173-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңының редакциясында.
174-бап. Жұмылдыруға шақырудан жалтару
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен құрамалары қатарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында жасалған нақ сол әрекет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн толықтыру үшiн одан әрi шақырудан жалтару -
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
6-тарау
МЕНШIККЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТАР
175-бап. Ұрлық
1. Ұрлық, яғни бөтен мүлiктi жасырын ұрлау -
екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiн бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық не қорқытып алушылық үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертулер.
1. Осы Кодекстiң баптарында ұрлық деп пайдакүнемдiк мақсатта бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады.
2. Осы Кодекстiң 184, 184-1-баптарын қоспағанда, осы тараудың баптарында iрi мөлшер немесе iрi залал деп қылмыс жасалу сәтiне Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген айлық есептi көрсеткiштен бес жүз есе асып түсетiн мүлiктiң құны мен залалдың мөлшерi танылады.
3. Осы Кодекстiң 175-181-баптарында бiрнеше рет жасалған қылмыс деп осы баптарда, сондай-ақ осы Кодекстiң 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе одан да көп қылмыстардан кейiн жасалған қылмыс танылады.
4. Осы тараудың баптарында, сондай-ақ осы Кодекстiң басқа баптарында ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын сотталған адам деп осы Кодекстiң 175-181, 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе бiрнеше қылмыс үшiн сотталған адам танылады.
5. Меншiк құқығында ұйымға тиесiлi немесе оның қарамағындағы бөтен бiреудiң мүлкiн ұрлау, алаяқтық жасау, иемденiп алу немесе ысырап ету жолымен жасалған ұсақ-түйек ұрлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Оны жасауға кiнәлi адам заңға сәйкес әкiмшiлiк жауапқа тартылады. Егер ұрланған мүлiктiң құны әрекет жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын болса, ұрлық ұсақ-түйек ұрлау деп танылады.
175-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген толықтыру және өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 90-III Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
176-бап. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету
1. Иеленiп алу немесе ысырап ету, яғни кiнәлi адамға сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ұрлау -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасалған нақ сол әрекеттер -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не мүлкiн тәркiлеп немесе онсыз белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi, егер оларды:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған болса;
г) мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адам не оған теңестiрiлген адам, егер оларды өзiнiң қызмет бабын пайдаланумен қатар жасаса-
мүлкi тәркiленiп және үш жылға дейiнгi, ал г) тармағында көзделген жағдайларда - жетi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
176-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 қыркүйектегi № 484-II Заңымен енгiзiлген толықтырулармен.
177-бап. Алаяқтық
1. Алаяқтық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алу -
екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық -
жетi жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған алаяқтық,-
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
177-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II, 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
178-бап. Тонау
1. Тонау, яғни бөтен мүлiктi ашық ұрлау -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына қауiптi емес күш қолданумен, не осындай күш қолданамын деп қорқыту арқылы;
б) бiрнеше рет;
в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
г) тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған тонау -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған тонау -
мүлкi тәркiленiп, алты жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
179-бап. Қарақшылық
1. Қарақшылық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмiрi мен денсаулығына қауiптi күш көрсетумен немесе тiкелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған;
г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданумен жасалған;
д) денсаулыққа ауыр зиян келтiрумен жасалған қарақшылық -
мүлкi тәркiленiп бес жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) денсаулыққа ауыр зиян келтiрумен, абайсызда жәбiрленушiнiң өлiмiне әкеп соққан;
в) мүлiктi iрi мөлшерде ұрлау мақсатында;
г) ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қарақшылық -
мүлкi тәркiленiп сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
179-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген толықтырулармен.
180-бап. Ерекше құнды заттарды ұрлау
1. Ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени жағынан құнды заттар мен құжаттарды ұрлау, ұрлықтың жасалу тәсiлiне қарамастан-
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттi:
а) адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе ұйымдасқан топ жасаса;
б) бiрнеше рет жасалса;
в) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған заттардың немесе құжаттардың жойылуына, бұзылуына немесе бүлiнуiне әкеп соқса -
мүлкi тәркiленiп сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
181-бап. Қорқытып алушылық
1. Қорқытып алушылық, яғни бөтен мүлiктi немесе мүлiкке құқықты берудi немесе күш қолданумен не бөтен мүлiктi жоюмен немесе бүлдiрумен қорқыту арқылы мүлiктiк сипаттағы басқа да iс-әрекеттер жасауды талап ету, сол сияқты жәбiрленушiнi немесе оның туыстарын масқаралайтын мәлiметтердi таратумен не жәбiрленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi жариялау -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға немесе онсыз төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай жолмен:
а) күш қолдану;
б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
в) бiрнеше рет жасалған қорқытып алу -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай жолмен:
а) ұйымдасқан топ;
б) жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зардап келтiру;
в) iрi мөлшерде мүлiк алу мақсатында;
г) ұрлық немесе қорқытып алу үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қорқытып алу -
мүлкi тәркiленiп жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
182-бап. Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүлiктiк залал келтiру
1. Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен меншiк иесiне немесе өзге мүлiк иеленушiге ұрлық белгiлерiнсiз мүлiктiк залал келтiру -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не төрт айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттi:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) қызмет бабын пайдаланып жасау -
төрт жүзден сегiз жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның төрт айдан сегiз айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
а) ұйымдасқан топ жасаған;
б) iрi зиян келтiрген әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
182-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II, 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
183-бап. Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi сатып алу немесе сату
1. Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi алдын ала уәделеспей сатып алу немесе сату -
елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не мүлкi тәркiленiп немесе онсыз алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттi:
а) автомобиль немесе iрi мөлшердегi өзге мүлiк жөнiнде;
б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасаса;
в) ұрлық, қорқытып алу, көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi сатып алғаны немесе сатқаны үшiн бұрын сотталған адам жасаса;
г) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiне, сондай-ақ аулауға толық тыйым салынған жануарларға, не олардан алынатын өнiмдерге қатысты жасалса, -
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салып немесе мүлкi тәркiленiп немесе онсыз төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген ұйымдасқан топ немесе адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
183-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген толықтырулар және өзгерiспен.
184-бап. Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу
1. Авторлықты иеленiп алу немесе тең авторлыққа мәжбүрлеу, егер бұл әрекет авторға немесе өзге құқық иеленушiге елеулi залал келтiрсе немесе олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне айтарлықтай зиян келтiрсе, -
жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
2. Авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн заңсыз пайдалану, сол сияқты өткізу мақсатында туындылардың және (немесе) фонограммалардың контрафактілік даналарын елеулі мөлшерде жасалған сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе дайындау, -
бес жүзден жеті жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген:
а) бiрнеше рет;
б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен;
в) iрi мөлшерде немесе iрi залал келтiрген;
г) адамның өз қызмет бабын пайдалануымен жасалған әрекеттер, -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
184-бап Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 90-III Заңының редакциясында.
184-1-бап. Өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсiптiк үлгiлерге, селекциялық жетiстiктерге
немесе интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды бұзу
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң, селекциялық жетiстiктiң немесе интегралдық микросхема топологиясының мәнiн, олар туралы мәлiметтер ресми түрде жарияланғанға дейiн автордың немесе арыз берушiнiң келісімiнсiз жария ету, сол сияқты авторлықты иеленiп алу немесе тең авторлыққа мәжбүрлеу, егер осы әрекеттер авторға немесе өзге құқық иеленушiге елеулi залал келтiрсе немесе олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне айтарлықтай зиян келтiрсе, -
жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi, селекциялық жетiстiктi немесе интегралдық микросхема топологиясын елеулi мөлшерде жасалған заңсыз пайдалану, -
бес жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткішке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға жазаланады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген:
а) бiрнеше рет;
б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен;
в) iрi мөлшерде немесе iрi залал келтiрген;
г) адамның өз қызмет бабын пайдалануымен жасалған әрекеттер, -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертулер.
1. Егер залалдың мөлшерi немесе зияткерлiк меншiк объектiлерiн пайдалану құқықтарының құны не туындылардың және (немесе) фонограммалар даналарының немесе өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлерді, селекциялық жетiстiктердi немесе интегралдық микросхемалар топологияларын қамтитын тауарлардың құны қылмыс жасалу сәтiне өазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштен жүз есе acca, осы Кодекстiң 184, 184-1-баптарында көзделген әрекеттер елеулi залал келтiрген немесе елеулi мөлшерде жасалған деп танылады.
2. Егер залалдың мөлшерi немесе зияткерлiк меншiк объектiлерiн пайдалану құқықтарының құны не туындылардың және (немесе) фонограммалар даналарының немесе өнертабыстарды, пайдалы модельдердi, өнеркәсiптiк үлгiлердi, селекциялық жетiстiктердi немесе интегралдық микросхемалар топологияларын қамтитын тауарлардың құны қылмыс жасалу сәтiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштен бес жүз есе acca, осы Кодекстiң 184, 184-1-баптарында көзделген әрекеттер iрi залал келтiрген немесе iрi мөлшерде жасалған деп танылады.
184-1 бап Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы № 90-III Заңымен енгізілді.
185-бап. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену
1. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (айдап кету)-
бес жүз айлық есептiк көрсеткiштен екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның үш айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) адамдар тобы алдын ала сөз байласу бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданумен не дәл сондай күш қолданумен қорқыту арқылы жасалса -
бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұйымдасқан топ жасаған не iрi зиян келтiрген әрекеттер -
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданумен не сондай күш қолданбақшы болып қорқытумен жасалған әрекеттер -
алты жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
185-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
186-бап. Жерге заттай құқықтарды бұзу
1. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруге әкеп соққан, күш қолдану арқылы не күш қолданамын деп қорқыту арқылы немесе адамдар тобымен немесе заңсыз тiнтумен ұласып жасалған бөтен жер учаскесiне заңсыз кiрiп кету, сол сияқты бөтен бiреудiң жер учаскесiн заңсыз басып алу -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не екi айдан төрт айға дейiн қамауға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттердi адамның өз қызмет бабын пайдаланып жасауы, -
бес жүз айлық есептiк көрсеткiштен сегiз жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан сегiз айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не төрт айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
186-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңының редакциясында.
187-бап. Бөтен адамның мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру
1. Бөтен адамның мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру, едәуiр зиян келтiрiлсе -
елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға немесе нақ сол мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
2. Нақ сол әрекеттер:
а) өрт қою, жару арқылы немесе өзге де жалпы қауiптi әдiстермен жасалса;
б) абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соқса;
в) жәбiрленушiнiң өзiнiң қызметтiк немесе қоғамдық борышын орындауымен байланысты не өзiнiң жақын туыстары жөнiнде нақ сондай себептермен жасаса;
г) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық себептер бойынша жасалса, -
екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi айдан алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
а) абайсызда адам өлiмiне;
б) тарих, мәдениет ескерткiштерiн, табиғат кешендерiн немесе мемлекет қорғауға алған объектiлердi, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды жоюға немесе бүлдiруге әкеп соққан әрекеттер -
үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Айлық есептiк көрсеткiштен жүз есе асып түсетiн зиян мөлшерi елеулi зиян деп танылады.
187-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңымен енгiзiлген толықтырулармен.
188-бап. Бөтен адамның мүлкiн абайсызда жою немесе бүлдiру
1. Бөтен адамның мүлкiн iрi зиян келтiрiп абайсызда жою немесе бүлдiру -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға немесе жүз сағаттан екi жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.