8. Егер декларант шамамен сол уақытта белгiленген:
1) Қазақстан Республикасына экспорттау кезiнде өзара тәуелдi болып табылмайтын қатысушылар арасындағы бірдей немесе біртектес тауарлармен мәмiле бойынша құнның;
2) бірдей немесе бiртектес тауарлардың құнды шегеру әдiсi бойынша айқындалған кедендік құнының;
3) бірдей немесе бiртектес тауарлардың құнды қосу әдiсi бойынша айқындалған кедендік құнының бiреуiне жақын екендiгiн дәлелдесе, декларанттың бастамасы бойынша тауардың кедендік құнын айқындау негiзiне мәмiле құны қабылдануы мүмкiн.
9. Салыстыру үшiн декларант ұсынған бағалар:
1) коммерциялық деңгейдегi (көтерме, бөлшек саудадағы);
2) санындағы;
3) осы баптың 2-тармағында тізіп көрсетілген элементтердегi (шығыстардағы);
4) егер сатушы өзара тәуелдi тұлғамен мәмiле жасаған кезде мұндай шығындарды шығармаса, өзара тәуелдi емес тұлғалар арасындағы мәмiле кезiнде туындайтын сатушының өзге де шығындарындағы айырмашылықтар ескерiле отырып түзетiледi.
10. Салыстыру үшін декларант берген бірдей немесе біртектес тауарлардың бағасы тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін мәміле бойынша бағаның орнына пайдаланылмайды.
310-бап. Бірдей тауарлармен жасалатын мәміле бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде осы бапта көрсетiлген шарттар сақталған кездегі, тауардың кедендік құнын айқындау үшiн негiз ретiнде, бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы қолданылады.
2. Бағаланатын тауарлармен бiркелкі, соның iшiнде мынадай белгiлері:
1) физикалық сипаттамалары;
2) рыноктағы сапасы мен танымдылығы бойынша біркелкі тауарлар бірдей тауарлар деп түсініледі.
3. Осы баптың негізiнде кедендiк бағалау әдiсiн пайдаланған кезде:
1) егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндірілген елде өндірілмеген болса, бағаланатын тауарлармен бірдей деп есептелмейдi;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар бағаланатын тауарларды өндiрушi тұлға өндiрген бірдей тауарлар болмаған жағдайда, назарға алынады;
3) егер тауарлардың жобалануын, оларға жасалатын тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды, олардың көркемдiк безендiрiлуiн, дизайнын, нобайларын немесе сызбаларын:
сатып алушы сатушыға оны өндiруге және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшін тегін немесе төмендетілген құны бойынша берген болса;
олар Қазақстан Республикасында шығарылған, соған байланысты құны осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағы 4) тармақшасы бесінші абзацының негізінде тауарлардың кедендік құнына енгiзілмеген болса, тауарлар бірдей деп саналмайды.
4. Егер тауарлар осы баптың талаптарына сай келсе, сыртқы түрiндегі болымсыз өзгешелiктер оларды бірдей тауарлар ретінде қараудан бас тарту үшiн негiз болып табылмайды.
5. Егер бұл тауарлар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшiн сатылса;
2) бағаланатын тауарлармен бір уақытта әкелінсе немесе бағаланатын тауарлар әкелінгенге дейін күнтізбелік тоқсан күннен ерте әкелінбесе;
3) шамамен сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнсе, бірдей тауарлармен жасалатын мәміле бағасы кедендік құнды айқындау үшiн негiз ретінде алынады.
6. Егер тауарларды сол мөлшерде және сол коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелу жағдайлары болмаса, өзге мөлшерде және өзге коммерциялық деңгейде (көтерме, бөлшек саудада) әкелiнген бірдей тауарлардың осы айырмашылықтары есепке алынып, бағасы түзетіле отырып, құны пайдаланылуы мүмкiн.
7. Егер бірдей тауарлар үшін осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген шығыстардың құны арақашықтық пен көлiк түрлерiнiң айырмашылығы себепті бағаланатын тауарлардың мұндай шығыстарының құнынан айтарлықтай ерекшеленетін болса, бірдей тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша айқындалатын кедендік құн тиісті түрде түзетілуге тиіс.
8. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген түзетулер дұрыс және құжаттармен расталған мәлiметтер негiзiнде жүргізілуге тиіс.
9. Егер осы әдiстi қолданған кезде бірдей тауарлар бойынша мәмiленiң бiреуден көп бағасы анықталса, онда әкелінетiн тауарлардың кедендік құнын айқындау үшiн олардың ең төменi қолданылады.
311-бап. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсi
1. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша бағалау әдiсiн пайдаланған кезде, осы бапта көрсетілген шарттар сақталған кезде, тауардың кедендік құнын айқындау үшiн негiз ретiнде, әкелiнетiн тауарлармен бiртектес тауарлар бойынша мәмiле бағасы қолданылады.
2. Бiрдей болмаса да, бағаланатын тауарлардың функциясын атқаруға және коммерциялық тұрғыда өзара алмастыруға мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамасы бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар біртектес деп түсініледі.
3. Тауарлардың бiртектестiгiн айқындау кезінде олардың мынадай белгiлерi:
1) сапасы, тауар таңбасының болуы;
2) рыноктағы танымдылығы ескерiледi.
4. Бiртектес тауарлармен жасалатын мәмiле бағасы бойынша кедендік құнды айқындау әдiсiн пайдаланған кезде осы Кодекстің 310-бабының 4-7-тармақтарының ережелерi қолданылады.
5. Кедендiк бағалаудың осы әдiсiн пайдаланған кезде:
1) егер тауарлар бағаланатын тауарлар өндiрiлетін елде өндірілмесе, бағаланатын тауарлармен бiртектес болып саналмайды;
2) бағаланатын тауарларды өндiрушi емес, басқа тұлға өндiрген тауарлар бағаланатын тауарларды өндіруші тұлға өндірген біртектес тауарлар болмаған жағдайда назарға алынады;
3) егер тауарлардың жобалануын, оларға жасалатын тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды, олардың көркемдiк безендiрiлуiн, дизайнын, нобайлары мен сызбаларын:
сатып алушы сатушыға оны өндiруге және Қазақстан Республикасына экспортқа сатуға байланысты пайдалану үшiн тегiн немесе төмендетiлген құны бойынша берген болса;
олар Қазақстан Республикасында орындалып, соған байланысты осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағы 4) тармақшасының бесiншi абзацы негiзiнде тауарлардың кедендiк құнына енгізілмеген болса, тауарлар біртекті деп саналмайды.
312-бап. Құнды шегеру негізінде кедендік құнды айқындау әдісі
1. Егер бағаланатын бірдей немесе біртектес тауарлар ең алдымен бастапқы қалпы өзгертілмей сатылатын болса, мұндай жағдайда құнды шегеру негізінде бағалау әдісі бойынша тауардың кедендік құнын айқындау жүргізіледі.
2. Тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде құнды шегеру әдісін пайдаланған кезде бағаланатын бірдей немесе біртектес тауарлар сатушымен өзара тәуелді болып табылмайтын тұлғаларға бағаланатын тауарлар импортымен бір уақытта ең көп жиынтық мөлшерінде сатылатын тауар бірлігінің бағасы қолданылады.
3. Бұл ретте, сату бағаланатын тауарларды әкелумен бір уақытта, ал мұндай мерзімдерде сату болмаған кезде - бағаланатын тауарлар әкелінгеннен кейін неғұрлым жақын күнде, бірақ бағаланатын тауарларды әкелген кезден бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей жүзеге асырылуға тиіс.
4. Тауар бірлігінің бағасынан:
1) төленетін немесе төлеуге келісілген комиссиялық сыйақылар немесе әкелінетін тауарлардың сол класын немесе түрін Қазақстан Республикасында сатуға байланысты пайда табу және жалпы шығыстарды жабу мақсатында есептелетін үстеме;
2) Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелуге және (немесе) сатуға байланысты Қазақстан Республикасында төленуге тиісті әкелу бажы, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомасы;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын тасымалдауға, сақтандыруға, тиеу және түсіру жұмыстарына Қазақстан Республикасында төленетін шығыстар шегеріледі.
5. Сол кластағы немесе сондай түрдегі тауарлар дегеніміз өнеркәсіптің белгілі бір саласында өндірілген тауарлардың тобына не разрядына жататын және бірдей немесе біртектес тауарлар кіретін, бірақ олармен шектелмейтін тауарларды білдіреді.
6. Бағаланатын бірдей немесе біртектес тауарларды әкелінген кездегідей қалпында сату жағдайлары болмаған кезде, декларанттың өтініші бойынша, қосылған құнды шегере отырып және осы баптың 2-4-тармақтарының ережелері сақталған кезде, қайта өңдеуден өткен тауар бірлігінің бағасы пайдаланылуы мүмкін.
313-бап. Құнды қосу негізінде кедендік құнды айқындау әдісі
Құнды қосу негізінде бағалау әдісін пайдаланған кезде тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде:
1) бағаланатын тауарды өндіруге байланысты дайындаушы жұмсаған материалдар мен шығындар құнын;
2) Қазақстан Республикасына беру үшін экспорт елінде өндірілген, бағаланатын тауарлармен бірдей кластағы немесе сондай түрдегі, тауарларды сату кезінде бағаға қосылатын пайда мен жалпы шығыстар сомасын;
3) осы Кодекстің 309-бабы 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында тізіп көрсетілген шығыстардың құнын қосу жолымен есептелген тауардың бағасы қолданылады.
314-бап. Кедендік құнды айқындаудың резервтік әдісі
1. Егер кедендік құнды осы Кодекстің 309-313-баптарында көзделген әдістерді бірінен кейін бірін қолдану арқылы айқындау мүмкін болмаса, тауардың резервтік әдіс негізіндегі кедендік құны қолданылуы мүмкін. Тауардың резервтік әдіс негізіндегі кедендік құны ТСБК-нің кедендік бағалау жөніндегі принциптері мен жалпы ережелеріне сәйкес кедендік құнды айқындаудың аталған әдістерін неғұрлым икемді қолдану жолымен айқындалады.
2. Кедендік құнды айқындау үшін резервтік әдісті қолдану кезінде:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ақпараттық анықтамалықтарды;
2) статистикалық деректерді, жалпыға бірдей қабылданған комиссиялық төлемдердің, жеңілдіктердің, пайданың, көлік тарифтерінің мөлшерлерін және өзге мәліметтерді пайдалануға жол беріледі.
Бұл ретте, бағаланатын тауарлардың коммерциялық деңгейін (көтерме, бөлшек саудадағы) және (немесе) санын ескере отырып, деректерді тиісінше түзету міндетті.
3. Тауардың кедендік құнын айқындаудың резервтік әдісін пайдалану кезінде кеден органдарында бар ақпарат та пайдаланылуы мүмкін.
4. Осы баптың ережелеріне сәйкес резервтік әдіс бойынша кедендік құн:
1) экспорт елінің ішкі рыногындағы тауар бағасы;
2) кедендік мақсат үшін екі баламалы құнның неғұрлым жоғарысын пайдалануды көздейтін жүйе;
3) экспорт елінен үшінші елге берілетін тауардың бағасы;
4) тауардың Қазақстан Республикасының ішкі рыногындағы отандық тауарларға арналған бағасы;
5) тауардың еркін белгіленген немесе дұрыс расталмаған құны;
6) осы Кодекстің 313-бабында көзделмеген шығындарды есептеу негізінде айқындалатын бірдей немесе біртектес тауарлардың құны;
7) ең төменгі кедендік құн негізінде айқындалмайды.
315-бап. Тауардың кедендік құнын айқындау және бақылау тәртібі
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларант осы тарауға сәйкес мәлімдейді.
2. Тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды кеден органы жүзеге асырады. Кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде таңдалған әдісті қолданудың және мәлімделген кедендік құн құрылымының дұрыстығы айқындалады.
3. Кедендік құнның декларациясын тексеруді жүзеге асыратын кеден органы өз бастамасы, декларанттың тапсырмасы немесе өтініші бойынша аталған декларацияға мәлімделген кедендік құн туралы қандай да бір дерек жазуға, өзгерістер, толықтырулар және түзетулер енгізуге құқылы емес.
4. Жекелеген кеден режимдерін қолдану және өзгерту кезінде тауарлардың кедендік құнын айқындаудың ерекшеліктері осы Кодекстің 6-бөлімінде көзделген.
5. Жеке тұлғалар оңайлатылған тәртіпті қолдана отырып өткізетін тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 270-бабына сәйкес айқындалады.
316-бап. Мәлімделген кедендік құнды растау үшін құжаттарды табыс ету
1. Кедендік құн жөніндегі мәлімделген мәліметтерді растау үшін декларант мына құжаттарды:
1) осы Кодекстің 317-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедендік құн декларациясын;
2) шартты (келісім-шартты) және мәліметтері тауарлардың кедендік құнын айқындауға әсер етуі мүмкін оған қосымша келісімдерді;
3) шот-фактураны (инвойс) немесе шот-проформаны (сатып алу-сату мәмілесінен бөлек мәмілелер үшін);
4) егер кедендік декларацияны беру күніндегі мәміле бойынша төлем шарттарына сәйкес ол үшін төлем толық немесе ішінара жүзеге асырылса, тауардың құнын растайтын төлем құжаттарын;
5) егер беру шарттары бойынша тасымалдау және сақтандыру жөніндегі шығыстарды сатып алушы жүзеге асыратын болса, көлік және сақтандыру құжаттарын;
6) тасымалдағаны үшін шотты немесе көлік шығыстары шот-фактураға енгізілмеген, бірақ сатып алушы шығын шеккен жағдайларда, көлік шығыстары туралы ресми расталған анықтаманы;
7) егер декларант бере алса, жіберуші елдің кедендік декларациясының көшірмесін табыс етуге тиіс.
2. Егер мәлімделген кедендік құнды растау үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар жеткіліксіз болған жағдайда, декларант бұл үшін қажетті мына қосымша құжаттарды:
1) тауарды өткізетін тұлғаның құрылтай құжаттарын;
2) мәмілеге қатысы бар үшінші тұлғалармен жасалған келісім-шарттарды;
3) сатушының пайдасына үшінші тұлғаларға жасалған төлем шотын;
4) бағаланатын тауармен мәмілеге қатысы бар комиссиялық, брокерлік қызмет көрсетулер үшін шотты;
5) сатып алушының тауар құнын растайтын бухгалтерлік құжаттамасынан көшірмені;
6) лицензиялық немесе авторлық шарттарды;
7) қоймалық түбіртектерді;
8) беруге тапсырыстарды;
9) дайындаушы фирмалардың каталогтарын, айрықша тізбелерді, баға прейскуранттарын (прайс-парақтарын);
10) бағаланатын тауарға дайындаушы фирманың калькуляциясын;
11) кедендік құн декларациясында мәлімделген мәліметтерді растау үшін пайдаланылуы мүмкін өзге де құжаттарды табыс ете алады.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) - 6) тармақшаларында, 2-тармағының 1) - 8) тармақшаларында тізіп көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары тауарларды шығарғаннан кейін декларантқа қайтарылуға тиіс.
Бұл ретте кедендік ресімдеу мақсаты үшін аталған құжаттардың түпнұсқасымен бірге олардың декларант куәландырған көшірмесі табыс етілуге тиіс.
317-бап. Тауардың кедендік құнын мәлімдеу шарты
1. Тауарлардың кедендік құнын декларант кедендік құн декларациясын толтыра отырып, тауарларды декларациялау кезінде кеден органына мәлімдейді. Кедендік құн декларациясын толтырудың нысаны мен тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
2. Декларант мәлімдеген кедендік құн және оны айқындауға қатысты ол ұсынған мәліметтер дұрыс, сан жағынан айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс.
3. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік құн декларациясы еркін айналыс үшін тауарларды шығару немесе тауарлар экспортының кедендік режимінде Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы өткізілетін барлық тауарларға толтырылады.
4. Егер:
1) бір келісім-шарттың шеңберінде әлденеше рет беруді, сондай-ақ әртүрлі келісім-шарттар бойынша белгілі бір алушының мекен жайына белгілі бір тауарды бір жөнелтушінің қайталап беруін қоспағанда, әкелінетін тауарлар легінің кедендік құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тоғыз жүз айлық есептік көрсеткішке барабар сомадан аспаса;
2) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін тауарларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген норма мен шарттар сақталса, кедендік құн декларациясы толтырылмайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген жағдайларда кедендік құн кедендік декларацияда мәлімделеді.
318-бап. Тауарлардың кедендік құнын түзету
1. Егер:
1) кедендік құнды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау барысында: осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, декларант мәлімдеген тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісі, тауарлардың кедендік құнының шамасы және (немесе) құрылымы оларды растау үшін ұсынылған құжаттарға сәйкес келмейтіндігі анықталса;
кедендік құн декларациясының нысандарында мәлімделген кедендік құнның шамасына әсер еткен техникалық қателер анықталса;
осы Кодекстің 321-бабына сәйкес тауар декларанттың пайдалануына берілген және кеден органдарында бар баға ақпараттарын қолдана отырып шартты түрде шығарылған болса;
2) тауар шығарылғаннан кейін:
шартты шығарылған тауарға қатысты тауардың түпкілікті кедендік құнын айқындау кезінде не шартты шығарылған тауарға қатысты кеден органы жүзеге асырған тауардың кедендік бағалауы қабылданған кезде декларант табыс еткен қосымша ақпарат негізінде;
тауарды декларациялау кезінде орын алған, кедендік құнның шамасына және (немесе) құрылымына әсер еткен техникалық қателіктер анықталса;
кейіннен тексеру жүргізу барысында анықталған (кеден органында сақталатын құжаттар пакетін кейіннен бақылау кезінде болсын және сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу кезінде болсын) дәйектемесіз декларациялау табылса;
әкелінген немесе әкетілген тауардың саны және (немесе) сапасы бойынша сыртқы сауда шартының (келісім-шартының) талаптарынан ауытқуларына байланысты, кедендік декларацияны тіркеген күні орын алған тауарлардың нақты құнының мәлімделген кедендік құнына сәйкес келмеуі анықталса;
3) трансферттік баға белгілеуге мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәміленің бағасы өзгерсе, тауарлардың кедендік құнын түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Тауардың саны сәйкес келмейтінін растайтын құжаттар:
1) кедендік төлемдер мен салық салынбайтын тауарлар бойынша экспорттаушы (импорттаушы) өкілінің қатысуымен, экспорттаушы (импорттаушымен) келісілген саны жөніндегі наразылық-талап (қабылдау актісі) және кеден органының тексеріп қарау актісі;
2) қалған тауарлар бойынша тәуелсіз сараптаманың қорытындысы (актісі) және кеден органының тексеріп қарау актісі болып табылады.
3. Тауардың жоғалу, кем шығу, зақымдану (бүліну) фактісі кедендік құн мәлімделген кезге дейін анықталған жағдайда декларант мәлімдеген құнның шот-фактурада көрсетілген шамаға сәйкес келмеуі, егер мәлімделген құнның шот-фактурада көрсетілгеннен жоғалған, кем шыққан, зақымданған (бүлінген) тауар мөлшеріне сәйкес шамада айырмашылығы болса, бұл кедендік құнды түзетуге әкеп соқпайды. Тәуелсіз сараптама қорытындысы (актісі) мен кедендік тексеріп қарау актісі жоғалу, кем шығу, зақымдану (бүліну) фактісін растайтын құжаттар болып табылады.
Мөлшері шартта келісілген франшиза сомасының шегінен шықпайтын немесе баға туралы келісімде айтылған саны және сапасы бойынша ауытқуларды кеден органы бағаны төмендету немесе ұлғайту үшін негіз ретінде танымайды.
4. Трансферттік баға белгілеуге мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәміле бағасы өзгерген жағдайда, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның кедендік төлемдер мен салықтардың сомасын есептеу туралы шешімі тауар мәмілесінің бағасын түзетуді растайтын құжат болып табылады.
5. Тауарларды экспорт режимінде кедендік ресімдеуден немесе тауарды еркін айналым үшін шығарғаннан кейін төленуге тиіс кедендік төлемдер мен салықтарды есептей отырып түзету жасаған кезде (оның ішінде қаржылық тексеру басталғанға дейін декларанттың бастамасы бойынша) есептелген және нақты төленген кедендік төлемдер мен салықтар арасындағы айырмашылыққа Қазақстан Республикасы ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2 еселенген ресми ставкасы мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күнге өсімпұл есептеледі. Өсімпұл кедендік декларация кедендік ресімдеуге тіркелген күннен бастап есептеледі.
6. Кедендік құнды түзету нысаны кедендік құны және (немесе) кедендік төлемдері және (немесе) салықтары түзетілетін тауарларға ғана толтырылады. Кедендік құнды түзетуді толтырудың нысаны мен тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді. Кедендік құнды түзетудің көрсетілген нысандары кедендік декларацияның ажырамас бөлігі болып табылады.
7. Кедендік ресімдеуге құжаттарды қабылдағаннан кейін кеден органы жүргізетін декларант мәлімдеген кедендік құнды түзетулердің барлығы тауарларды кедендік бағалау ретінде қаралады және оларға декларант белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
319-бап. Кедендік құнды айқындау кезіндегі декларанттың құқықтары мен мiндеттерi
1. Декларанттың:
1) кедендік құнды анықтау үшiн табыс еткен мәлiметтерінiң дұрыстығына кеден органында күмән туындаған жағдайда, олардың дұрыстығын дәлелдеуге;
2) мәлiмделген кедендік құнды нақтылау қажеттiгi туындаған жағдайда, тауарды кеден органы жүзеге асырған кедендік бағалауға сәйкес кедендік баждар мен салықтардың төленуiн қамтамасыз еткен жағдайда, декларацияланған тауарды алуға құқығы бар. Кедендік төлемдер мен салықтар салынбайтын тауарлардың мәлiмделген кедендік құнын нақтылау қажет болған жағдайда, кеден органы белгiлеген мерзiмде қажеттi құжаттарды ұсыну жөнiнде мiндеттеме болған кезде декларацияланған тауарды алуға;
3) тауарлардың мәлімделген кедендік құнын кеден органының қабылдай алмау себебін түсіндіруді кеден органынан жазбаша сұратуға;
4) тауардың кедендік құнын айқындауға қатысты кеден органының шешiмiмен келiспеген кезде, бұл шешiмге Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен шағымдануға құқығы бар.
2. Декларант:
1) кедендік құнды мәлiмдеуге және оны айқындауға қатысты дұрыс, сан жағынан айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негiзделген мәлiметтердi беруге;
2) мәлiмделген кедендік құнды растау қажет болған кезде, кеден органының талап етуi бойынша оған растау үшiн керек деректердi табыс етуге;
3) өзі мәлiмдеген кедендік құнды нақтылауға не кеден органына қосымша ақпарат табыс етуге байланысты өзінде туындаған барлық қосымша шығыстарды мойнына алуға мiндеттi.
320-бап. Кеден органының кедендік құнды айқындау жөніндегі құқықтары мен мiндеттерi
1. Тауарға кедендiк ресiмдеу жүргiзетiн кеден органы:
1) декларант таңдаған кедендік құнды айқындау әдісін пайдалануға болатындығы және декларант берген құжаттар мен мәліметтер негізінде, сондай-ақ кедендік құнды айқындау кезінде пайдаланылатын өзінде бар ақпараттың негізінде декларант мәлімдеген тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығы туралы шешiм қабылдауға;
2) егер декларант табыс еткен құжаттар мен мәліметтер мәлімделген кедендік құнға қатысты шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса, декларанттан қосымша құжаттар және мәліметтерді жазбаша сұратуға және оларды табыс ету үшін жеткілікті мерзім белгілеуге құқылы. Бұл ретте, қосымша құжаттарды табыс етуді талап ету кедендік декларацияны тіркеуден және тауарлар шығарудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды;
3) декларант мәлiмдеген кедендік құнды айқындаудың дұрыстығын растайтын құжаттар мен мәліметтер болмаған кезде не декларант табыс еткен мәлiметтер дұрыс емес немесе жеткiлiксiз болып табылатындығына негiздеме болған кезде, осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылатын түзетулермен, өзiнде бар мәлiметтер (соның iшiнде, бірдей немесе бiртектес тауарлар бойынша баға ақпараты) негiзiнде, осы Кодексте белгiленген тауарлардың кедендік құнын айқындаудың әдiстерiн бірінен кейін бірін қолдана отырып, декларацияланатын тауардың құнын дербес айқындауға құқылы.
2. Кеден органы декларанттың жазбаша сауал салуы бойынша:
1) тауарлардың кедендік құнын кеден органы айқындаған жағдайда, оны айқындау тәртібі мен әдісі туралы ақпаратты;
2) тауарлардың декларант мәлiмдеген кедендік құнын кеден органының қабылдай алмау себептерін түсіндіруді жазбаша нысанда беруге мiндеттi.
321-бап. Кеден органдарының баға ақпаратын қолдана отырып тауарларды шартты шығару
1. Кедендік құнды растайтын құжаттардың болмауына байланысты әкелінетін тауарлармен мәміленің бағасы бойынша тауардың кедендік құнын айқындау әдісін пайдалану мүмкін болмаған кезде, сондай-ақ декларант мәлімдеген кедендік құнды нақтылау қажет болған жағдайда, кеден органы өзінде бар баға ақпаратын негізге ала отырып жүзеге асыратын тауарды кедендік бағалауға сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу қамтамасыз етілген болса, кеден органы тауарды шартты шығаруды жүргізуге құқылы.
2. Кеден органдарында бар баға ақпаратын кеден ісі жөніндегі уәкілетті орган дұрыс, сан жағынан айқындалатын және құжатпен расталған ақпарат негізінде ресімделген жүктің кедендік декларациялары статистикалық деректерінің мәліметтерін пайдалана отырып қалыптастырады.
3. Растайтын құжаттар ретінде төлем құжаттары табыс етілуге тиіс және мәміле шарттары бойынша төлеу мерзімі көрсетілген мерзімнен асып кеткен жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдер және салықтардың төленуін қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі тауар шығарылған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн болады.
4. Мәлімделген кедендік құнды растайтын құжаттарды декларант табыс еткеннен кейін кедендік құнды түзету нысанын толтыра отырып, осы Кодекстің 43-тарауына сәйкес кедендік төлемдер мен салықтардың төленуін қамтамасыз етуді қайтару (немесе есепке алу) жүзеге асырылады.
5. Белгіленген мерзім өткеннен кейін мәлімделген кедендік құнды растайтын қажетті құжаттар ұсынылмаған жағдайда, тауардың шартты бағасы қолданылып есептелген кедендік төлемдер мен салықтар сомасы тауардың кедендік құнына қатысты түпкілікті шешім болып табылатын кедендік құнды түзету нысанын кеден органы лауазымды адамының толтыруы арқылы, мемлекеттік бюджетке аударылады.