«Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткізу ережесін бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 2 қарашадағы № 1043 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 628 Қаулысымен күші жойылды
«Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуірдегі Заңы 18-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткізу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 2 қарашадағы
№ 1043 қаулысымен
Бекітілген
Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткізу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Пайдаланушы ұйымның персоналын аттестаттаудан өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуірдегі Заңына сәйкес әзірленген және мемлекеттік лицензияда санамаланған белгілі бір қызмет түрлерін жүргізу кезінде атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын пайдаланушы ұйымдар (бұдан әрі - пайдаланушы ұйымдар) персоналының аттестаттаудан өту тәртібі мен шарттарын белгілейді және барлық пайдаланушы ұйымдарға қолданылады.
2. Аттестаттау персоналдың атқаратын лауазымына сәйкестігін және атом энергиясын пайдалану саласындағы кәсіби біліктілігінің деңгейін анықтау мақсатында жүргізіледі.
3. Аттестаттаудан мынадай жұмыс түрлерін жүзеге асыратын пайдаланушы ұйым персоналының санаттары өтеді:
1) атом энергиясын пайдалану саласында қызмет жүргізетін бөлімшені қауіпсіз басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізу - тиісті бөлімшеде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей жауап беретін пайдаланушы ұйымның персоналы;
2) ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бақылау жөніндегі жұмыстарды жүргізу - ядролық және радиациялық қауіпсіздікке басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асыратын персонал;
3) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке байланысты технологиялық үдерістерді басқару жөніндегі күнделікті операцияларды жүзеге асыру - пайдаланушы ұйымның пайдаланушы персоналының жекелеген санаттары;
4) ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, радиоактивті заттар мен қалдықтарды есепке алуды және бақылауды, сондай-ақ объектілер мен ядролық материалдарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарға басшылық жасау және жүргізу - ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, радиоактивті заттар мен қалдықтарды есепке алуды және бақылауды, сондай-ақ атом энергиясы мен ядролық материалдарды пайдалану объектілерін физикалық қорғауды қамтамасыз ететін персонал.
4. Персоналды аттестаттау әрбір үш жылда, сондай-ақ егер талаптар қызметкердің атқаратын лауазымы бойынша талаптардан өзгеше болса, басқа лауазымға ауысу немесе жоғары тұрған басшыны уақытша алмастыру немесе басқа қызметкердің міндеттерін атқару кезінде жүргізіледі.
5. Пайдаланушы ұйымның лауазымға алғаш тағайындалған персоналы лауазымға тағайындалғаннан кейін бір айдан кешіктірмей аттестаттаудан өтеді.
6. Аттестаттау мемлекеттік, орыс немесе басқа тілде өткізіледі.
2. Аттестаттау комиссиясы
7. Аттестаттауды өткізу үшін пайдаланушы ұйым басшысының бұйрығымен мүшелерінің саны тақ болатын және кемінде бес адамды құрайтын аттестаттау комиссиясы құрылады.
Аттестаттау комиссиясы комиссия төрағасынан, хатшысынан және мүшелерінен тұрады.
Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге құқығы жоқ.
8. Пайдаланушы ұйымның басшысы белгілейтін пайдаланушы ұйымның құрылымдық бөлімшесі аттестаттау комиссиясының жұмыс органы (бұдан әрі - жұмыс органы) болып табылады.
Жұмыс органы персоналды аттестаттау үшін қажетті құжаттарды дайындауды жүзеге асырады.
9. Пайдаланушы ұйымның басшысы жұмыс органының ұсынысы бойынша аттестаттауға жататын персоналдың санатын бекітетін, аттестаттауды өткізудің мерзімі мен кестесін белгілейтін бұйрық шығарады.
10. Аттестаттау комиссиясының құрамына радиациялық және/немесе ядролық қауіпсіздікке жауапты тұлғалар, сондай-ақ пайдаланушы ұйым қызметкерлерінің өкілі енгізіледі.
Аттестаттау комиссиясының құрамына уәкілетті органның өкілдері кіруі мүмкін.
11. Аттестаттау комиссиясының отырысы комиссия құрамының кемінде үштен екісін құрайтын кворум болған кезде заңды.
3. Аттестаттауды дайындауды және өткізуді ұйымдастыру
12. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:
аттестаттауды өткізуге дайындықты;
аттестаттауға жататын персоналды тестілеуді және/немесе басқару бойынша емтихандар өткізуді;
аттестаттау комиссиясының шешімін шығаруды қамтиды.
13. Аттестаттауды өткізуге дайындық мынадай іс-шараларды:
осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес аттестатталатын персоналға қажетті құжаттарды дайындауды;
аттестатталатын персоналдың құжаттарын тексеруді;
аттестаттауды өткізудің мақсаты мен тәртібін түсіндіруді;
аттестатталатын персоналды аттестаттауды өткізу мерзімі туралы, бірақ аттестаттау өткізілетін күнге дейін отыз күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етуді қамтиды.
Ереженің осы тармағында көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін, жұмыс органы персоналды аттестаттаудан өткізу туралы аттестаттау комиссиясына ұсыныс енгізеді.
14. Аттестаттау аттестатталатын қызметкердің қатысуымен жүргізіледі.
15. Аттестаттауға жататын, бірақ дәлелді себептермен болмаған қызметкер, аттестаттау комиссиясының ұсынысы бойынша пайдаланушы ұйымның басшысы белгілейтін мерзімде аттестаттаудан өтеді.
16. Аттестаттау тестілеу және/немесе басқару бойынша емтихандар тапсыру нысанында жүргізіледі.
Тестілеу Ереженің 3-тармағында көрсетілген қызметкерлер санатына қатысты жүргізіледі.
Ереженің 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген персонал қосымша басқару бойынша емтиханнан өтеді.
17. Тестілеу пайдаланушы ұйымның басшысы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
18. Басқару бойынша емтихандар атом энергиясын пайдалану объектісінің жұмыс орындарын аралау кезінде қызметкердің өз дағдысы мен білімін көрсету жолымен немесе атом энергиясын пайдаланудың нақты объектісі үшін сертификатталған толық ауқымды тренажерді пайдалана отырып жүргізіледі.
19. Тестілеуге арналған сұрақтар және басқару бойынша емтихандар атом энергиясын пайдалану саласындағы лауазымдық нұсқаулықтардың, біліктілік талаптарының, сондай-ақ нормативтік құқықтық кесімдердің және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негізінде әзірленеді.
Аттестаттауға дайындық мақсатында қызметкерлер емтихандық тақырыптардың және тестілеуге арналған сұрақтардың жалпы тізбесімен күні бұрын танысады.
20. Тестілеудің және басқару бойынша емтихан тапсырудың нәтижелері бойынша әрбір аттестатталатын қызметкерге аттестаттау комиссиясы хаттама ресімдейді. Хаттамаға аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ аттестатталатын қызметкер қол қояды.
Хаттаманың нысаны пайдаланушы ұйым басшысының бұйрығымен белгіленеді.
21. Пайдаланушы ұйым тестілеуді және басқару бойынша емтихандарды өткізу жөнінде арнайы басшылықты және әдістемелік нұсқауларды әзірлейді.
22. Аттестаттау комиссиясының шешімі емтиханға қатысушы аттестаттау комиссиясы мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
23. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделей отырып, тестілеудің және/немесе басқару бойынша емтихандардың нәтижелерін негізге ала отырып, мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) аттестатталды;
2) аттестаттаудан өтпеді және қайта аттестаттауға жатады;
3) аттестаттаудан өтпеді және атқаратын қызметіне сай емес.
Аттестаттау комиссиясының шешімі отырыс хаттамасымен ресімделеді, оған отырысқа қатысып отырған аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелері және хатшы қол қояды.
24. Осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес аттестаттау комиссиясының шешімі қызметкердің аттестаттау парағына жазылады.
Қызметкердің аттестаттау парағы жеке ісінде сақталады.
Қызметтік міндеттерін орындау кезінде аттестатталған қызметкерде өзімен бірге аттестаттау парағының көшірмесі болады.
25. Аттестаттау комиссиясының «аттестаттаудан өтпеді және атқаратын қызметіне сай емес» деген шешім қабылдауы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес аттестатталушы қызметкермен еңбек қатынастарын бұзуға негіз бола алады.
Қызметкердің заңнамада белгіленген тәртіппен аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдануға құқығы бар.
26. Қайта аттестаттау осы Ережеде белгіленген тәртіппен алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап үш айдан кейін өткізіледі. Аттестатталмаған қызметкер аттестаттау өткізілген қызметке байланысты жұмыстарға жіберілмейді.
Пайдаланушы ұйымның персоналын
аттестаттаудан өткізу ережесіне
1-қосымша
Персоналды аттестаттаудан өткізуге қажетті құжаттардың тізімi
1. Аттестатталушы қызметкердің жеке деректері (паспорт деректері, тұрғылықты жері, білім беру мекемесі және дипломға сәйкес мамандығы көрсетілген білімі).
2. Жұмыс тәжірибесін және ұзақтығын растайтын құжаттар.
3. Егер бар болса, алдыңғы аттестаттаулар бойынша мәліметтер (қашан және кім өткізді).
4. Қызметкердің лауазымдық нұсқаулығы.
Жұмыс орындарындағы оқуын немесе оқу ұйымдары көрсетілген қосарлануды қоса алғанда, қызметкердің өткен бастапқы дайындығын растайтын құжаттар, оқу курстарының және дайындық бағдарламалары модульдарының қысқаша сипаттамасы, емтиханда алған бағаларын қоса алғанда, оқу нәтижелері туралы деректер, қондырғылардың операторлары үшін - тренажерлық дайындығы*.
6. Біліктілікті растайтын құжаттар - оқу ұйымдары, дайындық бағдарламаларының қысқаша сипаттамасы, оқу нәтижелері туралы деректер мен алынған бағалар.
7. Медициналық және психологиялық-физиологиялық тексерулерден өткені туралы анықтамалар.
8. Мемлекеттік органдар берген қазір бар немесе бұрын болған рұқсаттар, рұқсат берулер туралы ақпарат.
9. Қызметкердің құпия ақпаратпен жұмыс істеуге жіберілгенін жазбаша растау (қажет болған кезде).
______________
* ұсыным берілген күн мен тренажерлық дайындық курсын бітірген күннің арасындағы мерзім бір жылдан аспайды.
Пайдаланушы ұйымның персоналын
аттестаттаудан өткізу ережесіне
2-қосымша
____________№___________ аттестаттау парағы
____________________________________________
(Т.А.Ә)
Аттестаттау комиссиясының
шешімі _____________________________________________________
____________________________________________________________
____________________________________________________________
__________________________________________________________
лауазымы бойынша міндеттерді уақытша орындау құқығымен:
____________________________________________________________
(лауазымы, бөлімше)
Аттестаттау комиссиясының төрағасы ____________
Аттестаттау комиссиясының мүшелері ____________
М.О
200___ «____»____________