Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы
ҚР Үкіметінің 2008.05.06 № 538 Қаулысымен ҚР Парламент Мәжілісінен кері қайтарып алынды
Осы Заң азаматтардың және мемлекеттің мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авиациялық қозғалтқыштардың зиянды заттарының эмиссиясы авиациялық қозғалтқыштардың отынды жағу кезінде алынатын жану өнімдерін атмосфераға шығаруы;
2) арнайы аймақ - белгілі уақыт кезеңіне белгіленген мемлекеттік авиацияның ұшу ауданы;
3) аэронавигациялық ақпарат - әуеайлықтардың нақты жай-күйі сипаттамаларын, әуеайлақ, әуе трассалары ауданында маневр жасау тәртібін және олардың радиоэлектртехникалық құралдармен жабдықталуын қамтитын мәліметтер;
4) әуе кеңістігін пайдалану - оның процесі кезінде әуе кеңістігінде әр түрлі материалдық объектілердің қозғалысы жүзеге асырылатын қызмет, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалану қауіпсіздігіне қауіп төндіре алатын басқа да қызмет;
5) әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы - әуе кеңістігінің белгіленген шекарасы шегінде әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (әуе қозғалысын басқаруды) қамтамасыз ететін орган;
6) жауапкершілік аймағы - әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы өзінің функцияларын жүзеге асыратын белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі;
7) іздестіру-құтқару жұмыстары - зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар кешені;
8) халықаралық ұшу - әуе кемесі шетел мемлекетінің шекарасын кесіп өту кезіндегі әуе кемесінің ұшуы;
9) эшелондау - әуе кеңістігінде әуе кемелерін әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тік, бойлық немесе қапталдан орналастыру.
2-бап. Әуе кеңістігіне егемендік
Республиканың құрлықтағы және су аумағының үстіндегі және оның аумақтық сулары үстіндегі әуе кеңістігі Қазақстан Республикасының толығымен және тек қана өзінің егемендігіне жатады.
3-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін
пайдалануды реттейтін заңнама
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасы Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесімдерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы үшін күшіне енген халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау.
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін
пайдалану саласындағы ережелерді мемлекеттік реттеу
және сақталуын бақылау
4-бап. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы ережелердi
мемлекеттік реттеу және сақталуын бақылау
1. Әуе кеңістігін пайдалануды мемлекеттік реттеу деп мемлекеттің әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметін жүзеге асырудың, сондай-ақ олардың сақталуы үшін жауапкершіліктің жалпы ережелерін белгілеу түсініледі.
2. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді мынадай мемлекеттік органдар жүзеге асырады:
1) мемлекеттік авиация ұшулары үшін пайдаланылатын бөліктердегі әуе кеңістігін пайдалану шеңберінде қорғаныс саласындағы уәкілетті орган;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен әуе трассалары (ішкі және халықаралық), жергілікті әуе желілері, авиациялық жұмыс аудандары, азаматтық әуеайлақтар мен әуежайлар үшін белгілеген бөлігінде әуе кеңістігін пайдалану аясында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган.
Қорғаныс саласындағы уәкілетті орган мен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның бірлескен шешімі бойынша құрылған Ведомствоаралық комиссия осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көрсетілген уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын жүзеге асырады.
3. Әуе кемелерінің және/немесе басқа ұшу аппараттарының ұшуларын орындау кезінде, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерімен бірлесіп әуе кеңістігін пайдалануға байланысты өзге де қызметті жүргізу кезінде барлық пайдаланушылар әуе кеңістігін пайдалану тәртібі мен ережелерін сақтағанын тікелей бақылауды мыналар жүзеге асырады:
1) әуе трассаларында, жергілікті әуе желілерінде және әуеайлақ аудандарында әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығы және аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсететін өңірлік (аудандық) орталықтар;
2) әуе трассаларынан тыс, мемлекеттік авиация ұшуларының арнайы аймақтары мен басқа да аудандарында, мемлекеттік шекара аралықтарында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әуе қозғалысын басқару бас және аудандық орталықтары.
5-бап. Қазақстан Республикасы Yкіметінің құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерін бекітеді;
3) Аса маңызды ұшуларды орындау ережесін бекітеді;
4) Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі ықтимал қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру ережелерін бекітеді;
5) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және авиациялық электр байланысы саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді бекітеді;
6) әуе кеңістігін пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
6-бап. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік
органдар
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
1) әуе кеңістігін пайдалану саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруды жүзеге асырады;
2) Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес ұшуларын орындауына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тартуға негіз болатын ережелерін бекітеді және көрсетілген рұқсаттаманы береді;
3) Аса маңызды ұшуларды орындау ережесін әзірлейді;
4) әуе кеңістігін азаматтық әуе кемелерінің пайдалану тәртібін бұзушылықтарға жол бермейді;
5) азаматтық авиацияның әуеайлақ аудандарында объектілердің таңбалануын бақылауды жүзеге асырады;
6) азаматтық және эксперименталдық авиацияның әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтарының есебін жүргізеді;
7) қорғаныс саласындағы уәкілетті органмен және ұлттық қауіпсіздік органымен келісім бойынша әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерінің тізбесін әзірлейді және бекітеді;
8) аэронавигациялық ақпарат құжаттарын бекітеді;
9) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және авиациялық электр байланысы саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлейді.
2. Қорғаныс саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
1) тыйым салынған аймақтар мен ұшулар шектелген аймақтардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
2) әуе кеңістігін пайдалану режимдерін белгілейді;
3) әуе шабуылын тойтару немесе болдырмау және/немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қоғамдық қауіпсіздігіне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерін жою жөнінде шаралар қолданады;
4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салады;
5) тыйым салынған аймақтар мен ұшулар шектелген аймақтар аумағының үстінен ұшып өтуге арнайы рұқсат береді;
6) мемлекеттік авиацияның Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтарының есебін жүргізеді;
7) әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу жағдайларына жол бермейді;
8) мемлекеттік авиацияның әуеайлақ аудандарындағы объектілердің таңбалануын бақылауды жүзеге асырады;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік немесе эксперименталдық әуе кемесінің халықаралық тұрақты емес (бір жолғы) ұшуларды орындауына рұқсат береді.
3. Осы баптың 1, 2-тармақтарында көрсетілген мемлекеттік органдар бірлесіп:
1) Әуе кеңістігін пайдалану ережесін әзірлейді;
2) Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру ережелерін әзірлейді.
3-тарау.
Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру
7-бап. Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастырудың негізгi
қағидаттары
1. Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру қауіпсіз, үнемді және тұрақты әуе қозғалысын, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалану бойынша басқа да қызметті қамтамасыз етуді көздейді.
Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру мыналарды қамтиды:
1) әуе кеңістігінің құрылымын белгілеуді;
2) осы Заңның 14-бабында белгіленген мемлекеттік басымдықтарға сәйкес әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлауды және үйлестіруді;
3) бақыланатын әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат беру тәртібін қамтамасыз етуді;
4) бақыланбайтын әуе кеңістігін пайдалану тәртібін белгілеуді;
5) әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) (аэронавигациялық қызмет көрсету);
әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыру;
әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (басқаруды) қамтамасыз ету және әуе қозғалысы ағынын ұйымдастыру мақсатында әуе кеңістігін ұйымдастыру болып табылатын әуе қозғалысын ұйымдастыруды;
6) әуе кеңістігін пайдалану ережелерінің сақталуын бақылауды.
2. Әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыруды азаматтық авиация саласындағы және қорғаныс саласындағы уәкілетті орган, сондай-ақ әуе қозғалысына қызмет көрсету (ұшуды басқару) органдары осы Заңда және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерінде белгіленген тәртіппен олар үшін белгіленген аймақтар мен аудандарда жүзеге асырады.
Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органына, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге қатысты ұшу туралы хабар жинайтын орталықтарға немесе хабарды жинақтау пункттеріне бөлінеді. Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органдары немесе әуе қозғалысын басқару органдары аудандық диспетчерлік орталықтарға, жақындау диспетчерлік пункттеріне немесе әуеайлақтық диспетчерлік пункттерге бөлінеді.
3. Әуе кеңістігінің құрылымын ұйымдастыру қоршаған ортаны қорғау жөнінде белгіленген нормаларды сақтау кезінде жүзеге асырылуы тиіс.
4. Мемлекеттік авиация ұшуларының арнайы аймақтары мен аудандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының жоғарғы және төменгі әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсетуді тек қана мемлекеттің меншігіндегі аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады.
5. Әуе кемесінің әуе қозғалысына қызмет көрсету (ұшуды басқару) үшін жауапкершілік кез келген уақытта әуе қозғалысына қызмет көрсетудің (ұшуды басқарудың) бір ғана органына жүктеледі және әуе кемесі олардың жауапкершілік аймақтары арасындағы шекараны кесіп өткен кезде басқа органға беріледі.
Әуе кеңістігінің құрылымын ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің жекелеген бөліктерінде әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету үшін жауапкершілік басқа мемлекетке жүктелуі мүмкін, бұл уағдаласушы мемлекеттердің егемендігіне нұқсан келтірілмейді деген шартпен, басқа мемлекеттің әуе кеңістігінің жекелеген бөліктерінде әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету үшін жауапкершілікті Қазақстан Республикасына жүктеумен тең.
8-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызмет
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметке мыналар жатады:
1) әуе кемелерінің және басқа ұшу аппараттарының ұшулары;
2) атыстар және зымырандарды ұшырулардың барлық түрлері, жарылыс жұмыстары және материалдық объектілердің әуе кеңістігінде орнын ауыстыруымен байланысты өзге де қызмет жатады.
2. Қазақстан Республикасының, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын басқа мемлекеттердің барлық заңды және жеке тұлғалары әуе кеңістігін пайдаланушылар болып табылады.
9-бап. Әуе кеңістігінің құрылымы
1. Әуе кеңістігін пайдаланумен байланысты қызметті жүзеге асыру үшін әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсету аудандары, әуеайлақтар мен әуетораптар аудандары, әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, әуе кемелері ұшуларының бағдарғылары мен арнайы аймақтары, әуе кемелері ұшулары үшін тыйым салынған аймақтар мен шектеу салынған аймақтар, полигондар аудандары, жарылыс жұмыстарының аудандары белгіленеді, олар өз жиынтығында Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің құрылымын құрайды.
2. Әуе кеңістігінің құрылымы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерімен белгіленеді.
3. Тыйым салынған аймақтар мен ұшулар шектелген аймақтарды мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсынысы бойынша қорғаныс саласындағы уәкілетті орган белгілейді. Тыйым салынған аймақтардың тізбесі аэронавигациялық ақпарат құжаттарында міндетті түрде жариялануға жатады.
10-бап. Әуе кеңістігін жіктеу
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі бақыланатын әуе кеңістігіне және бақыланбайтын әуе кеңістігіне бөлінеді.
Бақыланатын әуе кеңістігі деп шегінде әуе кеңістігінің жіктелуіне сәйкес диспетчерлік қызмет көрсету қамтамасыз етілетін белгілі мөлшердегі әуе кеңістігі түсініледі.
Бақыланбайтын әуе кеңістігі деп шегінде әуе кеңістігінің жіктелуіне сәйкес әуе қозғалысына ұшу-ақпараттық немесе консультативтік қызмет көрсету қамтамасыз етілетін белгілі мөлшердегі әуе кеңістігі түсініледі.
11-бап. Әуе кеңістігінде аэронавигациялық қызмет көрсету
1. Осы Заңның 8-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға олардың мемлекеттік тиесілігіне, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан аэронавигациялық ұйым ұсынатын аэронавигациялық қызмет көрсету шарттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету мынадай ұшуларды орындаған жағдайларда ақысыз жүзеге асырылады:
1) әуе кемесінің тұрған орны анықталған сәттен бастап - апат болып жатқан немесе болған әуе кемелеріне, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға байланысты бағдарғылары өзгертілген, материалдық бөлігі істен шыққан немесе зақымданған әуе кемелеріне;
2) іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және/немесе халыққа медициналық көмек көрсету үшін әуе кемелеріне;
3) әуе трассалары (жергілікті әуе желілері) бойынша орындалатын және коммерциялық мақсатпен ұшуларға жатпайтын Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелеріне;
4) Қазақстан Республикасының Президентін, корольдік тұлғаларды, мемлекет, үкімет басшыларын және олар басқаратын делегацияларды ғана тасымалдайтын әуе кемелеріне.
12-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлерi
Әуе қозғалысына қызмет көрсетудің мынадай түрлері бар:
1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету - мынадай мақсаттарда ұсынылатын қызмет көрсету:
әуе кемелері арасында және маневр жасау ауданында әуе кемелерінің кедергілермен соқтығысуын болдырмау;
әуе қозғалысын үдету және реттеу;
2) әуе қозғалысына консультативтік қызмет көрсету - аспаппен ұшулар жоспары бойынша ұшуларды орындайтын әуе кемелерінің оңтайлы эшелондауын қамтамасыз ету мақсатында консультативтік әуе кеңістігінде ұсынылатын қызмет көрсету;
3) ұшу-ақпараттық қызмет көрсету - мақсаты ұшулардың қауіпсіз және тиімді орындалуын қамтамасыз ету yшін консультациялар және ақпарат ұсыну болып табылатын қызмет көрсету;
4) авариялық хабарлау - іздестіру-құтқару қызметтерінің көмегіне мұқтаж болған әуе кемелері туралы тиісті ұйымдарды хабардар ету және осындай ұйымдарға қажетті көмек көрсету үшін ұсынылатын қызмет көрсету.
13-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде
радиоалмасу жүргізу тілi
Қазақстан Республикасы аумағында аэронавигациялық ұйымдар мен Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің экипаждары арасындағы радиоалмасу мемлекеттік тілде және (немесе) орыс тілінде, ал шет мемлекеттер әуе кемелерінің экипаждарымен - орыс немесе ағылшын тілінде жүргізіледі.
14-бап. Әуе кеңістігін пайдаланудағы басымдықтар
Әуе кеңістігінің бөлігін пайдалану құқығы оған мүдделі әуе кеңістігін пайдаланушылар саны екі немесе одан да көп болған кезде мынадай басымдықтарға сәйкес беріледі:
1) әуе шабуылын тойтару немесе болдырмау және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қоғамдық қауіпсіздігіне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерін жою;
2) табиғи зілзала және өзге де зардаптар, апаттар, авариялар, адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін немесе елеулі материалдық зиян келтіру қаупін тудыратын авариялық және өзге де жағдайлар болған кезде көмек көрсету;
3) ғарыштық аппараттар мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, іздестіру және көшіру, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жоспарлы жаттығуларын өткізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерінің ұшулары немесе өзге қызмет;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдеріне сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерінің ұшулары немесе өзге қызмет;
5) Қазақстан Республикасының Президентін және Қазақстан Республикасының басқа да күзетілетін тұлғаларын тасымалдау мақсатындағы ерекше маңызды ұшулар;
6) жолаушыларды, жүктерді және почтаны тұрақты тасымалдау;
7) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ мемлекетараралық және үкіметаралық келісімдерге сәйкес басқа да мемлекеттердің мемлекеттік авиацияларының ұшулары;
8) эксперименталдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
9) тұрақты емес әуе тасымалдары, экономика мүддесінде авиациялық және өзге де жұмыстарды орындау;
10) оқытып-үйрету, көрсету, мәдени-ағарту іс-шараларын жүргізу, сондай-ақ жалпы мақсаттағы авиация ұшулары.
15-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған жағдайларда, сондай-ақ осы Заңның 14-бабының 1)-3), 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, осы Заңның 8-бабы 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға қорғаныс саласындағы уәкілетті орган тарапынан тыйым салынуы мүмкін.
Тыйым салу тәртібі Әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленеді.
16-бап. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу
1. Осы Заңның және оған сәйкес әзірленген басқа да нормативтік құқықтық кесімдердің ережелерінен ауытқи отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланумен байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылық болып танылады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға мыналар жатады:
1) осы Заңның 8-бабында көрсетілген, ұшу жоспарын ұсынусыз, кестеден тыс немесе халықаралық тұрақты емес ұшуларды орындауға рұқсатсыз және әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызмет;
2) әуе кемесінің құрылымында радиолокациялық тану аппаратурасын қондыру көзделмеген әуе кемелерін қоспағанда, мемлекеттік радиолокациялық тану жүйесі бойынша сұратуға жауап бермейтін әуе кемесінің ұшуы;
3) сұратуда көрсетілген саннан артатын әуе кемелері тобының ұшуы;
4) әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану режимін сақтамауы;
5) қорғаныс саласындағы уәкілетті органның арнайы рұқсатынсыз әуе кемесінің тыйым салынған өңір және шектелген өңір аумағының үстімен ұшып өтуі;
6) мәжбүрлі қону және қосалқы әуеайлаққа бағыт алу жағдайларын қоспағанда, әуе кемелерінің жоспарланбаған (мәлімденбеген) әуеайлаққа қонуы;
7) әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін тік, бойлық, қапталдан эшелондауды, әуе трассаларынан, жергілікті әуе желілерінен және бағдарғы осінен белгіленген нормадан артық арақашықтыққа ауытқуларды сақтамауы;
8) әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) органдарының командаларын орындамау.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерінің сақталуына бақылауды жүзеге асыратын қорғаныс және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдар өз құзыретіне сәйкес, әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықты тоқтатуға немесе алдын алуға барлық мүмкін болатын шараларды қолдануға міндетті.
3. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға жол берген әуе кеңістігін пайдаланушылар көрсетілген органдардың талап етуі бойынша өз есебінен және өз күшімен аталған тәртіп бұзушылықты тоқтатуға немесе ондай қызметті жүзеге асыруды тоқтатуға міндетті.
4. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
17-бап. Тәртіп бұзушы әуе кемесi
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын бұзған немесе республика әуе кеңістігін пайдалану тәртібін өзге де бұзуға жол берген әуе кемесі тәртіп бұзушы әуе кемесі болып танылады және егер әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының, аэронавигациялық ұйымдардың және/немесе қорғаныс саласындағы уәкілетті органның талаптарына бағынбаған болса, мәжбүрлеп қондырылуы мүмкін.
Қону туралы өкім алған тәртіп бұзушы әуе кемесі көрсетілген жерге қонуды дереу жүзеге асыруы тиіс.
2. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне және оның стратегиялық маңызды объектілеріне қауіп төнген жағдайларда қорғаныс саласындағы уәкілетті орган қауіптің алдын алу үшін тәртіп бұзушы әуе кемесін жоюға дейін барлық шараларды қолданады.
Стратегиялық объектілердің тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
3. Тәртіп бұзушы әуе кемесінде әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылыққа қатысы жоқ жолаушылар мен өзге де тұлғалар бар деген дәйекті ақпарат болған жағдайда, мемлекет ұшудағы азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару қолданбайды.
Тәртіп бұзушы әуе кемесі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне ұшып келу шарттарын орындамаған кезде және/немесе әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтың басқа да жағдайларында қону әуеайлағында ұсталып қалуы мүмкін.
4. Тәртіп бұзушы әуе кемесінің одан әрі ұшуына тәртіп бұзуды тексеруден кейін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерінде белгіленген тәртіппен рұқсат етіледі.
Әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің әрбір бұзылуы Әуе кеңістігін пайдалану туралы ережеге сәйкес тексерілуге жатады.
18-бап. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызмет
1. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметке әуеайлақ жанындағы аумақта және әуе трассалары шегіндегі жерлерде орналасқан объектілердің, электр беру желілерінің, басқадай кедергілердің құрылысы; соның салдарынан әуе кеңістігінде электрмагниттік, жарықтық, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулелену түрлерін шығаратын жұмыстар; құстардың топтасып жиналуына немесе ұшу көрінісінің нашарлауына әкеп соғатын объектілерді орналастыру, сондай-ақ әуе кеңістігінде материалдық объектілердің ауысуына тікелей байланысты емес, бірақ әуе кемелері ұшуларының, олардың жабдықтарының және ішінде отырған адамдардың қауіпсіздігіне әсерін тигізетін кез келген басқа қызмет жатады.
2. Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қызметті жүзеге асыру ережелерін бұзуға жол берген заңды және жеке тұлғалар осы жолсыздықтарды өз есебінен және өз күштерімен жоюға, ал оларды жойғанға дейін ондай қызметтің жүзеге асырылуын тоқтатуға міндетті.
3. Ұшу қауіпсіздігіне ықтимал қатер төндіретін, қызмет атқарылып жатқан ауданға әуе кемелерінің абайсызда ұшып келу жағдайларын болғызбау үшін, сондай қызметті жүргізіп жатқан ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар аталған қызметке рұқсат алған соң, сол қызметтің жүргізілуі туралы азаматтық авиация саласындағы және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдарды хабарландыруға міндетті.