Ақпараттандыру туралы 2003 жылғы 8 мамырдағы № 412-II
Қазақстан Республикасының Заңы
(2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 31 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 3 баптар)
2-тарау. Ақпараттандыру саласындағы (4 - 8 баптар)
мемлекеттік реттеу
3-тарау. Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру (9 - 15 баптар)
және пайдалану тәртібі
4-тарау. Ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және (16 - 19 баптар)
пайдалану тәртібі
5-тарау. Ақпараттық ресурстарды, (20 - 23 баптар)
ақпараттық жүйелерді қорғау
6-тарау. Қорытынды ережелер (24 - 25 баптар)
Осы Заң ақпараттандыру саласындағы қатынастарды, ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді дамыту мен қорғауды реттейді, ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік органдардың құзыретін, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттандыру - ақпараттық технологияларды жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қажеттіктерін қанағаттандыру мақсатында пайдалану негізінде ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған ұйымдық, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс;
2) ақпараттық ресурстар - ақпараттық жүйелерде бар, тиісті бағдарламалық қамтамасыз етумен біріктірілген және ақпаратты пайдаланушылардың мүдделілігін туғызатын электрондық жүйелендірілген ақпарат (ақпараттық деректер базалары);
3) уәкілетті орган - ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
4) ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператор - мемлекет бірден-бір қатысушысы болып табылатын, мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуді және оларды қалыптастыруды, дамытуды және сүйемелдеуді ұйымдық-техникалық жағынан қолдауды жүзеге асыратын ұйым;
5) ақпараттық жүйе - ақпараттық процестерді іске асыруға арналған ақпараттық технологиялардың, ақпараттық желілердің және оларды бағдарламалық-техникалық жағынан қамтамасыз ету құралдарының жиынтығы;
6) ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді қорғау - ақпаратты алу, көшірмесін түсіру, тарату, бұрмалау, жою немесе оған тосқауыл қою жөніндегі заңсыз іс-әрекетті қоса алғанда, ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізуді болғызбауға бағытталған құқықтық, экономикалық және ұйымдық-техникалық іс-шаралар кешені;
7) ақпараттық процестер - ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ақпаратты жасау, жинау, өңдеу, жинақтау, сақтау, іздеу, беру, пайдалану және тарату процестері;
8) ақпараттық қызметтер көрсету - пайдаланушыларға олардың сұратуы бойынша немесе тараптардың келісімі бойынша ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді беру жөніндегі қызмет;
9) ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және ақпараттық қызметтер көрсетуді пайдаланушы - ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен немесе тараптардың келісімі бойынша пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган немесе ұйым;
10) ақпараттық жүйелерді иеленуші - ақпараттық жүйелерге меншік құқығын және (немесе) өзге де құқықтарды иеленетін жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган немесе ұйым;
11) ақпараттық ресурстарды иеленуші - ақпараттық ресурстарға меншік құқығын және (немесе) өзге де құқықтарды иеленетін жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган немесе ұйым;
12) жасырын мәліметтер - мемлекеттік құпияларды құрамайтын, Қазақстан Республикасының заңдарына немесе тараптардың келісіміне сәйкес қол жеткізу шектелген ақпарат;
13) құжатталған ақпарат - материалдық жеткізушіде өзін бірдейлендіруге мүмкіндік беретін реквизиттермен қоса тіркелген ақпарат.
2-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдары
Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және пайдалану кезінде, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттандыру саласындағы құқықтарын қорғау кезінде туындайтын қатынастарды реттейді.
2. Осы Заң мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес ақпараттық ресурстардағы ақпараттың кез келген ақпарат жеткізушілерде және кез келген нысанда болуына байланысты қатынастарды реттемейді.
2-тарау. Ақпараттандыру саласындағы
мемлекеттік реттеу
4-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен принциптері
1. Қазақстан Республикасының ақпараттық инфрақұрылымын ақпараттық технологиялар дамуының қазіргі заманғы әлемдік деңгейін ескере отырып қалыптастыру мен дамыту, сондай-ақ елдің әлеуметтік және экономикалық дамуын ақпараттық қамтамасыз ету ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары болып табылады.
2. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай принциптерге негізделген:
1) ақпараттық қызметтер көрсету рыногының еркін дамуы;
2) ақпараттандыру саласындағы ұлттық қауіпсіздік мүдделерін, жасырын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ету;
3) жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдарды сапалы және тиімді ақпараттық қамтамасыз ету;
4) ақпараттық ресурстарды еркін және тең құқылы алу, тарату және пайдалану жағдайларын жасау.
5-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары
Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік реттеу:
1) ақпараттық қызметтер көрсету рыногын қалыптастыру үшін жағдайлар қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдарын әзірлеуге және жетілдіруге;
3) мемлекеттік ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, ақпараттық желілерді қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан Республикасының біртұтас ақпараттық кеңістігінде олардың сыйысымдылығын және өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге;
4) мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеуді жүзеге асыруға;
5) электрондық құжат айналымы жүйесін дамыту, электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану үшін жағдайлар жасауға;
6) ақпараттандыру саласындағы бірыңғай ғылыми-техникалық саясатты ақпараттық технологиялар дамуының әлемдік деңгейін ескере отырып қалыптастыруға және жүзеге асыруға;
7) мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді қорғауды ұйымдастыруға бағытталған.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ақпараттандыру саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) ақпараттандыру саласындағы бағдарламаларды әзірлеуді және орындауды ұйымдастырады;
3) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
4) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
5) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның функцияларын айқындайды;
6) ақпараттандыру саласындағы ұлттық операторды және оның өкілеттігін айқындайды;
7) мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеу ережелерін белгілейді;
8) ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімін жүргізу ережелерін белгілейді;
9) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
7-бап. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асырады;
2) ақпараттық қызметтер көрсету рыногының жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасауды өз құзыреті шегінде қамтамасыз етеді;
3) өз құзыреті шегінде ақпараттандыру туралы нормативтік құқықтық актілер әзірлейді және қабылдайды;
4) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ақпараттандыру мәселелері бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
5) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
6) ақпараттандыру саласындағы бағдарламаларды әзірлейді;
7) мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркейді;
8) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше оқиғалар, террористік актілер кезінде ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқаруды жүзеге асырады;
9) ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімін жүргізеді;
10) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8-бап. Ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператордың функциялары
Ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператор:
1) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылын, олардың әлемдік ақпараттық жүйелер мен ақпараттық ресурстарға интеграциялануын қамтамасыз етеді;
2) ведомствоаралық мемлекеттік ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуді және пайдалануды жүзеге асырады;
3) жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қажеттіктерін қанағаттандыру мақсатында олардың жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі үшін техникалық жағдайларды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
4) ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тіркелімін жүргізуді техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
3-тарау. Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру
және пайдалану тәртібі
9-бап. Ақпараттық ресурстардың түрлері
1. Ақпараттық ресурстар мемлекеттік және мемлекеттік емес болуы мүмкін.
2. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарға мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен құрылатын (қолдау көрсетілетін), Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен есепке алынуға және қорғалуға тиіс ақпараттық ресурстары жатады.
3. Мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарға жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық ресурстары жатады.
10-бап. Ақпараттық ресурстарға меншік құқығы мен өзге де құқықтар
1. Ақпараттық ресурстарға меншік құқығы мен өзге де құқықтардың туындауы және тоқтатылуы үшін негіздер Қазақстан Республикасының заң актілерімен реттеледі.
2. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарды иеленушілер болып табылады.
3. Ақпараттық ресурстар бір мезгілде бірнеше иеленушіге тиесілі болуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ақпараттық ресурстар тауар болуы мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарды иеленушілердің оларға өз қалауы бойынша иелік етуге құқығы жоқ.
11-бап. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және пайдалану
1. Мемлекеттік ақпараттық ресурстар жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық қажеттіктерін қамтамасыз ету мақсатында қалыптастырылады.
Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдар қалыптастырады, олар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен олардың пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды жаңартуды (актуалдандыруды) мемлекеттік органдар мен ұйымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз құзыреті шегінде мемлекеттік ақпараттық ресурстарды жинауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, жеке және заңды тұлғалар құжатталған ақпарат пен электрондық құжаттарды мемлекеттік органдарға береді.
4. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшін міндетті түрде берілетін құжатталған ақпарат және электрондық құжаттар түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
12-бап. Жалпыға бірдей қолжетімді ақпараты және қол жеткізу шектелген ақпараты бар мемлекеттік ақпараттық ресурстар
1. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарда жалпыға бірдей қолжетімді ақпарат пен қол жеткізу шектелген ақпарат болады.
Қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шектелмеген ақпарат жалпыға бірдей қолжетімді ақпарат болып табылады.
Мемлекеттік құпиялар, коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпия, сондай-ақ қол жеткізуге пайдаланушылардың шектеулі тобы ие болатын, не қол жеткізу пайдаланушылардың жекелеген санаттары үшін шектелген басқа да ақпарат қол жеткізу шектелген ақпарат болып табылады.
2. Ақпаратты қол жеткізу санаттарына жатқызу тәртібін, жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты сақтау және пайдалану жағдайларын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпараттық ресурстарды иеленушілер белгілейді.
3. Ақпаратты қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызу тәртібі, мұндай ақпаратты сақтау және пайдалану жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
13-бап. Мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және пайдалану
1. Мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарды жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өз қаражаты есебінен қалыптастырады, сатып алады (береді).
2. Мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарды жеке және заңды тұлғалар өз бетімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін тәртіппен шарттық негізде пайдаланады.
14-бап. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарға қол жеткізу
1. Жеке және заңды тұлғалардың жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурстарға еркін қол жеткізуге құқығы бар.
Қол жеткізу шектелген мемлекеттік ақпараттық ресурстарға қол жеткізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
2. Мемлекеттік құпиялары жоқ мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарға қол жеткізу тәртібін ақпараттық ресурстарды иеленушілер осы Заңға қайшы келмейтін тәртіппен айқындайды.
15-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өздері туралы мәліметтер бар ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі
1. Жеке және заңды тұлғалардың өздері туралы мәліметтер бар ақпараттық ресурстарға еркін қол жеткізуге, сондай-ақ бұл ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында оны нақтылауға құқығы бар.
2. Мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері, олардың қауіпсіздігі мәселелері және оларға тікелей қатысты немесе қоғамдық мүддені білдіретін басқа да мәселелер жөніндегі ақпараты бар ақпараттық ресурстарға пайдаланушылардың қол жеткізуін өз құзыреті шегінде қамтамасыз етеді.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған ақпараттық ресурстарға жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізуін шектеуге Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негіздер бойынша жол беріледі.
4. Жеке және заңды тұлғалар туралы құпия мәліметтер бар ақпараттық ресурстарды оларға мүліктік және моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен бостандықтарын іске асыруын шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
4-тарау. Ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және
пайдалану тәртібі
16-бап. Желіаралық қосу
1. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді иеленушілер Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін әр түрлі ақпараттық жүйелердің арасында деректер алмасу мен беруді ұйымдастыру үшін өзара желіаралық қосу мүмкіндігін деректерді берудің стандартты хаттамаларын пайдалану негізінде қамтамасыз ете алады.
2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен желіаралық қосуды қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
17-бап. Ақпараттық жүйелердің түрлері
1. Ақпараттық жүйелер мемлекеттік және мемлекеттік емес болуы мүмкін.
2. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерге мемлекеттік органдар немесе ұйымдар иеленушілері болып табылатын ақпараттық жүйелер жатады.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелер мемлекеттік мүліктің құрамына кіреді.
3. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге жеке немесе заңды тұлғалар иеленушілері болып табылатын ақпараттық жүйелер жатады.
18-бап. Ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және пайдалану
1. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді мемлекеттік органдар мен ұйымдар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қалыптастырады және пайдаланады.
2. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін тәртіппен өз қаражаты есебінен қалыптастырады және пайдаланады.
19-бап. Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру тәртібі
Мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жедел-іздестіру қызметі Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Ақпараттық ресурстарды,
ақпараттық жүйелерді қорғау
20-бап. Ақпараттық ресурстарды және ақпараттық жүйелерді қорғаудың мақсаттары
1. Ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелер техникалық қорғау құралдарымен:
1) тұлғаның, мемлекеттің және қоғамның ақпараттық қауіпсіздігі;
2) ақпараттық ресурстардың сыртқа кетуін, ұрлануын, жоғалуын, бұрмалануын, қолдан жасалуын, оларға рұқсатсыз қол жеткізуді, пайдалануды және таратуды, зиян, залал келтіруді болғызбау;
3) ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізуді болғызбау;
4) ақпараттық ресурстарда бар, жеке және заңды тұлғалар туралы мәліметтердің құпиялылығын сақтау;
5) қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шектелген мәліметтерді таратпау мақсаттарында;
6) және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мақсаттарда қамтамасыз етіледі.
2. Ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді қорғауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ бұл талаптардың сақталуын бақылау тәртібін мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған құзыреті шегінде белгілейді.
21-бап. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарды қорғау режимі
1. Заңсыз қолданылуы иеленушіге, пайдаланушыға немесе ақпараттық процестерге қатысатын өзге де тұлғаға залал келтіруі мүмкін мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық ресурстар қорғалуға тиіс.
2. Мемлекеттік емес ақпараттық ресурстарды қорғау режимін ақпараттық ресурстарды иеленуші белгілейді.
3. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қорғау режимін және оның сақталуын бақылауды тиісті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыратын және (немесе) пайдаланатын мемлекеттік органдар мен ұйымдар, жеке және заңды тұлғалар қол жеткізу шектелген ақпараты бар ақпараттық ресурстарды қорғауды қамтамасыз етеді.
22-бап. Қорғау құралдары жоқ ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді пайдалану
Егер ақпараттық қызметтер көрсету туралы келісімде өзгеше көзделмесе, қорғау құралдары жоқ және белгіленген талаптарға сәйкестігі расталмаған ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді пайдалануға байланысты тәуекелді пайдаланушы мойнына алады.
23-бап. Сертификаттау
1. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер, сондай-ақ оларды қорғау құралдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сертификатталған жабдықтар және бағдарламалық қамтамасыз ету қолданыла отырып қалыптастырылады және пайдаланылады.
2. Қол жеткізу шектелген ақпараты бар және оны өңдейтін мемлекеттік ақпараттық жүйелер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес міндетті түрде сертификатталуға тиіс.
6-тарау. Қорытынды ережелер
24-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдарының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2003 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының