Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында инжинирингтiк қызметтер көрсету ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 маусымдағы № 635 Қаулысы
(2012.25.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 754 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында инжинирингтік қызметтер көрсету ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзіледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметiнiң
2005 жылғы 27 маусымдағы
№ 635 қаулысымен
бекітілген
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында инжинирингтiк қызметтер көрсету
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында инжинирингтiк қызметтер көрсету ережесi (бұдан әрi - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және құрылысқа дайындықты және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн қызметтер кешенiн көрсету тәртібін регламенттейдi.
2. Осы Ережеде Заңмен белгiленген ұғымдар қолданылады.
3. Инжинирингтiк қызметтер жобалау-сметалық құжаттамада осы мақсаттарға көзделген қаражат есебiнен қаржыландырылады және оларды бюджет қаражатынан қаржыландырылатын объектiлер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес тапсырыс берушi конкурстық негiзде сатып алады.
ҚР Үкіметінің 2012.25.01. № 163 Қаулысымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Тапсырыс беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру құқығына арналған тиісті аттестаты бар сарапшыны (бұдан әрі - сарапшы) не өзінің құрамында аттестатталған сарапшылары бар ұйымды (бұдан әрі - ұйым) тартқан кезде осы Ережені, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін және инжинирингтік қызметтер көрсету туралы шарт талаптарын басшылыққа алады.
ҚР Үкіметінің 2009.29.09 № 1468 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.25.01. № 163 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Ұйым инжинирингтік қызметтер көрсеткен жағдайда ұйым шартқа қол қойылғаннан кейін техникалық және авторлық қадағалау және жобаны басқару үшін өзі құрған ұйымдық құрылымды, сондай-ақ ұйымның атынан жобаны басқаратын кандидатураны тапсырыс берушіге келісуге ұсынады.
2. Инжинирингтiк қызметтердi ұйымдастыру
ҚР Үкіметінің 2012.25.01. № 163 Қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Ұйым тапсырыс берушіге тікелей инжинирингтік қызметтер көрсететін сарапшылардың тізімін, олардың-міндеттері мен өкілеттіктерін жазбаша түрде ұсынады.
3. Инжинирингтiк қызметтер көрсету
ҚР Үкіметінің 2009.29.09 № 1468 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.25.01. № 163 Қаулысымен (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Сарапшы не ұйым инжинирингтік қызметтер көрсеткен кезде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мердiгерлiк сауда-саттыққа қатысушылардың біліктiлiгiн анықтау және олардың ұсыныстарын бағалау кезiнде тапсырыс берушiге жәрдемдесу;
2) тапсырыс берушi мен мердiгер арасындағы мердiгерлiк шартты дайындау процесiне қатысу;
3) тапсырыс берушiнiң техникалық өкілi ретiнде құрылыс объектiлерiнде тапсырыс берушінiң мүддесiн бiлдiру және қорғау;
4) техникалық шарттарды, өлшеу жүргiзудiң уақтылы және дұрыс ресiмдеудi қамтамасыз ету және құрылыс алаңын уақтылы беру;
5) мердiгер жүргiзетiн құрылыс-монтаждау және жол-құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасына толық сәйкес келуiн, объектiлердi салуды, қайта жаңартуды және күрделі жөндеуді техникалық қадағалауды қамтамасыз ету;
6) мердiгердiң құрылыс алаңдарында техникалық қауiпсiздiк, еңбектi қорғау және қоршаған ортаны қорғау ережелерiн сақтауын қамтамасыз ету;
7) объектілерде қолданылатын құрылыс материалдарының, конструкциялар мен бұйымдардың сапасын бақылау, оларды стандарттарға және Қазақстан Республикасында қолданыстағы басқа да нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес зертханалық сынауды ұйымдастыру және сапаны растайтын құжаттардың болуын (техникалық паспорт, сертификат, зертханалық сынау және т.б.) тексеру;
8) тапсырыс берушiге жобаларды iске асыру барысы туралы жоспарлы және жоспардан тыс есеп беру;
9) мердiгер дайындаған жұмыстардың күнтiзбелiк жоспарларын қарау және тапсырыс берушiге бекітуге ұсыну;
10) жұмыстардың өндiрiс қарқынының бекітілген кестеге сәйкестiгiн, объектiлердiң материалдық ресурстармен және техникалық құралдармен жиынтықталу барысын, біліктi жұмыс күшiмен қамтамасыз етiлуiн бағалау;
11) объектiлерде жұмыс iстейтiн машиналар мен механизмдердi есепке алуды жүргiзу, олардың техникалық жарамдылығын және мердiгердiң конкурстық тапсырысында көрсетiлген тiзбеге сәйкестiгiн бағалау;
12) мердiгердiң уақытша ғимараттары мен құрылыстарын, қойма шаруашылығын және шағын механизация құралдарын олардың мердiгерлiк жоба мен шарт ережелерi мен талаптарына сәйкестiгiн тексеру және бағалау;
13) жұмыстарды орындау мерзiмдерiнiң ұзартылуына, қосымша немесе күтпеген жұмыстарды, шығындарды өтеуге қатысты мердiгердiң шағымдарын тексеру және тапсырыс берушiге ұсынымдар беру;
14) бекітілген сметаға сәйкес орындалған жұмыстардың көлемi мен олардың құнын тексеру және аралық ақы төлеу немесе мердiгермен толық есеп айырысу кезiнде орындалған жұмыстарды қабылдау актілерін растау;
15) тапсырыс берушiге жобалардың iске асырылу барысы, мердiгердiң қызметi, жұмыстардың сапасы, бөлiнген бюджет қаржысының игерiлуi және болашаққа болжамдар туралы кезеңдiк есептердi ұсыну;
16) тапсырыс берушiге мердiгерлiк шартты iске асыруға және ұсыным беруге қатысты туындаған немесе туындауы мүмкiн проблемалар туралы хабарлау;
17) тапсырыс берушiге жұмыстарды мерзiмiнде аяқтау үшiн қажеттi ұсыныстар беру, қабылданған ұсыныстар бойынша барлық қажеттi құжаттарды дайындау;
18) мердiгерге уақтылы көмек көрсету және мердiгерлiк шарттардың орындалуына қатысты мәселелер, материалдар мен бұйымдардың сапасын бағалау, межелеу жұмыстары мен өлшеу жүргізу жөнінде қажетті нұсқаулар беру;
19) техникалық есептер мен ақпарларды дайындауды және бекітудi, жұмыстардың жүргiзiлу барысын уақтылы құжаттауды қамтамасыз ету;
20) орындалған жұмыстардың көлемiне мерзiмдi және түпкіліктi өлшеудi жүргiзу және олардың мердiгердiң есептерiне сәйкестiгi туралы қорытындылар беру;
21) бүкiл материалдарға, құрастырмаларға, жабдықтарға барлық кепілдiк құжаттарды және сертификаттарды қабылдау мен сақтауды қамтамасыз ету және оларды жобалау аяқталған соң тапсырыс берушiге өткiзiп беру;
22) құрылысы аяқталған объектілердi қарауды, тексерудi және қажет болған жағдайда сынауды жүргiзу, ескертулер жасау, оларды мердiгердің толық жоюын қамтамасыз ету және тапсырыс берушiге объектілердi белгiленген тәртiппен пайдалануға қабылдап алу туралы ұсыным беру;
23) мердiгердiң анықталған ақауларды жою жөніндегі кепiлдемелiк мiндеттемелердi орындауын тексеру, орындалған жұмыстардың сапасыздығы немесе кешіктірілгенi үшiн айыппұл және өсiмпұл ұстау;
24) жобаларды табысты iске асыру мен мердiгер шартын орындау үшiн қажеттi тапсырыс берушiмен шартта айтылған қызметтердi көрсету.
ҚР Үкіметінің 2012.25.01. № 163 Қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Сарапшы не инжинирингтік қызметтерді көрсететін ұйым инжинирингтік қызметтер көрсету кезінде заңнамаға және шарттардың талаптарына сәйкес:
1) тапсырыс берушiнiң тапсырмасы бойынша объектілердiң құрылысы және оларды қайта жаңарту мәселелерi бойынша жергiлікті атқарушы органдармен, жер учаскелерiнiң және коммуникациялардың иелерiмен, басқа да ұйымдармен және жұртшылықпен қарым-қатынасында оның мүддесiн бiлдiредi;
2) объектiлер үшiн материалдар жасайтын, өндiретiн және дайындайтын құрылыс алаңдарына, шеберханаларға, зауыттарға, сондай-ақ басқа да орындарға кiре алады;
3) мердiгерден және қосалқы мердiгерлерден объект бойынша қажетті атқарушы құжаттаманы сұратады;
4) технологияның бұзылуы, жобадан ауытқу, сапасыз құрылыс материалдарының пайдаланылуы анықталған жағдайда, ақаулар мен бұзушылықтар жойылғанға дейiн жұмыстарды жүргiзудi тоқтата тұрады;
5) жобадан жүйелi түрде ауытқуларға жол берген, жұмыс өндiрiсi ережелерiн және нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарын бұзған мердiгердi жұмыстан босату туралы тапсырыс берушiге ұсыныс енгiзедi;
6) төлемге берiлген құжаттарды түзету немесе нормативтiк талаптарға және жобалау құжаттамасына сәйкес келмейтiн жұмыстар көлемiнiң құнын төлеуге берiлген, орындалған жұмыстарды қабылдау актілерін алып тастау жөнiнде тапсырыс берушiге ұсыныс енгiзедi;
7) мердiгердiң лауазымды тұлғаларына ақауларды және олардың туындау себептерiн жою туралы ұсыныстар жасайды;
8) мердiгерден жұмыстар мен материалдарды қайтадан сынауды немесе сараптамадан өткiзудi орындауды талап етедi;
9) хат-хабарларды, зерттеу және сынау деректерiн, мәжілістердiң хаттамаларын, қаржы жазбаларын, құрылыс алаңының күнделiгiн қоса алғанда, құжаттарды есепке алу, пайдалану және сақтау жүйесiн құрады.
ҚР Үкіметінің 2012.25.01. № 163 Қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Сарапшы не инжинирингтік қызметтерді көрсететін ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шартта көзделген инжинирингтік қызметтердің сапалы, уақтылы және толық көрсетілуі үшін тапсырыс беруші алдында жауапты болады.
ҚР Үкіметінің 2012.25.01. № 163 Қаулысымен 10-тармақпен толықтырылды (2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
10. Сарапшы осы Ереженің талаптарын сақтамаған жағдайда, оның мәртебесін және инжинирингтік қызметтерді орындауға арналған құқығын куәландыратын аттестаттау куәлігінің қолданысы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тоқтатыла тұрады не кері қайтарып алынады.