«Өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен
сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражатты төлеу ережесін бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 наурыздағы № 157 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 7 ақпандағы № 87 Қаулысымен күші жойылды
"2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес және минералдық тыңайтқыштармен, тұқым улағыштармен және гербицидтермен қамтамасыз етуде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражатты төлеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 14 наурыздағы
№ 157 қаулысымен
бекітілген
Өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен
сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражатты төлеу
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражатты төлеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) тиісті жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне (бұдан әрі - Ауылшармині) көзделген қаражат есебінен және шегінде субсидиялау жолымен өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражатты төлеу тәртібін айқындайды.
2. Өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражат (бұдан әрі - субсидиялар) ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу үшін жер учаскелері бар отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (бұдан әрі - ауылшартауарын өндірушілер) заңды тұлғалардан сатып алатын минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің құнын ішінара өтеуге арналады.
2. Өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы
мен сапасын арттыруды қолдауға арналған қаражатты төлеу тәртібi
3. Минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді сатушылар (бұдан әрі - сатушылар) заңды тұлғалар болып табылады.
4. Минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді сатып алушылар ауылшартауарын өндірушілер болып табылады.
5. Облыстар бойынша субсидиялар сомалары облыстардың ұсыныстарына және жоспарланған егіс алқабына минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді енгізудің (қолданудың) ғылыми негізделген нормаларына сәйкес қалыптастырылған, Ауылшармині ұсынған сомалар негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен бекітіледі.
6. Сатушыларды айқындау Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 915-бабына сәйкес тендерлік негізде жүзеге асырылады. Тендерді облыс әкімінің шешімімен құрылған комиссия (бұдан әрі - комиссия) жүргізеді.
Тендердің шарттарын облыстық әкімдіктердің ауыл шаруашылығы департаменттері (басқармалары) (бұдан әрі - ауыл шаруашылығы департаменттері) осы Ереженің 8-тармағына сәйкес жасалған шарттар негізінде айқындайды. Бұл ретте тендер бойынша сатып алынатын минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің түр-түрі мен көлемі Ауылшарминімен келісіледі.
Сатушыларды айқындау жөніндегі тендер өткен жоқ деп танылған жағдайда ауыл шаруашылығы департаменттері сатушыларды тендерлік рәсімдерді қолданбай-ақ айқындай алады.
7. Комиссия шешімінің негізінде ауыл шаруашылығы департаменттері сатушылардың тізбесін, минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің жеткізу орнын, сондай-ақ түр-түрін, олардың санын, 1 тоннасының (киллограмының, литрінің) сату бағасын тиісті жылға әрбір облыс үшін заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген қаражат шегінде бекітеді.
8. Ауылшартауарын өндірушілер үшін сатушыларды айқындау кезінде ауыл шаруашылығы департаменттері Ауылшармині бекіткен нысан бойынша ауылшартауарын өндірушілермен жасалған шарттар негізінде және ауылшартауарын өндірушілер жер учаскесіне құқығын куәландырушы құжаттарды ұсынған кезде ауылшартауарын өндірушілер атынан әрекет етеді.
9. Минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің көлемін ауылшартауарын өндірушілер арасында бөлуді Ауылшармині ұсынған облыстың өңірлік мамандану схемасын ескере отырып, әр облыста облыс әкімінің шешімімен құрылған жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы:
ауылшартауарын өндіруші сатушылардан сатып алуды көздеп отырған минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің көлемі мен түр-түрін қарайды;
осы Ереженің 5-тармағына сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген қаражат шегінде минералдық тыңайтқыштар, тұқым улағыштар және гербицидтер алатын ауылшартауарын өндірушілердің тізбесін жасайды. Бұл ретте сатушылардан сатып алу көзделіп отырған минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің көлемі сатушыларды айқындау жөніндегі тендер нәтижелері бойынша белгіленген нақты көлемнен асқан жағдайда жұмыс тобы минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді бөлуді егіс алқаптарына тепе-тең жүргізеді.
Ауылшартауарын өндірушілердің тізбесін жұмыс тобының ұсыныстары негізінде ауыл шаруашылығы департаменттері бекітеді. Тізбенің нысанын Ауылшармині бекітеді.
10. Сатушыларды айқындау нәтижелері бойынша ауыл шаруашылығы департаменттері, сатушылар және ауылшартауарын өндірушілер арасында Ауылшармині бекіткен нысан бойынша минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді белгіленген көлем шегінде жеткізудің және мақсатты пайдаланудың үш жақты шарттары жасалады.
11. Сатушылар көрсетілген өнімді ауылшартауарын өндірушілерге сатушыны айқындау процесінде ауыл шаруашылығы департаменттері қабылдаған баға бойынша сатады. Бұл ретте ауылшартауарын өндірушілер сатушыларға минералдық тыңайтқыштар, тұқым улағыштары және гербицидтер құнының 60 пайызын төлейді.
12. Ауылшартауарын өндірушілер сатушыдан минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді сатып алудан бас тартқан жағдайда ауыл шаруашылығы департаменттері жұмыс тобы ұсыныстарының негізінде ауылшартауарын өндірушілердің бекітілген тізбесіне тиісті өзгерістер енгізеді.
13. Қажет болған жағдайда ауыл шаруашылығы департаменттерінің ұсыныстары негізінде Ауылшармині заңнамада белгіленген тәртіппен облыстар бойынша бекітілген субсидиялар сомаларына тиісті өзгерістер енгізеді.
14. Ауылшартауарын өндірушінің минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді алу фактісі бойынша сатушылар, ауылшартауарын өндірушілер мен ауыл шаруашылығы департаменттері арасында Ауылшармині бекіткен нысан бойынша минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді жеткізу туралы үш жақты актіге қол қойылады.
Тараптардың минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді жеткізу және мақсатты пайдалану туралы үш жақты шарттарға, сондай-ақ минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді жеткізу туралы үш жақты актілерге қол қоюды ауыл шаруашылығы департаменттері қамтамасыз етеді.
15. Субсидияларды ауыл шаруашылығы департаменттері осы Ереженің 6-тармағына сәйкес айқындалған сатушыларға ауылшартауарын өндірушілер нақты сатып алған минералдық тыңайтқыштар, тұқым улағыштар және гербицидтер үшін төлейді.
16. 1 тоннаға (килограмға, литрге) бөлінетін субсидиялардың мөлшері ауылшартауарын өндірушілер сатып алған минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің әрбір түрі бойынша есептеледі және оны ауыл шаруашылығы департаменттері комиссияның шешімі негізінде минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің 1 тоннасы (килограмы, литрі) құнының 40 пайызы шегінде бекітеді.
17. Субсидиялар алу үшін сатушылар ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-күніне, бірақ тиісті жылдың 10 қарашасынан кешіктірмей ауыл шаруашылығы департаменттеріне мынадай құжаттарды:
Ауылшармині бекіткен нысан бойынша ауылшартауарын өндірушілер нақты алған минералдық тыңайтқыштардың, тұқым улағыштардың және гербицидтердің көлемі жөніндегі жиынтық актіні. Жиынтық акт осы Ереженің 10 және 14-тармақтарында көрсетілген минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді жеткізу және мақсатты пайдалану шартының және минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді жеткізу туралы үш жақты акт негізінде жасалады;
минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді жеткізу туралы үш жақты актіні ұсынады.
18. Ауыл шаруашылығы департаменттері ұсынылған құжаттарды тексереді және заңнамада белгіленген тәртіппен күнтізбелік жылдың аяғына дейін міндеттемелер мен төлемдер бойынша бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес сатушылардың шоттарына субсидияларды аударады.
19. Ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне, бірақ тиісті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей ауыл шаруашылығы департаменттері Ауылшарминіне Ауылшармині бекіткен нысан бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыру туралы есепті ұсынады.
20. Минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді қолданған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ тиісті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей ауылшартауарын өндірушілер Ауылшармині бекіткен нысан бойынша ауыл шаруашылығы департаменттеріне минералдық тыңайтқыштарды, тұқым улағыштарды және гербицидтерді мақсатты пайдаланғаны туралы актіні ұсынады.
21. Ауыл шаруашылығы департаменті тиісті жылдың есепті кезеңінен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің аумақтық органына Ауылшармині бекіткен нысан бойынша сатушыларға субсидиялар төлеуге арналған ведомості және төлеуге арналған шотты ұсынады.
22. Бюджет қаражатын тиімді және мақсатты пайдалану үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдеріне сәйкес Ауылшармині мен облыстық әкімдіктер жауапты болады.
23. Облыс әкімдері бұқаралық ақпарат құралдарында өндірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен сапасын арттыруды қолдауға бағытталған іс-шараларды кеңінен жариялауды қамтамасыз етеді.