекпеген қызметі;
2) жинақтаушы зейнетақы қорының филиалды ашу туралы шешім қабылдау алдындағы үш ай ішінде пруденциялық нормативтерді сақтауы;
3) филиалды әділет органдарында есептік тіркеген күннің алдындағы үш ай ішінде жинақтаушы зейнетақы қорына уәкілетті органның ықпал ету шараларын қолданбауы болып табылады.
7. Жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша залал шекпеген қызметі жағдайында жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының аумағында өкілдіктер ашуға құқылы.
8. Филиал, өкілдік туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде жинақтаушы зейнетақы қоры көрсетілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар есептік тіркелген күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етуге тиіс.
9. Жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің филиалын немесе өкілдігін әділет органдарында есептік тіркеуден шығарған күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының немесе өкілдігінің есептік тіркеуден шығарылғанын растайтын әділет органы құжатының нотариат куәландырған көшірмесін қоса тіркей отырып, олардың қызметінің тоқтатылғаны туралы уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге тиіс.
10. Жинақтаушы зейнетақы қоры осы баптың 2, 6-8-тармақтарының талаптарын орындамаған жағдайда, уәкілетті орган филиалды және өкілдікті жабуды талап етуге құқылы.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлерi
1.Қазақстан Республикасының резиденттері - заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі ашық жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлері бола алады.
1-1. Рейтинг агенттіктерінің бірінің белгілі бір рейтінгі бар Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғасы ашық жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алады. Рейтинг агенттіктерінің тізбесі мен ең төмен рейтингті уәкілетті орган белгілейді.
Оффшорлық аймақта тіркелген коммерциялық ұйым мәртебесі бар заңды тұлғалар мен жарғылық капиталына оффшорлық аймақта тіркелген заңды тұлғалар тікелей немесе аффилиирленген тұлғалар арқылы қатысатын заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтайшылары немесе акционерлері бола алмайды. Оффшорлық аймақтардың тізбесін уәкілетті орган белгілейді.
1-2. Шет ел қатысатын ашық жинақтаушы зейнетақы қорларының жиынтық жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының барлық ашық жинақтаушы зейнетақы қорларының жарияланған жиынтық жарғылық капиталының жиырма бес процентінен аспауы керек.
1-3. Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлға қатысатын ашық жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелерінің кемінде үштен бірі Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесі мен басқармасының Қазақстан Республикасының резиденттері емес мүшелері қаржы рыногында қызметін жүзеге асырушы ұйымдарда үш жылдан кем емес басшылық жұмыста болған тәжірибесін куәландыратын құжаттарды табыс етуге міндетті.
1-4. Дауыс беретін акцияларының жиырма бес процентінен астамы жиынтық түрінде:
1) Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаның;
2) акцияларының (қатысушылары салымдарының) елу проценттен астамы Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұлғалардың меншігінде және (немесе) басқаруында болған Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлғаның;
3) Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұлғалардың бағалы қағаздарын нақты ұстаушы болып табылатын Қазақстан Республикасы резиденттерінің меншігінде немесе басқаруында болған ашық жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлға қатысатын ашық жинақтаушы зейнетақы қоры болып табылады.
2. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорын құру кезеңiнде бiрде-бiр тұлға тiкелей немесе жанама түрде мұндай жинақтаушы зейнетақы қорының дауыс құқығы бар акцияларының жалпы санының 25 процентiнен астамын иеленуге, билiк етуге және/немесе басқаруға құқылы емес.
Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қызметi кезеңiнде, уәкiлеттi орган рұқсат еткен реттердi қоспағанда, бiрде-бiр тұлға тiкелей немесе жанама түрде мұндай жинақтаушы зейнетақы қорының дауысы құқығы бар акцияларының жалпы санының 25 процентiнен астамын иеленуге, билiк етуге және/немесе басқаруға құқылы емес.
Аталған шектеулер корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорына қолданылмайды.
3. Мемлекеттік кәсіпорын жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
4. Жинақталған зейнетақы қаражатының нақты құны кемiген жағдайда корпоративтiк зейнетақы қорларының акционерлерi бiрдей жауапты болып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiп бойынша инвестициялық кiрiс ысырабының орнын толтырады.
5. Жинақтаушы зейнетақы қоры басқа жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 36-1-баппен толықтырылды
36-1-бап. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы
1. Бірде-бір тұлға уәкілетті органның жазбаша келісімінсіз дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп, ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы бола алмайды.
Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлғалар негізгі рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болғанда ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін алуға уәкілетті органның келісімін ала алады. Ең төменгі рейтинг және рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Ірі қатысушы мәртебесін алуға келісім беру, келісімді кері қайтарып алу ережелерін, аталған келісімді алу үшін табыс етілетін құжаттарға қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
3. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы болғысы келетін тұлға келісім алу үшін уәкілетті органға осы баптың 4-7-тармақтарында айқындалған құжаттар мен мәліметтерді қоса тіркей отырып, ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін алу туралы өтінішті табыс етуге міндетті.
4. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін алуға келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резиденті - жеке тұлға мынадай құжаттарды:
1) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларын сатып алу шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді, соның ішінде растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса тіркей отырып, акцияларды сатып алуға пайдаланылатын көздер мен қаражаттардың сипаттамасын;
2) өтініш берушінің мүддесін білдіру тапсырылған өтініш берушінің өкіліне (ол болған жағдайда) берілген сенімхатты;
3) өзі ірі қатысушы болып табылатын заңды тұлғалардың тізімін және олардың құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін;
4) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысан бойынша өтініш беруші туралы қысқаша деректерді, соның ішінде білімі туралы, еңбек қызметі туралы, сондай-ақ сотталғандығы бар-жоғы туралы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, қаржы, салық салу саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны туралы мәліметтерді табыс етеді.
5. Ірі қатысушы мәртебесін алуға келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резиденті - заңды тұлға мынадай құжаттарды:
1) өтініш берушінің жоғары органының ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларын сатып алу туралы шешімінің көшірмесін;
2) осы баптың 4-тармағының 1)-3) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
3) құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмесін, өтініш берушінің ірі қатысушылары туралы, сондай-ақ өтініш берушінің ірі қатысушыларының ірі қатысушылары туралы қысқаша деректерді;
4) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысан бойынша өтініш берушінің басшы қызметкерлері жөніндегі қысқаша деректерді, соның ішінде білімі, еңбек қызметі туралы, сондай-ақ сотталғандығы бар-жоғы туралы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, қаржы, салық салу саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны туралы мәліметтерді;
5) аяқталған соңғы екі қаржы жылының аудиторлық ұйым куәландырған жылдық қаржы есептілігін, сондай-ақ тиісті өтінішті табыс етер алдындағы аяқталған соңғы тоқсанның қаржы есептілігін;
6) ірі қатысушы мәртебесін алудың қаржылық салдарларын талдауды, оған қоса өтініш берушінің және ашық жинақтаушы зейнетақы қорының мәртебе алғаннан кейінгі болжамды есеп айырысу балансын, егер бар болса, өтініш берушінің ашық жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін сату, ашық жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру немесе ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне немесе оны басқаруға іс-шаралар жоспарын және ұйымдық құрылымды қоса алғанда, айтарлықтай өзгерістер енгізу жөніндегі жоспарлары мен ұсыныстарын табыс етеді.
6. Ірі қатысушы мәртебесін алуға келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлға мынадай құжаттарды:
1) осы баптың 4-тармағының 1)-3) тармақшаларында және 5-тармағының 1), 3)-6) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
2) тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірі берген заңды тұлғаның кредиттік рейтингі туралы мәліметтерді табыс етеді.
7. Ірі қатысушы мәртебесін алуға келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резиденті емес - қаржылық ұйым мынадай құжаттарды:
1) осы баптың 6-тармағында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
2) өтініш беруші шыққан елдің қаржылық қадағалау органының өтініш беруші қаржы қызметін осы ел заңнамасының шеңберінде жүзеге асыруға уәкілетті екендігі туралы жазбаша растауын не өтініш беруші шыққан елдің қаржылық қадағалау органының осы елдің заңнамасы бойынша мұндай рұқсат қажет еместігі туралы мәлімдемесін табыс етеді.
8. Жиынтығында ашық жинақтаушы зейнетақы қоры акцияларының он немесе одан астам процентін иеленетін немесе олармен тікелей немесе жанама дауыс беруге мүмкіндігі бар және:
1) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының шешімдеріне өздерінің арасында жасалған шартқа орай не өзгеше түрде бірлесіп ықпал ететін;
2) жеке алғанда немесе өзара бір-бірінің ірі қатысушылары болып табылатын;
3) олардың бірі лауазымды тұлға немесе басқа тұлғаның өкілі болып табылатын;
4) олардың бірі өздерінің арасында жасалған шартқа сәйкес екінші тұлғаға ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларын сатып алу мүмкіндігін берген;
5) жақын туыстар немесе ерлі-зайыптылар болып келетін тұлғалар бірлесіп ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалар деп танылады.
Ашық жинақтаушы зейнетақы қоры банк заңнамасының талаптарына сәйкес банк конгломератына кірген жағдайда, ашық жинақтаушы зейнетақы қоры банк заңнамасына сәйкес шоғырландырылған қадағалауға жатады.
9. Уәкілетті орган осы баптың талаптарына сәйкес ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін алу үшін берілген өтініш бойынша шешімді құжаттардың толық топтамасы табыс етілген күннен бастап үш ай ішінде қабылдауға тиіс.
10. Уәкілетті орган келісім беруге негіз болған дұрыс емес мәліметтер анықталған немесе ірі қатысушылар осы Заңның талаптарын сақтамаған жағдайда осы бапқа сәйкес берілген келісімді кері қайтарып алуға құқылы. Бұл жағдайда мұндай шара қолданылатын тұлға ашық жинақтаушы зейнетақы қоры акцияларының өзіне тиесілі санын осы бапта белгіленгеннен төмен деңгейге дейін қысқартуға немесе өзінің тікелей немесе жанама дауыс беру құқығын қолдануды қоса алғанда, ашық жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығына немесе оның қызметіне ықпал етуді (немесе ықпал етуге тырысуды) тоқтату міндеттемесін қабылдауға міндетті.
11. Тұлға өзіне қатысты емес себептер бойынша ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы белгісіне сәйкес келген не ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акциялары кепіл болып табылатын борыштық міндеттемелер бойынша кепілге салынған мүліктің оған көшуі нәтижесінде ашық жинақтаушы зейнетақы қорының осы бапта белгіленген шектерге тең немесе одан асатын мөлшердегі акцияларын меншігіне алған жағдайларға осы баптың міндетті түрде уәкілетті органның келісімін алу қажеттігі туралы талаптары қолданылмайды.
Аталған жағдайларда ірі қатысушы белгісіне сәйкес келетін тұлға акцияларды сатып алған немесе оған өзінің ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы белгісіне сәйкес келетіні белгілі болған кезден бастап отыз күн ішінде уәкілетті органға хабарлауға және осы баптың ережелеріне сәйкес уәкілетті органның жазбаша келісімін алғанға дейін ашық жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығына немесе оның қызметіне ықпал етуге бағытталған ешқандай әрекет жасамауға немесе осындай жолмен сатып алынған акциялармен дауыс бермеуге міндетті.