11. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдау
және өткеру кезiнде оқыту
38. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер қызмет кезеңiнде жоғары тұрған лауазымға тағайындалу үшiн курстық даярлықтың мынадай жүйесi бойынша мiндеттi оқытудан өтедi:
1) бастапқы әскери оқу (базалық);
2) негiзгi әскери оқу (функционалдық);
3) сержанттық курс (перспективалық);
4) сержанттық жоғары курс (жоғары).
Келісім-шарт бойынша қатардағы құрам лауазымдарына әскери қызметке барлық қабылданушылар және тиiстi әскери мамандық бейiнi бойынша мамандығы жоқ адамдар әскери комиссариаттар арқылы бастапқы әскери оқудан өтедi. Оқуды аяқтағаннан кейiн бөлiмше, взвод және оларға теңестiрілген бөлiмшелер буындарының қатардағы құрамының лауазымдарына тағайындалады. Оқу әскери-техникалық мектептерде қабылданушылардың таңдаған мамандық бағдарламасы бойынша жүргiзiледi.
Негiзгi әскери оқытудан сержанттар (старшиналар) лауазымдарына тағайындауға жоспарланған және бес жылға келісім-шарт жасасқан, келісім-шарт бойынша 3 жылдан артық қызмет атқарған әскери қызметшiлер өтедi. Оқуды аяқтаған соң олар взвод, рота және оларға теңестiрілген бөлiмшелер буындарының сержанттар (старшиналар) лауазымдарына тағайындалады. Оқыту гарнизонда гарнизон бастығының бұйрығымен құрылатын курстарда және оған теңестірілген уәкілетті органның құрылымдарында жүргізiледі.
Сержанттық курсты келісім-шарт бойынша 5 жылдан кем емес қызмет өткерген, 10 жылға келісім-шарт жасасқан және прапорщиктер (мичмандар) лауазымына тағайындауға жоспарланған әскери қызметшілер өтедi. Оқуды аяқтағаннан кейiн бригадаға дейiнгi буында және уәкiлеттi мемлекеттік органдардың оларға теңестiрiлген құрылымдарында прапорщиктер (мичмандар) лауазымына, сондай-ақ бригададан және уәкiлеттi мемлекеттік органның орталық аппаратына дейiнгi сержанттар (старшиналар) лауазымына тағайындалады. Оқу уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен құрылатын (Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Бас штабы бастығының бұйрығымен) округтерде құрылатын арнайы мектептерде жүргiзiледi.
Сержанттың жоғарғы курсын келісім-шарт бойынша 10 жылдан кем емес қызмет өткерген, қызметтегi шектi жас жағдайына дейiн қызметiн жалғастыруға тiлек бiлдiрген және бөлiмдер мен бөлiмшелер офицерлерi лауазымына, сондай-ақ полктен (жекелеген бөлiмнен) бастап округтер мен әскер түрiнiң штабтарына дейiнгi және оған теңестiрiлген Қарулы Күштер құрылымдарында, сондай-ақ уәкiлеттi мемлекеттік органның департаменттеріндегі, бас басқармалары мен басқармаларындағы және орталық аппараттарындағы жұмыстарға тағайындауға жоспарланған әскери қызметшiлер өтедi.
39. Оқу уәкiлеттi мемлекеттік органның басшысы (Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Бас штабы бастығының бұйрығымен) бекiткен жеке бағдарламалар бойынша жүргізіледі.
Оқитындардың саны және келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлердiң оқуы бойынша iс-шаралар өткізудi ұйымдастыру жөніндегі басқа да ерекшелiктерi уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының (ал Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Бас штабы бастығының бұйрығымен) келесi оқу жылына шығарылатын бұйрығында айқындалады. Сержанттар (старшиналар) даярлау қажеттілігiн айқындау үшiн әскери бөлiм (мекеме) командирi (бастығы) жыл сайын 15 қаңтар мен 15 шiлдеге қарай келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер жөніндегі ведомосiмен (11-қосымша) бірге, әскери-техникалық мамандар даярлау жөніндегі өтiнiмдi (12-қосымша) және сержанттар даярлау қажеттілігiнiң есебiн (13-қосымша) ұсынады.
12. Демалыстар
40. "Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесi және оларды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлерге демалыс берiледi.
41. Күнтiзбелiк есеппен жалпы қызмет өткерген жылдарына, олардың әскери қызмет ерекшелiктерi мен жағдайларына қарай жыл сайынғы негiзгi демалыс ұзақтығы мынадай:
1) әскери қызметте 10 жылға дейiн қызмет өткергендерге - 30 тәулiк; 10 жылдан 15 жылға дейiн - 35 тәулiк; 15 жылдан 20 жылға дейiн - 40 тәулiк; 20 жылдан және одан жоғары - 45 тәулiк;
2) ұшу жұмысында болғандарға, жауынгерлiк кезекшiлiк атқарғандарға, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн жерлерде қызмет өткеретiндерге - 45 тәулiк.
42. Келісім-шарт бойынша жеңiлдiктер алуға құқығы бар әскери қызметшілерге демалыс олар үшiн қолайлы уақытта берiледi.
43. Негiзгi демалыс ұзақтығын анықтаған кезде ескерiлетiн жалпы қызмет атқарған жылдары, әскери қызметшiлерге зейнетақы тағайындау үшiн қызмет өткерген күнтiзбелiк жылдарын есептеу үшiн белгiленген тәртiп бойынша есептеледi.
44. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер демалыста жүргенде ауырған немесе отбасы мүшелерi (әкесi, анасы, әйелi немесе күйеуi, баласы, туған аға-iнiсi мен әпке-қарындасы немесе олар асырауында болған басқа да адамдар) қайтыс болған немесе қатты ауырған, сондай-ақ осы отбасының адамдары қасiретке ұшыраған жағдайда гарнизон бастығы бұл туралы әскери бөлiм (мекеме) командирiне (бастығына) дереу хабарлап, қосымша ақылы демалыс беруi мүмкiн. Науқасы бойынша демалыс емдеу мекемесiнiң бастығы (бac дәрiгерi) растаған емдеушi дәрiгердiң анықтамасы негiзiнде берiледi.
Кейiннен әскери бөлiм жеке құрамының тiзiмiнен шығарылуымен әскери қызметтен босатылуға байланысты берiлетiн демалыс кезеңiнде қосымша ақылы демалыстар берiлмейді.
45. Ерекше жағдайларда дивизия командирiнен бастап, оған теңестірілген және одан жоғары тiкелей бастықтың шешiмi бойынша негізгі демалысты келесi жылға ауыстыруға рұқсат етiледi. Бұл жағдайда өткен жылдың демалысы басталған жылдың бірiншi тоқсанында берiлуi керек, ал егер келісім-шарт бойынша әскери қызметшi әскери қызметтен босатылатын болса, онда ол босатылар жылдың демалысына қосылуы тиiс.
46. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлерге қосымша ақылы демалыстар берiледi:
1) зиянды (ауыр) жағдайларда мiндетiн атқарғаны, қызметiнiң ерекше сипаты үшiн (ұзақ iссапарлар, жауынгерлiк кезекшiлiктiң вахталық әдiсi және оларды тұрақты орналасқан жерiнен ұзақ қол үздiрген басқа да жағдайларда) ұзақтығы 10 тәулiкке дейiн;
2) қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес экологиялық апат аймақтарында қызмет өткерiп жүргендерге.
Жыл сайынғы негiзгi демалыс күнтiзбелiк жыл iшiнде оларды пайдалану кезеңiн кезектестiрудi, әскери бөлiмдердiң ұдайы жауынгерлiк әзiрлiгiн қолдауды ескере отырып және жыл сайынғы негізгі демалыстар кестесiне сәйкес беріледi.
Қосымша ақылы демалыс зиянды, ауыр және ерекше жағдайларда мiндеттерiн орындаумен шұғылданған, сондай-ақ экологиялық апат аймақтарында қызмет өткерген барабар уақытына берiледi.
47. Қосымша ақылы демалыс жыл сайынғы негiзгi демалыспен жинақталып, бір уақытта не бөлiп-бөлiп немесе бөлек берiлуi мүмкiн.
Жыл сайынғы негiзгi демалыс, ал қосымша ақылы демалыс берілген кезде, оның жиынтығы келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнiң жеке өтiнiшi бойынша екiге бөлiнуi мүмкiн.
48. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданған (босатылған) жылы жыл сайынғы негiзгi және қосымша ақылы демалыс берген кезде, демалыс ұзақтығы олардың қызмет өткерген жылдарын, ерекшелiктерiн немесе қызмет жағдайын ескере отырып, әрбір көрсетiлген демалысты 12-гe бөлу және толық қызмет еткен айларының күнiне көбейту жолымен ағымдағы жылы қызмет еткен уақытқа барабар есептеледi. Жеке тiлегi бойынша мұндай демалыс келесi жылғы негiзгi демалысына қосылуы мүмкiн.
49. Негiзгi және қосымша ақылы демалыстардың жалпы ұзақтығы демалыс өткiзетiн жерiне және қайтар жолы үшiн қажеттi уақытын есептемегенде екi айдан аспауы керек.
50. Ерекше жағдайларда келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер тек дивизия командирiнен, оған теңестiрiлген және одан жоғары тiкелей бастықтардың жазбаша рұқсаты негізінде демалыстан шақыртылуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыс бөлiгi басқа уақытқа, осы күнтiзбелiк жыл iшiнде немесе келесi күнтiзбелiк жылдың демалысына қосылып берiлуi тиiс. Сонымен бірге, егер осы күнтiзбелiк жыл iшiнде берiлген демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi осы күнтiзбелiк жыл iшiнде пайдаланылатын болса, онда келісім-шарт бойынша әскери қызметшiге демалыс өткiзетiн жерiне дейiн және қайтар жолы үшiн ақшалай қаражат берiледi, бірақ, ол шақыртылған пункттен әрi емес, сондай-ақ демалыстан тыс жүрер жолына уақыт беріледi.
Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнi жеткiлiктi негiзсіз демалыстан шақыртқан командирлер (бастықтар) тәртiптiк, сондай-ақ қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес материалдық жауапты болады.
51. Демалысы аяқталғаннан кейiн дәлелсiз себептермен қызметке шықпаған келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер "Келісім-шарт бойынша әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының негiзi бойынша запасқа шығаруға жатады.
52. Демалыс уақытында науқастанған келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлердiң демалысы жазылып шығуы бойынша демалыс уақытындағы ауырған күндерiнiң тиiстi санына ұзартылады.
53. Науқасы бойынша демалыс емделу мекемесiнде емделуi аяқталғаннан кейiн штаттық әскери-дәрiгерлiк комиссияның қаулысы негiзiнде берiледi.
Науқасы бойынша демалыс негiзгi және қосымша ақылы демалыстар есебiне кiрмейдi.
54. Ең алдымен денсаулықты сақтау және туысқандық борышты орындаумен байланысты шұғыл әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелерді шешу үшiн әскери бөлiм (мекеме) командирi (бастығы) демалыс өткізетiн жерiне дейiнгi және керi қайту жолының уақытын есептемей, келісім-шарт бойынша әскери қызметшінің рапорты негiзiнде отбасы жағдайы бойынша 10 тәулiкке дейiн демалыс бередi.
Отбасы жағдайы бойынша демалыс жыл сайынғы негiзгi демалыс есебiне саналмайды.
55. Әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирi (бастығы) келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлерге қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін, сондай-ақ азаматтық жоғары және орта арнаулы оқу орындарының кешкi және сырттай бөлiмiнде оқитындарға сессиялар мен қорытынды емтихандар тапсыру үшiн оқу демалыстарын бередi.
Уәкiлеттi мемлекеттік органның басшысы Қазақстан Республикасының азаматтық оқу орындарында әскери қызметшілердiң оқуы туралы ережеде белгiлейтiн тәртiппен азаматтық жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқуға келісім-шарт бойынша әскери қызметшілердің тікелей бастықтары рұқсат бере алады.
56. Келісім-шарт бойынша әскери қызметші әйелдерге ана болуына байланысты демалыс берiледi және "Әлеуметтiк қамсыздандыру жөніндегі жәрдемақыларды жұмыс берушілердің қаражаты есебiнен тағайындаудың және төлеудiң тәртiбі туралы" нұсқаулықты бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 11 маусымдағы № 731 қаулысына сәйкес жәрдемақы төленедi.
Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлерге жүктілігi және босануы бойынша жәрдемақы:
1) тiкелей перзентханадан бала (қыз) асырап алған әйелдерге (еркектерге) жәрдемақы жүктілігi мен босануы бойынша бүкiл демалысы немесе бала немесе қыз асырап алған күнінен бастап демалысы кезеңi iшiнде айлық есептiк көрсеткiштің он есе мөлшерінен асырмай төленедi;
2) әйелдерге барлық демалыс уақытына төленедi. Сонымен бірге жүктілігi және босануы бойынша демалыс күндерi босанғаннан кейінгi 126 күнтiзбелiк күн демалыс күндерiмен жиынтықталады және бір жолғы жәрдемақы төленедi. Ауыр босанған немесе екi және одан көп бала туған жағдайларда жәрдемақы 140 күнтiзбелiк күнге төленедi;
3) егер жүктілігi және босануы бойынша жәрдемақы алу құқығы бір жарым жасқа жеткенге дейiн бала күтiмi бойынша демалыста болған уақытында туындаған және ол аяқталғаннан кейiн жалғастырылған жағдайда. Бұл жағдайда аталған демалыс аяқталған бірiншi күнiнен бастап төленедi.
57. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлерге жүктілігi және босануы бойынша жәрдемақы мыналарға төленбейдi:
1) кiнәлiлiгi анықталған жағдайда әйелдерге тұтқында болған уақытына, сот-медициналық сараптама уақытына, сондай-ақ соттың ұйғарымы бойынша ерiксiз емделу уақытына (психикалық аурулардан басқа);
2) бір жарым жасқа жеткенге дейiн жалақысы сақталмай бала күтiмi бойынша демалыста болған кезеңiнде босанған және осы кезеңде жұмысқа кiрiспеген әйелдерге.
58. Жүктілігi және босануы бойынша жәрдемақы жұмыстан босатудың дұрыстығы туралы дау туындаған кезеңде жұмысқа қайта қабылданған жағдайда оған құқығы пайда болған күнiнен бастап төленедi.
59. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшi әйелдерге жүктілігi және босануы бойынша демалыс олардың рапорты мен медициналық, мекеменiң тиiстi анықтамасы негiзiнде берiледi.
Бұл демалыстардың уақыты қызмет өткерген жылдары үшiн, қызмет мерзiмi шектеулi жерлердегi және биiк таулы жерлердегi үздіксіз қызметi үшiн, сондай-ақ, зейнеткерлiкке шығуға қызмет өткерген жылдарына үстемеақы төлеу үшiн әскери атақта қызмет өткерген жылдары мен лауазымдарда қызмет өткерген жылдары мерзiмiне есептеледi.
Жүктілігi және босануы бойынша демалыс негiзгi және қосымша ақылы демалыстардың есебiне кiрмейдi. Жүктілігi және босануы бойынша демалыс алдында немесе тiкелей содан кейiн әйелдерге ағымдағы жылға негiзгi және қосымша ақылы демалыс берiледi.
Бала күтiмi бойынша демалыс аяқталған жылғы жыл сайынғы негiзгi және қосымша ақылы демалыс осы демалыс бiткен күннен бастап күнтiзбелiк жылдың аяғына дейiнгi уақытқа барабар есептеледi.
Бір жарым жасқа жеткенге дейiн бала күтiмi бойынша қосымша ақылы демалыс әйелдерге олардың тiлегi бойынша толық немесе бөлiнiп берiледi. Келісім-шарт бойынша әскери қызметші әйелдің қызметтік мiндеттерiн атқаруға ақшалай және заттай үлес түрлерiн сақтаусыз ресiмделген демалыс мерзiмi аяқталғанға дейiн де кiрiсуге құқығы бар.
Келісім-шарт бойынша әскери қызметшi әйел бала күтiмi үшiн тиiстi медициналық мекеменiң анықтамасы негiзiнде қызметтiк мiндетiнен (оқуынан) босатылады.
60. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшi әйелдер бір жарым жасқа жеткенге дейiн бала күтiмi үшiн демалыста болған кезеңде олардың атқарып жүрген лауазымына келісім-шарт бойынша басқа әскери қызметшiлер уақытша жiберiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда бала күтiмi үшiн демалыста болған келісім-шарт бойынша әскери қызметшi қызметке шыққанға дейiн оның орнына қызметке қабылданушының келісім-шартында (1-қосымша) уақытша алынғаны туралы белгi қойылады.
61. Келісім-шарт бойынша осы әскери қызметшiлер штатында тұрған әскери бөлiмдердiң (мекемелердiң) командирлерi (бастықтары) демалыс беру құқығын пайдаланады.
Әскери бөлiмдерде 1 қаңтарға дейiн келесi жылға әскери бөлiм командирi бекiтетiн және бұйрықпен жарияланатын негiзгi демалыс жоспары жасалады.
Жыл сайынғы негiзгi демалыс бүкiл күнтiзбелiк жыл ішiнде ай сайын келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлердiң 10-12 пайызы демалыста болуы есебiмен біркелкi берiледi. Демалыс беру құқығын пайдаланатын әскери бөлiмдер командирлерi жыл сайынғы негізгі демалыстың ай сайынғы мөлшерiн жауынгерлiк даярлықтың (тапсырмалар орындаудың) қауырт кезеңiнде азайтуы және тиiсiнше бұл мөлшерді жылдың басқа кезеңдерiнде ұлғайтуы мүмкiн.
Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiге жыл сайынғы негiзгi демалысты қатарынан екi жыл бойы бермеуге тыйым салынады.
Демалыс берген кезде Қазақстан Республикасының шегiнде демалыс өткізетін жері мен қайтар жолы үшін қажетті уақыт уәкiлеттi мемлекеттік органда Әскери тасымалдауды ресiмдеу жөніндегі басшылықпен белгiленген және олар үшiн есеп айырысу тәртібімен есептеледi.
Әскери бөлiмдер (мекемелер) штабтары, кадр органдары мен уәкілетті мемлекеттік органның келісім-шарттық қызметі демалыстың берілуін ұдайы бақылауды бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асыруы және нәтижелерi туралы тиiстi командирлерге (бастықтарға) баяндауы тиiс.
13. Әскери қызмет өткepy туралы келісім-шартты
тоқтату және бұзу
62. Келісім-шарт тоқтатылуы мүмкiн:
1) егер тараптардың келісімi бойынша келісім-шарт мерзiмi ұзартылмаса, мерзiмi аяқталғаннан кейiн;
2) ұйымның таратылуына, санның немесе штаттың қысқартылуына байланысты, егер әскери қызметшi ұсынылған басқа лауазымға келiспесе;
3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз деп тануына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
4) соттың айыптау үкімінiң заңды күшiне енуiне байланысты.
63. Келісім-шарт бұзылуы мүмкiн:
1) тараптардың келісім-шарт талаптарын орындамауына байланысты;
2) әскери қызметшiнiң дәлелсiз себептермен қызметке шықпай қалуына байланысты.
64. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтi өткерiп жүрген әскери қызметшi әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы:
1) өзiне қатысты келісім-шарт талаптарының елеулi немесе жүйелi түрде бұзылуына байланысты;
2) отбасы жағдайына байланысты.
65. Келісім-шартты бұзу Ереженiң 64-тармағы мен 66-тармағының 2) тармақшасында баяндалған негiздер бойынша барлық жағдайда оны жасасқан әскери бөлiмдердiң (мекемелердің) командирлерi (бастықтары) жүргiзедi.
66. Әскери қызметшiлермен келісім-шартты бұзу туралы шешiмдi Ереженiң 21 және 65-тармақтары мен 66-тармағы 1) тармақшасының негiздерi бойынша босатылатын адам штатында тұрған командирден (бастықтан) бір саты жоғары тұрған бастық қабылдайды. Шешiм босатылушының iскерлiк және моральдық қасиеттерiн жан-жақты бағалағаннан, ол жасаған терiс қылықтардың себебiн, тәрбиелiк әсерi бар қандай iс-шаралар қабылданғанын және олардың дұрыс нәтиже берген-бермегенiн мұқият зерделегеннен кейiн қабылданады. 65-тармақ пен 66-тармақтың 1) тармақшасының негiздерi бойынша босату кезiнде жоғары бастық тағайындаған тергеу жүргізіледі.
67. Келісім-шартты бұзатын ұсыныстардың заңдылығын бағалауды Ереженiң 65-тармағы мен 66-тармағының 1) тармақшасының негiздерi бойынша құраманың аттестаттау комиссиясы жүзеге асырады.
68. 64-тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша келісім-шартты бұзу әскери қызметшiнiң рапорты бойынша жүргiзiледi.
69. 66-тармақтың 2) тармақшасында көрсетiлген негiздер бойынша босату белгiленген тәртiппен отбасы жағдайын тексергеннен кейiн жүргiзiледi.
70. Келісім-шартты бұзу туралы бекітілген ұсыныспен келiспеген жағдайда, әскери қызметшiлер белгiленген тәртiппен келісім-шартты бұзу туралы ұсынысты бекiткен командирдiң жоғары бастығына немесе сот тәртібімен шағым беруi мүмкiн.
71. Қызметiнің жалпы ұзақтығы кемiнде он бес жылды құрайтын келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнi, сондай-ақ 64-тармақтың 1) және 2) тармақшаларының негiзi бойынша зейнетақы тағайындауға бес жылға жетпейтiн уақыт қалған әскери қызметте болудың шектi жасына жетпеген адамды өзiнiң келісімiнсiз босатуға болмайды.
72. Босату кезiнде кемiнде 2 рет әңгiмелесу өткiзiледi, олармен әңгiме өткiзген әрбір жағдайда босатылатындардың және бастықтардың қолы қойылып, жазбаша ресiмделедi. Әңгімелесу парақтары (ғы) (14-қосымша) босату материалдарына қоса берiледi. Босату алдындағы соңғы әңгiмелесу кезiнде әскери қызметшiнiң қолын қойдырып, оның жеке iсiмен таныстырады, ал әңгiмелесу парағына босатылу негiзiн жазады.
73. Емдеу мекемелерiнде емделуде болған және науқасы, жүктілігі мен бала күтімi бойынша демалыста болған кезеңiнде запасқа немесе отставкаға шығару Ережеде белгiленген мерзiм шегінде жүргiзілмейді.
74. Әскери (арнайы) оқу орындарының (Кадет корпусының) курсанттары (тыңдаушылары, оқушылары) оқуын бiтiргеннен кейiн әскери қызмет өткеруден бас тартқан немесе өз бастамасы бойынша келісім-шартты бұзған жағдайда, мемлекетке өзiнiң оқуына жұмсалған бюджет қаражатын өтеуге мiндеттi. Ұстауға тиесiлi сома оқуды бітіргеннен кейін, бірiншi келісім-шарт мерзiмi аяқталғанға дейінгі қызмет етпеген әрбір толық айға барабар есептеледi.
75. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiнi босату кезiнде әскери бөлiмнiң (мекеменiң) командирі (бастығы) тиiстi бұйрық шығарады, оның негiзiнде соңғы есеп айырысу жүргiзiледi. Келісім-шарттың екі данасында да босатылуы туралы тиiстi жазба жазылады. Есеп айырысуды жүргiзу кезiнде босатылу негiзi ескеріледi.
76. Әскери қызметтен босату кезінде келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлердiң жеке iстерi босатылушының рапортында көрсетiлген тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) әскери комиссариатқа жiберiледi (14-қосымша).
77. Әскери қызметтен босаған келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер тұрғылықты жерiне келісімен 3 күн мерзiм ішiнде әскери есепке тұру үшiн аудандық (қалалық) әскери комиссариатқа баруға мiндеттi.
78. Әскери қызметке қайта қабылдау терiс емес сипаттағы дәлелдер бойынша запасқа шыққан адамдарға, бірақ босағанына екі жыл өткеннен кейін рұқсат етiледi.
Ерекше жағдайларда келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттік органның келісім-шарт қызметі рұқсат етуi мүмкiн, бірақ лауазымға қабылданушыларға белгiленген мына мерзiмнен:
қатардағы құрамға - 6 айдан;
сержанттық құрамға - 1 жылдан ерте емес.
14. Әскери атақтар беру және әскери атағын төмендету тәртібі
79. Әскери қызметте лауазымдарда тұрған әскери қызметшiлерге әскери атақтар беру мыналардың бұйрықтарымен жүргiзiледi:
1) қатардағы құрамға - әскери бөлiмдер (мекемелер) командирлерiнiң (бастықтарының);
2) сержанттық құрамға - полк командирлерiнiң (1-дәрежелi капитандардың), олармен құқықтарды тең пайдаланатын бастықтардың және олардан жоғары тұрғандардың;
3) старшиналық құрамға - құрамалар командирлерiнiң, олармен тәртiптiк құқықтарды тең пайдаланатын бастықтардың және олардан жоғары тұрғандардың.
Бұл ретте әскери атақтар беру және сержанттардың (старшиналардың) басшылық лауазымдарына тағайындау, тек оқу бөлiмшелерiн (сержанттық құрамның курсын) бiтiргеннен кейiн ғана жүргізіледі.
80. Старшинаны қоса алғанға дейiнгi келесi әскери атақтар беру алдыңғы әскери атақты алғанына бір жыл толғаннан кейiн жүргiзiледi.
Ерекше жеке еңбегi үшiн көтермелеу ретiнде, бірақ оның штатта көрсетiлген атқарып жүрген лауазымынан жоғары емес кезектi әскери атақ белгiленген мерзiмiнен бұрын да берiлуi мүмкiн.
81. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданған запастағы әскери қызметшiнiң бұрын берiлген әскери атағы сақталады.
Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданған, бірақ әскери атағы жоқ азаматқа әскери бөлiм жеке құрамының тiзiмiне алынған кезде "қатардағы" әскери атағы берiледi (7-қосымша).
82. Тәртiптiк жаза шарасы ретiнде әскери атағын төмендету тек бір сатыға ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
83. Старшинаны қоса алғанға дейiнгi әскери атағы бар, әскери атағы төмендетілген келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлердің төмендетiлген күннен бастап екi ай өткеннен кейiн атқарып жүрген қызметiне қарамастан жағымды мiнездемесi болған кезде олардың әскери атағын төмендеткен командирдiң (бастықтың), сондай-ақ жоғары командирдiң (бастықтың) шешiмiмен бұрынғы әскери атағы қалпына келтірілуі мүмкін.
84. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлер, тек қана соттың заңды күшіне енген үкімі бойынша әскери атағынан айырылуы мүмкiн.
15. Қызметi бойынша ауыстыру
85. Келісім-шарт бойынша әскери қызметшiлердi қызметi бойынша ауыстыру (старшинаны қоса алғанға дейiнгi атағы бар) олардың қызметтiк біліктілігiн, жұмыс тәжiрибесiн, iскерлiк және моральдық қасиеттерiн ескере отырып, мыналардың бұйрықтарымен (өкiмдерiмен) жүргiзiледi:
1) уәкiлеттi мемлекеттік органның iшiнде "А" түрi бойынша келісім-шарт жасасқан адамдарға қатысты уәкiлеттi мемлекеттік органның;
2) офицерлiк құрамның және прапорщиктер (мичмандар) лауазымдарына тағайындалатын адамдарға қатысты уәкiлетті мемлекеттік орган басшысының (Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi Бас штабы бастығының);
3) "Б" түрi бойынша дивизиялар, құрамалар, округтер, әскер түрі және оларға теңестiрiлгендер iшiнде келісім-шарт жасасқан адамдарға қатысты округтiң, әскер түрiнiң қолбасшыларына деңгейлердi қоса алғанда, келісім-шартты жасасуға құқығы бар тиiстi әскери бөлiмдер (мекемелер) командирлерiнiң (бастықтарының);
4) бөлiм iшiнде "А" немесе "Б" түрлерi бойынша келісім-шарт жасасқан әскери бөлiмнiң (мекеменiң) штатында тұрған адамдарға қатысты әскери бөлiмдер (мекемелер) командирлерiнiң (бастықтарының);
5) бір министрлiктен (ведомстводан) басқасына - олардың арасындағы келісiм бойынша, келісім-шарт мерзiмi аяқталуы бойынша, уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының шешімi бойынша (Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бұйрығымен), уәкiлеттi мемлекеттік органы бастығының өкімі бойынша жүргiзiледi.
Әдетте, ауыстыру келісім-шарт мерзiмi аяқталуы бойынша немесе оқу кезеңi аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi. Басқа уақытта ауыстыруға, тек өте қажеттi жағдайда, осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес уәкiлеттi мемлекеттік органның келісім-шарт қызметiмен келiскеннен кейiн рұқсат етiледi.