Қосымша кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын іске асыратын
білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 94 қаулысы
Осы редакция 2006 ж. 28 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Білiм туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берілiп отырған Қосымша кәсіптік білiмнiң білiм беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | | | | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінiң
2005 жылғы 3 ақпандағы
№ 94 қаулысымен
бекітілген
Қосымша кәсіптік білімнің беру бағдарламаларын іске
асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже меншiк нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi Ереже) сәйкес қосымша кәсiптiк білiмнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Қосымша кәсiптiк білім берудi білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар мен қосымша білім беру ұйымдары, сондай-ақ мәнi білім беру қызметi болып табылатын тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi бар өзге де заңды тұлғалар iске асырады (бұдан әрi - Ұйымдар).
3. Ұйымдар өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, осы Ереженi, ұйымның Жарғысын және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi басшылыққа алады.
4. Ұйымдардың негiзгі мiндеттерi:
технологияда және өндiрiсте болатын өзгерiстерге байланысты жұмысшыларға, қызметкерлерге, мамандарға қойылатын талаптардың үнемi артуын ескере отырып, олардың біліктілігін арттыру;
кадрларды қайта даярлау;
кәсiптiк білімдерін, дағдылары мен іскерліктерін тереңдету;
еңбек рыногы құрылымының өзгеруіне байланысты қосымша біліктілiк алу жолымен кәсiби мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады.
5. Ұйымдар "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, осы ережеге, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерге сәйкес өзiнiң Жарғысын әзiрлейдi.
2. Ұйымның негiзгі функциялары
6. Ұйымдардың негізгі функциялары:
Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен кадрлардың білiктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз ету;
білім беру процесi мен білім беру технологияларының әдiстемелерiн пайдалану және жетiлдiру;
оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу процесiнiң күнтiзбелiк кестелерiн әзiрлеу және бекіту;
тыңдаушылардың контингентiн қалыптастыру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған және ұйымның жарғысында көзделген өзге де қызметтi жүзеге асыру болып табылады.
3. Ұйымдардың білім беру қызметi
7. Ұйымда білім беру қызметiн жүргізу құқығы лицензия алған сәттен бастап туындайды және оның мерзiмi өткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен ол қайтарылып алынған немесе жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
8. Ұйымдардың оқу процесі оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Оқу процесiндегi оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, күнтiзбелiк кестелердi ұйымдар бекiтедi.
9. Тыңдаушылардың білім деңгейiн қорытынды бағалауды олардың құрамын ұйымның басшысы бекiтетiн аттестаттау комиссиясы жүргiзедi.
10. Тыңдаушы оқу жоспарының талаптарын орындамаған және олар iшкi тәртiп ережелерiн бұзған жағдайда ұйым басшысының бұйрығымен ол оқудан шығарылуы мүмкін.
11. Кадрларды қайта даярлау кәсiпорындармен (бiрлестiктермен), ұйымдармен, мекемелермен және мемлекеттік жұмыспен қамту қызметiмен, сондай-ақ басқа да заңды және жеке тұлғалармен жасалған шарттар негізiнде жүзеге асырылады.
12. Қосымша кәсiптiк білім алған тұлғаларға сертификат беріледі.
13. Ұйымдарға қабылдау тыңдаушының өтiнiші немесе кәсiпорынның, мекеменiң, сондай-ақ басқа заңды тұлғалардың жолдамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
14. Мамандардың білiктiлігін арттырудан өту кезеңдiлігін "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші белгілейдi.
4. Білім беру процесiнiң субъектілерi
15. Тыңдаушылар контингентiн қалыптастыру мемлекеттік тапсырыстар мен заңды және жеке тұлғалармен жасалған шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
16. Шет мемлекеттер азаматтарының қосымша кәсiби білім алу тәртібі халықаралық келісімдермен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен анықталады.
17. Қосымша кәсіптік білім беру бюджет қаражаты есебiнен сияқты, ақылы негiзде де жүзеге асырылуы мүмкін.
Ақылы негiзде оқу құнын ұйым анықтайды.
18. Ұйымдар тыңдаушыларының:
білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға қатысуға;
қосымша білім беру бағдарламасын игеру үшін қажетті қолда бар нормативтік және нұсқаулық құжаттарды, оқу және оқу-әдістемелік
материалдарды, сондай-ақ кітапхана мен ақпараттық қорларды, басқа да бөлiмшелердің қызметтерін пайдалануға;
конференциялар мен ғылыми семинарларға қатысуға;
өз рефераттарын, еңбектерi мен басқа да материалдарын ұйымдардың басылымдарында жариялауға құқығы бар.
19. Профессорлық-оқытушылық құрам саны штаттық кестеге сәйкес белгіленеді.
Профессорлық-оқытушылық құрам, әдiскерлер мен басқа персоналдың штаттарын, ұйымның құрылымын ұйымның басшысы бекiтедi.
5. Ұйымды басқару
20. Ұйымды басқару Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне, осы ережеге және ұйымның Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
21. Ұйымды тiкелей басқаруды құрылтайшы тағайындаған басшы жүзеге асырады.
Басшы осы ұйымның барлық санаттағы қызметкерлерi мен тыңдаушылары орындауы үшiн мiндетті бұйрықтар шығарады және қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады.
22. Ұйым басшысы ұйымның атынан әрекет етедi және оның мүдделерiн қорғайды.
6. Ұйымның қаржы-шаруашылық қызметi
23. Ұйымды қаржыландыру:
бюджет қаражаты;
ұйымдармен, заңды және жеке тұлғалармен жасалған шарттар бойынша тыңдаушының оқуы үшін алынған қаражат есебінен жүзеге асырылады.
24. Ұйымдар өздерінің жарғысында, сондай-ақ қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен мүліктеріне иелік етуге және пайдалануға құқылы.
7. Ұйымның қызметiн бақылау
25. Ұйымдардың қызметiн мемлекеттік бақылау "Білiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес жүзеге асырылады.
8. Есепке алу және есеп беру
26. Ұйымдар жедел және бухгалтерлiк есепке алуды жүзеге асырады, белгiленген нысан бойынша статистикалық бухгалтерлiк есеп берудi жүргiзедi, белгiленген тәртiппен тоқсандық және жылдық бухгалтерлiк статистикалық есептi ұсынады.
27. Ұйымның лауазымды тұлғалары осы ұйымға бекітілiп берiлген меншiктiң сақталуы және тиiмдi пайдаланылуы үшiн мемлекеттік статистикалық есептi бұрмалағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жауаптылықта болады.