Мұнай өндіруші кәсiпорындар кiрiстілігiнің азаюы экономиканың аралас салаларындағы өндiрiс көлемiн азайтуға алып келедi. Атап айтқанда, бұл көлік, сауда, байланыс салаларындағы қаржы секторының қызметтері саласындағы өсу қарқындарына әсер етедi. Осылайша, ел экономикасының жалпы өнiмділігi төмендейдi, бұл, сайып келгенде, инфляциялық процестердiң күшеюіне және мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң азаюына алып келедi.
Мұнайдың жоғары әлемдiк бағалары жағдайында теңгенiң нақты айырбас бағамын күшейту жағына едәуiр қысым көрсетіледi. Қазақстанда өзiнiң ұлттық валютасында жоғары кірістер алу мүмкiндiгiн иеленетiн импорттаушылар үшiн қазақстандық рынок аса тартымды болады. Бір мезгiлде қазақстандық кәсiпорындардың бәсекеге қабілеттілігі төмендейдi, жұмыс орындары айтарлықтай қысқарады.
Қолма-қол ақшаның едәуiр ағыны нәтижесiнде инфляцияның монетарлық факторлары күшейедi.
Валюталық тәуекелдер
Қазiргi уақыттa Қазақстан Республикасының сыртқы қарыз алуының валюталық құрылымы АҚШ долларын, арнаулы қарыз алу құқығын (АҚҚ), жапон йенiн, евроны (немiс маркасындағы, австрия шиллингiндегі бұрынғы борыштарды қоса алғанда), швейцария франкiн, ағылшын фунт стерлингiн, сауд реалын және өзге де валюталарды қамтиды. Соның салдарынан доллар көрiнiсіндегі борышқа қызмет көрсету жөніндегі төлемдер мөлшерi кросс-бағамдарының (AҚШ долларына қатысы бағамдардың) өзгеруiне өте бейiм.
Пайыздық тәуекелдер
Қазақстан Республикасына халықаралық қаржы ұйымдары кредиттерiнiң және экспорттық кредиттердiң едәуір бөлiгi құбылмалы пайыздық ставка (LIBOR халықаралық қаржы ұйымдарының ставкалары) шарттарымен берiлген. Абсолюттік көрсеткiштер тұрғысынан алғанда пайыздық ставкалардың өзгеруiне байланысты тәуекелге бейiмділік зор: базалық пайыздық ставканың бір тармаққа өзгеруi қысқа мерзiмдiнi қoca алғанда, борышқа қызмет көрсету жөніндегі төлемдердiң өзгеруiн бiлдiредi. Сондықтан, егер нарық жағдайларында сыртқы қаржыландыруға тәуелдiлiк ұлғаятын болса, сыртқы берешектiң жағдайы пайыздық ставкалардың өзгеруiмен байланысты үлкен тәуекелге ұшырауы мүмкiн.
Қазiргi уақытта бар, тұрақты экономикалық өсуге және маңызды стратегиялық мақсаттарға қол жеткiзуге кедергі келтіретiн тәуекелдердi iшкi факторларға жатқызуға болады. Бұл тәуекелдер мыналардан:
белсендi жаңартуға, сондай-ақ оған қызмет көрсету үшiн жоғары біліктi мамандар даярлауға қомақты инвестициялар талап етілетiн табиғи тозған және моральдық ескiрген жабдықтың экономикада басым болуынан;
негізгі өнiм массасының әсiресе өндiрiс құралдарының бәсекеге қабiлеттiлігінiң төмендігінен;
тауарлар мен қызметтер көрсетудiң iшкi рыногында жеткiлiктi бәсекенiң болмауынан көрiнедi.
Ұлттық қорда қаражат жинақтаудың және оларды елден тыс жерлерде орналастырудың, мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты басқарудың мемлекеттік саясаты, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясы фискалдық тәуекелдердiң ықтимал келеңсіз салдарларының алдын алуға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзiмдi фискалдық саясаты Қазақстан Республикасы Үкіметінiң фискалдық стратегиясын белгілейдi, бар мемлекеттік ресурстар көлемi мен үш жылға арналған негізгі фискалдық басымдықтарды айқындауға мүмкiндiк бередi.
Келешекте орта мерзiмдi фискалдық саясаттың рөлiн осы құжатты әзiрлеген кезде көзделген мақсаттар қаншалықты дәрежеде орындалғаны бойынша бағалауға болады.