3. Су объектiлерiне мемлекеттік меншiк құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалардың iс-әрекеттерiнiң күшi болмайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
9-бап. Қазақстан Республикасы су заңдарының принциптерi
Қазақстан Республикасының су заңдары мынадай принциптерге негiзделедi:
1) халықтың өмiрi мен қызметiнiң негiзi болып табылатын сулардың мемлекеттік маңызын мойындау;
2) халықты ауыз судың қажеттi мөлшерiмен және кепiлдi сапасымен бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
3) халықтың суға әдiл және теңдей қол жеткізуi;
4) су алуды азайтуға және судың зиянды әсерiн кемiтуге мүмкiндiк беретiн қазiргi заманғы технологияларды игерiп, кешендi және ұтымды су пайдалану;
5) су объектiлерiн оларды қорғаумен қоса кешендi пайдалану;
6) арнайы су пайдаланудың ақылылығы;
7) Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзудан келтiрiлген залалды өтеу;
8) Қазақстан Республикасының cу заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершiлiктiң бұлтартпастығы;
9) су қорын пайдалану мен қорғау жөніндегі мiндеттердi шешудегi жариялылық және оларға жұртшылықты тарту;
10) Қазақстан Республикасы су қорының жай-күйi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;
11) халықаралық нормалар мен Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың негiзiнде трансшекаралық суларды пайдалану.
10-бап. Қазақстан Республикасының су және өзге де заңдарымен реттелетiн Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қатынастар
1. Қазақстан Республикасының су заңдары су қорын пайдалану мен қорғау, су қорын және су шаруашылығы құрылыстарын басқару саласындағы қатынастарды және өзге де су қатынастарын реттейдi.
2. Су объектiлерiн пайдалану мен қорғау кезiнде туындайтын жерге, орманға, өсiмдiк пен жануарлар дүниесiне қатысты қатынастар арнайы заңдармен және осы Кодекспен реттеледi.
3. Су объектiлерiнiң экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мен табиғи су экологиялық жүйелерiне шаруашылық және өзге де қызметтiң зиянды әсерiн болғызбау кезiнде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдарымен, сондай-ақ осы Кодекспен реттеледi.
4. Жep қойнауын геологиялық зерттеу, барлау және кешендi игеру, жер асты сулары мен жер асты құрылыстарын судың зиянды әсерiнен қорғау саласында туындайтын қатынастар жер қойнауы режимiне бағындырылады және, осы Кодекстiң 66-бабының 5 және 6-тармақтарын қоспағанда, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы Қазақстан Республикасының тиiстi заңдарымен реттеледi.
5. Су объектiлеріндегі табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы заңдарымен реттеледi.
6. Кеме қатынасы мен теңiзде жүзу саласында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының су көлiгi саласындағы заңдарымен реттеледi.
7. Теңiз суларын пайдалану саласындағы қатынастар осы Кодекспен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
8. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғауға байланысты қатынастар осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
2-тарау. Су қатынастары объектілері
11-бап. Су қатынастары объектiлерi
1. Су объектiлерi, су шаруашылығы құрылыстары және су қорының жерлерi су қатынастарының объектiлерi болып табылады.
2. Су объектiлерi:
1) жер үстi су объектiлерi;
2) жер асты су объектiлерi;
3) Қазақстан Республикасының теңiз сулары;
4) трансшекаралық сулар болып бөлiнедi.
3. Пайдалану түрлерiне қарай су объектiлерi:
1) ортақ пайдаланудағы су объектiлерi;
2) бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi;
3) оқшау пайдаланудағы су объектiлерi;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi;
5) ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi болып бөлiнедi.
12-бап. Жер үстi су объектiлерi
1. Жер үстi су объектiлерi:
1) су айдындары - өзендер және соларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа iшкi су айдындары, аумақтық сулар;
2) мұздықтар, батпақтар болып бөлiнедi.
2. Жер үстi су объектiлерi жер үстi суларынан, олардың түбiнен және жағалауынан тұрады.
13-бап. Жер асты су объектiлерi
Жер асты су объектiлерiне мыналар жатады:
1) су тұтқыш аймақтар, тау-кен жыныстарының жиектерi мен кешендерi;
2) жер асты суларының бассейнi;
3) жер асты сулары орындары мен учаскелерi;
4) жер асты суларының құрлықта немесе су астынан табиғи шығуы;
5) жер қойнауының суландырылған учаскелерi.
14-бап. Теңiз сулары
1. Қазақстан Республикасының теңiз суларына, егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы шегіндегі Каспий және Арал теңiздерiнiң сулары жатады.
2. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
15-бап. Трансшекаралық сулар
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын белгiлейтiн және (немесе) қиып өтетiн жер үстi және жер асты сулары трансшекаралық сулар болып табылады.
2. Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау тәртібі осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен белгiленедi.
16-бап. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерi
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, барлық су объектiлерi ортақ пайдаланудағы объектiлер болып табылады.
2. Су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн пайдалануды шектеуге жол берiледi.
17-бап. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектілерi
1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара бiрлесiп пайдалануға берiлген су объектiлерi бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
2. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланған кезде ағын судың төменгi жағында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi бiрiншi кезекте қанағаттандырылады.
3. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланатын су пайдаланушылар өзара мүдделерді ескеруге, су пайдалану құқығын жүзеге асыруды қиындатпауға және бiр-бiрiне зиян келтiрмеуге мiндеттi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
4. Бiрлесiп пайдалану үшiн су объектiлерiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келісім бойынша бередi.
5. Бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiнде ортақ су пайдалану осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
18-бап. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi
1. Жеке немесе заңды тұлғаларға толық немесе iшiнара оқшау пайдалануға берiлген су объектiлерi оқшау пайдаланудағы су объектiлерi болып табылады.
2. Оқшау пайдаланудағы су объектiлерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен ортақ пайдаланудағы су объектiлерi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
19-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектiлерi
Ерекше қорғалатын су объектiлерiн құру тәртібі, қорғау және пайдалану режимi, сондай-ақ оларда қызмет ету жағдайлары Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарымен белгiленедi.
20-бап. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi
1. Қоршаған орта мен аймақ экономикасына басым ықпал ететiн және шаруашылық қызметтi реттеудiң ерекше құқықтық режимiн талап ететiн жаратылысы табиғи су объектiлерi ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерi деп танылады.
2. Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектiлерiнiң тiзбесiн және олардағы шаруашылық қызметтi реттеудiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
21-бап. Су объектiлерiнiң және су қоры жерлерiнiң айналымдық қабiлетi
Осы Кодекстiң 7-бабының 2-тармағында аталған жерлердi қоспағанда, су объектiлерiнiң, су қоры жерлерiнiң айналымына, сондай-ақ олар орналасқан су объектiлерi мен жерлердiң иелiктен шығарылуына әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болатын сатып алуға, сатуға, кепiлге беруге және басқа да мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.
2-Бөлім. Су объектілерін пайдалану құқығы.
Су шаруашылығы құрылыстарына меншік құқығы және
өзге де құқықтар
3-тарау. Су объектілерін пайдалану құқығы
22-бап. Су объектiлерiн пайдалану құқығы
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Жеке және заңды тұлғаларға cу объектiлерiн пайдалану құқығын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім бойынша табыстайды.
2. Жеке және заңды тұлғаларға су объектiлерi:
1) қысқа мерзiмдi пайдалану;
2) ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығымен табысталады.
3. Қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылға дейiнгi мерзiмге, ұзақ мерзiмдi пайдалану құқығы бес жылдан қырық тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге табысталады.
4. Су объектiлерi пайдалануына берiлген жеке және заңды тұлғалар су объектiлерiн пайдалану құқығына билiк ете алмайды.
23-бап. Су сервитуты
1. Су объектiлерiне су сервитуты қауымдық және жеке су сервитуттары нысандарында болады.
2. Ортақ пайдаланудағы су объектiлерiн әркiм пайдалана алады, бұл жағдайда қауымдық су сервитуты су объектiсiн пайдалану құқығының ажырамас бөлiгi болып табылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
3. Ортақ пайдаланудағы су объектiсi болып табылмайтын су объектiсiне қауымдық су сервитуты Қазақстан Республикасы заңдарының, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы актiсiнiң немесе оны пайдалануға алған жеке немесе заңды тұлғалардың су объектісiн пайдалану тәртібін жариялауы негiзiнде туындауы мүмкiн.
4. Су объектiсiн ұзақ мерзiмдi немесе қысқа мерзiмдi пайдалану құқығы өзге де мүдделi тұлғалардың пайдасына (жеке су сервитуты) шектелуi мүмкiн.
5. Жеке су сервитуты қауымдық су сервитуты сияқты негіздерде белгiленедi, сондай-ақ сот шешiмiнiң негiзiнде де белгiленуi мүмкiн.
6. Қауымдық және жеке су сервитуттары:
1) құрылыстарды, техникалық құралдар мен құрылғыларды қолданбай су алу;
2) суат және мал айдау;
3) су объектiлерiн сал, қайық және басқа да шағын көлемдi кемелер үшiн су жолдары ретiнде пайдалану мақсаттарында белгiленуi мүмкiн.
7. Су сервитуттарын жүзеге асыру үшiн арнайы су пайдалануға лицензия және рұқсат алу талап етiлмейдi.
4-тарау. Су шаруашылығы құрылыстарына меншік
құқығы және өзге де құқықтар
24-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына меншiк құқығы
1. Су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік не жеке меншiкте болуы мүмкiн.
2. Жеке меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға, иемденуге және оларға билiк етуге байланысты қатынастар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледi.
25-бап. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары
1. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік меншiкте болады және жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлмейдi және жекешелендiруге жатпайды.
2. Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
26-бап. Республикалық меншiктегі су шаруашылығы құрылыстары
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік су шаруашылығы ұйымдарына бекітілiп берiледi.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарының тiзбесiн су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және қорғау жөніндегі уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалға, сенiмгерлiк басқаруға берiлуi және жекешелендiрiлуi мүмкiн.
27-бап. Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары
Коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік коммуналдық кәсiпорындарға бекітілiп берiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарынан басқалары, жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi мүмкiн.
28-бап. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерiне меншiк құқығы
1. Ауыз сумен жабдықтау жүйелерi республикалық, коммуналдық меншiкте, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
2. Республикалық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттік ұйымдар жүзеге асырады.
Коммуналдық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн пайдалануды мемлекеттік және өзге де ұйымдар жүзеге асырады.
3. Ауыз сумен жабдықтаудың жекелеген жүйелерi тұрғын үй кондоминиумдарының құрамына кiруi мүмкiн.
29-бап. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары
1. Ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары мемлекеттік немесе жеке меншiкте болуы мүмкiн.
2. Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы су пайдаланушыларына қызмет көрсетуге арналған су шаруашылығы құрылыстары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша осы құрылыстарға қызмет көрсететiн су пайдаланушыларға немесе олардың бiрлестiктерiне жалға, сенiмгерлiк басқаруға, өтеусiз пайдалануға берiлуi, сондай-ақ сатылуы немесе өтеусiз берiлуi мүмкiн.
30-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын уақытша мемлекеттік басқару
1. Ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда және республиканың немесе аймақтың экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар жекелеген су шаруашылығы құрылыстарының тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік мүлiктi басқару жөніндегі уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша осы құрылыстарға қатысты уақытша мемлекеттік басқаруды енгізуi мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған су шаруашылығы құрылыстарын уақытша мемлекеттік басқаруды енгізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
31-бап. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды және олармен мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу
1. Су шаруашылығы құрылыстарына және олармен жасалатын мәмiлелерге құқықтар Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлiкке және олармен жасалатын мәмілелерге құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы заңдарына сәйкес мiндеттi түрде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
2. Су шаруашылығы құрылыстарына құқықтарды мемлекеттік тiркеу құрылысқа су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы паспорты болған жағдайда жүргiзiледi.
32-бап. Су шаруашылығы құрылыстарын меншiктенушiлердiң жауапкершiлiгi
1. Су шаруашылығы құрылыстарын меншiктенушiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың техникалық жай-күйiнiң қауiпсiздiгi үшiн жауапты болады.
2. Су шаруашылығы құрылыстарының қауiпсiздiгiн меншiктенушiлердiң қамтамасыз етуiн қадағалауды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, төтенше жағдайлар және өнеркәсiп қауiпсiздiгi жөнiндегі уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
3-Бөлім. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы мемлекеттік реттеу
5-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау
саласындағы мемлекеттік басқару
33-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқару
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
1. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметі, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретi шегiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары жүзеге асырады.
2. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы басқару құрылымы кешендiлiгi мен қоса бағыныстылығы ескерiле отырып, мынадай деңгейлерге бөлiнедi:
1) мемлекетаралық;
2) мемлекеттік;
3) бассейндiк;
4) аумақтық.
3. Мемлекеттік органдар су қорын ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі шаралар бағдарламасын әзiрлеуге және жүзеге асыруға азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердi тартуы мүмкiн.
34-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың негiзгi принциптерi
Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқару:
1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау;
2) тұрақты су пайдалану - суды ұқыпты, ұтымды және кешендi пайдалану мен қорғауды ұштастыру;
3) су пайдаланудың оңтайлы жағдайларын жасау, қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн сақтау;
4) бассейндiк басқару;
5) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау мен басқару функцияларын және су ресурстарын шаруашылық пайдалану функцияларын бөлу принциптерiне негiзделедi.
35-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың негiзгi мiндеттерi
Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың негiзгi мiндеттерi:
1) экономика салаларын сумен қамтамасыз етудi талдау және бағалау, кемшiлiктердi анықтау және оларды жою жөніндегі шараларды айқындау;
2) су ресурстарының қолда бар көлемiн, олардың сапасын және оларды пайдалану құқықтарының болуын айқындау;
3) су тұтыну, су беру және су қорғау технологияларын жетiлдiрудiң негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
4) қолда бар су ресурстарының көлемiн ұлғайту және су тапшылығын жабу үшiн оларды ұтымды қайта бөлу жөніндегі iс-шаралардың болжамы және оларды ұйымдастыру;
5) жылдың сулылығына қарай суға қажеттiлiктi қанағаттандыру басымдығы бойынша су ресурстарын бөлiп су пайдалану құрылымын белгiлеу;
6) ғылыми негiзделген нормативтер негiзiнде су пайдалану мен қайтарымды суларды ағызуды лимиттеу;
7) экологиялық талаптар мен шектеулердi жоспарлау және сақтау;
8) су объектiлерiнiң сандық және сапалық жай-күйi мен су пайдалану режимiн бақылау;
9) мемлекеттік меншiктегi су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын тиiмдi басқару;
10) су шаруашылығы қызметтерiн көрсету рыногын дамыту;
11) трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласында шекаралас мемлекеттермен бiрлесiп басқару.
6-тарау. Мемлекеттік органдардың су қорын пайдалану мен
қорғауды басқару саласындағы құзыреті
36-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Yкіметі:
1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) республикалық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын басқаруды ұйымдастырады;
3) суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттік есепке алуды, мемлекеттік су кадастры мен су объектiлерiнiң мемлекеттік мониторингiн жүргiзу тәртібін белгiлейдi;
4) сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйесiнiң тiзбесiн бекiтедi;
5) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне су беру және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйелерiнен ауыз су беру жөніндегі қызметтер құнын субсидиялау тәртібін бекiтедi;
6) су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн бекiтедi;
7) су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы баланстарын әзiрлеу мен бекіту тәртібін белгiлейдi;
8) су шаруашылығы құрылыстарын жалға және сенiмгерлiк басқаруға беру тәртібін белгiлейдi;
9) судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды келiсу, орналастыру және пайдалануға беру тәртібін, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс және басқа да жұмыстар жүргiзу шарттарын белгiлейдi;
10) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
11) республика облыстарының арасындағы су қатынастарын реттеу ережелерiн бекiтедi;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.
13) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
37-бап. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi
1. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
2) экономиканың су секторының даму бағдарламаларын әзiрлейдi;
3) негiзгi өзендердiң бассейндерi мен тұтас алғанда республика бойынша басқа да су объектiлерi бойынша су ресурстарын кешендi пайдалану және қорғау схемаларын әзiрлейдi;
4) экономика салаларында су тұтынудың үлестiк нормаларын келiседi;
5) ортақ су пайдаланудың үлгi ережелерiн бекiтедi;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнайы су пайдалану жөніндегі қызметтiң түрлерiне лицензия немесе рұқсат берудi, олардың күшiн тоқтата тұруды жүзеге асырады;
ҚР 2006.10.01 № 116-III Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2006.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
7) бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейiнде су пайдалану лимиттерiн бекiтедi;
8) ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне су беру және ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық сумен жабдықтау жүйесiнен ауыз су беру жөніндегі қызметтер құнын субсидиялау тәртібін әзiрлейдi;
9) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
10) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
11) суды және оның пайдаланылуын мемлекеттік есепке алуды, мемлекеттік су кадастры мен су объектiлерiнiң мемлекеттік мониторингiн жүргiзудi жүзеге асырады;
12) су объектiлерi деректерiнiң ақпараттық базасын құрады және оған барлық мүдделi адамдардың қол жеткізуiн қамтамасыз етедi;
13) су объектiлерiн пайдалану және республикалық меншiктегi ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң режимiн, сондай-ақ тiкелей су объектiлерiнде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану ережелерiн бекiтедi;
14) су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы жобалау, iзденiс, ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстарды ұйымдастырады;
15) су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға қабылдау-беру жөніндегі жұмысқа қатысады, су шаруашылығы құрылыстарының және су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн құрылыс, түбiн тереңдету және өзге де жұмыстарды жүргiзу жобаларын келiседi;
16) республикалық меншiктегi су объектiлерiн, су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануды ұйымдастырады;
17) Қазақстан Республикасының су заңдары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды;
18) су шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды дайындайды және iске асырады;
19) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
20) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын әзiрлеуге қатысады;
21) су қатынастарын реттеу, трансшекаралық су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шектес мемлекеттермен ынтымақтастық жасауды жүзеге асырады;
22) су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу ережелерiн әзiрлейдi;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 23) тармақша жаңа редакцияда (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
23) су шаруашылығы баланстарын әзiрлейдi;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 24) тармақшамен толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
24) мамандандырылған мемлекеттік мекемелердiң суармалы жерлердiң мониторингi мен мелиоративтiк жай-күйiн бағалауды жүргiзуiн ұйымдастырады.
2. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмдерi барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 38-бап өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
38-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы құзыретi
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
1) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен үлгi ережелердiң негiзiнде аймақтық жағдайлардың ерекшелiктерiн ескере отырып, ортақ су пайдалану ережелерiн белгiлейдi;
2) 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
3) су объектiлерiн ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі аймақтық бағдарламаларды бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;