Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік қызметшiлерге
жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн берудiң тәртібі мен
шарттары жөніндегі Ереженi бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң 1996 жылғы 7 маусымдағы № 720 Қаулысы
(2005.29.09. берілген өзгерістемен)
ҚР Үкіметінің 2005.29.09. № 964 қаулысымен кіріспе өзгертілді (бұр.ред.қара)
"Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 маусымдағы Заңының 24-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік қызметшiлерге жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн берудiң тәртібі мен шарттары жөніндегі қоса берiлiп отырған Ереже бекітілсiн.
2. Облыстардың және Ақмола мен Алматы қалаларының әкiмдерi жеке тұрғын үй салу көзделген жалпы жер массивiнен тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік қызметшiлер үшiн жеке тұрғын үй салуға аумақтарды қалдыруды қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1996 жылғы 7 маусымдағы
№ 720 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік
қызметшiлерге жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн
берудiң тәртібі мен шарттары жөніндегі
ЕРЕЖЕ
1. Осы Ереже тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік
қызметшiлер үшiн жеке тұрғын үй салуға жер учаскелерiн берудiң
тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Мемлекеттік қызметшiлерге бөлу үшiн көзделiп жеке тұрғын үй салуға қалдырылған аумақтар тиiстi қала құрылысы құжаттамасының негiзiнде, ереже бойынша, бiрыңғай массивпен белгiленедi.
Мемлекеттік қызметшiлерге жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн беру басым тәртiппен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2005.29.09. № 964 қаулысымен 3-тамақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік қызметшiлерге жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер учаскесi 0,10 гектар көлемде тегiн берiледi.
Белгiленген нормадан жоғары көлемде жер учаскесiн беру қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жалпы негiзде жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызметшi жер учаскесiн алу үшiн тиiстi жергiлiктi атқарушы органға немесе қызметшi өзi кәсiптiк қызметiн атқаратын аппараттағы мемлекеттік органға өтiнiш бередi.
Жер учаскесiн алу үшiн соңғы ретте мемлекеттік орган тиiстi атқарушы органға кепiлдеме жiбередi.
Өтiнiш пен кепiлдемемен бiрге мыналар:
мемлекеттік қызметшiде жеке тұрғын үй салуға құқық беретiн жер учаскесiнiң болуы немесе жоқтығы туралы анықтама (оны 7 күндiк мерзiмде жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі аудандық (қалалық) комитет бередi);
мемлекеттік қызметшiде жеке меншiк үй құрылысының болуы немесе жоқтығы туралы анықтама (оны 7 күндiк мерзiмде жылжымайтын мүлiктi тiркеудi жүзеге асыратын орган бередi) қоса берiледi.
Мемлекеттік қызметшiнiң өтiнiшiнде мыналар болуы тиiс:
фамилиясы, аты, тегi;
тұрақты тұратын жерi;
сұралып отырған жер учаскесiнiң орналасуға қолайлы орны (елдi мекен және оның ауданы, көшесi, квартал номерi және басқалары);
жер учаскесiнiң сұралған көлемi;
жеке құрылыс салушының тұрақты тұратын жерiнен басқа жерден жеке тұрғын үй салуға құқық беретiн жер учаскесiнiң болуы туралы мәлiмет (жер учаскесiнiң орналасқан мекен-жайымен көлемi, осы учаскенi берушi органның атауы, күнi және шешiмiнiң номерi).
5. Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкімі осы мәселе бойынша шешiм жобасын әзiрлеу үшiн жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі аумақтық органға өтiнiш немесе кепiлдеме жiбередi.
Жер учаскесiн беру жөніндегі шешiм жобасында мыналар:
мемлекеттік қызметшiнiң фамилиясы, аты, тегi және жұмыс орны;
жер учаскесiнiң мақсатты пайдаланылуы;
жер учаскесiнiң аумағы және оның орналасқан жерiнiң сипаттамасы (елдi мекен және оның ауданы, көшесi, квартал номерi және т.б.);
жер учаскесi алынатын мемлекеттік жер пайдаланушы атауы;
жергiлiктi атқарушы органның бөлiп берiлген учаскеде орналасқан жылжымайтын мүлiктi бұзу (көшiру) бөлiгіндегі мiндеттемесi;
жасыл өскiндердi, жер асты коммуникациялары мен көркейту жөніндегі ғимараттарды сақтау шарты;
басқа да шарттар болуы тиiс.
6. Жер учаскесiн беру жөніндегі әкiм шешiмiнiң жобасы (қорытынды жасау ретiнде) жер учаскесi алынғалы отырған мемлекеттік жер пайдаланушымен, жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі аумақтық органмен, жергiлiктi экология және биоресурстар, сәулет және қала құрылысы, санитарлық-эпидемиялық қызмет, өрттен қорғау органдарымен (қажет болған жағдайда мүдделерi жер бөлiп беру көзделiп отырған басқа да ұйымдармен және мекемелермен) келісіледi және тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкімінiң бекітуiне енгiзiледi.
7. Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкімі 10 күндiк мерзiмде мемлекеттік қызметшiге жер учаскесiн беру жөнiнде шешiм қабылдайды.
Мемлекеттік қызметшiге жер учаскесiн беруден бас тартқан жағдайда оған бас тарту себебiнiң негiздемесiмен жазбаша хат тапсырылады.
8. Жеке тұрғын үй салу үшiн мемлекеттік қызметшiге жер учаскесiн беру жөніндегі тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкімінiң шешiмi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу бойынша жерге орналастыру iсiн толтыруға және жер учаскесiне тиiстi құжаттарды хаттауға негiз болады.
9. Жеке тұрғын үй салуға жер учаскесiн алу үшiн мемлекеттік қызметшiге қажеттi барлық құжаттар мен мәлiметтер, сондай-ақ жер учаскесiне меншiк құқығын беретiн акттi әзiрлеу мен беру тегiн жүргiзiледi.