Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қарашадағы № 1471 Жарлығымен бекiтілген Қазақстан Республикасында "электрондық үкімет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде "Электрондық мемлекеттік сатып алу" ақпараттық жүйесiн енгізу жөніндегі жұмыс жүргiзiлуде.
2. Фискалдық саясаттың мақсаттары мен мiндеттерi
Орта мерзiмдi кезеңде фискалдық саясаттың негiзгi мақсаты әлеуметтiк-экономикалық дамудың басым мiндеттерiн шешу үшiн салық-бюджет құралдарын тиiмдi қолдану, атап айтқанда, Қазақстанды әлеуметтiк және экономикалық жедел жаңғыртуға бағытталған ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігiн арттыру болып табылады.
Орта мерзiмдi кезеңде бұл мақсатқа қол жеткiзуге мынадай негiзгі мiндеттердi шешу:
бюджеттік заңнаманы жүйелендiру;
бюджеттік жоспарлауды жетiлдiру;
мемлекеттік шығыстардың тиiмділігi мен нәтижелілiгiн арттыру;
жүргiзілiп жатқан әлеуметтiк реформаларды қаржылық қамтамасыз ету, білім берудi, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын және қоғамдық инфрақұрылымды дамыту;
перспективалы бюджеттік жоспарлаудың рөлiн жоғарылату;
көлеңкелі экономиканың үлесiн азайту;
бюджетаралық қатынастардың ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану тетiгiн жетілдiру;
жүргiзілiп жатқан жинақтар саясатын ескере отырып, республикалық бюджет тапшылығының және үкiметтiк борыштың оңтайлы өлшемдерiн айқындау;
үкiметтік борыш құрылымындағы сыртқы борыш үлесін біртiндеп азайту ықпал ететiн болады.
Бұдан басқа, мемлекеттің жалпы экономикалық саясатының аса маңызды құрамы бола отырып, фискалдық саясат жоспарланып отырған кезеңде инфляцияның орташа жылдық деңгейi бойынша белгiленген дәлізді ұстап тұруға, төлем балансының тұрақтылығына, тауарлар мен қызметтердi түпкi тұтынуды және капитал жинақтауды өсiруге жәрдемдесетiн болады.
6-кесте
2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет болжамы
ЖIӨ-ге пайызбен
Атауы | Болжам |
2006 жыл | 2007 жыл | 2008 жыл |
1 | 2 | 3 | 4 |
Кірістер | 22,6 | 22,8 | 23,1 |
Шығындар | 22,4 | 22,9 | 23,3 |
Операциялық сальдо | 0,2 | -0,1 | -0,2 |
Таза бюджеттік кредит беру | 0,5 | 0,1 | 0,1 |
Бюджеттік кредиттер | 0,6 | 0,2 | 0,1 |
Бюджеттік кредиттердi өтеу | 0,1 | 0,1 | 0,1 |
Қаржы активтерiмен жасалатын операция- лар бойынша сальдо | 1,1 | 0,8 | 0,2 |
Қаржы активтерiн сатып алу | 1,2 | 0,8 | 0,3 |
Мемлекеттің қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер | 0,02 | 0,02 | 0,01 |
Бюджет тапшылығы (профицитi) | -1,4 | -1,0 | -0,5 |
Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитiн пайдалану) | 1,4 | 1,0 | 0,5 |
3. Кірiстер саясаты
2003-2004 жылдардағы салық заңнамасындағы өзгерістер экономикаға салықтық жүктеменi азайтуға, елдiң инвестициялық тартымдылығын күшейтуге, жаңа техника мен алдыңғы қатарлы технологиялар ағынын және оларды енгізудi көтермелеуге, мемлекет пен салық төлеушілердiң өзара қарым-қатынастарын жақсартуға бағытталды.
Қазақстан Республикасы Президентiнің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларына, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес салықтық жүктеменi азайту және елдiң экономикалық өсуiн ынталандыру, сондай-ақ белгілi бір санаттағы азаматтардың кiрiстерiн заңдастыруын ынталандыру және жалақыны ұлғайту мақсатында 2004 жылдан бастап жеке табыс салығының ставкалары азайтылды, әлеуметтiк салық бойынша ставкалардың кемiмелi шәкілi енгiзiлдi, қосылған құн салығының ставкасы азайтылды, арнайы экономикалық аймақтар аумағында салық салудың ерекше режимi белгiлендi, арнайы салық режимдерiн қолдану аясы кеңейтілдi.
Экономиканы одан әрi тұрақты дамыту, жүргізілiп жатқан реформаларды тереңдету, мұнай операцияларына, қаржы лизингiне, резидент еместерге, қаржы құралдарына салық салуды, сондай-ақ салықтық әкiмшілендiру нормаларын жетiлдiру және кәсiпкерлердiң инвестициялық тартымдылығын күшейту мақсатында инвестициялық салық преференцияларын беру нысаны кеңейтiлдi, мұнай-химия өндiрiстерi, қосылған құны жоғары тауарлар өндiрiсi үшiн жеңiлдiктер енгiзiлдi.
Негізгi құралдарды жаңарту және жаңғырту процестерiн жеделдету үшiн салық салу мақсатында елде амортизациялық саясат жетiлдiрiлдi.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру, сондай-ақ инвестициялар көлемiн өсiру және салықтық әкiмшілендiрудi одан әрi жетілдiру есебiнен ел экономикасын теңгерiмдi дамытуды қамтамасыз ету мақсатында орта мерзiмдi кезеңде салық саясатының негізгi бағыттары:
шағын кәсiпкерлiк субъектілерi үшiн арнаулы салық режимiн қолдану аясын кеңейту және оларды ең алдымен, экономиканың шикiзат емес секторына инвестициялар салуға тарту үшiн шаралар қабылдау;
салық төлеушілер үшiн қашықтық және ақпараттық сервис әдiстерiнiң көмегiмен салықтық әкiмшілендiру процестерiн одан әрi жетiлдiру және дамыту;
талдау тәсiлдерi мен әдiстерiн және салықтық есептілiктiң камералдылығын дамыту;
ақпараттық қызметтердi бірiктiру, мемлекеттік органдармен ақпараттық өзара iс-қимылды жетілдiру және оның тиiмділігін арттыру;
халықтың әл-ауқатының өсуi шартымен, қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілiгiн күшейту мақсатында 2008 жылдан бастап салықтық ауыртпалықты заңды тұлғалардың кiрiстерiнен жеке тұлғалардың кiрiстерiне біртiндеп ауыстыру мүмкiндiгiн қарау болады деп ұйғарылып отыр.
Мемлекеттік бюджет кiрiстерi салық заңнамасы, Әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспары жобасының маңызды макроэкономикалық көрсеткiштерi мен салық саясатының ел экономикасын одан әрi дамытуға және инвестициялар тартуға бағдарланған бағыттары негiзiнде айқындалды.
Мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң 2006-2008 жылдарға арналған болжамы 7-кестеде келтiрiлген.
7-кесте
Мемлекеттік бюджет кірістерінің 2006-2008 жылдарға
арналған болжамы
ЖIӨ-ге пайызбен
Атауы | 2006 жыл | 2007 жыл | 2008 жыл |
Кірістер | 22,6 | 22,8 | 23,1 |
Салықтық түсімдер | 21,6 | 21,7 | 22,0 |
Салықтық емес түсімдер | 0,5 | 0,5 | 0,5 |
Негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер | 0,4 | 0,7 | 0,7 |
Әлемдiк тауар рыноктарындағы қолайлы жағдай, халықтың өмiр сүру деңгейiнiң жақсаруы нәтижесiнде iшкi сұраныстың артуы, инвестициялық климаттың жақсаруы, Индустриялық-инновациялық стратегияны iске асыру экономиканы дамытудың жоғары қарқынына және тиiсiнше бюджет кiрiстерi түсiмдерiнiң ұлғаюына негiз болды.
Кiрiстер болжамының есептерiнде жоспардан тыс салықтық және бюджетке төленетін өзге де мiндетті төлемдерi Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке алынатын мұнай секторы ұйымдарының тiзбесi бойынша салық түсiмдерiнiң есебi бір баррель үшiн 19 АҚШ доллары болатын мұнайдың әлемдiк тұрақты бағасы есепке алына отырып жүргізiлгенi ескерiлдi.
Салықтық түсiмдер болжамында:
Қазақстан Республикасы Салық кодексiнiң ережелерiне енгізiлген, тiркелген активтер бойынша амортизациялар аударымдарды есептеу тәртібін реттейтiн, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енетін өзгерістер; Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы № 1388 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрi - Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы) iске асырудан түсетiн қосымша салықтық түсiмдер;
Мемлекет басшысының 2005 жылғы 18 ақпандағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына Жолдауына (бұдан әрi - Мемлекет басшысының Қазақстан хатына Жолдауы) сәйкес мемлекеттік басқару және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерiнің жалақысын жоғарылатуға байланысты төлем көзiнен ұсталатын жеке табыс салығы мен әлеуметтiк салық бойынша қосымша түсiмдер;
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен "Теңiзшевройл" ЖШС арасындағы өзара түсiнiстiк туралы меморандумға сәйкес 2007-2008 жылдары роялтидiң 200 млн. АҚШ доллары мөлшерiнде қайтарылуы ескерiлдi.
Бұдан басқа, салықтық түсімдер "Мiндетті әлеуметтiк сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуiрдегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды есепке ала отырып айқындалған әлеуметтік салық ставкаларының өзгеруiне түзетілдi.
Залалды қызметіне байланысты салықтық емес түсiмдердiң 2006-2008 жылдарға арналған болжамында Ұлттық Банкінің кiрiсiнен түсетiн түсімдер болжанбайды. Сондай-ақ, салықтық емес түсiмдерге АҚШ долларына теңге бағамының болжамды азаюы әсер eттi.
Негізгi капиталды сатудан түсетiн 2006-2008 жылдарға арналған түсiмдер Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын iске асыру мақсатында тұрғын үй салуды қамтамасыз ету үшін бұрын республикалық бюджеттен қайтарымды негiзде бөлiнген қаражатты қамтиды.
Мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң құрамындағы мұнай және мұнай емес секторлар кәсiпорындарынан түсетiн түсiмдердiң арақатынасы 8-кестеде көрсетiлген.
8-кесте
Мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң құрылымы
мемлекеттік бюджет кiрiстерiне пайызбен
Кәсiпорындардан түсетiн түсiмдер | 2006 жыл | 2007 жыл | 2008 жыл |
Мұнай секторынан | 20,0 | 17,8 | 16,4 |
Мұнай емес сектордан | 80,0 | 82,2 | 83,6 |
Мұнай кiрiстерiне тәуелсіз салықтық базаны дамыту экономиканы әртараптандыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткiзуге ықпал етедi және жүргiзілiп жатқан фискалдық саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз етедi.
Өткен жылға қарағанда 2006 жылы мұнай емес сектордан түсетiн түсімдер 26,3 %-ға, 2007 және 2008 жылдары тиiсiнше 18,4 %-ға және 17,5 %-ға өседi.
Әлемдiк мұнай бағасы елеусіз төмендеген жағдайда мұнай өндiрудiң өсу қарқыны ЖIӨ-нiң өсу қарқынынан төмен болуы есебiнен орта мерзiмдi кезеңде мұнай секторы кәсiпорындарынан түсетiн салықтар мен төлемдер түсiмi азаяды.
Ұлттық қор көлемiнiң болжамы орта мерзiмдi кезеңде:
мұнайдың (Bre№t қоспасы) әлемдiк бағасының тұрақты есептi әлемдiк бағадан асып түсуi нәтижесiнде шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдердiң жоспардан тыс түсiмдерi;
республикалық бюджеттен берілетiн, шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдердiң жоспарлы түсiмдерi көлемiнiң 10%-ы мөлшерiнде есептелген ресми трансферттер;
республикалық меншiктегi, тау-кен өндiру және өңдеу салаларына жататын мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруден, жердi сатудан түсетiн түсiмдер және өзге де түсiмдер есебiнен күтіледi.
Бүгiнгi таңда тұтастай қазақстандық экономиканың жай-күйiн белгілi бір дәрежеде табиғи ресурстар секторындағы ахуал айқындайды. Ұлттық қор табиғи запастардың орны толтырылмайтынына байланысты оларды пайдалануды дұрыс жоспарлау және мемлекеттік шығыстар көлемiнiң табиғи ресурстардың әлемдiк бағаларының күрт ауытқуларына тәуелдiлiгiн азайту мәселелерiн шешедi.
Қолданыстағы заңнама жағдайларында Ұлттық қорға 2006 жылы 167,5 млрд. теңге сомасында немесе ЖIӨ-ге 2,1%, 2007 жылы 119,2 млрд. теңге (ЖIӨ-ге 1,3%), 2008 жылы 115,2 млрд. теңге (ЖIӨ-ге 1,1%) түсімдер болжанып отыр.
Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор арасындағы өзара қарым-қатынастар тетiгін жетiлдiру жөнiнде жұмыс жүргізiп отыр. Қор жинақтарын одан әрi қалыптастырудың оңтайлы жолдарын және оның активтерiн басқарудың тиiмдi әдiстерiн айқындауға бағытталатын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы әзiрленуде.
4. Шығындар саясаты
2006-2008 жылдары бюджет саясаты жедел әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттары мен мiндеттерiн кешендi шешуге және ағымдағы мiндеттемелердi бір мезгiлде орындауға негiзделетін болады.
Тұтастай алғанда, орта мерзiмдi кезеңде жүргізiлiп жатқан бюджет саясатының жалпы бағыты сақталады және мыналарға:
денсаулық сақтауды реформалауға және дамытуға;
білім берудi дамытуға;
әлеуметтiк реформаларды одан әрі тереңдетуге;
индустриялық-инновациялық дамуға;
аграрлық секторды дамытуға;
жаңа тұрғын үй саясатын iске асыруға;
қоршаған орта сапасын тұрақтандыруға;
шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға;
Астана қаласын дамытуға;
көрсетiлетiн мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталатын болады.
Орта мерзiмдi кезеңдегі мемлекеттік бюджет шығыстары 2006 жылы - ЖIӨ-ге 24,1 %, 2007 жылы - 23,9 %, 2008 жылы - 23,7 % болып болжанады (9-кесте).
9-кесте
2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет
шығыстарының болжамы
Атауы | 2006 жыл | 2007 жыл | 2008 жыл |
| ЖIӨ- ге %-бен | үлес, % | ЖIӨ- ге %-бен | үлес, % | ЖIӨ- ге %-бен | үлес, % |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
Шығыстар | 24,1 | 100,0 | 23,9 | 100,0 | 23,7 | 100,0 |
Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтері | 1,3 | 5,3 | 1,3 | 5,4 | 1,3 | 5,6 |
Қорғаныс | 1,3 | 5,3 | 1,3 | 5,3 | 1,3 | 5,5 |
Қоғамдық тәртiп, қауіпсіздік, құқық, сот, қылмыстық- атқару қызметi | 2,0 | 8,4 | 2,2 | 9,1 | 2,1 | 8,8 |
Білім беру | 3,5 | 14,5 | 3,8 | 16,0 | 4,1 | 17,3 |
Денсаулық сақтау | 2,5 | 10,5 | 2,7 | 11,3 | 3,0 | 12,6 |
Әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру | 5,2 | 21,5 | 5,2 | 21,6 | 5,1 | 21,6 |
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық | 1,9 | 8,1 | 2,1 | 8,6 | 1,4 | 5,9 |
Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат- тық кеңiстiк | 0,7 | 3,1 | 0,7 | 2,7 | 0,8 | 3,3 |
Отын-энергетика кешенi және жер қойнауын пайдалану | 0,3 | 1,4 | 0,2 | 0,8 | 0,3 | 1,1 |
Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары | 1,2 | 5,1 | 1,1 | 4,7 | 1,4 | 5,7 |
Өнеркәсiп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi | 0,1 | 0,5 | 0,0 | 0,1 | 0,0 | 0,1 |
Көлiк және коммуникация | 1,9 | 7,7 | 1,7 | 7,0 | 1,7 | 7,1 |
Басқалар | 1,5 | 6,2 | 1,2 | 5,0 | 0,9 | 3,9 |
Борышқа қызмет көрсету | 0,5 | 1,9 | 0,4 | 1,8 | 0,2 | 1,0 |
Ресми трансферттер | 0,1 | 0,5 | 0,1 | 0,5 | 0,1 | 0,5 |
Инвестициялық саясатты қалыптастыру, оның iшiнде республикалық бюджеттен инвестицияларды жоспарлау, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi кезеңге арналған орта мерзiмдi жоспары шеңберiнде жүзеге асырылады.
Алдағы орта мерзiмдi кезеңде даму бағдарламалары шеңберiндегі шығыстар саясаты мемлекеттік инвестицияларды пайдалану тиiмділігiн, бюджет заңнамасының ережелерiн қатаң сақтауды, мемлекеттік бюджеттен бөлiнетiн қаражаттың әлеуметтiк-экономикалық маңыздылығы мен пайдалану тиiмдiлігін арттыруға бағытталған.
"Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер" функционалдық тобы бойынша шығыстар 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,3%-ы, 2007 жылы - 1,3%-ы және 2008 жылы - 1,3%-ы деңгейiнде болжанып отыр.
Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру мақсатында мемлекеттік басқарудың ұйымдық құрылымын оңтайландыру және бірiздендiру, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттіктердiң аражігін нақты әрі оңтайлы қайта бөлу және бекіту, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелi секторға беру арқылы мемлекеттік басқару жүйесiн жетiлдірудi көздейтiн әкімшiлiк реформа бойынша жұмыс жүргізiлуде.
Әкiмшiлік реформаны толыққанды iске асыру функцияларды төмен тұрған мемлекеттік басқару деңгейiне берумен қатар, тиiстi ақпараттық-әдiснамалық, материалдық қамтамасыз етуді және тиiстi штат санын да берудi, сондай-ақ республикалық меншiктi жергiлiктi мемлекеттік басқару деңгейіне берудi көздейдi.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар қызметiнiң тиiмдiлігі мен сапасын бағалаудың бірыңғай жүйесiн әзiрлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінiң негiзгi мiндеттерiнiң бірi болып айқындалды. Соған байланысты мемлекеттік органдар қызметiнiң тиiмдiлігі мен сапасын бағалаудың бірыңғай жүйесiн әзiрлеу жөніндегі жұмыс жүргiзiлiп жатыр, мұнда барлық: жоспарлау, iске асыру, қызмет нәтижелерi кезеңдерiн қамтитын мемлекеттік органның қызметiн толық ұйымдастыру, қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшiн мемлекеттік орган қызметін ұйымдастыру, бюджеттік және адами ресурстарды пайдаланудың тиiмдiлігі қамтылады.
Бұл шаралар функцияларды төмен тұрған, халыққа неғұрлым жақын мемлекеттік басқару деңгейiне беру жолымен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі жауапкершілігін жоғарылатуға, олардың тиiмдiлiгiн арттыруға, бюрократияны қысқартуға, қол жетiмділіктi жоғарылатуға, халықты мемлекеттік қызметтермен толық қамтуға, әлеуметтiк-экономикалық әл-ауқатты жақсартуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және басқаларға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметтiң қазақстандық жүйесi Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен ТМД мемлекеттерiнiң кейбір алдыңғы қатарлы елдерi арасында неғұрлым жедел қарқынмен дамуда және мықты институционалдық негізден бастау алған. Соңғы жылдары басым болып отырған тұрақтандыруға және институционалдық дамуға ден қою мемлекеттік қызметтi одан әрi дамыту үшiн негіз болды.
Мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеу жүйесiн жетілдiру мақсатында 2000 жылдан бастап 2004 жылға дейiнгі кезеңде жалақы төлеу жүйесiн реформалаудың екi сатысы жүргiзілдi:
бірiншi сатыда базалық лауазымдық жалақыға қолданылатын коэффициенттерге негізделген жалақы төлеу жүйесi енгізiлдi;
екiншi саты - жалақы төлеу жүйесiне жоғарғы, орта және төменгі басқару деңгейлерiн (буындарын) енгізу болды. Бұл шара мемлекеттік қызметшілердi карьералық жоғарылауға ынталандыруға бағытталған.
Жетілдiрудiң үшінші сатысындағы мақсат мемлекеттік қызметшілердi өнiмділікке және орындалатын жұмыстың сапасына ынталандыруды жоғарылату болып табылады.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес 2005 жылғы 1 шiлдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің және мемлекеттік қызметшілердiң жалақысы орта есеппен 32%-ға көтерілдi. 2006 жылдың аяғына дейiн жалақы төлеу жүйесін жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу және 2007 жылдан бастап жалақыны орта есеппен 30%-ға ұлғайту жоспарланып отыр.
Осыған байланысты мемлекеттің әкімшілік қызметтерiн жетiлдiруге, басқарудың бюрократиялануын азайтуға, мемлекеттік қызметтің білiктілiк деңгейiн оңтайландыруға бағытталған шараларды пысықтау талап етіледi.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы № 1471 Жарлығымен бекітілген, азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік қызмет көрсетулерге жылдам әрі сапалы қолжетiмділігін қамтамасыз етуге, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңiнен қолдану жолымен мемлекеттік органдардың жұмыс iстеу тиiмділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасында "электрондық үкiмет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарлама шеңберiнде "электрондық үкiметтің" базалық құрамдас бөлiктерi құрылады, бұған өкілеттік орталығы, "электрондық үкiметтiң" порталы мен шлюзi, қол жеткiзудiң және халықты "электрондық үкіметпен" өзара iс-әрекет ету негiздерiне оқытудың жалпыға бірдей қол жетiмдi желілерiн құру, ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тiзілiмi, сондай-ақ ұлттық бірiздендiру жүйесі жатады.
"Қорғаныс" функционалдық тобы бойынша шығыстар қорғаныс қажеттілiктерiне, төтенше жағдайлардың алдын алуды және оларды жоюды ұйымдастыруға, қорғалатын тұлғалардың қауiпсіздiгiн қамтамасыз етуге және салтанатты рәсiмдердi орындауға арналған шығыстарды қамтиды және 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,3%-ы, 2007 жылы - 1,3%-ы және 2008 жылы - 1,3%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы № 334 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы қорғаныс мұқтаждарына арналған шығыстарды жоспарлаудың негізi болып табылады, бұған сәйкес қорғанысқа арналған шығыстардың көлемi кемiнде ЖIӨ-нiң 1%-ы мөлшерiнде көзделеді, мұнда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн (бұдан әрi - Қарулы Күштер) құру, реформалау кезеңдері мен әскери-экономикалық қамсыздандырудың негізгі бағыттары айқындалған.
Қарулы Күштердi жасақтау мен қалыптастырудың келісім-шарттық жүйесiне көшу жолымен армияны кәсiбилендiру болжанып отырған шаралардың негізгі мiндеті ретiнде қойылады, оның мақсаттары бөлiмдер мен бөлiмшелердiң әскери дайындығын жоғарылату, әскери-оқытылған резервтi дайындау, әскери қызметтiң және тұтастай Қарулы Күштердiң беделiн арттыру болып табылады.
Қарулы Күштерді құру мен дамытудың өткен кезеңдегі тәжiрибесi мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлердi "келісім-шарттағыларға" ауыстыру армия қызметіне оң әсер ететінін көрсеттi. Мысалы, Қарулы Күштерде адам шығыны мен қылмыс саны азаяды, моральдық-психологиялық ахуал жақсарады.
Қарулы Күштерді жасақтаудың келісім-шарттық жүйесiне көшудi 2005 жылы солдаттар мен сержант лауазымындағы келісім-шарт қызметінiң әскери қызметшiлерiнiң сандық құрамын штаттың 65%-ына дейiн ұлғайту жолымен жүзеге асыру және 2007 жылға дейiн осы пайыздық ара қатынасты тұрақтандыру көзделiп отыр.
Жоспарланып отырған кезеңде Қарулы Күштердің материалдық-техникалық базасын жақсарту көзделуде. Бұл үшін қару-жарақ пен әскери техника санын оңтайландыру жөнiнде шаралар қабылдау керек.
Қазақстан Республикасының халқын, экономикалық әлеуеті мен қоршаған ортасын табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар әсерiнен тиiмдi қорғауды арттыруға және қамтамасыз етуге, олардың салдарының, оның iшiнде iрi көлемдi жер сiлкiнiстерiнiң, су тасқындарының, селдiң және жер көшкiннiң алдын алу, залалды төмендету мен жою үшін күштер мен құралдарды дамытуға қол жеткiзу мақсаттарында Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алудың және оларды жоюдың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзiрленуде.
"Қоғамдық тәртіп, қауiпсіздiк, құқық, сот және қылмыстық атқару қызметi" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 2,0%-ы, 2007 жылы - 2,2%-ы және 2008 жылы - 2,1%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің өмiрлiк маңызды мүдделерінің сыртқы және iшкi қауiптерден қорғалуын қамтамасыз ету үшін әлемдегi террорлық агрессия жағдайларында мемлекеттің қауiпсіздігін қамтамасыз eту мәселелерiнің зор маңызы бар.
Жоспарланып отырған орта мерзiмдi кезеңде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1355 қаулысымен бекітілген, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуi; қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы өтiнiштер мен хабарламаларды шешу кезiнде заңдылықты сақтауға; қоғамдық қауіпсіздіктің тиiстi жағдайын қамтамасыз етуге; алдын алу қызметiн жетiлдiруге; қылмыстарды мақсатқа сай әлеуметтiк-құқықтық алдын алуды жүзеге асыруға бағытталған Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарламаны iске асыруға 2006-2007 жылдары 5,3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1376 қаулысымен бекітілген, іс-шаралары түзеу мекемелерінде ұсталатын сотталғандарды ұстау жағдайларын, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындаудың сапасын жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару жүйесін одан әрі дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарламаны iске асыруға 2006 жылы 2,3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Мықты әрі тәуелсіз сот билiгi демократияның, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдылығын қамтамасыз етудiң маңызды шарты болып табылады.
Мемлекеттің қалыптасу және даму кезеңiнде сот жүйесiнiң тиiмділігiн арттыруға бағытталған шаралар кешенi жүзеге асырылды.
Соттар тәуелсіздігінiң кепілдiгi қамтамасыз етiлдi. Мемлекет тарихында тұңғыш рет жергiлiктi соттардың барлық судьяларын ел Президентi тұрақты мерзiмге сайлай бастады, кәсіптік жүйе құрылды, функциялары жалпы құқықтық құзырлы соттарғa берілiп, төрелік соттар таратылды, мамандандырылған ауданаралық әкiмшiлiк және экономикалық соттар құрылды.
Сот жүйесін дамытудың негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегi № 949 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған, оның негiзгi мiндеттерiнiң бірi сот төрелiгі органдарын жетiлдiру, ең алдымен бірiншi деңгейдегi соттардың (аудандық, қалалық соттар) қызметiн жетiлдiру болып табылады.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы объективтiктi, сондай-ақ сот кесімдерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз ететiн сот өндiрiсiн оңайлату, сот жүргізу шеңберiнде және сот шешiмдерiн атқару кезеңiнде азаматтар құқығына берілетiн кепiлдiктердi күшейту, сот корпусының тәуелсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстық сот жүргiзу мен сот шешiмдерi шеңберiнде адвокаттардың рөлін арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргiзу қажеттігiне баса назар аударды.