«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сауда инспекциясы туралы Ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 21 шілдедегі № 1013 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 1996.17.05. № 609 қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сауда инспекциясы туралы қоса беріліп отырған Ереже бекітілсін.
2. "Қазақ ССР-нің халық тұтынатын тауарларының сапасы және сауда жөніндегі мемлекеттік инспекция туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Советінің 1984 жылдың 24 тамыздағы № 358 қаулысының (Қазақ ССР ҚЖ, 1984 ж., № 18, 65-бап);
"Стандарттау, сертификаттау және өлшем бірлігі мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерін өзгерту және күші жойылған деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 2 шілдедегі № 566 қаулысымен бекітіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне енгізілген өзгертулердің (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, 1993 ж., № 26, 321-бап) 1-тармағының күші жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1995 жылғы 21 шілдедегі
№ 1013 қаулысымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
сауда инспекциясы туралы
Е Р Е Ж Е
1. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 30 наурыздағы № 369 "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сауда инспекциясының мәселелері" қаулысымен құрылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сауда инспекциясы (Мемсаудаинспекциясы) және тиісті әкімшіліктердің әкімдері құратын облыстық, қалалық сауда инспекциялары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сауда инспекциясының органдарын құрайды.
2. Мемсаудаинспекциясы өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулылары мен өкімдерін, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрлігінің бұйрықтарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Мемсаудаинспекциясы "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі талаптардың, тұрмыстық қызмет көрсету және сауда ережелері мен тәртібінің, баға мен тарифтер тәртібінің сақталуына, саудаға сапасыз тауарлардың түспеуіне бақылау жасап отырады.
Мемсаудаинспекциясының органдары өз құзырының шеңберінде ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында сауда қызметін, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмысын бақылап отырады.
4. Қазақстан Республикасының Мемсаудаинспекциясы өзіне жүктелген міндеттерді орындау жөніндегі жұмысын Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетімен, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетпен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметімен, мемлекеттік басқарудың құқық қорғау, қаржы және басқа да органдарымен, сондай-ақ өз құзыры шеңберінде Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарымен өзара байланыс жасай отырып ұйымдастырады.
5. Облыстық және қалалық сауда инспекциялары:
- сауда қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарда:
сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету ережелерінің сақталуына тексеру жүргізеді;
бағалар мен тарифтерді қолдану, сатып алушылар және тапсырыс берушілермен есеп айырысу, кассалық аппараттардың жұмысы мен оларды жабдықтау тәртібінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
таразы және өлшеу приборларын, сауда, технологиялық және мөлшерлеу жабдықтарын дұрыс пайдаланылуын тексереді;
азық-түлік тауарларын сататын көтерме және бөлшек сауда да, қоғамдық тамақтандыру пункттерінің лицензиялары бар жоғын-тексеруді жүзеге асырады;
қолдағы тауарлар мен олардың қозғалысы туралы мәліметтері бар құжаттарды тексереді;
тауарлар мен көрсетілген қызметтер сапасының нормативтік құжаттама талаптарына сәйкестігі мен сәйкестік сертификаттардың бар-жоғын тексереді;
тиісті және тиісті емес тауарлар алмасудың ережелерін, олардың мерзімдері мен кепілдік пайдалану және жөндеу нормаларының сақталуын бақылайды;
тауарлар мен көрсетілген қызметтердің және олардың жарнамасының сапасы туралы ақпараттың анықтығы мен толықтығын тексереді;
- сатылған тауарлардың сапасы мен сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының жұмысындағы сауда ережелерінің бұзылуы жайында азаматтардың хаттарын, өтініштер мен шығымдарын заңдарға сәйкес қарайды;
- кемшіліктер мен бұзушылықты жою жөнінде шаралар қолданып, тексеріс нәтижелерінің кеңінен жарияланылуын қамтамасыз етеді;
- жергілікті жерлердегі тиісті мемлекеттік басқару және бақылау органдары мен Қазақстан Республикасының Мемсаудаинспекциясына белгіленген мерзімде қажетті ақпаратты табыс етеді.
6. Республикалық Мемсаудаинспекциясы облыстық және қалалық сауда инспекцияларын жұмысын ұйымдастырып, олардың қызметіне әдістемелік басшылық жасайды және бақылауды жүзеге асырады, облыстық және қалалық сауда инспекциялары табыс еткен ақпаратты талдайды және жинақтап, қорытады, мемлекеттік басқару мен бақылау органдарына тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі шараларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді, Мемсаудаинспекциясы кадрларының кәсіби даярлығы деңгейін арттыру жөнінде шаралар жүргізеді, сауда және тұрмыстық қызмет көрсетудің ережелерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, қоғамдық тамақтандыруды өнімдері мен халық тұтынатын тауарлардың нормативтік құжаттары жобаларын әзірлеуге және қарауға қатысады.
Қазақстан Республикасы Мемсаудаинспекциясы қызметкерлері тексеру жүргізу кезінде атқаратын міндеттері-облыстық және қалалық сауда инспекциялары қызметкерлерімен бірдей.
7. Мемсаудаинспекциясы органдары осы Ережеде белгіленген міндеттері мен қызметтеріне сәйкес мына құқықтарға ие:
меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстығына қарамастан сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына кіріп тексеруді жүзеге асыруға;
сатып алушылар мен қызмет көрсетуге тапсырыс берушілермен есеп айырысудың дұрыстығын анықтау мақсатында бақылау жасау үшін тауарлар сатып алуға және тауарлардың сапасына зерттеу жүргізу үшін олардың үлгілерін (сынамаларын) таңдап алуға;
оларға қорытындылар мен орындалуы тиіс нұсқауларды қосып актілер жасауға:
- анықталған сауда және тұрмыстық қызмет көрсетудің, бағалар мен тарифтердің ережелерін, тауар шығару мен қызмет көрсету кезінде технологиялық тәртіп бұзушылықты жою туралы;
- азаматтардың өміріне, денсаулығы мен мүлкіне қауіпті (зиянды) және сақталу мерзімі өтіп кеткен сапасыз тауарларды сатудан алып тастау туралы;
- нормативтік құжаттаманың талаптарына сай келмейтін, сәйкестік сертификаттары мен кіріс құжаттары жоқ, тауарлардың сондай-ақ қолданылатын тәртіпке сәйкес белгіленгенімен, акциз маркасы жоқ өнімдердің сатылудан алынуы туралы;
- тез бұзылмайтын тауарларды сатудан алып тастау және оларды белгіленген сақтау мен сату мерзімдерін ұзарту үшін Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының қорытындылауына жіберу туралы;
- тауарлар мен қызметтердің сақтау мерзімдері мен шарттарының бұзылуына байланысты сапасының төмендеуі есебінен жол берілген шығындарды өтеу туралы;
- бұзылған, мерзімдері өтіп кеткен немесе мемлекеттік тексеру таңбасы жоқ салмақ өлшейтін приборлар мен өлшемдерді пайдалануға тыйым салу туралы;
- сауда жасасушы кәсіпорындар қолданбаған жағдайда тауар берушілерге сапасы нашар өнім бергені үшін белгіленген мөлшерде айып салып, мемлекеттік бюджеттің кірісіне аудару туралы;
тауар алушылардың өтініштері бойынша өнімді сараптан өткізуге және қорытынды беруге;
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитет пен оның аймақтық органдарына адамдардың өміріне қауіпті (зиянды) тауарлардың сатылуына тыйым салу немесе өндірісін тоқтату туралы ұсыныстар енгізуге;
"Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" Заңның нормаларын бұзушы адамдарды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау және бақылау органдарына материалдар беруге;
- Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті мен оның аумақтық органдарына шаруашылық жүргізуші субъектілердің бағалар мен тарифтер тәртібін бұзу нәтижесінде алған сомаларын бюджет кірісіне алу туралы ұсыныстарын жіберуге;
тиісті басқару және бақылау органдарына сауда және тұрмыстық қызмет көрсету, кассалық және тауар операцияларын жүргізу ережелерінің, бағалар және тарифтер тәртібінің бұзылуы жөнінде, маркалануға жатқанымен, маркаланбаған тауарларды сату фактілер бойынша материалдарды жіберуге;
халық тұтынатын тауарлар дайындайтын кәсіпорындардың көркемдік-техникалық кеңестері мен аттестация және дегустация комиссияларының жұмысына қатысуға;
сауда және тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілерге консультациялар мен түсініктемелер беруге;
басшыларымен келісе отырып, сауда және қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары мен ұйымдарының мамандарын, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қоғамдардың және басқа қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тексеру жүргізуге тартуға;
сауда, қоғамдық тамақтандыру және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары мен ұйымдарынан Мемсаудаинспекциясына жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті материалдар мен түсініктемелерді талап етуге.
8. Мемсаудаинспекциясының лауазымды адамдары мен мамандары Қазақстан Республикасының заңдары мен тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі нормативтік актілерін, сондай-ақ сауда, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары мен азаматтардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға міндетті.
9. Мемсаудаинспекциясының қызметкерлері өз міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының күшіндегі заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
10. Облыстық және қалалық Мемсаудаинспекциясының органдары қабылдаған шешімдері мен нұсқамаларына Қазақстан Республикасының Мемсаудаинспекциясына бір айдың ішінде шағым берілуі немесе сот арқылы заңда белгіленген тәртіппен дауласуы мүмкін.
11. Республикалық Мемсаудаинспекциясын Қазақстан Республикасы, Өнеркәсіп және сауда министрлігінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті тағайындайтын бастық басқарады. Оның орынбасары мен мамандар Мемсаудаинспекциясы бастығының бұйрығымен тағайындалады.
Облыстық және қалалық сауда инспекцияларының бастықтарын тиісті әкімдер қызметке тағайындайды және босатады.
12. Қазақстан Республикасы Мемсаудаинспекциясы аппаратының құрылымын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрлігі, ал штаттық кестесін Қазақстан Республикасы Мемсаудаинспекциясының бастығы бекітеді.
Облыстық және қалалық сауда инспекцияларының штаттық кестесін тиісті әкімдер белгіленген қызметкерлер саны мен еңбекақы қоры шегінде бекітеді.
Республикалық Мемсаудаинспекциясын ұстау республикалық бюджет қаржысының есебінен, ал, облыстық және қалалық сауда инспекциялары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
13. Қазақстан Республикасы Мемсаудаинспекциясы облыстық және қалалық сауда инспекциялары заңдық тұлғалар болып табылады, олардың банк мекемелерінде есепшоттары мен белгіленген үлгідегі мөрі болады.