Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
арасындағы «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алуы жағдайында
оның аумағында экология және табиғатты пайдалану жөніндегі
КЕЛІСІМ
(Байқоңыр қ. 2005 жылғы 2 маусым)
ҚР Үкіметінің 2005.13.12. № 1242 Қаулысымен бекітілді
2016 жылғы 27 ақпанда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімнің, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу шартының (бұдан әрі - Жалға алу шарты), 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің ережелерін негізге ала отырып,
«Байқоңыр» кешенін пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігін мойындай отырып, мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім Тараптардың «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алуы жағдайында экология және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимылының негізгі бағыттары мен шарттарын айқындайды.
2-бап
Қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты бөлігінде Жалға алу шартын іске асыру шеңберінде «Байқоңыр» кешенінің аумағында кәсіпорындар мен ұйымдар, әскери бөлімдер және басқа заңды тұлғалар қызметінің тәртібі Тараптар арасында жасалатын жеке хаттамамен белгіленеді.
3-бап
Осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Ресей Тарабының уәкілетті органы:
«Байқоңыр» кешенінің объектілерін пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті;
«Байқоңыр» кешені аумағында, оның ішінде зымыран-тасығыштардың бөлінетін бөлшектерінің құлау аудандарында экологиялық бақылау және экологиялық мониторинг қызметтерінің жұмыс істеуін;
«Байқоңыр» кешені аумағында, оның ішінде зымыран-тасығыштардың бөлінетін бөлшектерінің құлау аудандарында, өндірістік экологиялық бақылауды және экологиялық мониторингті жүргізуді;
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органына «Байқоңыр» кешені аумағында экологиялық мониторинг өткізудің жылдық жоспарларын жіберуді;
зымыран-тасығыштардың бөлінетін бөлшектерінің құлау аудандарын тазарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуді;
«Байқоңыр» кешенінің объектілері (объектілер топтары) үшін қоршаған ортаға ластаушы заттардың шекті жол берілетін шығарындыларының, төгінділерінің нормативтерін және осы объектілерге қолда бар пайдалану мен жобалау-конструкторлық құжаттамалардың негізінде өндіріс қалдықтарын орналастыру және тұтыну лимиттерін әзірлеуді және осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген хаттамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарынан жаңадан салынатын объектілер үшін табиғатты пайдалануға рұқсат алуға қажетті материалдарды ұсынуды;
кәсіпорындар мен ұйымдардың, әскери бөлімдердің, басқа заңды тұлғалардың ластаушы заттардың қоршаған ортаға нормативтен тыс шығарындылары, төгінділері және осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген хаттамада белгіленген тәртіппен өндірістік қалдықтарды лимиттен тыс орналастыру және тұтыну үшін төлемдерді енгізуді;
«Байқоңыр» ғарыш айлағын, оның ішінде зымыран-тасығыштардың бөлінетін бөлшектерінің бөлінген құлау аудандарын экологиялық паспорттауды;
Қазақстан Республикасының атом энергетикасы саласындағы уәкілетті органы берген лицензиясы (бір жолғы рұқсаты) болғанда ғана Ресей Федерациясының аумағынан йондық сәулелену көздерін және ядролық қондырғыларды «Байқоңыр» кешенінің аумағына әкелу (әкету), оның ішінде ғарышқа қайтарусыз жөнелту үшін. Көрсетілген көздерді және қондырғыларды әкелу (әкету) Қазақстан Республикасының атом энергетикасы саласындағы уәкілетті органына әкелудің (әкетудің) жоспарланған мерзіміне дейін екі ай бұрын берілетін өтінім бойынша жүзеге асырылады. Өтінімде радиоактивті заттардың және ядролық қондырғылардың түрі (тұрпаты), оларды жеткізу тәсілі мен бағыты, «Байқоңыр» кешенінде болу мерзімі көрсетіледі;
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдары өкілдерінің Тараптар қол қойған тиісті екіжақты келісімдерде (ережелерде) белгіленген тәртіппен бақылау жүргізу үшін «Байқоңыр» кешені объектілеріне кіруін;
Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес және осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген хаттама ережелерін ескере отырып, зымырандар мен зымыран-тасығыштардың перспективалы үлгілеріне арналған жобалау материалдарына мемлекеттік экологиялық сараптама жасау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органына қоршаған ортаға әсер етуге қатысты бөлігіндегі сараптаманың нәтижелерін ұсынуды;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Байқоңыр» кешенінің жаңа объектілерін салу және жұмыс істеп тұрған объектілерін қайта жөндеу жобаларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық сараптамасына ұсынуды;
теріс экологиялық салдарлармен байланысты авариялар туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқарушы билік органдарын уақтылы және толық хабардар етуді;
«Байқоңыр» кешенінің қызметімен байланысты авариялардың салдарларын, зымыран отыны құрамдас бөліктерінің төгілуін, радиоактивтік ластануларды жою жөніндегі іс-шараларды жүргізуді, сондай-ақ Қазақстан Тарабының уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдерін кіргізуді қамтамасыз етеді.
4-бап
Осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Қазақстан Тарабының уәкілетті органдары:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген ережелерді ескере отырып, жаңа объектілерді салу және жұмыс істеп тұрған объектілерді қайта жөндеу жобаларына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді, осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Ресей Тарабының уәкілетті органдары ұсынатын материалдардың негізінде қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарындыларының, төгінділерінің шекті жол берілетін нормативтерін және өндіріс қалдықтарын орналастыруға және тұтынуға лимиттерін бекітуді, сондай-ақ «Байқоңыр» кешені аумағында жаңадан салынатын объектілер үшін табиғатты пайдалануға рұқсаттар беруді;
осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Ресей Тарабының уәкілетті органдарының сұрау салуы бойынша Қазақстан Тарабы уәкілеттік берген өкілдерінің Қазақстан Республикасының аумағында авариялардың теріс экологиялық салдарларын және зымыран отынының құрамдас бөліктерінің төгілуін жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысуын;
«Байқоңыр» кешенінің аумағында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының қоршаған ортаға ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарындылары, төгінділері және өндіріс қалдықтарын лимиттен тыс орналастыруы және тұтынуы үшін төлемдерді уақтылы енгізуін;
Қазақстан Тарабының қарамағында орналасқан «Байқоңыр» кешенінің аумағындағы объектілерді экологиялық паспорттауды;
осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Ресей Тарабының уәкілетті органдарына қоршаған ортаға ластаушы заттардың шығарындылары, төгінділері туралы, сондай-ақ өндіріс қалдықтарын орналастыру және «Байқоңыр» ғарыш айлағының Қазақстан Тарабының қарауындағы объектілерін тұтыну туралы деректерді Байқоңыр ғарыш айлағы экологиялық паспортын толтыру және қоршаған ортаның экологиялық мониторингі бойынша статистикалық есеп жүргізу үшін қажетті, келісілген көлемде ұсынуды;
осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Тараптардың уәкілетті органдары бекіткен ережеде белгіленген тәртіппен «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізуді;
осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Тараптардың уәкілетті органдары дайындаған бірлескен материалдардың негізінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Байқоңыр» кешені аумағындағы экологиялық жағдайдың жай-күйі туралы халықты хабарландыруды қамтамасыз етеді.
5-бап
«Байқоңыр» кешенінің қызметімен байланысты авариялардың теріс экологиялық салдарларын, зымыран отыны құрамдас бөліктерінің төгілуін, радиоактивтік ластануларды жою жөніндегі жұмыстардың жүргізілуін бақылау үшін Тараптардың уәкілетті органдары қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның «Байқоңыр» кешені бойынша кіші комиссиясы шеңберінде жұмыс комиссияларын (топтарын) құрады.
6-бап
«Байқоңыр» кешенін пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген Тараптардың уәкілетті органдары қоршаған ортаны қорғау саласында, оның ішінде бірлескен бағдарламалар шеңберінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді ұйымдастырады.
Бірлескен бағдарламаларды іске асыру кезінде Тараптардың уәкілетті органдары осы бағдарламалар шеңберінде жүргізілетін жұмыстардың үйлестіруші болып табылатын ғылыми-техникалық кеңес құрады.
Экологиялық тақырыптағы бірлескен ресей-қазақстандық бағдарламаларға қатысты ақпаратқа қол жеткізу осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген хаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап
«Байқоңыр» кешені аумағына көму, кәдеге жарату және жою мақсатында радиоактивті, уытты, оның ішінде, улы заттарды әкелуге тыйым салынады.
8-бап
Осы Келісім бойынша Тараптардың уәкілетті органдары:
Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті;
Ресей Тарабынан - Ресей Федерациясының Федералдық ғарыш агенттігі, Қорғаныс министрлігі және Байқоңыр қаласының әкімшілігі болып табылады.
9-бап
Осы Келісімінің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның «Байқоңыр» кешені бойынша кіші комиссиясының қарауына береді.
10-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік ресімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген Хаттаманың күшіне енген күнінен бастап 1997 жылғы 4 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алуы жағдайында оның аумағында экология және табиғатты пайдалану жөніндегі келісім өз қолданысын тоқтатады.
11-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге Тараптар арасында осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамаларды жасау жолымен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
2005 жылғы 2 маусымда Байқоңыр қ. әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін