Кеден одағын қалыптастыру кезіндегі тарифтiк емес реттеудiң шаралары туралы
келісім
(Алматы қ., 1997 жылғы 22 қазанда)
2014 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қызметін тоқтату туралы шартпен 2015 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
ҚР 1999.24.06 № 402-I Заңымен бекітілді
1999 жылы 15 шілдеде күшіне енді
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттер болып табылатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясы,
сыртқы экономикалық қызметтi реттеудiң бiрыңғай тәртібі туралы келісімдi iске асыра отырып,
тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шараларын әзiрлеу, қабылдау және қолдану Кеден одағын қалыптастырудың шарттарының бiрi ретiнде қажеттiгiн ескере отырып,
Тараптардың кеден аумағына тауарлар импортының және осы кеден аумақтарынан тауарлар экспортының бiрыңғай тәртібін орнатуға ұмтыла отырып,
Тараптардың ұлттық мүдделерiн қорғау қажеттiгiн негiзге ала отырып,
бiрте-бiрте бiрыңғай кеден аумағына көшу мiндетiн қоя отырып, халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптерi мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
мына төмендегiлер жөнiнде келiстi:
1-бап
Жалпы ережелер
Осы Келісімде мына негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
сыртқы сауда саясаты - тауарлармен, жұмыстармен, қызмет көрсетулермен, ақпаратпен, интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiмен, оның iшiнде оларға арналған ерекше құқықтармен (интеллектуалдық меншiкке) алмасу саласындағы кәсiпкерлiк қызмет;
тауар - кез-келген жылжымалы мүлiк (энергияның барлық түрлерiн қоса алғанда) және жылжымайтын мүлiкке жатқызылған әуе, теңiз кемелерi, iшкi жүзу кемелерi мен сыртқы сауда қызметiнiң заты болып табылатын ғарыш обьектiлерi, Халықаралық тасымал туралы шарт бойынша пайдаланылатын көлiк құралдары тауар болып табылмайды;
экспорт - қайта әкелу мiндеттемесiнсiз Тараптардың кеден аумақтарынан тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулердi, ақпаратты, интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiн, оның iшiнде оларға арналған ерекше құқықтарды әкету;
импорт - қайта әкету мiндеттемесiнсiз Тараптардың кеден аумағынан тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулердi, ақпаратты, интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiн, оның iшiнде оларға арналған ерекше құқықтарды әкелу;
жекелеген тауарлардың экспортына және/немесе импортына мемлекеттік монополия - лицензиялау негiзiнде жүзеге асырылатын тауарлардың экспортын және/немесе импортын реттеу жөніндегі қызмет. Осы қызметтi жүзеге асыру үшiн лицензияны Тараптардың уәкiлеттi органдары тек қана мемлекеттік кәсiпорындарға бередi, олар Тараптар мемлекеттерiнде қолданылып жүрген заң және нормативтiк актiлерге және жалпыға танылған халықаралық-құқықтық нормаларға сәйкес құқығын шектемеу және адал коммерциялық тәжiрибе принциптерiнiң негiзiнде тауарлардың экспорты және/немесе импорты бойынша мәмiлелер жасауға мiндеттi;
экспорттық бақылау - қару-жарақ, әскери техника мен екi ұдай мақсаттағы тауарлар қатысында сыртқы сауда қызметiн жүзеге асыру кезiнде Тараптардың ұлттық мүдделерiн қорғау, сондай-ақ Тараптардың жаппай қырып жоятын қару мен қарудың өзге де аса қауiптi түрлерiн және оларды жасау технологияларын таратпау жөніндегі халықаралық мiндеттемелерiн сақтау мақсатында қолданылатын шаралар кешенi;
экспорт және/немесе импортты сандық шектеулер - әдеттегiдей конкурс немесе аукцион өткізудiң нәтижелерi бойынша экспорттаушыларға және/немесе импорттаушыларға квота бөлу мен лицензия беру жолымен енгiзiлуi мүмкiн немесе экспорт және/немесе импорт жөніндегі операцияларды квотаны жиынтық орындауға дейiн нақты жүргiзу тәртібімен сыртқы саясат қызметiн сандық шектеу жөніндегі шаралардың жиынтығы;
экспорт және/немесе импортқа тыйым салу немесе шектеу - Тараптардың
ұлттық мүдделерiн негiзге алып тауарлардың экспорты және/немесе
импортына тыйым салу немесе шектеу енгізу жөніндегі шаралардың жиынтығы;
халықаралық экономикалық санкцияларды орындауға қатысу - Тараптардың бiр мемлекет немесе бiрқатар мемлекеттер қатысында халықаралық экономикалық санкциялар енгізу жөніндегі шаралардың жиынтығы;
техникалық, фармакологиялық, санитариялық, малдәрiгерлiк, фитосанитариялық және экологиялық стандарттар мен талаптар, әкелiнетiн тауарлардың сапасын бақылау - Тараптардың кеден аумағына әкелiнетiн тауарлардың Тараптар белгiлеген техникалық, фармакологиялық, санитариялық, малдәрiгерлiк, фитосанитариялық және экологиялық стандарттар мен сапа талаптарына сәйкестiгiн бақылау шараларының жиынтығы;
тауарлардың бiрыңғай тiзбесi - тарифтiк емес реттеу шараларының бiрiне жататын, Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттер немесе Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттер өкiлеттiк берген орган келiскен және бекiткен және Кеден одағы мемлекеттерiнiң бiрыңғай кеден аумағында қолданылатын тауарлардың номенклатурасы.
2-бап
Осы Келісімнiң мақсаттары үшiн тарифтiк емес реттеу шараларына:
а) жекелеген тауарлардың экспорты және/немесе импортына мемлекеттік монополия;
б) экспорттық бақылау;
в) экспортты және/немесе импортты сандық шектеу;
г) экспортқа және/немесе импортқа тыйым салу немесе шектеу;
д) халықаралық экономикалық санкцияларды орындауға қатысу;
е) техникалық, фармакологиялық, санитариялық, малдәрiгерлiк, фитосанитариялық және экологиялық стандарттар мен талаптар, әкелiнетiн тауарлардың сапасын бақылау жатады.
3-бап
Осы Келісімнiң мақсаттары үшiн тарифтiк емес реттеу шараларын қолдану саласы Тараптар қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тауарлардың экспортымен және импортымен байланысты сыртқы сауда қызметi болып табылады.
4-бап
Тараптар экспортына және/немесе импортына мемлекеттік монополия белгіленетiн тауарлардың тiзбесiн қалыптастыру, өзгерту және толықтыру жөніндегі ұсыныстарды Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының Интеграциялық Комитетiне (бұдан әрi - Интеграциялық Комитет) оның жұмысының регламентiне сәйкес талдау, келiсу, шешiмнiң жобасын дайындау және оны қабылдау үшiн енгiзедi.
Экспортына және/немесе импортына мемлекеттік монополия белгiленетiн тауарлардың келісілген тiзбесi Тараптардың заңдарына сәйкес бекітіледi.
5-бап
Тараптар өз заңдарына сәйкес қару-жараққа, әскери техникаға және әскери мақсаттағы өзге де өнiмге, ядролық материалдарға, жабдықтарға, арнайы ядролық емес материалдар мен тиiстi технологияларға, сондай-ақ екi ұдай мақсаттағы тауарлар мен технологияларға қатысты лицензиялау немесе тарифтiк емес реттеудiң өзге де шараларын қолдану жолымен экспорттық бақылауды жүзеге асырады.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген, Тараптардың экспорттық бақылауына жататын тауарлар мен технологиялардың тiзбесi мен оны жүзеге асыру тәртібі Тараптардың осындай халықаралық шарттарда мүшелiгiне қарамастан экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерiн реттейтiн халықаралық шарттарға негiзделедi.
Тараптар Интеграциялық Комитет жанында шеңберiнде осы Келісімнен туындайтын уағдаластықтарды iске асыруға байланысты мәселелер қаралатын экспорттық бақылау саласындағы өзара iс-қимыл жөніндегі комиссия құрады.
Тараптар халықаралық шартпен ресiмделетiн бiрыңғай кеден аумағын құру рәсiмi аяқталғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей экспорттық бақылаудың бiрыңғай тәртібін әзiрлейдi және экспорттық бақылаудың бiрыңғай тәртібін бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi көздейтiн жүйелi заң актілерін қабылдауды және оларды қолдануға енгізудi қамтамасыз етедi.
6-бап
Экспортты және/импортты сандық шектеу ерекше жағдайда:
а) Тараптардың ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
б) Тараптардың халықаралық мiндеттемелерiн орындау;
в) Тараптардың iшкi рынокты қорғау;
г) Тараптар экспорттайтын тауарлар қатысында Кеден одағы туралы келісімнiң қатысушы болып табылмайтын мемлекетттердiң құқығын шектейтiн шектеу қолдануға жауап шаралар енгізу қажеттілігiн негiзге алып енгізуi мүмкiн.
Тараптар Интеграциялық Комитетке осы Келісім күшiне енген күннен бастап алты ай iшiнде Тараптардың үкiметтерiмен келісім бойынша экспортына және/немесе импортына сандық шектеу қолданылатын тауарлардың тiзбесiн, Тараптардың тауарлардың экспортына және/немесе импортына ұжымдық және/немесе ерекше жағдайларда тауарлардың экспортына және/немесе импортына жеке сандық шектеу қабылдаудың тәртібі мен рәсiмiн әзiрлеудi жүктейдi.
7-бап
Экспортына және/немесе импортына тыйым салу немесе шектеу қолданылатын таурлардың тiзбелерi Тараптардың экономикалық және өзге де ұлттық мүдделерiн негiзге алып қалыптастырылады, оларға:
а) қоғамдық мораль мен құқық қорғауды сақтау;
б) адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, тұтастай алғанда жануарлар мен өсiмдiктер әлемiн және қоршаған ортаны қорғау;
в) халықтардың мәдени мұрасын сақтау;
г) мәдени құндылықтарды заңсыз әкетуден және оларға меншiк құқығын әкелуден және беруден қорғау;
д) егер осымен байланысты шаралар iшкi өндiрiс пен тұтынуды шектеумен қатар жүргiзiлсе, орны толмайтын табиғи ресурстардың таусылуының алдын алу қажеттiгi;
ж) Тараптардың ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
з) Тараптардың қаржылық жағдайын қорғау және төлем баланстарын сақтау;
и) халықаралық мiндеттемелердi орындау кiредi.
Тараптар Интеграциялық Комитетке осы Келісім күшiне енген күннен бастап алты ай iшiнде Тараптардың үкiметтерiмен келісім бойынша экспортына және/немесе импортына тыйым салынатын немесе шектеу шектеу қолданылатын тауарлардың тiзбесiн бекiтудi, осы тiзбеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарау тәртібі мен рәсiмiн әзiрлеудi жүктейдi.
8-бап
Тараптар Интеграциялық Комитетке осы Келісім күшiне енген күннен бастап алты ай iшiнде Тараптар үкiметтерiмен келісім бойынша әкелiнетiн тауарларды сертификаттаудың бiрыңғай тәртібін әзiрлеудi және әкелiнетiн тауарлар, әкелiнетiн тауарлардың сапасын бақылау қатысында техникалық, фармакологиялық, санитариялық, малдәрiгерлiк, фитосанитариялық және экологиялық стандарттар мен талаптарды қолданудың бiрыңғай тэртібі жөніндегі құжаттарды дайындауды жүктейдi.
9-бап
Тарифтiк емес реттеу шаралары қолданылатын тауарларды кедендiк ресiмдеу кезiнде Тараптардың кеден органдарына кедендiк мақсаттар үшiн қажет өзге де құжаттардан басқа Тараптардың уәкiлеттi мемлекеттік органдары берген лицензия, сертификат пен әкелуге және әкетуге рұқсат табыс етiледi.
Бiрыңғай кеден аумағы құрылғаннан кейiн бiр Тараптың уәкiлеттi мемлекеттік органдары берген лицензия, сертификат пен рұқсатты барлық басқа Тараптар танитын болады және бiрыңғай кеден аумағында олардың бiрдей заң күшi бар.
Тараптар лицензия, сертификат пен әкелуге және әкетуге рұқсатты өзара танудың бiрыңғай тәртібін әзiрлеуге дереу кiрiседi.
10-бап
Тараптар осы Келісім күшiне енген күннен бастап осы Келісімдi iске асыру үшiн қажет оларды бiрдейлендiрудi ескерiп сыртқы экономикалық қызметтi тарифтiк емес реттеу саласында қолданылатын нормативтiк актiлерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге келiстi.
Тараптар бiрыңғай кеден аумағын құру рәсiмi аяқталғанға дейiн үш ай кешiктiрмей осы Келісімнiң 2-бабында көзделген тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары қолданылатын тауарлардың тiзбесiн келiседi.
Тараптар бiрыңғай кеден аумағы құрылғаннан кейiн тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шараларын және тарифтiк емес реттеу шаралары қолданылатын тауаралардың тiзбесiн қолданады.
Тарифтiк емес шектеулердiң өзге де шараларын қолдану, қолданылып жүрген тарифтiк емес шектеудiң ортақ деңгейiн көтеру, сондай-ақ оларды төмендетудi немесе жоюды Тараптар тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер қабылдаумен қатар, бiрақ Интеграциялық Комитет немесе Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының және Ресей Федерациясының Мемлекетаралық Кеңесi осы мәселе жөнiнде қабылдаған шешiм жарияланған күннен бастап үш айдан кешiктiрмей жүзеге асырады.
11-бап
Осы Келісімдi түсiндiру кезiнде туындайтын келiспеушiлiктердi, сондай-ақ өзгерістер мен толықтырулар жөнiнде ұсыныстар енгізудi Тараптар консультациялар өткізу жолымен, қажет кезде - Интеграциялық комитеттiң отырыстарында, келiспеушiлiктердi жою мүмкiн болмаған жағдайларда - Мемлекетаралық кеңестiң отырысында шешедi.
12-бап
Келісім Кеден одағы туралы келісімдерге қосылған, осы Келісімнiң ережелерiн мойындайтын және оларды толық мөлшерде орындауға дайындық білдiретiн кез-келген мемлекеттiң оған қосылуы үшiн ашық.
Кез-келген Тарап Кеден одағы туралы келісімнен шығу рәсiмiн жүзеге асырып және одан шыққанға дейiн алты айдан кешiктiрмей өз ниетi туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жiберiп шығуы мүмкiн.
Осы Келісімнiң депозитарийi Интеграциялық Комитет болып табылады.
13-бап
Осы Келісім Тараптардың заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгiнде оған қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады, және депозитарий Тараптардың iшкi мемлекеттік рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы хабарламаны алған күннен бастап күшiне енедi.
Мәскеу қаласында 1997 жылғы 22 қазанда орыс тiліндегі бiр түпнұсқалық данада жасалды. Түпнұсқалық дана Интеграциялық Комитетте сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |