4) Автомобиль көлігімен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерінде белгіленген нормалар шегінде қол жүгін өзімен бірге тегін алып жүруге құқығы бap.
76-бап. Автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру
1. Егер:
1) автомобиль жолдарының өткізу қабілеті белгілі бір маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың тұрақты қозғалысын жүзеге асыруға мүмкіндік берсе;
2) автомобиль жолдарының жай-күйі және олардың жайластырылуы жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес келсе, жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау ұйымдастырылуы мүмкін.
Жолаушыларды және багажды облысішілік тұрақты тасымалдаудың маршруттық желісін қалыптастыру кезінде облыстардың (республикалық маңызды қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары кенттердің, ауылдардың (селолардың) аудан орталықтарымен және аудан орталықтары мен облыс орталығының және өзге жақын орналасқан облыстық маңызды қалалар арасындағы байланыстың басымдылығын басшылыққа алады.
2. Жолаушыларды және багажды автомобильмен облысішілік, қалалық, қала маңындағы тұрақты тасымалдауды аталған жолаушыларды және багажды тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын конкурста ұтып алған және облыстардың (республикалық маңызды қаланың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызды қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген құзыреті шегінде жасалған шарттар негізінде қызмет көрсетуге құқық беретін куәлік алған тасымалдаушылар жүзеге асырады.
2. Жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық тұрақты тасымалдауды маршруттарға қызмет көрсету құқығын конкурста ұтып алған және уәкілетті орган арасында жасалған шарттар негізінде қызмет көрсетуге құқық беретін куәлік алған тасымалдаушылар жүзеге асырады.
Жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру Қазақстан Республикасында күшіне енген халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган мен шетелдік мемлекеттің құзырлы көлік органы арасындағы маршруттарды (жолаушыларды отырғызу мен түсірудің бастапқы, соңғы және аралық пункттерін көрсете отырып) және автобустар қозғалысының кестесін келісу бойынша жүзеге асырылады.
Жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тұрақты тасымалдауды орындау уәкілетті орган мен шетелдік мемлекеттің құзырлы көлік органының рұқсат ету құжаттарының негізінде жүзеге асырылады.
Жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, облысішілік, қалалық және қаламаңындық тасымалдаудың тұрақты маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурстарға конкурстық ұсыныстарда оларға тиесілі автобустардың елу пайыздан астамы меншік құқығында екендігін көрсеткен тасымалдаушылар жіберіледі.
Жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, облысішілік, қалалық және қаламаңындық тасымалдаудың тұрақты маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурстар мемлекеттік сатып алуға жатпайды.
3. Жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, облысішілік, қалалық және қаламаңындық тасымалдаудың тұрақты маршруттарын облыстардың (республикалық маңызды қаланың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызды қалалардың) жергілікті атқарушы органдары конкурстық негізде тасымалдаушылар арасына бөледі.
4. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдаудың маршруттарында (халықаралықтан басқа) қозғалыстың қосымша кестелері енгізілген жағдайда оларға қызмет көрсету құқығы маршрутқа нақты қызмет көрсетуші тасымалдаушыға беріледі.
Тасымалдаушы қозғалыстың қосымша кестелеріне қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда ұйымдастырушының осы қозғалыс кестесін конкурстық негізде, осы маршрутқа қызмет көрсету шартының қолданыс мерзіміне бөлуге құқығы бар.
5. Жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық және облысішілік қатынастарда тасымалдаудың тұрақты маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурстарды ұйымдастыру кезінде конкурсты ұйымдастырушы маршрутқа қызмет көрсетудің басымдықтарын анықтауға құқылы, бұл ретте басым бағыттар конкурста жеке қаралады.
6. Жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тасымалдаудың тұрақты маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурста бір қатысушы тіркелсе және осы қатысушының конкурстық ұсыныстары конкурс талаптарына сәйкес келсе, онда ол жеңімпаз болып танылады.
7. Жолаушыларды және багажды қала маңындағы, облысішілік, облысаралық және халықаралық автомобильмен тұрақты тасымалдау осы Кодекске және Автомобиль көлігімен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелеріне сәйкес тасымалдаушылар рұқсат құжаттарын (куәліктерін) ұсынған жағдайда олардың және автовокзалдар немесе автостанциялар әкімшілігінің арасында жасалатын шарттар негізінде автовокзалдардан немесе автостанциялардан ғана жүзеге асырылады.
Автовокзалдар және автостанциялардың осы қызмет түріне Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен рұқсат етілген жолаушылар және багаж тасымалдаушылармен шарт жасасудан бас тартуға құқығы жоқ.
Автовокзалдармен және автостанциялармен шартты бұзуға тасымалдаушыдан рұқсат құжаттарын кері шақыртып алған кезде ғана жол беріледі.
8. Жолаушыларды және багажды халықаралық, облысаралық және облысішілік автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету кезінде тасымалдаушы маршрут бойынша қозғалыс кестесінде көрсетілген пункттерге сәйкес жолаушыларды отырғызу мен түсіруге құқылы.
9. Маршрут бойынша төрт жүз километрден артық аялдамасыз қозғалыс жағдайында тасымалдаушы жолаушылардың демалысы мен мұқтаждықтарын қамтамасыз ету үшін он минуттан кем емес технологиялық аялдамаларды қарастыруы тиіс. Технологиялық аялдамаларда жолаушыларды отырғызуға тыйым салынады.
Бұл ретте жолаушының тасымалдау шартын мерзімінен бұрын бұзу құқығына қол сұғылмайды.
10. Жолаушыларды және багажды халықаралық қатынаста тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағындағы аялдама пункттері арасында жолаушыларды тасымалдауға жол берілмейді.
11. Жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тасымалдаудың тұрақты маршруттарын ұйымдастырушылар жаңа маршруттар ашу кезінде жолаушылар ағынын зерделеу үшін оған қызмет көрсету құқығын екі ай мерзімге жекелеген тасымалдаушыларға бере алады. Зерделеу қорытындылары бойынша жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдау ережелерімен белгіленген мерзімдерде осы маршрутқа қызмет көрсету құқығына арналған тиісті конкурсты өткізу туралы шешім қабылданады.
12. Маршрутта (маршруттарда) жұмыс істеу құқығын үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.
77-бап. Автомобиль көлігімен тасымалдаушының құқықтары мен міндеттерi
1. Тасымалдаушының осы Кодекстің 24-бабына сәйкес құқықтары бар және жауапкершілік артады.
2. Автомобильмен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауды жүзеге асырушы тасымалдаушы:
1) автокөлік құралдарының техникалық жарамды күйін қамтамасыз етуге және белгіленген техникалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және өрт қауіпсіздігі талаптарына жай-күйі сай емес автокөлік құралының маршрутқа шығуына жол бермеуге;
2) автокөлік құралдары жүргізушілеріне алдын ала және кезеңімен, соның ішінде рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеру жүргізілуін, еңбек және демалыс режимі сақталуын, автобустарды рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық қарап тексеруін және олар ақаулы болған жағдайда дер кезінде ауыстырылуын қамтамасыз етуге;
3) автобустарды қозғалыс маршруты бойынша орталықтандырылған диспетчерлік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге;
4) жолаушылардың және багаждың тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық облысішілік, қалааралық облысаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде - автовокзалдар, автостанциялар кассалары немесе автобустардың, шағын автобустардың жүргізушілері (кондукторлары) арқылы жол құжаттарын (билеттер) және багаж түбіртектерін сатуды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Автомобиль жолаушыларды және багажды тұрақты емес тапсырыстық, экскурсиялық және туристік тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы:
1) осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
2) рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден және автокөлік құралының техникалық байқаудан өткені туралы белгісі бар борт журналы болуға;
3) жолаушылар отырғызып, түсіретін орындары және тиісті көрсеткіштермен жабдықталған автобустар тұратын арнайы бөлінген алаңдардан тасымалдар ұйымдастыруды қамтамасыз етуге;
4) жолаушылар тізімінің бар болуын қамтамасыз етуге міндетті.
78-бап. Жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының талаптары
1. Жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартында:
1) тариф;
2) жол жүру құжаттарын (билеттер) сату тәртібі мен орны, олардың жолаушыларда болуын бақылауды жүзеге асыру;
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары белгілеген тариф тасымалдау шығындарын жаппаса, сондай-ақ жолаушылар мен багажды жеңілдік жағдайларымен немесе тегін тасымалдау үшін тасымалдаушыға өтем төлеу мөлшері мен мерзімдері;
4) маршрутта пайдаланылатын автобустардың қозғалыс кестесі, үлгісі (класы) және саны;
5) тараптардың шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі;
6) шарттың қолданыста болуының кемінде үш жыл немесе жеті жылдан артық емес ең аз мерзімі көзделуі тиіс (маршрутта қосымша қозғалыс кестелері бойынша қызмет көрсету құқығына арналған шарттардан басқа).
2. Қазақстан Республикасының заң актілерінде жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының өзге де міндетті талаптары белгіленуі мүмкін.
3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларды отырғызудың және түсірудің белгіленген пункттерін ресімдеуді және күтіп-ұстауды қамтамасыз етуге;
2) автобустардың белгіленген қозғалыс кестесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
4. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
1) тасымал үшін автобустардың шартта көзделген санын және үлгісін (класын) пайдалануға;
2) қозғалыс кестесін сақтауға;
3) жол жүргенде автокөлік құралының тиісінше жарақталуын және жолаушыларға сервистік қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті.
Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді атқарады.
5. Жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тұрақты тасымалдауды ұйымдастырудың үлгі шарттары, сондай-ақ автовокзалдар мен тұрақты маршруттарға қызмет көрсететін тасымалдаушылар арасындағы және автовокзалдар мен облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары арасындағы үлгі шарттары жолаушыларды және багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережесімен анықталады.
6. Шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайларда жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тұрақты тасымалдауды ұйымдастырушының жолаушыларды және багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережесімен белгіленген мерзімде жаңа конкурс өткізілгенге дейін маршруттарға қызмет көрсету үшін басқа тасымалдаушыны тағайындауға құқығы бар.
7. Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңнамасы мен шарттың талаптарын орындамауына байланысты конкурсты ұйымдастырушылар шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда тасымалдаушы жолаушыларды және багажды облысаралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы қатынастарда тасымалдаудың тұрақты маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурстарға қатысуға жыл бойы жіберілмейді.
79-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тапсырыстық, экскурсиялық, туристік және халықаралық тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру
1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тапсырыстық, экскурсиялық, туристік және халықаралық тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру кезінде аялдама пункттері жолаушылардың қауіпсіз отырғызылуын және түсірілуін қамтамасыз етуі тиіс және жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдау маршруттарының аялдама пункттерімен дәл келмеуі тиіс.
2. Жолаушыларды және багажды халықаралық тұрақты емес тасымалдауды Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгіленген тәртіппен осындай қызметке жіберілген тасымалдаушылар жүзеге асырады.
3. Елу километрге дейінгі қашықтыққа жолаушыларды және багажды тапсырыстық, экскурсиялық, туристік және халықаралық тұрақты емес тасымалдау кезінде автобустардың жалпы сыйымдылығы бойынша автобустарды толтыруға рұқсат етіледі, елу километрден артық қашықтыққа, сондай-ақ таулы маршруттарды және балаларды тасымалдау кезінде автобустарды толтыру автобуста отыруға арналған орындардың санынан аспауы тиіс, бұл ретте көлемі жолаушыларды және багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережесімен белгіленген шамадан артық қол жүгін тасымалдауға рұқсат етілмейді.
4. Жолаушыларды және багажды тапсырыстық, экскурсиялық, туристік және халықаралық тұрақты емес тасымалдау шарты жазбаша ресімделеді, оның көшірмесі автобуста болуы тиіс.
80-бап. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау
1. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау кемінде екі есігі бар, техникалық жай-күйі автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерінде белгіленген талаптарға сай келетін автобустармен жүзеге асырылады.
2. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға арналған автобустар сары түсті шұғылалы шырақшамен жабдықталуға тиіс.
3. Бұл автобустардың алдына және артына «Балалар тасымалы» деген тану белгісі орнатылуы тиіс.
4. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға жасы кемінде жиырма бестегі, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар жүргізушіге рұқсат етіледі.
5. Екі және одан көп автобустардың легіне жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган көздеген тәртіппен жол полициясының арнаулы автомобильдері ілесіп жүруі тиіс.
81-бап. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру
1. Таксидің жұмысы іс-қимыл аймақтары бойынша бөлінеді:
қала бойынша немесе радиусы елу километрден аспайтын одан тыс жерлерде - қалалық такси;
радиусы елу километрден артық қаладан тыс жерлерде - қала сыртына жүретін такси.
2. Таксимен тасымалдауды жүзеге асыру үшін кем дегенде төрт есігі бар, сериялық жасалған жеңіл автомобильдерді пайдалануға рұқсат етіледі.
Таксимен тасымалдау үшін арнайы басқарылатын, соның ішінде қолмен, сондай-ақ рульдік басқаруы оң жақтағы автокөлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
3. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдау таксимен тасымалдау операторы мен облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органы арасындағы арасында өз құзыреті шектерінде жасасылатын жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттың негізінде жүзеге асырылады. Тасымалдаушылар немесе жекелеген тасымалдаушылармен шарттармен байланысы бар диспетчерлік пункттер таксимен тасымалдау операторы болып істей алады.
Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тараптардың шарт бойынша міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі көзделген.
4. Таксимен тасымалдау операторы:
1) автокөлік құралдарының техникалық түзу жағдайын қамтамасыз етуге және жағдайы белгіленген техникалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін автокөлік құралдарының маршрутқа шығуына рұқсат бepмeугe;
2) автокөлік құралдарының жүргізушілерін алдын ала және мерзімді, соның ішінде сапар алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық қарап тексерудің жүргізілуін, олардың еңбек және демалыс режимін сақтауын қамтамасыз етуге;
3) жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оған қажетті қолайлылықтар мен қызмет көрсету жағдайларын туғызуға;
4) багаждың дер кезінде тасымалдануын және сақталуын қамтамасыз етуге;
5) автокөлік құралдарын қозғалыс маршруты бойынша орталықтандырылған диспетчерлік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге;
6) жолаушыларды және багажды тасымалдауға арналған тарифтерді жариялауға және жарияланған тарифтерді сақтауға;
7) жолаушыларды және багажды тасымалдау үшін жолаушыларды және багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережесіне сәйкес таксометрлермен жарақталған және айыру белгілері бар таксиді пайдалануға міндетті.
Таксимен тасымалдау операторы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерге жауапты болады.
5. Тасымалдаушының жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдау кезінде:
1) таксидің тұруы, жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін арнайы жабдықталған такси аялдамаларын пайдалануға;
2) автомобиль жолының кез келген учаскелерінде жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін сақтай отырып отырғызуды және түсіруді жүргізуге құқығы бар.
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтары бар.
6. Таксидің тиімді жұмыс істеуі және жолаушылардың оларды барлық жолаушылар жиналатын пункттерде (аэропорт, вокзалдар, ірі сауда және мәдениет орталықтары) пайдалану үшін қолайлылықтар туғызу үшін облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының көлік заңнамасына сәйкес такси аялдамаларын ұйымдастыруды және жабдықтауды қамтамасыз етеді.
82-бап. Жалпы пайдаланудағы көлікпен тасымалдау кезінде жолаушылардың жекелеген санаттарына арналған басымдықтар
1. Жолаушылардың жекелеген санаттары мынадай басымдықтарға ие:
1) автобусқа, таксиге кезексіз отыру құқығы;
2) автобус салонының алдыңғы бөлігінен арнаулы орын алу.
Аталған басымдықтарды мүгедектер, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мектеп жасына дейінгі балалары бар жолаушылар пайдаланады;
3) кезексіз билеттер сатып алу құқығы бар.
Аталған басымдықты Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар пайдаланады.
2. Автовокзалдарда:
1) 5 жасқа дейінгі балалары бар жолаушыларға және жүкті әйелдерге қосымша қызмет көрсетуге арналған ана мен бала бөлмесі;
2) мүгедек-жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған қондырғылар жасалады;
3) жолаушыларды жалпы отырғызуға дейін фельдъегерлік және арнаулы байланыс қызметтерінің қарулы қызметкерлерін кедергісіз отырғызуға жағдай жасау.
3. Жалпы пайдаланудағы көлік мүгедек жолаушылардың мініп-түсуіне арналған құрылғылармен жабдықталады.
83-бап. Автокөлік құралдарын беру, жүктерді тиеу және түсіру
1. Тасымалдаушы Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау ережелеріне және шартқа сәйкес жүктерді автомобильмен тасымалдауға жарамды автокөлік құралдарын автомобильмен жүк тасымалдауға қабылданған өтінімде (тапсырыста) немесе шартта белгіленген мерзімде тиеу үшін жүк жөнелтуге беруге міндетті.
2. Жүктерді автокөлік құралына тиеу (бекіту, жабу, байлау), сондай-ақ жүктерді түсіру Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау ережелерінде көзделген талаптар сақтала отырып, шартта көзделген тәртіп пен мерзімдерде жүзеге асырылады.
Тасымалдаушы не жүк жөнелтуші өзінің сипатына қарай автомобиль жолдарының ластануын туғызуы және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер-төндіруі мүмкін жүктердің жабылуын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Жүк жөнелтуші автокөлік құралдары жүк тиейтін орынға келгенге дейін жүкті автомобильмен тасымалдауға тиеу, тасымалдау қауіпсіздігі, жүктің және автокөлік құралының сақталуы қамтамасыз етілетіндей етіп дайындауға міндетті.
84-бап. Құндылығы жарияланған жүктерді автомобильмен тасымалдау
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушімен (жүк алушымен) келісім бойынша құндылығы жарияланған жүктер тасуы мүмкін.
2. Ілесусіз тасымалданатын бағалы металдарды (тастарды), олардан жасалған бұйымдарды, өнер заттарын, антикварлық мүліктерді және өзге де көркем құндылықтарды, бейне- және дыбыс аппаратураларын, электрондық-есептеу және көбейту техникаларын, машиналардың тәжірибелік үлгілерін, жабдықтарды, аспаптарды, жеке (тұрмыстық) қажетке арналған жүктерді тасымалдаған кезде құндылықты жариялау міндетті.
3. Құндылығы жарияланған жүктерді тасымалдау үшін жүк жөнелтушіден (жүк алушыдан) қосымша ақы алынуы мүмкін, оның мөлшері жүкті автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тараптардың келісімімен белгіленеді.
85-бап. Ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді автомобильмен тасымалдау
Бөлінбейтін ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға рұқсат етілмейді.
Бөлінбейтін ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау кезінде жүк жөнелтуші көліктік бақылау органы беретін арнайы рұқсат алынуын қамтамасыз етуі тиіс.
86-бап. Автомобиль көлігімен тасымалдау жөніндегі міндеттемелердің бұзылғаны үшін жауапкершілік
Автомобиль көлігімен тасымалдау туған міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда тараптар негіздер бойынша және осы Кодекстің 1-бөлімінің 7-тарауында белгіленген мөлшерде жауап береді.
4-параграф. Халықаралық қатынастағы автомобиль тасымалдары
87-бап. Халықаралық қатынастағы автомобиль тасымалдарын реттеу
1. Халықаралық қатынастағы тасымалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Халықаралық қатынастағы тасымалдарды орындаудың рұқсат етілген жүйесі қолданылатын елдерге халықаралық қатынастағы тасымалдарды орындау рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.
Шет мемлекеттің тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруге-рұқсаттар беру және Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүруге рұқсаттар беру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес не болмаса шет мемлекеттердің өкілетті көлік органдарымен келісім бойынша жүргізіледі.
Егер халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат ету жүйесі қолданылатын елдерге қатысты рұқсаттарға сұраныс Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына беруге арналған рұқсаттар санынан асса (шетелдік тапшы рұқсаттар), онда көліктік бақылау органының:
1) гуманитарлық жүктерді автомобильмен тасымалдау;
2) Қазақстан Республикасында өндірілетін жүктерді автомобильмен экспорттық тасымалдау;
3) тікелей аралас қатынаста жүктерді тасымалдау;
4) тез бүлінетін өнімдерді тасымалдау үшін бірінші кезекте берілетін рұқсаттар резервін айқындауға құқығы бар.
4. Рұқсаттарды, соның ішінде шетелдік тапшыларын бөлу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Қазақстан Республикасы тасымалдаушыларының және шет мемлекет тасымалдаушыларының халықаралық қатынаста тасымалдарды орындаған кезде Қазақстан Республикасының көлік заңнамасын сақтауын бақылауды уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асырады.
6. Шет мемлекет тасымалдаушылары Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық қатынаста тасымалдарды орындаған кезде пайдаланатын автокөлік құралдарын көліктік бақылау органдарының лауазымды адамдары қарап тексеруі мүмкін.
7. Шетелдік автомобиль тасымалдаушыларының жолаушыларды, багажды және жүктерді Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауына рұқсат етілмейді.
8. Автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүргені үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен белгіленген тәртіпте алым алынады.
5-параграф. Автовокзалдар және автостанциялар
88-бап. Автовокзалдардың және автостанциялардың жіктелімi
1. Автовокзалдар және автостанциялар жолаушыларға және автобустардың жүргізушілеріне қызмет көрсетуге арналған және оған автобустарды техникалық қарап тексеру, маршрутқа шығар алдында жүргізушілерді медициналық куәландыру пункттері, билет кассалары, жолаушыларға мәдени-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық қызмет көрсету жайлары мен автовокзалдардың, автостанциялардың қызметкерлеріне арналған өзге де қызметтік жайлар кіретін қалалық қозғалыстан оқшауландырылған құрылыстар кешені болып табылады.