8-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорларын
ұйымдастыру
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 32-бап өзгертілді
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 32-бап алып тасталды (бұр. ред. қара)
32-бап. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
33-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының түрлерi
1. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) ашық;
2) корпоративтiк болуы мүмкiн.
2. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорлары алушының жұмыс iстейтiн және тұратын жерiне қарамастан салымшылардан зейнетақы жарналарын қабылдауды жүзеге асырады.
3. Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорлары сол жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары және акционерлерi болып табылатын бір немесе бірнеше ашық тұлғалардың алушы-қызметкерлерi үшiн құрылады.
4. Салымшының (алушының) заңды тұлғамен - акционермен еңбек шартын бұзуы, корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты бұзу, осы Заңның 23-бабы 1-тармағының 1) 3) тармақшаларында көзделген талаптар туындаған кездегі еңбек шарты бұзылған жағдайлардан басқа реттерде, үшiн негiз болады.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 16.05.03 ж. № 416-II Заңдарымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының ұйымдық-құқықтық нысаны
Жинақтаушы зейнетақы қоры жабық акционерлік қоғам нысанында құрылады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 35-бап өзгертілді
35-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының филиалдары мен өкiлдiктерi
Жинақтаушы зейнетақы қорлары уәкiлеттi органмен келісім бойынша, ол белгiлеген тәртiппен филиалдар мен өкiлдiктер ашуға құқылы.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлерi
1.Қазақстан Республикасының резиденттері - заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі ашық жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлері бола алады.
1-1. Рейтинг агенттіктерінің бірінің белгілі бір рейтінгі бар Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғасы ашық жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алады. Рейтинг агенттіктерінің тізбесі мен ең төмен рейтингті уәкілетті орган белгілейді.
Оффшорлық аймақта тіркелген коммерциялық ұйым мәртебесі бар заңды тұлғалар мен жарғылық капиталына оффшорлық аймақта тіркелген заңды тұлғалар тікелей немесе аффилиирленген тұлғалар арқылы қатысатын заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтайшылары немесе акционерлері бола алмайды. Оффшорлық аймақтардың тізбесін уәкілетті орган белгілейді.
1-2. Шет ел қатысатын ашық жинақтаушы зейнетақы қорларының жиынтық жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының барлық ашық жинақтаушы зейнетақы қорларының жарияланған жиынтық жарғылық капиталының жиырма бес процентінен аспауы керек.
1-3. Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлға қатысатын ашық жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелерінің кемінде үштен бірі Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесі мен басқармасының Қазақстан Республикасының резиденттері емес мүшелері қаржы рыногында қызметін жүзеге асырушы ұйымдарда үш жылдан кем емес басшылық жұмыста болған тәжірибесін куәландыратын құжаттарды табыс етуге міндетті.
1-4. Дауыс беретін акцияларының жиырма бес процентінен астамы жиынтық түрінде:
1) Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаның;
2) акцияларының (қатысушылары салымдарының) елу проценттен астамы Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұлғалардың меншігінде және (немесе) басқаруында болған Қазақстан Республикасының резиденті-заңды тұлғаның;
3) Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұлғалардың бағалы қағаздарын нақты ұстаушы болып табылатын Қазақстан Республикасы резиденттерінің меншігінде немесе басқаруында болған ашық жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлға қатысатын ашық жинақтаушы зейнетақы қоры болып табылады.
2. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорын құру кезеңiнде бірде-бір тұлға тiкелей немесе жанама түрде мұндай жинақтаушы зейнетақы қорының дауыс құқығы бар акцияларының жалпы санының 25 процентiнен астамын иеленуге, билiк етуге және/немесе басқаруға құқылы емес.
Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қызметi кезеңiнде, уәкiлеттi орган рұқсат еткен реттердi қоспағанда, бірде-бір тұлға тiкелей немесе жанама түрде мұндай жинақтаушы зейнетақы қорының дауысы құқығы бар акцияларының жалпы санының 25 процентiнен астамын иеленуге, билiк етуге және/немесе басқаруға құқылы емес.
Аталған шектеулер корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорына қолданылмайды.
3. Мемлекеттік кәсіпорын жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
4. Жинақталған зейнетақы қаражатының нақты құны кемiген жағдайда корпоративтiк зейнетақы қорларының акционерлерi бірдей жауапты болып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiп бойынша инвестициялық кiрiс ысырабының орнын толтырады.
5. Жинақтаушы зейнетақы қоры басқа жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара) 37-бап өзгертілді
37-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларын мемлекеттік тiркеу
Жинақтаушы зейнетақы қорларын мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді уәкілетті органның рұқсаты болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әділет органдары жүзеге асырады.
Рұқсат берудiң шарттары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 38-бап өзгертілді
38-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорының атауы
1. Жинақтаушы зейнетақы қорының атауында "жинақтаушы зейнетақы қоры" деген сөздер болуға тиiс.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорларының өз атауында "ұлттық", "орталық", "үкiметтiк", "кепiлдiк беретiн", "кепiлдiк берiлген", "сақтық", "сақтандырушы" немесе "сақтандырылған" деген сөздердi қандай тiлде болса да толық және қысқартылған түрiнде пайдалануына тыйым салынады. Жарғылық капиталдың жүз проценті Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі болған жағдайда ғана жинақтаушы зейнетақы қорының атауында "мемлекеттік" деген сөз қолданыла алады. Атауда салымшының (алушының) пайдасына жасалатын инвестициялардан алынатын кiрiс ставкасының сақтандырылуы немесе оған кепiлдiк берiлуi айтылуға немесе меңзелуге тиiс емес.
3. Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ ешбір заңды тұлға жинақтаушы зейнетақы қоры болып атала алмайды және (немесе) өзін зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметпен айналысушы ретінде сипаттай алмайды.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 39-бап өзгертілді
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 39-бап жаңа редакция
39-бап. Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөніндегі қызметтi лицензиялау
Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөніндегі қызметтi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган лицензиялайды.
ҚР 05.04.99 ж. № 364; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларында басшылық қызметтердi атқару тәртібі
1. Атқарушы органның басшысы мен оның орынбасарлары, бас бухгалтер мен оның орынбасарлары, филиал мен өкiлдiктiң бірiншi басшысы мен бас бухгалтерi жинақтаушы зейнетақы қорларының басшы қызметкерлерi болып табылады.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорына:
жоғары білімi жоқ;
заңда белгiленген тәртiппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған;
бұрын сол адамның басшылық еткен кезiнде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервацияға ұшыратылған, мәжбүрлеп таратылған заңды тұлғада басшы қызметкер немесе лауазымды адам болған;
белгіленген тәртіппен біліктілік емтиханын тапсырмаған адам;
уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен келiсуден өтпеген адам;
Қазақстан Республикасының азаматы емес адам басшы қызметкер бола алмайды.
2-1. Жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерiнiң кандидатурасы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленген тәртiппен онымен мiндеттi түрде келісілуге тиiс.
Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерiн сайлауға (тағайындауға) берiлген келісімдi:
1) келісім беру негiзiнде дұрыс емес мәлiметтер анықталған;
2) жинақтаушы зейнетақы қорының қызметiне байланысты бір жыл iшiнде екi және одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылғаны туралы деректердiң болуы;
3) осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмеуi анықталған негiздерде қайта қарауға құқылы.
3. алып тасталды
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 11.06.04 ж. № 562-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 41-бап өзгертілді
41-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының құқықтары, мiндеттерi және қызметiн жүзеге асыру
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының:
1) зейнетақы жарналарын жинауды жүзеге асыруға;
2) өзiнiң қызметi үшiн комиссиялық сыйақылар алуға;
2-1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөніндегі қызметтi және бағалы қағаздар рыногындағы өзге де қызмет түрлерiн дербес жүзеге асыруға;
2-2) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша сот органдарында салымшының жазбаша өтініші бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен оның мүдделерін білдіруге;
3) зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) алушыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен зейнетақы төлеуге;
2) жинақталған зейнетақы қаражаттары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
3) салымшы мен алушыға кемiнде жылына бір рет, сондай-ақ оның сұрау салуы бойынша оның жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпарат беруге;
4) алушының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының зейнетақы заңдары мен зейнетақы шартының ережелерiн бұзғаны үшiн жауап беруге;
6) салымшының (алушының) жинақталған зейнетақы қаражатын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан екіншісіне немесе сақтандыру ұйымына осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен аударуға;
7) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болмаған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйыммен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруға шарттар жасасуға;
8) бұқаралық ақпарат құралдарында уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен қаржылық есептiлiктi және уәкiлетті орган белгiлеген тәртіппен өзге де есептілік пен өз қызметi туралы ақпаратты жариялауға мiндеттi. Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы қорларына жарналар бойынша табысқа кепiлдiк немесе уәде қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарымен жариялауға тыйым салынған өзге де мәліметтердi жариялауға жол берiлмейдi;
9) жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақы шартың жасасқан азаматтарға тең жағдайларды қамтамасыз етуге;
10) алып тасталды
11) салымшымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
12) салымшымен ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
13) әрбір жеке адамның тұратын жеріне қарамастан олармен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу кепілдігін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Салымшылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында жинақтаушы зейнетақы қорларына:
1) осы баптың 1-тармағында белгiленген қызмет түрлерiн және осы тармақтың 2) және 5) тармақшаларында белгiленген жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметке;
2) өз мұқтаждары үшін сатып алған мүлікті сатып алу-сату мен жалға беруді және уәкілетті орган белгілейтін қаржы құралдарымен мәмілелерді қоспағанда, мүлікті сатып алу-сатуды жүзеге асыруға;
3) сақтандыру қызметiне;
4) зейнетақы активтерiн кепiлге беруге;
5) акциялардан басқа бағалы қағаздар шығаруға;
6) алып тасталды
4. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық орнықтылығын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында сақталуы міндетті пруденциалдық нормативтер белгіленеді. Пруденциялдық нормативтердің тізбесін, олардың нормативтік мәнін, есеп-қисап әдістемесін, сондай-ақ тиісті есептілік нысандары мен оны табыс ету мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.
5. Жинақтаушы зейнетақы қорының, онымен және оның құрылтайшыларымен аффилиирленген, жинақтаушы зейнетақы қоры қатысатын консорциумдар мен қарапайым серіктестіктерге қатысушы тұлғалар мен ұйымдардың қызметін реттеу шоғырландырылған негізде жүзеге асырылуы мүмкін. Реттеуді шоғырландырылған негізде жүзеге асыру ережесін уәкілетті орган белгілейді.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Уәкiлеттi орган қолданатын ықпал ету шаралары
1. Жинақтаушы зейнетақы қорлары Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайда уәкiлеттi орган мынадай ықпал ету шараларын қолдануға:
1) анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жою туралы орындалуы мiндеттi жазбаша ұйғарым беруге;
2) жинақтаушы зейнетақы қорларының басшы қызметкерлерiн қызметтен алу туралы акционерлер алдына мәселе қоюға;
2-1) осы Заңның 42-1, 42-2, 42-3, 42-4, 42-5 және 42-6-баптарында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен консервациялауды енгізуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айыппұлдар салуға және өндiрiп алуға;
4) лицензияны тоқтата тұруға не қайтарып алуға құқылы.
1-1. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметке лицензиясының қолданылуын мынадай негіздердің:
1) лицензия берілгенде негізге алынған ақпараттың дұрыс болмауы;
2) лицензия берілген кезден бастап жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін бастауды бір жылдан астам кідірту;
3) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт бойынша міндеттемелерді үнемі (күнтізбелік он екі ай ішінде қатарынан үш және одан да көп рет) орындамауы немесе тиісінше орындамауы;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының лицензиар белгілеген нормативтерді және орындалуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді үнемі (күнтізбелік он екі ай ішінде қатарынан үш және одан да көп рет) бұзуы;
5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы ережесін және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерін бұзуы не уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын орындамауы;
6) есептілік пен мәліметтерді табыс етпеу немесе көрінеу дұрыс емес есептілік пен мәліметтерді табыс ету негіздерінің кез келгені бойынша алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
1-2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тарту және бұрын тартылған салымшылар бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық қызметті жүзеге асыру құқығын сақтай отырып, жаңа салымшылар тартуына тыйым салуға әкеп соқтырады.
1-3. Уәкілетті органның жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметке лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы қабылдаған шешімін жинақтаушы зейнетақы қоры екі баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялау арқылы салымшылар мен алушылардың назарына жеткізеді.
1-4. Лицензияның қодданылуын тоқтата тұру себептерін жинақтаушы зейнетақы қорының белгіленген мерзімде жоймауы оны уәкілетті органның қайтарып алуына негіз болып табылады.
2. Уәкiлеттi орган өздерiне қатысты ықпал ету шараларын қолданған жинақтаушы зейнетақы қоры не тұлға оның iс-әрекетiне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 42-1-баппен толықтырылды
42-1-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау ұғымы
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау уәкiлеттi органның шешiмi бойынша әкiмшiлiк, заң, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және басқа да iс-шаралар кешенiн және жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайын оңалту мен жұмыс сапасын жақсарту мақсатында оған қатысты рәсiмдердi мәжбүрлеп жүргiзудi бiлдiредi.
2. Жинақтаушы зейнетақы қоры осы Заңның 42-бабының 1-1-тармағының 3) 6) тармақшаларында көрсетiлген негiздердiң бірi бойынша консервациялауға ұшырауы мүмкiн.
3. Консервациялау режимiн белгiлеу уәкiлеттi органның шектелген мерзiмге (бір жылға дейiн) жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктi немесе жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны тағайындауды көздейдi.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау жинақтаушы зейнетақы қорының өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уәкiлеттi органның консервациялауды жүргiзу туралы шешіміне жинақтаушы зейнетақы қорының акционерлерi сот тәртібімен он күн мерзiмде шағымдануы мүмкiн. Көрсетiлген шешiмге шағымдану жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялауды тоқтатпайды.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 42-2-баппен толықтырылды
42-2-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы)
1. Уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiктi (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) оның қызметкерлерiнiң iшiнен не оның қызметкерлерi болып табылмайтын, осы Заңның 40-бабының 2-тармағында белгiленген ең төменгi талаптарға сай келетiн адамдар iшiнен тағайындайды.
2. Уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) басшысының және оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ еңбекақы төлеу талаптары уәкiлеттi орган мен уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) арасында жасалатын шартта белгiленедi.
3. Уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерiн (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) кез келген сәтте ауыстыруға құқылы.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорына келтiрiлген залал үшiн уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) басшысы мен оның мүшелерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкте болады. Уақытша әкiмшiлiк басшысы мен оның мүшелерiне (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) әдеттегi өндiрiстiк тәуекел санатына жатқызылуы мүмкiн залал үшiн жауапкершiлiк жүктеуге жол берiлмейдi.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 42-3-баппен толықтырылды
42-3-бап. Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорына консервация жүргiзу туралы шешiмi
1. Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорына консервация жүргiзу туралы шешiмi:
1) жинақтаушы зейнетақы қорының атауын және оның орналасқан жерiн;
2) жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау туралы шешiмнiң негiздемесiн;
3) консервациялауды қолданудың басталуын және мерзiмiн;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының қызметiне салынған шектеулер тiзбесiн;
5) уақытша әкiмшiлiктiң дербес құрамын;
6) консервациялау режиміндегі жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы туралы есептi әзiрлеу жөніндегі нұсқаманы, кiрiс туралы декларацияны, меншiктiң бар екендiгi және оның мөлшерi және осы құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) ұсынуы туралы мәлiметтердi;
7) уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) ұсынымдарын қамтуы тиiс.
2. Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорына консервациялау жүргiзу туралы шешiмiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тiлдерiнде жариялайды.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 42-4-баппен толықтырылды
42-4-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау кезеңiнде басқару ерекшелiктерi. Жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) өкiлеттiктерi
1. Консервация жасалуы басталысымен және оның мерзiмiнде:
1) жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерiнiң оны басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
2) жинақтаушы зейнетақы қоры органдарының және оның басшы қызметкерлерiнiң өкiлеттiктерi тоқтатыла тұрады;
3) жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөніндегі бүкiл өкiлеттiктер уақытша әкiмшiлiкке (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) көшедi;
4) жинақтаушы зейнетақы қоры атынан және оның есебiнен уақытша әкiмшiлiкке (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) мәлiм етпестен және оның жазбаша келісімiнсiз жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы):
1) осы Заңның 42-5-бабының талаптарын ескере отырып, жинақтаушы зейнетақы қоры қызметiнiң барлық мәселелерi жөнiнде дербес шешiм қабылдауға;
2) жинақтаушы зейнетақы қоры атынан шарттарға және құжаттарға қол қоюға;
3) жинақтаушы зейнетақы қоры атынан және оның мүддесiне орай талап қоюға;
4) жұмыстан босату, лауазымын төмендету немесе лауазымынан уақытша босату, жинақтаушы зейнетақы қоры қызметкерлерiнiң арасында мiндеттердi бөлу туралы бұйрықтарды қоса алғанда, бұйрықтар шығаруға құқылы.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 42-5-баппен толықтырылды
42-5-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiн бақылау
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады, ол:
1) уақытша әкiмшiлiкке (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау кезеңіндегі iс-шаралардың негiзгi бағыттары туралы ұсынымдар беруге;
2) уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) орындауға мiндеттi жазбаша нұсқамалар беруге;
3) уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) оның қызметi және жинақтаушы зейнетақы қорының қызметi туралы кез келген ақпаратты беруiн талап етуге;
4) жасалған жұмыс туралы уақытша әкiмшiлiктiң жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) есебiн тыңдауға;
5) консервациялау мерзiмiн ұзартуға;
6) жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялауды аяқтау туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiн егжей-тегжейлi регламенттеу және оның үшiншi тұлғалармен өзара қарым-қатынастарының принциптерi уәкілетті органның нормативтiк құқықтық актілерінде айқындалады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен 42-6-баппен толықтырылды
42-6-бап. Консервациялауды тоқтату
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау мынадай негiздер бойынша тоқтатылады:
1) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген консервациялау мерзiмiнiң өтуi;
2) уәкiлеттi органның консервациялауды мерзiмiнен бұрын аяқтау туралы шешiм қабылдауы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайын оңалтуға және жұмыс сапасын жақсартуға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялауды (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын да) тоқтату жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) белгiлеген барлық шектеулердiң күшiн жоюға әкеп соғады. Бұл жағдайда консервациялау мерзiмi iшiнде құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар, жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органдары және қызметкерлер құрамы күшiнде қалады.