8) iшкi бақылау саласындағы кадрлардың біліктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды ұйымдастырады;
9) iшкi бақылау қызметi бар мемлекеттік органдардың жоспарларды орындау және iшкi бақылау жүргiзу нәтижелерi туралы есептерiн қарайды;
10) мемлекеттік органдар мен барлық меншiк нысанындағы ұйымдардың республикалық және жергiлiктi бюджетке салықтық емес түсiмдерiнiң толық және уақтылы енгiзiлуiне қатысты мәселелер жөніндегі қызметiне бақылауды өз құзiретi шегiнде жүзеге асырады;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 11) тармақша толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
11) республикалық және жергiлiктi бюджеттерден берiлген бюджет қаражатының, сондай-ақ мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекеттiң байланысты гранттары мен активтерiнiң нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
12) республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың (iшкi бағдарламалардың) атқарылуының тиiмдiлiгiне және нәтижелiлiгiне баға бередi;
13) мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сатуынан түскен өздерiнiң иелiгiнде қалатын ақшаны қалыптастыруын және пайдалануын бақылауды жүзеге асырады;
14) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша өзi белгiлеген мерзiмде қажеттi құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi сұратады және алады;
15) төтенше мемлекеттік бюджеттiң атқарылуын бақылауға қатысады;
16) iшкi бақылау қызметтерi бар мемлекеттік органдардан қажеттi ақпарат алады;
17) бақылау жүргiзуге мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын және қажет болған жағдайда республикалық бюджеттен осы мақсаттарға бөлiнген қаражат шегiнде олардың көрсеткен қызметтерiне ақы төлей отырып, аудиторларды немесе аудиторлық ұйымдарды және сарапшыларды тартады;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 18) тармақша толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
18) құпиялылық режимiнiң, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, мемлекеттiң байланысты гранттарын, активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сатуынан түскен, өздерiнiң иелігінде қалатын ақшаларды пайдалану мәселелерiне қатысты құжаттамамен кедергiсiз танысады;
19) iшкi бақылау қызметтерiнiң бақылау актілеріне талдау жасайды және олардың қызметтерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныс бередi;
20) нормативтiк құқықтық базаны және iшкi бақылау жүргiзу әдiстемесiн жетiлдiру мәселелерi бойынша iс-шаралар әзiрлейдi;
21) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
141-бап. Iшкi бақылау қызметi
1. Iшкi бақылау қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орталық мемлекеттік орган басшысының шешiмiмен құрылады.
Iшкi бақылау қызметiн құруға рұқсат берiлетiн мемлекеттік органдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Iшкi бақылау қызметi орталық мемлекеттік органның басшысына есеп бередi, мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлiмшелерiнен ұйымдастыру және функционалдық жағынан тәуелсiз болады.
3. Iшкi бақылау қызметi:
1) бақылау жоспарын жасайды;
2) орталық мемлекеттік органның басшысына iшкi бақылау жүргiзу жоспарының орындалуы жөнiнде есептi табыс етедi.
4. Iшкi бақылау қызметi бар мемлекеттік орган iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органға бақылау жоспарларын, олардың орындалуы туралы есептердi және iшкi бақылау жүргiзу нәтижелерiн ол белгiлеген нысандар мен мерзiмдер бойынша табыс етедi.
Iшкi бақылау жүргiзу жоспарлары туралы есептер мен ақпаратты табыс ету туралы талаптар ол туралы ақпарат мемлекеттік құпияларға жататын шығыстарды бақылаумен байланысты жағдайларға қолданылмайды.
5. Iшкi бақылау қызметi:
1) мемлекеттік органда және оның аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарында iшкi бақылау жүргiзуге;
2) iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органнан консультациялар алуға құқылы.
31-тарау. Мемлекеттік қаржылық бақылау объектілері
мен органдарының, мәслихаттардың тексеру комиссияларының
өзара іс-қимылы
142-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсi басшысының құқықтары мен мiндеттерi
1. Мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнiң басшысы:
1) бақылаудың мақсатын, уақытын және ұзақтығын, оның нәтижелерiн, тұжырымдары мен ұсыныстарын бiлуге;
2) тиiсiнше Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң, мәслихаттың тексеру комиссиясының тапсырмасын, iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган немесе оның аумақтық бөлiмшесi басшысының бұйрығын табыс етпеген мемлекеттік қаржылық бақылау органының қызметкерлерiн, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерiн бақылауға жiбермеуге;
3) бақылау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда он күн мерзiмде бақылау жүргiзген мемлекеттік қаржылық бақылау органына немесе мәслихаттың тексеру комиссиясына бақылау актiсiне қарсылық жiберуге;
4) бақылауды жүзеге асырған мемлекеттік қаржылық бақылау органының, мәслихаттың тексеру комиссиясының iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым беруге құқылы.
2. Мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнiң басшысы:
1) мемлекеттік қаржылық бақылау органының қызметкерлерiн, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерiн жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге;
2) мемлекеттік қаржылық бақылау органының, iшкi бақылау қызметтерiнiң қызметкерлерiн, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерiн бақылау жұмысын жүзеге асыру үшiн сұратылып отырған қажеттi барлық ақпаратпен қамтамасыз етуге және оның анықтығы, объективтiлiгi мен толықтығы үшiн дербес жауапкершiлiкте болуға;
3) мемлекеттік қаржылық бақылау органы, iшкi бақылау қызметтерi қызметкерлерiнiң, мәслихаттардың тексеру комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекеттерiне араласпауға, оларды шатастырмауға, бақылау жүргiзуге кедергi келтiрмеуге және бақылау ауқымын шектемеуге;
4) кемшiлiктердi жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы уақтылы есеп табыс етiп отыруға;
5) жүргiзiлген бақылау нәтижелерi бар актiнi таныстыруға берген күннен бастап үш күн мерзiмде белгiленген тәртiппен бақылау актiсiне қол қоюға мiндеттi.
143-бап. Мемлекеттік органдар мен мәслихаттардың тексеру комиссияларының мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы өзара iс-қимылы
1. Iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегі есеп комитетiне, мәслихаттардың тексеру комиссияларына бақылау жоспарлары мен актілерін жiбередi.
2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары мен мәслихаттардың тексеру комиссиялары бақылау актiсi мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарына сәйкес келген жағдайда бақылау нәтижелерiн өзара таниды, келісілген мерзiмде тексерiлген объектiлер және тақырыптық бақылаумен қамтылған бағдарламалар туралы ақпарат алмасады.
3. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары мен мәслихаттардың тексеру комиссиялары кешендi бақылауды жиi дегенде жылына бiр рет және кем дегенде екi жылда бiр рет жүргiзедi.
4. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, мәслихаттардың тексеру комиссиялары және iшкi бақылау қызметтерi келісім бойынша бiрлескен бақылау қызметiн жүзеге асыра алады.
144-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Мүдделер қақтығысы - мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының, мәслихаттардың тексеру комиссияларының, ішкі бақылау қызметтерiнiң, олардың қызметкерлерi мен мүшелерiнiң объективтiлiгi мен тәуелсiздiгiн шектей алатын қызмет немесе қатынастар.
2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының, iшкi бақылау қызметтерiнiң, мәслихаттардың тексеру комиссияларының:
1) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсi басшысының, құрылтайшысының немесе қатысушысының жақын туысы, жекжаты, сенім бiлдiрiлген адамы болып табылатын;
2) бақылау объектiсiнiң онда жеке мүлiктiк мүдделерi бар қызметкерлерi, қатысушылары, лауазымды адамдары арасынан;
3) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнде жұмыс iстеген не тексерiлетiн кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсi басшысының, құрылтайшысының немесе қатысушысының жақын туысы, жекжаты немесе сенім бiлдiрiлген адамы болып табылатын қызметкерлерi мен мүшелерiне бақылау жүргiзу тыйым салынады.
3. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының, iшкi бақылау қызметiнiң қызметкерлерi бұл туралы бақылауды тағайындаған басшыларға, ал мәслихаттың тексеру комиссиясының мүшесi тексеру комиссиясының төрағасына хабарлауға тиiс. Мүдделер қақтығысы ахуалының туындағаны үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік қаржылық бақылау органының, iшкi бақылау қызметiнiң қызметкерiне, мәслихаттың тексеру комиссиясының мүшесiне жүктеледi.
145-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, iшкi бақылау қызметтерi, мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының, мәслихаттар тексеру комиссиялары мүшелерiнiң жауапкершiлігі
1. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының, iшкі бақылау қызметтерiнiң қызметкерлерi, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерi бақылау актiсiнде жазылған мәлiметтердiң анықтығы, объективтiлiгi және толықтығы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының, iшкi бақылау қызметтерiнiң лауазымды адамдарына, тексеру комиссиясының мүшелерiне өз құзыреттерiне сәйкес олардың қызметтiк мiндеттерiн орындауына, бақылау жүргiзу үшiн жiберуге бас тарту, қажеттi құжаттарды, материалдарды, қызмет туралы ақпаратты және өзге де мәлiметтердi беруден бас тарту, анық емес ақпарат беру түрiндегі кедергi келтiру, бақылауды жүзеге асыруға өзге де кедергi жасау, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы актiлердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
146-бап. Дауларды шешу
Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, ішкi бақылау қызметтерi, мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының, сондай-ақ мәслихаттардың тексеру комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалына алады.
8-бөлім. Бюджеттік инвестициялар
32-тарау. Бюджеттік инвестицияларды
жоспарлау мен жүзеге асыру
147-бап. Бюджеттік инвестицияларды сыныптау
1. Бюджеттік инвестициялар бюджеттік инвестициялық жобалар мен бюджеттік инвестициялық бағдарламаларды (бұдан әрi - бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) iске асыру арқылы, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылады.
2. Шешiлетiн мiндеттердiң маңыздылығы деңгейiне қарай бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) республикалық және жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) болып бөлiнедi.
3. Республикалық және жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) анықтау өлшемдерi мыналар:
1) меншiк түрi бойынша өлшемдер - бюджеттік инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыру нәтижесiнде алынған мүлiкке туындайтын меншiк құқығына (республикалық немесе коммуналдық) байланысты оны республикалық немесе жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жоба ретiнде айқындайтын өлшем;
2) пайда алушылар бойынша өлшемдер - егер бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) iске асырылуынан экономикалық пайда алушылар екi және одан да көп облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың субъектiлерi болса, бюджеттік инвестициялық жобаны (бағдарламаны) - республикалық, ал егер бюджеттік инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асырудан экономикалық пайда алушылар бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың субъектiлерi болса, оны жергiлiктi деп тануды айқындайтын өлшем.
4. Инвестициялық жобаны (бағдарламаны) республикалық деп айқындау үшiн оның осы баптың 3-тармағында аталған өлшемдердiң бiрiне сәйкестiгi жеткiлiктi болады.
5. Жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) деп сыныптау осы баптың 3-тармағында көзделген өлшемдер негiзiнде жүзеге асырылады.
6. Республикалық бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) орталық мемлекеттік органдар iске асырады және олар республикалық бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
7. Жергілiктi бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) жергiлiктi атқарушы органдар iске асырады және олар жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
8. Басым жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн келiсудi экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарлары шеңберiнде жүзеге асырады.
148-бап. Бюджеттік инвестицияларды жоспарлау мен жүзеге асыру принциптерi
1. Бюджеттік инвестициялар:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуын жоспарлау жүйесіндегі барлық бағдарламалық және жоспарлау құжаттарының тұрақтылығы мен өзара толықтырылуы;
2) мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар шешiмдерiнiң қабылданған мемлекеттік инвестициялық саясатқа дәйектiлiгi және сәйкестiгi принциптерiне сәйкес жоспарланады және жүзеге асырылады.
2. Бюджеттік инвестицияларды бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру арқылы жоспарлау және жүзеге асыру тәртібi осы Кодекстiң 149-152-баптарына сәйкес айқындалады.
Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) жоспарлау үш кезеңде жүзеге асырылады:
1) инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру және iрiктеу;
2) бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) дайындау және iрiктеу;
3) басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастыру және бекіту.
3. Бюджеттік инвестицияларды заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жоспарлау мен жүзеге асыру тәртібі осы Кодекстiң 153-бабымен айқындалады.
149-бап. Инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру мен iрiктеу
1. Инвестициялық жобаларды қалыптастыру бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) мақсатына қол жеткізу үшiн оңтайлы стратегияны айқындау және мiндеттер қою мақсатында, сондай-ақ жоспарланатын бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) құрылымы мен алдын ала құнын анықтау үшiн жүзеге асырылады.
2. Инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыруды бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi орта мерзiмдi мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларды әзiрлеу сатысында жүзеге асырады.
3. Инвестициялық ұсыныстарды бағалауды экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган орта мерзiмдi мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларды келiсу сатысында жүзеге асырады.
4. Инвестициялық жобаларды iрiктеудi экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган оларды бағалау жөніндегі оң қорытынды негiзiнде жүзеге асырады.
5. Iрiктелiп алынған инвестициялық ұсыныстар жоспарланған кезеңнiң екiншi немесе үшiншi жылында iске асырылуы басталатын жоспарланған бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) ретiнде басым бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) тiзбесiне енгiзiледi.
150-бап. Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) дайындау мен iрiктеу
1. Бюджеттік инвестициялық жобаны (бағдарламаны) дайындау бюджеттік бағдарлама әкiмшiсiнiң бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлеудi ұйымдастыруын және оның сараптамаларын жүргiзуiн көздейдi.
2. Бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесi бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) жүзеге асырылатындығын және тиiмдiлiгiн шығындар мен пайданы экономикалық талдау негiзiнде жүргiзiлетiн зерделеу нәтижелерi бар жоба алдындағы құжат болып табылады. Бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) техникалық-экономикалық негiздемесiне қойылатын талаптарды экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негіздемесiн әзiрлеу ол инвестициялық ұсыныстар қалыптастыру мен iрiктеу кезеңiнде басым бюджеттік инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген жағдайда жүзеге асырылады.
4. Бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) белгiленген техникалық-экономикалық өлшемдерiн растау үшiн бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесiне экономикалық және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да сараптамалар жасалуға тиiс.
5. Бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) экономикалық сараптамасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес талап етiлетiн басқа сараптамалардың қорытындылары негiзiнде жүргiзiледi және бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) оның техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлеу шеңберiнде жүргiзiлген экономикалық талдауды кешендi бағалауының мiндеттi нысаны болып табылады.
6. Экономикалық сараптамаға қойылатын талаптарды экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
7. Республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) экономикалық сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға жүзеге асырады.
Жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) экономикалық сараптамасын жергiлiктi атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалар жүзеге асырады.
8. Бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) экономикалық сараптамасын жүзеге асыруға уәкiлеттi заңды тұлғалар бюджеттік инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыру жөнiнде ұсынылатын шешiмдердiң негiздiлiгі және тиімділігі үшін, сондай-ақ экономикалық сараптама қорытындысында бюджеттік инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыруға және оның мақсаттарына қол жеткізуге терiс әсер еткен тәуекелдердi бағалау болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
9. Экономикалық сараптама жүргізуге уәкiлеттi заңды тұлғалар қажет болған жағдайда жүргiзiлген сараптамаларда қамтылмаған немесе толық қамтылмаған мәселелер бойынша қосымша сараптама, сондай-ақ тәуелсiз сараптама жүргiзудi талап етуге құқылы.
10. Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi және оларға сараптамалар жүргiзудi қаржыландыру тиiсiнше экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергiлiктi уәкілеттi органдардың бөлiнетiн бюджеттік бағдарламалары шеңберiнде жүзеге асырылады.
11. Экономикалық сараптаманың нәтижелерi бойынша бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесiн экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органмен келiсе отырып, бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi бекiтедi.
12. Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iрiктеудi экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган экономикалық сараптама бойынша оң қорытындылар негiзiнде жүзеге асырады.
13. Ірiктелiп алынған бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) жоспарланатын кезеңнiң бiрiншi немесе екiншi жылында iске асырылуы басталатын басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiне енгiзiледi.
151-бап. Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiн қалыптастыру мен бекіту
1. Басым республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн және басым жергiлiктi бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiн экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар жыл сайын әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспары құрамында үш жылдық кезеңге арнап әзiрлейдi және олар бюджеттік даму бағдарламаларын қаржыландырудың тiзбесi мен көлемiн айқындау бөлiгiнде тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттердi әзiрлеу үшiн негiз болады.
2. Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiн қалыптастыру қолданыстағы және әзiрленетiн мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламалардың негiзiнде жүзеге асырылады, бұл ретте басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiне енгізу үшiн ұсынылатын, iске асырылуы жоспарланатын кезеңнiң бiрiншi жылында басталатын бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) мына талаптарға сәйкес келуге тиiс:
1) бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) мақсаттарының мемлекеттік инвестициялық саясатқа сәйкестiгi;
2) бюджеттік инвестициялық жобаның (бағдарламаның) белгiленген тәртiппен бекітілген техникалық-экономикалық негiздемесiнiң бар болуы.
3. Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiне енгізу үшiн бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық және жергілiктi уәкiлеттi органдарға осы баптың 2-тармағында аталған талаптарға сай келетiн бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) бойынша өтiнiмдер табыс етедi.
4. Бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) бойынша табыс етiлген өтiнiмдердi қарау нәтижелерi бойынша экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар бюджет комиссиясы айқындаған бюджеттік даму бағдарламаларына арналған лимит шегiнде басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастырады және оны мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламалар тұрғысында бюджет комиссиясының қарауына табыс етедi.
5. Бюджет комиссиялары бюджеттік инвестициялық басым жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қарау кезiнде:
1) бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландырудың көзi мен тетiгiн айқындайды;
2) бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыруға бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiн айқындайды.
6. Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламалар тұрғысындағы үш жылдық кезеңге арналып жоспарланған, бюджет комиссиясы мақұлдаған тiзбесi әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарының құрамында бекітіледi.
7. Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
152-бап. Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру
1. Бюджеттік инвестициялық жобалар (бағдарламалар) олардың белгiленген тәртiппен бекітілген техникалық-экономикалық негiздемелерiне сәйкес iске асырылады.
2. Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру шеңберiнде көзделетiн құрылыс қызметi белгiленген тәртiппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
2006.10.01. № 116-III (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) ҚР Заңымен 2-1 тармақпен толықтырылды
2-1. Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) іске асыру шеңберінде көзделетін шет мемлекеттер аумағындағы құрылыс қызметі осы жоба аумағында іске асырылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) құны бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманың және (немесе) мемлекеттік сатып алу туралы жасасылған шарттардың негiзiнде түзетiлуге жатады.
4. Бюджеттік инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыру шеңберiнде көзделген құрылыс қызметiне ақы төлеу үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттерден төлемдер белгiленген тәртiппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттама бар болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
153-бап. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы бюджеттік инвестицияларды жоспарлау және жүзеге асыру
1. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы iске асырылатын бюджеттік инвестицияларды жоспарлау әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарын әзiрлеу шеңберiнде жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы iске асырылатын бюджеттік инвестициялар бюджеттік инвестицияларды қаржылық-экономикалық негiздеу бойынша экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган сараптамасының қорытындысы негiзiнде әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарына енгiзiледi. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесi заңды тұлғалардың жарғылық капиталына бюджет қаражатын салудың мақсатқа сай екендiгiн негiздеуден және тиiмдiлігін бағалаудан тұратын құжат болып табылады.
3. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негiздемелерiн бюджеттік бағдарламалардың әзiрлеу және қарау тәртібін экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
4. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы бюджеттік инвестицияларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.