Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы
мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы Қазақстан
Республикасының 1998 жылғы 10 шiлдедегi № 279-1 Заңы
(2004.20.12 берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 2 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2-тарау. Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, (5 - 31 баптар)
прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi
мемлекеттік реттеу мен ұйымдастыру және
олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс
пайдаланылуына қарсы iс-қимыл
3-тарау. Нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын (32 - 37 баптар)
адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету
4-тарау. Қорытынды ережелер (38-бап)
Осы Заң есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негiздерiн реттейдi және наркологиялық жәрдем көрсету мен азаматтардың денсаулығын, қоғамдық және мемлекет қауiпсiздiгiн қорғау мақсатында олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шараларын белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 31.05.02 ж. № 327-II Заңына сәйкес 1-бап өзгертілді
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) есiрткi заттар - Қазақстан Республикасының заңдарына, 1961 жылғы Есiрткi заттар туралы бiрыңғай конвенцияға түзетулер жөніндегі 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгiзiлген түзетулерiмен қоса 1961 жылғы Есiрткi заттар туралы бiрыңғай конвенцияға сәйкес бақылау жасалуға тиiстi Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiне енгiзiлген синтетикалық немесе табиғи тектес заттар;
2) психотроптық заттар - Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, соның iшiнде 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияға сәйкес бақылау жасалуға тиiстi Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiне енгiзiлген синтетикалық немесе табиғи тектес заттар;
3) прекурсорлар - есiрткi заттарды және психотроптық заттарды өндiру, дайындау, ұқсату кезiнде пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, соның iшiнде БҰҰ-ның Есiрткi заттардың және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы 1998 жылғы Конвенциясына сәйкес бақылануға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiне енгiзiлген заттар;
4) есiрткi заттар мен психотроптық зат тектестер - химиялық құрылымдары мен қасиеттерi бар, құрылымы мен қасиеттерi жағынан елiртетiн, күйзелтетiн немесе жалған елес күйiне түсiретiн, I, II, III кестелерге енгiзiлген заттарға ұқсас, оларды шектен тыс пайдаланған кезде халықтың денсаулығы үшiн қауiптi, Үкiмет қаулыларымен және БҰҰ-ның халықаралық Конвенцияларымен есiрткi заттар мен психотроптық заттар ретiнде бекітілмеген шығу тегi синтетикалық немесе табиғи болып табылатын заттар;
5) есiрткiлер - есiрткi немесе психотроптық заттар деп жiктелген, оларды шектен тыс пайдаланғанда туындауы мүмкiн зардаптарына байланысты халықтың денсаулығы үшiн ықтимал қаупi бар, Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне енгiзiлген, Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиiс өсiмдiктер, заттар немесе препараттар;
6) Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиiстi Есiрткi , психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмi (бұдан былай Тiзiм) - халықаралық Конвенциялар негiзiнде нөмiрленiп, тиiстi кестелерде және тізімдерде бiрiктiрiлген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзбесi (1-қосымша);
6-1) Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды шағын, ірі және өте ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кесте - сот сараптамасы органдары айқындайтын және кейіннен әкімшілік не қылмыстық жауаптылықтың туындауына негіз болып табылатын мөлшері белгіленген (шағын, ірі, өте ірі) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар түрлерінің тізбесі (2-қосымша);
7) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы - құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi егуге, жинауға және дайындауға, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеуге, өндiруге, өңдеуге, әкелуге, әкетуге, транзиттеуге, тасымалдауға, жөнелтуге, сатып алуға, сақтауға, бөлуге, сатуға, пайдалануға, жоюға байланысты, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес рұқсат етiлген және бақылау жасалатын қызмет түрлерi;
8) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы - Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып жүзеге асырылатын есiрткi немесе психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы;
9) есiрткi, психотроптық заттарды шектен тыс пайдалану (есiрткi немесе психотроптық заттарды заңсыз тұтыну) - есiрткi немесе психотроптық заттарды дәрiгердiң тағайындауынсыз қасақана заңсыз тұтыну;
10) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу мен әкету - есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке немесе сол мемлекеттiң бiр аумағы шегiнен басқа бiр аумағы шегiне өткiзiлуi;
11) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар транзитi - есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке үшiншi мемлекеттiң аумағы арқылы өткiзiлуi;
12) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды тасымалдау мен жөнелту - тасымалдау тәсiлiне және Қазақстан Республикасы шегiнде заңсыз орналастырылатын құралдар мен заттардың сақталатын орнына қарамастан есiрткi, психотроптық заттардың немесе прекурсорлардың орнын ауыстыру жөніндегі кез келген қасақана жасалатын әрекеттер;
13) құрамында есiрткi заттары бар өсiмдiктердi өсiру - апиын көкнәрi мен сораны (каннабистi), халықаралық Конвенцияларға сәйкес Қазақстан Республикасында бақылануға тиiс Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне енгiзiлген, құрамында есiрткi бар басқа да өсiмдiктердi егу және өсiру;
14) құрамында есiрткi, психотроптық заттар бар өсiмдiктердi жинау - халықаралық Конвенцияларға сәйкес Тiзiмге енгiзiлген, құрамында есiрткi бар жабайы өсетiн немесе егiлетiн өсiмдiктердi жинау;
15) нашақорлық - организмнiң физикалық және психикалық функцияларының қатты бұзылуына әкеп соғатын есiрткi немесе психотроптық заттарға не сол тектестерге әуес болуға байланысты ауру;
16) уытқұмарлық - есiрткi және психотроптық заттардың әсерiне ұқсас психикалық елерме әсер туғызатын, республикалық заң актілері мен халықаралық Конвенциялардың Тiзiмдерiне енбейтiн дәрi-дәрмек препараттары мен табиғаты әртүрлi дәрi-дәрмек емес заттарды шектен тыс пайдалану;
17) нашақорлықпен ауыратын адам (нашақор) - қандай да болсын есiрткi, психотроптық заттарға немесе сол тектестерге физикалық және (немесе) психикалық тәуелдi, белгiленген тәртiппен медициналық мекеме "нашақорлық" деген диагноз қойған адам;
18) мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерi - заңда белгiленген тәртiппен наркологиялық көмек көрсететiн мекемелер (орталықтар, ауруханалар, диспансерлер, бөлiмшелер немесе кабинеттер);
19) медициналық куәландыру - нашадан елiрiп мастану күйiн анықтау мақсатында кiсiнi амбулаториялық тексеру;
20) медициналық тексеру - "нашақорлық" диагнозын қою немесе оны терiске шығару мақсатында адамды стационар жағдайында тексеру;
21) өз еркiмен емделу - нашақорлықтан, уытқұмарлықтан немесе есiрткiге шектен тыс салынудан науқастың өзiнiң немесе оның заңды өкiлiнiң келісімiмен емдеу;
22) мәжбүрлеп емдеу - ерiктi түрде емделуден жалтарған не есiрткi немесе психотроптық заттарды заңсыз тұтынуын жалғастырған жағдайда нашақорлықпен ауыратын адамды сот шешiмi негiзiнде стационарда емдеу;
23) медициналық куәландырудан, медициналық тексеруден немесе емдеуден жалтару - есiрткi немесе психотроптық заттарды шектен тыс пайдаланушы адамның құқық қорғау органдары қызметкерiнiң медициналық куәландыруға немесе тексеруге қатысты өкімін қасақана орындамау, сондай-ақ оның дәрiгердiң нұсқаулары мен ұсынымдарын орындамау;
24) бөлшек сауда - есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды дәрiгердiң рецептi бойынша жеке тұтыну үшiн даралап немесе шағын көлемде сату;
25) көтерме сауда - есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды iрi топтармен сату;
26) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында мемлекеттік саясатты өзіне берілген құзырет шегінде қалыптастыратын және оны жүзеге асыруды үйлестіретін орган.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 31.05.02 ж. № 327-II Заңына сәйкес 2-бап өзгертілді және толықтырылды
2-бап. Бақылауға жататын есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды жiктеу
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне енгiзiледi.
Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмi ұсынылып отырған төрт кестеден және екі тізімнен тұрады.
I Кестеге осы Заңның 18, 19, 20-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес Қазақстан Республикасында айналымына тыйым салынған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
II Кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес айналымы шектеулi және қатаң бақылауда тұрған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
III Кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес айналымы бақылауды тұрған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
IV кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1988 жылғы халықаралық Конвенциясына сәйкес айналымы бақылауда тұрған прекурсорлар енгiзiледi.
Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиісті және ветеринарияда қолдануға рұқсат етілген, құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттар тізіміне тиісті лицензиясы болған жағдайда диагностикалық, емдік және профилактикалық заттар ретінде пайдаланылуы мүмкін дәрілік препараттар енгізілген.
Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға жатпайтын, құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар аз мөлшерде бар көп компонентті дәрілік препараттар тізіміне құрамында бақыланатын заттар өте аз және заңсыз айналым мақсатында оларды алып тастау орынсыз болып табылатын дәрілік заттар енгізілген.
2. алынып тасталды
3. алынып тасталды
3-бап. Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен оларды шектен тыс пайдалануға қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделiп, осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардан тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
4-бап. Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар айналымын мемлекеттік реттеудiң және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларының негiзгi принциптерi
Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттік саясат және олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл;
1) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметке мемлекеттік бақылау жасау;
2) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер прекурсорлар айналымын және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимылды мемлекеттік реттеу;
3) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметтi лицензиялау;
4) мемлекеттік және өзге де органдардың қызметiн ведомствоаралық және ведомствоiшiлiк үйлестiру;
5) есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымын оларды шектен тыс пайдалануды тыюға бағытталған жұмысты ұйымдастыру мен жүргiзу мiндеттерiн кешендi түрде шешу;
6) нашақорлықтың және сонымен байланысты құқық бұзушылықтардың етек алып кетуiн көздейтiн алдын алу шараларын қамтамасыз ету;
7) нашақорлықтың және оған байланысты құқық бұзушылықтардың етек алуына қарсы күресте әлеуметтiк базаны кеңейту, оның iшiнде қоғамдық, дiни, халықаралық және басқа ұйымдар мен азаматтарды ерiктi негiзде тарту арқылы кеңейту;
8) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау, олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту принциптерiнде жүзеге асырылады.
2-тарау. Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер,
прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi
мемлекеттік реттеу мен ұйымдастыру және
олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс
пайдаланылуына қарсы iс-қимыл
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
5-бап. Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы мемлекеттік реттеу және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары
1. Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымын мемлекеттік реттеудi және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
2. алынып тасталды
3. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мынадай негiзгi мiндеттердi атқарады:
1) есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi реттеу және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) тиiстi мемлекеттік органдармен келiсе отырып, есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл саласына қатысушы заңды тұлғалар қызметiнiң тәртібін реттейтiн заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және аталған саладағы нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi ;
3) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына мемлекеттік бақылау жасауды және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларын жүзеге асыруды ұйымдастырады;
4) денсаулық сақтау органдарына, есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың шектен тыс пайдаланылуы саласындағы қызметтi реттеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберiнде нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтiк көмек көрсетудi ұйымдастыруға және көмек көрсету кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк берiлуiн қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
5) Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиісті есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне және Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды шағын, ірі және өте ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеге уәкілетті органдардың ұсыныстары бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныс енгізеді;
6) Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарымен бiрлесе отырып, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымының барлық түрлерiнiң ауқымына болжам жасайды;
7) уәкiлеттi органдармен бiрлесе отырып, мемлекеттiң есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға деген қажеттiлiк нормаларын анықтайды;
8) қолданыстағылармен салыстырғанда есiрткiлiк әсерi кемiрек, неғұрлым тиiмдi, қаупi төменiрек есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар әзiрлеу және енгізу процесiн бақылайды;
9) Қазақстан Республикасына арналған халықаралық квоталарды БҰҰ-ның Есiрткiнi бақылау жөніндегі халықаралық комитетi бекіту үшiн Республиканың есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға деген қажеттiлiк нормаларын Үкiметке ұсынады.
10) уәкiлеттi органдармен бiрлесе отырып, есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласындағы ғылыми зерттеулердi және олардың заңсыз айналымы мен оларды шектен тыс пайдалануға қарсы iс-қимылды үйлестiрiп отырады;
11) қызметi есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласымен байланысты мамандар оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды, тағлымдамадан өткізудi және олардың біліктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
12) қызметi нашақорлық проблемаларымен байланысты қоғамдық ұйымдардың, қауымдастықтардың жұмысын үйлестiрiп отырады;
13) есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
14) денсаулық сақтау саласындағы есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымымен байланысты қызметтер түрлерiнен басқа, есiрткi, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы қызмет түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;
15) өз құзыретi шегiнде есiрткi, психотроптық заттар және прекурсорлардың айналымы саласына келiп түскен техникалық көмек пен инвестициялардың нысаналы пайдаланылуын және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимылды бақылауды жүзеге асырады;
16) Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын реттейтiн заң актілерін және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзғаны үшiн заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде тиiстi органдарға ұсыныстар енгiзедi;
17) Қазақстан Республикасындағы нашақорлық ахуалдың даму жай-күйi мен үрдiстерiн талдауды, нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрес саласындағы стратегиялар мен бағдарламаларды iске асыру барысы туралы ақпараттық-талдау материалдарын әзірлеуді жүзеге асырады;
18) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес есiрткi құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында анықталған кемшiлiктердi жою туралы нұсқамалар бередi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6-бап. Есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымын мемлекеттік бақылау және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары
Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарының:
1) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға;
2) меншiк нысанына қарамастан, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы үшiн пайдаланылатын кез келген үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексерудi жүзеге асыруға;
3) құрамында Тiзiмге енгiзiлген есiрткi заттары бар өсiмдiктер өсiрiлетiн жер учаскелерiне тексеру жүргiзуге;
4) құрамында есiрткi заттар бар өсiмдiктердi жою мақсатында арнайы құрылған бөлiмшелермен iс-шаралар жүргiзуге;
5) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалардан есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сапасын сипаттайтын техникалық құжаттаманы, сондай-ақ оларға сараптама жүргiзу үшiн аталған өнiмнiң техникалық негiзделген мөлшердегi үлгiлерiн алуға;
6) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында анықталған кемшiлiктердi жою туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нұсқамалар беруге;
7) бекітілген стандарттар мен нормативтiк құжаттама, сондай-ақ лицензиялау шарттары болмаған немесе бұзылған жағдайда заңды тұлғалар мен құрылымдық бөлiмшелердiң өндiрiстiк қызметiн тоқтата тұруға;
8) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын реттейтiн заңдар мен өзге де нормативтiк актiлердi бұзғандығы үшiн заңды және жеке тұлғаларды жауапқа тарту жөнiнде тиiстi органдарға ұсыныс енгізуге құқығы бap.
9) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
7-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi лицензиялау
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтiң барлық түрлерiн, осы Заңның 16, 17, 18, 19, 20-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бес жылға дейiнгi мерзiмге қызметтiң нақты түрiне лицензия алғаннан кейiн заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Тiзiмге енгiзiлген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында объектiлер мен үй-жайларды пайдалануға рұқсатты, қойма қорларының ұрлануын немесе басқадай жоғалуын болдырмау мақсатында қауiпсiздiк шаралары қамтамасыз етiлген жағдайда, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестi жүзеге асыратын уәкiлеттi iшкi iстер органы бередi.
3. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет түрiне лицензия берген кезде өзiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң арқасында есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiкелей қолында болатын қызметкерлердiң тиiсiнше тексерiлгенi туралы iшкi iстер органдарының қорытындысы ескерiледi.
Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң арқасында тiкелей есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiкелей қолында болатын қызметкерлерге нашақорлықпен, уытқұмарлықпен, созылмалы маскүнемдiкпен айырмайтыны туралы, сондай-ақ аталған тұлғалар арасында кәсiби қызметтiң жекелеген түрлерiн және қауiптiлiгi жоғары көздермен байланысты қызметтi атқаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылғандар жоқ екендiгi туралы психиатр және нарколог дәрiгерлердiң қорытындылары қажет.
8-бап. Мемлекеттік квоталар
Тiзiмге енгiзiлген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға мемлекеттік квота - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген қажеттiлiк есебi, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес лицензиясы бар заңды тұлғалар аталған заттардың айналымын соның шегiнде жүзеге асырады.
9-бап. Жаңа есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеу
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеу қолда бар есiрткiлермен салыстырғанда неғұрлым тиiмдi, неғұрлым қауiпсiз және оңай бақыланылатын жаңа есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар жасауды мақсат етедi.
2. Есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды әзiрлеудi қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемелерi жүзеге асырады. Медициналық және ғылыми мақсаттарда пайдалануға арналған жаңа ықтимал есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды клиникаға дейiн және клиникада сынақтан өткізу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерi (ұйымдары) мен ғылыми-зерттеу институттарында жүзеге асырылады.
3. Медициналық және ғылыми мақсаттарда пайдаланылатын есiрткi, психотроптық заттарды, прекурсорларды тiркеу барлық дәрiлiк заттарға қолданылатын және нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
10-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндiру (дайындау)
1. Қазақстан Республикасының аумағында медициналық қолдануға рұқсат етiлген есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды өндiрудi сол қызмет түрiне лицензиясы бар, денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тiркелген заңды тұлғалар белгiленген мемлекеттік квоталар шегiнде жүргiзедi.
2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар өндiретiн заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.
ҚР 31.05.02 ж. № 327-II Заңына сәйкес 11-бап өзгертілді
11-бап. Дайындалған есiрткi және психотроптық заттарды буып-түю
1. Медициналық мақсаттарда пайдаланылатын есiрткi және психотроптық заттардың буып-түйiлуi мен сыртқы әспеттелуi сәйкес келуге тиiстi шарттар Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. Дайындалған есiрткi және психотроптық заттардың бумасы есiрткi немесе психотроптық заттарды бүлдiрмей ашып алу мүмкiндiгiн болғызбауға тиiс.
2. Тiзiмде аталған заттар құрамында бар дәрiлiк заттарды таңбалау кезiнде осы заттардың атаулары және олардың салмақ бiрлiгiмен немесе процентпен алынған құрамы көрсетiледi.
3. алынып тасталды
4. Есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттардың буып-түйiлуi мен жазбалары сәйкес келуге тиiстi шарттар бұзылған жағдайда есiрткi және психотроптық заттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынып қойылады.
ҚР 31.05.02 ж. № 327-II Заңына сәйкес 12-бап өзгертілді
12-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитi
1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелудi және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудi осы қызмет түрiне лицензиясы бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу және әкету мемлекеттік шекара мен кеден шекарасынан өткен кезде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия мен сертификат көрсетiлген жағдайда жүзеге асырылады.