Білім беру мониторингін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 наурыздағы № 213 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 27 сәуірдегі № 536 Қаулысымен күші жойылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Білім беру мониторингін жүзеге асыру ережесi бекітілсiн.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 1 сәуiрге дейiн Қазақстан Республикасының Үкіметіне білім беру мониторингiн жүргізу қорытындылары жөнiнде ақпарат ұсынсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкiметінің
2005 жылғы 5 наурыздағы
№ 213 қаулысымен
бекітілген
Білім беру мониторингін жүзеге асыру ережесі
1. Негiзгi ұғымдар
1. Осы Білім беру мониторингiн жүзеге асыру ережесiнде (бұдан әрi - Ереже) мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) білім беру мониторингі - білім беру процестерiн жүзеге асырудың нәтижелерi мен шарттарының, білім алушылар контингентiнiң, білім беру ұйымдары желiсiнiң жай-күйiн және өзгерістер серпiнін жүйелі түрде байқау, талдау, бағалау және болжау;
2) Қазақстан Республикасындағы білім берудiң жай-күйi туралы ұлттық баяндама - iрiктелген индикаторлар мен көрсеткiштердiң негiзiнде әрбiр оқу жылының қорытындылары бойынша республиканың білім беру жүйесiнің жай-күйi мен дамуын сипаттайтын талдамалық есеп (құжат).
2. Жалпы ережелер
2. Ереже «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi.
3. Ереже білім беру саласындағы орталық атқарушы органның, жергіліктi білім берудi басқару органдарының, білім беру ұйымдарының олардың білім беру мониторингін жүзеге асыру бөлігіндегі қызметін ұйымдастыру тәртібін, білім беру мониторингін жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер беру кезеңділігiн, өткізiлген білім беру мониторингiнiң ағымдағы нәтижелерi бойынша жыл сайынғы қорытынды құжаттың мазмұнын айқындайды.
4. Білім беру мониторингiнің деректерi мемлекеттік статистика деректерiн қамтиды және барлық білім беру ұйымдарын және барлық деңгейдегi білім берудi басқару органдарын қамтитын білім берудiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құрайды және әртүрлі санаттағы пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерiн толық қанағаттандыруға арналған.
Білім беру мониторингi шеңберiнде пайдаланылатын мемлекеттік статистика деректерi «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жиналады, өңделедi және таратылады.
5. Білім беру мониторингiнiң мақсаты Қазақстан Республикасының білім беру жүйесiнiң жай-күйi туралы, ондағы сапалық және сандық өзгерістер туралы тұтастай көзқарасты қалыптастыру, білім беру жүйесiн дамыту үрдiстерiне талдау және болжау жүргiзу және саланы басқару тетігін жетілдiру жөніндегі ұсыныстарды пысықтау үшiн жағдайлар жасау болып табылады.
6. Білім беру мониторингiнiң негiзгi мiндеттерi:
1) білім беру жүйесiнің жай-күйi туралы, ондағы сапалық және сандық өзгерістер туралы тұтастай көзқарасты қамтамасыз ететін көрсеткiштер кешенiн әзiрлеу;
2) білім беру жүйесiнiң жай-күйi мен дамуы туралы ақпаратты зерделеу және жүйелеу, оның дамуындағы терiс және оң үрдiстердi айқындау және осының негізiнде басқару саласындағы жағымсыз үрдiстердi жою мен тәжiрибенi тарату жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
3) білім беру жүйесiнде болып жатқан процестер туралы ақпаратты жыл сайын және көрнекi ұсынуды қамтамасыз ету;
4) білім беру жүйесiнiң жай-күйi мен дамуын талдау және болжауды ақпараттық қамтамасыз ету, басқарушылық шешiмдер жобаларын әзiрлеу;
5) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрлеу мақсатында білім беру саласындағы заңнаманы қолдану практикасын талдау және оны қолданудың тиімдiлігiн арттыру жөнiнде шаралар қабылдау;
6) білім беру сапасының халықаралық салыстырмалы зерттеулерiнiң нәтижелерiн талдау болып табылады.
7. Білім беру мониторингiнiң негізгі субъектісi білім беру саласындағы орталық атқарушы орган болып табылады.
Білім беру мониторингінің субъектiлерi мынадай иерархиялық жүйенi құрайды:
1) білім беру ұйымдары;
2) аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың білім берудi басқару органдары;
3) облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім берудi басқару органдары;
4) білім беру саласындағы орталық атқарушы орган.
8. Білім беру мониторингінiң объектiсi нақты мониторингтік рәсiмдер бағытталған білім беру жүйесi болады.
9. Білім беру мониторингінің мәнi оқыту процестерiнiң жүзеге асырылу нәтижелерi мен шарттары өзгерістерiнің, білім алушылар контингентiнiң, білім беру ұйымдары желiсiнiң жай-күйi мен серпiнi болады.
10. Білім беру мониторингінің барлық рәсiмдерiн ұйымдық-әдiстемелiк және бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етiлуiн салалық үйлестiрудi білім беру саласындағы орталық атқарушы орган жүзеге асырады.
11. Жергілікті деңгейде білім беру мониторингінің функциялары жергілікті білім берудi басқару органдарына жүктеледi.
3. Білім беру мониторингінiң құрылымы мен түрлерi
12. Білім беру мониторингiнiң құрылымына статистикалық есептілік индикаторларының жиынтығы болып табылатын мониторингтік қызметтiң мынадай көрсеткiштерi мен нұсқаулықтарының кешенi кiредi:
мемлекеттік статистикалық есептілік;
білім беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттік аттестаттау мен аккредиттеу рәсiмдерiнiң нәтижелерi;
білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың iске асырылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың білім берудi басқару органдарының, білім беру ұйымдарының қызметтерiн тексеру нәтижелерi;
білім алушыларды мемлекеттік қорытынды аттестаттау нәтижелерi;
жалпы орта білім беретiн оқу орындарының жоғары сатысының білім алушыларын ұлттық бiрыңғай тестiлеу нәтижелерi;
талапкерлердi кешендi тестілеу нәтижелерi;
екiншi (үшiншi) курс студенттерiн, жалпы орта білім берудiң бастауыш және негiзгi сатысының оқушыларын аралық мемлекеттік бақылау нәтижелерi;
педагогикалық және басшы кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды аттестаттау туралы деректер;
инновациялық қызметті сараптау деректерi;
мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша жүзеге асырылатын зерттеулер есептерi;
халықаралық салыстырмалы зерттеулер нәтижелері;
жұмысшы кадрлар мен техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандарының кәсiби даярлығын, біліктілігін растау және оны берудi бағалау нәтижелерi;
мониторингтік тексерулердің нәтижелерi;
социологиялық зерттеулердiң нәтижелерi.
13. Барлық жиналатын ақпараттар:
білім беру ұйымдарының желiсiн;
жағдайларды (қаржылық, материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық, бағдарламалық-әдiстемелiк, кадрлық);
жалпы мәлiметтер: білім алушылар мен тәрбиеленушілер контингентiн, олардың денсаулығы туралы деректердi, оқу жетiстіктерiнiң нәтижелерiн;
тәжiрибелiк-эксперименталдық және ғылыми-зерттеу қызметті;
әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық қолдауды;
білім беру ұйымдарының, білім берудi басқару органдарының және тұтастай білім беру жүйесiнiң қызметiн қоғамдық бағалауды сипаттауы тиiс.
14. Білім беру мониторингі білім беру жүйесі туралы ақпаратты жинау, жүйелі есепке алу, өңдеу мен талдау, сондай-ақ сақтау, жаңарту, жинақтау және тарату жолымен білім беру ұйымдарының қызметiн жүйелi байқау түрiнде жүзеге асырылады.
15. Білім беру мониторингiнің көрсеткiштерi мен индикаторларының тiзбесiн, деректер беру нысандары мен форматтарын, оларды беру тәсiлдерiн, қорытындылау рәсiмдерiн білім беру саласындағы Орталық атқарушы орган айқындайды.
16. Білім беру ұйымдарының қызметі туралы бастапқы ақпаратты жинау, есеп берудi қалыптастыру және оны ықпалдастыру, талдау және оны білім беру мониторингi субъектілерiнiң ағымдағы жылғы білім беру мониторингіне орталық атқарушы органға беру есептi күнтiзбелiк жылдан кейiнгi 5 қаңтарда аяқталады.
17. Білім беру мониторингi субъектілерiнiң білім беру мониторингі деректерiн ұсынуы иерархия сақтала отырып тегiн жүзеге асырылады және мiндетті талап болып табылады.
18. Білім беру мониторингінің қорытындыларын шығарудың кезеңділігi жылына 1 рет, 1 сәуiрге дейiн белгiленедi.
19. Білім беру мониторингiнiң жыл сайынғы нәтижелерi қорытынды құжат - Республиканың білім беру жүйесінің жай-күйі туралы ұлттық баяндамада ресiмделедi, ол фактiлердi айқындаудан, ұйғарымдардан, даму болжамы мен қажетіне қарай ұсыныстардан тұруы тиiс.
Қорытынды құжатқа статистикалық деректер, құрылған тәуелдiлiк пен заңдылық диаграммалары қоса берiледi.
Білім алушылардың оқу жетістіктерiне әр жылға қойылатын белгiленген нақты талаптарға байланысты Ұлттық баяндаманың мазмұны өзгеруi мүмкін.