«Көшiп келу туралы» Қазақстан Республикасының заңын күшiне енгізу туралы»
Қазақстан Республикасы жоғарғы кеңесiнiң қаулысын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы»
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 15 желтоқсандағы № 1055 қаулысы
(2004.08.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2005.27.07. № 781 қаулысымен күші жойылды
Бiрыңғай мемлекеттік көшi-қон саясатын жүзеге асыру, босқындарды, өзiнiң ата қонысына қайтып келiп жатқан адамдарды және отбасыларын республикаға қоныстандыруды реттеу мен ұйымдастырушылық-нысаналық тұрғыдан қамтамасыз ету және "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын күшiне енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1992 жылғы 26 маусымдағы қаулысын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. 1992 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі жанынан Халықтың көшi-қон департаментi құрылып, Департамент төрағасы - Еңбек министрінің орынбасары лауазымы енгiзiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі жанындағы Халықтың көшi-қон департамент туралы осыған қосылған ереже бекітілсiн.
3. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі орталық аппараты қызметкерлерiнiң жалпы шектi саны 8 адамға арттырылып, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 26 қарашадағы № 990 қаулысына сәйкес белгiленген жылдық еңбекақы қоры сақталсын.
4. Облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiне өздерiнiң басқару органдары құрамында жергiлiктi бюджет қаржысы есебiнен Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлдiк берiлген өкiлдерiн белгiлеу ұсынылсын.
5. Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң орталық аппаратына қызметтiк бір жеңiл автомобильге лимит арттырылсын.
6. Қазақстан Республикасы Материалдық ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі жанындағы Халықтың көшi-қон департаментiне белгiленген тәртiппен материалдық-техникалық ресурстар бөлiнуiн қамтамасыз етсiн.
7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көшi-қон қоры туралы осыған қосылған ереже бекітілсiн.
8. Босқындармен жұмыс туралы осыған қосылған уақытша ереже бекітілсiн.
9. "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөніндегі кешендi шаралардың осыған қосылған бағдарламасы бекітілсiн.
10. Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң өзiнiң ата қонысына қайта оралып жатқан босқындарды қабылдау мен жайғастырудың 1992 жылдың екiншi жартысына арналған жоспары туралы ұсынысына келісім берiлсiн.
11. Қазақстан Республикасына келген босқындарға көмек көрсету үшiн:
Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бірлесiп Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң ұсынысы бойынша босқындарды тұрған алаңның көлемiне және бұрынғы тұрған жерiнен шыққандығы туралы төлқұжатындағы жазбаларға қарамастан оларды уақытша тiркелiм жасау мәселесiн шешетiн болсын;
кәсiпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға босқындардың тұрақты жаңа жұмыс орындарында оларға 3 айлық жалақы (тарифтiк ставка) мөлшерiнде біржолғы көмек көрсету ұсынылсын;
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы, қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң өтiнiмi бойынша босқындардың уақытша тұруын ұйымдастыру үшiн құрал-сайман мен жабдықтар бөлсiн;
облыс әкiмдерi, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі 1992 жылы келген қоныс аударушылардың отбасын бір айлық мерзiмде тұрғын үймен қамтамасыз ету, қажеттi еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау жөніндегі қажеттi нақты шараларды жүзеге асырсын.
12. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитетi, Еңбек министрлігі босқындар мен көшiп келушiлердiң қоныстарын және топтасқан шаруашылықтарын ұйымдастыру үшiн көшi-қонның жер қорын құрау тәртібі туралы ұсынысты бір айлық мерзiмде енгiзсiн.
13. Облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi бір айлық мерзiмде қалалар мен басқа да елдi мекендер бойынша босқындар мен көшiп келушiлерге жыл сайын үй тұрғын алаң лимитiн белгiлеп, оны кейiн "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көшi-қон қорына беретiн болсын.
14. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 4 қарашадағы № 664 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтiк қорғауды қажет ететiн және еңбекке орналасуда қиыншылыққа ұшырап отырған адамдарды жұмысқа қабылдауды квоталау тәртібі туралы ереженi босқындарға, қоныс аударушыларға және олардың еңбекке жарамды отбасы мүшелерiне қолдану туралы Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң ұсынысы қабылдансын.
15. Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтiк жағынан қорғау министрлігі мемлекетаралық келісімдер жасалмаған мемлекеттерден көшiп келген азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесiн пысықтайтын болсын.
16. Қазақстан Республикасы Көлiк құрылысы министрлігі отандастардың қоныс аударуына неғұрлым қолайлы жағдайды қамтамасыз ету және Монғолиямен сауда-экономикалық, туристiк алмасуды одан әрi дамыта беру мақсатында Қосағаш (Алтай Республикасы) - Берел (Шығыс Қазақстан облысы) автомобиль жолын салу мүмкiндiгiн қарастырсын және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгiзсiн.
17. Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі осы қаулыдан туындайтын өзгерістер мен толықтыруларды Үкiметтiң шешiмдерiне енгізу туралы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгiзетiн болсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1992 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 1055 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі
жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi туралы
Ереже
1. Көшi-қон департаментi Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң дербес құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.
2. Көшi-қон департаментi өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Мемлекеттік тәуелсiздiк туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын, Қазақ КСР-iнiң мемлекеттік егемендiгi туралы декларацияны, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы", "Көшiп келу туралы Заңдарын, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк актілерін, олардың негiзiнде қабылданған мемлекетаралық келісімдердi және осы Ереженi басшылыққа алады.
3. Көшi-қон департаментi байырғы ұлт адамдары мен отбасыларын ерiктi түрде қоныс аудару және орналастыру жөніндегі бағдарламаны талдам жасау мен жүзеге асыру, олардың конституциялық хұқтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекеттік көшi-қон қорының қызметiн үйлестiру үшiн жауап бередi.
4. Халықтың көшi-қон департаментiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
республикаға қоныс аударуды реттеу және ұйымдық-нысаналық қамтамасыз ету, босқындар үшiн, өзiнiң ата қонысына қайта оралып жатқан адамдар мен отбасылары үшiн жаңа орында қажеттi тұрмыс жағдайларын жасау;
байырғы ұлт адамдары мен отбасыларының Қазақстан Республикасына ерiктi түрде қоныс аударуының шарттары мен мәселелерi жөнiнде басқа мемлекеттердiң үкiмет органдарымен, ведомстволарымен, кәсiпорындарымен, мекемелерiмен, ұйымдарымен келісімдер жасау;
ұлттық диаспора, оның ата мекенiнде тұру үшiн ерiктi түрде қоныс аударуына, ортаға бейiмделуiне, еңбекке орналасуына және тiршiлiк етуiне тиiстi материалдық-тұрмыстық жағдай жасауға қамқорлық көрсету;
әрбір күнтiзбе жылға көшiп келушiлердiң қай елден келетiнi көрсетiлiп олардың шектi саны мен түрлерiн, оларды қабылдауға, жайғастыруға және ортаға бейiмдеуге қажеттi материалдық-қаржы ресурстарын, сондай-ақ олардың қайта орналасуға тиiс екендiгiн, еңбек етуге тиiстi шаруашылықтардың (мекемелер мен кәсiпорындардың) түрлерiн анықтау;
республиканың шет елдегi өкiлдiктерiнiң, орталық және жергiлiктi басқару органдарының ұсынысы, сондай-ақ өз бастамасы бойынша шетелдiктер мен олардың отбасыларының республикаға қоныс аудару туралы өтiнiштерiн белгiленген көшi-қон квотасына сәйкес қарау;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көшi-қон қорын нысаналы түрде қалыптастыру және пайдалану;
Қазақстан Республикасының "Көшiп келу туралы" Заңын және оның негiзiнде қабылданған басқа да нормативтiк актiлердi, сондай-ақ Департаменттiң көшi-қон мәселелерi жөніндегі шешiмдерiн министрлiктер мен ведомстволардың, жергiлiктi әкiмшiлiктер мен шаруашылық органдарының орындауын бақылау.
ҚР Үкіметінің 2004.08.02. № 868 қаулысымен 5-тармақтың өзгертілді
5. Көшi-қон департаментi өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
азаматтардың (отбасыларының) республикаға қоныс аудару туралы өтiнiштерiн тiркеудi, есепке алуды және қарауды ұйымдастырады;
республиканың облыстары мен аудандары көшi-қон қызметтерiнiң бір кезде республикадан кетуге мәжбүр болғандарды қабылдау, жайғастыру, әлеуметтiк қорғау үшiн жағдай жасау жөніндегі жұмысын үйлестiредi;
республиканың мүдделi министрлiктерiмен және ведомстволарымен бірлесiп қоныс аударушы байырғы ұлт адамдарының отбасыларын көшiрудi, үй мүлiктерiн (жүктерiн) көлiк құралдарымен тасымалдауды, олардың малдарын айдап өткiзудi ұйымдастырады;
көшi-қон проблемалары жөніндегі ғылыми зерттеулердi үйлестiредi, босқындар мен көшiп келушiлердi ұтымды орналастыру мүмкiндiгiне болжам жасайды;
тиiстi жергiлiктi атқарушы органға босқын-көшiп келушiлердi қоныстандыру мен олардың топтасқан шаруашылықтарын ұйымдастыру үшiн көшi-қон жер қорынан бос жерлердi беру туралы ұсыныс енгiзсiн;<*>
"Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөніндегі нормативтiк актiлер мен әдiстемелiк құжаттарды талдап жасайды;
"Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының заңын жүзеге асыру жөніндегі бағдарламалар мен кешендi шаралардың орындалуын бақылайды;
байырғы ұлт адамдары мен отбасыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шыққан адамдардың көшiп келуге мәжбүр болған себептерiне талдау жасап, қорытындылайды;
"Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асырудың барысы туралы жыл сайын Министрлер Кабинетiне ақпарат табыс етедi;
шет елдерден, сондай-ақ ТМД-ның басқа республикаларынан жұмыс күштерiн тарту (жұмысқа қабылдау) жөніндегі арыздарды қарап, лицензиялар бередi;
қабылданған жұмысшы күшiн лицензия қолданылатын мерзiм iшiнде пайдаланудың тиiмдiлiгiне талдау жасайды;
босқындар мен көшiп келушiлердiң әлеуметтiк-экономикалық және мәдени-тұрмыстық проблемаларын шешу жөніндегі жұмыстың жинақталған тәжiрибесiне талдау жасайды және қорытындылайды, жергiлiктi әкiмшiлiктер мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен осы тәжiрибенi тарату жөнiнде шаралар әзiрлейдi.
6. Халықтың көшi-қон департаментiнiң:
өзiнiң құзырына жататын мәселелер бойынша шешiмдер қабылдауға;
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң, Министрлер Кабинетінің көшiп келушiлердiң хұқтарын қорғау мәселелерi жөнiнде қолданылып жүрген заңдары мен нормативтiк актілеріне қайшы келетiн министрлiктер мен ведомстволардың, мемлекеттік және шаруашылық органдары бұйрықтарының, нұсқауларының қолданылуын тоқтата тұру қажеттiгi туралы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныс енгізуге;
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің мәжілістерiнде Халықтың көшi-қон департаментiнiң құзырына жататын мәселелер бойынша министрлiктер, ведомстволар, ұйымдар мен мекемелер басшыларының есептерiн тыңдау туралы ұсыныс енгізуге;
көшiп келушiлердiң хұқтары мен мiндеттерiн қамтамасыз ету жөнiнде Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдары мен басқа да нормативтiк актiлердiң нормаларын қолдану туралы түсiнiктер беруге;
Халықтың көшi-қон департаментiне жүктелген мiндеттердi шешу үшiн министрлiктерден, ведомстволардан, мемлекеттік концерндерден, қауымдастықтардан және басқа бірлестiктерден, кәсiпорындардан, ұйымдар мен мекемелерден қажеттi ақпарат, материалдар мен анықтамалық деректер сұратуға;
Мемлекеттік көшi-қон қорының дұрыс пайдаланылуына бақылау жасауға;
шет ел жұмысшыларының болуына және қызмет етуiне қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету жөнiнде кәсiпорындар мен ұйымдарға сараптау жүргiзуге, жергiлiктi еңбек ресурстарын толық пайдалануды ескере отырып оларды жұмысқа тартуды тоқтата тұруға немесе шектеуге хұқы бар.
7. Департаменттi төраға - Қазақстан Республикасы Еңбек министрінің орынбасары басқарады, оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi тағайындайды және босатады.
Төрағаның бір орынбасары болады, оны Қазақстан Республикасының Еңбек министрi тағайындайды.
8. Халықтың көшi-қон департаментiнiң төрағасы:
Департамент қызметiне басшылық етедi;
Департаментке жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуы үшiн дербес жауап бередi, орынбасар мен бөлiмше басшылары арасында мiндеттерiн ажыратып бөледi;
бөлiмшелер туралы ереженi бекiтедi, белгiленген құрылым, қызметкерлер саны және еңбекақы қоры шегiнде аппарат қызметкерлерiн, облыстардағы уәкiлдiк берiлген өкiлдердi тағайындайды.
9. Департамент заңды ұйым болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген, өз атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi болады.
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1992 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 1055 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
көшi-қон қоры туралы
Ереже
I. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көшi-қон қоры Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi шеңберiнде құрылады және "Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру жөніндегі шараларды қаржыландыруға арналған.
Мемлекеттік көшi-қон қоры республикалық деңгейде құрылады және өзiнiң қызметiнде Қазақстан Республикасының "Көшiп келу туралы" Заңын, көшi-қон процестерiн реттеу жөніндегі республиканың басқа да нормативтiк актілерін, үкiметаралық келісімдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
II. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
көшi-қон қорының мiндеттерi
2. Мемлекеттік көшi-қон қорының негiзгi мiндеттерi мыналар:
байырғы ұлт адамдары мен отбасыларының, сондай-ақ ұлтына қарамастан қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру және жаппай ашаршылық кезеңiнде республика аймағынан кетуге мәжбүр болған Қазақстаннан шыққан адамдардың Қазақстан Республикасына ерiктi түрде және ықтиярсыз қоныс аударуына байланысты шығындарды қаржыландыру;
шет елдегi қазақ диаспорасымен байланыс жөніндегі мемлекетаралық шараларды қаржыландыру.
III. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
көшi-қон қорының қаржысы
3. Мемлекеттік көшi-қон қорының қаржысы:
Қазақстан Республикасының заңдарымен және халық депутаттары жергiлiктi Кеңестерiнiң шешiмдерiмен анықталатын мөлшерде республикалық және жергiлiктi бюджеттерден бөлiнетiн ақшалай қаражаттардан;
жерлестiктер мен мәдени орталықтардың қаржысын, кәсiпорындардың, кәсiпкерлер ұйымдары мен бірлестiктерiнiң ерiктi түрдегi аударымдарынан, шетелдiк және отандық ұйымдар мен жеке адамдардың қайырмалдықтарынан, оның iшiнде валюталық қайырмалдықтан;
көшi-қон жер қорынан;
мемлекет орталықтандырылған тәртiп бойынша және жергiлiктi органдар бөлетiн, сондай-ақ республикадан кетiп бара жатқан адамдардан уағдаластық шарт негiзiнде жергiлiктi әкiмшiлiктер сатып алатын тұрғын жайлардан;
Қазақстан Республикасына азаматтары қоныс аударатын мемлекеттер бөлетiн тауарлар мен ақшалай қаражаттан құралады.
4. Мемлекеттік көшi-қон қорынан қаржысын жинақтау және оны пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік банкiсiнде бірыңғай ағымдағы есепшот, сондай-ақ шетелдiк валютада, қымбат бағалы заттар түрiнде түсетiн қаржыны есепке алу үшiн арнаулы есепшоттар ашылады.
Мемлекеттік көшi-қон қоры қаржысының түсуiн есепке алу, оларды тиiстi есепшоттарға қосу, Қордың есепшоттарын пайдалану және олар бойынша операциялар жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiткен ретпен белгiленедi.
5. Мемлекеттік көшi-қон қорының қаржысын жұмсаудың негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі, облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің келiсуi бойынша әзiрлейтiн жыл сайынғы республикалық және облыстық көшi-қон бағдарламаларында белгiленедi.
6. Мемлекеттік көшi-қон қорына берiлген барлық қайырмалдық, сондай-ақ ұйымдастыру көмегi Қордың басқармасында (дирекциясында) тiркеледi, ал неғұрлым көп үлес қосқан немесе елеулi көмек көрсеткен адамдар, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер, шет елдiк ұйымдар мен жеке адамдар туралы деректер республикалық және жергiлiктi баспасөз органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және хабарланады.
Қазақстан тұрғындарынан және шетел азаматтарынан Мемлекеттік көшi-қон қорына қымбат бағалы металдар мен тастардан жасалған бұйымдарды, басқа да игiлiктердi, сондай-ақ шетелдiк валютадағы жарналарды қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң, Ұлттық мемлекеттік банкiсiнiң және Қазақстан Әлем банкінің қатысуымен Қаржы министрлігі белгiлейдi.
Аталған валюталық қаржы Мемлекеттік көшi-қон қорының материалдық базасын дамытуға пайдаланылады.
7. Мемлекеттік көшi-қон қорына қаржының уақтылы түсуiне және дұрыс жұмсалуына Халықтың көшi-қон департаментi бақылау жасайды, қажет болған жағдайда бұл iске қаржы және салық қызметiн қатыстырады.
IV. Мемлекеттік көшi-қон қорының бюджетiн
талдам жасау, бекіту және жұмсау тәртібі
8. Мемлекеттік көшi-қон қоры бюджетiнiң жобасын қалыптастыру көзi мен жұмсау баптары бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігі жанындағы Халықтың көшi-қон департаментi талдам жасайды және оны Мемлекеттік көшi-қон қорының басқармасы бекiтедi.
9. Мемлекеттік көшi-қон қорының есептi жылда пайдаланылмаған қаржысы алып қоюға жатпайды және келесi қаржы жылына көшiрiледi.
V. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
көшi-қон қорын басқару
10. Мемлекеттік көшi-қон қорының басқару органдары басқарма, атқарушы дирекция және тексеру комиссиясы болып табылады.
Облыстарда Мемлекеттік көшi-қон қорын қалыптастыру мен пайдалану мәселелерi Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлеттi өкiлдерiне жүктеледi.
11. Мемлекеттік көшi-қон қорының басқармасы өзiне жүктелген мiндеттердi республиканың Министрлер Кабинетiмен, қызметi халықтың көшiп келу проблемасымен байланысты министрлiктермен, ведомстволармен және қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасай отырып шешедi.
Мемлекеттік көшi-қон қоры басқармасының құрамына тұрақты негiзде Халықтың көшi-қон департаментiнiң төрағасы, облыстардың уәкiлеттi өкiлдерi, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінiң, оның Жұмыспен қамту бас басқармасының, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң өкiлдерi, Мемлекеттік көшi-қон қорының атқарушы директоры және Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік банкiсiнiң келiсуi бойынша оның уәкiлеттi өкiлдерi кiредi.
Мемлекеттік көшi-қон қоры басқармасының құрамына Халықтың көшi-қон департаментiнiң ұсынуы бойынша қызметi халықтың көшi-қон мәселелерiмен байланысты мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi енгiзiлуi мүмкiн.
Мемлекеттік көшi-қон қоры басқармасының төрағасын Халықтың көшi-қон департаментiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек министрi тағайындайды.
12. Мемлекеттік көшi-қон қорының басқармасы:
халықтың көшi-қон жөніндегі республикалық бағдарламасында көзделген шығындарды уақтылы әрi түгел қаржыландыруға толығымен жауап бередi;
Мемлекеттік көшi-қон қорының келешектегi және кезектi мiндеттерiн белгiлейдi;
Мемлекеттік көшi-қон қорының қаржысы мен материалдық құралдарына иелiк етедi;
Мемлекеттік көшi-қон қорын қалыптастырудың мөлшерi жөнiнде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне ұсыныстар енгiзедi;
Мемлекеттік көшi-қон қорының бюджетi мен шығыс сметасын, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептi қарап, бекiтедi;
атқарушы дирекция аппаратының, сондай-ақ тексеру комиссиясының құрылымын, штатын, еңбекақы қорын қоса алғанда шығыс сметасын бекiтедi;
Мемлекеттік көшi-қон қорының атқарушы директорын тағайындайды;
өзiнiң құзыры шегiнде Мемлекеттік көшi-қон қорына жататын мәселелер бойынша қажеттi ережелер мен нұсқауларды бекiтедi;
Мемлекеттік көшi-қон қорының құзырына жататын мәселелер жөніндегі белгiленген тәртiп бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады, шетелдiк, халықаралық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен өзара қарым-қатынаста Мемлекеттік көшi-қон қоры атынан өкiлдiк етедi.
13. Мемлекеттік көшi-қон қорының басқармасы қажет болуына қарай, бірақ жылына кемiнде бір рет шақырылады. Өз мүшелерiнiң кемiнде үштен екi бөлiгi қатысқан жағдайда шешiм қабылдауға хұқы бар. Басқарманың шешiмдерi қатысып отырған мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
14. Мемлекеттік көшi-қон атқарушы-өкiмшi функцияларын жүзеге асыру және қызметiне жедеғабыл басшылық ету үшiн басқарманың шешiмiмен тұрақты жұмыс iстейтiн атқарушы дирекция құрылады.
Атқарушы дирекция туралы ереженi Мемлекеттік көшi-қон қорының басқармасы бекiтедi.
15. Мемлекеттік көшi-қон қорының тексеру комиссиясының құрамын және ол туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі мен Қаржы министрлігі бекiтедi. Комиссия құрамына қорды қаржыландыруға байланысты қызмет көрсететiн қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi енгiзiлуi мүмкiн.
Мемлекеттік көшi-қон қоры тексеру комиссиясының төрағасын Қазақстан Республикасының Еңбек министрi тағайындайды.
Мемлекеттік көшi-қон қорының тексеру комиссиясы:
Мемлекеттік көшi-қон қоры басқармасы мен оның жергiлiктi органдарының қаржы және шаруашылық қызметiн бақылайды;
материалдық игiлiктердiң жай-күйi мен есебiне тексеру жүргiзедi;
атқарушы дирекциядағы iстердiң өту мерзiмi мен дұрыстығын, азаматтардың хаттарымен, ұсыныстары және өтiнiштерiмен жұмыстың жайын тексередi;
Мемлекеттік көшi-қон қорына қаржының уақтылы және дұрыс түсуiн тексередi, оның жұмсалуына бақылау жасайды;
Мемлекеттік көшi-қон қорының қызметiне байланысты мәселелерде бақылаушы органдарға әдiстемелiк көмек көрсетедi;
жүргiзiлген тексерудiң қорытындыларын Мемлекеттік көшi-қон қорының басқармасына және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне табыс етедi.
16. Халықтың көшi-қон департаментiнiң уәкiлеттi өкiлдерi тексеру комиссиясына Мемлекеттік көшi-қон қорына аударым жасалған қаржы туралы және Қордан бөлiнген қаржының жұмсалуы туралы қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi ешбір кедергiсiз табыс етедi.
17. Мемлекеттік көшi-қон қоры басқармасының төрағасы немесе оның тапсыруы бойынша атқарушы директор басқарманың шешiмдерi негiзiнде және оның атынан Қазақстан тұрғындарынан, шет ел азаматтары мен ұйымдарынан түскен ақшалай қаржы мен шет ел валютасын қорға қосу үшiн есепшоттар ашады.
18. Мемлекеттік көшi-қон қорының атқарушы дирекциясы мен тексеру комиссиясын ұстауға және олардың қызметiне байланысты шығындар қордың қаржысы есебiнен жасалады.
VI. Мемлекеттік көшi-қон қорының хұқықтық жағдайы
19. Мемлекеттік көшi-қон қоры туралы ереженi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
20. Мемлекеттік көшi-қон қорының басқармасы Алматы қаласында орналасқан.
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетінің
1992 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 1055 қаулысымен
Бекiтiлген
Босқындармен жұмыс туралы Уақытша ереже
Осы Ереже босқындармен жұмыстың және оларға бірiншi кезектегi көмек көрсетудiң тәртібін белгiлейдi.
"Көшiп келу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес басқа мемлекеттерде тұратын қудалану, қысым көру, хұқтары мен бостандықтарының шектелуi немесе осындайға ұшырау катерiнiң негiзi болуы себептi, сондай-ақ өзiнiң ата қонысымен қауышу ниетiмен Қазақстан Республикасына қайта оралуға мәжбүр болатын қазақ диаспорасы адамдарына босқындар мәртебесi берiледi.
Босқындарды тiркеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрған барлық босқындар, олардың тұрған уақытына қарамастан, тiркелуге жатады. Жазбаша өтiнiш пен төлқұжат (туғаны туралы куәлiк) немесе оның орнына берiлген басқа құжат (қызмет куәлiгi, зейнеткер куәлiгi, оқушы немесе студент билетi, еңбек кiтапшасы, диплом, білімi немесе кәсiби даярлығы жөніндегі куәлiк) тiркеу үшiн негiз болып табылады.