2. Бюджеттік кредиттiң қайтарылуын қамтамасыз ету құны сыйақы сомасы ескерiле отырып, бюджеттік кредит мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
3. Бюджеттік кредит жөніндегі мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бюджеттік кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау жөнiнде көрсетiлген қызметтерге ақы төлеудi қарыз алушы жүргiзедi.
176-бап. Сыйақы ставкасы
1. Сыйақы - бюджеттік кредит берiлгенi үшiн қарыз алушы жүзеге асыратын төлем.
2. Сыйақы ставкасы - жылдық проценттер түрiнде көрсетiлетiн сыйақы мөлшерi.
3. Сыйақы ставкасы тiркелген немесе құбылмалы болуы мүмкiн.
Тiркелген сыйақы ставкасы - мөлшерi бюджеттік кредиттiң барлық мерзiмiне өзгерiссiз белгiленетiн сыйақы ставкасы.
Құбылмалы сыйақы ставкасы - қаржы рыногындағы конъюнктураға байланысты өзгерiп тұратын сыйақы ставкасы.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына, қаржы агенттiктерiне, мемлекеттік білім беру кредиттерiне және студенттiк кредиттерге бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын қоспағанда, бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы ставкасы бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздардың тиiстi түрлерi бойынша табыстылықтың орта өлшемдi ставкасынан төмен емес шамада белгiленедi.
Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган шығарған тиiстi мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша табыстылықтың орта өлшемдi ставкасын анықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
177-бап. Бюджеттік кредит беру тәсiлi
Бюджеттік кредит:
1) қарыз алушының төлем құжаттарына ақы төлеу;
2) бiр мерзiмде не аудару кестесiне сәйкес бөлiп-бөлiп немесе қарыз алушының тиiстi құжаттар беруiне қарай қарыз алушының банк шотына аудару арқылы берiлуi мүмкiн.
178-бап. Бюджеттік кредиттi өтеу мен оған қызмет көрсету кестесi
1. Бюджеттік кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету кестесi бюджеттік кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі төлемдердiң мерзiмдерiн, кезеңдiлiгiн белгiлейдi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
2. Кредиттiк шартта жеңiлдiк кезеңiн беру көзделуi мүмкiн.
Жеңiлдiк кезеңi - бюджеттік кредит мерзiмiнiң құрамына кiретiн уақыт кезеңi, бұл кезеңде қарыз алушы кредиттi өтеудi жүзеге асырмайды.
39-тарау. Бюджеттік кредиттеу рәсімдері
179-бап. Бюджеттік кредит беру туралы шешiм қабылдау
Бюджеттік кредит беру туралы шешiм қабылдау:
1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттік, салалық (секторлық), аймақтық бағдарламалардың iс-шараларын бюджеттік кредиттеудiң, әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспары мен орта мерзiмдi фискалдық саясаттың мақсатқа сай екендiгiн айқындауды;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органның бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік өтiнiмдерiн бюджеттік кредиттеу арқылы iске асыру ұсынылатын бюджеттік бағдарламаның бюджеттік кредиттеу өлшемдерiне сәйкестiгiне қатысты қарауын;
3) бюджеттік өтiнiмдi және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органның қорытындысын бюджеттік комиссияның қарауын;
4) бюджеттік комиссияның оң шешiмi болған жағдайда тиiстi қаржы жылына арналған бюджеттiң жобасына бюджеттік бағдарлама енгізудi қамтиды.
180-бап. Бюджеттік кредит беру рәсiмi
1. Бюджеттік кредит беру рәсiмi мынадай кезеңдердi:
1) бюджеттік кредиттiң негiзгi талаптарын айқындауды;
2) қарыз алушыны айқындауды;
3) кредиттiк шарт және олармен байланысты шарттар жасасуды;
4) қарыз алушыға бюджеттік кредит берудi қамтиды.
2. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi кезектi қаржы жылына арналған тиiстi бюджеттер бекітілгеннен кейiн бюджеттік кредиттердiң негiзгi шарттары мен қарыз алушылардың санаттары туралы кредитор шешiмдерiнiң жобаларын бекітуге енгiзедi.
3. Қарыз алушыларды:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу кезiнде тапсырма шартына сәйкес сенім бiлдiрiлген өкiл (агент);
2) қаржы агенттiктерiн қоспағанда, қарыз алушы банктердi бюджеттік кредиттеу кезiнде конкурс нәтижелерi бойынша бюджеттік бағдарлама әкiмшiсi айқындайды. Қарыз алушы банктердi iрiктеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi;
3) жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттік кредиттеу кезiнде қарыз алушылар осы Кодекске сәйкес айқындалады;
4) шет мемлекеттердi бюджеттік кредиттеу кезiнде қарыз алушылар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда бюджеттік кредиттер алады.
Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік кредиттеу сенім бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) арқылы жүзеге асырылады.
5. Бюджеттік кредит беру кредиттiк шарт, тапсырма шарттары және бюджеттік кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi растайтын құжаттар жасалып, тiркелгеннен кейiн жүзеге асырылады.
Бюджеттік кредит беру кезіндегі қажеттi құжаттар тiзбесiн бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Бюджеттік кредиттер беру жөніндегі қаржылық рәсiмдер Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен айқындалады.
181-бап. Шет мемлекеттердi кредиттеудiң ерекшелiктерi
1. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебiнен берiледi.
2. Шет мемлекеттерге бюджеттік кредиттер шет мемлекеттер бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартқа мiндеттi күш беру үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi жүргiзген жағдайда берiледi.
3. Шет мемлекеттердi бюджеттік кредиттеудiң тәртібі мен талаптары бюджеттік кредит беру туралы халықаралық шартта белгiленедi.
Шет мемлекеттерге берiлген бюджеттік кредит бойынша негiзгi борыш шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы алдындағы борышын құрайды.
182-бап. Бюджеттік кредиттi пайдалану
Қарыз алушы бюджеттік кредит қаражатын бюджеттік бағдарлама паспорты мен кредиттiк шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
Бюджеттік кредит өз нысанасында пайдаланылмаған жағдайда қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
183-бап. Бюджеттік кредитке қызмет көрсету
1. Бюджеттік кредитке қызмет көрсету - бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның немесе сенім бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) бюджеттік кредит қаражатының пайдаланылуын есепке алу және қарыз алушының кредиттiк шарттың талаптарына сәйкес негiзгi борышты, сыйақыны және басқа да төлемдердi өтеуге төлемдер жасауды жүзеге асыру жөніндегі қызметi.
Негiзгi борыш - ол бойынша есептелген сыйақы, комиссиялық төлемдер, тұрақсыздық төлемдерi (айыппұлдар, өсімдер) сомасы ескерiлмей алынған және өтелмеген бюджеттік кредит сомасы.
2. Негiзгi борышқа қызмет көрсету - кредиттiк шарт талаптарына сәйкес, белгiлi бiр уақыт кезеңіндегі сыйақының, өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерi.
Берешек - бюджеттік кредиттi (кредиттiк шартты) өтеу және оған қызмет көрсету кестесiне сәйкес мерзiмi басталған, қарыз алушы төлемеген төлемдер сомасы.
3. Сыйақыны есептеу кредитордың шотынан бюджеттік кредит аударылған күннен бастап ол толық өтелген күнге дейiн бюджеттік кредит бойынша негiзгi борыш сомасына қойылған сыйақы ставкасы бойынша жүргiзiледi.
4. Сыйақыны есептеу тәртібі кредиттiк шартта белгiленедi.
Сыйақыны есептеу үшiн жылдың 360 күнi және айдың 30 күнi есепке алынады.
Төлем мерзiмi басталған кезде қарыз алушы негiзгi борыш пен сыйақы бойынша тиiстi бюджетке төлем тапсырмасымен ақша аудару арқылы кезектi төлемдердi жүзеге асыруға мiндеттi.
5. Берешек пайда болған кезде бюджеттік кредитке қызмет көрсету төлемдердiң мынадай кезектiлігімен жүзеге асырылады:
1) есептелген тұрақсыздық төлемi (айыппұлдар, өсiмпұл);
2) есептелген сыйақы;
3) негiзгi борышты өтеу.
184-бап. Бюджеттік кредиттi өтеу
1. Бюджеттік кредитті өтеу - кредиттiк шартқа және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бюджеттік кредит бойынша негiзгi борышты қарыз алушының өтеуi.
2. Бюджеттік кредиттен қарыз алушылардың кредитормен немесе сенім бiлдiрiлген өкiлмен (агентпен) келісім бойынша кредиттi мерзiмiнен бұрын өтеуге құқығы бар.
Қарыз алушы кредиттiк шарттың талаптарын бұзған кезде кредитордың немесе сенім бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) тапсырма шартына сәйкес кредитті мерзiмiнен бұрын өтеудi талап етуге құқығы бар.
3. Қарыз алушыда бюджеттік кредит бойынша берешек пайда болған кезде кредитор немесе сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) тапсырма шартына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кредиттiң өтелуiн қамтамасыз ететiн шаралар қабылдайды.
4. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен өндiрiлiп алынған мүлiк Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өткiзiлуге және (немесе) мемлекеттік меншiкке айналдырылуға жатады.
5. Бюджеттік кредиттi өтеу есебiнен мемлекеттік меншiкке айналдырылатын мүлiкке бағалау жүргiзуге арналған шығыстар тиiстi бюджет қаражаты есебiнен төленедi.
6. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру кезiнде кредитор талаптарының мөлшерi мүлiк құнының сомасына кемiтiледі.
7. Бюджеттік кредит бойынша жергiлiктi атқарушы органда берешек болған немесе ол бюджеттік кредиттiң нысаналы мақсатына пайдаланылмаған жағдайда кредитор берешек сомасын немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған соманы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жергiлiктi бюджеттiң есебiнен шығаруды жүзеге асырады.
40-тарау. Бюджеттік кредитті қайта
құрылымдау және қарыз алушыны ауыстыру
185-бап. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау
1. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау - тараптардың келісімi бойынша олардың кредиттiк шарттар бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмдерiнiң, қаржылық және өзге де талаптарының өзгеруi.
2. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау туралы шешiм қарыз алушыда қаржылық жағдайды сауықтыру жөнiнде жоспар болған кезде қарыз алушының қаржылық жай-күйiн талдау негізiнде қабылданады.
3. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау:
1) негiзгi борышты өтеу және (немесе) сыйақыны төлеу мерзiмдерiн өзгерту;
2) бюджеттік кредит, кредит бойынша сыйақы және өзге де төлемдер бойынша берешектi капиталдандыру (жиынтықтау) арқылы жүзеге асырылады.
4. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергілiктi атқарушы органның жанындағы консультациялық-кеңесшi органның оң қорытындысы болған кезде әрбiр кредиттiк шарт бойынша кредитордың шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау әрi кеткенде бiр рет жүзеге асырыла алады.
Бюджеттік кредиттi қайта құрылымдау кредиттiк шартқа қосымша келісім жасау арқылы ресiмделедi.
186-бап. Бюджеттік кредит бойынша борышты аудару
Бюджеттік кредит бойынша борышты аударуға кредитор шешiмiнiң негiзiнде кредиттiк шарт тараптарының келісімi бойынша жол берiледi.
Борышты аудару бюджеттік кредит бойынша борышты өтеу есебiне өндiрiп алынған (ұсынылған) мүлiктi берген кезде жүзеге асырылуы мүмкiн.
41-тарау. Талап қою мерзімі, бюджеттік кредиттер
бойынша кредиторлар талаптарының тоқтатылуы
187-бап. Талап қою мерзiмi
Бюджеттік кредиттер бойынша кредиторлардың талаптарына талап қою мерзiмi қолданылмайды.
188-бап. Кредитордың бюджеттік кредиттi өтеу жөніндегі талаптарының тоқтатылуы
1. Кредитордың бюджеттік кредиттi өтеу жөніндегі талабы қарыз алушы кредиттiк шарт бойынша мiндеттемелердi тиiсiнше орындаған кезде, қарыз алушы мен кредитор бiр тұлға болғанда не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарыз алушы - заңды тұлға таратылған жағдайда тоқтатылады.
2. Қарыз алушы-заңды тұлға таратылған жағдайда кредитордың бюджеттік кредиттi өтеу жөніндегі талабының тоқтатылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттемелердiң орындалуын бағалау жөніндегі алдын ала рәсiмдер жүргiзiлгеннен кейiн:
1) республикалық бюджеттен берiлген бюджеттік кредиттер бойынша - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның негiзiнде;
2) жергілiктi бюджеттен берiлген бюджеттік кредиттер бойынша мәслихаттың шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген таратылған қарыз алушылардың берешегi өтелдi деп есептеледi және оны кредитордың есептен шығаруына жатады.
42-тарау. Бюджеттік кредиттер бойынша
бақылау, мониторинг, есепке алу
189-бап. Бюджеттік кредиттердi бақылау
1. Кредитор және (немесе) сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) бюджеттік кредиттiң нысаналы пайдаланылуына және ол бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ететiн жағдайдың болуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
Бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi жергiлiктi жерлерде бюджеттік кредиттiң нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын тексерудi жүзеге асыра алады.
2. Бюджеттік кредиттi нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактілері анықталған жағдайда кредитор немесе сенім бiлдiрiлген өкiл (агент) қарыз алушыдан кредиттiң заңсыз пайдаланылған сомасын кредиттiк шартта белгiленген мөлшерде айыппұл ала отырып өндiрiп алады.
190-бап. Бюджеттік кредиттер мониторингi және оларды есепке алу
1. Бюджеттік кредиттер бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мiндеттi тiркеуге, есепке алынуға және оларға мониторинг жүргiзiлуге жатады.
2. Жергiлiктi бюджеттерден берiлген бюджеттік кредиттер жасалған кредиттiк шарттар туралы, бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындаған нысандар мен мерзiмдер бойынша бюджеттік кредиттердi нақты беру, оларға қызмет көрсету және өтеу туралы жергiлiктi атқарушы органдардың есептiлігі негiзiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның орталықтандырылған түрде есепке алуына жатады.
3. Кредиторлар берiлген барлық бюджеттік кредиттердiң қарыз алушылар мен сенім бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) тұрғысынан тiзiлiмiн жүргiзедi.
4. Бюджеттік кредиттердi пайдалану тиiмдiлiгiн бағалауды бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
11-бөлім. Мемлекеттік және мемлекет
кепілдік берген қарыз алу мен борыш
43-тарау. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік
берген қарыз алу мен борыш туралы жалпы ережелер
191-бап. Осы бөлiмде пайдаланылатын ұғымдар
Осы бөлiмде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аваль - вексельдiк кепiлдiк, бұл жағдайда оны жасаған тұлға вексель бойынша мiндеттi басқа тұлға үшiн вексель бойынша төлем жасауға (толық немесе бiр бөлiгiнде) өзiне мiндеттеме алады;
2) сыртқы қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi емес, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары;
3) iшкi қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары;
4) банк кепiлдiгi - қарыз алушы белгiленген мерзiмде қарыз шарты бойынша өзiнен алынуға тиесiлi соманы төлемеген жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның алдындағы мемлекет кепiлдiк берген қарызды өтеу жөніндегі банктiң мiндеттемесi;
5) мемлекет кепiлдiк берген борыш - мемлекеттік кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген, белгiлi бiр күнге алынған және өтелмеген мемлекеттік емес қарыздар сомасы;
6) мемлекет кепiлдiк берген қарыз - мемлекеттік кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген мемлекеттік емес қарыз;
7) мемлекеттік қарыз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар болатын қарыз қатынастары;
8) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болатын қарыз қатынастарында оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
9) ақша рыногы - қысқа мерзiмдi (бiр жылға дейiнгi) өтiмдi қаржы құралдары рыногы;
10) қарыз шарты - соған байланысты қарыз алушы қарыз қаражатын алатын және қарыз берушiнiң алдында оны қайтару және сыйақыны (мүдденi), сондай-ақ қарызға байланысты басқа да төлемдердi төлеу жөнiнде мiндеттеме атқаратын келісім;
11) қарыз беруші - мемлекеттік кепiлдiкпен мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қарыздарды берген тұлға;
12) қарыз алу - қарыз қаражаттарын тарту қажеттiгi туралы шешiм қабылдау, қарызды тарту, пайдалану, өтеу және оған қызмет көрсету тәртібі мен талаптарын айқындау рәсiмдерiн, келiссөздер, мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету және оларға кепiлдiк беру, қарыз бойынша тиiстi құжаттарды ресiмдеу және оларға қол қою, қарыз шартын бекіту (мемлекеттік сыртқы қарыз алу кезiнде), тараптардың мiндеттемелердi орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсiмдерiн қоса алғанда қарыз қаражатын алу, пайдалану рәсiмдерiн қамтитын процесс;
13) мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетiн, оның шегiнде мемлекеттік кепiлдiктер берiлуi мүмкiн тiркелген сома;
14) жергiлiктi атқарушы орган борышының лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджетте бекітілетiн жергiлiктi атқарушы органның белгiленген күнге (қаржы жылының аяғына) жергiлiктi атқарушы органның нақты борышынан асып кетпеуге тиiс алынған және өтелмеген қарыздарының тiркелген сомасы;
15) үкiметтiк борыш лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетiн, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң белгiленген күнге (қаржы жылының аяғына) нақты борышынан асып кетпеуге тиiс алынған және өтелмеген үкiметтiк қарыздардың тiркелген сомасы;
16) борыш мониторингi - мемлекеттiң өзi уәкiлеттiк берген органдар арқылы борышты есепке алу, талдау және қалыптастыру, өзгерту және қызмет көрсету процесiн бақылау жөніндегі қызметi;
17) мемлекеттік емес қарыз - Қазақстан Республикасының Үкіметін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен жергiлiктi атқарушы органдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидентi қарыз алушы болатын қарыз қатынастары;
18) сыйақының (мүдденiң) тiркелмеген (құбылмалы) ставкасы рынок конъюнктурасына байланысты өзгерістерге ұшыраған кредиттер, қарыздар жөніндегі сыйақы (мүдде) ставкасы немесе сыйақымен (мүддемен) қоса бағалы қағаздар бойынша кiрiс;
19) борышқа қызмет көрсету - уақыттың белгiлi бiр кезеңіндегі сыйақының (мүдденiң), комиссиялық алымдардың, айыппұлдардың және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерi;
20) қарызға қызмет көрсету - бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның немесе банктiң қарыз алушының шоттарындағы қарыз қаражаттарының пайдаланылуын есепке алу жөніндегі қызметi және қарыз алушының сыйақы (мүдде) төлемдерiн, комиссиялық алымдарды және қарыз шарттарына сәйкес басқа да төлемдердi жүзеге асыруы;
21) борышты өтеу - қарыз алушының алған қарыз сомасын қарыз шартында белгiленген тәртiппен қайтаруы, қарыз шартынан туындайтын басқа да мiндеттемелердi орындауы;
22) бағдарламалық қарыздар - халықаралық қаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту және реформалау жөніндегі өздерiмен келісілген iс-шараларын орындау шарттарымен Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне беретiн қарыздары;
23) үкiметтiк борыш - Қазақстан Республикасының Үкіметі алған және өтемеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң белгiлi бiр күнге борыштық мiндеттемелерiнiң борышына жатқызылған мемлекеттік қарыздар сомасы;
24) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын бiрiншi иеленушiлерге азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау арқылы иелiктен шығаруы;
25) мемлекеттік борышты қайта қаржыландыру - жаңадан алынған қарыз қаражаттары есебiнен мемлекеттік борышты өтеу;
26) қарызды қайта құрылымдау - тараптардың келісімi бойынша қарыз шарты жөніндегі өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау мерзiмдерiн, қаржылық және өзге де талаптарды өзгертуi;
27) Қазақстан Республикасының резиденттерi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегiнен тыс жерлерде орналасқан олардың филиалдары мен өкiлдiктерi;
28) негiзгi борыш сомасы - қарыз берушiден алынған және оған қайтарылмаған қарызды, сол бойынша сыйақының (мүдденiң), тұрақсыздық төлемiнiң (айыппұлдың, өсiмпұлдың) есептелген сомасын есепке алмастан, өтелуге жататын сома.
192-бап. Қарыз алу туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы, мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу Қазақстан Республикасының бюджеттік заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыз алуы "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергiлiктi атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыз алуы мемлекеттік қарыз алу болып табылады.
3. Мемлекеттік емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының резиденттерi кез келген мөлшерде, кез келген валютада және кез келген нысанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып дербес жүзеге асырады.
Мемлекеттік ұйымдар мен қазыналық кәсiпорындар мемлекеттік емес қарыз алуды жүзеге асыруға құқылы емес.
Мемлекеттік емес қарыздарды заңды тұлғалар мемлекеттік кепiлдiкпен тарта алады.
Мемлекеттік кепiлдiкпен тартылатын мемлекеттік емес қарыздар қарыз шарты нысанында болуға тиiс.
193-бап. Мемлекеттік қарыздардың түрлерi мен нысандары
1. Мемлекеттік қарыздар қарыз алушыға қатысты алғанда:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыздары;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыздары;
3) жергiлiктi атқарушы органдардың қарыздары болып бөлiнедi.
2. Несие капиталының рыноктарына қарай мемлекеттік қарыздар:
1) мемлекеттік сыртқы қарыздар;
2) мемлекеттік iшкi қарыздар болып бөлiнедi.
3. Қарыз алу нысаны бойынша мемлекеттік қарыздар:
1) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару;
2) қарыз шарттарын жасасу болып бөлiнедi.
4. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар қолданылу мерзiмiне қарай:
1) 1 жылға дейiнгi айналыс мерзiмiмен қысқа мерзiмдi;
2) 1 жылдан 5 жылға дейiнгi айналыс мерзiмiмен орта мерзiмдi;
3) 5 жылдан артық айналыс мерзiмiмен, ұзақ мерзiмдi болып бөлiнедi.
Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар құжаттамалық және құжаттамалық емес нысанда шығарылуы мүмкiн. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар ұсынушыға арналып құжаттамалық нысанда ғана шығарылуы мүмкiн. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар нақты және дисконттық құны бойынша сыйақының (мүдденiң) тiркелген және тiркелмеген (құбылмалы) ставкасымен шығарылуы мүмкiн.
194-бап. Мемлекеттік борыш
1. Мемлекеттік борыш - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына немесе мәслихаттардың шешiмдерiмен жергiлiктi атқарушы органдардың борышына жатқызылған алынған (игерiлген) және өтелмеген мемлекеттік қарыздардың белгiлi бiр күнге, сондай-ақ борыштық мiндеттемелердiң белгiлi бiр күнге сомасы.
2. Мемлекеттік борыш iшкi және сыртқы мемлекеттік борышты қамтиды.
3. Мемлекеттік iшкi борыш - Қазақстан Республикасы Yкіметінiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының қарыз берушi резиденттерiнiң алдындағы мемлекеттік iшкi қарыздары мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттік борышының құрамдас бөлiгi.
4. Мемлекеттік сыртқы борыш - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының қарыз берушi резидент еместерiнiң алдындағы мемлекеттік сыртқы қарыздар мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттік борышының құрамдас бөлiгi.
195-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік борышты өтеу мен оған қызмет көрсету жөніндегі мiндеттемелерi
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджеттiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн үкiметтiк борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөнiнде мiндеттемелер атқарады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi бюджеттердiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн өзiнiң борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөнiнде мiндеттемелер атқарады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергiлiктi атқарушы органдар бiр-бipiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттемелерi қарыз берушiге негiзгi борыш қайтарылған және борышқа қызмет көрсету жөніндегі төлемдер толық мөлшерде төленген кезде орындалды деп есептеледi.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергiлiктi атқарушы органдар тиiсiнше үкiметтiк борыштың және жергiлiктi атқарушы органдар борышының мониторингiн борышты қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету процесiн есепке алуды, талдауды және бақылауды жүзеге асыру арқылы жүзеге асырады.
196-бап. Мемлекеттік борышты басқару
Мемлекеттік борышты басқару:
1) алдағы орта мерзiмдi кезеңге арналған мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыштың жай-күйiн ондағы көрсеткiштердi үкiметтiк борышты және жергiлiктi атқарушы органдардың борышын өтеу және қызмет көрсету көлемдерiн, лимиттерiн, мемлекеттік кепiлдiктердi ұсынудың белгiленген көлемдерiне сәйкес айқындай отырып жыл сайынғы бағалауды және болжамдауды қамтиды. Алдағы орта мерзiмдi кезеңге арналған мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыштың жай-күйi мен болжамын жыл сайынғы бағалауды дайындауды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп, бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның қатысуымен республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарының, жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борыштың көлемдерi мен құрылымының негiзiнде жүзеге асырады;