4. Мұндай қызметтің жүзеге асырылуын бақылауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган және қорғаныс саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде орындайды.
5. Әуежайлардың аумағы шегіндегі жөндеу, құрылыс және монтаж жұмыстарының барлық түрлерін жүргізу жұмыстарды жүргізу аймағындағы ұлттық қауіпсіздік органдарымен, ал Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісіле отырып жүзеге асырылады. Күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде аталған жұмыс түрлері тоқтатылуы мүмкін.
19-бап. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін объектілердi
таңбалау
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар мен құрылыстардың иелері Қазақстан Республикасы азаматтық әуеайлақтарының пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес осы объектілерге түнде және күндіз көрінетін таңбалық белгілер мен құрылғыларды өз есебінен орналастыруға міндетті.
Әуеайлақтарды тану үшін қабылданған таңбалық белгілер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бір белгілер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орналастыруға жол берілмейді.
Әуеайлақ ауданындағы объектілерді таңбалаудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыреті шегінде азаматтық авиация саласындағы және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдарға жүктеледі.
20-бап. Әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру
Әуе трассалары әуе қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін қанағаттандыратыны және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының талаптарына сәйкес екендігі анықталғаннан кейін ғана оларды пайдалануға рұқсат беріледі.
Әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
21-бап. Әуе кеңістігін пайдалану үшін байланысты
ұйымдастыру
1. Әуе кеңістігін пайдаланушылар аэронавигациялық ұйыммен орнықты байланыста болуға міндетті.
2. Байланыс кәсіпорындары әуе кеңістігін пайдаланушыларға қажетті байланыс арналарын жалға береді. Берілген байланыс арналары істен шыққан кезде олар белгіленген тәртіппен басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиіс.
22-бап. Әуе кемесінің аэронавигациялық ұйыммен
радиобайланысы және ұшуды радиотехникалық қамтамасыз
етуді жүзеге асыру
1. Байланыс құралдары бар әрбір әуе кемесіне шақыру белгісі беріледі.
2. Бақыланатын әуе кеңістігінде ұшып жүрген әуе кемесі мен аэронавигациялық ұйым арасында орнықты байланыс болуға тиіс. Байланыс үзілген кезде әуе кемесінің командирі және аэронавигациялық ұйым оны қалпына келтіру үшін мүмкін болатын шаралардың бәрін қолдануға міндетті.
Егер қабылданған шаралар нәтижесінде радиобайланыс қалпына келтірілмесе, әуе кемесінің командирі мен аэронавигациялық ұйым Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен іс-қимыл жасауға тиіс.
3. Әуе кемелерінің ұшуларын радиотехникалық қамтамасыз етуді және олармен радиобайланысты жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен радиожиіліктер бөлінеді, олар кедергілерден қорғалған болуы тиіс.
4. Әуе кемелерінің ұшуларын радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарына және олармен радиобайланысқа кедергілер тудыратын қондырғылары мен аппараттары бар заңды және жеке тұлғалар байланыс саласындағы уәкілетті органның немесе оның бөлімшелерінің талабы бойынша әз күштерімен кедергілерді жоюға, ал оларды жойғанға дейін ондай қондырғылар мен аппараттардың жұмысын тоқтатуға міндетті.
23-бап. Әуе кемесінің ұшу жоспары
1. Әуе кемесінің ұшуы мынадай:
1) әуе шабуылын тойтару, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын бұзудың немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кірудің алдын алу және тоқтату;
2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету, ғарыштық аппараттар және олардың экипаждарын іздестіру және көшіру;
3) әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзудың алдын алу және (немесе) тоқтату жағдайларында орындалатын әуе кемесінің ұшуын қоспағанда, әуе кеңістігін пайдаланушының әуе қозғалысына қызмет көрсететін (ұшуды басқаратын) органға ұсынған ұшу жоспарына сәйкес, осы Заңда белгіленген әуе кеңістігін пайдалануға қажетті рұқсаттар бар болған кезде орындалады.
2. Әуе кемесінің ұшу жоспарынан ауытқуына, адамдардың өмірін құтқару және қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төнетін жағдайларды қоспағанда, әуе қозғалысына қызмет көрсетудің (ұшуларды басқарудың) тиісті органының рұқсаты негізінде жол беріледі.
24-бап. Елді мекендердің үстімен ұшу
Әуе кемелері елді мекендердің үстімен, әуе кемесі жарамсыз болған жағдайда сол елді мекендерден тысқары жерде немесе жақын арадағы әуеайлаққа оның қонуына мүмкіндік беретіндей биіктікте ғана ұша алады.
Ұшу-қону жолағының орналасуы әуе кемесінің елді мекен үстімен ұшып өтуінсіз ұшып шығуды және қонуды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін жағдайларда немесе адамдар өмірін сақтап қалу үшін ұшуларды орындау қажет болғанда, ал өзге де ерекше жағдайларда - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелері белгілеген тәртіппен бұл ережеден ауытқуға жол беріледі.
Әуе кемелерінің елді мекендердің үстімен ұшуларының барлық түрлері (әуе трассаларынан тыс) ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қозғалысын басқару бас орталығымен, Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісу бойынша жүзеге асырылады.
25-бап. Көрсетуге арналған ұшулар
Әуе кемелерінің көрсетуге арналған ұшулары әуе кемесінің тұрғын үйлер алабы мен адамдар шоғыры үстіне құлауын болдырмайтын арнайы қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, белгіленген аймақтарда орындалады.
Ұшу қауіпсіздігі үшін жауапкершілік көрсетуге арналған ұшуларды ұйымдастырушыға жүктеледі.
26-бап. Әуе кемелері ұшуының зиянды әсерінен қорғау
1. Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған әуе кемесі жердегі шу мен авиациялық қозғалтқыштардың зиянды заттары эмиссиясына қатысты Қазақстан Республикасында қолданылатын талаптарға сәйкестігі бойынша сертификатталуы тиіс.
Әуеайлақтар (тікұшақайлақтар) иелері, пайдаланушылар, әуе кемелерінің командирлері мен экипаж мүшелері әуе кемелерін жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсіз шуды болдырмауға немесе оны барынша азайтуға міндетті.
2. Әуе кемелерінен адамдардың денсаулығына және қоршаған табиғи ортаға зиянды заттарды немесе басқа да қалдықтар мен материалдарды тастауға, халықтың және қоршаған табиғи ортаның қауіпсіздігі шараларын сақтай отырып орындалатын авиациялық-химиялық жұмыстардың жүргізілуін қоспағанда, тыйым салынады, ал ондай әрекет жасауға кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
Адамдарға, жануарларға және қоршаған табиғи ортаға әуе кемелерінің зиянды әсерін болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі нақты аудандарда барлық әуе кемелері үшін бірыңғай немесе әуе кемелерінің үлгілері бойынша жеке-жеке ең төменгі ұшу биіктігін белгілей алады.
3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе кемелерінің дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуы қоршаған ортаға дыбыс екпінінің зиянды әсері тимейтін биіктіктерде жалпы ережелер бойынша немесе елді мекендерден шалғайда дыбыстан тез жылдамдықпен ұшуға арнайы бөлінген аудандарда орындалуы тиіс.
27-бап. Әуе кемесі белгіленген бағдарғыдан немесе ұшу
ауданынан (аймағынан) ауытқыған жағдайдағы іс-қимылдар
1. Әуе кемесі белгіленген бағдарғыдан немесе ауданнан (аймақтан) ауытқыған немесе ұшудың өзге бір параметрін сақтамаған жағдайда әуе кемесінің командирі мен аэронавигациялық ұйым, мыналарды:
1) егер ондай байланыс әлі орнатылмаған болса, аэронавигациялық ұйыммен (әуе кемесімен) екі жақты байланыс орнатуға талпыныс жасауды;
2) белгіленген бағдарғыдан немесе ауданнан (аймақтан) ауытқып кеткен әуе кемесінің орналасқан жерін анықтау үшін қолда бар барлық құралдарды пайдалануды;
3) бағдарғыдан ауытқуы нәтижесінде ауданына әуе кемесі кірген немесе кіруі мүмкін басқа да әуе қозғалысына қызмет көрсетуші (басқарушы) органдарға хабарлауды;
4) жергілікті жерлерде келісілген ережелерге сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әуе қозғалысын басқару аудандық орталықтары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің органдарына хабарлауды қоса алғанда, ондай тәртіп бұзушылықты тоқтатуға дереу шара қабылдауға міндетті.
2. Әуе кемесінің орналасқан жері белгілі болған кезде аэронавигациялық ұйым әуе кемесінің экипажына оның орналасқан жері және қабылдануы тиіс түзету іс-әрекеттері туралы хабарлайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әуе қозғалысын басқару аудандық орталықтары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің органдарын әуе кемесіне берілген кез келген ұсынымдар туралы хабардар етеді.
4-тарау.
Халықаралық ұшулар
28-бап. Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің
халықаралық ұшулары
1. Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің ұшулары мыналардың негізінде және мынадай шарттарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;
2) тиісті шетел мемлекеттерінің құзыретті органдары тарапынан біржолғы ұшуларды орындауға берген арнайы рұқсаттары;
3) Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес ұшуларды орындауына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тартуды негіздеу ережелері белгілеген тәртіппен азаматтық әуе кемесі үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган біржолғы ұшуға беретін рұқсаттар мен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелері белгілеген тәртіппен эксперименталдық немесе мемлекеттік әуе кемесі үшін қорғаныс саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттар.
2. Азаматтық әуе кемесін пайдаланушы шетел мемлекеті әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің ұшуына тиісті шетел мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін арнайы рұқсат алуға сұрау салуды өз бетімен жүзеге асырады.
3. Шетел мемлекетінің әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік және эксперименталдық әуе кемелерінің ұшуына арнайы рұқсат алуға сұрау салуды, Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өтініші негізінде, сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган шетел мемлекеттеріне жібереді.
Егер кеме құжаттарына, экипаж мүшелерінің куәліктеріне қатысты барлық талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағындағы және аумағына немесе аумағы арқылы ұшудың орындалуы жоспарланып отырған шетел мемлекеттерінде қолданылатын басқа да талаптар мен ережелер сақталса, онда сұрау салу жүргізіледі.
29-бап. Шетелдік әуе кемелерінің Қазақстан
Республикасының әуе кеңістігінде ұшулары
1. Шетелдік әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшулары мынадай негізде және шарттарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары;
2) ұшуларды орындауға берілетін арнайы рұқсаттар.
Мұндай рұқсаттарды:
1) азаматтық әуе кемелерінің біржолғы ұшуларына - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган;
2) азаматтық әуе кемелеріне жатпайтын әуе кемелерінің біржолғы ұшуларына - сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын орган береді.
2. Азаматтық әуе кемелерінің біржолғы ұшуларды орындауына арнайы рұқсат беру тәртібін Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
Азаматтық әуе кемелерінің біржолғы ұшуды орындауына рұқсат беруден бас тарту үшін мыналар:
1) қажетті деректер толық (шынайы) көрсетілмеген немесе Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес ұшуларды орындауына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тартуды негіздеу ережелері белгілеген мерзімдері бұза отырып өтінім беру;
2) өтінімде көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды бермеу және/немесе толық бермеу;
3) осы Заңның 15-бабына сәйкес, қорғаныс саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе ол арқылы азаматтық әуе кемесінің ұшу бағдарғысы өтетін оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салған;
4) азаматтық әуе кемесінің біржолғы ұшуды орындауы Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін бұзу болып табылатын жағдайлар негіз болуы мүмкін.
3. Азаматтық әуе кемелеріне жатпайтын шетелдік әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде біржолғы ұшуларды орындауына арнайы рұқсат беру тәртібін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелері белгілейді.
30-бап. Қазақстан Республикасының аумағы үстімен
халықаралық ұшуларды орындау
1. Ұлттық және шетелдік әуе кемелері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде халықаралық ұшуларды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшулардың орындалуы мен әуе кемелерінің пайдаланылуын реттейтін жалпы ережелер қолданылады.
Ұлттық және шетелдік әуе кемелерінің Қазақстан Республикасы аумағынан ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерілгеннен кейінгі Қазақстан Республикасы аумағына қайта қонуы халықаралық ұшулар үшін ашық тұрған әуеайлақтарда жүзеге асырылады. Әуе кеңістігіндегі халықаралық ұшулар белгіленген әуе трассалары бойынша атқарылады.
2. Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өтуі шекараның халықаралық трассалармен қиылысқан жерлерінде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережелерімен белгіленген тәртіппен осы мақсаттарға арнайы белгіленген әуе дәліздері бойынша орындалады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесі белгілеген тәртіптің сақталмауына мынадай жағдайларда жол беріледі:
1) адамдардың өміріне қауіп төндіретін табиғи зілзала, апаттар, авариялар, авариялық ахуалдар мен басқа жағдайларда;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен көзделген жағдайларда;
3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы ережелерде белгіленген тәртіппен берілетін арнайы рұқсат алғанда.
31-бап. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуларына арналған
әуе трассалары
Халықаралық әуе трассаларын ашу туралы шешімді қорғаныс саласындағы уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органымен келісе отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
Әуе кемелерінің халықаралық ұшуларына арналған әуе трассаларын ашу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану ережесімен белгіленеді.
32-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуi
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті