Қордың қаражаты шағын кәсiпкерлiктiң қалыптасу процесiнде оң рөл атқарды, бірақ соңғы қарыз алушы үшiн пайыздық ставкаларды нақты төмендетудi қамтамасыз етпедi және ұзақ мерзiмдi өндiрiстiк жобаларды iске асыруға жәрдемдеспедi.
Қор қызметi басталғаннан берi қазiргi уақытта тек ғана өз қаражаты есебiнен 6,3 млрд. теңге сомаға 577 жоба қосымша қаржыландырылды. Аталған қаражат бойынша ағымдағы берешек 5,9 млрд. теңге құрайды.
Берiлген қаражаттың салалық құрылымы мынадай: қаржыландырудың негiзгi көлемi өнеркәсiптiк өндiрiске - 39 %, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеуге - 29,5 %, қызметтер мен көлiк саласына - 23 % келедi.
Қордың шағын кәсiпкерлiк субъектілерін қаржылай қолдауы республиканың барлық өңiрлерiнде 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкiндiк бердi.
Қордың проблемалары: бұл - оларда кепiлдiк қаражаттың жеткiлiксiздiгi салдарынан шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн инвестициялық қаражаттың қолжетiмсiздігі.
Микрокредиттiк және микроқаржы ұйымдары елдiң кредит беру жүйесiнiң 3-шi деңгейi болып табылады және банк секторы мүдделілігінiң бірқатар объективті факторларын (мол әкiмшiлiк шығыстар, кредиттiк тарихтың, рентабелдi жобалар және өтімділіктi қамтамасыз етудiң болмауы) қамтымаған кәсiпкерлердiң қаржы қызметтерiне қажеттілігін қанағаттандыруға тартылған. Ұсақ кәсiпкерлер үшiн өз капиталы, гранттары мен бағдарламаларға қатысушылардың жарналары есебiнен кредит берудi жүзеге асыратын микрокредиттік және микроқаржы ұйымдары кредиттiк қатынастар жүйесi деңгейiн мемлекет тарапынан аз реттелушi болып табылады. Сонымен қатар, жоғары операциялық және үстеме шығыстар, қарыз берушiлердiң нысаналы топтарына қызмет етумен байланысты тәуекелдердi ескере отырып, аталған операциялардың қызметi басқа кредиттiк мекемелердiң қызметiмен салыстырғанда шығын көлемi көп болып табылады. Сондай-ақ микрокредиттiк және микроқаржы ұйымдары өз қызметiнде микро кредиттер берумен қатар өз тәуекелдерiн төмендету үшiн әлеуеттi қарыз алушыларды шағын бизнестi жүргiзу жөнiнде оқытумен және консультациялық көмектер көрсетумен айналысады. Осылайша экономикалық мiндеттердi шешумен қатар микрокредиттiк және микроқаржы ұйымдары кәсiпкерлiк бастаманы дамытуға, халықтың экономикалық белсендi бөлiгінiң өз-өзiн жұмыспен қамтуын қамтамасыз етуге оның жалпы өмiр сүру деңгейiн арттыру мен кредиттiк мәдениетке баулуға бағытталған әлеуметтiк мiндеттердi шешуге тартылған. Сондай-ақ микрокредит беру саласын дамыту мiндеттерiнiң бірi ұсақ қаржы делдалдарын заңдастыру және көлеңкелi сектордан шығару болып табылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік статистикалық тiзiлiм мәлiметтерi бойынша микрокредиттiк ұйымдардың саны 2005 жылғы 1 қаңтарда 177 бірлiкті құрады, олардың нақты жұмыс iстейтiндерi
40,7 % (72 бірлiк) құрайды, уақытша бостары - 10,2 % (18 бірлiк), бір ұйым тарау процесiнде, қалғандары қалыптасу сатысында.
Микрокредиттiк және микроқаржы ұйымдарының проблемалары - осы уақытқа дейiн микрокредит беру жүйесiнiң дамуын тежейтін негiзгi факторлар микрокредит беру жүйесiнiң дамуына тұжырымдамалық қағидаттарды, әлеуеттi инвесторлар үшiн микрокредиттiк ұйымдардың одан әрі тартымдылығын арттыру үшiн аталған саланы мемлекет тарапынан кешендi қолдаудың болмауы.
Микрокредит беру саласын дамыту проблемалары, бұл:
одан әрi орналастыру үшiн қорлардың тапшылығы мен қымбаттылығы;
микрокредиттiк ұйымдарының қаражатының жеткiлiксiздiгi;
микрокредиттiк ерекшелiкпен таныс біліктi кадрлардың жетiспеушiлiгi;
микрокредиттiк жүйеге қатысушылар үшiн әдiстемелер мен оқыту бағдарламаларының болмауы;
техникалық және ресурстық базаның болмауы;
микроқаржы саласының жағдайын, үрдiстерi мен оның дамуының перспективаларын, олардың дамушы құрылымына жетекшiлiк ететiн бірыңғай органның және оларды бағалау әдiсiнiң болмауы;
дамыған мониторинг жүйесiнiң, iшкi бақылаудың болмауы;
қаржы ресурстарын тартуға қиындықтар туғызатын отандық банктер мен басқа да банктiк емес ұйымдардың микрокредиттеу ұйымдарымен әлсiз өзара іс-әрекеті;
микрокредиттiк ұйымдардың мемлекеттік басқару органдармен және мемлекеттік даму институттарымен ынтымақтастығының пысықталмаған кестесi.
Қоғамдық ұйымдар мен салалық бірлестiктер (қауымдастықтар) азаматтық қоғам қалыптастыру мәселелерiнде әлеуметтiк проблемаларды шешуде мемлекет пен азаматтар арасындағы байланыстырушы рөл атқарады және кәсiпкерлiк ортада қоғамдық қатынастарды реттеу тетiктерiнiң бірi болып табылады.
Қазақстандық үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар салыстырмалы түрде әлi жас. Қазiргi ұйымдардың көпшілігі соңғы бес жылдың iшiнде тiркелген және кәсiпкерлiктi дамыту жобаларын iске асыруда жеткiлiктi тәжiрибе жинақтаған жоқ, мемлекеттік органдар үшін де, және нысаналы аудитория үшiн де байсалды әрiптестiк имидж құрған жоқ.
Сондықтан үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар бытыраңқы, бір-бірiмен байланыссыз әрекет етедi, олардың қызметi бір бірiне қайшы келедi. Қазақстандық үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдардың едәуiр бөлiгi шетелдiк және халықаралық донорлық ұйымдардың гранттары үшiн бәсекелеседi, осыған байланысты олар шағын және орта кәсiпкерлiк субъектілерiнiң нақты проблемалары мен қажеттiлiктерiне емес донордың миссиялары мен бағдарламаларымен үндес жобаларды әзiрлейдi және iске асырады.
Қазiргi уақытта экономиканың басым салаларын дамытуда және нақты шағын және орта кәсiпкерлiк субъектілерін алғанда мемлекет мүддесiнiң жүйесiне жалғауға қабiлеттi барабар үкiметтiк емес ұйым жоқ. Осыған байланысты, YEҰ-ның қызметi қалың бұқарада нақты жобаға бекітусiз және мiндеттердiң нақты қорытындамасынсыз жалпы мәселелердi шешуге тiреледi, жергілiктi атқарушы органдар үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдарды тең құқықты әрiптес ретiнде қарамайды және шешiм қабылдаудың нақты процесiне тартпайды.
Бизнес-инкубаторлар, индустриялық және технологиялық парктер. Қазiргi уақытта Қазақстанда 44 бизнес-инкубатор мен инновациялық орталықтар қызмет етедi. Олардың мүлдем барлығы дерлігі жергілiктi атқарушы органдардың бастамасы бойынша құрылды және өздерiнiң қалыптасу кезеңiнде.
Бизнес-инкубаторлар - өз алаңдарына арнайы жеңілдiк жағдайда iріктелген шағын кәсiпорындарды орналастыратын және оларға консалтингтік, оқыту, бухгалтерлiк және офистік қызметтер, оқыту бойынша қызмет көрсететiн құрылым. Бизнес-инкубаторлардың негiзгi мақсаты оның аумағында орналасқан шағын кәсiпорындардың орнықты қызмет етуiн қамтамасыз ету болып табылады.
Негізiнен жоғары оқу орындарының базасында немесе ғылыми-зерттеу институттарының базасында осы жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетiн пайдалану және технопарк аумағында орналасқан инновациялық кәсiпорындарды құру және дамыту арқылы әзiрленген технологияларды коммерциализациялау мақсатында құрылған технопарктер бар.
Көптеген бизнес-инкубаторлар инфрақұрылымның аталған нысанын құру тұжырымдамасының халықаралық практикасына сәйкес емес: офистiк және өндiрiстiк үй-жай ұсынумен заңды тұлғаны ұйымдастырумен шектеледi және өзiнiң нақты мiндетiн әлсiз орындайды не мүлде орындамайды:
бизнес-инкубаторлардың менеджерлерi мен ұйымдастырушыларының теориялық және практикалық даярлығының әлсiздігіне;
билiктiң жергілiкті органдары тарапынан бизнес-инкубаторларды түсiну мен қажеттi қолдаудың болмауына;
қаржы қаражаты мен ақпараттың болмауына әкелiп соғады.
Технопарктер қаржылық дербестікке жеткен жоқ және мемлекет пен басқа ұйымдар тарапынан қолдауды қажет етедi.
Ақпараттық-талдамалық, маркетингтiк, консалтингтiк, оқыту орталықтары.
Шағын және орта кәсiпкерлiк құрылудың бірiншi кезеңiнде бірқатар проблемалармен түйiседi, олар: шағын және орта кәсiпкердi тiркеу куәлiгiн қалай алу, қандай салық режимiн таңдау, қаржыландыру мәселесi бойынша қайда бару керек. Сондықтан осы кезеңде негiзгi рөл консалтингтiк компанияларға берiлетiн болады.
Консалтингтiк компаниялар шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне мынадай бағыттар бойынша қызметтер көрсетедi:
құқықтық қамтамасыз ету:
аудит және бухгалтерия;
маркетингтiк зерттеулер;
бизнес-жоспарлау;
салық заңнамасы;
кедендiк рәсiмдер және т.б.
Консалтингтiк компаниялардың қызметтерi қымбат және әрбір шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң оларды пайдалануға мүмкiндігі жоқ. Консалтингтiк қызметтер рыногi тiптi iрi қалаларда толық емес, ал орталықтан алыс өңiрлерде мүлдем дерлік жоқ.
Халықаралық институттар. Бүгiнгі күнде қазақстандық шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне ресурстық, әдiстiк және ақпараттық қолдау көрсететiн Қазақстан Республикасының аумағында 150 астам акредиттелген шетелдiк халықаралық ұйымдар әрекет етуде.
Қазақстанда халықаралық ұйымдар мен шетелдiк қорлардың өкiлдiктерi іске асыратын жобалар мен бағдарламалардың көп түрлігінен хабардар және талдайтын және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен қолдаудың шетелдiк институттары арасындағы тиiмдi керi байланысты қолдайтын бірыңғай орган жоқ.
Көптеген шетелдiк ұйымдар үшiн олардың жұмыстарының басты нәтижесi тапсырыс берушіге бөлiнген қаражатты "игеру" нәтижелерi туралы сындарлы есеп болып табылатыны практикаға айналды (бұл ретте тапсырыс берушiден басқа ешкiмге жұмыстардың нәтижелерi ұсынылмайды, орындалатын жұмыстар туралы тек органдар, яғни қандайда бір жоба оған қатысты iске асырылса ғана ақпарат алады). Қазақстанда түрлі шетелдiк және халықаралық институттар бастамашы болған қайталанатын жобаларды халықаралық ұйымдар жиi iске асырады.
Құрамына мемлекеттік органдар мен республикалық қоғамдық бірлестiктердiң өкiлдерi кiретiн Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан 2002 жылы Шағын және орта кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегі комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылды. Комиссия консультативтiк-кеңес орган болып табылады және оның шешiмi ұсынымдық сипат алады.
2002-2003 жылдары мемлекеттік органдар жанынан құрамына олардың қызметкерлерi және кәсiпкерлер қауымдастықтары мен қоғамдық бірлестiктерiнiң өкiлдерi кiретiн Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту мәселелерi бойынша сараптама кеңесi (бұдан әрi - Кеңес) құрылды. Кеңестiң шешiмi ұсынымдық сипат алады.
Комиссия мен Кеңестiң негiзгi мiндеттерi шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрлеу болып табылады.
Шағын және орта кәсiпкерлiктiң субъектілері мен қолдаудың инфрақұрылымдары арасындағы негiзгі проблема - бұл қатысушылар арасында өзара iс-әрекеттi бастайтын және ұйымдастыратын бірыңғай үйлестірушi орган немесе институттың болмауы.
§ 4. Кәсiпкерлiктi қолдаудың әлемдік тәжiрибесi
Жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету басымдығы тұрғысынан шетелдерде шағын кәсiпкерлiктiң дамуына үлкен мән берiледi.
БҰҰ-ның даму бағдарламасы бойынша шағын кәсiпорындардың саны барлық кәсiпорындардың жалпы санынан 95 %-ға артық. Әлемдiк экономикада мұндай кәсiпорындардың үлесiне жұмыспен қамтылғандардың 60 % астамы келедi, ал олардың ЖIӨ-дегі үлесi 50 %-ға жетедi.
Рыноктiк қатынастардың қалыптасуы кезiнде әсiресе шағын кәсiпкерлiк мемлекеттік қолдауға мұқтаж болатындығына әлемдiк тәжiрибе куә. Бұл ретте, тiреледi бизнестi бәсекеден қорғауға немесе ол үшiн ерекше "жұмсақ" жағдайлар құруға емес технологиялық жетілдірудiң генерациясы фирмаiшiлiк процестi үнемi ынталандыратын және фирманың бәсекеге қабілеттігін арттыру үшiн оқытатын жағдайларды қамтамасыз етушi шағын және орта кәсiпкерлiктi мемлекеттік қолдаудың нысаны мен мақсаты шешушi мәнге ие. Мұны соңғы уақытта экономикада iлгерiлiк жасаған көптеген елдердiң тәжiрибесi көрсетедi.
Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау шаралары:
жаңа технологияларға (технологиялар мен экономикалық ақпараттар ұсыну, консультация және оқыту) қол жетiмдiлiктi жеңiлдетуге;
рынок капиталына (салық жеңiлдiктерi, амортизацияның ерекше нормалары, мемлекеттік субсидиялар, рыноктiк және жеңiлдiктi кредиттi ставкалар арасындағы айырмашылықты қаржыландыру түріндегі жеңiлдiкпен кредит беру) қол жетiмдiлiктi жеңiлдету;
кәсiпкерлiктiң инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесетiн кластерлiк-желiлiк ұстанымды енгізу арқылы шағын компаниялар мәселесi бойынша туындайтын проблемаларды шешуге бағытталған.
Кластерлiк-желiлiк ұстаным негiзiнде шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау бағдарламасы iске асырылған елдер - бұл Италия, АҚШ, Жапония, Германия, Корея, Дания, Ұлыбритания, Франция, Мексика, Чили, Бразилия. Бірқатар дамыған және дамушы елдерде кластерлiк-желiлiк ұстанымға негiзделген шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау бағдарламасын iске асыруды мысалға келтiремiз.
1. Италия. Бірiншi рет кластерлiк-желiлiк ұстаным Италияда 70 жылдар қолданылған. Шағын және орта бизнеске кластерлiк-желiлiк ұстаным тұрғысынан осы ұстанымның дамуы бастау алатын "үшiншi Италия"1 деген атқа ие болған Италияның тәжiрибесi қызық. 70 жылдардың соңында "бірiншi" және "екiншi" Италия экономикалық дағдарысты басынан өткiздi, елдiң солтүстiк-шығыс және орталық бөлiгi экономикалық өсудiң жоғары түрiн көрсеттi. Негiзiнен шағын және орта кәсiпорындар әрекет ететiн (тоқыма және былғары өндiрiсi, аяқ киім, керамика және жиһаз өндiрiсi) бірқатар салаларда қалыптасқан кластерлер шеңберiнде шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi тек ғана жаңа жұмыс орындарын ғана құрып қоймай, экспорт рыногына да шыға алды. Сол уақытта Германия мен Ұлыбританияның iрi кәсiпорындары құлдырауды басынан өткiзiп жатты, "үшiншi Италияның" шағын және орта кәсiпкерлiк кластерлерi өндiрiс пен экспортты арттырды. Бұдан басқа, шағын және орта кәсiпкерлiк кластерлерi өндiрiстiк процеске инновацияларды енгізуге қабiлеттi болып шықты.
____________________________
1 "Бірiншi Италия" - Италияның дәстүрлi бай солтүстiк-батыс бөлiгi, "екiншi Италия" - елдiң кедей оңтүстік бөлiгi.
2. АҚШ. ЖҰӨ-нiң 50 %-нан астамы, инновациялардың жартысынан астамы, ұлттық жұмысшы күшiнiң 2/3 астамы шағын кәсiпкерлiкке тартылған. AҚШ-та шағын кәсiпкерлiк ел экономикасын оңалтуда шешушi рөл атқарды. Бұл үшiн АҚШ-та аталған сектордың дамуына көмек беретiн құрылым - АҚШ шағын бизнес әкiмшiлiгi (1953 жылы құрылған) бар. Сапалы, клиентке бағытталған кең ауқымды бағдарламалар қалыптастыру және кәсiпкерлер қоғамдастығын барлық жаңалықтар туралы уақтылы хабардар ету - қызметтiң мәнi.
3. Жапония. Шағын және орта кәсiпкерлiктiң үлесi барлық компаниялар санының 99,6 %-ын, ЖIӨ-нiң 55 %-ын және өнеркәсіпке жұмыспен қамтылғандардың 80 %-ын құрайды. Шағын кәсiпорындарға қатысты мемлекеттік саясатты iске асыру үшiн шағын және орта кәсiпкерлiкке қатысты мемлекеттік саясатты iске асыратын мамандандырылған органдар желісі құрылды.
Жапонияда шағын және орта кәсiпкерлiкті қолдаудың негiзгi шаралары:
ШОБ-ты жаңғырту үшiн кредиттер мен жеңiлдiктi кредиттерге кепiлдiк беру және сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландыру қол жетiмділiктi жеңiлдету (20 жылға 1,05 %-дық ставкамен);
бизнес-инкубаторлар құру, салық салу, және менеджмент, персоналды басқару және рыноктағы ахуал туралы ақпарат, сондай-ақ оқыту бағдарламаларын ұсыну мәселелерi бойынша қысқа мерзiмдi негізде мамандарды ұсынумен инвестициялық жобаларды бағалау арқылы бизнесті қолдау жүйесiн құру;
техникалық көмек, қаржылық және заңнамалық қолдау арқылы жаңа және венчурлық бизнес құруды ынталандыру;
жаңа әзiрлемелердi коммерциализациялауды қолдау мен ғылыми орта, бизнес және үкiмет арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру арқылы технологиялардың дамуын қолдау;
пайыздық төмен ставкалар бойынша субсидиялау және кредит беру арқылы бизнесте инновацияларды қолдау, венчурлық жобаларға мемлекеттің қатысуы және зерттеу кәсiпорындары үшiн патенттiк төлемдердi төмендету.
Жапонияда зерттеулердi дамыту деңгейi бойынша жетекшi рөлдi технопарктер алады. 70 % шамасында жапондық технопарктер өңiрлердегi шағын кәсiпкерлiк кәсiпорындарын қолдау үшiн құрылды, бұл ретте, 58 %-ы жоғары технологиялы өнiмдер өндiруге бағытталған.
4. Германия. Германдық кластерлiк-желiлiк ұстанымды қолдаудың негізгi қағидаттары - бұл мынадай рыноктiк тетiктерге:
мемлекеттік қолдауға емес шағын және орта кәсіпкерліктің дербестігіне басымдыққа;
тиiмсiз кәсiпорындар рыноктан кетуi керек;
шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттің қаржылай көмек беруi үшiн негiзгi талап - кредитке қабiлеттiлiкке тiрек болады.
5. Корея. Барлық компаниялардың 99,5 %-ын құрайтын 3 млн. шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi бар. Соның iшiнде шағын компаниялардың үлесi 97 % құрайды. Оңтүстік Кореяда шағын компаниялар жұмысқа орналастырудың маңызды көзi болып табылады, өйткенi онда елдiң экономикалық белсендi халқының 87 %-ы жұмыспен қамтылған (10 млн. астам). Шағын және орта кәсiпкерлiктiң үлесiне елдiң ЖIӨ-нiң жартысы және оңтүстiккореялық экспорттың 43 % тиесiлi.
6. Израиль. Қолдау инфрақұрылымының объектілерi құрылған, олардың көпшiлiгi мемлекеттік. Кәсiпорындарды қаржыландыруға көмек беретiн мемлекеттік және бірнеше жеке қорлар бар, ал мемлекеттік субсидия бизнестi жүргiзу үшiн қажеттi қаражаттың 3/4-iн құрайды, 1/4-i - кәсiпкердiң салған қаражаты.
Бизнес-инкубаторларды қолдайтын венчурлық қорлар бар, оларда алдымен жаңа инновациялық жобалар жасалады.
Осылайша, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар мемлекет ғылыми-техникалық салалардың дамуын қолдайтын және мұндай саясаттың алдына шаруашылық жүйенi оңтайландыру мен ғылыми-техникалық прогресс жетiстiктерiне бейiмдеу мiндетi қойылған елдерде жақсы дамыған.
Ғылыми-өнеркәсiптiк парктер болашақтағы технополистердiң - озық технологиялар, ғылыми зерттеулер мен жобалау-құрастыру әзiрлемелерi қалаларының қазiргі үлгiлерi болып табылады. Өтпелi экономикалы көптеген дамушы мемлекеттер мен елдер үшiн ғылыми-өнеркәсіптік парктердi дамыту басымдығының стратегиясы - бұл жоғары технологиялық деңгейдiң өңiрлiк орталықтар желісін дамыту, барлық ұлттық шаруашылықты зияткерлендiру негiзiнде қызметтің жаңа салаларында iлгерiлеу.
Технополистерде ғылым, жоғары технологиялар, дәстүрлі ұлттық мәдениет үйлесім тапқан және шығармашыл, жан жақты дамыған адамдардың жаңа қоғамы құрылады.
§ 5. Бәсекелi ортаға берiлетiн қызмет түрлерiн талдау
"Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысына сәйкес мемлекеттік органдардың қарамағында 400-ден астам республикалық мемлекеттік кәсiпорындар бар, алайда алдын ала жүргiзiлген сараптама олардың саны бүгінде 509 құрайтынын көрсеттi.
Мемлекеттік органдардың мәлiметтерi бойынша республикалық коммуналдық меншiкте барлығы 4892 кәсiпорын бар.
Заңды тұлғалар тiзбесiнде (акционерлік қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер) орталық атқарушы органдардың атынан жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуымен 178 ұйым бар. Жергiлiктi атқарушы органдар 1061 акционерлік қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң құрылтайшылары және қоса құрылтайшылары болып табылады.
Мемлекеттің қатысуымен кәсiпорындардың қызметiне алдын ала жүргiзiлген талдау олардың қызметiнiң бүгiнгi күннiң жағдайларына сәйкес келмейтiнiн көрсеттi. Кәсiпорындар iс жүзiнде рыноктi мемлекеттік монополияға айырбастап, мемлекетке сәйкес келмейтiн кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруда. Әсiресе мұндай тәжiрибе мемлекеттік тапсырыс есебiнен өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттік кәсiпорындарға тән. Бір қатар мемлекеттік кәсiпорындар рыноктік ортаға кең ұсынылған қызметтi жүзеге асырады: сауда - делдалдық қызмет, көлiк қызметтерi, сервистiк сипаттағы қызметтер, құрылыс, баспаханалық және басып шығару қызметi, абаттандыру, ғимараттар мен құрылыстарға қызметтер көрсету, ұйымдастыру техникасына қызмет көрсету және бағдарламалық өнiм жасау және т.б. Iрi мегахолдингтер құрамында жоғарыда айтылған қызметтi жүзеге асыратын және холдингтің негiзгi қызметiне қатысты бейiндi емес болып табылатын еншiлес ұйымдары бар екендігін айту керек.
Құрылтай құжаттарда көрсетiлген мемлекеттік кәсiпорындардың мақсаты мен мәнi заңнамада нормалардың нақты жазылмауы салдарынан әрқашан тура мағынасы негiзгi мақсатқа сәйкес келе бермейдi не кез келген қызмет түрлерiмен айналысу мүмкiндiгін көздейдi.
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Қазақстан 2030 даму стратегиясы, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауы басымдықтары тұрғысынан Бағдарламаның басты мақсаты шағын және орта кәсiпкерлік субъектiлерi қызметiн барынша кеңейтуге және олардың қызметін жандандыруға бағытталған институционалдық жағдайларды жетiлдiру есебінен Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлігін арттыру болып табылады.
Шағын және орта кәсiпкерлiктің қазiргi жағдайы мен дамуының талдамасының нәтижелерiн және шетелдiк тәжiрибенi ескере отырып, алға қойылған мақсатқа жету үшiн аталған бағытта мынадай мiндеттердi iске асыру көзделуде:
Шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуы үшiн заңнамалық негіздің барынша ашықтығын құру;
экономиканы бюрократиясыздандыру және әкiмшiлiк кедергiлердi жою;
шағын және орта кәсiпкерлiкте көлеңкелi айналымды қысқарту;
мемлекетке бейiндi емес функцияларды рыноктiк ортаға, бірiншi кезекте шағын және орта кәсiпкерлiкке беру;
кластерлiк-желілік ұстаным негiзiнде тiршiлiкке қабiлетті инфрақұрылымдық жүйелердi құру және қамтамасыз ету;
инновациялық экономикаға кәсiпкерлiктiң қатысуы.
Жоғарыда аталған мiндеттер мынадай негiзгi шараларды жүзеге асыру арқылы жүзеге асырылады:
2005 жылы:
тексеру жүргiзу, Қазақстан Республикасының бір қатар заңнамалық және нормативтiк құқықтық кесiмдерiн әзiрлеу және қабылдау;
шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту саласында заңнамалық негіздің барынша ашықтығын қамтамасыз етудi әзiрлеу;
шағын және орта кәсiпкерлiк саласында мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларына талдау жүргiзу;
шағын және орта кәсiпкерлiк саласында мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын қысқарту және жүйелендiру жөнiнде шаралар қабылдау;
шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне кредит беру көлемiн 10 млрд. теңгеге қосымша ұлғайтуды қамтамасыз ету;
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржылай қолдау бөлiгінде "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры" АҚ рөлiнiң күшеюiн қамтамасыз ету;
Yлкен қаржы маркетiн құру жөнiнде жұмыстар ұйымдастыру.
2006 жылы:
мемлекеттің қатысуымен мемлекеттің және акционерлік компаниялардың бейiндi емес функцияларына талдау жүргiзу және шағын және орта кәсiпкерлiкке беру;
шағын және орта кәсiпкерлiк субъектілерiне кредит беру көлемiн 10 млрд. теңгеге қосымша ұлғайтуды қамтамасыз ету.
2007 жылы:
шағын және орта кәсiпкерлiк субъектілерiне кредит беру көлемiн 10 млрд. теңгеге қосымша ұлғайтуды қамтамасыз ету.
Мемлекеттің жеке сектормен өзара iс-әрекетiнiң жаңа идеологиясын жасауды аяқтау.
Кластерлiк-желiлiк ұстаным негiзiнде шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытудың экономикалық моделiн әзiрлеу шағын және орта кәсiпкерлiктi мемлекеттік қолдаудың жаңа стратегиясына және мемлекет пен бизнестiң өзара қатынасының жаңа идеологиясына көшудi бiлдiруi қажет. Шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту үшiн мемлекеттің бұдан әрi қолданатын шаралары (нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру, салық салу, кредит беру, инфрақұрылымды дамыту және т.б) осы ұстанымды iске асыру тұрғысынан және осы экономикалық модел шеңберiнде қолданылады.
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгі бағыттары
және тетiктерi
§ 1. Шағын және орта кәсiпкерлiк саласындағы
заңнаманы жетiлдiру
Шағын және орта кәсiпкерлiк саласындағы заңнама. Соңғы он жылдық iшiнде қалыптасқан кәсiпкерлiк салада болған өзгерістер кәсiпкерлiк мәселелерiн реттейтiн қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң және бар қарама-қайшыларды жою, экономика дамуының қазiргi замандағы жағдайының талаптарына сәйкестендiру және шағын және орта кәсiпкерлiк саласындағы барынша ашық заңнаманы құру тұрғысына тексерiс жүргiзу қажеттiгiн бірiншi кезекке қояды.
Сондай-ақ құқық аясынан ескi және тиiмсiз құқық нормаларын алып тастау мақсатында заңға тәуелдi кесiмдердiң үнемi мониторингін өткізу жөніндегі барлық мемлекеттік органдардың және "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры" АҚ-тың, оның iшiнде ведомстволық сипаттағы мiндетiн заң деңгейiнде бекіту орынды.