5. Шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың, шет ел қатысатын заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, дiни бiрлестіктердiң, қайырымдылық ұйымдарының саяси партияларды қаржыландыруы -
заңсыз қайырмалдықтар тәркілене отырып, лауазымды адамдарға - төрт жүз айлық есептік көрсеткiш мөлшерiнде, заңсыз қайырмалдықтар тәркілене отырып, шетелдiк заңды тұлғаларға екi мың айлық есептiк көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Шетелдiктердің және азаматтығы жоқ адамдардың саяси партияларды қаржыландыруы, -
заңсыз қайырымдылықтар тәркілене отырып және Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Саяси партиялардың заңсыз қайырмалдықтарды қабылдауы, -
заңсыз қайырмалдықтар тәркiлене отырып және он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға ала отырып не онсыз саяси партияның қызметiне тыйым сала отырып, саяси партияның басшысына төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Саяси партиялардың қаржылық қызметi туралы жылдық есептіктi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiм мен көлемде жарияламау, -
саяси партияның қызметiн алты айға дейінгі мерзiмге тоқтата отырып, партияның басшысына айлық eceптiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Саяси партияның, оның құрылымдық бөлiмшелерiнің (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қызметтi қайта тiркеусiз жүзеге асыруы, -
саяси партияның қызметiне тыйым сала отырып, партияның басшысына айлық есептiк көрсеткiштiң жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 374-1-баппен толықтырылды (күшіне енетін мерзімім қара)
374-1-бап. Қазақстан Республикасының заңдарында
белгіленген тәртiппен тiркелмеген қоғамдық,
дiни бiрлестiктердiң қызметiне басшылық жасау,
қатысу, сондай-ақ олардың қызметiн қаржыландыру
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне басшылық жасау, -
жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу, -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiн қаржыландыру, -
екi жүз айлық есептік көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) ; 2005.08.07 № 67-III (күшіне енетін мерзімім қара) Заңдарымен 375-бап өзгертілді
375-бап. Дiни сенім бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдарды
бұзу
1. Дiни бiрлестiктер басшыларының бiрлестiктi мемлекеттік басқару органдарында тiркеуден жалтаруы, дiни бiрлестiктiң оның жарғысымен (ережесiмен) белгiленген өз мақсаттары мен мiндеттерiне қайшы келетiн қызметтi жүзеге асыруы, саяси партиялардың қызметiне қатысуы және оларға қаржылай қолдау көрсетуi, қайырымдылық қызметтi жүзеге асыруды, науқас адамдарды күтiп-бағуды, бас бостандығынан айыру орындарына баруды қоспағанда, жерден басқа орында дiни iс-шаралар өткізу ережелерiн бұзуы, дiнге табынушылар мен дiни бiрлестiктер мүшелерiнiң дiнге табынуға қатысы жоқ арнаулы балалар мен жасөспiрiмдер топтарын ұйымдастырып, жиындарын өткізуi, азаматтарды дiни жоралғыларды орындауға немесе өзге де дiни қызметтерге қатысуға мәжбүр етуi, -
ескерту жасауға немесе дiни бiрлестiк басшыларына - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға қызметiн алты айға дейiн тоқтата тұрып немесе қызметiне тыйым сала отырып не онысыз, жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Заңға сәйкес жүзеге асырылатын дiни жоралғыларды, басқа дiни қызметтi атқаруға кедергi жасау, азаматтардың дiнге қатыстылығына қарай олардың құқықтарын бұзу, сол немесе басқа дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын нәрселердi, құрылыстарды және орындарды аяқ асты ету, азаматтардың дiни сезiмдерiн қорлау, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң сегiзге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Азаматтардың, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың есептiк тiркеусiз миссионерлiк қызметтi жүзеге асыруы, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң он беске дейiнгi мөлшерiнде, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, айлық есептiк көрсеткiштің он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Дiни бiрлестiктiң өз қызметiн жүзеге асыруы кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы, -
дiни бiрлестіктің басшыларына - айлық есептік көрсеткiштiң отызға дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға қызметiн үш айдан алты айға дейінгі мерзiмге тоқтата отырып не қызметiне тыйым сала отырып, айлық есептік көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Діни бiрлестіктің өз жарғысына (ережесіне) қайшы келетiн қызметтi жүйелi түрде жүзеге асыруы, сол сияқты дiни бiрлестiктiң өз қызметiн тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтарды белгiленген мерзiмде жоймауы, -
дiни бiрлестiктiң басшыларына - айлық есептік көрсеткiштiң қырыққа дейінгі мөлшерiнде, заңды тұлғаларға дiни бiрлестiктiң қызметiне тыйым сала отырып, айлық есептік көрсеткіштің үш жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
376-бап. Азаматтық хал актілерін жазу ережелерiн бұзу
Некеге отыруға кедергi болатын мән-жайларды жасыру немесе азаматтық хал актілерін жазу органдарына жалған мәлiметтер беру, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
377-бап. Төлқұжатсыз немесе жеке куәлiксiз тұру
Азаматтардың төлқұжатсыз не жеке куәлiксiз немесе жарамсыз куәлiкпен тұруы, сондай-ақ тұрғылықты жерi бойынша тiркеуден өтпей тұруы немесе үш айдан астам мерзiмде уақытша тұруы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бiрге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
378-бап. Төлқұжатсыз, жеке куәлiксiз немесе тiркеуден өтпей тұруға
рұқсат беру
1. Төлқұжат жүйесi ережелерiн сақтау үшiн жауапты адамдардың төлқұжатсыз немесе жеке куәлiксiз немесе жарамсыз төлқұжатпен және жеке куәлiкпен не тұрғылықты жерi бойынша тiркеуден өтпеген адамға тұруға рұқсат беруi, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
379-бап. Төлқұжаттарды, жеке куәлiгiн заңсыз алып қою немесе оларды
кепiлге қабылдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы
азаматының жеке куәлiгiн, төлқұжатын жоғалту немесе
жарамсыздыққа жеткізу
1. Азаматтардың төлқұжаттарын, жеке куәлiктерiн заңсыз алып қою немесе оларды кепiлге қабылдау, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жетiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгiн, төлқұжатын жоғалту немесе жарамсыздыққа жеткізу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
380-бап. Азаматтың куәлiк (төлқұжат) немесе жеке басын куәландыратын
басқа құжаттарды алуы кезiнде көрiнеу жалған мәлiметтер беруi
Азаматтың куәлiк (төлқұжат), соның iшiнде шетелдiк төлқұжат, не жеке басын немесе азаматтығын куәландыратын басқа да құжаттарды алуы кезiнде Қазақстан Республикасының атқарушы билiк органдарына көрiнеу жалған мәлiметтер немесе жалған құжаттар беруi, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 381-бап өзгертілді
381-бап. Мемлекеттік статистикалық есеп-қисап және бақылау деректерiн
беруден бас тарту, бермеу, уақытында бермеу, жасыру, қосып
жазу және басқа да бұрмалаушылықтар
Тиiстi статистикалық органдарға бухгалтерлiк баланстарды және есеп берулердi қоса алғанда, белгiленген мемлекеттік статистикалық есеп-қисап және бақылау деректерiн беруден бас тарту, бермеу, оларды белгiленген мерзiмiн бұза отырып беру, жасыру, қосып жазу және мемлекеттік статистикалық есеп-қисап деректерiн басқа да бұрмалау, сол сияқты статистикалық деректердi беруге немесе алуға қандай да бiр нысанда болсын кедергi жасау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
382-бап. Мемлекеттік статистикалық бақылаулар жүргiзуден бас тарту
Лауазымды адамдардың өздерiне жүктелген статистикалық бақылаулар жүргiзу жөніндегі мемлекеттік мiндеттердi орындаудан бас тартуы немесе оларды уақытында орындамауы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
383-бап. Лауазымды адамның коммерциялық құпиясы бар статистикалық
деректердi сатуы, беруi немесе өзге де жария етуi
Лауазымды адамның коммерциялық құпия болып табылатын статистикалық деректердi олардың заңды иесiнiң келісімiнсiз кiмге де болса сатуы, беруi немесе өзге де жария етуi, егер иесiне iрi залал келтiрiлмесе, -
айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
384-бап. Бекiтiлмеген нысандар бойынша статистикалық есеп-қисап жинау
Заңмен белгiленген тәртiпте келісілмеген немесе бекітілмеген есеп-қисап нысандары бойынша ведомстволық немесе мемлекеттік есеп-қисапты жинау, -
ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
385-бап. Ақпарат құпиялылығы дәрежесiн анықтау мен белгiлеу ережесін
бұзу
1. Ақпарат құпиялылығы дәрежесiн анықтау мен белгiлеу ережесін бұзу, егер бұл iс-әрекеттерде қылмыс белгiлерi болмаса, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Заңдылықтың бұзылғандығын жасыру мақсатында жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 386-бап өзгертілді
386-бап. Құпиялылық режимiн қамтамасыз ету жөнiнде белгiленген
талаптарды бұзу
1. Мемлекеттік құпияларға рұқсат етудiң белгiленген тәртібін бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Құпия мәлiметтермен және олар сақталған көздермен жұмыс кезiнде лауазымды адамдардың құпиялық режимiн қамтамасыз ету жөнiнде белгiленген талаптарды бұзуы, егер бұл әрекеттерде қылмыс белгiлерi болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Құпия мәлiметтердiң жария болуына немесе құпия мәлiметтердiң және олар сақталған көздердiң жоғалуына әкеп соққан бiрақ мемлекеттік құпиясы жоқ, нақ сол iс-әрекеттер, -
қызметтiң белгiлi бiр түрiне арнайы рұқсаттан айыра отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 387-бап өзгертілді
387-бап. Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын көрiктендiру
ережелерiн бұзу, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым объектiлерiн
бұзу
1. Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын көрiктендiру ережелерiн бұзу, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым объектiлерiн бұзу, -
ескерту жасауға немесе азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға үш жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - үш жүзден мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
388-бап. Күзетiлетiн объектiлерге заңсыз ену
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Президенттiң Күзет қызметi, Республикалық ұлан, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Iшкi iстер министрлігінiң, Қорғаныс министрлігінiң органдары мен бөлiмшелерi күзететiн объектiге заңсыз ену, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.
25-тарау. Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасы
режимінің белгіленген тәртібіне және Қазақстан Республикасының
аумағында болу тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық
389-бап. Шекара аймағында шекара режимiн және жекелеген жерлерде болу
тәртібін бұзу
1. Шекара аймағына кiру (өту), уақытша болу немесе жүрiп-тұру ережелерiн бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Уәкiлеттi мемлекеттік органның рұқсатынсыз не белгiленген тәртiптi бұза отырып шекара аймағында шаруашылық, кәсiпшiлiк немесе өзге де қызметтер жүргiзу, мал ұстау немесе бағу, бұқаралық қоғамдық-саяси, мәдени немесе өзге де iс-шаралар өткізу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жекелеген жерлерде болудың заңдармен белгiленген тәртібін бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
390-бап. Қазақстан Республикасының аумақтық және iшкi суларында
шекара режимiн бұзу
1. Қазақстан Республикасының аумақтық және iшкi суларында, шекара өзендерi, көлдерi және өзге де су қоймалары суларының қазақстандық бөлiгiнде шағын көлемдi өздiгiнен жүзетiн және өздiгiнен жүзбейтiн (су бетіндегі және су астындағы) қазақстандық кемелердi (құралдарды) есепке алудың, күтiп-ұстаудың, олардың негiзгi бекеттерден шығуының және негiзгi бекеттерге оралуының, суда болуының және кемелердiң (құралдардың) мұз арқылы қозғалуының белгiленген ережелерiн бұзу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Уәкiлеттi мемлекеттік органның рұқсатынсыз Қазақстан Республикасының аумақтық және iшкi суларында шекара өзендерi, көлдерi мен өзге де су қоймалары суларының қазақстандық бөлiгiнде кәсiпшiлiк, зерттеу, iздестiру немесе өзге қызметтер жүргiзу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
391-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу
бекеттерiнде режимдi бұзу
1. Қазақстан Республикасы азаматының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерiнде режимдi бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам жасаған нақ сол iс-әрекеттер, -
Қазақстан Республикасы аумағынан әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II Заңымен 391-1-баппен толықтырылды
391-1-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
шекарасы режимiн бұзу
1. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген iс-әрекеттердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы режимiн бұзу, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - жиырмадан жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында уәкiлеттi органның рұқсатынсыз кәсiпшiлiк, зерттеушiлiк, iздестiрушiлiк немесе өзге де қызметтердi жүргiзу, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - бес жүзден екi мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам жасаған iс-әрекеттер, -
он тәулiкке дейiн әкiмшiлiк қамауға алынып, Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберiлуiне әкеп соғады.
392-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз
алып өту
1. Халықаралық тасымалды жүзеге асыратын көлiк ұйымының немесе өзге де ұйымның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан бiр немесе бiрнеше тәртiп бұзушының заңсыз өтуiне немесе заңсыз өтуге әрекет жасауына әкеп соқтырған адамдардың көлiк құралына заңсыз кiруiн және оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өту үшiн пайдалануын болдырмау жөнiнде шараларды қолданбауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Халықаралық тасымалды жүзеге асыратын көлiк ұйымы немесе өзге де ұйым қызметкерiнiң өзiнiң қызметтiк мiндеттерiне кiретiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтуге әкеп соқтырған адамдардың көлiк құралына заңсыз кiруiн және оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесiп өту үшiн пайдалануын болдырмау жөнiнде шаралар қолданбауы, егер аталған әрекет бiр немесе бiрнеше тәртiп бұзушының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өту қылмысына немесе заңсыз өтуге әрекет жасауына жәрдемдесу болып табылмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жеке шаруамен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетiн адамның, бiр немесе бiрнеше тәртiп бұзушының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтуiне немесе заңсыз өтуге әрекет жасауына әкеп соққан, өзi басқаратын көлiк құралын басқа адамның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өту үшiн пайдалануын болдырмау жөнiнде шаралар қолданбауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
393-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету
жөніндегі өз мiндеттерiн атқарумен байланысты әскери
қызметшiнiң заңды өкіміне немесе талабына бағынбау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі өз мiндеттерiн атқарумен байланысты әскери қызметшiнiң заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 394-бап жаңа редакцияда
394-бап. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан
Республикасында болу ережелерiн бұзуы
1. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның тiркелудiң не жүрiп-тұрудың немесе тұрғылықты жер таңдаудың белгiленген тәртібін сақтамауынан көрiнген Қазақстан Республикасында болу ережелерiн бұзуы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасына заңсыз кiруден, белгiленген мерзiмде қайтып кетуден жалтаруынан, келу мақсатының визада көрсетiлген мақсаттарға сай болмауынан, сол сияқты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк өту ережелерiн сақтамауынан көрiнген Қазақстан Республикасында болу ережелерiн бұзуы, -
он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алынып, Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберiлуiне әкеп соғады.
ҚР 22.02.02 № 296-II Заңымен 395-бап өзгертілді
395-бап. Лауазымды адамның Қазақстан Республикасы азаматының,
шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан
Республикасында шетелдiктердiң болу ережесін бұзуы
1. Меншiк нысанына қарамастан Қазақстан Республикасында шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаушы, оларға қызмет көрсетудi қамтамасыз етушi немесе шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасы аумағы арқылы транзиттiк өту шарттарын сақтаумен байланысты мiндеттерiн орындаушы ұйымның лауазымды адамының Қазақстан Республикасында оларды тiркеудiң, олардың келу, тұру, жүрiп-тұру, тұрған жерiн өзгерту және сырт жаққа кету құқығына құжаттар рәсiмдеудiң белгiленген тәртібін бұзуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасына шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды жеке шаруамен шақырып, оған тұрғын үй-жай берген азаматтың, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның оларды белгiленген тәртiппен уақтылы тiркеуден өткізудi және болудың белгiленген мерзiмi бiткеннен кейiн қайтып кетуiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданбауы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қазақстан Республикасына, белгiленген тәртiптi немесе оның аумағы арқылы транзиттiк өту ережелерiн бұза отырып, келген шетелдiкке немесе азаматтығы жоқ адамға тұрғын үй-жай, көлiк құралын беру немесе өзге де қызмет көрсету, -
азаматтарға, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзден үш жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
396-бап. Қазақстан Республикасында шетелдiк жұмыс күшiн тарту мен
пайдалану ережелерiн бұзу
1. Қазақстан Республикасы аумағына уәкiлеттi органның тиiстi рұқсатынсыз немесе оны алдау жолымен алып өз бетiмен келген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды (жасырын иммигранттарды) жұмыс берушiнiң жұмысқа қабылдауы, сондай-ақ лауазымды адамдардың жасырын иммигранттарға қатысты нотариалдық немесе қандай да бiр өзге де заңдық (құқық туғызушылық) iс-әрекеттер жасауы, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға үш жүзден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында шетелдiк жұмыс күшiн тарту мен пайдалану ережелерiн бұзуы, -
Қазақстан Республикасының аумағынан әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
397-бап. Көшiп келу (иммиграциялық) ережелерiн бұзу
Көшiп келушiнiң көшiп келушiлердi бақылау бекетi жанындағы уақытша ұстау орнында тұрудан, көшiп келушiлердi уақытша орналастыру орталығынан, уақытша болу үшiн көшi-қон қызметiнiң аумақтық органы белгiлеген орында тұрудан жалтаруы, сол сияқты оның Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесiн анықтау кезiнде сонда тұру ережелерiн бұзуы, -
ескерту жасауға немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
398-бап. Босқынның немесе мәжбүрлi қоныс аударушылардың тұру
ережелерiн бұзуы
Босқынның немесе мәжбүрлi қоныс аударушының келген мекенiн немесе тұрғылықты жерiн ауыстырған кезде, өзi бекітілген көшi-қон қызметiнiң аумақтық органында есептен шығу мiндетiн орындамауы, сол сияқты жаңа келген мекенi немесе тұрғылықты жерi бойынша көшi-қон қызметiнiң аумақтық органында уақтылы есепке тұру мiндетiн орындамауы, босқынның тиiстi көшi-қон органына тегiнiң, есiмiнiң, отбасы жағдайының, отбасы құрамының өзгерістерi туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттiң азаматтығын алғандығы туралы хабарламауы, -