515-бап. Кемені тұтқындау негіздерi
1. Кемені тұтқындау теңіз талабын қамтамасыз ету үшін кемені кідіртіп қою немесе оның жүріс-тұрысын шектеу болып табылады.
2. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеме кепілімен қамтамасыз етілген теңіз талабы бойынша ғана кеме тұтқындалуы мүмкін.
3. Теңіз талабын қамтамасыз ету мақсатымен, басқа мемлекеттің сотында қаралуға тиіс теңіз талабы туралы тиісті шарттың талаптарына қарамастан, кеменің тұтқындалуы мүмкін.
4. Теңіз талаптарына жатпайтын талаптар бойынша кеме:
1) кеме иесінің банкротқа ұшырауы немесе кеме иесінің - заңды тұлғаның таратылуы;
2) қылмыстық іс бойынша тәркілеудің қамтамасыз етілуі жағдайларында ғана тұтқындалуы мүмкін.
5. Бұл тарау осы Кодексте көзделген теңіз порты капитанының кемені теңіз портынан шығаруға рұқсат беруден бас тарту, кеме мен жүкті кідіртіп қою құқықтарын қозғамайды.
6. Осы тарауда реттелмеген, кемені тұтқындаудан туындайтын құқық қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
516-бап. Теңіз талабы
Мыналар:
1) кемені пайдалану кезінде залал келтірілуіне;
2) кемені пайдаланумен тікелей байланысты құрғақта не суда азаматтың өмірі мен денсаулығына залал келтірілуіне;
3) құтқару операциясын немесе құтқару туралы шартты жүзеге асыруға;
4) егер мұндай талап Қазақстан Республикасының халықаралық шартынан, Қазақстан Республикасының заңнамасынан немесе шарттан туындайтын болса, залалды болғызбау немесе азайту жөнінде шаралар қолдануға жұмсалған шығыстарға, соның ішінде қоршаған ортаға келтірілген залалға, сондай-ақ осындай шаралар келтірген немесе келтіруі мүмкін залалға;
5) суға батқан кемені немесе оның жүгін шығарып алуға, аластауға немесе жоюға жұмсалған шығыстарға;
6) кемені пайдалану туралы шартқа;
7) жүкті теңіз арқылы тасымалдау шартына немесе теңізде жолаушылар тасымалдау шартына;
8) кемедегі жүктің немесе багаждың жоғалуына, кем шығуына немесе зақымдануына (бүлінуіне);
9) жалпы аварияға;
10) лоцмандық алып өтуге;
11) сүйретіп жүзуге;
12) тамақ өнімдерін, материалдар, отын, қорлар, жабдықтар, соның ішінде кемені пайдалану немесе оны күтіп ұстау үшін қажетті контейнерлер беруге;
13) кеменің жасалуына, жөнделуіне, жаңғыртылуына немесе қайта жабдықталуына;
14) теңіз портында алынатын алымдар мен төлемдерге;
15) кеме капитаны мен кеме экипажының басқа мүшелеріне тиесілі жалақыға және басқа да сомаларға;
16) кемеге қатысты жұмсалған шығыстарға;
17) сақтандыру сыйлықақысына;
18) теңіз агентінің, теңіз брокерінің сыйақысына;
19) кемеге меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар туралы дауға;
20) кеменің меншік иелері арасындағы кемені пайдалану мен пайданы бөлу туралы дауға;
21) кемені сатып алу-сату шартынан туындайтын дауға байланысты мәлімделген кез келген талап теңіз талабы болып табылады.
517-бап. Тұтқынға алуға жол берілмейтін кеме
1. Теңіз талаптары бойынша:
1) тұтқынға алынатын кезге қарай кемеге меншік құқығы үшінші тұлғаларға берілген;
2) кемені өзге кеме жалдаушы жалдап алған жағдайларда кемені тұтқынға алуға жол берілмейді.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер кемеге меншік құқығы мен өзге де заттық құқыққа қатысты қолданылмайды.
518-бап. Тұтқындалған кеменің иесін қорғау
1. Сот кемені тұтқынға алудың немесе оның бұрынғы тұтқынға алынуының ұзартылу талабы ретінде кемені тұтқынға алуды немесе тұтқындаудың ұзартылуын талап етуші тұлғаға кемені тұтқынға алу салдарынан келтірілуі мүмкін зияндарға байланысты сот айқындай алатын көлем мен жағдайларда қамтамасыз етудің берілуін міндеттеуге құқылы.
Бұл ереже осы Кодекстің 524-бабының 15) тармақшасында көзделген талап бойынша кемені тұтқынға алуды немесе тұтқынға алудың ұзартылуын талап етуші тұлғаға қатысты қолданылмайды.
2. Тұтқындалған кеме иесінің талап етуі бойынша кемені тұтқынға алған немесе кеменің тұтқынға алынуын болғызбау үшін талаптың өзгеше қамтамасыз етілуі жөнінде шаралар қолданған сот талап етуі бойынша кеме тұтқынға алынған немесе қамтамасыз етілген тұлғаның кеменің тұтқынға алуынан келтірілген зиян үшін жауапкершілік мөлшерін анықтауға құқылы.
3. Қамтамасыз етуді ұсынған тұлға қамтамасыз ету шарасын азайту, өзгерту немесе күшін жою туралы өтініммен сотқа жүгінуге құқылы, сондай-ақ теңіз талабын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда оның талабы бойынша сот кемені тұтқындаған немесе бұрынғы тұтқынға алу мерзімі ұзартылған тұлғаға теңіз талабын қамтамасыз ету шаралары келтірген залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.
18-параграф. Теңіздегі наразылық
519-бап. Теңіздегі наразылық
1. Кеме жүзіп жүрген немесе тоқтап тұрған уақытта кеме иесіне мүліктік талаптар қою үшін негіз бола алатын оқиға орын алған жағдайда, кеме капитаны дәлелдемелерді қамтамасыз ету мақсатында теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме беруге тиіс.
2. Теңіздегі наразылықта оқиғаның мән-жайы мен оны туғызған себептер жөнінде толық ақпарат, соның ішінде залал туралы және залалды болғызбау немесе азайту жөнінде қолданылған шаралар туралы ақпарат болуға тиіс.
520-бап. Теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме
1. Теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме:
1) Қазақстан Республикасының портында - нотариуске;
2) шетел портында - Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінің лауазымды адамына немесе тиісті мемлекеттің заңдарында белгіленген тәртіппен шет мемлекеттің құзыретті лауазымды адамына беріледі.
2. Егер оқиға:
1) теңіз портында болса, оқиға болған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде;
2) кеме жүзіп жүрген кезде болса, кеменің немесе кеме капитанының оқиға болғаннан кейін алғашқы теңіз портына келген кезінен бастап жиырма төрт сағат ішінде теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме беріледі.
Оқиға жүзіп жүрген кезде болған жағдайда, оқиға болғаннан кейін алғашқы портқа кіруге байланысты кететін уақыт пен жұмсалатын шығыстардың елеулі ысырабын болғызбау үшін, теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме кеменің немесе кеме капитанының оқиға болғаннан кейін алғашқы порт болып табылмайтын портқа келген кезінде берілуі мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімде теңіздегі наразылықты мәлімдеу мүмкін болмаған жағдайда, мұның себептері теңіздегі наразылық туралы мәлімдемеде көрсетілуге тиіс.
4. Егер мұндай құқық тиісті халықаралық шартта көзделсе, шетел кемелері капитандарының өз кемесі туын көтеріп жүзіп жүрген мемлекеттің консулдық мекемелеріне теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме беруге құқығы бар.
521-бап. Жүкке келтірілген залалға қатысты теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме
Оқиға салдарынан кемедегі жүкке залал келтірілген жағдайда, теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме люктер ашылғанға дейін берілуге тиіс. Теңіздегі наразылық мәлімденгенге дейін кемедегі жүкті түсіруге аса қажетті жағдайда ғана жол беріледі.
522-бап. Теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме жіберілген тұлғаға кеме журналының берілуi
1. Кеме капитаны теңіздегі наразылық туралы мәлімдеме берілген тұлғаға кеме немесе кеменің капитаны теңіз портына келген, сондай-ақ оқиға портта орын алған болса, оқиғаның өзі болған кезден бастап жеті күн ішінде танысу үшін кеме журналын және кеме журналынан үзінді жазбаны өзі куәландырып беруге міндетті.
2. Кеме журналы жойылған (жоғалған) жағдайда кеме журналының жойылуының (жоғалуының) мән-жайы мен себептері теңіздегі наразылық туралы мәлімдемеде баяндалуға тиіс.
523-бап. Теңіздегі наразылық туралы акт жасау
Теңіздегі наразылық туралы мәлімдемені қабылдауға уәкілетті тұлғалар кеме капитанының мәлімдемесі, кеме журналының деректері, кеме капитанынан және қажет болған жағдайда кеме экипажының басқа мүшелерінен сұрастыру негізінде теңіздегі наразылық туралы акт жасайды.
19-параграф. Қолданылатын құқық
524-бап. Сауда мақсатында теңізде жүзу саласында шетелдік элемент қиындатқан қатынастарға қолданылуға тиісті құқықты айқындау
1. Сауда мақсатында теңізде жүзу саласында шетелдіктердің немесе шетелдік заңды тұлғалардың қатысуымен не шетелдік элемент қиындатқан қатынастарға қолданылуға тиісті құқық Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, осы Кодекс, Қазақстан Республикасында күшіне енген халықаралық шарттар және сауда мақсатында теңізде жүзудің танылған үрдістері негізінде айқындалады.
2. Осы Кодексте көзделген шарт тараптардың келісімімен таңдап алынған елдің құқығымен реттеледі.
Шарт тараптарының тұтас шарт үшін де, оның жекелеген бөліктері үшін де қолданылатын құқықты таңдап алуына болады.
Шарт тараптарының келісімімен құқық таңдау тасымалдаушыны жолаушының өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян, жүктің немесе багаждың жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлінуі) үшін осы Кодексте белгіленген жауапкершіліктен не оның жауапкершілігін шектеуден босатпайды.
3. Шарт тараптарының шартқа қолданылуға тиісті құқық туралы келісімі болмаған жағдайда:
1) теңіз тасымалы шартында - тасымалдаушы;
2) теңізде агенттік ету, тайм-чартер және бербоут-чартер шартында - кеме иесі;
3) сүйретіп жүзу шартында - сүйретіп жүзетін кеменің иесі;
4) теңіз делдалдығы шартында - сенімгер;
5) теңіз сақтандыру шартында - сақтандырушы болып табылатын тарап құрылған, тұрғылықты жері немесе қызметінің негізгі орны бар елдің құқығы қолданылады.
525-бап. Кемеге меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар
1. Кемеге меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар, сондай-ақ олардың пайда болуы мен тоқтатылуы осы кеме мемлекеттік тізілімге енгізілген елдің құқығы бойынша айқындалады.
2. Жасалып жатқан кемелер тізілімінде тіркелмеген жасалып жатқан кемеге құқық, егер кемені жасау туралы шартта өзгеше көзделмеген жағдайда, кемені жасауға қабылдаған немесе кеме жасалып жатқан елдің заңымен айқындалады.
526-бап. Кеме экипажы мүшелерінің құқықтық жағдайы
1. Кеме экипажы мүшелерінің құқықтық жағдайы мен кемені пайдалануға байланысты кеме экипажы мүшелерінің арасындағы қатынастар кеме туы елінің заңымен айқындалады.
2. Егер кеме иесі мен шетелдіктер болып табылатын кеме экипажы мүшелерінің арасындағы қатынастарды реттейтін шартта өзгеше көзделмеген жағдайда, кеме иесі мен кеме экипажы мүшелерінің арасындағы қатынастар кеме туы елінің құқығымен реттеледі.
Кеме иесі мен кеме экипажы мүшелерінің арасындағы еңбек қатынастарына қатысты қолданылуға тиіс құқықты еңбек шарты тараптарының таңдауы кеме экипажы мүшелерінің құқықтарын шектеуге, тараптардың келісімі болмаған кезде құқығы қолданылуға тиіс елдің заңдарында белгіленген еңбек жағдайларының нашарлауына және кепілдіктердің бұзылуына әкеп соқпауға тиіс.
527-бап. Суға батқан мүлікке құқық
1. Ішкі теңіз суларында немесе аумақтық теңізде суға батқан мүлікке меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтар, сондай-ақ суға батқан мүлікке байланысты туындайтын қатынастар аумағында мүлік суға батқан елдің құқығы бойынша айқындалады.
2. Ашық теңізде суға батқан кемеге, ондағы жүк пен өзге де мүлікке меншік құқығы мен басқа да заттық құқықтар кеме туы елінің құқығы бойынша айқындалады.
528-бап. Жалпы авария
1. Жалпы авариядан туындайтын қатынастар тараптардың қолданылуға тиіс құқық туралы келісімі болмаған жағдайда, жалпы авария туғызған оқиғадан кейін портында кеме рейсін аяқтаған елдің құқығымен реттеледі.
Белгілі бір елдің азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдары болып табылатын адамдар арасындағы жалпы авария бойынша қатынастарға сол елдің құқығы қолданылады.
2. Егер жалпы авария Қазақстан Республикасында бөлінетін болса, оны бөлу тәртібі осы тараудың он бірінші параграфына сәйкес реттеледі.
529-бап. Кемелер соқтығысқан жағдайда туындайтын қатынастар
1. Кемелердің ішкі теңіз суларында және аумақтық теңізде соқтығысуынан туындайтын қатынастар аумағында соқтығысу болған елдің құқығымен реттеледі.
2. Кемелердің соқтығысуы ашық теңізде болған және дау Қазақстан Республикасының сотында қаралатын жағдайда осы тараудың он екінші параграфында белгіленген ережелер қолданылады.
3. Бір мемлекеттің туын көтеріп жүзіп жүрген кемелердің соқтығысуы жағдайында туындайтын қатынастарға, кемелер соқтығысқан жерге қарамастан, кеме туы елінің құқығы қолданылады.
530-бап. Теңіздің кемелерден аққан мұнаймен ластануынан залал келтірілуі кезінде туындайтын қатынастар
Теңіздің кемелерден аққан мұнаймен ластануынан залал келтірілген кезде осы тараудың он үшінші параграфында белгіленген ережелер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында теңіздің кемелерден аққан мұнаймен ластануынан келтірілген залалға;
2) олар қай жерде қолданылса да, мұндай залалды болғызбау немесе азайту жөніндегі ескерту шараларына қолданылады.
531-бап. Теңізде қауіпті жүктерді тасымалдауға байланысты залал келтірілуі кезінде туындайтын қатынастар
Теңізде қауіпті жүктерді тасымалдауға байланысты залал келтірілген кезде осы тараудың он үшінші параграфында белгіленген ережелер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында, соның ішінде аумақтық теңізде келтірілген залалға;
2) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде, соның ішінде аумақтық теңізде қоршаған ортаның ластануынан келтірілген залалдан өзге залалға, егер мұндай залал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кеменің бортында тасымалданатын қауіпті және зиянды заттардан келтірілген болса;
3) олар қай жерде қолданылса да, залалды болғызбау немесе азайту жөніндегі ескерту шараларына қолданылады.
532-бап. Кемені және өзге де мүлікті құтқарудан туындайтын қатынастар
1. Кемені және өзге де мүлікті аумақтық суларда құтқарудан туындайтын қатынастарға қолданылуға тиіс құқық туралы тараптардың келісімі болмаған жағдайда, аумағында құтқару орын алған елдің құқығы қолданылады, ал егер құтқару ашық теңізде жүзеге асырылса және дау Қазақстан Республикасында қаралса, осы тараудың он төртінші параграфында белгіленген ережелер қолданылады.
2. Құтқарушы және құтқарылған кемелер бір мемлекеттің туын көтеріп жүзген жағдайда, құтқару қайда орын алғанына қарамастан, кеме туы елінің құқығы қолданылады.
3. Құтқарған кеме иесінің, оның капитанының және кеме экипажының басқа мүшелерінің арасында сыйақыны бөлуде кеме туы елінің құқығы қолданылады, ал, егер құтқару кемеден жүзеге асырылмаған болса, құтқарушы мен оның қызметкерлері арасындағы қатынастарды реттейтін шартқа күшінің ықпалы болатын заң қолданылады.
3-бөлім. Жүктерді тікелей аралас тасымалдау
14-тарау. Жүктерді тікелей аралас тасымалдау саласындағы басқару
533-бап. Жүктерді тікелей аралас тасымалдау саласында реттеу және бақылау мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыретi
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) тікелей аралас тасымалдар саласында халықаралық ынтымақтасуды жүзеге асыру;
2) тікелей аралас тасымалдарды жүзеге асырудың тәртібін белгілейтін заңнамалық және өзге де актілердің, нормалардың жобаларын әзірлеу;
3) тікелей аралас тасымалдарды дамытудың тұжырымдамаларын және мемлекеттік ұлттық бағдарламаларын әзірлеу, инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік саясатты қалыптастыру және жүргізу;
4) құзыретіне сәйкес тікелей аралас тасымалдарды дамытуды мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру;
5) Қазақстан Республикасы экономикасының және тұрғындарының тікелей аралас тасымалдарға және олармен байланысты қызметтерге қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау;
6) тікелей аралас тасымалдардың қызмет етуі және дамуы үшін қолайлы экономикалық және өзге де жағдайларды қамтамасыз ету;
7) көліктік қызметтерді тұтынушылар құқықтарының сақталуына бақылау жасау;
8) тікелей аралас тасымалдар саласында техникалық регламенттер әзірлеу жатады.
534-бап. Қазақстан Республикасының аумағында тікелей аралас тасымалдар саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, қызметі тікелей аралас тасымалдар саласында қызмет көрсету болып табылатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы аралас тасымалдар операторы бола алады.
2. Тікелей аралас тасымалдар операторы тікелей аралас тасымалдар саласында зияндар мен залалдарға ақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді Қазақстан Республикасының заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес қамтамасыз етеді.
535-бап. Баға белгілеу
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен өзгеше көзделмесе, аралас тасымалдар операторының қызметтеріне, аралас тасымалдар пункттері иелерінің және тікелей аралас тасымалдарға қатысушы өзге де тұлғалардың қызметтеріне баға тараптардың келісімі бойынша белгіленеді.
2. Тікелей тасымалдарға қатысушы тасымалдаушылардың қызметтеріне баға индекстің 19-бабының 1, 2, 6-тармақтарына сәйкес белгіленеді.
536-бап. Жүктер күзету
1. Жүктерді жол бойына күзету осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тікелей аралас тасымалдауға қабылданатын тез бүлінетін, қауіпті, сондай-ақ міндетті ілесіп жүруді талап ететін жүктердің тізбесін белгілеу көліктің әрбір түрінде қолданылатын тасымалдау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Тікелей аралас тасымалдар операторы жүк иесімен, жүк алушымен және (немесе) тасымалдаушымен келісімдер шартымен тасымалданатын жүктер мен көлік құралдарын күзетуді ұйымдастыруға құқығы бар.
15-тарау. Жүктерді тікелей аралас тасымалдарды ұйымдастыру
537-бап. Тікелей аралас тасымалдарды жүзеге асырудың құқықтық негіздерi
1. Жүктерді тікелей аралас тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасасылған тікелей аралас тасымалдау шартының негізінде жүзеге асырылады.
2. Тікелей аралас тасымалдарды ұйымдастырғанда тікелей аралас тасымалдар операторы тікелей аралас тасымалдар шарты бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында үшінші тұлғалармен шарт (шарттар) жасасуға құқылы. Тікелей аралас тасымалдар операторы шартты (шарттарды) үшінші тұлғалармен (тасымалдаушылармен, ақтару пункттерінің иелерімен және т.б.) өз атынан жасасады.
3. Тікелей аралас тасымалдар операторы әр тасымалдаушымен жеке жасасатын тасымалдаудың жеке шарттарының негізінде көліктің әртүрлі түрлерімен жүзеге асырылатын жүктерді тасымалдау осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
538-бап. Тікелей аралас тасымалдар операторының негізгі құқықтары мен міндеттерi
1. Тікелей аралас тасымалдар операторының:
1) егер көліктік экспедиция шартымен өзгеше көзделмеген жағдайда, көліктің оңтайлы түрін, тасымалдаушылар мен тасымалдау маршруттарын өзінің қалауы бойынша таңдауға;
2) тікелей аралас тасымалдарды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тасымалданатын жүкті кедендік ресімдеуге беруді ұйымдастыруға;
3) егер тікелей аралас тасымалдар шартында тікелей аралас тасымалдар операторы өз міндеттерін жеке өзі орындауы тиіс деп көрсетілмесе, өзінің міндеттерін орындауға басқа тұлғаларды тартуға;
4) тікелей аралас тасымалдар шартын бұзғаны үшін өзінің жауапкершілігін сақтандыруға;
5) форс-мажорлық мән-жайлар туындаған жағдайда ол жайында екінші тарапты ақылға сыйымды мерзімде ескерте отырып, тікелей аралас тасымалдар шартын орындауды тоқтатуға құқығы бар;
6) тікелей аралас тасымалдар шартымен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де құқықтары бар.
2. Тікелей аралас тасымалдар операторы:
1) тікелей аралас тасымалдар шартына сәйкес клиенттің мүддесін сақтай отырып, тікелей аралас тасымалдар шартымен белгіленген жүк тасымалдарымен байланысты қызметтерді тиісінше орындауға немесе ұйымдастыруға;
2) тікелей аралас тасымалдарды жүзеге асырғанда қатерлерді азайту мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың болуы міндетті жағдайларда тасымалдаушылардың лицензияларды тапсыруын талап етуге;
3) клиентке алынған ақпараттың анықталған кемшіліктері хабарлауға, ал ақпарат толық болмаған жағдайда, клиенттен қажетті қосымша деректер сұратып алуға;
4) тікелей аралас тасымалдар шартымен көзделген жағдайларда жүк жөнелтушіге көлік құралдарының, ақаусыз және аталған тасымалдарға жарамды күйде, келісілген мерзімдерде уақтылы берілуін қамтамасыз етуге;
5) тікелей аралас тасымалдар саласында қызметті жүзеге асыруда тікелей аралас тасымалдар шарттарының және өзге де шарттардың ережелерін сақтауға;
6) шартты орындаудан бір жақты бас тартқанда, басқа тарапқа шартты бұзудан туындаған залалдарды өтеуге міндетті;
7) тікелей аралас тасымалдар шартымен көзделген өзге де міндеттер.
539-бап. Клиенттің негізгі құқықтары мен міндеттерi
1. Клиенттің:
1) егер тікелей аралас тасымалдар шартымен өзгеше көзделмеген жағдайда, көлік құралдары мен тасымалдау маршруттарын өзінің қалауы бойынша таңдауға;
2) егер тікелей аралас тасымалдар шартымен мұндай көзделген жағдайда, оператордан жүкті тасымалдау барысы туралы ақпарат беруін талап етуге;
3) тікелей аралас тасымалдар шартына сәйкес тікелей аралас тасымалдар операторына нұсқау беруге;
4) форс-мажорлық мән-жайлар туындаған жағдайда екінші тарапты ақылға сыйымды мерзімде ескерте отырып, тікелей аралас тасымалдар шартын орандауды тоқтатуға құқығы бар;
5) тікелей аралас тасымалдар шартымен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де құқықтары бар.
2. Клиент:
1) тікелей аралас тасымалдар шартымен белгіленген қызметтерді орындағаны немесе орындалуын ұйымдастырғаны үшін тікелей аралас тасымалдар операторына сыйақы төлеуге;
2) жүкті тасымалдауға көрсетілген көлемде және тікелей аралас тасымалдар шартына сәйкес тікелей аралас тасымалдар операторымен келісілген мерзімде беруге;
3) егер оларды тікелей аралас тасымалдар операторының ресімдеу міндеті шартта көзделмесе, тікелей аралас тасымалдар операторына жүкке қажетті құжаттарды, ал Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарғанда - басқа қажетті құжаттарды беруге;
4) егер ол оның міндеттерін орындау үшін қажетті болса, тікелей аралас тасымалдар операторына сенімхат беруге;
5) тікелей аралас тасымалдар операторына құжаттарды және жүктің қасиеті, оны тасымалдау ерекшеліктері туралы басқа ақпаратты, сондай-ақ тікелей аралас тасымалдар операторының тікелей аралас тасымалдар шартымен көзделген міндеттерді орындауы үшін қажетті өзге де ақпаратты беруге;
6) тікелей аралас тасымалдар операторына тікелей аралас тасымалдар шартымен белгіленген шығындарды өтеуге;
7) шартты орындаудан бір жақты бас тартқанда, тікелей аралас тасымалдар операторына шартты бұзудан туындаған залалдарды өтеуге міндетті;
8) тікелей аралас тасымалдар шартымен және заңнамамен көзделген өзге де міндеттер.
540-бап. Жүктерді аралас тасымалдауда жүзеге асырылатын қызметтер
Тікелей аралас тасымалдар мына қызметтерді, көрсету арқылы жүзеге асырылады:
1) өз атынан тасымалдау шарттарын жасасу;
2) жүктерді жөнелту жерінен тағайындалған жеріне дейін тасымалдауды ұйымдастыру;
3) жүкті жол бойына ілесіп жүруді және/немесе күзетуді ұйымдастыру;
4) буып-түю (ашу), таңбалау, дестелеу, сұрыптау және сақтау;
5) клиенттерді жүкті тасымалдау үшін қажетті алынбалы жабдықпен және контейнерлермен қамтамасыз ету;
6) клиентке және тасымалдаушыға бекіту-пломбалау құрылғыларын беру;
7) жөнелтілімдерді жинақтау (жүкті біріктіру, бөлу);
8) тиеу-түсіру жұмыстарын орындау;
9) тасымалдаушыға жүкті беру және тасымалдаушылар арасында жүкті алу;
10) жүктің барар жерін ауыстыруға өтінімді ресімдеу;
11) тасымалдаушымен жүкті тиеудің және бекітудің техникалық шарттарын әзірлеу және келісу;
12) жүктерді бекіту, жабу және байлау, осы мақсаттар үшін қажетті құралдарды беру;
13) клиенттің шарттары бойынша жүктерді тасымалдаудың оңтайлы схемасын таңдау;
14) жүктің жол бойына жүріп өтуіне бақылау жасау;
15) тасымалдау құжаттарын ресімдеу;
16) жүкпен-ілесіп жүру және күзету;
17) жүк тасымалдарын орындағаны үшін тасымалдаушылармен есеп айырысуды жүзеге асыру;
18) жүкті сақтандыруды ұйымдастыру;
19) кеден құжаттарын ресімдеуді, халықаралық тасымалдарда кедендік рәсімдерді орындауды, төлқұжат-визалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
20) жөнелтушіге жүктелетін баж салығын, алымдар мен басқа шығыстарды төлеу;
21) жүкті тасымалдау бойынша есеп пен есептілікті жүргізу;
22) көлік құралдарын тиімді тиеуді, жүктерді орналастыру және бекіту схемаларын есептеу;
23) жүктің қозғалуы (жөнелтілуі, орналасқан жері, келуі) туралы, соның ішінде жүктің шекарадан өтуі туралы, сондай-ақ жүктің ақтару пункттерінде басқа көлік құралдарына қайта тиелгендігі туралы хабардар ету;
24) қызмет түрлері, тарифтер туралы ақпарат және өзге де шұғыл ақпарат;
25) жеткізу мерзімі аяқталған соң жоғалтылған жүкті іздестіруге жәрдемдесу;
26) коммерциялық актілердің және өзге де құжаттардың негізінде кінә қоюды ресімдеу;