Бұдан басқа, мұнай және газ өндiру саласы тауарлар мен қызметтердi мемлекеттік тұтыну деңгейiне едәуір әсер ете отырып, республикалық бюджет кiрiстерiнің шамамен 26%-ын қамтамасыз етедi.
Экономиканың басқа секторларына мультипликативтік әсерiн ескере отырып, мұнай секторының ЖIӨ өсиетiне үлесi бағалау бойынша 2003 жылы 30%-ды құрады, ал 2004 жылы 28%-ды құрайтын болады.
Осылайша, мұнай-газ секторын дамыту Қазақстандағы экономикалық өсудi қамтамасыз етудiң кепілі болып табылады. Алайда тек аталған секторды ғана артықшылықпен дамыту ұзақ мерзiмдi перспективада экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз ете алмайды. Міндет аралас салаларды дамыту үшін мұнай-газ секторын "локомотив" ретінде пайдалану.
Бұл мiндетті шешуге Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру жәрдем ететiн болады. Оны табысты iске асырған жағдайда экономиканың түрлi салаларында экспортқа бағытталған жаңа өндiрiстер құрылатын болады.
Телекоммуникациялар саласындағы ырықтандыру, темір жол саласындағы қайта құрылымдау, электр энергетикасындағы реформалар экономиканы дамытуға оң әсерiн тигiзуi тиiс.
Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады, Ұлттық Банк, сондай-ақ қаржы жүйесiнің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететiн болады.
3. Елдi дамытудың 2005-2007 жылдарға
арналған мақсаттары, міндеттері және басымдықтары
3.1. 2005-2007 жылдарға арналған
макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы
Елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспарын әзірлеу кезiнде экономиканы дамытудың базалық сценарийi негiз ретінде алынды.
Базалық сценарийде мұнайға қойылатын әлемдiк баға баррель үшін 28-33 доллар аралығында болады деп көзделеді. Сыртқы конъюнктура индексі 2003 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға азаяды, 2005 жылы тағы да 1,6%-ға азаяды. 2006-2007 жылдары индекс шамалы ғана, жылына 0,5%-ға өсетін болады.
Аталған сценарийге сәйкес ЖIӨ-нің орташа жылдық өсуi 2005-2007 жылдары 8,1%-ды құрайды.
Тауар өндiрiсiмен салыстырғанда қызметтер көрсетудiң басып өсу үрдісі сақталады. Болжанып отырған кезеңде тауар өндiрiсi орта есеппен жылына 7,8%-ға ал қызметтер өндiрiсi 8,7 %-ға өседi.
Кәсiпорындардың қаржы жағдайының жақсаруымен бірге халықтың жиынтықты нақты кiрiсінің ұлғаюы экономиканың нақты секторына инвестициялардың өсуіне қажетті жағдайлар жасайды.
Инвестициялық сұраныстың кеңеюi ең алдымен кәсiпорындардың өз қаражаты есебiнен алынатын инвестицияларды қаржыландырудың iшкi көздерімен байланысты болады. Жоспарланып отырған кезеңде негізгі капиталға инвестициялар көлемінiң өсу қарқыны 12-15%-ды құрайды.
Мұнайға қойылатын экспорттық баға баррель үшiн 21-25 АҚШ доллары деңгейiнде тұрақталады. Сауда теңгерiмінiң оң сальдосы орта есеппен жылына 2,3 млрд. АҚШ долл. құрайтын болады.
Инфляция деңгейі орта есеппен 2004 жылғы 5,6-7%-дан 2007 жылы 4,1-5,5%-ға азаяды.
Еңбек өнімділігі нақты еңбекақыға қарағанда неғұрлым жоғары қарқынмен өсетін болады деп күтілуде, оның орташа өсуi 4,6%-ды құрайды.
3.2. Стратегиялық мiндеттердi шешу саласында
Базалық сценарийдi іске асыру кезiнде 2010 жылға қарай ЖIӨ-дi еселеу жөніндегі стратегиялық міндет 2000 жылмен салыстырғанда шамамен екі жылды басып озып орындалатын болады.
1-сурет
[Графикалық нысанды қараңыз]
3.3. Орта мерзімдi мiндеттерді шешу саласында
Тұтастай алғанда жоспарланып отырған кезеңде әлеуметтік-экономикалық саясаттың жалпы бағыты сақталады және стратегиялық жоспардың Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының, Үкiмет бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін болады.
Экономиканың бәсекеге қабiлеттілігiн арттыруға экономиканы барынша ырықтандыру және оның ашықтығы жөніндегі жұмыс, инфрақұрылымды салу және басты салаларды дамытуға жеке секторды тарту жөніндегі белсендi жұмыс ықпал етуі тиiс.
Жоспарланып отырған кезеңде бәсекеге қабiлетті экономика негізiн құру үшiн мынадай мiндеттердi шешу ұйғарылып отыр:
2005-2007 жылдары ЖIӨ-нiң 8,1% орташа жылдық өсу қарқынын қамтамасыз ету;
инфляцияның орташа жылдық деңгейiн 4,1-6,5% мөлшерiнде қамтамасыз ету;
валюталық режимдi ырықтандыруды және қаржы жүйесінiң халықаралық стандарттарға көшуiн дайындауды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешенін iске асыру;
Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (бұдан әрі - ДСҰ) кiруi жөнiндегі дайындық iс-шараларын аяқтау;
энергия және материал үнемдейтін технологиялардың енгізiлуін ынталандыратын заңнамалық және тарифтік жағдайлар жасау;
орталық және жергілікті басқару органдары арасындағы өкiлеттіктер мен қаржы ресурстарын ажырату жөніндегі жұмысты жалғастыру;
ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң өнiмдiлігін арттыру үшін жағдайлар жасау.
Дамудың басты міндеттерiн шешу саласында біздің iс-әрекетiмiздiң бағыты бiршама өзгередi.
Жоспарланып отырған кезеңде шешiлуi қажет проблемаларға негізделе отырып:
Ел экономикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясын одан әрi iске асыру, жеке сектормен ынтымақтастықты тереңдету;
Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасын iске асыруды аяқтау және ғылым мен техниканың алдыңғы қатарлы жетістiктерiне негізделген, бәсекеге қабiлеттi ауыл шаруашылығы өндiрiсiн құру үшiн жағдайлар дайындау;
ғылымды, білім беруді және халықтың кәсіби біліктілігін дамытудың қазiргі заманғы және тиiмдi жүйесін құру;
тұрғын үй құрылысын дамыту;
денсаулық сақтау жүйесiн одан әрі жетiлдiру;
шағын кәсiпкерлiктi дамытуды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешенi;
көлеңкелi экономика деңгейiн қысқарту;
халықты зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруды одан әрі арттыру әлеуметтік-экономикалық дамудың 2005-2007 жылдарға арналған басымдықтары болып айқындалды.
4. Даму бағдарламалары және оларды қаржыландыру
Iске асырылатын мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды iске асыру тиiмдiлiгiн арттыру негізгi мақсат болып табылады.
Жоспарлаудың бағдарламалық-мақсатты әдiсiн одан әрi жетiлдiру мақсатында сыртқы (тәуелсiз) бағалауды қоса алғанда бағдарламаларды іске асыру тиiмдiлiгiн бағалау және бақылау жүйесін құру алда тұр. Бұл бюджет қаражатын пайдалану тиiмділігін елеулi арттыруға мүмкiндiк бередi.
Бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және iске асыру үшiн басым салаларды анықтау; басымдардың қатарына кiрмеген бағдарламалардың күшін жою немесе әзiрлеуге орынсыз деп тану; бағдарламалар жоқ басым бағыттар бойынша бағдарламаларды әзiрлеудi қамтамасыз ету арқылы бағдарламалардың санын оңтайландыру тұр.
Бағдарламалар санын қызмет саласына бiр-екi бағдарламаның болуына негiзделе отырып оңтайландыру саясатын ұстану қажет.
Бағдарламалық құжаттарға талаптарды күшейту олардың кешендiлiгiн, жүйелiлігі мен нәтижелігін күшейтуге бағытталатын болады.
2005-2007 жылдарға арналған тiзбеге 99, оның ішінде 68 қолданыстағы және 31 әзiрленетiн бағдарлама (құпиялық режимiн сақтауды талап ететін бағдарламаларсыз) енгiзiлдi. Әзiрленетіндердiң тізбесiне енген барлық дерлік бағдарламалар Қазақстан Республикасы Үкіметінiң бағдарламалық құжаттарының шеңберiнде көзделген (Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламалары және оларды iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспары, ұлттық және экономикалық қауiпсiздiкті iске асыру жөніндегі жоспарлар).
Әзiрлеуге берiлгендердiң қатарына iске асырылуы 2005 жылдан басталатын - 23, 2006 жылдан басталатын - 6 бағдарлама ендi. Бұл ретте 2004 жылы 5 бағдарламаны iске асыру аяқталады. Яғни 2005 жылы 91 бағдарлама әрекет етедi.
Тiзбеге енгiзiлген және мемлекеттік бюджеттен қаражатпен қамтамасыз етудi талап ететiн барлық бағдарламаларда жылдар мен қаржыландыру көздерi бөлiнiсiнде қаржы қаражатының талап етiлетiн көлемдерi көрсетіледi.
Бағдарламаларды iске асырудың түпкi нәтижелерiне қол жеткізу толыққанды және оларды iске асыру тиiмділігіне сенімдi талдауды жүзеге асыру жолымен, яғни, бағдарламалар нәтижелiлiгiнiң ішкi және сыртқы бағалауын жүргiзу арқылы қамтамасыз етілетiн болады.
Бағдарламаны одан әрi iске асырудың орындылығы және одан әрi қаражат бөлу туралы шешiм жүргiзiлген бағалаулардың талдаулары нәтижесiне негiзделетiн болады. Қабылданған шаралар экономиканың жедел өсiмін және республикалық әрi жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын пайдалану тиiмдiлігін қамтамасыз етуде бағдарламалық құжаттардың (мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалар) рөлiн арттыруға мүмкiндiк бередi.
5. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету
5.1. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту
5.1.1. Ақша-кредит саясаты
Ақша-кредит саясатының негізгi құралдары репо операциялары, қысқа мерзiмдi ноталарды шығару сияқты ашық рынок операциялары болады. Бұдан басқа, Ұлттық Банк ресми ставкаларды реттеудi және вексельдердi қайта есептеу, банктерге қысқа мерзiмдi кредиттер (күндiк және овернайт) беру, сондай-ақ банктердiң қысқа мерзiмдi өтiмдiлiгiн реттеу үшiн депозиттер қабылдау жолымен банктердi қайта қаржыландыруды жүзеге асыратын болады.
Инфляциялық таргеттеуге жоспарлы көшуге дайындық жоспарында Ұлттық Банк 2004 жылы өз ресми ставкаларының реттеушi рөлiн күшейтуге бағытталған шараларды iске асыруды жалғастырады. Алдағы 3 жылда ашық рынок операцияларымен өтiмдiлiктi реттеудi кеңейту, атап айтқанда, бағалы қағаздардың қайталама рыногын дамытуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар белсендi түрде қабылданатын болады. Ұлттық Банктiң бағалы қағаздар портфелiн ұлғайту және жаңа қаржы құралдарын дамыту жөніндегі шаралар қабылданады, бұл Ұлттық Банктiң реттеушi мүмкiндiктерiн ұлғайтуға және қаржы рыногының икемділiгiн арттыруға мүмкiндiк бередi.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында валюталық режимдi ырықтандыру басым бағыт болады. Бұл валюталық реттеу режимiн жұмсартуды және резиденттердiң валюталық құндылықтармен операцияларды жүзеге асыруы кезіндегі шектен тыс әкiмшілiк кедергілердi жоюды болжайды.
Валюталық заңнаманы одан әрi жетілдiру мақсатында 2004 жылы қаржы рыногының қазiргі заманғы талаптарға барынша жауап беретін және Қазақстанның халықаралық капитал рыноктарына неғұрлым белсендi қатысуын көздейтiн жаңа заң әзiрлеу және қабылдау жоспарлануда. Ол шамамен 2005 жылы басталатын және 2007 жылы валюталық қатынастарды толық ырықтандырумен аяқталатын валюталық режимдi ырықтандырудың екiншi кезеңiнiң бағдарламасын іске асыру үшін заңнамалық негіз болады. Валюталық шектеулердi бәсеңдету жөніндегi шаралар отандық қаржы рыногының өсуiне, қаржы құралдарының дамуына және нақты сектор үшін қосымша қаржы ресурстарын тартуға ықпал етедi.
Төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету саласында микропроцессорлық технологиялар негiзінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесін енгізу және дамыту жолымен төлем карточкаларына қызмет көрсету жөніндегі бiрыңғай ұлттық желi құруға ерекше назар аударылатын болады. Оны енгізу шеңберiнде 2004 жылы "Процессинг орталығы" ЖАҚ төлем карточкалары бойынша банкаралық транзакцияларға қызмет көрсету жөнiнде өзiнiң практикалық қызметін бастайды.
Келесi жылдары мiндетті медициналық сақтандыруды, кедендiк және салықтық төлемдердi төлеу жүйесiн қалыптастыруды енгізу жөніндегi жалпыұлттық бағдарламаларды iске асыру, жеке (заңды) тұлғаның бiрыңғай нөмiрiне (СН, БСН) және тағы басқаларға көшу кезiнде Ұлттық банкаралық жүйенiң төлем карточкаларын пайдалану мүмкiндiгi қаралатын болады. Сауда (қызмет көрсету) ұйымдарында төлем карточкаларын қабылдайтын және оған қызмет көрсететін жабдықтар желісін кеңейту жөніндегі жұмыстар жалғасады. Алдағы жылдары Ұлттық Банк ЕурАзЭҚ елдерінің орталық банктерiмен бiрлесiп ЕурАзЭҚ елдерінiң ортақ төлем жүйесiн ұйымдастыру және қаржы рыноктарын бiрiктiрудiң басқа бағыттары жөніндегі жұмыстарды жүргiзудi жалғастырады. Бұдан басқа Ұлттық Банк Бiртұтас экономикалық кеңістiк (БЭК) қалыптастыру жөніндегi мемлекетаралық және ведомствоаралық топтардың жұмысына белсендi түрде қатысу ниетiнде.
5.1.2. Қаржы секторын дамыту
Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу әрi қадағалау
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесiн одан әрi жетілдiру туралы" 2003 жылғы 31 қаңтардағы Жарлығына және "Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2004 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі (бұдан әрi - Агенттiк) жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес қаржы рыногын одан әрі дамыту алдағы 3-4 жылда оның барлық сегменттерiн халықаралық стандарттарға жақындату бағытында жүргiзілетін болады. Экономиканың нақты секторының сұраныстарын қанағаттандыратын қаржы жүйесінің орнықты әрi тиiмдi жұмыс iстеуiн қалыптастыру жалғасады.
Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау саласында:
қаржы рыногының және қаржы ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтастай алғанда қаржы жүйесіне деген сенімдi қолдау; қаржылық қызмет көрсетуде тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз ету;
қаржы ұйымдарының қызметі үшін қаржы рыногындағы адал бәсекенi қолдауға бағытталған тең құқылы жағдайлар жасау;
халық пен кәсіпкерлiк субъектілерiнiң қаржы жүйесіне деген сенімiн арттыру;
қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдар туралы заңнама нормаларын жетiлдiру;
қаржылық қызмет көрсетуде тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды болдырмау жөніндегі шараларды iске асыру;
қаржы ұйымдары қызметiнің стандарттарын белгілеу, қаржы ұйымдарын корпоративтiк басқаруды жақсарту үшiн ынталандыру шараларын жасау негізгi бағыттар болып табылады.
Жоспарланып отырған кезеңде қаржы рыногын реттеу және дамыту жүйесiн жетiлдiру мақсатында:
Еуропалық Одақ директиваларын ескере отырып, қаржы рыногын реттеудi және қадағалауды жетілдiру;
Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау бойынша шоғырландырылған қадағалауды жетілдiру тұжырымдамасын әзiрлеу көзделуде.
Еуропалық Одақ директиваларын ескере отырып, мынадай негiзгi iс-шаралар көзделiп отыр:
қаржы ұйымдары қызметiнiң тәуекелін кешендi бағалаудың қаржылық қызметтердi тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін арттыруға бағытталған тетiгiн енгізу, қаржы рыногының республиканың қаржылық қауiпсiздігін қамтамасыз ететін қазiргі заманғы инфрақұрылымын қалыптастыру;
қаржы ұйымдарын пруденциалдық реттеуді жетілдіру;
қаржы ұйымдарының өз тәуекелдерiн барабар басқаруына қойылатын талаптарды белгілеу;
қаржы ұйымдарын қашықтықтан басқару тетігін жетiлдiру.
Сақтандыру рыногы
Сақтандыру рыногын жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының сақтандыру рыногын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру көзделуде.
Ұлттық сақтандыру индустриясын сақтандырудың рөлi мен орнын мемлекеттiң, азаматтардың және шаруашылық жүргізушi субъектiлердiң мүддесін қаржылық, әлеуметтiк және өзге де тәуекелдерден қорғаудың тиiмдi тетігі және ұзақ мерзiмдi iшкi инвестициялардың сенімдi көзi ретiнде нығайтуға бағытталған реформалауды одан әрi жүргiзу Бағдарламаның басты мақсаты болып табылады.
Бұл Бағдарламаны iске асыру үшін мынадай бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізу қажет:
сақтандыру саласындағы құрылымдық реформаларды тереңдету жөніндегi шараларды әзiрлеу және iске асыру (сақтандыру рыногының жекелеген сегменттерi деңгейiнде);
сақтандыру қызметтерінің отандық рыногының сенімділік, бәсекеге қабілеттілiк және тиiмділік деңгейiн арттыру;
халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру бойынша шаралар кешенiн жүзеге асыру.
Бұл Бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу мынадай мiндеттердi шешудi көздейдi:
сақтандырудың ұзақ мерзiмдi және жинақтаушы түрлерiн дамытуды ынталандыру жолымен азаматтардың әлеуметтiк қорғалу деңгейiн арттыру;
мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және мiндеттi сақтандыру жүйесінің тиiмділігін арттыру;
сақтандыру мақсаттарын, сақтандыру заңдарын, сақтандыру саласында жүргiзіліп жатқан реформаларды насихаттау және түсiндiру жөніндегі жұмыстарды күшейту, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқығын қорғауға және халықтың сақтандыру мәдениеті деңгейiн арттыруға бағытталған өзге де шараларды жүзеге асыру;
сақтандыру iсін ақпараттандыру және автоматтандыру саласында жаңа технологияларды енгізуге жәрдемдесу;
қаржы рыногын бiрыңғай қадағалауға көшудi есепке ала отырып, сақтандыру қызметін қадағалау және реттеу жүйесін ұйымдастыру;
сақтандыру саласындағы мамандарды даярлау және олардың білiктілігін арттыру;
қазiргі заманғы үрдiстердi және рынок дамуының сұраныстарын ескере отырып, сақтандыру және сақтандыру қызметi мәселелерi бойынша жаңа нормативтік құқықтық актiлердi әзiрлеу және бұрын қабылданғандарды жетiлдiру;
сақтандыру рыногының толыққанды инфрақұрылымын қалыптастыру, оған қатысушылар шеңберi мен олардың қызмет ету саласын неғұрлым нақты айқындау;
сақтандыру операциялары мен сақтандыру қызметіне салық салу режимiн жетiлдiру жөніндегі шараларды әзiрлеу және iске асыру.
Бағалы қағаздар рыногы
Бағалы қағаздар рыногын жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар рыногын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдау көзделуде, бұл бағдарлама мынадай бағыттарды қамтиды:
Инвесторларға қатысты:
халықаралық практиканы ескере отырып, қаржы рыногындағы инвесторларға салық салуды оңтайландыру, соның ішiнде инвестициялық қорлар мен олардың салымшыларына (акционерлерге) қосарлы салық салуды болдырмау мақсатында салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
"Инвестициялық қорлар туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шiлдедегi № 576 Заңын iске асыру мақсатында заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекіту;
сақтандыру ұйымдарының зейнеткерлiк аннуитеттердi беруiн ынталандыру жөніндегі шараларды iске асыру;
инвесторлардың, соның ішінде зейнетақы жинақтары/төлемдерi салымшыларының/алушыларының құқықтары мен мүддесiн қорғау жүйесін жетілдiру;
инсайдерлiк мәмілелер ұғымын айқындайтын заң актілеріне өзгерістер және қаржы рыногына инвесторлардың құқығын қорғаудың тиiсті жүйесiн әзiрлеу;
әкiмшілік-процессуалдық және қылмыстық кодекстерге қаржы рыногына қатысушылардың құқығын қорғау жүйесiн жетiлдiру бөлігінде өзгерістер енгізу.
Бағалы қағаздар эмитенттеріне қатысты:
инвесторлар және басқа да мүдделi тұлғалар алдында бағалы қағаздар эмитентi ұйымдарының, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногына басқа да қатысушылардың қызметi туралы ақпаратты ашу тәртібін жетілдiру;
бағалы қағаздар эмитенттерiн есептілiкті электронды нысанда беруiн және оны инвесторлар мен басқа да мүдделi тұлғалар алдында орталықтандырылған түрде ашуды қамтамасыз ету;
акционерлік қоғамдардың заңды тұлғалар ретінде мемлекеттік тiркелу тәртiбін оңтайландыру;
екiншi эшелондағы "көк фишкаларды" өз акцияларын "Қазақстан қор биржасы" АҚ-тың ресми тiзiмiне енгізуге мiндеттеу.
Бағалы қағаздар рыногының инфрақұрылымына қатысты:
бағалы қағаздар рыногының лицензиаттарын капиталдандыруға және олардың ұйымдық-құқықтық нысандарына қойылатын талаптарды оңтайландыру мақсатында қайта қарау;
сауда ұйымдастырушыларының, тiркеушiлердiң және бағалы қағаздарды нақтылы ұстаушылардың ақпараттың резервтiк көшiрмесін алуы мен оны сақтау жүйесiне қойылатын талаптарды белгiлеу;
өзiн өзi реттейтiн ұйымдармен бiрлесiп бағалы қағаздар рыногының лицензиаттарын бағдарламалық қамтамасыз етудi бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуге және сертификаттауға қойылатын талаптарды әзiрлеу;
бағалы қағаздар рыногы лицензиаттарының есептілік беру кезiнде электрондық құжаттар мен электрондық қолтаңбаны қолдану мүмкіндiгiн қарастыру;
талдауды жүзеге асыру және бағалы қағаздар рыногындағы трансфер-агенттердiң дамуына тосқауыл болатын кедергілердi алып тастау;
бағалы қағаздар рыногы лицензиаттарының жекелеген тәуекелдерiн мiндеттi сақтандыруын белгілеу.
Бағалы қағаздар рыногын дамыту үшiн өз кезегінде жоспарланып отырған кезеңге инфляция болжамдарына негізделе отырып құрылған пайыздық ставкалардың келісілген жүйе бойынша жасалған әзiрлемелердi қамтитын барлық жоспарланып отырған кезеңге бюджет тапшылығының болжамды серпiнiне негiзделе отырып, эмиссиялардың болжамды кестесi бойынша және сурооблигациялар бойынша қызмет көрсетуге арналған шығындарды бағалау бойынша өтеудi ескере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң мемлекеттік бағалы қағаздарын шығарудың орта мерзiмдi кезеңге арналған болжамды схемасын әзiрлеген жөн.
Талап ету құқықтары мен қаржыландыруды оқшауланған тәуекелдерге берудi ұсынатын қаржыландыру тәсiлдерiн дамыту үшiн қаржыландырудың жобалық қаржыландыру және секъюритилендiру сияқты құрылымдық нысандарының әлеуетiн дамыту және iске асыру үшiн жағдайлар жасалады, "Секъюритилендiру туралы" заң жобасы әзiрленедi.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесi
Жинақтаушы зейнетақы жүйесiн одан әрi жетiлдiру үшiн мынадай бағыттар бойынша жұмыс жоспарлануда:
жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшыларға/алушыларға нақты енгiзiлген мiндеттi зейнетақы жарналары туралы инфляцияға түзетiлген мәлiметтердi беру мiндеттерiн белгілей отырып, зейнетақы жарналарын/төлемдерiн салымшыларға/алушыларға жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының мөлшерi туралы (жыл сайынғы негiзде, зейнетақы жинақтарын аудару және зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде) хабардар ету жүйесiн жетілдiру.
Бұл шара салымшылардың/алушылардың зейнетақы активтерін басқарушы зейнетақы қорының немесе кастодианның белгіленген тәртiппен инвестициялық кiрiстiң шығындарын қалпына келтiру талабы бойынша объективтi шешiм қабылдау мүмкiндігін қамтамасыз етедi;
"бip салымшы - бiр қор" жүйесiн дамыту, салымшылардың агенттерге зейнетақы шарттарын мiндетті түрде ұсынуын алып тастау және жинақтаушы зейнетақы қорларына агенттерден түскен зейнетақы жарналарын атаулы жiберу жөніндегі жауапкершiлiктi Зейнетақы төлемдерi жөніндегі мемлекеттік орталыққа жүктеу жолымен зейнетақы жарналарын агенттердiң уақтылы аударуын және қызметкерлердiң жинақтаушы зейнетақы қорларын таңдауына олардың ықпал етуiн болдырмауды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген міндетті зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша мемлекеттік кепiлдiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау. Бұл үшiн мемлекеттің міндетті зейнетақы жарналарын қайтару мөлшерлерiн Мемлекеттік бюджетте болжауды және жоспарлауды жүзеге асыру.
5.2. Фискалдық саясат
5.2.1. Салық саясаты
Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру және салықтық әкiмшілендiрудi одан әрi жетiлдiру мақсатында салық саясатының негiзгi бағыттары болып мыналар көзделедi:
жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған өндiрiстердi салықтық ынталандыру;
отандық шикiзатты терең өңдеу жөніндегі өндiрiстердi дамытуды ынталандыру;
салық төлеушілер үшiн қашықтық және ақпараттық сервис әдiстерiнiң көмегiмен салықтық әкімшілендiру процесстерiн одан әрi жетiлдiру және дамыту; салықтық есептілiктiң талдау және камералтдығы тәсiлдерi мен әдiстерiн дамыту; ақпараттық қызметтердi бiрiктiру, мемлекеттік органдармен ақпараттық өзара iс-қимылдың тиiмділiгін жетілдiру және арттыру.
5.2.2. Бюджет саясаты
Бюджет саясаты мемлекеттiң экономикалық саясатының аса маңызды құрамы ретiнде 2004 жылы Бюджет кодексінiң қабылдануына байланысты жаңа бюджеттік заңнамалар жағдайларында қалыптасатын болады.
Бюджет саясаты Мемлекет басшысы және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен ұзақ мерзiмдi және орта мерзiмдi стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда айқындалған басымдықтарға сәйкес құрылатын болады.
Орта мерзiмдi перспективада бюджет саясатының негiзгі мақсаттары тұрақты экономикалық дамуды қолдау, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, бюджеттi жоспарлау және атқару сапасын, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру болады.
Орта мерзiмдi кезеңде бюджет саясатының мақсаттарына қол жеткізу үшiн мынадай мiндеттердi шешуге ықпал ететiн болады:
бюджет процесiн Бюджет кодексiне сәйкес ұйымдастыру;