лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
416-бап. Уақытша сақтау мерзiмдерiн бұзу
Иесiнiң уақытша сақтау орындарындағы сақталу мерзiмi сақтаудың белгiленген шектi мерзiмiнен асып кеткен тауарлар мен көлiк құралдарын кеден режимiне сәйкес шығаруды немесе билiгiне алуды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданбауы, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарларды және көлiк құралдарын тәркiлеуге әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 417-бап өзгертілді
417-бап. Тауарларды сақтауға орналастыру тәртібін, оларды сақтау және
олармен операциялар жасау тәртібін бұзу
Заңдармен және нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген тауарларды сақтауға орналастыру тәртібін және оларды сақтау тәртібін бұзу, сол сияқты осы Кодекстiң 405, 410-412, 416-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден қоймаларындағы, уақытша сақтау қоймаларындағы және бос қоймалардағы тауарлармен операциялар жүргiзу, -
лицензияның (арнайы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 418-бап өзгертілді
418-бап. Тауарларды қайта өңдеу тәртібін бұзу және қайта өңдеу
өнiмдерiн ауыстыру
1. Тауарларды қайта өңдеу тәртібін бұзу, яғни кеден заңдарымен белгiленген талаптарды, шектеулердi және тауарларды қайта өңдеу жағдайлары туралы мiндеттеме беру шарттарын, оларды қайта өңдеу тәртібі мен мерзiмдерiн, қайта өңдеу өнiмдерiнiң шығу мөлшерiн сақтамау, осындай тауарларды қайта өңдеу бойынша операциялар жүргiзу, -
лицензия күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қайта өңдеу өнiмдерiн басқа тауарлармен ауыстыру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе лицензияның, тауарларды қайта өңдеуге арнайы рұқсаттың күшiн тоқтата тұруға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 419-бап өзгертілді
419-бап. Еркiн кеден аймақтарында және бос қоймаларда кәсiпкерлiк
қызметтi жүзеге асыру тәртібін бұзу
Кеден заңдарымен белгiленген еркiн кеден аймақтарында және бос қоймаларда кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырудың тәртібін бұзу, -
лицензияның, бос қойма жасауға арнайы рұқсаттың күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 420-бап өзгертілді
420-бап. Еркiн кеден аймақтарында ғимараттар, үйлер мен құрылыстар
тұрғызу тәртібін бұзу
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген қосымша талаптарды бұза отырып, еркiн кеден аймақтарында ғимараттар, үйлер мен құрылыстар тұрғызу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 421-бап өзгертілді
421-бап. Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары жерлерге
тауарларды және көлiк құралдарын әкетпеу не осы аумаққа
қайтармау
1. Белгiленген мерзiмдерде, егер мұндай әкету мiндеттi болып табылса, бұрын әкелiнген тауарларды және көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тысқары жерлерге әкетпеу, егер мұндай қайтару мiндеттi болып табылса, бұрын әкетiлген тауарларды және көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кеден аумағына қайтармау, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қайта әкетудiң немесе әкелудiң дәлелi ретiнде Қазақстан Республикасының кеден органына жалған құжаттар, заңсыз жолмен алынған құжаттар не басқа тауарларға және көлiк құралдарына қатысты құжаттар беру, не аварияның немесе жойқын күштiң әсерi салдарынан, табиғи тозуы немесе азаюынан тауарлар мен көлiк құралдарының жойылуы немесе шығын болуы себебiнен бұған мүмкiндiктiң болмауы, не шет мемлекет органдарының және лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерiмен байланысты олардың иелiктен шығарылуы, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
422-бап. Тауарларды жою тәртібін бұзу
Меншiк иесiнiң немесе мүдделi адамның тауарларды жою тәртібін бұзуы, яғни кеден заңдарымен белгiлеген тауарларды жою, жою нәтижесiнде пайда болған қалдықтарды тиiстi кедендiк режимде орналастыру талаптарын, шектеулердi және шарттарды сақтамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
423-бап. Белгiлi бiр кедендiк режимде орналастырылған тауарлармен
және көлiк құралдарымен заңсыз операциялар жасау, жай-күйiн
өзгерту, пайдалану және билiк ету
Тауарлармен және көлiк құралдарымен олардың кедендiк режимiне сай келмейтiн операциялар жасау, жай-күйiн өзгерту, пайдалану және билiк ету, сол сияқты осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге де шектеулердi, талаптарды және кеден режимi шарттарын сақтамау, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар және көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) күшi тоқтатыла тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 424-бап өзгертілді
424-бап. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды
және көлiк құралдарын өткiзген кезде тарифтiк емес реттеу
шараларын және басқа да шектеулердi қолдану тәртібін сақтамау
1. Осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңдармен және нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленетiн тарифтiк емес реттеу мен шектеу шараларын қолдану тәртібін бұза отырып, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткізу, қылмыс белгiлерi болмаған ретте, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. алынып тасталды
425-бап. Жеке тұлғалардың оңайлатылған, жеңiлдiк тәртібін бұза отырып
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды
өткізуi
Осы Кодекстiң 432-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оңайлатылған немесе жеңiлдiк тәртібін бұза отырып, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар өткізуi, қылмыс белгiлерi болмаған ретте, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 426-бап өзгертілді
426-бап. Кеден бақылауына соқпай Қазақстан Республикасының кеден
шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткізу
1. Кеден бақылауына соқпай, яғни Қазақстан Республикасының кеден органдары белгiлеген орындардан сыртқары немесе кедендiк ресiмдеу жүргiзудiң белгiленген уақытынан тыс, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткізу, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамға - оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға - орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының екi жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркілене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамға - жиырма бестен елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға - орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының үш жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
427-бап. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн
тауарларды кедендiк бақылаудан жасыру
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларды кедендiк бақылаудан жасыру, соның iшiнде тауарларды табуды қиындататын құпия орындарды не басқа тәсiлдердi пайдалану немесе бiр тауарларға басқалардың түрiн беру, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар тәркiлене отырып немесе онысыз, сондай-ақ құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен заттарды жасырып, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізу үшiн пайдаланылған арнайы әзiрленген құпия орындары бар тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
428-бап. Құжаттарды немесе ұқсастыру құралдарын алдап пайдаланып,
Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды
және көлiк құралдарын өткізу
Қазақстан Республикасының кеден органына кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi құжаттар ретiнде жалған құжаттар, заңсыз жолмен алынған құжаттар, дұрыс емес мәлiметтерi бар құжаттар не басқа тауарларға және көлiк құралдарына қатысты құжаттар беру арқылы Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды және көлiк құралдарын өткізу, сондай-ақ сәйкестендiрудiң қолдан жасалған құралдарын не басқа тауарларға және көлiк құралдарына қатысты ұқсастыру құралдарын пайдалану, осы Кодекстiң 429 және 432-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiлерi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 429-бап өзгертілді
429-бап. Тауарлар мен көлiк құралдарын декларацияламау немесе жалған
декларациялау
1. Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларды және көлiк құралдарын декларацияламау немесе жалған декларациялау, яғни тауарлар мен көлiк құралдары, олардың кедендiк режимi және кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi басқа да мәлiметтер туралы белгiленген жазбаша, ауызша немесе өзге нысанда мәлiмдемеу немесе жалған мәлiмдеу, осы Кодекстiң 409, 413, 414, 424-428, 432-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияның, арнаулы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуы тоқтатыла тұрып, орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының екi жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының үш жүз процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 430-бап өзгертілді
430-бап. Кеден ережелерiн бұза отырып, Қазақстан Республикасының
кеден аумағына әкелiнген тауарларды және көлiк құралдарын
тасымалдау, сақтау, иемденiп алу, пайдалану немесе билiк ету
1. Қазақстан Республикасының кеден аумағына кеден бақылауына соқпай не осындай бақылаудан жасырын, не құжаттарды немесе сәйкестендiру құралдарын алдап пайдаланумен, әкелiнген, не декларацияланбаған немесе жалған декларацияланған тауарларды және көлiк құралдарын тасымалдау, сақтау, иемденiп алу, пайдалану немесе билiк ету, сол сияқты басқаларға қарағанда өзге мақсатпен оларға осындай жеңiлдiктер берiлуiмен байланысты Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз пайдаланылатын немесе иелiктен айырылатын, кеден төлемдерi мен салықтары бөлiгiнде оларға кеден жеңiлдiктерi берiлген тауарлар мен көлiк құралдарын тасымалдау, сақтау және иемденiп алу, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылықтың тiкелей объектiсi болып табылатын тауарлар мен көлiк құралдары тәркiлене отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
431-бап. Кедендiк төлемдер мен салықтар бөлiгiнде оларға қатысты
кедендiк жеңiлдiктер берiлiп, шартты түрде шығарылған
тауарлар мен көлiк құралдарын пайдалану мен билiк ету
тәртібін бұзу
Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатынсыз басқаларға қарағанда өзге мақсатпен осындай жеңiлдiктер берiлуiмен байланысты кеден төлемдерi мен салықтары бөлiгiнде кеден жеңiлдiктерi берiлiп, шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлiк құралдарын пайдалану және билiк ету, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, ал заңды тұлғаларға бес жүзден бiр мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
432-бап. Кедендiк төлемдер мен салықтардан заңсыз босатуға немесе
оларды төмендетуге бағытталған iс-әрекеттер
Кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi кедендiк декларациялар мен өзге де құжаттарда кедендiк режим, кеден құны не тауарлар мен көлiк құралдарын шығарған ел туралы дұрыс емес мәлiметтер немесе кедендiк төлемдер мен салықтардан босату немесе олардың мөлшерiн азайту үшiн негiз болатын өзге де дұрыс емес мәлiметтер беру, осы Кодекстiң 425, 428, 429-баптарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыс белгiлерi болмаған ретте, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
433-бап. Төленген кедендiк төлемдер мен салықтарды тиiстi негiздерсiз
қайтаруға, төлемдер мен өзге де өтемдер алуға не оларды
қайтармауға бағытталған iс-әрекеттер
Қазақстан Республикасының кеден органына - төленген кедендiк төлемдердi қайтаруға, төлемдер және өзге де өтемдер алуға немесе оларды қайтармауға не тиiстi негiздемесiз толық көлемiнде қайтаруға құқық беретiн дұрыс емес мәлiметтерi бар құжаттар беру, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 434-бап өзгертілді
434-бап. Кеден төлемдерiн және салығын төлеу мерзiмдерiн бұзу
Кеден төлемдерiн және салығын белгiленген мерзiм iшiнде төлемеу, -
лицензияның, арнаулы рұқсаттың немесе біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуы тоқтатыла тұрып немесе онсыз, жеке тұлғаға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамға - жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының елу процентi мөлшерiнде, бiрақ екi жүз елу айлық есептiк көрсеткiштен кем емес мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
435-бап. Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге
асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасы кеден
органдарының шешiмдерiн орындамауы
Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың кiнәсiнен төлемшiнiң кедендiк төлем шоттары бойынша кеден төлемдерiн өндiрiп алу немесе шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы Қазақстан Республикасы кеден органдарының шешiмдерiн орындамауы, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 436-бап өзгертілді
436-бап. Кедендiк делдал, маман ретiнде қызметтi заңсыз жүзеге асыру
не осындай қызмет ережесін бұзу
1. Кеден делдалы ретiнде қызметтi жүзеге асыру, өзiнiң атауында, жарнамада "кеден делдалы" атауын немесе Қазақстан Республикасы орталық кеден органының лицензиясынсыз өзге де ақпараттарды пайдалану, егер мұндай лицензия керi қайтарылып алынса, не егер оның күшi тоқтатыла тұрған болса, не штатта біліктілік аттестаты (куәлiгi) бар кедендiк ресiмдеу жөніндегі маманның болмауы, не біліктілік аттестаты (куәлiгi) жоқ не осындай аттестаттан (куәлiктен) айырылған, не біліктілік аттестаты (куәлiгi) керi қайтарылып алынған адамның кеден делдалы атынан кедендiк ресiмдеу бойынша iс-әрекеттер жасауы немесе, егер мұндай аттестаттың (куәлiктiң) әрекетi тоқтатыла тұрған болса, не Қазақстан Республикасының орталық кеден органына жалған мәлiметтерi бар құжаттар беру нәтижесiнде алынған лицензияны кеден делдалының пайдалануы, сол сияқты осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттерден басқа осындай қызметтiң басқа да шарттарын бұзу, қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кеден делдалының немесе оның қызметкерлерiнiң заңмен қорғалатын құпиясы немесе құпия ақпараты бар мәлiметтердi өз мақсатына пайдалануы, жариялауы, оған уәкiлеттi емес мемлекеттік органдарды қоса алғанда, үшiншi адамдарға беруi, мұндай мәлiметтерде қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияны, арнайы рұқсатты немесе біліктілік аттестатын (куәлiгiн) тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 437-бап өзгертілді
437-бап. Кеден тасымалдаушысы ретiнде қызметтi заңсыз жүзеге асыру не
мұндай қызметтiң шарттарын бұзу
1. Кеден тасымалдаушысы ретiнде қызметтi лицензиясыз жүзеге асыру, егер мұндай лицензия керi қайтарылып алынса немесе оның күшi тоқтатыла тұрған болса, не кеден тасымалдаушысы Қазақстан Республикасы орталық кеден органына жалған мәлiметтерi бар құжаттар беру нәтижесiнде алынған лицензияны пайдаланса, сол сияқты осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттерден басқа осындай қызметтiң басқа да шарттарын бұзу, -
лицензияның күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кеден тасымалдаушысының немесе оның лауазымды адамдарының заңмен қорғалатын құпиядан немесе құпия ақпараттардан тұратын мәлiметтердi өз мақсаттарына пайдалануы, жариялауы, оған уәкiлеттi емес мемлекеттік органдарды қоса алғанда, үшiншi адамдарға беруi, мұндай мәлiметтерде қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензиядан айыра отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
438-бап. Лауазымды адамдардың және өзге де қызметкерлердiң кеден
iсiнде қолданылатын талаптарды орындамауы
Ұйымдардың лауазымды адамдарының және өзге де адамдардың кеден iсiнде қолданылатын талаптарды орындамауы, сол сияқты азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша заңды тұлға үшiн жұмыстар орындайтын өзге де жеке тұлғалардың осындай талаптарды орындамауы, кеден ережесін бұзғаны үшiн аталған заңды тұлға жауапқа тартылған жағдайларда, кеден органының лауазымды адамын кедендiк бақылау жүргiзу үшiн аумаққа және үй-жайға кiруiне кедергi жасау, -
ескерту жасауға немесе оннан елуге дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
27-тарау. Көлікте, жол шаруашылығында және
байланыста әкімшілік құқық бұзушылық
439-бап. Темір жол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн
ережелердi бұзу
1. Темір жол арқылы күш көлiгiмен өту, мал айдап өту, темір жолдарға арнап оқшауланған жерлерде мал жаю ережелерiн бұзу, -
ескерту жасауға немесе азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң екiге дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Темір жолды, отырғызылған қорғаныш ағаштарды, қар тоқтатқыш қоршауларды және басқа да жол объектiлерiн, сигнал беру және байланыс құрылыстары мен қондырғыларын бүлдiру, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жүктердi тиеу және түсiру кезiнде белгiленген көлемдердi сақтамау, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жетiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Темір жолдарға поездар қозғалысын бұзуы мүмкiн заттар төсеу, лақтыру немесе қалдыру, -
бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Белгiленбеген жерлерде темір жол арқылы өту, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң оннан бiрi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
440-бап. Темір жол көлiгi құралдарын пайдалану ережелерiн бұзу
1. Жүк поездарында өз бетiнше жүрiп-тұру, поезд жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте поезды өз бетiнше тоқтату, -
бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Поездар вагондарының терезелерi мен есiктерiнен қоқыстарды және өзге де заттарды тастау, поезд жүрiп бара жатқан кезде сыртқы есiктердi өз бетiнше ашу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бестен бiрiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
441-бап. Ортақ пайдаланыстағы көлiк құралдарын және олардың iшкi
жабдықтарын бүлдiру
Ортақ пайдаланыстағы көлiк құралдарын, атап айтқанда, темір жол көлiгiнде жолаушылар вагондарын және локомотивтердi, теңiз және өзен көлiгiнде кемелердi, автобустарды, троллейбустарды, трамвайларды бүлдiру, сондай-ақ олардың iшкi жабдықтарын бүлдiру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
442-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін
бұзу
1. Әуе кемелерiнiң ұшуы, зымырандарды ұшыру, атыстың барлық түрлерiн өткізу, жарылыс жасау жұмыстары кезiнде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде материалдық объектiлердi көтеруге, жылжытуға немесе түсiруге байланысты басқа да қызметтi жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзу, -
құқық бұзушылықты жасаудың құралы болған затты өтемiн төлеп алып қоя отырып немесе онысыз, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден онға дейiнгi, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылық жасаудың құралы болған затты тәркiлей отырып немесе онысыз, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
443-бап. Ұшу қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу
1. Аэродром аумағында аэродромдарды ажырата бiлу үшiн қолданылған таңбалау белгiлерi мен қондырғыларына ұқсас қандай да бiр белгiлер мен қондырғыларды орналастыру немесе әуежай, аэродром әкiмшiлiгiнiң рұқсатынсыз пиротехникалық бұйымдарды жағу, немесе әуе кемелерiнiң ұшуы үшiн қауiптi құстардың жаппай жиналуына жағдай жасайтын объектiлер салу, -