4. Аталған аумақтарда ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөніндегі iс-шаралар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық және облыстық бағдарламаларда және басқа да арнаулы бағдарламаларда көзделедi.
5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi алып қою мен қорғау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
18-тарау. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау
144-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi
Мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады.
145-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлетті орган және оның аумақтық органдары, сондай-ақ өз құзыретiнiң шегiнде өзге де уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
146-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары;
3) жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жатады.
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауға жетекшiлiктi Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы жүзеге асырады.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып табылады.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдардың басшылары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары болып табылады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы бар құжаттардың бланкiлерi болады.
Жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларға және мемлекеттік инспекторларға белгiленген тәртiппен мөр мен куәлiк берiледi.
3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның өз құзыретi шегіндегі нұсқаулары барлық мемлекеттік органдар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн міндетті.
147-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның функциялары
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган:
1) мемлекеттік органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңдарын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;
2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;
4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;
5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттік органдарға уақтылы беруiне;
6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;
7) жердi жақсарту жөніндегі, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарларын болдырмау мен жою жөніндегі iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;
8) азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы арыздарын (өтiнiштерiн) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуына;
9) межелiк белгiлердiң сақталуына;
10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;
11) бүлiнген жердiң жаңғыртылуына;
12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;
13) жердi пайдалану мен қорғау жөніндегі жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына;
14) жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
2. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органның функцияларына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мәселелер кiредi.
148-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар лауазымды адамдарының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) кiнәлiлердi жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзылуы туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актiлер) жасауға;
3) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жазалау туралы қаулылар шығаруға;
4) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзу салдарынан келтiрiлген шығынды өтеу туралы iстер бойынша, жер учаскелерiн алып қою және беруге байланысты заңсыз шешiмдердi жою мәселелерi бойынша, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан айыппұл өндiрiп алу туралы iстер бойынша сот органдарына жүгiнуге;
5) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
8) мемлекеттік органдардан белгiленген тәртiппен бекітілген, жер қорының жай-күйi туралы статистикалық есептi алуға;
9) жерге құқықты куәландыратын құжаттар болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
2) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективтi түрде дайындауға мiндеттi.
3. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (шешiмдерiне) және әрекеттiң жасалуына (шешiмдердiң қабылдануына) негiз болған ақпаратқа жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым берiледi.
4. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыруға кедергi жасайтын лауазымды және жеке тұлғалар, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш жұмсау қаупін төндіретiн немесе күш жұмсау әрекеттерiн қолданатын лауазымды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
19-тарау. Жерге орналастыру, мемлекеттік жер кадастры
және жер мониторингі
149-бап. Жерге орналастырудың мақсаты мен мазмұны
1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі iс-шаралар жүйесi болып табылады.
2. Жерге орналастыру меншiк нысанына тиесiлiлiгiне және оларда шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерде жүргiзiледi.
Жерге орналастыру жөніндегі жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде белгiленген, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қаралған және бекітілген жердiң нысаналы мақсаты, жердi пайдалану мен оны қорғау режимi, шектеулер мен ауыртпалықтар, жер учаскелерiнiң шекарасы, жердiң сапасы мен мөлшерi туралы деректер және басқа да деректер жер құқығы қатынастары субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Жерге орналастыру:
1) ландшафтық-экологиялық көзқарас негiзiнде жерге орналастырудың, жердi аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемаларын (жобаларын) және жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзiрлеудi;
2) қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтiру жөніндегі шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, белгiлi бiр жерде жер учаскелерiн бөлiп беру мен шекарасын белгiлеудi, жер учаскесiне меншiк құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар жасауды;
3) белгiлi бiр жерде елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) анықтау мен белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасауды;
4) белгiлi бiр жерде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше шарттары бар басқа да жер учаскелерiнiң шекарасын белгiлеудi;
5) жерге орналастыру, бүлiнген жердi жаңғырту мен жаңа жердi игеру жобаларын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзiрлеудi;
6) жердi түгендеу iсiн жүргiзудi, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырған жердi анықтауды;
7) топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық және басқа да зерттеу мен iздестiру жұмыстарын жүргiзудi;
8) жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының тақырыптық карталары мен атластарын жасауды қамтиды және қамтамасыз етедi.
150-бап. Жерге орналастыруды жүргiзу
1. Жерге орналастыру атқарушы органдардың шешiмi бойынша не жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың өтiнiмi бойынша, сондай-ақ жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдардың бастамасы бойынша жүргiзiледi.
Жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың бастамасы бойынша жүргiзiлетiн жерге орналастыру олардың жер ресурстарын басқару жөніндегі тиiстi аумақтық органға беретiн өтiнiштерiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Жерге орналастыру жұмыстарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзуге белгiленген тәртiппен лицензия алған заңды тұлғалар мен азаматтар орындайды.
3. Жерге орналастыру жұмыстарын орындау тәртібі мен технологиясы жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi, олар жерге орналастыру жұмыстарын орындаушылардың барлығы үшiн мiндеттi.
4. Белгiленген тәртiппен келісілген жерге орналастыру құжаттамасын:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретiне сәйкес жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi;
2) шаруашылық iшіндегі жерге орналастыру жобаларын және жердi ұтымды пайдалануға, топырақтың құнарлылығын сақтау мен арттыруға байланысты олардың өз есебiнен әзiрленетiн және жүзеге асырылатын жобаларды - жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдармен келісім бойынша жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар, басқа да тапсырыс берушiлер;
3) жер учаскелерiнiң шекарасын қалыптастыруға, оларды белгiлi бiр жерде белгiлеуге, жер учаскесiнiң жоспарын дайындауға байланысты жерге орналастыру құжаттамасын, сондай-ақ жерге орналастыру жөніндегі, жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының арнайы тақырыптық карталарын жасау жөніндегі топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, топырақты зерттеу, агрохимиялық, геоботаникалық және басқа да зерттеу және iздестiру жұмыстарының материалдарын - жер ресурстарын басқару жөніндегі тиiстi аумақтық орган бекiтедi.
5. Жерге орналастыру құжаттамасына өзгерістер осы құжаттаманы бекiткен органның рұқсатымен ғана енгiзiледi.
6. Жерге орналастыру жобасын орындау: жобаны жер бетiне көшiрудi; жобаның барлық элементтерiн игерудi, жерге орналастыру материалдары мен құжаттарын ресiмдеудi және берудi қамтиды.
151-бап. Жерге орналастыру процесi
1. Жерге орналастыру процесi мынадай кезеңдердi қамтиды:
жерге орналастыру iсiн жүргiзудi бастау;
дайындық жұмыстары;
жерге орналастыру болжамдарын, схемаларын, бағдарламалары мен жобаларын әзiрлеу;
жерге орналастыру құжаттамасын қарау, келiсу және бекіту;
жерге орналастыру жобасын орындау.
2. Жерге орналастыруды жүргiзу бойынша тапсырыс берушi, жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi, жерге орналастыруды жүргiзу кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкiн үшiншi тұлғалар, сондай-ақ жерге орналастыру құжаттамасы келісілетiн және оны бекiтетiн мемлекеттік органдар мен басқа да тұлғалар жерге орналастыру процесiне қатысушылар болып табылады.
3. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың:
1) жерге орналастыруды жүргiзу жөніндегі тапсырыс берушiнiң:
жеке өзi немесе өкiлi арқылы жерге орналастыру процесiнiң барлық сатысында қатысуға;
жерге орналастыру iсiнiң материалдарымен танысуға;
өз ұсыныстарын қарауға енгізуге;
жерге орналастыру процесiнде туындаған келiспеушiлiктердi шешуге қатысуға құқығы бар;
2) әзiрлеушiнiң (жобалау және iздестiру жұмыстарымен айналысатын, сондай-ақ жерге орналастыру жобаларын орындауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның):
мемлекеттік органдардан жерге орналастыру жөнiнде қажеттi ақпарат алуға;
тапсырыс берушiлермен шарт жағдайларында қарым-қатынас орнатуға;
жерге орналастыру жобаларын жүзеге асыру барысына қандай да бiр ерекше рұқсатсыз бақылау жасауға, жергiлiктi атқарушы органдарды оның нәтижелерi туралы хабардар етуге және жердi пайдалану мен қорғау iс-тәжiрибесiн жақсарту жөнiнде ұсыныс енгізуге;
жерге орналастырудың ескiрген схемалары мен жобаларын жетiлдiру немесе қайта өңдеу жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар;
3) жерге орналастыру кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкін үшінші тұлғалардың:
жерге орналастыру мәселелерi талқыланғанда қатысуға және жерге орналастырудың барысы мен нәтижелерi туралы өз мүдделерiн көздейтiн ақпарат алуға;
жерге орналастыру процесiнде өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын заңсыз әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдануға құқығы бар.
4. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың мiндеттерi:
1) жерге орналастыру процесiнiң барлық қатысушылары:
Қазақстан Республикасының жер заңдарын сақтауға;
жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі құзыреттi мемлекеттік органдар талаптарын орындауға;
жерге орналастыру процесiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндетті;
2) жобалау құжаттамасы келісілетiн және оны бекiтетiн атқарушы органдар оны бiр ай iшiнде қарауға мiндеттi;
3) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiнде тапсырыс берушi:
жерге орналастыруды жүргiзу мақсатын, мiндеттерiн, мазмұнын, ерекше жағдайлары мен мерзiмдерiн анықтауға;
қажеттi материалдар мен құжаттарды беруге;
жұмысты қаржыландыруды ұйымдастыруға;
орындалған жұмыстарды бiр ай iшiнде қабылдауға немесе дәлелдi түрде бас тартуға мiндеттi;
4) жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi:
барлық жұмыстарды қолданыстағы нұсқаулықтар мен әдiстемелiк нұсқауларға, сондай-ақ шартқа сәйкес орындауға;
зерттеу, iздестiру және өзге де жұмыстар топырақтың құнарлы қабатын бүлдiре отырып жүргiзiлген жер учаскелерiнiң жай-күйiн бастапқы қалпына келтiруге;
жерге орналастыру құжаттамасында көзделген iс-шаралардың дұрыстығы, сапасы мен экологиялық қауiпсiздiгi үшiн жауап беруге мiндеттi.
152-бап. Мемлекеттік жер кадастры
1. Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып табылады. Мемлекеттік жер кадастрына жер учаскелерiне құқықты субъектiлер туралы ақпарат та енгiзiледi.
Жер кадастрының құрамдас бөлiгi суармалы жер учаскелерiнiң мелиорациялық жай-күйi, олардың табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары бойынша сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы мәлiметтер жүйесiн құрайтын суармалы жердiң мелиорациялық кадастры болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында жер кадастрын жүргiзудi ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасының мемлекеттік кадастрлар жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады және жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган өздерiне қатысты алғанда мемлекеттік басқару органы болып табылатын, мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсiпорындар Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында бiрыңғай жүйе бойынша жүргiзедi.
4. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерi мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады.
5. Мемлекеттік жер кадастры аэрофототопографиялық, фотограмметриялық, кадастрлық суретке түсiрудi, жобалау-iздестiру, картографиялық және бағалау жұмыстарын, топырақты зерттеу, геоботаникалық және басқа да зерттеулер мен iздестiрулер, жер мониторингiн, жердi мөлшерлiк және сапалық есепке алу және мемлекеттік жер кадастрын жүргiзуге байланысты басқа да жұмыстар атқару арқылы жүргiзiледi.
6. Мемлекеттік жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды жоспарлау кезiнде, жерге орналастыруды жүргiзу, шаруашылық қызметтi бағалау және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде, сондай-ақ жердiң бiрыңғай мемлекеттік тiзiлiмiн қалыптастыру, құқықтық және басқа да кадастрларды жүргiзу, жер үшiн төлем мөлшерiн айқындау, жылжымайтын мүлiк құрамындағы жер учаскелерiнiң құнын және табиғи ресурстар құрамындағы жердiң құнын есепке алу үшiн негiз болып табылады.
7. Мемлекеттік жер кадастрының деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекітілген жер учаскесi болып табылады.
8. Жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi мемлекеттік кадастрлық есепке алуға жатады.
153-бап. Мемлекеттік жер кадастрының мазмұны
Мемлекеттік жер кадастры мынадай жұмыс түрлерiн:
1) жер учаскесiнiң кадастрлық iсiн қалыптастыруды;
2) жердiң мөлшерi мен сапасын есепке алуды;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларды, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектiлерiн есепке алуды;
4) мемлекеттік тiркеу мақсаты үшiн жер учаскелерiн есепке алуды;
5) жердi мемлекеттік кадастрлық бағалау мен топырақты бағалауды;
6) жер учаскелерi мен олардың субъектiлерi туралы деректер банкiн, сондай-ақ басқа да жер-кадастрлық ақпаратты қағаз бетiнде және электрондық түрде жинақтауды, өңдеу мен жүргiзудi;
7) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн құру мен жүргiзуді;
8) жер-кадастр карталарын, оның iшiнде цифрлық карталарды дайындау мен жүргізуді;
9) жер-кадастр кiтабы мен бiрыңғай мемлекеттік жер тiзiлiмiн жүргiзудi;
10) жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындауды қамтиды.
154-бап. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу
1. Жер учаскелерiн және онда орналасқан жылжымайтын мүлiктi тiркеу мақсатында есепке алу меншiк құқығын және басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттік тiркеудi қамтамасыз ететiн қажеттi шарт болып табылады.
2. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу жұмыстарын жүргiзу тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
155-бап. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу
1. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу жер учаскелерiне кадастрлық нөмiрлер беру мақсатында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлудiң бiрлiгi есептiк кварталдар болып табылады.
2. Орналасқан жерiн анықтау (сәйкестендiру) мақсатында әрбiр жер учаскесiне кадастрлық нөмiрлер берiледi.
3. Кейiннен құқық кадастрында пайдаланылатын есептiк кварталдардың шекарасы мен кодтары сәулет және қала құрылысы органдарымен, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу органдарымен келісім бойынша жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдар айқындайды және тиiстi атқарушы органдар бекiтедi.
4. Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн түзу мақсатында облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берiлетiн кодтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
156-бап. Жер-кадастр құжаттамасы
1. Жер-кадастр құжаттамасы есепке алудың барлық деңгейлерiнде: базалық, мезгiл-мезгiл жаңартылатын және жыл сайын жасалатын құжаттаманы қамтиды.
2. Базалық жер-кадастр құжаттамасына:
1) жер-кадастр iстерi;
2) жер-кадастр кiтабы;
3) жердiң бiрыңғай мемлекеттік тiзiлiмi;
4) жер-кадастр карталары жатады.
3. Жер кадастр құжаттамасының құрылымын, құрамын, мазмұны мен нысандарын, сондай-ақ оны жүргiзу тәртібін жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
157-бап. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу тәртібі
1. Мемлекеттік жер кадастры қағазға түсiрiлiп жүргiзiледi және ақпаратты жинақтаудың, өңдеу мен сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
158-бап. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр ақпаратын пайдалану
1. Белгiлi бiр жер учаскесi туралы мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерi осы жер учаскесi есепке алынған орын бойынша үзiндi түрiнде берiледi.
2. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерiн құжаттау қағазға түсiрiлiп және электрондық тасығыштарда жүзеге асырылады. Қағазға жазылған мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында алшақтықтар болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, қағазға түсiрiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
3. Жер учаскелерi туралы кадастр мәлiметтерi жер-кадастр карталарымен (жоспарлармен) арақатынаста болады.
4. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерiн түзу топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру, түгендеу бойынша, топырақты зерттеу, геоботаникалық, бағалаушылық және өзге де зерттеулер мен iздестiрулер жүргiзумен қамтамасыз етiледi.
5. Мемлекеттік жер кадастрын жүргiзетiн мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсiпорындар мен лауазымды адамдар жер-кадастр құжаттамасына енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыстығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жер кадастрының мемлекеттік құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi. Жер кадастрының мәлiметтерiн мемлекеттік органдарға беру ақысыз негiзде осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
159-бап. Жер мониторингi
1. Жер мониторингi болып жатқан өзгерістердi уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрi дамуын болжау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiлетiн жер қорының сапалық және мөлшерлiк жай-күйiн базалық (бастапқы), жедел, мерзiмдi байқау жүйесiн бiлдiредi.
2. Жер мониторингi қоршаған табиғи ортаның жай-күйi мониторингiнiң құрамдас бөлiгi және сонымен бiр мезгiлде басқа да табиғи ортаға мониторинг жүргiзу үшiн база болып табылады.
Халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сәйкес Қазақстан Республикасы жердiң ғаламдық мониторингi бойынша жұмыстарға қатысуы мүмкiн.