1) Президент кесімінің жобасын енгізу туралы Үкімет қаулысының белгіленген тәртіппен Үкіметтің мөрімен куәландырылған көшірмесі немесе Премьер-Министрдің (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның) Президентке арналған хатының түпнұсқасы;
2) Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға), Кеңсе Басшысы, жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның және Әділет министрлігінің басшылары бұрыштама соққан Президент кесімінің тиісті бланкідегі жобасы. Президент кесімінің жобасы мен оған қосымшаның әр парағына жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы бұрыштама соғуы тиіс. Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға) және Кеңсе Басшысы (оның міндетін атқарушы тұлға) Президент кесімінің тиісті бланкідегі жобасына әзірлеуші орган және Әділет министрлігі бірінші басшыларының бұрыштамасы бар жай қағаз парақтарында ұсынылған, Үкіметке енгізілген Президент кесімінің жобасын қоса тіркеуге рұқсат етіледі;
3) Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға) қол қойған көлемі 3 парақтан, ал күрделі мәселелер бойынша 5 парақтан аспайтын түсіндірме жазба, онда мәселенің мәнісі мен Президент кесімін қабылдау қажеттілігінің, оның ішінде қаржы-экономикалық негіздемесі, осы мәселе бойынша бұрын қабылданған Президент кесімдерінің тізбесі және олардың орындалуы туралы ақпарат, осы жобаны қабылдаудан күтілетін салдардың болжамы жазылады;
4) егер Президент кесімінің енгізілетін жобасымен Президенттің қолданыстағы кесімдеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу көзделетін болса, әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының әр парағына алдын ала қолы қойылған және қолы қойылған Президент кесімінің бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесі;
5) Президент Әкімшілігі белгілеген нысан бойынша жасалған Президент кесімі жобасының келісу парағы;
6) өзге де қажетті материалдар.
57. Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға) Үкіметке тапсырманы қамтитын Президент кесімі күшіне енген күнінен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде осы тапсырмалардың орындалуы үшін жауапкершілік жүктелетін лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдарды айқындайды.
8. Үкіметтің заң шығару қызметi
58. Үкіметтің заң шығару қызметі Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына (бұдан әрі - Жоспар) сәйкес жүзеге асырылады.
59. Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалы жоспарларын қалыптастыру Президенттің тапсырмалары, Yкіметтің Бағдарламасы, мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет бекітетін бағдарламалар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары, сондай-ақ Премьер-Министрдің шешімдері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Жоспар заң жобаларының, оның ішінде заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдарды, нақты заң жобаларын Әділет министрлігіне, Yкіметке және Қазақстан Республикасының Парламентіне (бұдан әрі - Парламент) енгізу мерзімдері, сондай-ақ заң жобаларын әзірлеу мен енгізу үшін жауапты лауазымды тұлғалар көрсетіле отырып, қолданыстағы заңнамалық кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобаларының тізбесін білдіреді.
60. Алдағы жылға арналған Жоспардың жобасын Әділет министрлігі мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Yкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Ведомствоаралық комиссия) ұсыныстарының негізінде жасайды және жыл сайын 1 қарашаға дейін Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіппен Yкіметке ұсынады. Бұл ретте Әділет министрлігі Жоспардың жобасына енгізілген әрбір заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесін қамтитын анықтаманы қоса тіркейді.
Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы Жоспарға қандай да бір заң жобасын енгізу үшін міндетті шарт болып табылады.
61. Жоспарды Президентпен келісу "Қазақстан Республикасы Yкіметінің заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Yкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
62. Жоспарда көзделген заң жобаларын ұсыну мерзімін ауыстыру туралы, сондай-ақ заң жобаларын ағымдағы жылдың Жоспарынан алып тастау немесе оған қосымша заң жобаларын енгізу туралы мәселелер Yкіметтің тиісті қаулыларын қабылдау жолымен шешіледі. Мұндай қаулылардың жобалары әзірлеуші мемлекеттік органның өтініші бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысында алдын ала қаралады. Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы болған кезде әзірлеуші тиісті жобаны осы Регламентте белгіленген тәртіппен Кеңсеге енгізеді, бұл ретте жобаға түсіндірме жазбада міндетті түрде осы мәселе бойынша Ведомствоаралық комиссияның негіздемесі мен шешімі көрсетіледі.
Мемлекеттік және өзге де бағдарламалар, тұжырымдамалар, Үкіметтің іс-шаралары жобаларының нормалары (ережелері) заң жобалауды қамтамасыз ету бөлігінде Ведомствоаралық комиссиямен келісіледі.
Мемлекеттік және өзге де бағдарламаларға қоғамдық қатынастарды заңнамалық реттеудің жаңа тетіктерін енгізу перспективалы Жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізумен бірге жүргізілуге тиіс.
Заң жобалау жұмыстарының қабылданған жоспарларына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар Мемлекет басшысымен не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен міндетті түрде келісілуге жатады.
63. Перспективалы және ағымдағы жоспарлардың орындалуын жалпы бақылауды Әділет министрлігі жүзеге асырады.
Әділет министрлігі ай сайын Үкіметтің заң жобалау қызметінің барысын қорытады және есептіден кейінгі айдың 1-күніне ағымдағы Жоспардың орындалу барысы туралы есепті, оның ішінде жоспарланған заң жобаларының мемлекеттік органдар мен Парламентте өтуі туралы ақпаратты ұсынады.
Жоспарланған заң жобаларын әзірлеу мерзімі бұзылған кезде Кеңсе Әділет министрлігі ақпаратының негізінде Премьер-Министрге заң жобаларын әзірлеу мерзімінің бұзылуына кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізе алады.
64. Халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларынан басқа, жоспардан тыс заң жобалары Ведомствоаралық комиссиямен алдын ала келісілуге жатады, оның оң қорытындысы заң жобаларын белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізу үшін негіз болады.
65. Заң жобаларын әзірлеудің және ұсынудың сапасы, уақтылығы үшін Жоспарда көрсетілген лауазымды тұлғалар дербес жауапкершілікте болады.
66. Жоспардың негізінде заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар белгіленген мерзімде заң жобаларын Кеңсеге осы заң жобаларын Парламенттің Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулыларының жобаларымен бірге енгізеді.
Көрсетілген жобаларды дайындау, ресімдеу, келісу, оларға дауыс беру және енгізу, сондай-ақ олар бойынша келіспеушіліктерді қарау тәртібі "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Регламентінде және осы Регламентте көзделген ерекшеліктермен бірге Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіпке ұқсас.
Халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларын әзірлеу және енгізу "Халықаралық шарттар туралы" Қазақстан Республикасының Заңындабелгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Парламенттің қарауына Үкімет енгізетін заң жобалары (халықаралық шарттарды ратификациялау мен олардың күшін жою туралы және оларға қосылу туралы заң жобаларын қоспағанда) бойынша "Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес заң жобасымен реттелетін құқықтық қатынастарға қарай тиісті ғылыми (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржы және басқа да) сараптама жүргізу міндетті. Бұл ретте оларды қабылдау экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіруі мүмкін салдарларды болжайтын заңнамалық кесімдердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
Заң жобасын әзірлеуші жобаға тиісті ғылыми сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді, оның нәтижелері бойынша қорытынды ұсынымдық сипатқа ие болады (барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын қоспағанда). Әзірлеуші көрсетілген қорытындыларды міндетті түрде заң жобасына басқа материалдармен бірге мемлекеттік және орыс тілдерінде Кеңсеге енгізеді. Ғылыми сараптаманың теріс қорытындысы кезінде (мемлекеттік экологиялық сараптаманы, оның нәтижелері бойынша заң жобасында міндетті түрде жойылуға тиіс ескертулерді қоспағанда) заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындының ұсыныстарына сәйкес заң жобасын пысықтау, сондай-ақ қайтадан немесе қосымша сараптама жүргізу туралы өз бетімен шешім қабылдайды. Заң жобасы бойынша сараптамалық қорытындыдағы ұсынымдар қабылданбаған жағдайда, әзірлеуші заң жобасына ілеспе хатта қабылдамау себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс.
67. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдардың жобалары ұсынымдық сипатта болатын сараптамалық қорытындылар алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктеріне жіберіледі және заң жобалары қабылданғанға дейін оларға міндетті қосымшалар болып табылады.
Жобаны әзірлеуші сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда заң жобасына түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне дәлелді негіз келтіруге тиіс.
68. Парламент Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Президент Әкімшілігімен келісу "Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентімен және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Үкімет енгізетін заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 17 мамырдағы № 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
Мыналар Президент Әкімшілігімен міндетті түрде алдын ала келісілуге тиіс:
1) Парламентте қаралуы Президент атынан шұғыл немесе басымдықты деп жариялау жоспарланатын заң жобалары. Президенттің заң жобаларын шұғыл немесе басымдықты деп, оның ішінде Үкіметтің бастамасы бойынша жариялауы Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 1074 Жарлығымен бекітілген Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгілеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесіне сәйкес жүзеге асырылады;
2) Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлеген және Парламент Мәжілісіне енгізуге жататын заң жобалары;
3) конституциялық заңдардың, кодекстердің жобалары, сондай-ақ қолданыстағы конституциялық заңдар мен кодекстерді өзгертуге және толықтыруға бағытталған заң жобалары;
4) жергілікті мемлекеттік басқаруды және жергілікті өзін-өзі басқаруды, елдің саяси және сайлау жүйелерін жетілдіруге бағытталған заң жобалары;
5) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы құқықтық қатынастарды регламенттейтін заң жобалары.
Президент Әкімшілігінің онымен келісілетін заң жобалары бойынша ескертулері толық ескерілмейтін жағдайда, Кеңсе бұл туралы Президент Әкімшілігін хабардар етеді.
69. Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы жолдауымен басымдықты деп айқындалған заң жобаларын (бұдан әрі - басымдықты заң жобалары) әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Регламентке сәйкес келісілген заң жобаларын Кеңсеге заң жобасы басымдықты деп айқындалған күнінен бастап 20 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізуге тиіс. Бұл ретте басымдықты заң жобаларын мемлекеттік органдардың келісу мерзімі олар түскен күнінен бастап 5 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет басымдықты заң жобаларын 10 күнтізбелік күн мерзімнен кешіктірмей Парламент Мәжілісінің қарауына енгізеді.
70. Шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Регламентке сәйкес келісілген заң жобаларын Кеңсеге Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 сәуірдегі № 1074 Жарлығымен бекітілген Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгілеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесінің 1-тармағына сәйкес Үкіметке немесе тиісті мемлекеттік органға хабарлама келіп түскеннен кейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей енгізуге тиіс. Бұл ретте шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын мемлекеттік органдармен келісу мерзімі олар келіп түскен күнінен бастап 3 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобасын 7 күнтізбелік күн мерзімнен кешіктірмей Парламент Мәжілісінің қарауына енгізеді.
71. Президент шұғыл деп жариялаған заң жобасы Президенттің арнайы жолдауы Парламентте жария етілгеннен немесе осы жолдау Парламентке арналғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіледі.
72. Кеңседе өту мерзімі 10 күнтізбелік күннен аспауға тиіс (жобаның тіркелген күнінен бастап қол қойылған құжатты шығаруға тапсырғанға дейін) басымдықты заң жобалары мен шұғыл деп жариялау жоспарланып отырған заң жобаларынан басқа, заң жобаларына сараптама жасау және Кеңседе олар бойынша қорытындылар дайындау Кеңседе тіркелген күнінен бастап 10 жұмыс күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады. Осы Регламентте көзделген негіздемелер бойынша заң жобаларын Кеңсе заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органға пысықтауға, оның ішінде қажет болған кезде қосымша ғылыми сараптама жүргізу үшін қайтаруы мүмкін.
73. Кеңсеге заң жобасы бойынша енгізілетін материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған:
1) заң жобасын, ал қажет болған кезде қолданыстағы заңнамалық кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы не негізгі жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық кесімдердің күші жойылды деп тану туралы заң жобаларын да (оның ішінде магнитті жеткізгіштердегі) және заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған, Үкімет қаулылары үшін осы Регламенттің 31-тармағында белгіленген тәртіппен келісілген (бұрыштама соғылған) осы заң жобасын (заң жобаларын) Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын;
2) осы Регламенттің 30-тармағының талаптарына сәйкес дайындалған Үкімет қаулысының жобасына түсіндірме жазбаны;
3) заң жобасы мақсаттарының, міндеттері мен негізгі ережелерінің жан-жақты сипаттамасымен бірге жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі, жобаны қабылдаудың ықтимал салдарының болжамы бар, қажет болған кезде заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған қаржы-экономикалық есептер мен статистикалық деректер қоса берілген заң жобасына (заң жобаларына) түсіндірме жазбаның (жазбалардың) жобасын, оның ішінде магнитті жеткізгіштегіні;
4) заң жобасын (заң жобаларын) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағын (парақтарын);
5) заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындыны (қорытындыларды);
6) заң жобасын (заң жобаларын) әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы қол қойған ілеспе хатты, бұл ретте Үкіметтің тиісті заң жобасы туралы қаулысының әрбір жобасы жеке ілеспе хатпен енгізіледі;
7) қолданыстағы заңнамалық кесімдерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына алдын ала қол қойған және қол қойған, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырма кестесі қоса тіркеледі;
8) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттарды Парламентке ратификациялауға енгізу туралы заң жобасына Сыртқы істер министрлігі куәландырған, мемлекеттік, орыс және әр түрлі оқылған кезде басымдығы бар оларға қол қойылған өзге тілдердегі ратификациялауға енгізілетін құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі;
9) белгіленген нысандағы анықтама парақты қамтуға тиіс.
Мемлекеттік органдардың олар бойынша тұжырымдамалық сипаттағы келіспеушіліктері бар немесе қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобалары Үкімет басшылығының бастамашылығы бойынша шақырылатын кеңестерде қаралуы мүмкін, олардың нәтижелері хаттамалармен ресімделеді. Егер кеңестерде талқыланатын заң жобасы бойынша келіспеушіліктерді реттеу мүмкін болмаса, Премьер-Министр немесе оның орынбасары олар бойынша Үкіметтің түпкілікті шешімін қабылдау үшін тиісті заң жобаларының Үкіметтің мәжілісіне шығарылуына бастамашылық жасай алады.
74. Заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар оларды Үкіметке енгізу кезінде нақты заң жобасын басымдықты деп қарауды айқындау немесе оны қарауды шұғыл деп жариялау туралы бір уақытта ұсыныс енгізуге құқылы. Бұл ретте заң жобасына түсіндірме жазба, оның ішінде оны басымдықты деп айқындау немесе шұғыл деп жариялау қажеттілігінің негіздемесін қамтуға тиіс.
Үкімет өзі әзірлейтін заң жобаларына қатысты Президентке нақты заң жобасын басымдықты деп қарауды айқындау немесе оны қарауды шұғыл деп жариялау туралы ұсыныс енгізеді. Бұл ретте Үкіметтің ұсынысына тиісті заң жобасы және заң жобасын Парламенттің басымдықты деп қарауды айқындауы немесе оны қарауды шұғыл деп жариялауы қажеттілігінің негіздемесін қамтитын және заң жобасының нақты мақсаттарын ашатын түсіндірме жазба мен ол шешетін міндеттер қоса берілуге тиіс.
75. Үкіметтің бастамашылығы бойынша Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының түпнұсқаларына міндетті түрде: заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның және Әділет министрлігінің басшылары, Кеңсе Басшысы және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) бұрыштама соғуға тиіс. Үкімет бланкісіне шығарылған заң жобасына түсіндірме жазбаға Кеңсе Басшысы бұрыштама соғады және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) қол қояды. Заң жобаларының түпнұсқаларымен бірге Парламент Мәжілісіне олардың магнитті жеткізгіштердегі көшірмелері енгізіледі.
76. Үкіметтің бастамашылығы бойынша Парламентке енгізілген заң жобалары Парламент Мәжілісінің қаулылары бойынша ғана Кеңсеге қайтарылуы мүмкін.
77. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, оның ішінде мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды арттыруды көздейтін заң жобалары бойынша Үкімет Парламентке мемлекеттік және орыс тілдерінде қорытынды ұсынады.
Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, Үкіметке келіп түскен заңнамалық кесімдердің жобалары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға тиіс. Ведомствоаралық комиссия заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 15 күн мерзімде не Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында белгіленген неғұрлым қысқа мерзімде депутаттар бастамашылық жасаған заң жобасын оң не өзгеше бағалау жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Үкімет қорытындысының жобасын Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасында реттелетін қатынастар құзыретіне енетін мемлекеттік орган әзірлейді. Қорытындының жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде А4 форматындағы жай парақтарда дайындалады және келіп түскен күнінен бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде міндетті түрде Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келісіледі (олардың басшылары бұрыштама соғады). Қажет болған кезде қорытындының жобасына әзірлеуші мемлекеттік кірістерді қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды арттыру бөлігіндегі қаржы-экономикалық есептерді қоса тіркейді. Қорытындының дайындалуына жауапты мемлекеттік орган осы Регламенттің 39-тармағында белгіленген тәртіппен қорытындының жобасы бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беруін жүргізуге және, егер Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында өзге неғұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 20 күн мерзімнен кешіктірмей Кеңсеге оның келісілген жобасын, оның ішінде магнитті жеткізгішпен енгізуге тиіс.
Егер Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар көрсетілген жағдайда, осы органдар Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 10 күн мерзімнен кешіктірмей қорытындының дайындалуына жауапты мемлекеттік органға өздерінің ұсыныстарын беруге міндетті.
78. Үкімет қорытындысының жобасына Кеңседе сараптама жүргізілгеннен кейін оның түпкілікті нұсқасын Кеңсе Премьер-Министрдің (оның міндетін атқарушы тұлғаның) қолымен Үкімет бланкісіне шығарып ресімдейді. Үкімет қорытындысы Үкімет қаулысымен немесе Үкімет мәжілісінің хаттамасымен мақұлдануы да мүмкін.
79. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламентте ұсынушы өкілетті тұлғаларға оларды Парламент қараған кезде заңның тұжырымдамасына немесе оның құқықтық мазмұнын өзгертуге байланысты, сондай-ақ мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Үкімет басшылығының рұқсатынсыз келісім білдіруге тыйым салынады. Бұл ретте Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Кеңсеге көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар туралы дереу жазбаша хабарлауға міндетті.
Парламентте тиісті заң жобаларын ұсынушы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Үкіметтің келісуінсіз көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге келіскені үшін жауапты болады.
Парламент депутаттары Үкіметпен келісілмеген көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды дауысқа салуға шығарған жағдайда заң жобаларын ұсынушы тұлғалар мәжілістің стенограммасында өздерінің қарсылықтарын тіркеуді талап етуге және Кеңсеге осы өзгерістер немесе толықтырулар туралы дереу хабарлауға міндетті. Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасына Парламент енгізген тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтыруларды заң жобасын әзірлеуші салыстырмалы кесте түрінде қысқаша түйінімен Кеңсеге жібереді, оларды Кеңсе Басшысы осы өзгерістер мен толықтырулар бойынша Үкімет бірыңғай ұстанымды анықтау үшін Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
80. Үкімет енгізген заң жобаларын Парламентте ұсынушы өкілетті тұлғаны (заң жобасы бойынша баяндамашыны) ауыстыру қажет болған кезде Парламентке Премьер-Министрдің не оның орынбасарының қолымен тиісті хат жіберіледі. Бұл ретте осындай хаттардың жобаларын заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган дайындайды және заң жобасы Парламенттің тиісті Палатасының жалпы отырысында қаралғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Кеңсеге енгізеді.
81. Парламентте Үкіметтің шешім жасауын бақылауды Парламенттің тиісті палаталарындағы Үкіметтің өкілдіктері (бұдан әрі - өкілдіктер) жүзеге асырады.
Өкілдіктер Премьер-Министрді, оның орынбасарын және Кеңсе Басшысын Үкімет, енгізген заң жобаларының өтуі және Парламент қарайтын әрі Үкіметтің қызметіне қатысы бар басқа да мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отырады.
82. Үкіметтің Парламенттен заң жобасын қайтарып алуы Үкіметтің қаулысымен жүзеге асырылады, оның жобасын осы Регламентте белгіленген тәртіппен заң жобасын әзірлеуші енгізеді.
83. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолын қойып бекітуге жіберілетін барлық заңдар бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келісім бойынша заң қабылданған күнінен бастап үш күн мерзімде қорытынды дайындайды және Кеңсеге жібереді, онда мынадай:
1) Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасын Парламентте қарау кезінде депутаттар енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы;
2) қабылданған заңда Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамалық кесімдерге қарама-қайшылықтардың бар екендігі туралы және оған байланысты қосымша қаржы шығыстары, экономикалық және құқықтық сандар туралы;
3) заңды Премьер-Министрдің қолымен бекітудің мүмкіндігі туралы ақпарат айтылады.
Осы тармақта көзделген рәсімдердің орындалуын бақылауды Кеңсе жүзеге асырады.
84. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) заңнамалық кесім күшіне енген күнінен бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңсеге белгіленген тәртіппен келісілген мыналарды:
1) мемлекеттік органды (мемлекеттік органдарды) қабылдануы осы заңнамалық кесімге негізделген нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын әзірлеу жөніндегі жауапты орындаушы (жауапты орындаушылар) етіп белгілеуді;
2) заңнамалық кесім күшіне енген күнінен бастап екі айдан аспауы тиіс нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу мен енгізудің нақты мерзімін және өкімнің жобасында қамтылатын өзге де тапсырмалардың орындалуын;
3) заңға тәуелді кесімдерді қабылдау және/немесе қабылданған заңнамалық кесімге сәйкес келтіру туралы тапсырманы көздейтін Премьер-Министр өкімінің жобасын енгізеді.
85. Заңнамалық кесіммен реттеліп қойған қатынастар бойынша заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстар кейіннен Үкіметтің мәжілісінде қаралатын болып Ведомствоаралық комиссияның мәжілісінде алдын ала қаралады.