7. Қайтарып алынатын жүктің кедендік декларациясы тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету мақсаты үшін оларға берілген жағдайда, жүктің кедендік декларациясы тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан тысқары жерлерге нақты әкеткенге дейін қайтарып алынуы мүмкін. Осы тауарларға жүктің жаңа кедендік декларациясын беру үшін мерзім белгіленбейді. Бұл орайда, қайтарып алынған жүктің кедендік декларациясы жойылуға тиіс.
8. Осы баптың 3-тармағында көзделген талаптар орындалған жағдайда, тауарлар шығарылған күннен бастап бір ай ішінде декларанттың дәлелді өтініші бойынша, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен айрықша жағдайларда жүктің кедендік декларациясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.
49-тарау. Тауарларды декларациялауға қатысты
қосымша ережелер
386-бап. Алдын ала декларациялау
1. Егер декларант тауарларды кедендік ресімдеу үшін қажетті құжаттарды берсе, тауарларға қатысты жүктің кедендік декларациясы тауарлар межелі кеден органына табыс етілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен ерте берілмеуі мүмкін. Кедендік төлемдер және салықтар кедендік декларацияны кеден органына бергенге дейін немесе сонымен бір мезгілде төленеді.
2. Егер кедендік мақсат үшін тауарлардың ілеспе көлік немесе коммерциялық құжаттары пайдаланылуға тиіс болса, кеден органы осы құжаттардың декларант куәландырған көшірмелерін немесе осы құжаттардан алынған мәліметті қабылдайды және тауарлар келгеннен кейін көрсетілген мәліметтерді құжаттардағы мәліметтермен салыстырады.
3. Егер алдын ала декларацияны тіркелген күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оны қабылдаған кеден органына тауарлар берілмесе, жүктің кедендік декларациясының күші жойылуға жатады.
4. Тауарларды алдын-ала декларациялаған кезде кеден органы жүктің кедендік декларациясын тіркеген күні қолданыста болған нормативтік құқықтық актілер қолданылады.
5. Бұрын мәлімделгеннен (тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері негізінде бұрын берілгеннен) өзгеше құндық, сан немесе салмақ көрсеткіштері өзгерген жағдайда, тауардың құны, саны немесе салмағы өзгергенін растайтын құжаттар (коммерциялық актілер, сауда-өнеркәсіп палатасының актілері) міндетті түрде ұсынылады.
6. Егер тауарлар келгеннен кейін бұрын мәлімделгеннен өзгеше құн, сан немесе салмақ көрсеткіштері сәйкес келмейтіндігін анықтаса, декларант осы Кодексте көзделген тәртіппен жүктің алдын ала берілген кедендік декларациясын қайтарып алуға құқылы.
7. Алдын ала декларациялау рәсімін қолдану кезінде кеден органының арнайы рұқсаты талап етілмейді. Тауарларды алдын ала декларациялау рәсімін қолдану кезінде жүктің кедендік декларациясын толтыру тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
387-бап. Уақытша кедендік декларация
1. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы құбыр желісін пайдалана отырып не электр беру желілері бойынша өткізу кезінде, сондай-ақ кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін өзге де жағдайларда тауарларды уақытша кедендік декларация беру арқылы декларациялауға жол беріледі.
2. Уақытша кедендік декларацияда белгілі уақыт кезеңінің ішінде тауарлардың шамамен алынған мөлшерін өткізу туралы ниет негізге алынып, мәліметтерді мәлімдеуге жол беріледі. Тауардың құнын декларант сатып алу-сату сыртқы сауда шартының (келісім-шартының) бағасын ескере отырып мәлімдеуі мүмкін.
Егер шартта (келісім-шартта) тауардың белгіленген (дәл, түпкілікті) бағасы жоқ және оны анықтау шарты ғана белгіленсе, ал сондай-ақ, егер кедендік декларацияны беру күнінде өткізілетін тауардың сапасы немесе саны туралы дәл ақпарат жоқ болса, не сатып алу-сату сыртқы сауда шартында (келісім-шартында) белгіленген алдын ала (бағдарлық) баға не сатып алу-сату сыртқы сауда шартында (келісім-шартында) белгіленген есеп шарттарына сәйкес уақытша кедендік декларацияны беру күнінде белгіленген есептік баға пайдаланылады. Мұндай есептер жүргізу мүмкін болмайтын жағдайларда өткізілетін тауарды шартты бағалау кеден органы билігіндегі баға ақпараттарының негізінде жүргізіледі.
3. Уақытша кедендік декларацияны толтыру және оны пайдаланып кедендік ресімдеу тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Бұл кедендік рәсім кезінде, кеден органының уақытша кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болған нормативтік құқықтық актілер қолданылады.
4. Уақытша кедендік декларация жоспарланған жеткізілім басталғанға дейін кеден органына табыс етіледі.
5. Кедендік төлемдер және салықтар кеден органы уақытша кедендік декларацияны тіркегенге дейін немесе тіркеген күні төленеді.
6. Декларант коносамент, қабылдап алу-тапсыру актісі не бағасы мен мөлшерін анықтау үшін пайдаланылатын басқа да құжат ресімделген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, бірақ уақытша кедендік декларация тіркелген күннен бастап тоқсан күннен аспайтын мерзімде толық және тиісінше толтырылған кедендік декларацияны беруге міндетті.
7. Уақытша кедендік декларацияға сәйкес кедендік төлемдерді және салықтарды қосымша төлеу немесе артық төленген кедендік баждар және салықтарды қайтару осы Кодекстің 8-бөліміне сәйкес жүктің толық кедендік декларациясын тапсырған кезде жүзеге асырылады.
388-бап. Мерзімдік кедендік декларация
1. Бір тұлға бір тауарларды кедендік шекара арқылы тұрақты түрде өткізген кезде кеден органы белгілі бір уақыт кезеңі ішінде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін барлық тауарға мерзімдік кедендік декларация беруге құқылы.
2. Егер тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша бірдей жіктеу коды болса, олар бірдей тауарлар ретінде қарастырылады.
3. Егер бір тұлға күнтізбелік отыз күн ішінде бір тауардың үш және одан да артық жеткізілімін жүргізсе, ондай тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы бір тұлға тұрақты түрде өткізетін тауарлар ретінде қарастырылады.
4. Кедендік мақсат үшін, жекеленген жеткізілімдердің санына қарамастан, бір сыртқы сауда шарты (келісім-шарты) бойынша күнтізбелік отыз күн ішінде бір өткізу бекеті арқылы өткізілетін және бір кеден органында кедендік ресімдеу жүргізілетін бірдей тауарлар біртұтас тауар легі ретінде қарастырылады.
5. Кедендік төлемдер және салықтар мерзімдік кедендік декларация тіркелгенге дейін немесе тіркелген күні төленеді.
6. Мерзімдік декларациялау рәсімін қолдану арқылы тауарларды кедендік ресімдеу кезінде кеден органы мерзімдік кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері қолданылады.
7. Мерзімдік декларациялау жеткізілім кезеңі басталғанға дейін мерзімдік кедендік декларация беру арқылы жүргізіледі. Бұл орайда мерзімдік кедендік декларация тауарлардың біртұтас легіне толтырылады.
8. Мерзімдік декларациялау рәсімі қолданылып тауарлар өткізілген жеткізілім кезеңі аяқталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей, әкелінген немесе әкетілген тауарлардың нақты саны есепке алынып толтырылған жүктің толық кедендік декларациясы беріледі.
9. Тауарлар мерзімдік кедендік декларацияда мәлімделген көлемнен өзгеше көлемде әкелінген жағдайда, жүктің толық кедендік декларациясы әкелінген тауарлардың нақты саны есепке алынып толтырылады. Бұл ретте жеткізудің келесі кезеңіне мерзімдік кедендік декларация осындай өзгерістер есепке алынып толтырылады.
10. Мерзімдік декларациялау рәсімін қолдана отырып тауарларды кедендік ресімдеу тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
389-бап. Мерзімдік декларациялау рәсімін пайдалануға рұқсат беру тәртібі
1. Мерзімдік декларациялау рәсімін пайдалануға рұқсат (бұдан әрі рұқсат) алу үшін мүдделі тұлға кеден органына мынадай мәліметтерді:
1) тауардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша жіктеу коды көрсетілген атауын;
2) тауарлардың күнтізбелік бір ай ішінде өткізілетін болжамды жиілігі мен көлемін;
3) тауарлар шығарылған елді;
4) сыртқы сауда шартының (келісім-шартының) немесе соның негізінде тауарларды кедендік рәсімдеу жүргізілетін өзге де құжаттардың деректемелерін (күні мен нөмірін);
5) тауарлардың шамамен алынған кедендік құнын;
6) тауарларды әкелген кезде - жіберушінің, әкеткен кезде тауарларды алушының (немесе сатып алушының) атауын;
7) әкеткен кезде - тауарларды әкету жүзеге асырылатын кедендік өткізу бекетін көрсетіп, тауарды өткізетін тұлғаның басшысы қол қойған еркін нысандағы, өтініш береді.
2. Өтініш түскен кезден бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде кеден органы өтінішті қарауға тиіс.
3. Әкелінетін тауарларға қатысты рұқсат тауарларды жіктеуге байланысты алдын ала шешім қабылданған жағдайда беріледі.
4. Рұқсат:
1) болжамды өткізілетін тауарлар мерзімдік декларациялау рәсімдерін пайдалану талаптарына сәйкес келмеген кезде;
2) кедендік төлемдер және салықтарды төлеу бойынша берешегі бар тұлғаларға берілмейді.
5. Рұқсат сыртқы сауда шартының (келісім-шартының) немесе соның негізінде тауарларды кедендік рәсімдеу жүргізуге негіз болатын өзге құжаттардың қолданылу мерзіміне беріледі.
6. Рұқсат:
1) тұлғаның кедендік төлемдер және салықтар бойынша берешегі болған;
2) осы Кодексте белгіленген мерзімдік декларациялау рәсімдерін пайдалану талаптарын сақтамаған жағдайларда қайтарып алынуы немесе оның қолданылуы тоқтатыла тұруы мүмкін.
50-тарау. Тауарларды шығару
390-бап. Тауарларды шығару үшін негіздемелер
Кеден органдары мынадай шарттар сақталған жағдайда:
1) тауарларды кедендік ресімдеу мен тексеру кезінде кеден органдары анықтаған құқық бұзушылықтар жойылған, ал құқық бұзушылық объектісі болып табылатын тауарлар алып қоюға немесе тәркілеуге жатпайтын не Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес заттай айғақ ретінде бұдан әрі талап етілуі мүмкін болмайтын жағдайларды қоспағанда, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар анықталмаған;
2) кеден органына Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес тауарларды шығару үшін қажетті лицензиялар, сертификаттар, рұқсаттар тапсырылған;
3) тұлғалар осы Кодекске сәйкес тауарларды таңдап алынған кедендік режимге орналастыру немесе тиісті кедендік рәсімді қолдану үшін қажетті талаптар мен шарттарды сақтаған;
4) тауарларға қатысты кедендік төлемдер және салықтар төленген не осы Кодекстің 40 және 43-тарауына сәйкес олардың төленуі қамтамасыз етілген жағдайда кеден органдары тауарларды шығаруды жүзеге асырады.
391-бап. Тауарларды шығарудың мерзімдері
Кеден органдары осы Кодекстің 440-бабында белгіленген мерзімдерде құжаттарды тексеру және тауарларды тексеруден өткізу аяқталғаннан кейін тауарлар шығаруды жүргізеді не тауарларды шығарудан бас тартады.
392-бап. Құжаттарды, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін зерттеу не сарапшының қорытындысын алу қажет болған жағдайда тауарларды шығару
1. Егер кеден органдары жүктің кедендік декларациясында немесе кеден органдарына ұсынылған өзге де құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру мақсатында тауарлардың сынамаларын немесе үлгілерін, егжей-тегжейлі техникалық құжаттаманы зерттеу немесе оларға сараптама жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылдаса, декларант кедендік сараптама жүргізу нәтижелері бойынша қосымша есептелуі мүмкін кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз еткен жағдайда, тауарларды шығару кедендік сараптама нәтижелерін алғанға дейін жүргізіледі.
2. Тауарларды шығару кеден органдары тауарларға тарифтік емес реттеу шаралары қолданылуы мүмкін екендігін көрсететін белгілерді анықтаған және декларант олардың сақталғандығын растайтын айғақтар ұсынбаған жағдайда ғана жүргізілмейді.
393-бап. Кеден ісі саласында әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері анықталған жағдайда тауарларды шығару
Кеден ісі саласында әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері анықталған жағдайда тауарларды шығару құқық бұзушылық объектісі болып табылатын тауарлардың тәркілеуге жатпайтын, одан әрі заттай айғақтар ретінде талап етілмейтін және істі қарау нәтижелері бойынша есептелуі мүмкін кедендік төлемдердің және салықтардың, сондай-ақ айыппұлдардың не өзге де жазалау шараларының төленуі қамтамасыз етілген жағдайда тауарлар шығару кеден органы басшысының шешімі бойынша іс жүргізу немесе оны қарау аяқталғанға дейін жүзеге асырылуы мүмкін.
51-тарау. Кеден брокері
394-бап. Кеден брокері
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған, кеден брокері ретіндегі қызметті жүзеге асыру құқығына кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның лицензиясын алған заңды тұлға кеден брокері бола алады.
Кеден брокері өз қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
395-бап. Кеден брокерінің қызметі
1. Кеден брокерінің қызметі өз атынан кедендік ресімдеу, алдын ала операциялар мен өкілдік беруші тұлғаның есебінен және оның тапсыруы бойынша басқа да кеден ісі саласында делдалдық функцияларды орындау жөніндегі іс-әрекеттерді жасаудан тұрады.
2. Кеден брокерінің функциясына:
1) тауарлар мен көлік құралдарын декларациялау;
2) кеден органына кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар мен қосымша мәліметтер ұсыну;
3) кеден органына декларацияланатын тауарлар мен кедендік мақсаттар үшін қажетті көлік құралдарын көрсету;
4) Қазақстан Республикасының кеден және салық заңдарында декларацияланатын тауарлар мен көлік құралдарына қатысты көзделген кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету;
5) декларацияланатын тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар тұлға ретінде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау үшін қажетті іс-әрекеттер жасау кіреді.
Көрсетілген функцияларды кеден брокері жиынтықты түрде ғана орындауға құқылы. Кеден брокерінің көрсетілген функцияларды не операцияларды бір функцияның шегінде ішінара орындауына жол берілмейді.
3. Кеден брокерінің өкілдік беруші тұлғамен өзара қарым-қатынасы осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілеріне сәйкес жазбаша шарт негізінде құрылады. Өкілдік беруші тұлға кеден брокеріне осы баптың 2-тармағында көрсетілген кеден ісі саласындағы функцияларды тек жиынтықты түрде ғана орындауға тапсырма бере алады. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, кеден брокеріне өкілдік беруші тұлға тауарлар мен көлік құралдарын негізгі кедендік ресімдеуге қатыспайды.
4. Кеден брокері мен өкілдік беруші тұлғаның арасында кедендік ресімдеу жөніндегі іс-әрекеттерді жүргізу кезінде жасалған шартты өзгерту немесе бұзу кеден брокерін жауапкершіліктен босатпайды.
5. Кеден брокері мен өкілдік беруші тұлғаның арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешіледі.
6. Кедендік операцияларды жасау кезінде кеден брокері үшін осы Кодекске сәйкес декларант немесе өзге де тұлғалар кедендік операцияларды жасаған кезде белгіленетін жағдайлардан қолайсыздау жағдайлар белгіленбеуі немесе сол кезде қойылатын талаптардан неғұрлым қатаң талаптар қойылмауға тиіс.
396-бап. Кеден брокерінің қызмет саласын шектеу
1. Кеден брокері өз қызметінің саласын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына, көлік құралдары түрлеріне және аймаққа сәйкес тауарлардың белгілі бір санаттарымен шектеуге құқылы. Бұл шектеулер кеден брокері ретіндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияда көрсетіледі.
2. Қызметті көрсетілген шектеулердің шегінен тыс жүзеге асыруға жол берілмейді.
397-бап. Кеден брокерінің құқықтары
1. Кеден брокері оған кеден органдарымен өзара қарым-қатынаста өз мүдделерін білдіруге уәкілеттік беретін тұлғамен бірдей құқықтарға ие және сондай міндеттерді атқарады.
2. Өз қызметін жүзеге асыру кезінде кеден брокері:
1) тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде, кеден органдарының лауазымды адамдары тауарларды кедендік ресімдеу мақсатында осы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы кезінде қатысуға;
2) кеден органының рұқсатымен және кеден органы лауазымды адамының қатысуымен кедендік рәсімдеу процесі басталғанға дейін және оның барысында тауарлар мен көлік құралдарын тексеруді жүргізуге, оларды өлшеуге және мөлшерін өзгедей анықтауға, сондай-ақ тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға құқылы. Егер көрсетілген операциялар кедендік ресімдеу басталғанға дейін жасалса, Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты мұндай рұқсат талап етілмейді;
3) тауарлардың іріктеп алынған сынамалары мен үлгілеріне кеден органы жүргізген зерттеулердің (сараптамалардың) нәтижелерімен танысуға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз қаражаты есебінен немесе өкілдік беруші тұлғаның қаражаты есебінен тауарлардың іріктеп алынған сынамалары мен үлгілеріне зерттеу (сараптама) жүргізуге не осындай зерттеудің (сараптаманың) жүргізілуін қамтамасыз етуге;
5) кеден органының келісімімен кедендік бақылау аймағына кіруге құқылы өз қызметкерлерінің тізімін бекітуге және кедендік ресімдеу жөніндегі операцияларды жасау үшін қажетті мүліктік жалдау (жалға алу) шарты жағдайындағы үй-жайларының болуына;
6) осы Кодекске сәйкес кеден органдарынан кеден мәселелері жөнінде ақпарат және консультациялар алуға;
7) осы Кодекстің 26-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, кедендік мақсаттар үшін қажетті ақпараттарды автоматтандырылған өңдеу, деректерді электрондық жолмен беру үшін пайдаланатын кеден органдарының ақпараттық желілеріне қол жеткізуге;
8) өкілдік беруші тұлғадан кедендік мақсаттар үшін қажетті, оның ішінде құпия болып табылатын ақпараты бар құжаттар мен мәліметтерді талап етуге және осы Кодексте белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін мерзімдерде осындай құжаттар мен мәліметтерді алуға;
9) алдын ала операциялар, өзге де кедендік рәсімдер мен кедендік режимдер кезінде кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету бөлігінде өкілдік беруші тұлға үшін кеден органдарының алдында кепілгер немесе төлеуші ретінде болуға;
10) өкілдік беруші тұлғамен шарт жасасудың шарты ретінде осы тұлғаның Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес міндеттерін орындауын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды белгілеуге;
11) кеден органдарының және олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
398-бап. Кеден брокерінің міндеттері
1. Кеден брокерінің міндеттері:
1) осы Кодексте және кеден ісі саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен тауарлар мен көлік құралдарын декларациялау;
2) кеден органының талабы бойынша декларацияланатын тауарлар мен көлік құралдарын көрсету;
3) кеден органына кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді табыс ету;
4) кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тауарлар мен көлік құралдарына қатысты есеп пен есептілікті жүргізу;
5) кедендік бірдейлендіру құралдарының анықталған кез келген өзгерісі, жойылуы, бүлінуі немесе жоғалуы, ыдыс пен ораманың бүлінуі, тауарлардың олар туралы көліктік, коммерциялық және өзге де құжаттардағы мәліметтерге сәйкес келмеуі, әртүрлі құжаттардағы тауарлар туралы мәліметтердің сәйкес келмеуі және кеден ісіне қатысы бар өзге де жағдайлар туралы кеден органдарын уақтылы хабарлау;
6) кеден брокерінің штатында тұратын кедендік ресімдеу жөніндегі мамандардың осы Кодексте көзделген талаптарды сақтауына бақылау жасау;
7) кеден органына кеден брокерінің штатында тұратын кедендік ресімдеу жөніндегі мамандар туралы мәліметтерді, сондай-ақ осы тұлғалардың жеке нөмірлік мөрлері мен қолдарының үлгілерін ұсыну;
8) өкілдік беруші тұлғадан алынған кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар мен мәліметтердің сәйкестігін тексеру;
9) кеден органының талабы бойынша тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде қатысу және кеден органдарының лауазымды адамдарына кедендік ресімдеуді жүргізуде жәрдем көрсету;
10) кеден органының талабы бойынша өкілдік беруші тұлғаның есебінен тасымалдауды, өлшеуді немесе тауарлардың саны мен сапасын өзгеше анықтауды, тиеуді, түсіруді, қайта тиеуді, орамалардың бүлінгендерін жөндеуді, орамаларды ашуды, кедендік ресімдеуге жататын тауарлар мен көлік құралдарын орауды не қайта орауды жүзеге асыру, сондай-ақ үй-жайларды, ыдыстарды және көрсетілген тауарлар мен көлік құралдары болуы мүмкін басқа да орындарды ашуды қамтамасыз ету;
11) кедендік төлемдерді және салықтарды дұрыс есептеу;
12) егер бұл өкілдік беруші тұлғамен жасалған шартта көзделсе, декларациялайтын тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу;
13) кедендік төлемдердің және салықтардың төленгендігін растайтын төлем құжаттарының кеден органына ұсынылуын қамтамасыз ету;
14) кеден брокері декларациялайтын тауарлар мен көлік құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүргізетін ветеринариялық, фитосанитариялық және басқа да бақылау түрлері талаптарының сақталуын қамтамасыз ету;
15) кедендік ресімделуі аяқталмаған тауарлар мен көлік құралдарын пайдалану мен иелік етуге арналған шарттар мен шектеулерді тауарлар мен көлік құралдары шығарылғанға дейін не оларды таңдалған кедендік режимге сәйкес өкілдік беруші тұлғаның билігіне бергенге дейін сақтау;
16) өкілдік беруші тұлғалармен жасалған шарттардың тізілімін жүргізу;
17) кеден органының талабы бойынша брокерлік қызмет көрсетуге жасалған шарттарды ұсыну болып табылады.
2. Кеден брокерінің кеден органдарының алдындағы міндеттері өкілдік беруші тұлғамен жасалған шартпен шектелмеуге тиіс.
3. Кеден брокерінің міндеттері барлық кеден брокері үшін бірыңғай болып табылады. Жекелеген кеден брокерлері үшін жеке сипаттағы жеңілдіктер, ерекше (эксклюзивтік) құқықтар және өзге де артықшылықтар беруге тыйым салынады.
4. Кедендік ресімдеу бойынша операциялар жасау фактісі кеден брокеріне кедендік режимді қолданудың аяқталуына байланысты операцияларды жасау жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ осы Кодекске және Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы өзге нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тауарларды өткізетін тұлғаға ғана жүктелетін өзге де міндеттерді жүктемейді.
399-бап. Кеден брокерінің жауапкершілігі
1. Осы Кодекске сәйкес кеден декларациясын бергенге дейін немесе онымен бір мезгілде төленуге тиіс кедендік төлемдердің және салықтардың төленбегені үшін кеден брокері өкілдік беруші тұлғамен жасалған шартқа сәйкес жауапты болады.
2. Осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін кеден брокері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
400-бап. Кеден брокері ретіндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары
Заңды тұлға кеден брокері ретіндегі қызметті жүзеге асыру үшін мынадай біліктілік талаптарына:
1) кеден брокері қызметінің әрбір филиалының штатында белгіленген тәртіппен кедендік ресімдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын алған кедендік ресімдеу жөніндегі маманның болуына;
2) кеден органдары пайдаланатын бағдарламалық өнімдермен үйлесімді бағдарламалық өнімдердің болуына;
3) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу бойынша делдалдық қызмет көрсетуге байланысты өкілдік беруші тұлғалардың мүліктері мен мүдделеріне зиян келтіргені үшін кеден брокерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартына сай болуға тиіс.
401-бап. Кеден брокері ретіндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензия
1. Заңды тұлға кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген кеден брокері ретіндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны алғаннан кейін осындай қызметті бастауға құқылы.
2. Лицензия алу үшін:
1) заңды тұлғаның белгіленген нысан бойынша өтінішін;
2) өтініште көрсетілген мәліметтерді және өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар, атап айтқанда:
тіркеу құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін;
осы Кодекстің 400-бабында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
3) лицензия бергені үшін алым төлегендігін растайтын құжаттар;
4) егер заңды тұлға шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылса, салық органының заңды тұлғаны шағын кәсіпкерлік субъектісі деп тану туралы растауын ұсыну қажет.
3. Лицензия беру туралы өтінішті қарау кезінде кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өтініш беруші ұсынған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығын растайтын құжаттарды сұратып алуға құқылы.
4. Осы тарауда реттелмеген, лицензиялауға байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарымен реттеледі.
402-бап. Кеден брокері ретіндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру
1. Лицензияларының қолданылуы соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұратын шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, кеден брокері кеден брокері ретіндегі қызметке қойылатын талаптар мен міндеттерді сақтамаған жағдайда, сондай-ақ кеден брокері өз құқықтарын теріс пайдаланатындығына жеткілікті негіздер болған жағдайда, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша, себептері көрсетіле отырып лицензияның қолданылуы алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімді кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган дербес не кеден органы ұсынымының негізінде мұндай шешімді негіздей отырып бұйрық нысанында қабылдайды.