Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын дамытудың
2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 маусымдағы № 519 Қаулысы
(2008.04.10. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдары Бағдарламада көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін және жыл сайын 30 маусым мен 30 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігін хабардар етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі жыл сайын 20 қаңтар мен 20 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметін Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы хабардар етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі К.Қ. Мәсімовке жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 7 маусымдағы
№ 519 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын
дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған
бағдарламасы
Мазмұны
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Телекоммуникация саласының қазіргі кездегі жай-күйін талдау
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктерi
5.1. Телекоммуникация саласын мемлекеттік реттеуді жетілдіру
5.1.1. Телекоммуникация саласын одан әрі дамыту жөніндегi зерттеулер
5.1.2. Байланыс операторларын қосу
5.1.3. Тіркелген және ұялы байланысты дамыту
5.1.4. Интернетті дамыту
5.1.5. Халыққа телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін ұсыну
5.2. Телекоммуникация саласын инновациялық-технологиялық және
техникалық қамтамасыз ету
5.2.1. Телекоммуникация саласын инновациялық дамыту
5.2.2. Нөмірлеудің телекоммуникациялық ресурсын бөлу
5.2.3. Радиожиілік спектрін бөлуді жетілдіру
5.2.4. Ұлттық жерсеріктік байланысты дамыту
5.2.5. Стандарттаудың және сертификаттаудың салалық жүйесін
жетілдіру
5.2.6. Телекоммуникация саласында кадрлар даярлау мен қайта
даярлау жүйесін ұйымдастыру
5.2.7. Телекоммуникация желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын
жүргізуді қамтамасыз ету
6. Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздерi
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Бағдарламаның паспорты
Бағдарлама- ның атауы | Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы |
Әзірлеу үшін негіздеме | Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындаудың желілік кестесінің 48-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес әзірленді. |
Негізгі әзірлеуші | Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі |
Бағдарлама- ның мақсаты мен міндеттері | Бағдарламаның мақсаты 2012 жылға қарай әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру үшін акпараттық-технологиялық алғышарттар жасауға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын дамытудың шарттары мен тетіктерін жасау болып табылады. Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай бірінші кезектегі міндеттерді орындау қажет. 1. Мына салаларда телекоммуникация саласын мемлекеттік реттеуді жетілдіру: телекоммуникация саласын одан әрі дамыту жөніндегі зерттеулер; байланыс операторларын қосу; тіркелген және ұялы байланысты дамыту; Интернетті дамыту; халыққа телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін ұсыну. 2. Телекоммуникация саласын инновациялық-технологиялық және техникалық қамтамасыз ету: телекоммуникация саласын инновациялық дамыту; нөмірлеудің телекоммуникациялық ресурсын бөлу; радиожиілік спектрін бөлуді жетілдіру; ұлттық жерсеріктік байланысты дамыту; стандарттаудың және сертификаттаудың салалық жүйесін жетілдіру; телекоммуникация саласының кадрларын даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру; телекоммуникация желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу. |
Іске асыру мерзімі | 2006-2008 жылдар |
Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздері | Қаржыландыру көздері: 222,3 млн. теңге сомасындағы республикалық бюджеттің қаражаты: 2006 жылы - 25,3 млн. теңге; 2007 жылы - 153 млн. теңге; 2008 жылы - 44 млн. теңге. Республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі тиісті жылға арналған бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады |
Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтиже | Ақпараттық қоғамның технологиялық негізі ретінде телекоммуникация қызметтері нарығының оңтайлы құрылымы, тиімді және дамыған телекоммуникациялық инфрақұрылым. Бағдарламаны іске асыру 2008 жылдың соңына қарай мынадай мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталатын болады: тіркелген телефон желілерінің тығыздығы - елдің 100 тұрғынына 23; ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы - елдің 100 тұрғынына 50; Интернетті пайдаланушылар тығыздығы - елдің 100 тұрғынына 10; жергілікті телекоммуникация желілерін цифрландыру деңгейі - 80 %; байланыс операторлары кірістерінің көлемі - жалпы ішкі өнімнің 4-5 %; бір тұрғынға телекоммуникация қызметінен түсетін кірістер 150-200 АҚШ доллары; бір тұрғынға телекоммуникация саласына инвестициялар 70-100 АҚШ доллары |
2. Кіріспе
Қазақстан Республикасының телекоммуникация саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындаудың желілік кестесінің 48-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес әзірленді.
2004 жылы «Байланыс туралы» жаңа Заңды (бұдан әрі - Заң) қабылдағаннан бастап ашық және мөлдір бәсекелестік ортаны қалыптастыру үшін жағдай жасала отырып, телекоммуникация нарығын толық ырықтандыруға бағытталған телекоммуникация саласын дамытудың кезекті кезеңі басталды.
Қазіргі кезде Қазақстанда саланың оның жаңа жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық базасы құрылды, сондай-ақ республиканың телекоммуникация нарығын ырықтандырудың дайындық сатысы мен ішінара ырықтандыру кезеңінде телекоммуникация саласының дамуын айқындаған бірінші кезектегі бірқатар жүйелік іс-шаралар іске асырылды.
Ырықтандырудың ағымдағы процесі саланың дамуындағы өтпелі кезең ретінде саланы басқарудың ұйымдастыру-құқықтық құрылымын, нарық субъектілерінің өзара және мемлекетпен арадағы өзара іс-қимыл жасау, телекоммуникациялық инфрақұрылымды техникалық-технологиялық дамыту ережелерін жетілдіру жөніндегі оңтайлы шешімдерді тұрақты түрде іздестірумен қатар жүреді.
Осыған байланысты алдағы кезеңде телекоммуникация саласын ырықтандыруды толығымен аяқтау және оны әлемдік ашық бәсекелес нарық жағдайында серпінді дамуға дайындауды қамтамасыз ету көзделеді. Бұл ретте телекоммуникация саласы республика дамуының жекелеген әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге тиіс.
Саланы дамытудың маңызды шарты мемлекет пен қоғамның мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады. Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қылмыстық және қоғамға қарсы қызметті анықтау мен оның жолын кесу құралдарын дамыту жөнінде бірқатар іс-шараларды орындау қажеттігі бар.
Осыған байланысты телекоммуникация саласын одан әрі дамытуға, бәсекелестік туғызуға, инвестициялар тартуға ықпал ететін жаңа бағдарламаны әзірлеу қажеттігі пісіп жетілді, бұл 2012 жылға қарай әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік береді.
3. Телекоммуникация саласының қазіргі кездегі жай-күйін
талдау
Қазіргі уақытта телекоммуникация саласы әлемдегі ең серпінді дамушы салалардың бірі болып табылады, телекоммуникациялық инфрақұрылым арқылы берілетін ақпарат көлемі әр 2-3 жыл сайын екі еселеніп отырады.
Батыс елдерінде телекоммуникация саласына инвестициялардың өсу қарқыны қайта өңдеу және өндіру салаларына инвестициялардың өсу қарқынынан асып түседі.
Телекоммуникация саласынан түсетін ЖІӨ құрамындағы кірістердің үлесі, сондай-ақ онда жұмыс істейтін қызметкерлердің саны тұрақты түрде өсіп отырады.
Ақпараттық индустрияның жаңа салалары пайда болып, табысты дамуда, нарық субъектілерінің экономикалық белсенділігінің ақпараттық құрауышы және қоғамның тіршілік ету қызметінде ақпараттық ресурстардың айрықша рөлін өзекті ете отырып, ақпараттық технологиялардың ғылыми-техникалық, зияткерлік әлеуетке әсері елеулі түрде өсіп отыр.
Республиканың телекоммуникациялық секторының дамуына әсер ететін факторлар:
1) ұлттық нарықтың ауқымы.
Көбіне ел экономикасының жай-күйімен айқындалатын тұтынушылардың төлемге қабілетті сұранысы телекоммуникациялық қызметтер нарығын дамытудың негізгі факторы болып табылады.
Қазіргі кезде Қазақстан халықтың ел аумағында біркелкі бөлінбеуінен клиенттік базаны кеңейтудің жеткілікті әлеуетін иеленбей отыр.
Жергілікті телефон байланысының ағымдағы көлемі 2,6 млн. желіден асады, бұл жергілікті телефон байланысы қызметтері нарығының ең көп сыйымдылығының - барлық ықтимал тұтынушылардың олардың төлем қабілеттілігін ескерместен санын сипаттайтын және 2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шамамен 4 млн. желіні құрайтын көрсеткіштің 65 %-ын құрайды.
2008 жылдың аяғына қарай негізгі телефон аппараттарының жалпы санын шамамен 3,4-3,5 млн-ға жеткізу болжанып отыр.
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің телекоммуникация нарығын ырықтандыруға арналған бағытын іске асыру.
2004 жылдың аяғында басталған телекоммуникациялық қызметтер нарығында кезең-кезеңмен ырықтандыру нәтижесінде нақты бәсекелестік ортаны дамыту үшін алғы шарттар жасалды. Телекоммуникация нарығын ырықтандыру барысында тарифтерді қайта теңгерімдеу және тоғыспалы субсидиялаудың шарттарын жою жөніндегі, телекоммуникация қызметтері нарығының әрбір сегментінде, оның ішінде ауылда да бәсекелестікті дамытудың экономикалық стимулдарын жасау жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылады.
3) Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі - ДСҰ) кіру жөніндегі іс-шаралар.
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне дайындық және осы ұйым регламенттейтін қағидаттары нарықты реттеу жүйесін қалыптастыру, телекоммуникация қызметтері нарығына қол жетімділік кедергілерін алып тастау, сыртқы бәсекелестік үшін нарықтың ашықтығы. Бұл іс-шаралар Қазақстанның телекоммуникация қызметтері нарығына жаңа қатысушылардың шығуына ықпал ететін болады, бұл бәсекелестіктің күшеюіне әкеп соғады.
Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігінен күтілетін нәтижелерге қол жеткізу көбіне осы ұйымға кіретін шарттарға және тауарлар мен қызметтердің отандық нарықтарына қол жетімділікті қамтамасыз ету жөнінде Қазақстан қабылдайтын міндеттемелердің деңгейіне байланысты болады. Телекоммуникация секторында ел қабылдайтын міндеттемелер оның одан әрі дамуына ықпал етуге тиіс, оның міндетті факторларының бірі қызметтер мен тауарларды отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
4) Қазақстан Республикасының телекоммуникация қызметтері нарығын дамытудан күтілетін технологиялық үрдістер.
Қазақстан Республикасының телекоммуникация қызметтерінің нарығы жалпы әлемдік телекоммуникация кешенінің бөлігі ретінде мынадай негізгі үстем үрдістердің әсерімен дамып келеді:
жылжымалы байланысты, жерсеріктік және кабелді теледидарды, дауыстарды, бейне және пакеттік технологиялар негізіндегі деректерді беру бойынша конвергирленген шешімдерді белсенді түрде дамыту;
дәстүрлі желілерді дамытудан шешімдер негізінде жаңа буын желілерін дамытуға көшу;
телекоммуникациялық және ақпараттық технологиялардың конвергенциясы.
Ағымдағы үрдістерде ХХІ ғасырдың басы даму қарқыны өзінің тиімді дамуы үшін тұтастай экономиканың даму қарқынына қатысы бойынша озық болуға тиіс жаhандық телекоммуникациялық инфрақұрылым құруды ықпал ететін ақпараттық қоғам дәуірі ретінде қарастырылады.
Дамыған және дамушы елдерде экономикалық өсімнің 1 %-ын қамтамасыз ету үшін телекоммуникация саласының өсімінің кемінде 3 %-на қол жеткізу қажет.
Осы жағдайда дамыған және дамушы елдердің экономикалық көрсеткіштерінде телекоммуникация саласының мәні оның жалпы ішкі өнімдегі (бұдан әрі - ЖІӨ) үлесінің үнемі өсіп отырғанынан байқалады. Өнеркәсібі дамыған елдерде телекоммуникация қызметтерінің көлемі ЖІӨ-нің 5-8 % дейін жетеді, ТМД елдері бойынша осы көрсеткіш өсу қарқынының жоғарлығына қарамастан орта есеппен ЖІӨ-нің 2,8 %-ын құрайды (Қазақстанда - 2,9 %).
Жоғарыда көрсетілген статистиканы негізге ала отырып, Қазақстанға телекоммуникация саласын дамыту үшін жалпы әлемдік өсу үрдісі тән деп қорытынды жасауға болады.
Республикада соңғы бес жылда телекоммуникация саласының серпінді дамуы байқалады, әрі оның даму қарқыны елдің ЖІӨ-нің өсу қарқынынан асып түседі және жыл сайын орта есеппен 25-30 %-ды құрайды.
Сала дамуының сақталып отырған оң серпіні қоғамның дамуы мен ел қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, сонымен бірге тұрақты экономикалық өсудің аса маңызды көзі де болатындығын атап өту қажет.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарының болжамдарына сәйкес ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 8,1 %-ды, нақты еңбек ақының өсімі 4,6 % құрайтынын, яғни халықта ұтқыр, Интернет және т.б. сияқты байланыс қызметтері түрлерін сатып алу мүмкіндігі пайда болатындығын ескерсек, алдағы уақытта байланыс қызметтері өскелең сұранысқа ие болады.
Бұдан басқа таяудағы үш жылда саланың орташа жылдық өсу қарқыны 31 %-ды құрайды, бұл мынадай бірнеше маңызды факторлармен: жергілікті байланысқа тарифтердің қайта теңгерімделуімен, тарифтердің қалааралық (ішкі аймақтық) телефон байланысына теңестірілуімен және байланыстың осы түріне трафиктің өсуімен және ұялы байланыс қызметтері, басқа да жоғары кірісті қызметтер үлесінің ұлғаюымен және телекоммуникация қызметтерінің жаңа түрлерінің, оның ішінде отандық жерсеріктік байланыстың пайда болуымен түсіндіріледі.
2005 жылы телекоммуникация саласының кірісі 216704 млн. теңгені құрады және өткен жылдың көрсеткішінен 27 %-ға асып түсті. Бұл ретте баламалы байланыс операторлары кірістерінің өсуі байқалады. Егер 2003 жылы "Қазақтелеком" АҚ дәстүрлі операторының үлесіне барлық телекоммуникация кірістерінің 51 %-ы келсе, 2005 жылы осы оператордың жалпы кірістегі үлесі 48 %-ға дейін төмендеді, қалааралық және халықаралық телефон байланысы қызметтерін ұсыну бойынша "Қазақтелеком" АҚ бұрынғыдай үстемдікке ие.
Саланың техникалық дамуы жоспарында ұлттық экономиканы көтерудің, қоғамның іскерлік және зияткерлік белсенділігі өсуінің, елдің халықаралық қоғамдастықтағы беделінің нығаюының аса маңызды факторы ретінде ақпараттандыру процестерін қолдау, осы заманғы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және оны басқа мемлекеттердің инфрақұрылымдарымен біріктіру үшін цифрлы көліктік орта жасау республикадағы негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
2005 жылдың соңында қалалық байланысты цифрландыру деңгейі 77,01 % болғанда, ауылдық байланысты цифрландыру деңгейі 52,64 %-ды құрайды.
Сонымен бірге, 100 адамға телефон аппараттарының саны бойынша Қазақстан (17,7 телефон аппараты) телефон тығыздығы 100 тұрғынға 60-тан 70-ке дейінгі телефон аппаратын құрайтын жоғары дамыған - Дания, Норвегия, Швейцария, АҚШ, Германия сияқты елдерден 4 есе артта қалып отыр. ТМД аумағында осы көрсеткіш орта есеппен 21,4-ды құрайды.
Салаға инвестициялар өсуінің қалыптасқан қарқыны орта есеппен кірістің 25 % - 52 %-ына дейін құрайды, бұл саланың инвестициялық тартымдылығының ұлғайғандығы және бизнес-сектор тарапынан телекоммуникациялық қызметтерге сұраныстың өскендігі туралы куәландырады. Инвестициялардың өсуі жаңа қызметтерді дамыту және оларға сұранысты қанағаттандыру мақсатында байланыс желілерін, моральдық және физикалық тұрғыдан тозған телекоммуникация жабдықтарын жаңғырту қажеттілігімен түсіндіріледі. Сол сияқты Қазақстандағы шетел инвесторларының өсіп отырған қызығушылығына қарамастан, капиталдық салымдар құрылымында компанияның меншіктік қаржысы инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі болып қалып отыр. Сонымен бірге Әзербайжанда, Арменияда, Тәжікстанда және Өзбекстанда инвестицияның 50% астамы шетелдік инвестициялар.
Ұйымдастыру-құқықтық шарттарды құра отырып, ТМД-ның көпшілік елдері жүргізіп жатқан және дамыған елдерде жүзеге асырылған республиканың телекоммуникациялық нарығын ырықтандыру шеңберінде нарық құрылымын оңтайландыру жүруде, байланыс қызметтерін тұтынуда үйлесімсіздікті азайту жөніндегі мәселелер шешілуде және нарықтың ішінде де, сондай-ақ оның сегменттерінің арасында да шынайы бәсекелестік байқалады.
Қазіргі уақытта республикада телекоммуникация қызметтері нарығының мынадай негізгі сегменттері қалыптасты: ұялы байланыс, жергілікті телефон байланысы, қалааралық және халықаралық байланыс, деректер беру (Интернетті қоса алғанда). 2006 жылғы 1 қаңтардағы жағдайы бойынша байланыс кәсіпорындары кірістерінің көлемін: сымсыз байланыс (48,7 %), қалааралық, халықаралық телефон байланысы (27,3%), жергілікті телефон байланысы (12,9 %) құрады.
Салынған капиталға кірістің жоғары деңгейі тіркелді. Ұялы және тіркелген байланыс қызметтеріне сұраныс азаймай отыр.
Қазақстандағы байланыс қызметтері нарығының
және бәсекелестіктің ағымдағы жай-күйінің сипаттамасы
Қызметтер нарығының сегменті | Опера- торлар- дың саны | Операторлар- дың атауы | Қызмет көрсету аумағы | Бәсекелес- тік сипаты |
Ұялы байланыс | 4 | "GSM Қазақстан" ЖШС "Қазақтелеком" ААҚ "Кар-тел"» ЖШС "Алтел" АҚ "Мобайл-Телеком- Сервис" ЖШС | Қазақстан Республикасы | ҮБН |
Жергілікті телефон байланысы | 135 | Жаңа операторлар және "Қазақтелеком"»АҚ | Қазақстан Республика- сының жекелеген өңірі | ҮБН-халыққа арналған қызметтер, ҮБН-ұйымдар- ға арналған қызметтер |
Қалааралық және халықаралық байланыс | 7 | "Қазақтелеком" АҚ "Транстелеком" АҚ "KazTransCom"»АҚ "Арна" АҚ "Нұрсат" АҚ "Astel" АҚ "TNS-Plus" АҚ | Қазақстан Республикасы | ҮБН |
Деректер беру (Интернетті қоса алғанда) | 62 | «"Қазақтелеком" АҚ-тың жаңа операторлары | Қазақстан Республика- сының жекелеген өңірі | ҮБН-халыққа арналған қызметтер, ҮБН-ұйымдар- ға арналған қызметтер |
Қазақстандық ұялы байланыс нарығының негізгі сипаттамалары мынадай: онда 4 байланыс операторы жұмыс істейді, бұл ретте радиожиілік ресурсы сыйымдылығының жетіспеушілігінен нарыққа кіру кедергісі өте жоғары. Қазақстанның ұялы байланыс нарығы мынадай ерекшеліктерімен сипатталады: барлық ұялы байланыс операторларында ұсынылатын қызметтер тізбесі іс жүзінде бірдей, компаниялар - байланыс операторлары көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер бөлігінде өзара бәсекелеседі. 2004 жылмен салыстырғанда ұялы байланыс абоненттерінің саны 2,5 есеге ұлғайды.
Ұялы байланыс абоненттерінің саны тіркелген байланыс абоненттерінің санынан асты. Тіркелген абоненттердің саны шамамен 2,5 млн-ды, ұтқыр байланыс абоненттерінің саны 5,5 млн-нан астамды құрайды. «GSM Казахстан» ЖШС «Қазақтелеком» ААҚ абоненттердің барынша көп санын-шамамен 3,3 млн-ды иеленеді, «Кар-Тел» ЖШС абоненттерінің саны 2 млн-нан астам адамды құрайды.
Осы стратегиялық маңызды және жылдам өсетін нарықта шетелдік компаниялардың үстемдік етіп отырғандығын атап өту қажет - ұялы байланыс нарығының ірі компанияларында түрік және ресей капиталдары ұсынылған.
Осы сегмент үшін серпінді өсу тән, алайда бәсекелестік сипатын орташа деп бағалауға болады. Нарықтың жаңа қатысушыларының пайда болуы есебінен бәсекелестіктің дамуы негізінде осы байланыс түріне тарифтердің төмендеуі шартымен ұялы байланыс нарығының өсу әлеуетін жоғары деп бағалауға болады.
Жергілікті телефон байланысын «Қазақтелеком» АҚ-тың дәстүрлі байланыс операторлары және 130-ға жуық байланыс операторлары қамтамасыз етеді. Алайда жергілікті байланыс қызметтері нарығындағы жаңа операторлардың үлесі тұтастай алғанда республика бойынша төмен болып отыр және 9-дан 10% дейін құрайды. Осы байланыс қызметтері нарығында «Қазақтелеком» АҚ дәстүрлі операторларының үлесі 90 % құрайды.
Қалалардағы жергілікті байланыс нарығында бәсекелестікті дамытудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, тұтынушыға дейін жеткізудің "соңғы милі" мәселесін шешу үшін Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) 2004-2005 жылдары 5,2-5,9 ГГц жиілік диапазондарында сымсыз радиожетімділіктің кеңжолақты жүйелерін пайдалану жөнінде пилоттық жоба өткізді.
Жобаның нәтижелері бойынша 11 байланыс операторына көрсетілген жиілік диапазонын Астана қаласы бойынша пайдалануға рұқсат берілді.
Ішкі тоғыспалы субсидиялауды мемлекеттік субсидиялаудың ашық тетігіне ауыстырудың нәтижесінде қазіргі кезде ауылдық жерлерде жергілікті телефон байланысын дамыту жөніндегі қызмет экономикалық жағынан тиімді болып отыр. Бұл ретте субсидиялаудың мемлекеттік қорын қалыптастыру жөніндегі жүктеменің қалааралық және халықаралық байланыс операторларына жүктелетінін атап айту қажет.
Республикада ауылдық елді мекендердің (бұдан әрі - АЕМ) жалпы саны 7400-ге жуық. 2006 жылғы 1 қаңтарда 50-ден астам халқы бар 650-ге жуық ауылдық елді мекенге телефон тартылмаған.
Ауылдағы телекоммуникация қызметтерін негізінен 500 мың абоненттерге қызмет көрсететін «Қазақтелеком» АҚ ұсынады, басқа байланыс операторлары 8 мыңнан астам абоненттерді қамтамасыз етеді. Олардың ішіндегі ең ірісі «Транстелеком» АҚ - 4 мыңнан астам абонент, «Қазақмыс» АҚ - 1300 абонент, қалғандары - «Арғын» ЖШС, «Мұнайтелеком» ЖШС, «KazTransCom» АҚ және «Арна» АҚ.
2005 жылғы 1 желтоқсанда 7880 мектептің 6760 мектебі (85,8 %) телефондандырылды, оның ішінде 6030 ауылдық мектептің 4986 мектебі телефондандырылды (82,7 %), мектептердің 82,2 %-ының, оның ішінде ауылдық мектептердің 80,1 %-ының Интернет желісіне қолжетімділігі бар.
Ауылдарды дәстүрлі тәсілмен телефондандыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі № 1149 Жарлығымен бекітілген Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде айқындалған.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 тамыздағы № 838 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2004-2006 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында республикалық бюджет не "Қазақтелеком" АҚ-ның жай акциялары бойынша дивидендтерді қайта инвестициялау есебінен 2006 жылы 540,1 млн. теңге бөлу көзделген.
"Қазақтелеком" АҚ-ы телефондалмаған АЕМ-дерді телефондандырумен бір мезгілде ауылдық байланысты жаңғырту мен дамытуды жүзеге асыратынын атап өту қажет, бұл қолданыстағы аналогтық АТС-терді цифрлыға ауыстыруды, қосушы желілерді цифрландыруды, әуе байланысы желілерін радио релелі және талшықты-оптикалық байланыс желілеріне (бұдан әрі - ТОБЖ) айырбастауды көздейді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 22 маусымдағы № 690 қаулысымен бекітілген "Қазақтелеком" акционерлік қоғамын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған жоспарына сәйкес бұл мақсаттарға 2006 жылы - 1300 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Бұл ауылдық байланыстың цифрландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, егер 2004 жылы аудан орталықтарын цифрландыру деңгейі 66 %-ды құраса, 2005 жылы - 77 %-ды, 2006 жылы - 82 %-ды, 2007 жылы - 88 %-ды және 2008 жылы - 100 %-ды құрайды.
Қазақстанның телекоммуникация саласын ырықтандыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде ауылдық байланыстың экономикалық тартымдылығын қамтамасыз ету үшін ауылдық жерлерде телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсететін байланыс операторларына шығындарын өтеуге қаражат бөлу жүргізіледі.
Қазіргі кезде Қазақстанның барлық қалааралық және халықаралық трафигінің 90 % жуығын өткізетін «Қазақтелеком» АҚ қалааралық және халықаралық байланыс қызметтері нарығында бұрынғыдай үстемдік етуде. Бұл қызмет нарығы сегментінде «Қазақтелеком» АҚ үлесі бәсекелестік жағдайында біртіндеп төмендейтін болады. Қызметтердің осы түрін көрсетуге лицензия алған жаңа байланыс операторларына (»Транстелеком» АҚ, «KazTransCom» АҚ, «Арна» АҚ, «Нұрсат» АҚ, «Аstel» АҚ, «TNS-Plus» АҚ) баға саясаты саласында «Қазақтелеком» АҚ-мен бәсекелесу мүмкіндігі беріліп отыр.