Қол жүгiн, теңдеме жүктi, жүктi, поштаны, борт тағамын, әуе кемесiнiң
экипажын бақылау, тексеру мен жолаушылардың жеке басын тексерудiң
Ережелерiн бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
1996 ж. 10 маусымдағы № 723 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 27.07.00 ж. № 1132 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 28 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістiгi мен авиация қызметiн пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 20 желтоқсандағы № 2697 Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
Қоса берiлiп отырған Қол жүгiн, теңдеме жүктi, жүктi, поштаны, борт тағамын, әуе кемесiнiң экипажын бақылау, тексеру мен жолаушылардың жеке басын тексерудiң Ережелерi бекітілсiн.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1996 жылғы 10 маусымдағы
№ 723 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Қол жүгiн, теңдеме жүктi, жүктi, поштаны, борт тағамын,
әуе кемесiнiң экипажын бақылау, тексеру мен жолаушылардың
жеке басын тексерудiң
ЕРЕЖЕЛЕРI
ҚР Үкіметінің 27.07.00 ж. № 1132 қаулысымен 1-тармақ толықтырылды
1. Осы Қол жүгiн, теңдеме жүктi, жүктi, поштаны, борт тағамын, әуе кемесiнiң экипажын бақылау, тексеру мен жолаушылардың жеке басын тексерудiң Ережелерi (бұдан әрi - Ережелер) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлығының 97-бабына, Халықаралық азаматтық авиация туралы Чикаго Конвенциясына (1944 жыл) сәйкес әзiрлендi.
Ереже қол жүгiн, теңдеме жүктi, жүктi, поштаны, борт тағамын, әуе кемесiнiң экипажын бақылау мен тексеру, iшкi және халықаралық желiлерде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен арнайы Тiзбе бойынша мемлекеттiң лауазымды адамдарынан, сондай-ақ дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдардан басқа, жолаушылардың жеке басын тексеру тәртібін белгiлейдi.
Бақылау мен тексерудiң мақсаты ұшулардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, жолаушылардың, экипаж мүшелерiнiң, жер үстіндегі қызметкерлердiң, халықтың өмiрi мен денсаулығын сақтау, әуежай құралдарын заңсыз араласу актілерінен қорғау болып табылады.
Халықаралық авиажелiлерде қол жүгiн, теңдеме жүктi бақылауды, тексерудi, жолаушылар мен әуе кемелерi экипаждарының мүшелерiн, сондай-ақ жүктердi, почтаны, борт тағамын жеке тексерудi Қазақстан Республикасы әуежайларының, кеден және шекара органдарының қызметкерлерi жүргiзедi.
ҚР Үкіметінің 27.07.00 ж. № 1132 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қол жүгiн, теңдеме жүктi бақылау, тексеру және әуе кемесiнiң жолаушылары мен экипаж мүшелерiнiң жеке басын, сондай-ақ жүктi поштаны, борт тағамын тексеру азаматтық әуе кемелерiнде тасымалдауға жолаушыларға тыйым салынған Қауiптi жүктер мен нәрселердiң тiзбесiнде белгiленген қауiптi жүктер мен нәрселердi, сондай-ақ есiрткiнiң барлық түрлерiн (бұдан әрi - Тiзбе) заңсыз алып жүрудi болғызбау үшiн жүргiзiледi. Тiзбенi Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен, Iшкi iстер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірiс министрлігінiң Кеден комитетiмен келісілгеннен кейiн мемлекеттік көлiк басқармасының органы бекiтедi.
3. Авиабилеттердi сату үшiн бөлiнген орындар, әуежайлардың (қалалық аэровокзалдардың) касса залдары Тiзбемен, жолаушылардың құқықтары мен мiндеттерi бөлiгi бойынша осы Ережеден алынған үзiндiлермен жабдықталады және жолаушылардың бәрiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
ҚР Үкіметінің 27.07.00 ж. № 1132 қаулысымен 4-тармақ өзгертілді
4. Қол жүгiн, теңдеме жүктi, бақылау мен тексеру және жолаушыларды жеке тексеру ұшуға арналған билеттi ұсыну бойынша жүргiзiледi.
Қол жүгiн, теңдеме жүгiн және жеке басын тексертуден бас тартқан жолаушыларды тасымалдауға жол берiлмейдi.
Бақылау мен тексеру кезiнде техникалық құралдар қолданылады.
Бақылау мен тексерудi ұйымдастыру үшiн жауапкершiлiк авиакомпаниялар мен авиакәсiпорындарының басшыларына жүктеледi.
5. Қол жүгiн, теңдеме жүгiн бақылау, тексеру мен жолаушылардың жеке басын тексерудiң алдында жолаушыға өзiнде бар болуы мүмкiн Тiзбеде белгiленген қауiптi жүктер мен нәрселердi көрсету жөнiнде ұсыныс жасалуға тиiс.
Жолаушының өзi алып жүрген қол жүгiн, теңдеме жүгiн бақылау мен тексеру оның қатысуымен жүзеге асырылады. Кешiктiруге болмайтын жағдайда мұндай теңдеме жүк жолаушы жоқта қаралуы мүмкiн.
6. Теңдеме жүктi ашу қажеттiгiне байланысты жолаушы болмағанда теңдеме жүктi бақылау мен тексеру әуежайлар басшыларының, авиация қауiпсiздiгi жөніндегі бастықтар орынбасарларының, тасымалдарды ұйымдастыру қызметiнiң, осы қызметтiң ауысылымдары, қалалық аэровокзал, қызмет атқаратын аумағында әуежайлары (қалалық аэровокзалдар) бар милиция бөлiмшелерi бастықтарының, ал шекаралық және кедендiк бақылау жасалатын әуежайлар аймақтарында - шекара әскерлерi бақылау өткізу пункттерi және кедендер (кеден бекеттерi) бастықтарының дәлелдi шешiмi (жазбаша түрде баяндалған) бойынша жүргiзiледi.
Аталған бастықтар жоқ кезiнде тексеру туралы шешiмдi белгiленген тәртiппен олардың орнын басшы адамдар қабылдауы мүмкiн.
Осы тармақта көзделген жағдайларда теңдеме жүктi қарап шығу екi куәгердiң қатысуымен жүзеге асырылып, тексеру хаттамасы ресiмделедi. Теңдеме жүгiн, қол жүгiн немесе жолаушыларды тексеру кезiнде азаматтық әуе кемелерiнде тасымалдауға тыйым салынған заттардың, жүктердiң немесе нәрселердiң табылу фактiсi, сондай-ақ теңдеме жүктi ашу қажеттiгiне байланысты тексеру актiмен ресiмделедi және арнаулы журналда тiркеледi.
7. Жолаушылардың жеке басын тексеру техникалық құралдармен бақылау тексерiсiнiң белгiлерi бойынша, сондай-ақ авиация қауiпсiздiгi қызметi мен құқық қорғау органдары лауазымды адамдарының дәлелдi шешiмдерi бойынша азаматтық әуе кемелерiнде тасымалдауға тыйым салынған заттарды, жүктер мен нәрселердi табу үшiн қажеттi шегiнде жүргiзiледi.
Тексеру нәтижесi хаттамамен ресiмделедi, оған тексеру туралы шешiм қабылдаған адам, тексеру жүргiзушi және жолаушы қол қояды.
8. Жолаушылардың жеке басын тексеруге және теңдеме жүктi ашу қажеттiгiне байланысты жолаушы болмағанда теңдеме жүктi тексеруге осы Ережелердiң 6-тармағында аталған лауазымды адамдардың, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша - әуежайларының (қалалық аэровокзалдардың) тасымалдары ұйымдастыру қызметiнiң диспетчерлерi мен кезекшiлерiнiң, милицияның қатардағы және басшы құрамы адамдарының, ал шекаралық және кедендiк бақылау жүзеге асырылатын аймақтарында - шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пунктерiнiң офицерлер құрамының адамдары мен прапорщиктерiнiң, кедендердiң, (кеден бекеттерiнiң) бөлiмдерi бастықтарының, аға инспекторларының құқығы бар.
9. Осы Ережелердiң 6-тармағында аталған лауазымды адамдардың тапсыруы бойынша қол жүгi мен теңдеме жүктi жолаушының қатысуымен тексерудi әуежайларының (қалалық аэровокзалдардың) тасымалдарды ұйымдастыру қызметiнiң арнайы бөлiнген қызметкерлерi (кезекшiлерi), шекаралық және кедендiк бақылау жүзеге асырылатын әуежайлары аймақтарында - шекара әскерлерiнiң бақылау-өткізу пункттерiнiң бақылаушылары мен кедендерiнiң (кеден бекеттерiнiң) инспекторлары жүргiзедi.
10. Жеке басты тексерудi сол тексерiлетiн жолаушымен бiр жыныстағы адамдар ғана әуежайларда (қалалық автовокзалдарда) арнайы бөлiнген, санитарлық және гигиеналық талаптарға сай келетiн үй жайларында жүргiзедi.
Бiр үй-жайда бiрнеше жолаушыны бiр мезгiлде тексеруге тыйым салынады.
11. Ұшып бара жатқан азаматтық әуе кемесiнде қол жүгiн, теңдеме жүктi тексерудi және жолаушылардың жеке басын тексерудi әуе кемесi командирiнiң шешiмi бойынша экипаж құрамына кiретiн адамдар жүргiзе алады. Қол жүгiн, теңдеме жүктi тексеру мен жолаушылардың жеке басын тексеру, қажет болғанда, жолаушылардың келісімiнсiз жүргiзiлуi мүмкiн.
12. Жолаушының жеке басын тексергенде немесе оның қол жүгi мен теңдеме жүгiн тексергенде жолаушы заңсыз әкетуге тырысқан қауiптi заттар, жүктер мен нәрселер табыла қалған жағдайда жолаушы Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жауап бередi.
13. Егер қол жүгiн, теңдеме жүктi тексерген кезде және жолаушының жеке басын тексергенде азаматтық әуе кемелерiнде алып жүруге тыйым салынған заттар, жүктер мен нәрселер табылмаған болса, авиакәсiпорындарының лауазымды адамдары, сондай-ақ тексеру жүргiзген басқа да адамдар жолаушыны билет алған рейсiмен немесе кезектi рейспен жөнелтудi және оған келтiрiлген моральдық және материалдық залалдың Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес өтелуiн қамтамасыз ететiн қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
Тексеруге орай жөнелтудiң кешiктiрiлуi себебi бойынша жолаушы ұшудан немесе ұшуды жалғастырудан бас тартқан жағдайда авиакәсiпорын оның талабы бойынша билеттiң құнын толық немесе оның пайдаланылмаған бөлiгiн қайтаруға мiндеттi.
14. Қол жүгi мен теңдеме жүкке бақылау, тексеру, жолаушылардың және экипаж мүшелерiнiң жеке басына тексеру жүргiзетiн адамдар жолаушылармен қарым-қатынаста ықтиятты әрi сыпайы болуға және олардың қадiр-қасиетiн төмендететiн әрекеттерге жол бермеуге мiндеттi.
Осы Ережелердi бұрмалауға кiнәлi адамдар белгiленген тәртiппен жауап бередi.