Кадрлық және ұйымдастырушылық сипаттағыны қоспағанда, қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық кесімдерге, Президенттің, Үкімет пен Премьер-Министр кесімдеріне сәйкестік мәніне заңдық сараптама жүргізуге жауапты Әділет министрлігімен келісілуге тиіс:
Оларды қабылдау экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіруі мүмкін салдар болжанып отырған қаулылардың жобалары уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізетін міндетті экологиялық сараптама жасауға жатады. Жобаны әзірлеуші оны уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша оң қорытындысы болған кезде Үкіметтің басшылығының қарауына енгізеді.
32. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың (өкімдердің) жобалары сараптамалық қорытынды алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктеріне жіберіледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және қаулының (өкімнің) жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.
Жобаны әзірлеуші сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда жобаға ілеспе хатта сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне дәлелді негіздеме келтіруге тиіс.
33. Заңнамаға сәйкес Әділет министрлігінде құқықтық сараптама жасауға жататын халықаралық ұйымдарға кіру және олардан шығу, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою мәселелері жөніндегі қаулылардың жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала келісілуге тиіс, ал құқықтық сараптамадан өткендері Сыртқы істер министрлігінде келісуге жатады. Көрсетілген жобаларға мыналар қоса беріледі:
1) тиісті шет мемлекетпен (мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен келісілген әзірлеуші органның басшысы алдын ала қол қойған халықаралық шарттың жобасы не Сыртқы істер министрлігі куәландырған оған сәйкес Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымға кіруі немесе одан шығуы не Қазақстан Республикасының шартқа қосылуы жоспарланып отырған көп жақты халықаралық шарттың мемлекеттік, орыс және қол қойылған өзге тілдердегі (әр түрлі оқылған кезде басымдығы бар) мәтіні;
2) Сыртқы істер министрлігі куәландырған халықаралық шарттардың көшірмелері және оларға жобада сілтемелер бар жобаны әзірлеуші куәландырған халықаралық сипаттағы өзге де құжаттар.
Қол қойылған халықаралық шарттардың және халықаралық сипаттағы өзге де құжаттардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәлдігін тиісінше Сыртқы істер министрлігі және әзірлеуші орган оларды Кеңсеге енгізгенге дейін қамтамасыз етеді.
34. Премьер-Министр не оның тапсырмасы бойынша Кеңсе Басшысы Үкіметтің резервінен қаражат бөлу және басқа да жедел мәселелерді шешу жөнінде қаулылардың (өкімдердің) жобаларын келісудің өзге де рәсімін айқындай алады.
35. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган бір мезгілде осы Регламенттің 31-тармағына сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға қаулы (өкім) жобасының, оған түсіндірме жазбаның және басқа да қажетті құжаттардың көшірмелерін келісуге жібереді.
Қаулы (өкім) жобасының көшірмесін келісуге алған кезде мемлекеттік органдар оған басқа да мемлекеттік органдардың алдын ала бұрыштама соғуын талап етпеуі және желеу әрі өзге де негізсіз себептер бойынша жобаны келісуден бас тартпауы тиіс.
36. Қаулылардың (өкімдердің) жобаларын мемлекеттік органдарда қарау және келісу олар түскен күнінен бастап мынадай мерзімнен аспауы тиіс:
1) осы Регламенттің 69 және 70-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулылардың жобалары, оның ішінде Президенттің және Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу туралы тиісінше Президент кесімдерінің жобалары мен заң жобалары - 10 жұмыс күні;
2) Премьер-Министр өкімдерінің жобалары - 5 жұмыс күні;
3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ ізгілік көмек мәселелері бойынша қаулылар мен өкімдердің жобалары - 3 жұмыс күні.
Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Кеңсе Басшысының тапсырмалары бойынша Үкіметтің қаулыларын немесе Премьер-Министрдің өкімдерін жедел қабылдау қажет болған кезде нақты жобаларды мемлекеттік органдарда келісудің неғұрлым қысқа мерзімі белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда қаулының (өкімнің) жобасына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Үкімет мәжілісінде, Үкімет басшылығында немесе Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша Кеңсе Басшысында болған кеңесте бұрыштама соғуы мүмкін.
37. Қаулының (өкімнің) жобасын келісуші мемлекеттік органда қарау және келісу (түпнұсқаға бұрыштама соғу) осы Регламентте белгіленген мерзімде және осы мемлекеттік органның құзыреті шеңберінде жүзеге асырылуға тиіс.
Қаулының (өкімнің) жобасын қарау қорытындылары бойынша келісуші мемлекеттік орган әзірлеушіге жауаптың мынадай нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:
1) жоба ескертулерсіз келісілуі мүмкін. Бұл жағдайда әзірлеуші оған келісуші орган басшысының бұрыштамасын қою үшін жобаның түпнұсқасын ұсынады;
2) жоба бар ескертулер жойылған кезде келісілуі мүмкін. Бұл ретте ескерту келісуші органның басшысы қол қойған хатта баяндалады, мұнда оларды жою жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде қамтылуға тиіс. Бұл жағдайда әзірлеуші ескертулермен келіскен кезде жобаларды пысықтау жұмыс тәртібімен жүзеге асырылады, бұдан кейін жобаның түпнұсқасы келісуші органның бірінші басшысының бұрыштамасын қоюға ұсынылады;
3) жобаны келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші органның басшысы қол қойған келісуден бас тартуға уәждеме бар хат қоса беріледі.
Келісуші мемлекеттік органдарға қаулылардың (өкімдердің) жобаларын "ескертулермен" келісуге (бұрыштама қоюға) тыйым салынады.
38. Егер әзірлеуші келісуші органның ескертулерімен келіспеген жағдайда, ол өзара қолайлы шешім дайындау үшін келісуші органдардың тиісті өкілдерінің (министрлердің орынбасарлары, вице-министрлер, департаменттердің басшылары) қатысуымен кеңес шақыруға құқылы. Егер көрсетілген кеңес қорытындылары бойынша өзара қолайлы келісімге қол жеткізілмесе, осы Регламенттің 25-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоба Үкіметке енгізілмейді. Бұл ретте жоба Премьер-Министрдің не оны алмастыратын немесе Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлғаның не Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген жағдайда әзірлеуші тапсырма авторына қалыптасып отырған жағдай туралы хабарлайды, ал жоба бастамашылық тәртіппен әзірленген жағдайда жоба қараудан алып тасталады.
39. Үкіметтің қаулысы оның ұжымдық заңды пікірін білдіруі тиістілігіне байланысты қаулылардың жобалары, сондай-ақ заңдардың, Мемлекет басшысы кесімдерінің және Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына Үкімет қорытындыларының жобалары бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беруі жүргізіледі.
Дауыс беруді жүргізу мақсатында қаулы жобасының (заң, Мемлекет басшысының кесімі, Үкіметтің қорытындысы жобасының) түпкілікті нұсқасын Кеңсеге енгізер алдында әзірлеуші оның ақпаратты қағаз және/немесе магнитті жеткізгіштердегі мәтінінің көшірмелерін не электронды көшірмесін электронды почта арқылы (құпия сипаттағы және кадр мәселелері жөніндегі жобалардан басқа) Үкімет мүшелерінің барлығына (Премьер-Министрді, оның орынбасарын және әзірлеуші жобаны келісуді жүргізген Үкімет мүшелерін қоспағанда) жібереді. Жобаға қосымшалар Yкімет мүшелеріне, тек оларға қатысты бөлігінде жіберілуі мүмкін.
Үкімет мүшелерінің көрсетілген жобалар бойынша дауыс беру мерзімі жобалардың көшірмелері (электронды көшірмелері бар хабарламалар) жіберілген күнінен бастап 3 жұмыс күнінен аспауға тиіс. Дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Үкімет мүшелері әзірлеушіге жобалар бойынша өз пікірін білдіретін жазбаша жауаптар жібереді. Көрсетілген мерзімде жазбаша жауап берілмеген жағдайда, Үкімет мүшесі жобаны қабылдауға дауыс берді деп саналады. Қаулылардың жобалары бойынша дауыс беруді Үкімет мүшелері алмастыру құқығынсыз жүзеге асырады. Егер жоба бойынша Үкімет мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беріп, олардың көпшілігі жобаны қабылдауға пікір білдірсе дауыс беру өткізілді деп саналады. Олай болмаған жағдайда дауыс беру өткізілмеді деп саналады және Кеңсе енгізілген жобаны қабылдамайды.
Қаулының жобасы бойынша дауыс беру нәтижелерін әзірлеуші жобамен және 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оған басқа да материалдармен бірге бір мезгілде ұсынады.
Қажет болған жағдайда Премьер-Министрмен келісім бойынша қаулылардың (заңдардың, Мемлекет басшысы кесімдерінің, Үкімет қорытындыларының) жобаларын Кеңсе Басшысы Үкімет мүшелеріне дауыс беруге жібере алады.
40. Ол бойынша Үкімет мүшелерінің дауыс беруі өткізілген қаулылардың және өкімдердің А4 форматындағы жай қағаз парақтардағы (мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндер үшін № 14 мөлшерлі "TimesNewRoman" қарпі қолданылады, символдарды кодтау стандарты ҚР СТ 1048-2002 стандартына сәйкес) және ақпаратты магнитті жеткізгіштегі (бұдан әрі - магнитті жеткізгіш) мәтіндік файлдар түріндегі түпнұсқаларын, сондай-ақ оған қажетті материалдарды әзірлеуші мемлекеттік органдардың өкілдері өз қолымен Кеңсеге енгізеді. Бұл ретте қаулылардың (өкімдердің) жобаларына ілеспе хаттарда тапсырманың нөмірі мен берілген күні көрсетіле отырып, олардың не Үкімет басшылығының тапсырмасы бойынша немесе Президент, Үкімет немесе Премьер-Министр кесімінің нақты тармағын орындау үшін не бастамашылық тәртіппен енгізілгендігі көрсетілуге тиіс. Почта арқылы келіп түскен жобаларды (құпия сипаттағы жобаларды қоспағанда) Кеңсе әзірлеушіге қарамай және тіркемей қайтарады.
Кеңседе тіркелер алдында жобалар осы Регламенттің және Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкестігіне, сондай-ақ дәлме-дәлдігіне (кездейсоқ таңдау бойынша жекелеген парақтары) тексеріледі. Жоба мәтіндері көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген немесе олардың мемлекеттік және орыс тілдерінде дәлме-дәл еместігі анықталған жағдайда жоба тіркелместен (құпия сипаттағы жобаларды қоспағанда) анықталған кемшіліктерді жою үшін әзірлеушінің өкіліне қайтарылады.
Кеңсеге келіп түсетін "аса маңызды", "өте құпия" және "құпия" деген құпиялылық белгілері бар қаулылардың (өкімдердің) жобалары, сондай-ақ олардан жасалатын құпия үзінді көшірмелері бар құпия емес жобалар тәртіппен тіркеледі және Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкес Кеңсе Басшысына баяндалады. Көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда бұл жобалар Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеушіге қайтарылады.
41. Кеңсеге мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін атқарушы тұлға немесе Үкіметтің және Кеңсенің басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы ресми түрде өкілеттік берген тұлға бұрыштама соққан қаулының (өкімнің) жобасы не олар қол қойған ілеспе және өзге де хаттар енгізілген кезде жобаға оған бірінші басшының міндетін атқару жүктелгені туралы не оған Үкіметтің және Кеңсенің басшылығына арналған құжаттарға қол қоюға бірінші басшы өкілеттік бергендігі туралы бұйрықтың көшірмесі қоса беріледі.
42. Қаулының (өкімнің) жобасы тіркелгеннен кейін Кеңседе, егер Үкіметтің басшылығы немесе Кеңсе Басшысы өзгеше белгілемесе, мынадай:
қаулылардың, оның ішінде тиісінше Президент кесімдерінің жобалары мен заң жобаларын Президенттің және Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу туралы жобалары - 10 жұмыс күнінен аспайтын;
Премьер-Министр өкімдерінің жобалары - 5 жұмыс күнінен аспайтын;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ ізгілік көмек мәселелері жөніндегі қаулылар мен өкімдердің жобалары - 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оның қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де аспектілеріне сараптама (бұдан әрі - сараптама) жүргізіледі.
Сараптама қаулы (өкім) жобасының дайындалу сапасын: қаралатын мәселелер мен оларды шешу жөнінде ұсынылатын шаралардың толық ашылуын, уақтылығын және негізділігін, Үкімет пен Премьер-Министрдің құзыретіне сәйкестігін бағалау, ықтимал теріс салдарды, заңдық техника ережелеріне сәйкестігін айқындау үшін, сондай-ақ жобаның жоғары деңгейдегі, Үкімет пен Премьер-Министрдің нормативтік құқықтық кесімдеріне сәйкестігі және жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәлдігі мәніне жүргізіледі. Жобалар сараптамасының нәтижелері Премьер-Министр мен оның орынбасары, Кеңсе Басшысы үшін олар тиісті жобаларға қол қою немесе олармен келісу туралы не оларды пысықтауға немесе қосымша келісуге қайтару туралы шешімдер қабылдаған кезде ақпараттық-ұсынымдық сипатқа ие болады.
Кеңсенің тиісті жобаның өтуіне жауапты құрылымдық бөлімшесі жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша осы Регламентке 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Премьер-Министрдің атына Кеңсе Басшысының қолы қойылған жобаға қорытынды дайындайды. Қорытынды мынадай ақпаратты қамтуға тиіс: жобаны кім және қандай негізде енгізіп отыр, жобаны қабылдау қажеттілігі неге негізделді, оны дайындау кезінде осы Регламенттің талаптары мен енгізу мерзімі (егер жобаны әзірлеу нормативтік құқықтық кесімде немесе тапсырмада көзделсе) сақталды ма, Үкімет мүшелерінің жоба бойынша дауыс беру қорытындылары, жобаны Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінде сараптау нәтижелері, оның ішінде мазмұндық және құқықтық сипаттағы, заңдық техника бойынша бар ескертулер, жобаны пысықтау туралы мәліметтер (осындай факт болған кезде), жоба бойынша өзге де қажетті мәліметтер, жобаны қабылдау немесе қабылдамау мүмкіндігі не оны пысықтауға немесе қосымша келісуге жіберу туралы ұсынымдар.
43. Үкіметтің басшылығы және Кеңсе Басшысы сараптама жүргізу барысында немесе оның нәтижелері бойынша жобаны мемлекеттік органға мынадай негіздер бойынша пысықтауға қайтаруға құқылы:
1) оның жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес келмеуі анықталғанда;
2) жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің дәлме-дәл еместігі анықталғанда;
3) Үкімет бекіткен Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың, Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының және Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын ресімдеу жөніндегі нұсқаулықтың (заңдық техникасы) және осы Регламенттің талаптарының бұзылғаны анықталғанда.
Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің өзге де аспектілер бойынша теріс сараптамалық қорытындысы да Yкімет басшылығының немесе Кеңсе Басшысының жобаны қайтару туралы шешім қабылдауы үшін негіз бола алады.
44. Жоба пысықтауға мынадай түрде қайтарылуы мүмкін:
1) мемлекеттік органдар бірінші басшыларының не олар өкілеттік берген тұлғалардың қатысуымен өткен Үкімет мәжілісінің немесе Үкімет басшылығында немесе Кеңсе Басшысында өткен кеңестің хаттамасы негізінде;
2) Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің жоба сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындысы негізінде Премьер-Министрдің, оның орынбасарының немесе Кеңсе Басшысының жазбаша тапсырмасы бойынша;
3) жобаны әзірлеуші органның басшысы не оның өкілі (ол өкілеттік берген тұлға) Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің ескертулерімен жазбаша келіскен кезде Кеңсе Басшысының рұқсатымен әзірлеушінің өкілі (өкілетті тұлғасы) жобаның келісу парағына қол қойып жұмыс тәртібімен. Әзірлеушінің жобаны жұмыс тәртібімен пысықтау мерзімі 7 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Жобаларды пысықтау мақсатында әзірлеуші мемлекеттік органның мүдделі органдар өкілдерінің (министрлер орынбасарларының, вице-министрлердің, департаменттер басшыларының) қатысуымен жедел кеңестер шақыруға құқығы бар.
Егер қайтарылатын жобаларға тапсырмаларда өзгеше мерзім көрсетілмесе, жобаларды пысықтауды, қайтадан дауыс беру өткізуді және енгізуді әзірлеушілер қайтарылған күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде (жұмыс тәртібімен пысықталатын жағдайларды қоспағанда) жүзеге асырады. Пысықтау мерзімі аяқталғаннан кейін әзірлеуші Кеңсеге пысықталған жоба мен ол бойынша дауыс беру нәтижелерін (белгіленген нысан бойынша) не жобаны қараудан алу туралы жазбаша өтінішті ұсынуы тиіс.
Жоба пысықталғаннан кейін Кеңсеге қайта енгізілген кезде оған сараптама жүргізудің және қорытынды дайындаудың осы Регламенттің 42-тармағында көзделген және пысықталған жоба Кеңседе тіркелген күннен бастап есептелетін жаңа мерзімі белгіленеді.
Қажет болған кезде Үкіметтің басшылығы және Кеңсе Басшысы әзірлеуші органдардың жобаларды пысықтау және оларды Кеңседе сараптау мерзімін қысқартуы мүмкін.
45. Ведомстволардың санын, министрліктердің, агенттіктердің және ведомстволардың штат санын, олардың басшы лауазымды тұлғаларын өзгертуді (ұлғайтуды немесе қысқартуды) көздейтін қаулылардың жобалары бойынша Үкімет мұндай өзгеріске Мемлекет басшысының немесе оның уәкілеттігі бойынша Президент Әкімшілігінің жазбаша келісімін алуға тиіс.
46. Кеңседе сараптама жүргізілгеннен, жоба пысықталғаннан (осындай факт болған кезде) және қорытынды дайындалғаннан кейін жоба Кеңседе іс жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес тиісті қорғалған елтаңбалық бланкіге көшіріледі, оған: орындаушы мен жобаның өтуіне жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысы; жобаға сараптама жүргізген құрылымдық бөлімшелердің басшылары; жоба мәтіндерінің дәлме-дәлдігін және олардың мемлекеттік және орыс тілдерінің ережелеріне сәйкестігін тексеруді жүзеге асырған қызметкерлер бұрыштама соғады.
47. Қаулылардың (өкімдердің) жобаларын Премьер-Министрдің орынбасарында келісу Премьер-Министр, оның орынбасары мен Кеңсе Басшысы арасында міндеттерді бөлуде айқындалған өкілеттікке сәйкес оның мүдделілігі белгіленген жағдайда жүзеге асырылады. Премьер-Министрдің орынбасарында қаулылардың жобалары бойынша ескертулер мен ұсыныстар болған кезде олар кеңестер өткізуі мүмкін. Кеңестерде қабылданған шешімдер хаттамалар түрінде ресімделеді.
Премьер-Министрдің мүдделі орынбасары келіскеннен (бұрыштама соққаннан) кейін қаулының (өкімнің) жобасына Кеңсенің Басшысы бұрыштама соғады және оны жоба бойынша шешім қабылдау үшін Премьер-Министрге баяндайды. Премьер-Министр қаулының (өкімнің) жобаларын қосымша (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа да) сараптама жүргізу үшін кез келген тиісті ұйымға жібере алады.
Қаулы жобасы бойынша тұжырымдамалық сипаттағы немесе қаржылық қамтамасыз ету мәселелері бойынша Yкімет мүшелерінің келіспеушіліктері не Премьер-Министр Кеңсесінің теріс сараптамалық қорытындысы болған кезде не Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша Кеңсе Басшысы Үкімет мүшелерінің көпшілігімен келісілген шешімді тұжырымдау үшін кеңес өткізуі немесе жобаны Үкімет отырысының қарауына енгізуге бастама жасауы мүмкін. Келісілген ұстанымға қол жеткізілмеген кезде Үкіметтің қаулысы қабылданбайды, бұл кеңестің (отырыстың) хаттамасында тіркелуге тиіс.
48. Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдеріне Премьер-Министр қол қояды. Премьер-Министр болмаған кезде Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдеріне Премьер-Министр белгілеген тәртіппен оны алмастыратын тұлға немесе Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға қол қоя алады.
Қаулының (өкімнің) түпнұсқасына оған қол қойылғаннан кейін түзетулер енгізуге тыйым салынады.
49. Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдерін тіркеуді және есепке алуды Кеңсе жүзеге асырады.
Қол қойылған Үкіметтің қаулылары мен Премьер-Министрдің өкімдеріне Кеңсенің құжаттамалық қамтамасыз ету үшін жауапты бөлімшесі:
1) құпия емес қаулылар үшін - күнтізбелік жылдың басынан бастап реттік есепке алу нөмірінен, өкімдер үшін - дефис арқылы "ө" әрпін қойып, күнтізбелік жылдың басынан бастап реттік есепке алу нөмірінен;
2) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар таралуы шектеулі қаулылар мен өкімдер үшін - құпия емес қаулылар (өкімдер) үшін кезекті реттік нөмірден және "қпү" кіші әріптерінен;
3) аса маңызды, өте құпия және құпия қаулылар мен өкімдер үшін - құпия қаулының (өкімнің) кезекті есепке алу нөмірін сызықша арқылы берілген құпиялық белгісіне сәйкес "аса м" - "аса маңызды", "өқ" - "өте құпия", "қ" - "құпия" кіші әріптерімен бірге қойып, құпия емес қаулыларға (өкімдерге) арналған кезекті реттік нөмірден;
4) бекітілген бюджеттік бағдарламалардың паспорттарына өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу көзделетін қаулылар үшін - әліпбилік тәртіппен берілетін әріптік литері (литерлері) бар бастапқы қаулының реттік нөмірінен тұратын тіркеу нөмірлерін береді.
Кеңсе Басшысының нұсқауы бойынша қаулыларға (өкімдерге) жоғарыда көрсетілген тәртіппен құпия емес қаулыларға (өкімдерге) арналған кезекті реттік нөмірден кейін дефис арқылы қойылатын сандық литері бар тіркеу нөмірлері берілуі мүмкін.
50. Үкімет қаулылары және Премьер-Министр өкімдерінің түпнұсқалары тұрақты сақталатын құжаттарға жатады және Кеңседе кемінде 15 жыл сақталады, осы мерзім өткеннен кейін олар Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатына мемлекеттік сақтауға беріледі.
51. Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің куәландырылған көшірмелерін уақтылы шығаруды және таратуды Кеңсе жүзеге асырады. Қажет болған кезде қаулылардың (өкімдердің) қосымша даналары Кеңсе Басшысының рұқсатымен беріледі. Құпия сипаттағы қаулылар мен өкімдердің куәландырылған көшірмелері немесе олардың үзінді көшірмелері белгіленген тәртіппен адресаттардың шектеулі санына жіберіледі.
Оларда техникалық қателер анықталған кезде Үкіметтің құпия емес қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің бұрын жіберілген даналарын ауыстыру Кеңсе Басшысының рұқсатымен жүргізіледі. Бұл ретте бастапқы жіберілген даналарды алғандарға "Бұрынғы жіберілгеннің орнына" ("Взамен ранее разосланного") мөртаңбасы басылып, қаулылардың (өкімдердің) түзетілген нұсқалары жіберіледі. Адресаттар көрсетілген мөртаңбасы бар түзетілген нұсқаны алғаннан кейін олар қаулылардың (өкімдердің) бұрын жіберілген даналарын Кеңсеге дереу қайтаруға тиіс.
Қаулыларды (өкімдерді) қайтарып алу Премьер-Министрдің нұсқауы бойынша немесе онымен келісім бойынша Кеңсе Басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылады.
Аса маңызды, өте құпия және құпия қаулылар (өкімдер) Кеңсе Басшысының хатымен ресми түрде қайтарып алынады.
52. Үкіметтің нормативтік қаулысы қабылданғаннан кейін министрліктер мен олардың ведомстволары, агенттіктер, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бір ай мерзімде өздерінің кесімдерін Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес келтіруге және қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында тиісті кесімдер шығаруға міндетті.
53. Мемлекеттік органдар республиканың заңнамасына және құқықтың ескірген нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау үшін өздері әзірлеуші болып табылған, қабылданған қаулылардың (өкімдердің) тұрақты мониторингін жүзеге асыруға міндетті.
54. Нормативтік құқықтық кесімдерді қабылдаған орган таратылған, қайта ұйымдастырылған немесе қайта құрылған жағдайда, оның кесімдерінің күші жойылды деп тану, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді оның құқықтық мирасқоры немесе жоғары тұрған орган шешеді.
7. Yкімет енгізетін Президент кесімдерінің жобаларын дайындау
55. Үкімет енгізетін Президент кесімдерінің жобаларын дайындауды қолданыстағы заңнамаға және осы Регламентке сәйкес тиісті орган жүзеге асырады.
Президент кесімдерінің жобалары Кеңсеге осы Регламентте Үкіметтің қаулылары үшін көзделген тәртіппен енгізіледі. Бұл ретте Президент кесімдері жобаларының түпнұсқаларына әзірлеуші органның және Әділет министрлігінің басшылары бұрыштама соғады, басқа келісуші органдардың басшылары Президент Әкімшілігі белгілеген келісу парағына қол қояды.
Президент кесімдерінің жобалары Yкімет қаулыларымен не Премьер-Министрдің (оның міндетін атқарушы тұлғаның) хаттарымен Президент Әкімшілігіне енгізіледі. Бұл ретте, әдетте, хаттармен Президент Әкімшілігі бұрын пысықтау үшін қайтарған жобалар қайта енгізіледі.
56. Үкімет Президент Әкімшілігіне енгізетін Президент кесімдерінің мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған жобалары мыналарды қамтуға тиіс: