Ағымдағы жағдай
Бұрынғы кеңестiк елдердiң тәуелсiздiк жылдарындағы өзара экономикалық қарым-қатынастары Балтық елдерiн; Беларусь пен Ресей Одағын; Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан және Өзбекстан кiретiн Орталық Азия экономикалық Ынтымақтастығы; Грузия, Әзiрбайжан, Украина, Өзбекстан және Молдова альянсын (ГУУАМ) қоспағанда, бұрынғы КСРО-ның барлық елi құрайтын ТМД секiлдi одақтар мен қоғамдастықтардың құрылуымен және жұмыс iстеуiмен байланысты болды.
Интеграциялық өзара iс-қимыл жасаудың соңғы жылдары жинақталған тәжiрибесi одан әрi Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжiкстан Кеден одағының институционалды-құқықтық негiзiнiң қалыптасуы мен дамуының және оның одан кейiн 2000 жылғы 10 қазанда Еуроазиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) болып қайта құрылуының алғышарты болды.
Алайда, көптеген одақтар мен достастықтардың қызмет етуiне қарамастан бұрынғы кеңестiк елдердiң интеграциялану жолында алға жылжуы аса тиімдi бола қоймады - көптеген келiсімдер мен құжаттар қабылданды, әйтсе де олардың көпшiлiгi, әсiресе тарифтiк және тарифтiк емес реттеу, салық заңдарын бірегейлендiру, халықтың, тауарлар мен қызметтiң еркін алға жылжуы жолындағы барлық мүмкiн болатын кедергiлердi жою бөлiгiнде тиiсiнше орындалмады.
2003 жылғы 23 ақпанда Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина президенттерi ТМД аумағында тиiмдi жұмыс iстейтiн басқа бірлестiктерге тиянақты талдау жасаудың нәтижесi болған Бірыңғай экономикалық кеңiстiк құру туралы мәлiмдемеге (бұдан әрi - Мәлiмдеме) қол қойды.
Негiзгi шаралар
Бірыңғай экономикалық кеңiстiк құру мен дамыту және қаржы жүйелерiн ықпалдастыруды кезең-кезеңімен жүргiзу әрi сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, кәсiпкерлікті және инвестицияны дамыту, ақша-кредит, қаржылық және валюталық қатынастарды дамыту, заңдарды бірте-бірте үйлестiру, келісілген әлеуметтiк саясат жүргiзу бағытында жүруi тиiс.
Сонымен бірге 2007 жылға дейiнгi кезең дайындық сатысы болуға тиiс. Осы кезеңде iс жүзiнде жұмыс iстейтiн Бірыңғай экономикалық кеңiстiк (бұдан әрi - БЭК) құру бойынша оған жаңа қатысушылар тартыла отырып, жұмыс жүргiзiлетiн болады. Бірқатар бағыттар бойынша экономикалық саясат, атап айтқанда, кредит, валюта, тариф, кеден саясаты келісілетiн болады. Елдің тиiстi заңдары үйлестiрiлуге тиiс. Сонымен бірге оны 1-2 жыл iшiнде құруға болады.
Бастапқыда Мәлiмдемеге сәйкес Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина тарифтерi мен саудасын реттейтiн комиссия құрылады.
Бұдан кейiн валюталық одақтың әлуеттi қатысушы елдерінің экономикалық жақындасу Бағдарламасын қабылдау қажет. Бағдарламаны iске асыру 3-4 жылға жуық уақытты алуы мүмкiн.
Болашақта бірыңғай валюталық одаққа кiргiсi келетiн елдердің орындауы үшiн қажеттi негізгi критерийлер:
1) орташа жылдық инфляция деңгейi - 5%-дан аспайтын;
2) жалпы мемлекеттік борыштың ЖIӨ-ге қатынасы - 50%-дан аспайтын, сыртқы мемлекеттік борыштың ЖIӨ-ге қатынасы - 30%-дан аспайтын;
3) мемлекеттік бюджет тапшылығы - ЖIӨ-нің 3%-ынан аспайтын болуы тиiс.
Сондай-ақ қосымша критерийлер де пайдаланылуы мүмкiн.
Елдерде көрсеткiштердi белгiленген критерийлерге сәйкес келтiру үшiн өтпелi кезең белгiленуi мүмкiн.
Содан соң валюталық одақтың әлуеттi қатысушы елдерінің одаққа кiруге белгіленген критерийлердi орындауына тексеру басталады. Егер осы критерийлерге жауап беретiн елдердiң саны жеткiлiктi болса, онда валюталық одақтың осы елдердегi қызметінің басталуы туралы шешiм қабылданады.
2005 жылдан бастап валюталық одақ құруға кiрiсуге болады. Бұның алғышарттары: тауар қозғалысы жолындағы ғана емес, өндiрiстiң барлық факторларындағы ұлттық кедергiлердi алып тастау; капиталдың өндірістік және ақшалай нысандары, қызмет көрсетудің барлық түрлерi, жұмыс күшi; экономикалық саясатты үйлестiру, барлық валюталық шектеулердi және капитал қозғалысына шектеулердi алу және валюталық одақтың әлуеттi қатысушылары елдерінің экономикалық саясатының арасын бірте-бірте жақындату болып табылады.
Бірыңғай валюта одағын және бірыңғай валюта институтын құру жөніндегі ұзақ мерзімді мiндеттерді шешуге дайындық шеңберiнде орташа мерзiмдi болашақта бірыңғай төлем жүйесiн құруға бағытталған жұмыс күшейе түсетiн болады.
Ұлттық Банк ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің Интеграциялық комитетiмен және орталық банктерiмен бірлесiп ЕурАзЭҚ елдерiнің ұлттық валюталарының өзара айырбасталымдылығын пайдалану режимінде мемлекетаралық төлемдерi тиімділігiн, тәуекелсiздігін және жылдам жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн жалпы мемлекетаралық төлемдер жүйесiн құру және жетілдіру жөніндегi жұмысты жалғастырады. ЕурАзЭҚ елдерінің төлем-есеп айырысу қатынастарын одан әрі дамыту ретiнде Еуропа Одағы елдерiнің "ТАРГЕТ" жалпы төлем жүйесiн құру жөніндегі оң тәжiрибесiн пайдалана отырып, орталықсыздандырылған төлем жүйесiне негiзделген ЕурАзЭҚ елдерiнің мемлекетаралық төлемдер жүйесiн құру ұсынылады. Толық интеграцияланған жалпы төлем жүйесiн құру ЕурАзЭҚ елдерінің ұлттық төлем жүйелерiн интеграциялаған жағдайда ғана мүмкiн болмақ.
Осы жүйенің қатысушылары ЕурАзЭҚ қатысушы мемлекеттерінің коммерциялық банктері мен орталық банктері болып табылады. Мемлекетаралық төлемдер бойынша есеп айырысулар банктердің өз елдеріндегі орталық банктерде ашқан корреспонденттік шоттары арқылы жүргiзіледi.
ЕурАзЭҚ елдерінің жалпы төлем жүйесінің жұмыс тетiгi табысты жасалғаннан кейiн және белгiлi бір тәжiрибе жинақтай отырып, барлық ТМД базасында мемлекетаралық төлемдер жүйесiн құру жөніндегі жұмысты бастау орынды болмақ. ТМД елдерiнің жалпы төлем кеңiстiгiн құру ТМД елдерiнің экономикалық өзара қарым-қатынастарын дамытудың маңызды шарты болып табылады және ТМД елдерi арасында өзара сауданы тиiмдi дамытуға қуатты серпiн беруi мүмкiн.
Осы iс-шаралар ЕурАзЭҚ елдерінің қаржылық төлем жүйелерiн интеграциялау жолындағы бастапқы кезең болып табылады. Осы кезеңде бірыңғай валютаны енгізу үшiн алғышарттар жасалуға тиiс. Бұдан кейiн ЕурАзЭҚ елдерiнiң бірыңғай саясатын жүргiзу жөніндегі мемлекеттің үстінен қарайтын орган құрылады, сондай-ақ қолма-қол жасалмайтын ақша (шамамен 2010 жылдан бастап) және қолма-қол ақша айналысына (шамамен 2011 жылдан бастап) бірыңғай валюта енгiзiлетiн болады.