Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін
бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 ж. 12 шілдедегі № 1063 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 22.08.02 ж. № 941; 03.03.04 ж. № 260;
05.06.04 ж. № 626; 2005.14.02. № 140 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 ж. 21 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Азаматтардың еркін жүріп-тұруына және тұрғылықты жерін таңдауына конституциялық құқықтарын іске асыру, халықты құжаттандыру және есепке алу жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесі бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Әдiлет министрлігі белгіленген тәртіппен бір айлық мерзімде Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін қолдану туралы Нұсқаулықтарды әзірлесін және бекітсін.
3. Орталық атқарушы органдар бір айлық мерзімде өздерінің нормативтік құқықтық кесімдерін осы қаулыға сәйкес келтірсін.
4. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
5. Осы қаулы 2000 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | Қ. Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 12 шілдедегі
№ 1063 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру
және тіркеу ережесі
Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесі жеке адамның құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында белгіленген. Ол Қазақстан Республикасы аумағының шегінде еркін жүріп-тұру, тұрғылықты жерін таңдау, шет елге шығу мен отанына қайтып оралу құқықтарының сақталуына кепілдік береді.
Осы Ереже Конституцияның, "Азаматтық туралы", "Халықтың көші-қоны туралы" және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің "Шет ел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы" заң күші бар Жарлығының және өзге де нормативтік құқықтық кесімдердің нормаларына негізделген және республиканың экономикалық дамуы, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестерді реттеу мүдделерінде халықтың көші-қонын есепке алуды жүзеге асырудың тәртібі мен Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай рәсімдерін белгілейді.
1. Жеке басты куәландыратын құжаттар және олардың түрлері
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, тұратын жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары болуы керек.
2. Адамның жеке басын куәландыратын құжаттар:
1) Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты;
2) жеке куәлік;
3) шетелдіктің Қазақстан Республикасында қоныстану ықтиярхаты;
4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі.
3. Жеке басты куәландыратын құжаттар мемлекеттің меншігі болып табылады.
4. Уәкілетті орган иесінің қалауы бойынша, жеке басты куәландыратын құжатты мемлекеттік немесе орыс тілінде, ал Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын, сонымен қатар ағылшын тілінде толтырады.
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты Қазақстан Республикасының азаматтарына, олардың қалауы бойынша, жасына қарамастан беріледі.
Төлқұжатта:
тегі, аты, әкесінің аты; туған күні және жері; жынысы; ұлты (иесінің қалауы бойынша көрсетіледі); азаматтығы;
төлқұжатты берген әділет органының атауы;
берілген уақыты және қолданылу мерзімі көрсетіледі.
Төлқұжатқа иесінің фотосуреті жапсырылады және мынадай жазбалар мен белгілер енгізіледі: 1) шетелге шығуы туралы рұқсат ету жазбасы;
2) төлқұжат иесімен бірге шетелге шығып бара жатқан 16 жасқа дейінгі балалар туралы жазба, үш жастан асқан балалар шығатын жағдайда олардың фотосуреттері жапсырылады;
3) шет мемлекеттің визасы;
4) шекарадан өткені туралы шекаралық бақылау-өткізу пунктінің белгісі;
5) төлқұжаттың күшінде болу мерзімінің ұзартылғаны туралы белгі енгізіледі.
Төлқұжатта Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қоятын белгілер, олардың нысандарын уәкілеттi органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi белгілеген, мөртаңбалармен ресімделеді. Төлқұжатта қандай да бір басқа белгілер жасауға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты иесінің жеке басын шетелге шыққан кезде және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде куәландыратын құжат болып табылады. Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты 10 жыл қолданылу мерзімімен беріледі. Азаматтың өтініші бойынша төлқұжаттың қолданылу мерзімін уәкілетті орган тағы бір жылға ұзартуы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 05.06.04 ж. № 626 қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі азаматтарға 16 жастан бастап беріледі және республика аумағында пайдалануға жарамды болады. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын барлық азаматтардың жеке куәлігі болуы керек.
Жеке куәлікте:
тегі, аты , әкесінің аты; туған күні және жері; ұлты (иесінің қалауы бойынша көрсетіледі); тұрақты тұратын жері;
жеке куәлікті берген органның атауы;
берiлген күнi, қолданылу мерзiмi, жеке куәлiктiң коды және штрих-коды көрсетіледi.
Жеке куәлік:
16 жастан 25 жасқа дейін;
25 жастан 45 жасқа дейін;
45 жастан бастап өмір бойы қолданылу мерзімімен беріледі.
Жаңа тұрақты тұратын жері бойынша тіркелген кезде жеке куәлік ауыстырылуы тиіс.
7. Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын, 16 жасқа толған азаматтығы жоқ адамдарға азаматтығы жоқ адамның куәлігі беріледі. Азаматтығы жоқ адамның куәлігі иесінің жеке басын республика аумағында және одан тыс жерлерде растау үшін 10 жыл қолданылу мерзімімен беріледі. Шетелге ата-атасынсыз, қорғаншысыз, қамқоршысыз шығу кезінде азаматтығы жоқ адамның куәлігі 16 жасқа толмаған адамдарға да берілуі мүмкін.
Азаматтығы жоқ адамның куәлігінде Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатында көрсетілетін мәліметтер, сондай-ақ тұратын жері туралы мәліметтер болады.
8. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында қоныстану ықтиярхаты 16 жастан бастап Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтарына, оның азаматы болып табылатын ел төлқұжатының қолданылу мерзіміне беріледі.
Қоныстану ықтиярхаты иесінің жеке басын Қазақстан Республикасының аумағында куәландырады. Онда жеке куәлігінде бар мәліметтер, сондай-ақ иесінің азаматтығы туралы мәліметтер болады.
Шетелге шыққан кезде шетел азаматының жеке басын оның азаматы болып табылатын елдің төлқұжаты куәландырады.
Азаматтығы жоқ адамның қоныстану ықтиярхаты мен куәлігін беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
9. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте тұрған, басқа мемлекеттердің азаматтары болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының елдері Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерінің, офицерлері мен прапорщиктерінің жеке басы әскери бөлімнің қолбасшылығы және әскери мекемелер берген әскери билет бойынша және оның азаматы болып табылатын елдің төлқұжаты бойынша куәландырылады.
2. Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру,
алып қою және пайдалану тәртібі
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
10. Жеке басты куәландыратын құжаттарды, осы Ережеде көзделген құжаттардың негізінде, тиісті адамның өтініші бойынша уәкілетті органдар береді.
Әдiлет органдары Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлiк пен төлқұжат беретiн уәкілетті органдар болып табылады.
Шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері, басқа мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының уәкілетті өкілдіктері арқылы ресімделеді.
Iшкі iстер органдары Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында шетелдiктiң тұруға ықтиярхаты мен азаматтығы жоқ адамның жеке куәлiгiн беру жөнiндегі уәкілетті органдар болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
11. Жеке басты куәландыратын құжаттар мынадай құжаттардың:
туу туралы куәліктің;
Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжатының;
жеке куәліктің;
уақытша жеке басы куәлігінің;
қайтып оралу куәлігінің;
азаматтығы жоқ адам куәлігінің;
шетел мемлекеті төлқұжатының;
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы, сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес азаматтығын өзгерту туралы анықтаманың негізінде беріледі.
12. Жеке басты куәландыратын құжаттар берілгені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде төлем алынады. Оған құжатты ресімдеудің нақты шығындарымен байланысты шығындар кіреді.
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 13-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
13. Жеке басты куәландыратын құжаттарды құжаттандырылушы адамның тұрақты тұратын (тіркелген) орны бойынша уәкілетті органдар береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне табыс етіледі.
14. Жеке басты куәландыратын құжаттар толтырылғанда тегі, аты, әкесінің аты және басқа да деректер, оларды беруге негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.
15. Төлқұжаттағы және жеке бас куәлігіндегі ұлты туралы жазу ата-анасының ұлтына сәйкес жазылады. Ата-анасы әр ұлттан болғанда азаматтың әкесінің немесе шешесінің ұлтын өз еркімен таңдап алуға құқығы бар. Ата-анасының ұлты белгісіз болған жағдайда, оны қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабына сәйкес құжат иесі айқындайды. Қазақстан Республикасының азаматы ұлтын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзгертуі мүмкін.
16. Жеке басты куәландыратын құжаттар егер:
адамды идентификациялау мүмкін болмаса;
оларға өзгерістер заңсыз енгізілсе немесе оған адамды идентификациялаумен байланысты өзгерістер енгізу қажет болса;
оларда осы Ережелерде көзделген жекелеген жазбалар болмаса немесе ол жазбалар ақиқатқа сәйкес келмесе;
олардың қолданылу мерзімі аяқталса;
олар иесінің құқықтық мәртебесіне сәйкес келмесе жарамсыз болып табылады.
17. Жеке басты куәландыратын жарамсыз құжаттарды уәкілетті органдар белгіленген тәртіпте алып қоюға тиіс.
18. Адамда жеке басты куәландыратын бір тектес бірнеше құжаттар болғанда, жарамдысынан басқасы түгел алынып қойылады.
19. Жеке басты куәландыратын құжатты заңнамада белгіленген жағдайлар мен тәртіпте тергеу органдары, анықтау органдары немесе сот алып қоюы мүмкін.
Жеке басты куәландыратын құжаттарды кепілге алуға және тапсыруға, сондай-ақ қолданыстағы заңнамамен және осы Ережемен көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды алып қоюға тыйым салынады.
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 20-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
20. Азаматтар жеке басты куәландыратын құжаттарды ұқыпты сақтауға, оларды жоғалтқан жағдайда жаңасын алу үшін тұратын жері бойынша әділет органына өтініш жасауға міндетті. Шетелде тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары төлқұжатын жоғалтқанда Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне өтініш жасайды.
21. Жеке басты куәландыратын құжаттар құзыретті органдардың лауазымды адамдарының талабы бойынша көрсетіледі.
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 22-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
22. Шетелде тұрақты тұруға кетіп бара жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары жеке бас куәліктерін әділет органына тапсырады.
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 23-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
23. Табылған жеке басты куәландыратын құжаттар және өлген адамдардың құжаттары уәкілетті органдарға тапсырылады. Олар қалыптасқан жағдайға байланысты: оларды иесіне қайтарады; белгіленген тәртіпте жояды; иесі соның азаматы болып табылатын (болған) шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне тапсырады.
24. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары алынып қойылады және үкімді орындаушы мекемелерде сақталады. Жаза мерзімін өтегеннен кейін олар иелеріне қайтарылады.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 25-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
25. Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлікті жоғалтқанда немесе ол одан әрі пайдалануға жарамсыз болғанда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан адамдарға, олар жеке басты куәландыратын жаңа құжаттар алғанға дейін, үш айға дейінгi мерзімде қолданылатын уақытша жеке куәлік беріледі. Қолданылу мерзімін иесінің өтініші бойынша уәкілетті орган тағы үш айға дейін ұзартуы мүмкін. Уақытша куәлік Қазақстан Республикасының аумағында жарамды болады.
Уақытша жеке куәлікте жеке куәліктің өзінде көрсетілген мәліметтер, сондай-ақ оның иесінің азаматтығы туралы мәліметтер болады.
Шетелде уақытша болатын Қазақстан Республикасының азаматтарына төлқұжатты жоғалтқан жағдайда, шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі Қазақстан Республикасына кіруге және тұрақты тұратын жеріне оның аумағы бойынша жүріп өтуге жарамды болатын қайтып оралу куәлігін береді.
Уақытша жәке куәлік және қайтып оралу куәлігі қысқа мерзімде пайдаланылатын құжаттар болып табылады. Олар бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелер жасауға болмайды.
ҚР Үкіметінің 22.08.02 ж. № 941 қаулысымен 26-тармақ жана редакцияда
26. Қазақстан Республикасының азаматтарына заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының дипломатиялық, қызметтік паспорты және теңізшісі паспорты берілуі мүмкін
3. Тұратын жері бойынша тіркеудің тәртібі
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 27-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
27. Жеке басты куәландыратын құжаттардың иелері тұрақты тұратын жері бойынша тіркеледі, сондай-ақ тұратын жерін өзгерткен кезде тіркеуден шығады. Тұратын жері бойынша тіркеуді уәкілеттi органдар жүргізеді.
Әдiлет органдары Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тiркеудi және тiркеуден шығаруды жүзеге асыратын уәкiлеттi органдар болып табылады. Iшкi iстер органдары Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеудi және тiркеуден шығаруды жүзеге асыру жөніндегі уәкiлеттi органдар болып табылады.
ҚР Үкіметінің 05.06.04 ж. № 626 қаулысымен 28-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
28. Жеке тұлғалардың тұратын жерлерін тіркеу олардың белгіленген тәртіпте тұрғын үйді жеке меншіктеріне сатып алғандығын растайтын немесе оны пайдалануға, оның ішінде жалдап алу мен жалға алу шарты бойынша да алғандығын куәландыратын, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттардың негізінде, сондай-ақ тұрғын үйдің меншік иесінің (жалдап алушысының) жазбаша келісімі бойынша жүзеге асырылады.
Азаматтарды тiркеу тұрақты тұрғылықты жерi бойынша, оның iшiнде тұрғын үйлерде, пәтерлерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерiнде, саяжай бау-бақша серiктестiктерi мен кооперативтерiнiң тұрғын үй құрылыстарында, интернат-үйлерiнде, тұрғын үйге бейiмделген қызметтік ғимараттарда жүзеге асырылады.
29. Тұратын жері бойынша тіркеуге:
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын немесе тұрақты тұруға шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жатады.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 30-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
30. Тіркеуге жататын адамдар он күн мерзім ішінде уәкiлеттi органдарға мынадай құжаттарды:
уәкiлеттi орган белгiлеген нысандағы өтінішті;
бұрынғы тұрған жерiнен тiркеуден шыққанын растайтын құжатты;
жеке басты куәландыратын құжатты;
ал, әскери міндеттілер, сонымен қатар, әскери комиссарлардың әскери есепке алу немесе одан шығару туралы белгісі бар әскери билетін (әскерге шақырылатындар үшін тіркеу куәлігі) тапсыруы керек.
31. Тұратын жері бойынша тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж салығы алынады.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 32-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
32. Уәкiлеттi органдардағы тіркеуден мынадай адамдар:
басқа тұратын жеріне шығып кеткендер;
сот үкімінің негізінде бас бостандығынан айыруға сотталғандар;
сот шешімімен тұрғын үй-жайды пайдалану құқығынан айырылған деп танылғандар;
өлген адамдар шығарылуға жатады.
Тiркеуден шығару жеке меншiк құқығындағы тұрғын үй-жай иесiнiң өз бастамасы бойынша тiркеуден шығарылатын адамның жеке өтiнiшiн және оның жеке басын куәландыратын құжатты ұсынбастан ресiмделуi мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 33-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
33. Қазақстан Республикасының тiркелген және тiркеуден шығарылған азаматтарын есепке алуды Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі белгiлеген тәртiппен әдiлет органдары жүзеге асырады.
Тіркеу және тіркеуден шығару тұрғындарды есепке алу кітабына мөртаңба басу және жазу арқылы жүзеге асырылады. Оны тіркеуді жүзеге асырушы органдар тұрғын үйдің меншік иелеріне (жалдап алушыларына) және қарамағында тұрғын үй-жайлары болатын өзге де адамдарға береді.
Тұрғындарды есепке алу кітабы осы тұрғын үйде тұруды растайтын құжат болып табылады және қажет болғанда, мүдделі органдарға көрсетіледі.
Тұратын жерi бойынша тiркеудi немесе тiркеуден шығаруды растайтын қандай да бір өзге құжаттар немесе анықтамалар талап етуге жол берілмейді.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 34-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
34. Егер, тіркеу немесе тіркеуден шығару кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол берілсе, тіркеу немесе тіркеуден шығару туралы шешімді оны ресімдеген уәкiлеттi орган, сондай-ақ жоғары тұрған уәкiлеттi орган немесе сот жоя алады.
Мүдделі заңды немесе жеке тұлғалар тұратын жері бойынша тіркеудің күшін жою немесе оны қалпына келтіру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде мәлімдеп, талап қоя алады.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 35-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
35. Тұратын жері бойынша тіркеуді және тiркеуден шығаруды жүзеге асыру үшін қажетті тұрғындарды есепке алу кітаптарының, мөртабандар мен бланктердің нысандарын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі белгілейді және тіркеуді жүзеге асырушы органдар береді.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 36-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
36. Үш айдан астам мерзімге уақытша тұруға келген Қазақстан Республикасының азаматтарын әдiлет органдары уақытша тұратын жері бойынша есепке алады.
Есепке қою азаматтардың өтініштері немесе уақытша болудың негізін растайтын өзге де құжат бойынша жүзеге асырылады.
Уақытша есепте тұрған адамдардың өтініштері бойынша, белгіленген тәртіпте, олар тұрақты тұрушылар ретінде тіркелуі мүмкін.
37. Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеледі.
38. Уақытша болатын адамдарды тұратын жері бойынша тіркеу және есепке алу жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша, ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін тіркеу төлқұжаттар мен әскери билеттер бойынша жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2005.14.02. № 140 қаулысымен 39-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
39. Мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау, Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қамтамасыз ету мүдделерінде заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының жекелеген жерлерінде тұратын жер таңдауға және еркін қозғалысына шектеулер белгіленуі мүмкін. Өзге шектеулер қоюға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасы азаматтарының айрықша режим жағдайындағы елді мекендердегі (жабық әкімшілік-аумақтық құрылымдардағы) тұрақты тұратын немесе уақытша болатын жерін тіркеу үшін белгіленген тәртіпте берілетін құзыретті органдардың рұқсаты көрсетіледі. Бұл ретте, уәкiлеттi органдар шекаралық аймақ аумағында тұрақты тұратын азаматтарға төлқұжаттарына және жеке басының куәліктеріне қоса, олардың шекаралық аймақта тұратынын растайтын құжат береді.
40. Тұратын жерін таңдауға шектеу белгіленген жерлерде жақын туыстарына (ата-анасына, балаларына, аға-інілеріне, апа-қарындастарына, немерелеріне, атасына, әжесіне) келген, уақытша болмаған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған (егер олар сотталғанға дейін осы жерде тұрған болса) адамдар тұрақты тұруға келсе, тіркеуден бас тартуға болмайды.
4. Халықты құжаттандыру және тіркеу
ережесін бұзғаны үшін жауапкершілік
41. Халықты құжаттандыру және тіркеу ережесінің сақталуы үшін жауапкершілік, оларға қатысы бар бөлігінде:
жеке басты куәландыратын құжаттардың иелеріне;
тұрғын үйдің меншік иелеріне және олардың меншігінде тұрғын үйлер мен үй-жайлары бар басқа да адамдарға;
азаматтарды жалдау арқылы немесе келісім-шарт бойынша жұмысқа қабылдауды жүзеге асыратын адамдарға жүктеледі.
42. Осы Ережені бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жауапты болады.
ҚР Үкіметінің 03.03.04 ж. № 260 қаулысымен 43-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
43. Осы Ереженің сақталуына бақылау жасауды ішкі істер және әділет органдары жүзеге асырады.
5. Халықаралық шарттардың қолданылуы
44. Егер, Қазақстан Республикасы оған қатысушы болып табылатын халықаралық шартта осы Ережеде көрсетілгендерден өзге ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 12 шілдедегі
№ 1063 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші
жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі № 256 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., № 10, 124-құжат).
2. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі № 256 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 4 наурыздағы № 277 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 11, 79-құжат).
3. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі № 256 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 10 наурыздағы № 314 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., № 12, 82-құжат).
4. "Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке басының куәліктерін айырбастау мен берудің мерзімін ұзарту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 4 желтоқсандағы № 1235 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., № 45, 406-құжат).
5. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" Заңының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 30 маусымдағы № 552 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету туралы ереженің" 13-тармағының екінші сөйлемі (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., № 25, 306-құжат).