Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған
салалық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 ж. 29 қазандағы № 1371 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 17.04.02 ж. № 444 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 27 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Тұрақты демографиялық және экономикалық дамуды қамтамасыз ететiн көші-қон саясатын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасы (бұдан әрi Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың басшылары мен басқа да мемлекеттік органдар (келісiм бойынша) Бағдарламаны iске асыру жөніндегі Жоспарда белгiленген iс-шараларды iске асыруды қамтамасыз етсiн және жыл сайын, есептi жарты жылдықтан кейiнгi айдың 10-күнiнен кешіктiрмей Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөніндегі агенттiгiне олардың орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөніндегі агенттiгi жыл сайын, есептi жарты жылдықтан кейiнгi айдың 20-күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын.
4. Бағдарламаның орындалуын қамтамасыз етудi бақылау мен үйлестiру Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөніндегі агенттiгiне жүктелсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 29 қазандағы
№ 1371 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының
2001-2010 жылдарға арналған салалық
Бағдарламасы
Астана қ., 2001 жыл
ПАСПОРТЫ
Атауы Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының
2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасы
(бұдан әрi - Бағдарлама)
Мақсаты Тұрақты демографиялық және әлеуметтік-экономикалық
дамудың қажетті шарттарын жасауға, көшiп-қонушылардың
құқықтарын iске асыру жөнiнде барлық қажетті
жағдайлар жасауға, сондай-ақ елiмiздiң мемлекеттік
қауiпсiздiгін нығайтуға бағытталған көші-қон саясатын
қалыптастыру
Қысқаша мазмұны Бағдарламада: сыртқа көшiп кету процестерiн қысқарту
және тұрақтандыру; көші-қон процестерiн реттеу және
бақылау, соның iшiнде: еңбек көші-қонын жоспарлау
және басқару; адамды сатуға қарсы "күрес"; жасырын
және жария көшi-қонды бақылау және реттеу;
оралмандардың елiмiздiң әлеуметтік-экономикалық және
саяси өмiрiне қайта араласуына барынша жәрдемдесу;
босқындарға байланысты, бір жағынан, олардың
әлеуметтік ортаға араласып кетуiне және, екiншi
жағынан, олардың өздерi шыққан мемлекетiне ерiктi
түрде қайта оралуына жәрдемдесуге бағытталған
процестердi реттеу; тұрақты экономикалық өсу мен және
елімiздiң экологиялық қолайсыз, тоқыраған аймақтары
мен қалаларынан көшумен байланысты iшкi көші-қонды
реттеу жөнiндегі негізгі бағыттар берiледi
Қаржыландыру Бағдарламаны қаржыландыру республикалық және
көздері жергiлiкті бюджеттер, сондай-ақ Қазақстан
Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған көздер
есебiнен және шегінде жүзеге асырылатын болады.
Бағдарламаны қаржыландыру көлемi тиiстi қаржы жылына
арналған бюджеттік заңнаманы қалыптастыру кезiнде жыл
сайын нақтыланатын болады.
Күтiлетiн нәтижелер Бағдарламаны iске асыру көшi-қонның терiс сальдосының
оң сальдоға өзгеруi есебiнен республика халқы санының
өсуiн қамтамасыз етедi, көшiп-қонушылардың,
оралмандардың құқықтарын iске асыру жөніндегі қажетті
жағдайларды жасайды және елiмiздiң ұлттық
қауiпсiздiгiн нығайтады
Iске асыру кезеңдері 1-кезең - 2001-2005 жылдар
2-кезең - 2005-2010 жылдар
КIРIСПЕ
Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының салалық бағдарламасы елімiз Президентінің Қазақстан халқына "Қазақстан - 2030. Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының жақсаруы" жөнiндегі Жолдауын iске асыру мақсатында, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Көшi-қон саясатының тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы ?кіметінiң 2000 жылғы 5 қыркүйектегі № 1346 қаулысына сәйкес әзiрлендi.
Бағдарламаны Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегі агенттiгі өзiнiң аумақтық органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Көші-қон жөнiндегі Халықаралық Ұйым (бұдан әрi - КХҰ) өкiлдiгінiң жәрдемiмен әзiрледi. Әзiрлеуге республиканың басқа да мүдделi орталық атқарушы органдары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi, көшi-қон проблемаларымен айналысатын ғылыми және қоғамдық мекемелер мен бірлестiктер де қатысты.
Халықтың көші-қонын реттеудiң құқықтық негізi 1997 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған "Халықтың көшi-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 15 желтоқсанда бекiткен 1951 жылғы 28 шiлдеде қабылданған "Босқындар мәртебесi туралы" конвенцияда және 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындар мәртебесiне қатысты хаттамада баянды етiлген.
Бағдарламаны әзiрлеу Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық саясаттың аса маңызды құрамдас бөлiгі ретiндегі орташа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған көшi-қон саясатын қалыптастыру және iс жүзiнде жүзеге асыру үшiн негіз болуға тиiс көшi-қон саласындағы негізгі бағыттарды белгілеудi, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын мүлтiксiз сақтау жолымен Қазақстан халқының белсендi ықпалдасу саясатын жүргізудi, жұмыспен қамту, кәсiби және қызметтік өсу, білім алу, әлеуметтік қорғау, дiн ұстану бостандығын, мәдени қажеттердi қанағаттандыру, ұлттық дәстүрлердi сақтау саласында ұлтына қарамастан тең мүмкiндiктер берудi болжайды.
Осы Бағдарламаны әзiрлеу кезiнде:
2001 жылдың бас кезiне қарай Қазақстан Республикасында қалыптасқан көші-қон процестерi;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік демографиялық саясатының тұжырымдамасында көрсетiлген мақсаттар мен мiндеттер;
көші-қон мәселелерi бойынша халықаралық шарттар, Қазақстан Республикасы бекiткен құжаттар;
халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары;
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi кезеңге арналған даму схемасының және өндiргiш күштердi орналастырудың идеологиясы;
Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы;
"Жiбек жолының тарихи орталықтарын қайта жаңғырту, түркi тiлдес мемлекеттердiң мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау" Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламасы; "Білім беру" мемлекеттік бағдарламасы басшылыққа алынған негіз болды.
1. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КӨШІ-ҚОН
ПРОЦЕСТЕРIН ТАЛДАУ
1.1. Қазақстан Республикасындағы көші-қонның өткен кезеңiнiң
талдамасы және қазiргі жағдайы
Қазақстан Республикасында болып жатқан көшi-қон процестерiнiң өткен кезеңiне талдау жасау оның елiмiздiң халқын ұдайы көбейту процестерiнде елеулi рөл атқаратынын көрсетiп отыр. 80-жылдардың ортасында басталған және әсiресе 90-жылдарда күшейе түскен жаңа үрдiс тек елiмiз Yкіметінiң ғана емес, осы проблеманы зерттеп жүрген халықаралық ұйымдардың да ерекше назарын аударып отыр.
90-жылдардың ортасында республиканың демографиялық дамуының сипатты ерекшелiктерi халықтың ырықсыз қозғалысындағы болып жатқан процестердiң жоғары қарқынынан байқалады, бұл ең алдымен, оның санының өскелеңдiгiнен көрiнедi.
Елiмiз халқының саны азаюының негізгі себебi көші-қонның терiс сальдосы болды. Халықтың табиғи өсiмi көші-қон ағынымен толығымен жұтылып кетiп отырды.
Елiмiз жыл сайын халықтың көші-қон шығынына ұшырауда, 1991-2000 жылдар аралығында олар 2 миллион адамнан асып түсті. Көшiп кету 1994 жылы шырқау шыңына жетті және көшiп кетушiлердiң саны 477,1 мың адамды құрады. Соңғы жылдарда Қазақстан Республикасының аумағынан кетушілер саны күрт азайды және жыл сайын 200 мыңнан 160 мың адамға дейiн ауытқып отырады.
Бала туудың азаюынан, өлімнiң көбеюiнен туындаған демографиялық ахуалдың нашарлау жағдайында халықтың көшi-қон шығынының қолайсыз үрдiсi қалыптасуда. 1991 жылы көшiп кету себебiне байланысты әрбір мың адамнан 3 адам, 1992 жылы - 10, 1993 жылы - 13, 1994 жылы 25-ке жуық, 1995 жылы - 15, 1998 жылы - 13, ал 2000 жылы - 11 адам кемiдi.
Көшi-қон шығынының нәтижесiнде қоғамның демографиялық тұрақсыздығы күшейе түсуде. Халықтың, оның iшiнде оның белсендi бөлiгiнiң сан жағынан азаюы орын алуда. 1993-1994 жылдары көшi-қон шығыны халықтың табиғи өсiмiн жұтып қана қойған жоқ, тиiсiнше одан 1,4 және 2,8 есе асып кеттi. Кетiп қалушылар легiнде негiзгі үлестi еңбекке жарамды жастағы адамдар құрады (1994 жылы 63,2%, 1995 жылы 62,8%, 1999 жылы 67% және 2000 жылы 68%). Кетiп қалған азаматтардың шамамен 18-20%-ы еңбекке жарамды жасқа толмаған халықты құрады. Осыған байланысты халықтың құрамында еңбекке жарамды жастан кәрi адамдардың саны көбейiп барады және тиiсiнше "халықтың қартаю" үрдiсi күшеюде.
Көшi-қон шығыны еңбек әлеуетiнiң сапалық құрамының терiс өзгерiсiн туғызады. Көшiп кетушiлердiң арасында жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта білімi бар адамдардың үлесi 1993 жылы - 39%-ды, 1994 жылы - 46,5%-ды, 1995 жылы - 33,0%-ды, 1999 жылы 38%-ды және 2000 жылы 38,8%-ды құрады. Ал білім деңгейi мұндай адамдар аз келедi.
Осылайша, елiмiзде "ақыл-ойдың кетiп қалуы", біліктi жұмысшылардың, мамандардың кетуi дейтiн үрдiс тұрақты қалыптасуда.
Көшi-қон шығынына бiздiң елiмiздiң әсiресе солтүстiк, батыс және шығыс аймақтары ұшырап отыр. 2000 жылы көшiп кету шығынының неғұрлым жоғары пайызы Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарында қалыптасты, бұл облыстарда республиканың славян және немiс халқы неғұрлым көш шоғырланған.
Көшiп кетiп жатқан халықтың ұлттық құрамы саналуан. 2000 жылы кетушілер легінде орыстар - 58%-ды, немiстер - 19%-ды, украиндар - 9%-ды, қазақтар - 5%-ды құрады. Келушілердiң арасындағы үлес салмақтың 41%-ын орыстар, 33%-ын қазақтар, 6%-ын украиндар, 4%-ын немiстер, 16%-ын басқа ұлт адамдары құрады.
Келушілерден кетушілердiң асып кетуi нәтижесiнде қазақтардан басқа, барлық көрсетiлген ұлттардың көшi-қон шығыны болды. Алайда көші-қон шығынының ең жоғары интенсивтілігі немiс халқының арасында байқалады. 1993 -2000 жылдар аралығында 83 мың қазақтың көшiп кетуiне қарамастан қазақ халқының арасында көшi-қон өсiмi қалыптасты.
Негізгі көші-қон легі Қазақстан мен жақын шет елдер арасында (Ресей мен Орта Азия республикалары арасында басымырақ), ал немiс ұлтының көшi-қоны Германиямен арада қалыптасты.
Сыртқы көші-қонның аса маңызды құрамдас бөлiгi тәуелсiз құқықтық мемлекеттің қалыптасуы жағдайында ол жаңа сипат, өзгеше саяси және әлеуметтiк-экономикалық мазмұн алатын көшiп келу болып табылады. Қазiргі кезде елiмiзге халықтың көшiп келуiнiң зор маңызы бар. Ол белгілі дәрежеде көшiп кетудiң терiс ықпалын жоюға мүмкiндiк бередi, көшi-қон шығынын азайтады, халықтың демографиялық сипаттамасын жақсартуға жәрдемдеседi. Осыған байланысты мемлекеттік реттеу және көшiп келу процесiн дамытуға жәрдемдесу қажет.
Халықтың Қазақстанға көшiп келуiнiң, оның геосаяси жағдайымен (әлеуметтік шиеленiс ошақтарынан алыс болуымен), 1932 жылғы аштықтың және саяси қуғын-сүргiндердiң салдарынан байырғы қазақ халқының өз отаны шегінен тыс жерлерге жаппай көшiп кетуiне байланысты тарихи бастан кешiргендерiмен, өтпелi экономика жағдайында республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзiндiк ерекшелiгімен, iшкi саяси жағдайдың тұрақтылығымен, белгілi дәрежеде көшiп келу процестерiнiң, бірiншi кезекте, еңбек көшi-қонының басқарылуы мен бақылануымен, квоталау, лицензиялау жүйесiнiң орнықтырылуымен негізделген өзiндiк ерекшелiгі бар.
Республикаға қазақтардың қайта оралуы дәл қазiргi кезеңге тән. 1991- 2000 жылдар аралығындағы кезеңде 43 мыңнан астам қазақ отбасы немесе 183 мың адам көшiп келдi. Келушiлердiң жалпы санының жартысынан астамы дерлiк алыс шет елдерден келгендер. Келушiлер легі Монғолиядан (35%-ы), Ираннан (8%-ы), Түркиядан (2%-ы), Қытайдан (1,2%-ы) және Ауғанстаннан (1%-ы) шыққандар есебiнен құралады.
Елiмiзге қоныс аударушылардың келуiн реттеу, оларды бірқалыпты қоныстандыру мақсатында жыл сайын көшiп келу квотасы бекітіледi. Квотаның белгiленуiне талдау жасау жыл сайын олардың біртiндеп азайып келе жатқандығын көрсетедi.
1993 жылы көшi-қон квотасы 10 мың отбасын құрады, 1994 жылы 7 мың отбасы, 1995 жылы - 5 мың отбасы, 1996 жылы - 4 мың отбасы, 1997 жылы - 2,18 мың отбасы, 1998 жылы - 3 мың отбасы, 1999 жылы - 2000 жылдары әр жылға 500 отбасы.
1991-2000 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының аумағына қоныс аударушылар мен көшiп келушiлердi екiншi қайталап орналастыру үрдiсi көрiнiс тапты.
1995 жылдан бастап көшi-қон шығынының төмендеу үрдiсi байқалды. Мұндай жағдай республиканың көші-қон теңгерiмi жуық болашақта жақсарады деп болжам жасауға мүмкiндiк бередi.
Көшi-қон саясатының маңызды аспектiсi iшкi көшi-қонды реттеу болып табылады. Ішкi көші-қон - бұл облысаралық және облыс iшiндегі көшi-қон. 1993-2000 жылдар аралығында iшкi көшi-қон айналымы 1,4%-ға ұлғайды.
Республика iшiндегі көші-қон айналымының жалпы төмендеуi кезiнде экологиялық дағдарыс аймақтарынан (Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары) облысаралық алмасу бойынша халықтың көшiп кетуi жоғары болып қалып отыр.
Тұрмыс деңгейiнiң аймақтарда әртүрлi болуының нәтижесiнде Қарағанды (Жезқазған аймағы), Қостанай (Торғай аймағы) облыстары халықтың көші-қон шығынына ұшырауда.
Екiншi жағынан, облысаралық көшi-қон нәтижесiнде халықты қабылдайтын аймақтар қалыптасты, олар, бірiншi кезекте, Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау облыстары.
Республика iшiндегі көшi-қонға қала халқы неғұрлым белсендi қатысады. Мұндай жағдай ауылдық жерлер халқының қалалы жерлерге көшiп кетуi нәтижесiнде қалыптасты. Осыған байланысты республикаiшiлiк ауыл-қала көшi-қоны салдарынан, сондай-ақ немiс және славян тiлдi халықтар есебiнен көшi-қон шығыны жоғары интенсивтілігі сақталуда.
Көшiп-қонуға байырғы халық неғұрлым икемдi: 1999 және 2000 жылдарда республикаішілiк көшi-қонда қазақтардың үлес салмағы 71 және 72%-ды құрады. Ел iшіндегі көшi-қон белсендiлiгі басқа ұлттардың арасында да байқалады.
Урбанизация процесi жүрiп жатыр, бірақ оның келенсiз жағдайлардан, аграрлық сектордағы жағдайдың ауырлығынан және ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағынан жеткiлiксiз дамуы салдарынан болуы басым. Халықтың iшкi қоныс аударуы көбiнесе берекесiздiк сипатқа ие және мемлекеттік реттеудi қажет етедi.
1.2. Қазақстан Республикасындағы көшi-қон процестерiн
факторлық талдау
Елiмiзде болып жатқан көшi-қон процестерiне айтарлықтай көп факторлар әсер етедi. Жалпы алғанда, оларды мынадай негiзгi топтарға бөлуге болады:
- саяси;
- этномәдени;
- әлеуметтік-экономикалық;
- табиғи-климаттық, экологиялық;
- ақпараттық-насихаттық.
Көшi-қон процестерiне осы факторлар тобының әсерi әртүрлi болды. Этностың тиiстi тобының тұрып жатқан аймағына көп нәрсе байланысты болды. Яғни оларға кеңiстіктік-мезгілдiк сипат тән (мәндес).
Жоғарыда тiзiп көрсетiлген факторлар тобының Қазақстанда болған және қазiргі кезеңде болып жатқан көшi-қон процестерiне талдау жасай келiп, мыналарды бөлiп көрсетуге болады.
Қоғамды демократияландырумен, әртүрлi саяси реформалардың басталуымен Қазақстанда көші-қон процестерiне саяси фактор неғұрлым күштi әсер ете бастады. Әртүрлі халықаралық келісімдер, шекараны ашу, еркiн кету және келу, Қазақстаннан өзiнiң тарихи отанына айтарлықтай көп немiстердiң кетуiне мүмкiндiк бердi. Осы фактордың ырықсыз қозғалысқа әсерi басқаларға қарағанда неғұрлым күштi болды. Немiстердiң және басқа этностардың легі 80-жылдардың аяғында, 90-жылдардың басында байқала бастады. 1990 жылы Қазақстаннан шет елдерге 79,4 мың немiс, 1,6 мың татар, 1,4 мың белорусь көшiп кетті.
Татарлардың, немiстердiң, белорусьтардың, украиндардың, еврейлердiң өздерiнiң тарихи отанына көшiп кетуi, көшi-қон процесiнде саяси факторлармен қатар белгілi үлестi этномәдени факторлар рөл атқарғанын және атқаратынын дәлелдейдi.
Халықтың көшi-қон белсендiлiгінiң күшеюіндегі этномәдени фактордың болуы бұрын Қазақстанға күштеп көшiрiлген халықтардың тарихи аумақтар шегінде ұлттардың шоғырлануға ұмтылысымен негізделген. Қазiргі кезеңде тарихи отанына (ең алдымен Германияға, Израильге, Ресейге) қайта оралған көшiп-қонушылардың көпшiлiгiнде әлеуметтік-мәдени және этномәдени құндылық басым және олар көп жағдайда немiстердiң, еврейлердiң, орыстардың икемдiлiгін бiлдiредi.
Бірқатар жағдайларда баяғы жылдардағы күштеп көшiру (қырым татарлары, шешендер, ингуштер мен басқа да халықтар) салдарымен байланысты факторлардың, сондай-ақ тың игеру, жаңа өнеркәсiп құрылыстарының бой көтеру жылдарында Қазақстанға жаппай қоныстандыру салдарымен байланысты факторлардың әсерi болды. Бұдан басқа көшi-қонға 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өнеркәсiп объектілерi мен адамдарды эвакуациялау салдарлары әсер етті.
Осы халықтардың өзiнiң тарихи отанына оралғысы келетiн тiлегі жоғарыда тiзiп көрсетiлген факторлардың әсерiмен күшейе түседi.
Әлеуметтiк-экономикалық фактор көшi-қон көңiл күйiне ықпал ететiн аса маңызды фактор болып табылады. Жұмыстың жоқтығы салдарынан тұрмыс деңгейiнiң төмендеуi, тiршiлiк етудiң материалдық бұйымдарының азаюы көшi-қон шығынына айтарлықтай әсер етті. Бұл, көшi-қонды жұмыссыздықтың өсуiмен салыстыру нәтижесiнде айқын көрiнедi. Оның үстіне бұл тәуелдiлік (біршама кешіктiрiлiп салыстырылғанда) тура бара-бар дерлiк. Мәселен, егер экономикалық реформалардың бас кезiнде жұмыссыздықтың секiрмелi өсуi етек алған болса, көшiп кету де сонымен бір мезгілде жүрiп жатты. Сонымен бірге 90-жылдардың аяғына қарай жұмыссыздар санының азаюы байқала бастаған кезде соған сай көшiп кетудiң азаюы да байқала бастады.
Тұрғын үйдiң болмауынан, әсiресе жастар арасында, көшi-қон тек сыртқа көшiп кету легі бөлiгінде ғана емес, iшкi бөлiгінде де көбейдi (қаладан-ауылға, қаладан-қалаға және т.б.). Егер 1993 жылы 3856 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлген болса, 1997 жылы 1278 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi.
Халықтың көшi-қон легiнiң жандана түсуiнiң елеулi факторы экологиялық жағдайдың нашарлауы болып табылады. Соңғы жылдарда, Семей полигоны және Арал өңiрi сияқты белгілi экологиялық апат аймақтарынан басқа, экологиялық өлшемдерi мүлде қолайсыз Батыс Қазақстандағы Капустин Яр және Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Созақ полигоны сияқты жаңа аудандар пайда болды.
Бұрынғы жылдарда қоршаған ортасы жоғары дәрежеде лас және табиғи-климаттық жағдайы ауыр аймақтарда жұмыс iстейтiндердi тұрақтандыратын жағдай әлеуметтiк тәртiппен өтемақы төлеу болды (жалақыға коэффициенттер мен үстеме ақылар, тұрғын үй жағдайын жақсарту, балалар мекемелерiмен, санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету, азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларымен жақсы жабдықтау). Экономикалық дағдарыс жағдайында бұл өтемақы шаралары iс жүзiнде қолданылмай қалды. Денсаулық үшiн алаңдаушылық туғызатын экологиялық жағдайдың нашарлауы, қоршаған ортаның ластану үрдiсi сақталып отырған кезде "экологиялық көшiп-қонушылар" пайда болып отыр. Осындай лектердi реттеу тетiгiнiң жоқтығы әлеуметтiк-экономикалық сипаттағы бірқатар проблемаларды туғызады: жұмысқа орналастырудағы қиындық және жаңадан орналастырылатын жерлерде тұрғын үйдiң жетiспеуi.
Қазақстан Республикасында көші-қон процестерiне кең және жүйелi ақпараттық-насихаттық жұмыстың жеткiлiксiздiгіне байланысты факторлар елеулi дәрежеде әсер ете бастады. Жария көшi-қон саласындағы оның түрлерi мен нысандары, сондай-ақ жасырын көшi-қонның салдарлары туралы ақпараттың жоқтығы соңғы кезеңде адамдарды сату оқиғаларына алып келуде. Бірiншi кезекте балалар мен әйелдердi.
Нарыққа өту жағдайында көшi-қон процестерiн реттеуді күшейтудiң қосымша факторы еңбек көшi-қоны процесiн жандандыру. Нарықтық экономикада шарттық қатынастарға, келісім-шарттарға, кәсiпорындар, фирмалар арасындағы келісімдерге сәйкес еңбек ресурстарын орналастыру жедел жүргізiледi. Мұндай жағдайларда өзiнiң кәсiби деңгейi бойынша өндiрiс талаптарына жауап беретiн қызметкерлердi шақыру мақсатымен еңбек көшi-қонын мемлекеттік реттеу қажет және бұл белгiлі бір аймақтарда жұмыссыздық проблемасын шиеленiстірмейдi.