Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң 1999 жылғы
9 қыркүйектегi
№ 1346 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 389 Қаулысымен күші жойылды
Патронат туралы ереже
(2007.29.12. берілген өзгерістерімен)
1. Жалпы ережелер
1. «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес патронат нысанындағы қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның iшiнде тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да осындай мекемелердегi кәмелетке толмаған балаларға белгiленедi.
Патронат - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншы және қамқоршы орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген тұлға (патронаттық тәрбиешi) жасасқан шарт бойынша азаматтардың отбасына берiлетiн тәрбиенiң нысаны.
Баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген тұлға (патронаттық тәрбиешi) мен қорғаншы және қамқоршы органның арасында жасалатын баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың пайда болуына негiз болып табылады.
ҚР Үкіметінiң 11.01.02 ж. № 41 қаулысымен; ҚР Үкіметінің 2007.29.12 № 1400 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт:
1) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және оқыту жағдайларын;
2) патронаттық тәрбиешiлердiң құқықтары мен мiндеттерiн;
3) қорғаншы және қамқоршы органдардың патронаттық тәрбиешiге қатысты мiндеттерiн;
4) шартты тоқтатудың негiздерi мен салдарын;
5) баланың патронаттық тәрбиешiге қандай мерзiмге берiлетiндiгiн қамтуы тиiс.
Патронаттық тәрбиешiлердiң еңбегiне ақы төлеу шарттары заңнамаға сәйкес мемлекеттік білім беру мекемелерi тәрбиешiлерiнің еңбегiне ақы төлеу шарттарына ұқсас анықталады.
3. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға:
1) дәлелдi себептер (сырқаттану, отбасылық немесе материалдық жағдайдың өзгеруi, баламен өзара түсiнiстiктiң болмауы, балалар мен басқалардың арасындағы шиеленiстi қарым-қатынастар) болған кезде патронаттық тәрбиешiлердiң бастамашылығы бойынша;
2) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беру үшiн қолайсыз жағдайлар пайда болған кезде қорғаншы және қамқоршы органның бастамашылығы бойынша;
3) бала ата-анасына қайтарылып берiлген немесе баланы асырап алған жағдайларда мүмкiн болады.
2. Балаларды патронаттық тәрбиешiлерге тәрбиелеуге беру
4. Қорғаншы және қамқоршы органдар баланы патронаттық тәрбиешiлерге тәрбиелеуге беру кезiнде оның этникалық шыққан тегiн, белгілi бiр дiнге және мәдениетке қатысын, ана тілін ескере отырып, баланың мүддесiн басшылыққа алады.
Баланы (балаларды) шарт бойынша патронаттық тәрбиешiлерге беру үшiн алдын ала таңдауды қорғаншы және қамқоршы органмен келісім бойынша баланы (балаларды) отбасына қабылдауға тiлек бiлдiрген адамдар жүзеге асырады.
Ағайындыларды, олардың мүдделерiне жауап беретiн жағдайларды қоспағанда, ажыратуға жол берілмейдi.
5. Баланы (балаларды) патронаттық тәрбиешiлерге беру оның пiкiрi ескерiле отырып, ал он жасқа толған баланы (балаларды) беру - тек оның келісімiмен жүзеге асырылады.
Патронаттық тәрбиешiлердiң қамқорлығына ата-анасының қамқорлығынан айрылған және жеке адамдардың қорғаншылығында (қамқорлығында) емес балалар алынады.
6. Патронаттық тәрбиешiлерге қорғаншылыққа және қамқорлыққа берiлген әрбiр балаға мекеменiң әкiмшілiгi немесе білім бөлiмдерi мынадай құжаттарды:
1) тууы туралы куәлiгiн;
2) денсаулық жағдайы туралы дәрiгерлiк анықтама мен баланың даму тарихының көшiрмесiн;
3) білімi туралы құжатты;
4) ата-анасы туралы құжаттарды (қайтыс болуы туралы куәлiк, сот үкімі немесе шешiмi, ата-анасының науқасы немесе iздестiрiлуi туралы анықтама және баланың ата-анасының қамқорлығынан айрылғандығын растайтын басқа да құжаттар);
5) зейнетақы алатын балаларға зейнетақылық кiтапшаны, соттың алимент өндiрiп алу жөніндегі шешiмiнiң көшiрмесiн;
6) аға-iнiлерi, апа-сiңлiлерi және олардың тұратын жерлерi туралы анықтаманы ұсынады.
Патронаттық тәрбиешiлерге берiлген бала (балалар) алиментке, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтiк төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға меншiк құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оған тұрғын үй-жай берiлуге құқығы болады.
7. Патронаттық тәрбиешiлерге берiлген бала (балалар) "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзге де құқықтарға ие болады.
3. Патронаттық тәрбиешiлер
8. Патронаттық тәрбиешiлердi iрiктеудi қорғаншы және қамқоршы органдар жүзеге асырады.
Екi жыныстағы жасы кәмелетке толған адамдар ғана:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлеті шектеулi деп таныған адамдарды;
2) сот бойынша ата-аналық құқықтарынан айрылған немесе сот ата-аналық құқықтарын шектеген адамдарды;
3) өзiне заңдармен жүктелген мiндеттердi дұрыс атқармағаны үшiн қорғаншы (қамқоршы) мiндетiнен шеттетiлгендердi;
4) бала асырап алуды олардың кiнәсi бойынша сот тоқтатқан бұрынғы бала асырап алушыларды;
5) денсаулық* жағдайы бойынша баланы тәрбиелеу жөніндегі мiндеттерiн жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, патронаттық тәрбиешi бола алады.
_____________________________________________________
*Баланы асырап алуға, оны қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронатқа алуға болмайтын аурулардың тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 24 маусымдағы № 842 қаулысымен бекітілген.
9. Егер олардың мүдделерiнiң арасында қайшылық болмаса бiрнеше бала үшiн бiр патронаттық тәрбиешi тағайындауға жол беріледi.
10. Балаға патронаттық тәрбиешi тағайындау кезiнде патронаттық тәрбиешiнiң адамгершiлiк және басқа да жеке басының қасиеттерi, оның патронаттық тәрбиешiнiң мiндеттерiн орындауға қабiлетi, патронаттық тәрбиешi мен баланың арасындағы қарым-қатынас, патронаттық тәрбиешінің отбасы мүшелерінің балаға қарым-қатынасы, сондай-ақ, егер мүмкiн болса, баланың өзінің тiлегi ескерiледi.
11. Патронат шартын жасасу туралы мәселенi мынадай құжаттар:
1) адамның патронаттық тәрбиешi болғысы келетiнi туралар өтiнiшi;
2) егер патронаттық тәрбиешi болуға тiлек бiлдiрген адам некеде тұратын болса жұбайының келісімi;
3) патронаттық тәрбиешi болуға тiлек бiлдiрушiнiң денсаулық жағдайы туралы анықтама;
4) егер патронаттық тәрбиешi болуға тiлек бiлдiрген адам некеде тұратын болса жұбайының жай-күйi туралы анықтама;
5) баланы тәрбиелеуге үмiткердiң тұрмыс жағдайын тексеру актiсi;
6) патронаттық тәрбиешiге тәрбиеленуге берілетiн баланың тұрмыс жағдайын тексеру актiсi болған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органдар шешедi.
12. Патронаттық тәрбиешiнiң баланы тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемеге уақытша орналастыруы патронаттық тәрбиешiнiң осы балаға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатпайды.
13. Патронаттық тәрбиешiлер өз қамқорлығындағы баланың құқықтары мен мүдделерiн кез келген тұлғаларға қатысты, оның iшiнде сотта, арнайы өкiлеттiксiз қорғайды.
4. Патронаттық тәрбиешiлерге берiлген баланы
(балаларды) асырап-бағу
14. Әрбiр баланы асырап-бағуға ай сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен және мөлшерде ақшалай қаражат төленедi.
15. Қорғаншы және қамқоршы органдар патронаттық тәрбиешiлерге қажеттi көмек көрсетуге, баланың (балалардың) өмiрi мен тәрбиесi үшiн қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге мiндеттi.
16. Қамқоршы және қорғаншы органдар патронаттық тәрбиешілерге жүктелген баланы (балаларды) асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.